Мектеп оқушыларына шығармадағы синонимдерді меңгертудің кейбір жолдары
Серікхан Амангүл Серікханқызы
ШҚО Тарбағатай ауданы «Би Боранбай атындағы орта мектеп» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің І санатты мұғалімі, гуманитарлық ғылымдар магистрі
Оқушыларға сапалы білім беру қоғамның қай кезеңінде болмасын ең маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе, егемендігіміздің іргесі берік қаланған қазіргі уақытта қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға артылар жүктің салмағы ауыр. Ол оқушының өз ұлтының тілі мен ділін, мәдениетін, әдебиетін құрметтей білетін саналы азамат болып шығуына бірден-бір ықпал ететін факторлардың бірі. Әдебиет арқылы оқушының танымы кеңейіп, сөйлеу мәдениеті жоғарылап, тілді меңгеру деңгейі тереңдейді, туған елінің тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен жан-жақты танысады. Ал бұның барлығын қазіргі заман талаптарына жауап бере алатын заманауи озық технологияларды ұтымды пайдалана отырып меңгерту педагогикалық процестегі аса маңызды іс. Әдебиет сабағында оқушыға көркем шығарманы бүкіл бітім-болмысымен меңгерту, түсіндіру үлкен ізденісті қажет етеді. Біз көбінесе шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнына, образдар жүйесіне тоқталумен шектеліп қаламыз. Ал оның көркемдік ерекшелігін талдаудың өзі бір шығармашылық жұмыс. Мәселен шығарманы оқыған оқушы ондағы кейбір әдеби сөздердің мағынасын түсінбеуі мүмкін. Сол себепті шығармадағы жекелеген сөздермен жұмыс істеу қажет. Соның ішінде шығармадағы синоним сөздерді теріп, олармен жұмыс істеудің өзі: - шығарманың идеялық-көркемдік мәнін талдауды тереңдетеді; - оқушылардың тіл байлығын молайтып, шешен сөйлеуге дағдыландырады; - оқушылардың ауызша және жазбаша сөйлеу тілін дамытуға көмектеседі; - шығарма тілінің мәнерлілігі туралы ұғымға қоса, автор тілі, кейіпкерлер тілі, жазушы стилі сияқты ұғымдарды меңгеруіне ықпал етеді. Осы мақсатта жұмыс жүргізу үшін қазақ әдебиетінің бас шығармасы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы алынды. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқытуда ондағы синоним сөздерді толық меңгерту оқушының шығарманы терең зерттей, зерделей, мұқият оқуы үшін аса қажет істің бірі.
Зерттеу жұмысының кезеңдері:
1 кезең. Бақылау және анықтау тәжірибесін жүргізу мақсатында тақырып төңірегіндегі қажетті материалдарды жинақталды.
2 кезең. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы синоним сөздер теріліп, картотека жасалды. Ол синонимдер қолданылу тәсіліне және мағынасына қарай топтарға жіктелді.
3 кезең. Роман-эпопеядан терілген мағыналас сөздерден синонимдер сөздігі құрастырылды.
4 кезең. Жинақталған ғылыми деректер мен әдістемелік материалдардан ой қорытып, ғылыми пайымдаулар жасалды. Жұмыстың теориялық бөлімі дайындалды.
5 кезең. Әзірленген теориялық материал мен әдістемелік материалдар тәжірибе жүзінде қолданыла бастады. Соның негізінде синонимдермен жұмыс жүргізудің әдістемесі жасалды. Сабақта синонимдермен жұмыс жүргізудің түрлері, үлгілері, оларды меңгертудің тиімді деген тәсілдері қарастырылып, тапсырмалар жүйесі нақтыланды.
6 кезең. Бақылау сыныбы мен эксперимент сыныбына бұл әдістеме қолданылып, диагностикалық сараптама жасалды. Мектеп оқулығында эпопеяның «Қайтқанда» және «Шытырманда» атты екі тарауы берілген. Біз осы тараулардағы мәндес сөздерді теріп, олардан синонимдер сөздігін құрастырдық. Ал сол сөздерді оқушыларға меңгерту мақсатында сабақ барысында төмендегідей ойын түрлерін пайдаландық:
«Адасқан әріптер» ойыны.
