Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Мұхтар Әуезов «Көксерек» әңгімесі
Сабақтың тақырыбы: Мұхтар Әуезов «Көксерек» әңгімесі.
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік: оқушылардың М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы әдеби білімдерін кеңейту, «Көксерек» әңгімесінің сюжетімен таныстыру.
2. Тәрбиелік: оқушыларды қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеу.
3. Дамытушылық: оқушылардың әдеби дүниетанымдарын кеңейту, қосымша деректер арқылы пәнге деген қызығушылықтарын арттыру.
Сабақтың типі: аралас
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың әдіс - тәсілі: сұрақ - жауап, әңгімелеу, түсіндіру, мәнерлеп оқу
Сабақтың көрнекілігі: М. Әуезовтің портреті, шығармалары.
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, тарих..

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі: 1. Оқушылармен сәлемдесу.
2. Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.
3. Оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару.
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
1. М. Жұмабаевтың «Толқын» өлеңін жаттау.
2. Толқын көрінісіне суреттеме жазыңдар немесе сурет салыңдар.

ІІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
1. М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы әдеби білім беру.
Мұхтар Әуезов 1897 жылы қазіргі Семей облысы Абай ауданында дүниеге келді.
Алғашында атасы Әуезден мұсылманша сауат ашып, хат таниды. Кейін мұғалімдер семинариясында оқиды. Төңкеріс қарсаңында Алаш қозғалысының Семейдегі жұмысына қатысады. 20 - жылдары Ленинград университетінде, Ташкенттегі Орта Азия университетінің аспирантурасында оқиды. Бұл жылдары М. Әуезов әлем әдебиеті үлгісімен терең танысып, жан - жақты кемел білім алып шығады.
М. Әуезовтің алғашқы шығармаларының көлемдісі де, көркемі де прозалық әңгіме, повесть түрлерінде жасалды.
М. Әуезов жиырмасыншы жылдардың бас кезі мен орта шенінде көптеген әңгімелер («Қорғансыздың күні», «Жетім», «Жуандық», «Ескілік көлеңкесінде», «Кім кінәлі», «Барымта» т. б.) жазып, оларда ескі қазақ аулының алуан түрлі әлеуметтік шындығын реалистік дәстүрде бейнелейді.
«Қорғансыздың күні» (1921) – жазушының алғашқы жарық көрген әңгімесі.
Мұнда Ғазиза деген панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлыққа шыдамай, боранға ұрынып, үсіп өлгені айтылған. Бұл шығармада Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық қылықтары әшкереленеді.

«Қорғансыздың күні» өзінің көркемдік бітімі жағынан қазақ әдебиетіне жаңа өрнек енгізді. Адам өмірінің қайталанбас, дара ерекшелігі шебер ашылған. Шығармада болыс Ақан, оның серігі Қалтай, пәк, сәби қыз Ғазиза, оның қарт әжесінің бейнелері өте шынайы көрінеді.
«Жетім» деген әңгімеде Қасым атты жетім баланың қасіретті балалық шағы, Иса деген жамағайынның қорлығына шыдамай, ауылдан қашып шыққан бетінде, қараңғы түнде, тоғай ішінде өлгені айтылады. Өмірден зәбір көргендердің мұңы мен наласын үлкен әлеуметтік толғақты мәселе ретінде сипаттау сыншыл реализмнің негізгі белгісі еді.
Жазушының творчествосының шырқау биігі деп «Абай жолы» роман - эпопеясын атауға болады.
Жазушы қазақ халқының әдебиеті, мәдениеті, рухани мұрасы жайында тамаша ғылыми еңбектер жазды. 1927 жылы қазақ әдебиетінің сан ғасырлық тарихын аралаған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі ғылыми еңбек жазды. 1959 жылы жазушының әдебиеттану саласындағы көлемді еңбектері «әр жылдар ойлары» деген атпен жеке кітап болып басылды.
М. Әуезов шығармаларының ішінде адам мен табиғат арасындағы байланысты көрсететін шығарма – «Көксерек» әңгімесі.

ІV. Жаңа сабақты бекіту.
1. Оқулықпен жұмыс
1) 78, 79 – беттердегі М. Әуезовтің «Менің Өмірбаяным» атты шығармасынан үзіндімен, Шыңғыс Айматовтың, Луи Арагонның естеліктерімен танысу, өзіндік пікір айту.
2) «Көксерек» әңгімесінің І, ІІ, ІІІ, бөлімдерінің сюжетімен танысу, әрбір бөлімге ат қою.
І бөлім Қасқырлар мекені
Қасқырлар ойнағы
Тағылар ұрпақ қамында
Сорлы қозы тағдыры
ІІ бөлім Адамдар қиянаты
Адамдар тағылығы
Табиғатқа шабуыл.

ІІІ бөлім Көксерек пен Құрмаш.
Көксеректің ұрлығы
Адамдар және Көксерек.
3) Әрбір бөлім бойынша талдау сұрақтарын ұсыну.
І бөлім
а) Қасқырлар тіршілігі қалай суреттелген?
ә) Арлан қасқыр мен қаншық қасқыр іс - әрекетін баянда.
б) Тіршілік үшін күрес, сол жолдағы қаталдық қалай берілген?
ІІ бөлім
а) Қасқырлар ұясын адамдар неге талқандады?
ә) Бөлтіріктерге істегендеріне қалай қарайсың?
б) Адамдардың іс - әрекеті дұрыс па? Өзің оны қолдайсың ба?
в) Бірінші бөлімдегі қасқырлар іс - әрекеті мен осы бөлімдегі адамдар іс - әрекетінде ұқсастық бар ма? Қайсысы қаталырақ?
ІІІ бөлім
а) Ауыл иттерінен Көксерек қандай зәбір көрді?
ә) Ауыл адамдары оны неге жек көрді, жазалады? Осы жазаға өзің қалай қарайсың?
б) Неге Көксерек адамдар арасына үйреніп кете алмады? Өз пікіріңді мәтін арқылы дәлелде.

V. Үй тапсырмасын беру:
1. М. Әуезовтің «Менің өмірбаяным» атты шығармасынан алынған үзіндіні жаттау.
2. «Көксерек» әңгімесінің І, ІІ, ІІІ бөлімдерінің сюжетін баяндау.
VІ. Оқушылардың жауаптарын бағалау.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама