Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Өлеңім – өмірбаяным
7 сынып
Тақырыбы: Өлеңім – өмірбаяным
Мақсаты: Ақынның өмірнамасына шолу жасай отырып, әр оқушы санасына еліне, жеріне деген іңкәр сезімдерін одан әрі ақын тұлғасы арқылы дарыту.
Сабақтың міндеттері: 1) білімділік: Оразақын Асқар туралы мағлұмат бере отырып, өмірі мен шығармашылығына тоқталу, мәнерлеп әсерлі оқуға дағдыландыру.
2) дамытушылық: логикалық ойлау дағдысын, таным процестерін, шығармашылық қабілеттерін, дамыту, топпен, жеке жұмыс істеу дағдысын жетілдіру.
3) тәрбиелік: Отанды сүюге, қастерлеп, аялауға, ел батырларының ерлігін бағалай білуге, татулыққа, ынтымақтастыққа, достыққа баулу.
Көрнекіліктер: интерактивті тақта (тақырыптық слайд), кітап көрмесі, ақын өлеңдері

Кеш барысы:
І жүргізуші (Әмірхан): - Армысыздар, құрметті қонақтар!
Қазақ еліне танымал ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Оразақын Асқардың .... жасқа толуына байланысты «Өлеңім - өмірбаяным» деп аталатын әдеби кешімізге хош келдіңіздер.
ІІ жүргізуші (Айгерім): Сырттан жау сан қайтара шапқан қазақ,
Сан өшкен отын қайта жаққан қазақ,
Тап болып кең пейілі тар заманға,
Тағдырға ән - күймен мұң шаққан қазақ.
Әмірхан: Елдікке ерте қанат қаққан қазақ,
Сол жолда талай азап тартқан қазақ,
Арманға өліп - талып жеттің зорға,
Айырыла жаздап тіл мен салттан қазақ.,- деп Оразақын Асқар атамыз жырлаған екен.

Гаухар: Оразақын Асқар 1935 жылы 16 мамырда Шығыс Түркістан өлкесінің Іле аймағына қарасты Мүкей Қаратас деген жерде туған. Бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінде алып, Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» деп аталатын гимназияда оқыған. 1951 жылы Үрімші қаласында ашылған Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түсіп, оның екінші курсын аяқтағаннан кейін «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрды. Бұл жылдары сол газетке және «Шұғыла» журналына өлеңдері жиі жариялана бастайды.
Гаухар: Өз өмірі туралы Оразақын Асқар былай деген екен.(Интерактивті тақтадан оқу)
«Көшпенді қазақтың ішінде тудым. Талдықорғанның Жаркент деген жерінен 1930 жылдары әкелеріміз Қытай жеріне ауып барыпты. Мен 5 жылдан кейін дүниеге келіппін. Аналарымыз туғанымыздан бесік жырын құлағымызға құйып өсірсе, әкелеріміз батырлар жырын, хиссаларды айтушы еді. Міне, біз содан мектепке бармай тұрып, батырлар жырын жатқа айтатынбыз. Ауылдың тойларына куә болып, ән мен күйді, таңға дейін айтысатын аға - апаларымызды тыңдап өскен біз өлең - жырға жақындау өстік» деп ағамыз өлеңге деген құмарлығының себебін түсіндіргендей болды. Мектепке барғаннан Абайдың өлеңдерін жатқа оқитынын айтты. Содан 7 - сыныпта оқып жүргенінде әкесі қатты сырқаттанып 50 жасында көз жұмады. «Негізінде анам 13 бала көтерген екен. Бала күндерінде әртүрлі сырқаттан ем табылмай, барлығы ерте дүниеден озады. Содан қалғаны менмін… Әкем жарықтық «Балам, елге оралуға қандай да бір мүмкіндік туа қалса, ата-мекенімізге орал» дейтін».

Әмірхан: 1955 жылы ата-мекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1955 жылы жарық көрген «Қос жүрек» атты жас ақындардың ұжымдық жинағына алғашқы өлеңдері енген. Содан бері 40 - тан астам өлең жинақтары жарыққа шыққан.

Бибіш:
Оразақын Асқар Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болды.
Айгерім:
1996 жылдан Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атағына ие болды.

Әмірхан: Оразақын Асқар – ақын. Асқар қазақтың қара өлең түрлерін ұзақ жылдар бойы ел ішінен жинап, жиырма мың жолдық екі кітабын жариялады.

Айгерім: «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 10 жылы» медальдарының иегері. Түркі әлемінің «Ақбозат» және Мұқағали атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты.
Панфилов ауданының Құрметті азаматы. Ордалы отбасының отағасы.
(Интерактивті тақтадан отбасы суреттерін көрсету)

Айгерім: Ақын өлеңдеріне кезек берейік «Ең жақсы өлең» Зейнеш Телжан
Таудай сөздің түйіні бар тарыдай,
Өлеңнің де бермейді ғой бәрі ұнай.
Маған Пушкин - «Есімде өткен сол бір шақ»
Маған Абай -«Желсіз түнде жарық ай».
Әбу десем, көкте көлбер «Ақша бұлт»,
«Мен - қазақпын»десе Жұбан, жақтадық.
Айттық «Өзім туралысын» Қасымның,
Алғаш оқи бастағанда - ақ жатқа алып.
Тере берсем, бұл талайға тән бақыт.
«Ой орманы» Қадырды алыс самғатып.
«Арғымағы» алып ұшып Олжасты,
Келе жатыр дүние жүзін шарлатып.
Тұманбайдың бар «Студент дәптері»
Төлегеннің «Сағыныш» әр сәттері.
Ақындарға бұлар ортақ ой тастап,
- Өлеңдегі өз биігіңді тап,- деді.
Асылды іздеп, менің де еш мазам жоқ,
Ойдың кенін күндіз - түні қазам көп.
Жаңа өлеңге кіріседі шын ақын:
- Ең жақсысын енді ғана жазам,- деп.
Әмірхан: Оразақын Асқар еліміздің елтаңбасы, әнұраны, рәміздері туралы да өз өлеңдерінде жырлаған. «Рәміздерім» Мұхамбетғалиев Диас.
Р әміздерім!
Сен нәткен маңызды едің?!
Сенсің асыл қазынам нағыз керім.
Төбемде ту, төсімде елтаңбам бар,
Елұрандай аузымнан ән үзбедім.
Аспанымда көк туым тұр өң беріп,
Елтаңбамды төрімнен жүрем көріп.
Елұранмен әр таңда оянамын
Рахаттанып дүнием түгелденіп.
Айгерім:: «Қазақпын» Жахия Бибіш, Хайрутдинов Дамир.
Қазақпын мен ұлт боп ұзақ ұйыған
Сері елмін ұнатқан күй, сүйіп ән.
Досқа құшақ ашып, жауға бас имей
Тарихтың өткен талай сынынан.
Қазақпын мен дем беріп бір - біріне
Жеткен жаңа армандаған күніне.
Білген елмін жау да оңай жік салып,
Рушылдық жететінін түбіне.
Таулы, орманды, көл, далалы - жерім кең,
Франциядан бес есе үлкен делінген. 2
Паналатқан мейірімімді мансұқ қып,
Жеріме көз алартпасын көрінген.
Мемлекеттік мәртебе алған тілім бай,
Қиырым жоқ қиналатын ұғынбай.
Үйренбесе өзге жүрсін жайына,
Тілін таңып күнде текке ұрынбай.
Бар өзімнің үлгілі ерлік дәстүрім,
Қорғай білер елімді өз әскерім.
Қол сұқпасын ешкім дербестігіме,
Дос пейілімен келсе дайын ас, төрім.
Айгерім: «Балалығым келді басыма» Әбдіғазым Әмірхан.
Сабақтан қайтып келем екі - үш қызбен,
Қыздар мәз болушы еді жүрсе бізбен.
Айтысып әзіл - қалжың күлісеміз
Нұр тамып, гүл жайнаған жастық жүзден.
Кәрі әкем көрінді алдан мыжырайып,
Бұл маған қыздар көрсе болар айып,
«Жүріңдер, мына жақта қызық бар»,- деп
Бір шетке қыздарды ертіп кеттім тайып.
Өзім де жылдар өтіп болдым кәрі,
Мойындай қойған жоқпын бірақ әлі.
Шынардай бой түзеді ұл - қыздарым,
Сүйсінер сымбатына жұрттың бәрі.
Бардым да журналға бір жыр ұсына
Қызымның соға кеттім жұмысына.
Қызымның қасындағы құрбылары
Түртісіп қарап еді тұрмысыма.
Мен кетіп жиған қыздар күлкіден ес,
Көргендей «Бұл кім?» депті бір түрлі елес:
- Әкем ғой,- десе қызым, сілтеп қолын,
- Алдама,- депті бәрі,- мүмкін емес!
Айгерім:: «Қорға, қазақ тіліңді» Мирзагалиева Бахытгүл, Аманжолова Жұлдыз.
Қорға қазақ тілге туды сын сағат,
Тарихынан алмаса оңар кім сабақ.
Мемлекеттік мәртебесі бар тілің,
Шетке үнемі қағылуда күн санап.
Бізде тұрып, біздің тілді білмеген,
Салт - санаңның бірін көзге ілмеген.