Мақсаты: Логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіру.
Ойын шарты: Берілген әріптердің орнын ауыстыра отырып, синоним сөздерді құрастыру м, с, а, л, ы, а, з - амалсыз, еріксіз
«Сыңарын тап» ойыны.
Мақсаты: Синонимдерді тез табу қабілеттерін арттыру.
Ойын шарты: Оқушының міндеті тілдік сызықшамен қосу арқылы әр сөздің синонимін табу. барын салу көз ұшына кету күн шыға асығу қара үзу таң атар-атпастан қауқар лақап жат дәрмен ыза болды мойыту бүгілдіру бөтен зар, запыран ашуланды сорлы, шерлі зәр, құса жалған қаралы, бейшара
«Синонимдер ұясы» ойыны.
Мақсаты: Синонимдерді мағынасына, құрылымына қарай топтастыра білкге үйрету:
Ойын шарты: Оқушыларды топқа бөліп орындарында отырып жұмыс істетуге болады. Тақтаға ұяшық орнатылады. Үш топқа үш тақырып беріледі. Әрқайсысы тараудағы авторлық баяндау тіліндегі, диалогтағы, монологтағы өзара мәндес сөздерді теріп өз ұяшығына салып жарысады. Сабақ барысында синонимдерді меңгерту үшін «Кім жылдам?», «Ойлан, тап!», «Сөзжұмбақ ойыны», «Бәйге», «Сыңарын тап», «Баламасын тап», «Не артық?», «Неге?», «Кім тапқыр» сияқты ойын түрлерін пайдаланған жөн. Осы ойындар арқылы оқушыларға мәндес қос сөздерді, контекстік синонимдерді, синонимдес фразеологизмдерді тапқыза аламыз. Бұдан басқа тақтаға жазылған сөздің синонимін шығармадан табу, картотекада берілген мәндес сөздердің мағынасын басқа синониммен алмастырып қолдану, бір топтың айтқан сөзіне келесі топтың синоним сөздерді табуы тәрізді элементтер оқушылардың сөздік қорын молайтып, тілдік дағдысын жетілдіре түседі, әрі шығарманы толық түсініп оқуына толық жағдай жасайды. Синоним сөздерді жетік меңгерген оқушының тіл байлығы молайып, шешен де шебер сөйлеуге дағдыланады. Өз ана тілін құрметтей білетін, оның сөздік қорын мейлінше жоғары игерген оқушыдан таным-түсінігі терең, қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген тұлға шығатынына әбден сенуге болады. Сол себепті мен әр сабақта синоним сөздерге бес минут уақыть тауып отырамын немесе үй тапсырмасы ретінде ұсынамын. Оқушылар синоним сөздерді тауып, оларды талдау барысында көркем мәтінді оқудың келесі түрлерін пайдаланады:
• Көркем мәтіндегі жазушы ойын мұғалім көмегімен аңғара оқу. Оның мән-мағынасын түсіне оқу. Қиын, түсініксіз сөздерді, образды сөздерді ұғына оқу, яғни лингвистикалық түсіндірмелі оқу.
• Таңдап оқу. Өзара мағыналас сөздерді, синонимдерді теру.
• Іштен оқу. Әр оқушыға жеке берілетін тапсырма болғандықтан, әркім өз бетімен орындайды. Бұл оқушыны ойлануға, өз бетімен ізденуге, сұраққа жауап табуға, бәсекелестік негізінде белсенділігін арттыруға көмектеседі.
• Ұжымдық және жұптық оқу. Мәтінді өз алдына дербес оқып шыққан оқушылар бір-бірін мұқият тыңдай білуге, сыни көзқараспен қарай білуге, бір-бірінің жұмысын талдай білуге жаттығады.
Осыған қарап, «әдебиет сабағының күретамыры - көркем мәтінмен жұмыс істеу»,-деген қағидатты да басты назарда ұстаймын. Негізінен көркем шығарманы оқытуда оқушыларға шығарманың тілдік ерекшеліктерін, көркемдік кестесін кешенді түрде толық көрсете білу, талдауға үйрете білу керек. Біз бұл жұмысымызда тек синоним сөздерді зерттеу нысанына алдық. «Қайтқанда» тарауын оқытуда төмендегідей тәсілдерді пайдалануға болады. Бұл кешенді талдаудың бір кезеңі ғана болғандықтан, оған толық бір сабақ арнамаймыз. Тек әрбір сабақта қолданылатын фрагменттер, үзінді сәттер ғана көрсетіледі.
А) Оқушыларға мәтіннен үзінді ұсынылады. Тапсырма жеңілден күрделіге қарай қағидаты бойынша ұсынылады.
Тапсырмалар түрі
1) Мәндес сөздердің астын сызып көрсетіңіз.
2) Мәндес сөздерді басқа сөздермен тіркестіріп жазыңыз.
3) Мәндес сөздерді жасалу жолына қарай топтастырыңыз.
4) Мәтіндегі асты сызылған сөздерді басқа мәндес сөздермен алмастырыңыз.
5) Мәтінде берілген синоним сөздердің қатарын басқа да мағынасы жуық сөздермен толықтырыңыз.
6) Тұрақты тіркесті синонимдерді табыңыз.
7) Сыңарлары мәндес немесе өзара мағыналас қос сөзді синонимдерді табыңыз.
8) Плеоназмдық қолданыстағы синонимдердің астын сызып көрсетіңіз.
9) Синоним сөздердің қолданылу тәсілі мен мақсатын анықтаңыз.
10) Мәндес сөздер тобын шығарманың идеялық мазмұнымен бірлікте талдаңыз.
В) Мәтіндегі синонимдерге байланысты төрт топқа тест, сөзжұмбақ, ребус құрастырғызамын. Сосын жұмыстарын өзара алмаса отырып шешеді де, нәтижесін өздері тексереді. Бұл арада Қ.Бітібаеваның «өзін-өзі бағалау технологиясы» қолданылады.
С) Топ үшке бөлінеді. Үш қатар шығармадағы синонимдерді айтып жарысады. Мәселен: 1 сотқар 2 тентек 3 бұзақы
Д) Шығарма мазмұнын ашатын тұсты немесе бір оқиға бағаланатын эпизодты тек синоним сөздермен ғана айтуға дағдыландыру. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда», «Шытырманда» тарауларын мектеп оқушыларына оқыту барысында тікелей мәтінмен жұмыс жүргіздік.
Оқушылардың әр 10 минут уақытын тек синоним сөздерге арналды. Сол сәтте оқушылар өздерінің түсінбеген сөздерін сөздіктен қарап, онымен мағыналас сөздерді іздеп біршама жұмыс жүргізді. Бұл олардың шығарманы толығымен түсініп оқуына негіз болды. Әрі көзбен көрген нәрсенің ұмытылмайтыны белгілі. Оқушылар мәндес сөздерді біршама меңгеріп алды. Сабақта синонимдерді табу үшін жоғарыда ойындар қоса қолданылып, оқушылардың сабақ тақырыбын тез арада қабылдауына, «Абай жолындай» күрделі де көркем туындыны жеңіл түсінуіне бірден-бір ықпал етті. Сөйтіп шығармадағы синоним сөздермен жұмыс жасаудың тиімділігіне көз жеткіздік. Көркем сөздің кестесін аса келісті өрнектейтін М.Әуезов шығармасының тілі бай. Бұндағы әрбір мәндес сөз халық тілінің қатынасы болса, оны меңгере білу ұрпақ парызы екені анық.
Сонымен, көркем шығармада синонимдерді, мәндес сөздерді қолдануда көп мән бар. Олар сөз төркінін, сөздің мән – мағынасын, күллі қырын танып, орнымен, қолданған жерде шығарманы ажарлап, әрлендіріп, көріктендіріп жібереді.