Қазақ тілі қысым жасап жатыр деп,
Келімсек ши жүгіртуде іргеден.
Тиіс ұлың ана сүтін ақтауға,
Бәрін қойып әдептен де аттауда,
Шындық үшін шырылдаудың орнына
Жалақорды жан ұшыра жақтуда.
Қадірлемес қолда тұрған барды біз,
Осыншама неткен салқын қандымыз.
Тілімізге алып берген мәртебе,
Қорғамаймыз неге ата заңды біз.
Мемлекеттік тілде жиын өтпесе,
Қазақша хат жеріне тез жетпесе.
Толып тұрса мәртебеңнен не қайыр,
Шет тілдегі жазуларға тек көше. 3
Әмірхан: «Құспен сырласу» Темирова Гаухар.
Сипайын деп келіп едім таяп мен,
Неге ұшасың, түсінбейсің ғой әттең,
Екеуміз де бұл өмірде жер басып,
Қарасаңшы, жүрміз екі аяқпен.
Қос бұтағы болсақ та өмір - теректің,
Сен басқасын, мен де бүгін ерекпін.
Сен алдыңғы аяғыңды қанат қып,
Мен алдыңғы аяғымды қол еттім.
Қос қанатпен сен самғайсың заңғарға,
Екі қолмен еңбек етем жан барда.
Қанат, қолға маза бермеу арқылы,
Ұқсамаймыз төрт аяқты аңдарға.
Ұша алмайсың сен қос қанат қақпасаң,
Қанат, қанат болмайды жер таптасаң.
Мен де адамша күн өткіздім демеймін,
Екі қолға бір қызмет таппасам.
Айгерім:: «Топ торғай» өлеңі Тугелова Айгерім.
Жасағандай кенеттен бейне жорық,
Кетті үйге тал түсте торғай толып.
Қаперімде аңғармай не болғанын,
Басымызды жасқадық қолмен қорып.
Ес жиғанша «торғай» деп салып аттан,
Шығып кетті есіктен, шаңырақтан.
Секем алғыш көк құсын не болды екен,
Үйде отырған адамға жамыратқан?!
Оның сырын ақсақал білді үйдегі:
- Үйге талай қырдың қаз, кірді үйрегі,
Тағыларды адамға паналатқан
Тұра ұмтылған қырдағы қырғи,- деді.
Қамқор қалпын ұстар деп бұзбай бекем,
Торғайлар да біз жайлы ізгі ойда екен.
Шындап қауіп төнгенде аң да, құс та
Адамдардан араша іздейді екен.
Әмірхан: Абайдың 150 жылдығына арнап жазған өлеңдері
«Аян берген» Алпамыс Альбина «Мақтаныш» Нұртас Райымбек.
Абай жырын ата - анамнан естідім,
Қонақтың да айтары Абай кешқұрым.
Мектеп бардым ұстаздардан тыңдадым,
Қалт жібермей ешбірін.
Абай әні анам айтқан бесік жыр,
Татьяна елмен бірге көшіп жүр.
Лирикасы сурет, философия,
Физика да десіп жүр.
Абай болды шығысым да, батысым,
Тырнақалды көркем сөзге қатысым.
«Жігіт сөзі» болды жастық туымыз
Мөлдір махаббат үшін.
Абай дара портретім үйге ілген,
Абай томы бас боп кітап жидым мен.
Абай тұңғыш эпопеям, қазақты
Күллі әлемге сүйдірген. 4
Әмірхан: Ақын Оразақын Асқар «Тәуелсіздік тартулары» жинағына енген өлеңінде:
Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,
Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.
Құтылмайсың барлық тілді білсең де,
Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей...
Ана тілінде ата - баба сыры бар,
Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.
Өсе келе құстың тілін білсең де,
Ана тілсіз оның қандай құны бар, - деп өлең жолдарында өз тілің өзге тілді үйренуге басты тірек екенін баяндаған.
Айгерім: Ол қазақ екеніне мақтанады, әлемді тек қазақ боп танитын, төңірегін тек қазақ боп көретін таза қазақ ақыны. Ел тәуелсіздігін ең қасиетті жетістік деп санайды ақын аға. Сондықтан тәуелсіз елдің қиындығы мен кемшілігін қайта - қайта сынағыштарды жақтырмай қайта сол қиындықтарды жеңіп, кемшіліктерді жойып еліміздің тәуелсіздігіне үлес қосуға насихаттайды.
Мұғалім: Саркулова А. Ж.
Өлеңім – өмірбаяным. жүктеу

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама