Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 6 сағат бұрын)
Ұшқын

Роман

Қабдол Көпжанұлына

Бұл өңірде тамыз туысымен көп ұзамай құз белгісі көріне бастайды: бидайық дәнін төгеді, жусан бүрінен айырылады, бұйырғынның да бояуы оңады — алабота тәрізді әнтек сарғыш тартып, аласара береді. Маусым мен шілде бойы күн күйдіріп, жел жұлқылап әбден ажарын алған құла жондар мен құба белдер тамызда үнсіз бүк түсіп, бей-жай, дел-сал сұлап жатады. Жаз бойы жадырап, жамырап жатқан адамқаралар жаңа қонысқа жылжып қонған соң, көп қоңырлықтар мен кең қоқтылар да қаңырап бос қалып, құлази бастайды.

Бөктерлер мен беткейлерде шашырай селдіреген сида қияқтар, әр жерден бір үрпиген шұлғыма шитүптер таң алдында оқыс ызғып-ызғып өтетін Атырау желіне сызғыра қалтырап, төңірекке ақырын ыңырсыған мұңды саз таратады. Бір түрлі бір сырлы сыбыр, құпия наз секілді. Сонда күллі дала кеудесі бір көтеріліп басылып, бейсеует жүргіншіге атыраптың мезгілсіз түскен күзін сездіргісі келгендей шерлене күрсініп қалады.

Күн шығар алдында селеу басынан шық мөлдіреп, мизан ұшады. Бұл бір сұлу сурет: бусанған жер беті алтын жалатқандай ылғи ғана жіп-жіңішке зер шашақтарға — өз-өзінен жылтылдап, жалт-жұлт етіп жөңкіле қалқыған жібек жіптерге толып кетеді.

Аспан мен жердің астасқан тұсындағы қызғылт шапақ енді бірде күп-күрең жалынға айналады да, күн өрттен шығады. Күн қашан да күн; жылуы азаймаған, түс кезінде тіпті қызулы: тас төбеге кеп әдейі тұрып алғандай, дымқыл топырақты шағырмақ нұрмен жуады да шаяды, шаяды да жуады.

Сонда төңірек түгел тітірене желпініп, ерте түскен күзді шықпен қоса сілкіп-сілкіп жібереді де, көкжиек әлдебір көкшіл толқынмен заулап, көзбе-көз жақындап келе жатады. Әлгіде қана жерге төнген дымқос аспан әп-сәтте тұнық көл бетіндей дөңгелене мөлдіреп, алыстап барады.

Жаз, шыбынсыз жаз дәл осы арадан басталады.

* * *

Бүгін де солай еді. Қуқыл ренді кең дала таң ағарып атқанда сәл мұнартып, сұлық жатқан. Күн қыза алдамшы ажар тауып, кенет құбыла қалды. Ойнақы сағым аспаннан жерге төгіліп кеткен тасқынды теңіз тәрізді, дала қиырын көкбұйра толқынмен көміп-көміп жіберді. Көз жетер жерде қозғалмайтын бұдыр жоқ, бәрі түлеп, баяу сілкінгендей. Даланы қақ айыра көсілген айдау жол арқандай шұбалып, анау бір алда көлбеген құба жонға асылып қалыпты. Жолды да сағым қозғап, алыс шалғайы бұлың-бұлың етеді.

Дала күні шоқтай шымыр, шаңқиып тас төбеде тұр. Анда-санда ұйытқып өткен аңызақ жел аптап, ыстық.

Жеңіл газиктің төбесі ашық, алдыңғы әйнегін жалт-жұлт ойнатып зырлап келеді. Соңында бұрқылдаған қою шаң будай шалқып, жол езуінде елбеңдеген бұйырғын мен жусанға, көде мен көкпекке сіңіп әрең айығады.

Руль ұстаған көк комбинезонды кісінің жанында шашын шалқасынан қайырған бала жігіт отыр. Жігіттің толықша, ақсары жүзі балғын болғанмен, үлкен қара көзінде бойына шақ емес байсалдылық бар. Осы өңірдің қожасы бір өзі сияқты, кірпігін баяу қағып, төңірекке маңғаздана ор қарайды.

Бір кезде ол рульдегі кісіге бұрылып, жұлып алғандай:

— Нәуке, қалай ойлайсыз: күн ұзақ па, құз ұзақ па? — деп қалды.

Анау да жалт қараған: бағанадан үнсіз тұнжырап келе жатқан серігінің жүзі шұғыл өзгеріп, әлдеқалай күлімдей қалыпты. Дегенмен Науша мұның "Нәуке" деп отырғаны өзі екенін түсінгені болмаса, әлгі сауалынан ештеңе ұққан жоқ:

— Не дейсің?!

— Жоқ, жоқ... Күн кең бе, жаз кең бе?

Науша аз ойланып, бас шайқады:

— Білмеймін, шырақ. Түсінбедім.

— Меніңше былай: бүгінгі бір күннің жартысы күз, жарымы жаз. Жылдың екі мезгілін қатар сыйғызған күн кең.

Науша енжар ғана:

— Е-е... сол ма еді, — деді де қойды.

Екеуі біраз үнсіз отырғаннан кейін Науша да езуін кере серпіліп, серігін қалжыңдай:

Тайман шырағым, оқығанның тілі қиын ба, әлде оқымағанның ұғымы төмен бе, ол арасын өзің біл. Ал, жаңағы айтқаның — жаңылтпаш, — деп бір тоқтады. Содан соң Тайманнан жауап күткен дей, оған көзінің қиығымен қайта-қайта қарап, біраз үнсіз отырды. Анау бұған жуық маңда жауап қата қояр емес, тағы да өзімен өзі боп, жаңа ғана көзінде тұтанған сезім ұшқындарын сыпырып тастап, о бастағы ойлы, тұнжыраңқы күйіне қайта түсіпті.

Науша серігіне бір рет көзінің қарашығымен емес, ағымен қарағандай болды. Іле-шала бұл да өзіне-өзі айтқандай, бас жоқ, аяқ жоқ, қатқылдау түрде былай деді:

— Не десең о де! Кейбір депломды дүбәрәлардан өзіміздің қарадүрсін көктұқылдар артық.

Тайман ұйқыдан шошып оянғандай, жүзіндегі ой ізін шұғыл серпіп, Наушаға жылтырай қарады:

— Апырмай, сіз түйреп отырсыз-ау... қалай дейсіз?

Науша рульге еңкейе қарқылдады:

— Ха-ха-ха!.. Шошымай-ақ қой, әшиін бір ой ғой.

— Жоқ, қалай дейсіз?

— Осында өнберсетет бітіргендер де, енстетут тауысқандар да көп. Араларында кандедаттар да бар. Былай қарасаң бәрі білгіш, қым-қиғаш қисын соғады. Не керек, солардың көбі жәй пысық. Тәлтүріш. Мысалы, сенің көкең — біздің Дәурен ағай бар ма, соларыңның кез келгенін он орап өтеді.

Әрине, Науша біраз қыңырлау, қиястау сөйлеп отыр. Бірақ Тайман қарсыласқан жоқ:

— Мүмкін болар, байырғы мұнайшылар көпті көрген адамдар ғой.

— Жоқ-ау, нәрегей неден болады, дүбәрә қайдан туады? Соны білгім келеді менің...

Тайман қабағын шарт түйіп ап, ойланып қалды.

Осы кезде Науша мұны селк еткізіп:

— Өй! — деп, көзін алға тіге, елең-елең етті: — Қап, мына жынды қайдан шыға қалып еді?

Дала кезбесі тентек құйын шөп басынан шаң тұрғызып, қай-қайдағы көң-қоқырды, ескі-құсқыны аспандата ұшырып, шүйліге ойнақтап, жол езуіне жақындап қалған екен. Тура кезігіп, киліге қалса, бұларды қоса ұшырын әкетердей дөңгелене булығады; таң атқалы жолаушысын жалықтыра, бір белінен ассаң екінші белін сұлата тастап, жолын ирелеңдете берген осынау шетсіз, шексіз сардаланың аяқ астынан бұрқырай қалған ашу-ызасындай ышқына ширығып келеді.

— Тез өтіп кетелік!

— Нәуке, ол өтіп кетсін, біз шегінейік.

— Қой, алдымызды құйынға кестіріп...

— Онда бұрылып кетелік.

— Ойбай, бұл қу қашсаң қуа жөнеледі.

Тайман сақылдап күліп жіберді.

— Күлкісі жоқ, шын айтам.

Тайман серігіне таңдана қарады: рас шыны сияқты. Құйынға ерегескендей құлшына түсіп:

— Ал кеттім, тоқсанға бастым, — деп, газикті арындата, көзін алдынан аудармай, жол бұралаңында рульмен бірге айналып, бұлтың-бұлтың етті. Тығыз, шымыр денелі қара жігіттің дәл осы отырысы адамнан гөрі аңға түсетін құсқа көбірек ұқсайды. Құйын мен жолға кезек жылтылдаған кішкене шегір көзі, ұшы ерніне тие жаздаған ұзынша орақ мұрны Тайманға түлкі көрген қаршығаны елестетті. Күнқағары жапырылған ескі кепкасының астынан тер сорғалап, атжақты, ашаң бетін қиыс сызып барады; оны елеп отырған Науша жоқ:

— Қап, ә... өй, әп! — деп, гулеп келіп қалған құйын тұсынан газигін зырғытып өткізді. Машина емес, өзі ырғып шыққандай масаттанып, артына жалт қарады: — Тіфә, тіфә!..

Құйын бұлардың ту сыртыңда жол кесті де, құмнан костер жаққандай көкке лаулап қала берді.

— Құйында шайтан болады, — деді Науша.

— А?

— Жаңа жүрісін көрмедің бе? Адамша ойнақтайды...

Тайман еріксіз жымиды:

— Ә, солай деңіз, бәсе, құйын мінезді адамдар болатыны

рас.

— Жо-о-оқ, шайтанша... — дей беріп, Науша да одан әрі дәлел таппай, ұстара тимеген жұқа ернінің үстіндегі мұрт тәрізді қарақоңыр қою түгін ыдырата езу тартты: — Жә, қойдық.

"Қойғаны қойған... — деп ойлады Тайман, — бірақ әлгісі шын ба? Шын болса, бұл кездейсоқ қылық емес, табиғи мінез. Сүйекке сіңген мінез! Ендеше бұл — діндар, құдайы бар адам. Тақуа! Ал тақуа кісінің пиғылы таза болады. Адамның ала жібін аттамайды.

Сырты жеңілтектеу көрінгенмен іштей жөндем кісі болды-ау бұл сонда..."

* * *

Бұлар жонға тақап келе берген.

— Әне, — деді Науша алдын иегімен нұсқап, — анау көрінген — Дәурен ағай қаққан қазық.

Тайман жон үстінде жолдан жырақ қылтиып көрінген кішкене сырықшаға қарады:

Мынау қазық па еді?

Әлгі әзірде осы бір кішкене сырық сағымға шомылып, кейде аспанды тіреп тұрған ұзын баған тәрізді, кейде су үстіне салынған биік мұнара тәрізді, енді бірде толқынмен алысқан түйелі адамға ұқсап, қырық құбылып, ертегідей ғажап, сұлу көрінген. Құбажонның баурайы бұйра толқынды шалқар көлде төбесі шағын арал сияқты еді. Енді міне, сағымсыз жон қоңырая беріп, қазығын қылтита, сұлық қалыпты.

— Қазір қазық тұсына сәл кідірелік, мен шапшаң барып, көріп келейін, — деді Науша әлденеге көңілдене, жіті сөйлеп.

Жасы отыздан асқанмен өзін баладай жеңіл, жинақы ұстайтын қағылез жігіт. Тайман бүгін мұнымен бірге жолға шыққаннан бері көбіне сүйсінумен келеді: ашық мінезді, әзілқой адал адам деп ұғады. Өзінің білмейтін мамандығы жоқ секілді, соған риза боп:

— Нәуке, осы сіз шофер болмасаңыз да... — дей беріп анау сөзін аяқтатпастан іліп әкетті:

— Неге шөпір емеспін, қолымды көрмеймісің?

— Оның несі бар?

— Шөпір адамның қолы ұзын болады.

Тайман күлді.

— Күлкісі жоқ, шөпірмін. Шөпір болғанда қандай шөпірмін десейші, төрт жыл соғыста генералдың машинасын айдаған шөпірмін.

— Жоқ, қазіргісін айтам.

— А-а... — деп, Науша да ақсия қалды, — рас, қазір помбөрелшікпін1. Бірақ Дәурен ағайға шөпір алдыртпадым.

Ол кісі де осы машинаны өзі жүргізетін болыпты ғой.

— Мен үйреткенмін, — деп, аз үнсіз отырды да, Науша өз ойының тағы бір ұшығын білдірді. Тайманды әзілдей қағыта білдірді: — Сендер ғой шөпірге дейін мәдениетті болу керек дейсіңдер. Ал, мен: әрбір мәдениетті адам шөпір болуға тиіс дер едім.

Тайман бұл сөзге жөнді мән бермей:

— Дұрыс, — дей салған.

Жоқ, дұрыс емес, — деді Науша қадалып. — Несі дұрыс болсын! Отырысың мынау! Менің генералым да бұлай отырмаған. Мен ауыра қалсам, машинасын өзі айдап кете беретін.

— Ау, Нәуке, менде неңіз бар, маған неғыл дейсіз? — деп Тайман қызарақтай берді.

— Саған бірдеңе қыл деп отырғаным жоқ. Әшейін, әркім өз машинасын өзі айдауы керек дегенім ғой. Осыны біреулер дұрыс айтып жүр. Е, дұрыс болмай... Машина әркімнің аты емес пе? Атқа мінген адам тізгінін өзі ұстамай ма?

— Дұрыс, — деді Тайман. Бұл жолы шынымен айтты.

Науша әлі қоймай отыр:

— һе, анаугүні тері-терсек конторының бастығы атының делбесін көшірге ұстатып, өзі артыңда шортиып отыр. Түу, шорт!.. Машина-машина делік, шөпірлікті үйренуге де ынта керек. Ал, әлгінікі не? Ол кім ол, боржой ма?..

Қызық адам. Сөзінің бірқатары орысша... және дұрыс айтса бір сәрі ғой, ылғи бұзып айтады: шорт, боржой... Мұнысына қысылып жатқан Науша жоқ, балпылдап баса береді. Өзі сөйлеуік. Ерні қаймыжықтай жұп-жұқа, сондықтан ба екен, әйтеуір аузы жалпылдап көп сөйлейді. Әрқашан тауып айтам дейтін болса керек, өз сөзіне өзі ырза, айтарын айтады да ізінше желкесінен біреу нұқып қалғандай дереу күнжия бере күледі. Міне:

— Ол кім ол, боржой ма?.. — деді де мықшиып кеп күлді. "Ойпырмай, тұмсығын рульге соғып, бұзып алмаса игі еді" деп шошыды Тайман. Бірақ ол соққан жоқ, баранканы шынтақтап-орап жатқан білегіне еңкейіп, иегін сүйеді. Тайман сонда ғана байқады: дөңгелек тұтқаны орап барып асылып қалған тарамыс білектер шынында да сегіз өрме дойыр секілді ұп-ұзын екен. Әлгі бір әзірде:

— Қолымды көрмеймісің? Шөпір адамның қолы ұзын болады — дегені де осы екен-ау.

Десе де, бұған қалжыңбастау Науша күлгенмен Тайман езу де тартқан жоқ. Кенет көз алдына екі иығы салбырап, саусақтары тізесінде саудырап жүретін гиббон елестеді де кеудесі мұздап қоя берді: "адамның арғы атасы — маймыл" дегенді шығарған қай антұрған еді?!

Машина жонға шыққан соң кілт тоқтай қалып еді, артыңда шұбалаңдаған ақ шаңдақ лап беріп көміп, бір сәтке жоқ қып жіберді. Шаң айыққанда Тайман екі бүйірін таянып, машинаның жанында тұрды. Сүр костюмінің түймесі ағытулы, сол түстес ұзын галстугі желбіреп, омырауынан шығып кеткен. Кескіні көңілді, ойлы еді.

Оның алдындағы үлкен ойпатта сағымдана мұнартып, мұнайлы қала жатты.

Қала...

Қара алтынды қала!..

Тынымсыз да мігірсіз қала; түнде де ояу, күндіз де ояу қала! Алып істің, қауырт қимылдың қаласы!..

Біздің жігітке бұл қаланың әр көшесі таныс, әр адамы ыстық. Ол осы қалада туды, осы қалада өсті.

Әне, қаланың шығысында самсап, көкке бойлаған қалың вышка — мұнай мұнаралары. Тайман соның арасында қара қошқыл топырағын боратып, жалаң аяқ жүгіріп өсті. Өзінің бүлдіршіндей бала кезінде вышканың оралма баспалдағымен талай тымпылдап төбесіне шығып, төмен қарап, аузын аша таңданғаны бар: жердегінің бәрі — адамдар да, жегулі аттар да, жүкті машиналар да — түгел кішірейіп, төбеден қарағанда бір түрлі аласарып, кісі күлерліктей тәлтиіп кетеді екен. Қаланың қатар-қатар көп үйі көшелерін тарылта ұйлығып, иін тіресіп, бұған төрт жағын тегіс көрсетеді. Қаланы қақ бөлген тұзды су Жем өзеніндей әжептәуір енді еді, ол да шағын жылғаға айналыпты. Мұнай айдау заводының үлкен ақ үйі қаланың шет жағында болатын, көкшіл түтінін ұзын тұрбадан сарт-сұрт дөңгеленте атып, ол да мына іргеге келіп қалған. Вокзал жақ шеттегі "Мұнайшы" стадионында доп қуғандар да өңшең ергежейлілер тәрізді, тек мұның өзі ғана үлкен. Бала соған масаттанып, сақ-сақ күліп жіберді. Вышка кеудесіндегі бұрғышы алаңына жүгіріп түсіп, штурвалға келіп, әр темірді бір ұстап, өз-өзінен дүрілдеп, селкілдеп, жерде жүрген әлдекімдерге қолымен ымдап бұйрық етіп, қас пен көздің арасында өзі бұрғышы боп кетуге аз-ақ қалды. Кеше кеште паркке барғанда өзін "кішкентайсың, күндіз көр" деп киноға кіргізбей қойғаны, бүгін таңертең көрші үйдің баласымен асыққа таласып, әкесіне жылап келгені ойында жоқ.

— Асықты ақылсыз бала ойнайды, сен одан жақсырақ ойын тап, — деп Тайманын жұбатып, дүкеннен кішкене ойыншық вышка сатып әперіп, — мұны енді нағыз мұнараның өзімен салыстыр, — деп, осында ертіп әкелген де әкесі еді. Содан былай қарай Тайман мектептен бос уақытыңда ылғи мұнай мұнарасына келіп жүретін болды... Бәрі... күні кешегідей бәрі есінде.

3

Шіркін, туған жер! Тайманға бұл жердің топырағы да, шаңдағы да ыстық. Мынау көкке меңзеген биік мұнаралар қазір Тайманға бала кездегідей жұмбақ емес, сырын ұғын келеді, ұққан сайын ыстық тартады. Туған әкесі Дәурен осы мұнаралардың бірінде бұрғышы; отыз жыл істейді, әлі құжитын түрі жоқ. Еңбекпен егделенген қажырлы, сом денесі әлі ширақ. Қою қара мұртын сипап қойып, баладай жайнап, ылғи күлімдеп жүреді. Отыз жылдың ішінде бұл маңда оның мұнарасы шықпаған қырқа, оның мұнарасы түспеген ояң бар ма екен, сірә?.. Рас-өтірігін кім білсін, жаңа Науша бір қызық жаңалық айтты: осы қала тұрған ойпат бұрын қырат екен, астынан мұнай алына берген соң темен түсіп кетіпті-міс. (Әй, сірә, өсіріп айтатын болса керек!). Онымен қоймай, соңғы отыз жылда дәл осы ара отыз құлаш төмендеді деп тағы айтты. Егер мұнысы рас болса, сол отыз құлаштың бір құлашын отыз жыл бойына Тайманның әкесі бұрғылаған скважиналар төмендетіп жүрмесе неғылсын!..

Оның өз еңбегіне деген ықыласы-ақ ғажап!

— Дәурен аға, енді мына нүктені бұрғылайсыз, — дейді геологтар.

Дәурен ағай сол араға жүк машинадан үш адам әрең түсірген сырық қазығын қағады да, қазығы қашып кететіндей, я болмаса жерге сіңіп кететіндей, қашан бұрғылау мұнарасын көшіріп әкелгенше әлгі жерді дамылсыз қадағалап қараумен жүреді. Оның осы сырын бригадасындағылардың бәрі біледі. Өзінің көмекшісі Науша да біледі; әлгіде машинаны тоқтата қойып, жүгіріп кетіп жүргені де сол. Бүгін не ертең алып мұнарасын алты жыланбауыр тракторға сүйретіп, Дәурен ағай дәл осы жонға көтеріліп келе жататын шығар...

Қаланың көлемі үлкен болғанмен, үйлерінің дені бір этажды жұмысшы корпустары, көп этажды үйлер сирек болатын. Әне бір орта тұстағы үш қатар қызыл үй — мектеп. Онда Тайман он жыл оқыды. Ол үй де сан сырлы шындыққа куә.

Мынандай қызық болған: мектепке алғаш түскен жылдарында Тайман дүниеде өзінің мұғалім апайынан мықты адам жоқ деп ойлайтын. Оның байсалды түрі, баяу жүрісі, әдемі майда үні, тіпті ақ жібек кофтасының омырауындағы қара мақпал галстугіне дейін тек осы кісінің ғана артықша асыл сипатыңдай көрінетін де, өзі ретін тапса сол кісіге ұқсап қалуга бейім тұратын. Мойнына тұңғыш рет қызыл галстук таққан күні үйіне дәл әлгі адамдай нығыз басып, маңдайын жарқырата керіп, кезіне ой жиып келе жатты. Даусы да өзгере қалыпты, баппен сөйлейді. Анасы мұның жасанды үлкендігін сезіп:

— Қарағым Тайжан, — деп райлана жымиды. — Мойныңдағы қызыл галстук оп-оңай үлкен бола қалу үшін тағылмаған ғой!..

Тайман бала да болса, өз бойындағы бір ерсілікті осы арада сезінді: беті дуылдап, қызараңдай берді.

Мектептің қасыңда мұнайшылар клубы бар. Тайманның клубтан көрген алғашқы киносы — "Чапаев" еді. Содан соң бұл баланың Чапаев болғысы келді. Бір жолы тіпті әкесінің ашық газигінің үстінде тізерлеп тұрып, қолын ілгері соза: "Алға!" — деп бара жатты. Бірақ амал не, Отан соғысына әкесі кетті де, сұрапылмен өткен төрт жыл бойына Тайман қанша әбігерленгенмен, Чапаев болуға жасын толтыра алмай-ақ қойды.

Қырық бесінші жылы әкесі үйге келгенде Тайман тоғызыншы класта оқып жүр еді. Әкесінің ылғи күлімдеп тұратын мейірбан жүзін соғыс біраз сұстандырып тастаған екен. Әжім айғыздай бастаған жазық маңдайына жаңадан тағы бір сызық қосылып, тереңдей түсіпті. Тайман бір көңілді отырыста:

— Көке, сен рас Чапаев боп кетіпсің... — деп, үй-ішін бір күлдіріп алды да, — енді мен кім болсам екен? — деді.

Әкесі күлкімен қысыла түскен қой көзін ұшқындатып, баласының мойнын мұртымен қытықтай сүйді де:

— Сен бе... сен мен бол, — деді.

Содан бірер жыл өткен соң Тайман әкесі болам деп оқып кеткен еді. Биыл университеттегі геология факультетінің үшінші курсын бітіріп, осы өңірге практикаға шыққан.

Үшінші курстан кейінгі өндірістік тәжірибе университеттің арнаулы программасы бойынша үш айға созылатын. Болашақ геолог осы үш айдың ішінде алғашқы екі жылдың жазында өткізген практикадан алған ұғым-түсінігін, ілім-білімін қорыта тереңдетіп, мұнай көзін бұрғылаудың аса күрделі жұмыстарымен толық танысуға тиіс. Практикант жолы бұрғылау ісінің соңғы, жаңа түрінде сазды ерітінділерді, алуан түрлі құрал-жабдықтарды пайдалану сырын мұнайшылар төл қалпында ылғи скважина деп атайтын құдық-ұңғыны цементтеу мен насос жұмыстарына дейін түгел меңгеріп, тіпті мұндағы геофизикалық әдістердің бірі — кароттаж деп аталатын қиын процестің талай бұралаңын ұғып, осының бәрінен университеттегі өзіне жолдама берген кафедраға ақпар, оған қоса геологиялық карта жасап тапсыру керек. Өзінің осындай практикалық жұмысының нәтижесін кафедрадағы оқымыстылар алдында, өз курсының студенттері алдында ғылым жолымен дәлелді, тыңғылықты қорғап шығуы шарт.

Тайман биылғы жазды осы бағытта өткізген-ді. Ол мұнда жалғыз келген жоқ: өзімен курстас Оразов, Дәулетов деген екі шәкіртпен бірге келді. Бұл үш жігіттің өндірістік практикасын Профессор Мусин басқаратын. Жалғыз-ақ, Профессор бұлар университеттен бері шығарда кенет дымқостанып, Ембіге өзінің кейін баратынын айтты да, үш практиканттың ішінен Дәулетовке:

— Сен жай шәкірт емес, университет белсенділерінің бірісің, профком бастығысың, ұйымдастыру жұмысын біліңкірейсің ғой, — деп, көп көзінше бірер көпшік қойып алды да, — мен барғанша мына екі жігітке өзің бас-көз бола тұр! — деп тапсырған.

Бірақ мұнда өткен екі жарым ай ішінде үш шәкірт қанша күткенмен ұстаз келе қойған жоқ. Оның себебін қалада қалған Оразов пен Дәулетов білмесе, жетпіс күн үй көрмей, алыс шалғайда жүрген Тайман біле алмады.

Үш практикант мұнай қаласына келген бетте чемодандарын құшақтап, Дәурен үйіне түскен. Ертеңіне Тайман бұл жерді түңғыш көрген екі жолдасын өз қаласымен, өндіріспен, барлау тресінің адамдарымен таныстырды. Сол күні кеште үшеуі өзара келісіп, Оразов пен Дәулетов қала іргесінде бұрғыланын жатқан жаңа скважина жұмысына араласып қалды да, Тайман алыс бір қиырдағы барлау бригадасына жүріп кетті. Кетерінде жолдастарын қалалық мейманхананың екі кісілік жайлы бөлмесіне өзі апарып орналастырды.

Тайманның сол кеткеннен біржола практикасын аяқтап келе жатқан беті осы; енді бір он-он бес күн үйде дем алып, университетке қайта аттанбақ.

Дәурен ағай өткен жылы бір сөзінде баласына төбеден түскендей:

— Жоқ, — деп қалған-ды. — Жоқ, сен мен емес, менен гөрі білгіштеу геолог боласың екен.

Тайманның өз мақсаты да осы еді.

Биыл практикаға шығып, осында келгеннен бері барлау бригадасымен бірге өткізген жетпіс күн Тайманның "геолог болсам" деген ойын бұрынғыдан бетер бекіте түсті. Көзін ашқаннан бері көргені мұнай мұнарасы болғанмен, бұл жердің сырын жөнді білмеген екен. Университеттегі шашсыз Профессор кафедра мен тақта арасында қорбаңдап жүріп, қанша қақсағанмен, Тайман жер сырын аз аңғарыпты. Жер сырын көзбен көру де аз, тек қолмен ұстағанда ғана ұғынуға болады екен. Осы жолғы жетпіс күн жер астының біраз қабатымен қолма-қол таныстырып қайтарды. Тайман ойы бұл жетпіс күн ішінде жер бетінде қалқыған жоқ, жер астына мыңдаған метр тереңдеп кеткен бұрғымен бірге сүңгіді, скважина түбінен түтік бойлай лықсыған құбылма қоспамен бірге ақты...

Науша қайтып кеп, рулін ұстап:

— Тайман, отыр, кеттік, — дегенде, ол ойға шомған қалпы, туған қаласынан көзін ала алмай, әлі қарап тұр еді. Көзі қалада болғанмен қиялы шарлап алысқа, алға кетіп қалыпты.

4

Жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан Дәуренге бір пұшпақтан қала комсоргі қарсы жолықты. Қасыңда тас бұйра шашы басына жалбыратын жаба салған бейне қаракөл қозының елтірісіндей бір қарасұр жігіт екі қолын екі қалтасына салып, боз торғай шырылы ма, әлде тосын ән сазы ма, әйтеуір бір жіңішке әуенді құбылта созып, өз-өзінен құлшына ысқырынып жүрді.

Дәурен ағай әдеттегісінше көңілді екен. Қолында қалың қағазға ораулы ақ байпақ, үстіндегі маймен баттаса жылтыраған жұмыс киімінен қорғаштап, қайда қоярға білмей келеді.

— Апыр-ай, майлап алар ма екенмін, — деп қояды.

— Дәуке-ау, осы шілдеде мұны қайтейін деп жүрсіз? — деген комсоргке таңырқай қарады:

— Қалқам-ау, Тайманыма керек қой! Жаңа жол-жөнекей киім дүкеніне кіре қалып ем, сатып жатыр екен. Қыста қанатымның аяғы тоңып жүрсе...

Әкенің баласына деген бар мейірімі бетінде тұрды.

— Ә-ә, — деп, әлгібір ысқырымпаз жігіт Дәуренге тек осы тұста ғана бет бұрып, баданадай үлкен көзін төңкере қарады. Даусы сәл қарлыға шығады екен. Жігіттің маңдайлы, шықшытты келген толық кескініне сәл қуарыңқы, жұқалтаң, ұшы шамадан тыс сүйір біткен қысқа мұрны жараспай тұр. Әйтпесе, өзге пішімінде шақырық мол, қылтың-сылтыңы көп қылжима бикештер көрген жерден құлап түсер-ақ мүсін. Өзі тым тез құбылады. Міне, қас пен көздің арасында жаңағы самарқау қалпын шапшаң серпіп, сұңқылдады да кетті. — Е- е... Сіз біздің Таймашканың папасы екенсіз ғой, привет, привет! Мое почтение!

Дәурен осы жігіттің бойынан бұрын өзі байқаған бір оқшау мінезге қайта кездесіп, содан ойша түйін жасап тұрғандай мұртын сылап, ақырын езу тартты:

— Шырағым, Тайманның әкесі болмасам сәлем бермес пе едің?

— У-у!.. — деп жігіт көзінің ағын ұлғайта берді: — Сіз ірі кеттіңіз. Қайтесіз, ақсақал, ірі кетіп... Кешірерсіз. Май киіміңізден ажырата алмай жатырмын, әйтпесе мен білем ғой сізді, білем. Анада болдым ғой сіздің үйде... Е, осы қалаға келіп түскен бетте Тайман, Қабен үшеуіміз де сіздің үйде болғанымыз қайда? Мен сондағы Дәулетовпін, ақсақал, Дәулетовпін.

— Біліп тұрмын, шырағым.

— Тайман бүгін келетін шығар? — деп сұрады комсорг.

— Иә, бүгін келеді. Науша кеше кеткен, — деді Дәурен.

— Солай болар, бәсе, анада барлау бригадасына барғанымда солай деп отырған...

Комсорг Дәуренге бір өтініш айтты:

— Тайманмен уәдеміз бар еді. Ол біздің қала жастарына халықаралық жағдайдан лекция оқып бермек-ті. Біз бүгін кешке клубқа жиналамыз. Күтеміз. Өзі де білуге тиіс, дегенмен сіз ескерте салыңызшы!

Бар ойы байпақта тұрған Дәурен:

— Жарайды, айтайын, — деп жөнеле берді де, есіне енді бірдеңе жаңа түскендей, комсорг жігітті тоқтатып алды: — қарағым-ау, Тайманым шаршап келеді ғой! Кеткенше демалса қайтеді... — Дәурен мұртын сипап, жерге қарап ойланып қалды да, ізінше жауырынын күржите бере қолын бір сілтеді: — Жә, айтайын, айтайын... Ол бәрібір болмайды, мұндайға жүгіріп кетеді.

Балажан әкенің сырына қанық комсорг бейтарап күлді де жүре берді. Дәулетов оның соңынан ере жөнелген; бағанағы торғай үні қайта шыр етіп, Дәуреннің ту сыртыңда тұншыққандай болды.

Дәурен үйінің есігін ашқанша баласының жайын ойлап келеді; "Университетте де лекция, мұнда да лекция... Қанатым-ай, жалықпай ма екен сол лекциядан..."

Дәуреннің сауаты хат тануға ғана жетеді. Одан Айжан апай білімді. Айжан бастауыш мектепте мұғалім, Тайманның кіші інісін өзі оқытады.

Айжан кітапты көп оқиды. Дәурен күнделікті газетті ғана қарайтын. Онда да көбіне газеттің тек төртінші бетін бір сыдырып өтіп, қоя салады. Кейде қоя салмайды, қолында газет, әйелін не ауыз үйден, не шолан ішінен іздеп тауып:

— Айжан, бері келіп кетші, қызық бар, — деп әлде кімнің тағдырынан сырт қала алмай, қапаланып, жүдеп жүреді. — Мына құлақтандыруды оқыдың ба? Әлгі Байғуаттың жалпылдағы қатынынан тағы ажырасқалы жатқан көрінеді. Қап, әбден құртты-ау, мына шіркін. Осымен төрт рет ажырасып тұр.

— О кім айтып тұрғаның?

Бұдан соң Дәурен ұзыннан шұбақ бір әңгім Дәурен еге кетеді. Бүгінде өз бригадасында істеп жүрген Байғуатов деген біреуді Дәурен бала күнінен біледі екен. Қырда, құм ішінде өсіпті. Ол жасында да әумесерлеу болған-ды: жиын-тойда жұрт атқа шапса, алым жоқ, бұйым жоқ, жарысқандардың қыр соңында шаң жұтып, бір жағын төбелесте тентек балалар жұлып әкеткен тері құлақшынының қалған құлағын жалпылдатып Байғуатов та жаман тайымен жарыса шауып бара жататын көрінеді. Әкесі марқұм оны биемен қуып:

— Ойбай, өлдің, қара қасқа, тоқта! — деп айғай салса, анау тебіне шоқытып келе жатқан қалпы, одан сайын өршеленіп, енді тай тұмсығына іле салған бұзау-ноқтаны сыпырып тастап, аяқ-қолын түгел сереңдете шалқалай береді екен. Әкесінің одан бетер зәресі ұшып, ақыр аяғында баласын қашаған асаудың жолын бөгегендей алдынан орап барып әрең тоқтатып жүріпті. Бұл құлығы өз алдына; егер тыстан әлдебір салт атты дүбірлете желіп өтсе, Байғуатов үйінен тағы суырылып шығып, жаман тайға жайдақ міне сала, әлгі адам бір қыр асқанша соңында тепеңдеп барып кері қайтады екен. Содан "Байғуаттың жалпылдағы" атаныпты.

— Түу, ақылсыз шіркін, — деп жазғырады Дәурен. — Жасындағы дәліңгүрлігін әлі тастамапты. Бәрібір кейін қатына қайта қосылады бұл!..

Кейде Дәурен газеттің төртінші бетіне үңіле сөйлеп, аса бір ызамен отырады:

— Қап, кәрі Шершел тағы кәріне мініпті-ау!

Осы Дәуреннің газет оқуы да бітетін-ді.

Жақсы романның қызығына батқан Айжан күйеуі жатқан керует жанындағы Тайманның столында түннің бір уағына дейін отырып та қалатын. Сонда Дәурен электр жарығында ұйықтай алмай:

— Кісі соятын доғдыр болсаң да шамды өшірші, жаным, — деп, бір аунап түсетін. Қазір олай емес. Тайман университетке түскеннен бері, оның жылда құшақ-құшақ қып әкеп, шкафқа толтырып кеткен кітаптарының шетінен ара-тұра өзі де оқып, басқаларға да оқытып жүр.

Бір күні Мүсіреповтың "Қазақ солдатын" оқып отырып, Айжанға:

— Ойбай, мынаң қара, мынау әлгі өзіміздің Қайырғали, майданда бірге болғанбыз, — деп балаша қуанып, таңданып, — япырым-ай, аудырмай түсірген екен... Және мына тайталастың бәрін қайдан біле берген... осының бәрін төбемізде тұрып көріп жүр ме, жаным-ау, — деп ризалығын әзілмен айтты. — Батыр болғасын, шаштараз да кітапқа түсіпті. Енді батыр мұнайшыны жазсын-дағы осы адам...

Тайманнан жылда сұрайды:

— Ембі адамдарын қай жазушы жазып жүр?

5

— Айжан, мынаны алшы, — деді Дәурен ауызғы бөлмеге кірген соң. Сол байпақты бір бұрышқа тастай салса да болады, бірақ қайтесіз, Дәурен ағай баласына не жақсылық істесе, соның бәрін мерей кереді. — Тайман әлі келген жоқ па?

Айжан қырықтардан асқан, толық денелі, әдемі ақ өңді адам еді. Семіздіктен ауырлай бастаған денесін жай қозғап, төргі бөлмеден шыққан бетінде күйеуінің қолындағы орауды алып ашты да, баяу үнмен, паңдана сөйледі:

— Өстіп, құрақ ұшасың да жүресің-ау! Алматыға байпақтың не керегі бар?

Дәурен бұл сөзді елеген жоқ, шешініп, жуынып, төргі бөлмеге шықты. Әбден үйреніп алған құлаққа Айжанның жиі айтылатын әлгідей ескертпелері де мұнара түбіндегі кішкене мотордың жыңылы сияқты, бұған тосын әсер туғыза қоймайтын.

Төргі бөлме кең, таза, жарық еді. Оң жақта — Тайманның керуеті, онда кішкене Қоңыр ұйықтап жатыр; оған жалғас жазу столы тұр. Сол жақ қабырғада кітап толы екі шкаф бар. Ол да Тайманның кітаптары. Төргі екі терезенің аралығына ілінген Дәуреннің үлкен суреті есіктен кірген адамға көз алмай қарайды. Бұл — Дәурен ағайдың бір әдемі түскен суреті, өткен жылы Тайман Алматыдан үлкейттіріп әкеп, жақтауға салып іліп қойған. Сұлу қара мұртының шалғысы езуін жасыңқырап, қой көзін кең ашып, маңдайын жарқыратып, жайнап түсіпті. Өткен жыны Тайман суретті осы араға іліп жатқанда, бала мінезді, ақкөңіл әкесі кәдімгідей ыңғайсызданып, қысылып қалған:

— Қанатым-ау, Маркс емес, Ленин емес, бұл жаман бұрғышының суретін төрге іліп қайтесің?

Тайман:

— Көке, көсем портреттері үйде емес, кеңседе тұрар болар, — деп Дәуренге қарағанда, әкесі мұртын сипап, қызараңдай жымиып тұр екен:

— Жаман неменің мұртын қиылтып, кісімси қалғанын қарашы!

Дәурен көз қиығын сол суретіне қазір де бір қадап өтіп, стол үстінен "Мұнайшы" газетінің бүгінгі санын ала беріп еді, сол жерде тұрған телефон иесінің келуін күткендей, сылдыр-сылдыр ете қалды. Дәурен бөлменің төрт бұрышына түгел жайыла жерге төселген түкті кілемді носкишең басып тұрып, трубканы алды. Алды да аз тыңдап, аптыға сөйледі:

— Қазір барайын. Жоқ, өзім барайын...

Ылғи өзі барады. Өзі бармаса, іс бітпестей көреді. Дәурен ағайдың артықшылығы да, кемшілігі де осы мінезінде.

Трубканы іле салып, ауызғы бөлмеге шықты. Айжан түскі тамақты дайындап, стол жасап қойған екен. Дәурен үстін қайтадан қоңырайтып, май сіңген жұмыс киімін кие бастады. Сенектен самауыр алып енген Айжан кілт тоқтап қалды:

— Тағы қайда асықтың?

Дәурен босағадағы аласа орындыққа отырып, резинка етігін қонышынан тартып киіп жатқан:

— Ой, әлгі... мұнараны жаңа орынға көшіру керек еді, екі трактор жылжыта алмай жатқан көрінеді. Астыңдағы бөренелер дұрыс салынбаған болса керек.

— Ең болмаса бір стакан шай ішіп кетсейші.

— Ойбай, Айжан, бөгеме, жаным... Мұнара құлап түсіп жүрсе...

Басына бұлт ораған биік мұнара құлап бара жатса, дәл бір қолымен тіреп қалатын тәрізді, үйден сүріне-қабына, асығыс шықты.

Дәурен сыртқа шыққанда, қақпа аузына машина тоқтап, Тайман түсіп жатыр екен. Қаудырлақ әке көзінен жас шыққанша қуанып, баласына жүгірді. Өзіне қарсы ұмтылған Тайманды кеудесінен алақанымен тоқтатып:

— Қанатым, қанатым... үстіңді бүлдіресің! Қане, бетіңді әкел, — деді де, оның мойнын ернімен аймалап, бетінен қайта-қайта сүйді. — Үйге бар, дем ал! Сыртқа шықпа, күн тиеді... Мен қазір келем.

Артына, баласына қайта-қайта қарап, емпеңдей аяңдап кетіп барады. Көзінен жан тебірентер, жүрек елжіретер мейірім, әкелік мейірім оты жылтырайды.

Әлгі бір сүйіс Тайман қанша маңғазданғанмен, оны сәби бала қып кеткен еді. Ұзай берген әкесінің соңынан ботинкасын шешіп тастап, жүгіре жөнелгісі келді.

6

Баласын жақсы көрмейтін ата-ана жоқ. Жалғыз-ақ, әркім өзінше жақсы көреді.

Айжан апайдың Тайманға деген махаббаты Дәуреннің айналып-толғануынан бір де кем емес. Бірақ аз күлетін, мінезге ауыр, сырға тұйық, сөзге сараң Айжан махаббатын да ішке бүгеді. Бұл, мүмкін, оның тәрбие жайын жақсы білетін тәжірибелі педагог екеніне де байланысты шығар... Әйтеуір баласын көргенде әжімі аз ақ жүзі нұрлана түсіп, сол жақ қабағын сәл жоғары керіп, ойлы көзін бұрыштандыра қарағанмен, ішке тартып көп емірене қоймайды.

Әкесі мен шешесінің бір үйдің ішіндегі екі мінезін Тайман жастан түйіп өскен. Әке құшағының, өзін бір он жылға еріксіз жасартатынын, ана мейірімінің өзін бір он жылға еріксіз есейтетінін және жақсы біледі.

Айжан апай қазір де Дәуренше қалбалаңдаған жоқ, толық бетіне нұр жиып, бар ықыласымен баласына райлана қарады; әлденені барлап та тұрғандай:

— Қарағым, тәжірибең қалай өтті?

— Жақсы өтті, мама!

— Жер сыры терең болар... — деп, Айжан баласынан гөрі өзімен көбірек кеңескендей біраз іркіліп, ойлана сөйледі.

— Бұл жердің сырына көкең құштар. Дүниеде өзіңнен кейінгі қимасы осы жер. — Айжан жүзінде күлкі ойнады.

— Маған салса, сенің кітап жазатын оқымысты болғаның керек. Ал, көкең аспирантураға да қалдырғысы келмейді. Оқуыңның бітуін асыға күтіп жүр. Сондағы ойы — осы арадан жібермеу. Балам мұнай көзін табады, мен қазамын, екеуміз бір жіптің екі ұшын ұстаймыз деп, кеше келешек жөнінде өз пәлсапасын соғып, толғанып отырып алғаны бар емес пе? Жаңа көрген жоқ па сендерді?

Бұл кезде үйге Науша да кірген:

— Көрмеуші ме еді, баласын қолтығына қысып, бірге әкете жаздаған жоқ па, — деп шегір көзін қулана ойнақшытты. Тайманмен кездесуі бүгін болғанмен, Науша бұл үйдің сыралғы адамы еді.

Әне, солай ғой ол, сөйтеді де жүреді... Сол қалбаңдаумен өтеді де жазған... — Айжан ас үйге беттей бере қайта тоқтады: — Жә, не ғып тұрсыңдар, шешініңдер.

Күйеуінің Айжан білмейтін қалтарысы жоқ. Бұлар бірге тұрып, ыстық-суық күндерді бірге кешкелі қашан?! Бірақ, ол Дәуреннің өмірде бір адаммен шындап жүз шайысқанын көрген емес. Семьяда да сол: не әйелінің, не балаларының бетіне жел болып тимей-ақ келеді. Қайта Айжан ертеректе бір рет қатты келіп:

— Сенің не адам екеніңді білмеймін. Кеше әне бір адырақ Қара бастықпын деп, ақшаң-ақшаң етіп, жөнсіз жазғырып жатыр. Құлағың салбырап тұра бергенше, тіл қатып, жауап айтпас болармысың, — дегенде, Дәурен үнсіз күле тыңдап, жайбарақат қалпын бұзбастан отыра берген соң ыза боп, күйіп кетіп, өз ойындағы ұшқары байлауының шетін танытып алғаны бар:

— Ашусыз ақыл тұл деуші еді, құр қаңғалақтағаныңмен ақылдан кендесің-ау өзің...

Айжан осы сөзден кейін одан ашу күтіп еді, бірақ Күйеуінің бұрышқа қадалып, қинала қабақ шытып, баладай мұңайып қалғанын көрді де, ыңғайсызданып, тұрып кетті. "Адырақ қара" ғана емес, өзінің де орынсыз тиісіп жүргенін сезіп, тағы ойға қалды: "Жазықсыздан жазықсыз ылғи өзін кінәлі санайды, мұнысы несі жаным-ау!.."

Айжан өз байлауының ұшқары екенін кешікпей ұқты. Дәурен тек жауға ғана кектенеді екен, қырық бірінші жылы бір күнде өзгеріп шыға келді.

Соғысқа кеткен ерін сағынған Айжанның ойына әлгі қиянаты түскенде Дәуренді қатты есіркеп, өзін қайта-қайта кінәлап, жалғыз отырып жылап алатын: "Осыдан аман келсе тіпті де ренжітпеспін" — деп, іштей ант ететін.

Сол антына берік Айжан Күйеуінің бар ықылас-мінезіне тек жібек пейілін ғана арнайды. Оның кейбір ерсі істерінің өзін қалжыңға айналдыра жаймалап, елеусіз ескертеді.

Кішкене Қоңырға бәрібір. Ал, Тайман болса, ес біліп, ой тоқтатқаннан бері ата-анасының тату-тәтті бірлігін, өзгермес шуақ қалпын аса ризалықпен түйсінетін. Өзі өскен семьясын берекелі семья деп ұғатын да, осы кішкене ұя бұл жас жігітке аспан астыңдағы ең бір рақатты сая, ыстық құшақ, мол мейірімдей еді.

Ата-анасының қадірі Тайманға әсіресе алыста тереңірек білінеді. Оқуда бұларды ылғи сағынып жүреді.

Сағыныш та бір асыл, аяулы нәрсе ғой, шіркін!..

Сағынарың болғанда сағынғанға не жетсін.

7

Тайман шайдан кейін бүгін кеште мұнайшы жастарға оқитын лекциясына әзірленбек боп, алдын ала дайындаған тезистерін қайта қарауға отыра бергенде, Дәулетов есіктен аптыға кірді:

— Привет и почтение.

Тайман стол жанынан қуана тұрып, жолдасымен қол алысты:

— Ау, Жабас, аман-жақсымысың! Ал, қалай?..

— "Қалайды" қоя тұршы, — деп, Дәулетов ақ костюмінің жағасынан ерсілеу сорайған ұзын кеңірдегіндегі бармақ басындай бір буылтық түйнекті бұлтың еткізіп, иегінің астына жасыра бір жұтынды, — сен қызықсың, Тайман.

— Ие, не қызығы бар?

— Өз жерің, өз үйіңе келдің. Жайланып жатырсың. Ал, Оразов екеуіміз жер-көкке сыймай жүрміз.

— Неге? — деп таңданды Тайман. — Отыршы өзің...

— Жоқ, отырмаймын. Асығыспын. Кеткелі жатырмын.

— Қойшы! Тым шұғыл емес пе? Қабен қайда?

Дәулетовтің сұрша жүзінде күлгін, күлді-балам сұс білінді:

— Тіфу, қойшы сол дур-ракты! Қабен Оразов дегенің болтун емес пе бір! Құскелдісі ұстаған қояншық секілді тағы еліріп, екі иығын жұлып жеп жүр.

Тайман арғы жағын айтқызбай біліп, орындығына отыра кетті де, шалқая бере қарқылдап, рақаттана күлді: үш жыл бірге оқып, бір коллективте жүрген өз жолдастарының тап-таныс мінезі, үйреншікті әдеті; қайда да қалмай ере жүреді, әр жерде-ақ бұрқ-бұрқ шаң беріп отырады.

— Тағы жанжалдасқан екенсіңдер ғой!

— Енді қайтейін? Философствует прямо! Әбден басымды қатырғаны, жүдә! Бол-лтун беспардонный!

Тайман күлкісін күшпен тыйып, жүзін суытты:

— Қой, сен өйтпе, оның не?

— Бр-рось, пожалуйста! — деп, Дәулетов илікпес түрмен қабақ шыта терезеге бұрылды: — Білем сенің де...

— Ал, отырмайсың ба сүйтіп?

— Жо-жоқ, тізе де бүкпеймін! — Дәулетов білегіндегі күміс браслетті сағатына төне қарады. — Үш сағаттан кейін сенің еліңе қош-бес деп, дөдең сызып отырады.

— Қабен ше?

— Қой деймін соңынды! Бармаса бадалып қалсын, білдің бе?

Тайман бұл екі жігіттің жанжалын барып білмей болмайтынын ұқты:

— Ал, жүр ендеше!

— Сен немене, шығарып салмақпысың мені!

— Шығарса несі бар?

— Бағана осындағы бір шолақ белсенді сенің бүгінгі кешің занято деп жүр еді ғой.

— Оның рас, шығарып сала алмаспын. Дегенмен сендерге барып қайтайын.

Екеуі бір тарындау көшемен қала ортасындағы мейманханаға келе жатты. Асфальтсыз көшенің бос топырағын оқта-текте жел үрлеп, ұйтқытып қалады. Кейде көлденең көшемен жүк машинасы жүйткіп өтеді де, көкке бұрқырай көтерілген май топырақ бұлардың қарсы алдынан бозғыл шымылдық құрып тастайды. Дәулетов үстіндегі ақ костюмін ала қашатын жер таппай:

— Ой, горе, мынаны шешіп қолыма алсам ба екен жүдә? — деп жағасын ұстайды.

Тайман оған көзінің қиығымен қарайды:

— Мұны кимей-ақ қойғаның жөн еді ғой.

Дәулетов ызасын тілімен төккендей:

— Боже... сенің мынауың қала емес, мола ғой бір... — деп, аңдамай қойып қалады.

Тайман енді кенет ашумен тұнжырады:

— Қойсайшы осы жалған менмендігіңді!

— Бәлі, ашуланып қалдың ба? Ойнап айтам...

— Мұндай ойын болмайды.

Дәулетов қыпың-қыпың етіп, шұғыл өзгере береді:

— Қойшы енді... мен қойдым. Қабенің — Қабен, қыр соңында сенен де құлақ қағып қап масқара болармын, жүдә.

Бұларға қарсы келіп, жанынан өте берген бір жас қызды көріп Дәулетов суға сүңгіп шыққан адамдай шашын дір-дір сілкіп қап, мөлие қарады. Қыз қараған жоқ. Бұл Тайманнан кейін қала шыр айналып, қыздың мықынына түскен қос бұрымын, тік иығын, тоқ балтырын тамашалап, көзімен ұзатып салды. Содан соң жидірмелете ілгері басып, Тайманға әлдеқандай бір әсерін айтпақ болды да, бата алмады...

Екеуі мейманханаға келсе, Қабен бөлмеде жоқ екен. Бұлар оны асханадан іздеп әрең тапты: ең түкпірдегі бір столда гуілдей сөйлескен масаңдау екі кісінің ортасында тым-тырыс отыр.

Қабен ашаң, ұзын жігіт. Мүйіз көзілдірігін ылғи мұрнының ұшына киіп жүреді. Мұның отырысы-ақ қызық: алдындағы столға доғадай иіліп, жанынан бір қырын қараған адамға сұрақ белгісі тәрізді көрінеді. Қатар-құрбыларының арасында шынында да геолог емес, философ атанған Қабеннің қолынан ешқашан кітап түсіп көрген емес. Қазір де алдында ашық кітап, даяшы әйел тамақ әкелгенше тырп етпестен үңіле оқып отыр. Асхана ішіндегі ызы-шу үннің, әрілесе қасыңдағы бейтаныс екеудің алабұрта, өрекпи сөйлескен қызу әңгімесінің де бұған мүлде әсері жоқ, тіпті естімейтін сияқты.

Қашанда өз ойымен өзі боп, көзілдірікті аулақтан сығалайтын шүңірек көзін сәл қысыңқырап, жағын суалта, ернін шошайтып, тұнжырап жүретін Қабеннің және бір қызық әдеті бар: маңына жуыған адам не айтса да көбіне бір"а- а?.." деп, аңырая қарап алмай жауап қатпайды. Тіпті ап-анық естіп тұрғанның өзінде де "а-а-а?" деп аңтарылып қалады.

Тайман мен Жабас Қабеннің қасыңда оның қазіргі қалпын аз уақыт үнсіз қызықтап тұрған. Бір мезетте Қабен қасыңдағы екі адам кетпек боп, орындарынан көтерілді де, бірі оған анайылау түрде:

— Эй, дос, сау бол! — деп еді, мынау басын жұлып алды да, ұйқыдан шошып оянғандай аңырып, даусын соза:

— А-а-а? — деді.

Осы тұста Тайман кенет күліп жіберіп, Қабеңді құшақтай алды:

— Аман-есенбісің?

Қабен де Тайманға қол ұсына жүзін жылытып, езуін кере беріп еді, көзі бір аунап Дәулетовке түсіп, кітабына қайтадан тұнжырай үңіле қалды.

— Қой, — деді Тайман әлденені өзінше іштей топшылап: — Сен мынауыңды қоя тұр бір жолға, кейін оқырсың. Халің қалай өзіңнің? Не жағдай бар? — Бір бүйір сексиіп тұрған Дәулетовке қарап, орын нұсқады: — Отырсайшы мына жерге.

Қабен сонда да қоя қоймай, бірер минут үнсіз шұқшия оқып отырды да, енді бірде кітабын кенет сарт еткізе жауып қалды:

— Жағдай сол, Мусин — нашар адам. Өзің айтшы Тайман, солай емес пе, а?

Ха-ха!.. Бас жоқ, аяқ жоқ, бұ не сұрақ сенікі?

Сөзге мысқылды күлкімен Дәулетов те қосылды:

— Апыр-ай дейсің, бұл не сөз? Манадан бері оқығаның Мусин жөніндегі кітап емес пе?

Бірақ Қабен күлген жоқ, қайта түнере түсті:

— Тоқта, жолдас, сен қоя тұр! Тайман, сен тыңдашы, мүмкін, нашар адам дегенім дәл болмас, ал енді бар ма, нашар тәрбиеші екені факт!

Тайман оны салқын сөзбен баспақ болды:

— Дегенмен қайтесің, Қабен, кез келген жерде жамандай бермейікші сол кісіні.

— Рас, — деп қоштады Дәулетов: — Әр нәрсенің орны бар.

Бұл ақылдар Қабеннің өз тұжырымын өзгерте алмады.

— А-а?.. — деп, ойланған қалпы, аз бөгелді де, жайбарақат жалғастыра берді. — Әлде алдыңғым дұрыс па? Ғалым болудан ғой, адам болу қиынырақ, а? Мәселе мұнда да емес. Мәселе... Жоқ, сендер мынаны айтыңдаршы: өзі тәрбие тілейтін кісі өзгені қалай тәрбиелейді?

Тайман айнала қарап, өздеріне таяу отырғандардан ыңғайсызданды:

— Қабен, бұл әңгімені дәл осы жерде айтпайықшы енді...

Қабеннің миына кірер емес:

— Тайман! Сен жаңа маған кісіні кез келген жерде жамандама дедің. Қателесесің! Мен жамандап отырмын ба? Жамандық туралы айтып отырған жоқпын ба? Оның несі бар? Есіңде болсын: жамандау мен жамандық — екі түрлі ұғым. Жамандау — иттік! Мен оған бармаймын. Жамандық — бәле! Бәлеге қарсы тұрмасақ, қандай қатеге ұрынатынымызды білесің бе?.. А менің қателескім келмейді, бәленің тамырына балта шапқым келеді. Демек, бәлемен кез келген жерде күресер болсам, онда қандай жөнсіздік бар?

Қабенмен сөз таластырып бір нәтижеге келу, немесе оны өз тұжырымынан тез тайдырын жіберу қиын екенін білетін Тайман иығымен күліп, сыбырмен айтты:

— Жә, қазір тамағыңды ішіп бол, бөлмеге барайық, содан соң сөйлесерміз.

— А а?.. Жақсы, барармыз. Бірақ бар ма, бәленің бір тамыры ішімізде жатыр. Жасы үлкенге қарсы сөз айтпау деген сыпайы сырқатымыз бар. Мынаны қойшы, бұл жағымпаз ғой, — дей бергенде Дәулетов бұрқ-сарқ етіп, орнынан ұшып тұрды да, асханадан шыға жөнелді. Қабен оған қолын бір сілтеді. — Мейлі, кете берсін. Ал, мына сен барып тұрған көңілшек жігітсің. Есіңде болсын, орынсыз ұяңдық жалтақтыққа апаратын жол.

— Көңілшексің дедің-ау, ұяңсың дедің-ау сен... — деп Тайман біраз ойланып отырды да, орнынан тұрды. — Жә, қазір келесің ғой бөлмеңе...

Ол осы бетімен Қабендер жатқан бөлмеге кіргенде, Дәулетов чемоданын шалқасынан ашып тастап, өз нәрселерін әр жерден тауып, лақтырып салып жүр еді. Тайманның тұнжырлау түрін көріп, өзіне серік тапқандай серпіле сөйледі.

— Әлгі самодур сені де қуып шықты ма?

Тайман жауап қатқан жоқ, стол жанындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Дәулетов оның қарсы алдынан келіп, екі алақанымен столды баса таянды да, иығын құныстыра, мойнын қысқарта шұқшиды:

— Ол сен жоқта не істеді, соны білесің бе?

Тайман кенет түйлігіп, қатал сұрады:

— Не істеді?

— Жер-жебіріне жетті. Ынжық, жалтақ, беспринципный пошляк деді. Ол, ол ма...

Тайман Дәулетовтің сөзін бөле, столды жұдырығымен қойып қалып, атып тұрды:

— Қысқарт!

Дәулетов аң-таң:

— Ой, не болды сонша? Мынауың қалай, кім боп кеткенсің өзің?

— Сен кімсің?

Дәулетов қасара бұрылды да, екі қолын қалтасына салып, басын шайқай ысқырынып біраз жүрді. Содан соң Тайманға жалт қарап, қыжылды үнмен тістене сөйледі:

— Мен дөдеңмін сенің, білдің бә? Білгің келе ме? Дөде дегенді білесің бә, дөде! Ал керек болса... О несі-әй!..

Тайман да түсін күл ғып бұзып, ажырая қарады:

— Жоқ!.. Сен жаман адамсың!

— Жаман?

— Иә, жаман... Сөзің көп, ұятың жоқ. Ойың толған жамандық.

Есіктен екі жолдасына көзілдірігінің үстінен қарап ежірейе кірген Қабеннің құлағына Тайман сөзі шалынғанды. Егер басқа біреу болса, "Қой, бұларың не?" — деп басу айтып, жөн сұрар еді; ал, Қабен Дәулетовтің қарсы алдына омыраулап кеп кілт тұра қалды да, сұқ саусағын сілкіледі:

— Қусың! Жоқ, олай емес, жымысқысың деген дәлірек!

— Вздор! Шантаж! — деп айғайлады Дәулетов.

8

Тайман мұнайшылар клубынан кеш шықты. Лекция оқыған уақытынан гөрі үсті-үстіне қаптаған сұрақтарға жауап берген уақыты ұзақ еді.

Бұған Тайман қысылып та қалды: жұрт лекцияма риза болмады ма деп ойлаған. Ол күдігін комсорг жойды:

— Мұнайшы жастар сіз сияқты университет студенті емес қой, білмейтіндері де, білгісі келетіндері де көп. Оның үстіне ашық аралық жағдай бәрін қызықтырады. Ал, лекция тамаша өтті.

Ол Тайманды жарты жолға, қала ортасындағы көпірден өткізе шығарып сап, кейін қайтты.

Жазғы түн қараңғы еді. Бағана, күн бата сіркіреген жылы жаңбыр әлі ашылмапты, төңіректі түнерте түседі. Әр бағанның қасынан алшақ көрінген электр шамдары да бүгін әлсіз жылтырап, тұсынан өткенде аяқ астын әрең бозартады. Қаланың бұл шетіндегі ығы-жығы, жатаған корпустар біріне бірі тығылысып, түн қойнына қарауыта сіңіп барады; қаңылтыр шатырларын тысырлата тіркесіп, әлдеқайда жылыса көшіп жатқандай. Маңында қараңдаған адамдар сирек ұшырасады. Тайманның үйі қаланың батыс шетінде еді. Бұл ара тайғақ, сазды сораң дымқыл тисе болғаны — қамырдай иленіп жатады.

Ол батпақтап, үйіне таяна бергенде, көз жетер алдынан біреу қараң етті:

— Тоқтай қал! Бұ қайсың?

Тайман өз әкесінің даусын тани кетті.

— Мен ғой, көке, не ғып жүрсіз?

— Ойбай, қанатым, зәрем кеткені бар емес пе! Бері жүр, ана жерде үзілген сым жатыр, — деп, Дәурен үй іргесінен алты-жеті метрдей жерді нұсқады. Үстіндегі кенеп плащы малмандай су, баласын қолынан тас қып ұстап ап, жетектей берді.

Осы кезде бұлардың алдынан моторын зіркілдетіп, жөндеу тетіктерін тиеген жүк машинасы өтті де, әлгі Дәурен нұсқаған жерге барып тоқтады.

Дәурен қалт тұра қап, машинадан түскен бір-екі адамға айғай салды:

— Не деген жайбасар едіңдер өңшең... мен хабарлағалы үш сағат болды ғой! — Әбден ашуланған Дәуреннің тұттыға тапқан "қатты" сөзі мынау болды: — Тү-түу, шіркіндер!..

Машина маңындағылар өз кінәсін өздері мойындағандай, фардың жарығында үнсіз қалбаңдасып, үзілген тоқты жалғап жатты.

Тайман бар жайға енді түсінді: әкесі жоғары вольтті линияның үзіліп түскен токты сымын күзетіп, әбден жаурап, жаңбыр астыңда отырған да қойған екен. Үзілген сым үй іргесінен өтетін вокзал жолының арғы езуінде жатыр. Бірақ, Дәурен үйге кірсе болғаны, баласы токқа түсіп жатқандай тітіреніп, тыныш отыра алмай, түн күзеткен.

Тайман әкесін аяп кетті.

— Ой, көке-ай, босқа әбігерленген екенсің, — дегенде көзіне аяныш жасы келіп еді.

Қараңғыға тесіліп, көрінген қараға "бұ қайсың, бері жүр" деп, үш сағат жаңбырға шомыла жол торығаны Дәурен ағайдың миына кіріп те шығар емес. Баласын олжадан түсіргендей арсалаңдап, аяғын әр жерден бір басып, жұлқа жетелеп жүр.

Тайманның есіне бір сәтке ғана дәл осындай, өткен уақиға түсті.

Онда Тайман тіпті бала болатын: бесінші класта оқып жүрген. Соғыс басталатын жылғы көктем: күн жылынып, қар еріп жатыр. Мектеп қала ортасындағы дөңестеу жерде; ол жердің қары ерігенде Тайманның үйі жақтағы тарам-тарам жыра-сайлармен сарқырап су ағатын да, қала ортасын жарып өтетін жалпақ, сулы сорға кеп құйылатын.

Тайман бала кезінде ерке, аңғырттау еді. Ойын десе есі кетеді.

Бесінші класс түстен кейін оқып, күн бата тарайтын. Ал, Дәурен егер үйде болса, сағат санап, баласының келуін күтіп отырады; жұмыста жүрсе, күн батысымен-ақ үйіне дамылсыз телефон соғып, Айжаннан оның келген-келмегенін сұрап, дігірлеп болады.

Бір күні сабақтан тараған балалар шу ете қалысты:

— Бүгін клубта керемет концерт болады.

— Алматыдан балерина келіпті.

— Валерик дейсің бе?

— Жо-о-оқ, балерина деймін.

— О не ол балерин?..

— Ойбай, соны білмейсің бе, биші деген сөз ғой!..

— Жоқ, олай емес, — деп, мына білгішті басқа бір білгіш түзетіп жатыр, — биші қыз деген сөз.

А-а... солай ма?.. — деп, анау енді ұғынды.

Ол кісі билеп жүріп ән шырқайды екен.

Жоқ, үйтпейді, ән шырқап жүріп билейді.

Ана бар ғой, а, сахнаға шыққанда бар ғой, а, бір өзі тоғыз әйел, сегіз еркек болып кететін көрінеді.

Оныншы кластың кекселеу балаларының бірі балеринаның көркін, қою кірпікті мөлдір көзін мақтап:

— Ойбай, аңыз-ертегідегі ару дегендерің мына сұлудың қасыңда жіп есе алмайды! — деп, кеше мейманхана алдында машинадан түсіп жатқан балеринаны жидек ағашының түбінде жасырынып тұрып, әбден көріп алғанын айтты. Бұл бала бәрінен бақыттырақ екенін танытып, аузын томпайтып, желкесін күдірейтіп қояды.

Тайман елти тыңдап, әр білгіштің аузына бір қарай берді. Қызыққандығында шек жоқ еді.

— Ал, кеттік клубқа, — деді балеринаны өз көзімен көріп келген бала.

— Ағатай, мені де ала кет, — деп — жалынды Тайман.

— Қой, сені кіргізбейді.

— А мен етегіңе жасырынып өтіп кетем.

— Е-е... сүйтеміз екен ғой!..

Бұлар солай істеді. Жалғыз-ақ, билетсіз кірген Тайманға орын тимей, әлгі оныншы кластың баласының тізесінде бұғып отырды. Оның орны соңғы қатардың шет жағында екен. Бақылаушы кеп қуып шыға ма деп тағы қорқып барады.

Залдағы жарық сөндіріліп, пердесі баяу сырғып сахна ашылды. Бұл екі баланың күткені де осы еді.

Концерт Тайманды қатты қызықтырды. Билетсіз кіргені, орны жоқтығы — бәрі есінен шығып, аузын ашып, сахнаға қадалып қалған. Күйсандық пен домбыраның, қобыз бен сырнайдың қосыла құбылған сырлы сарыны бойын билеп, қанын қыздырып әкетіп барады. Балеринаның билегенде төбесінде ойнап, буынсыз майыса, мизандай толқыған сүйрік саусақтары бұған ауада жай есіп, жүзіп жүргендей боп кетеді де, ернін бүре, көзін ежірейтіп, кейде орнынан ұшып тұра келеді.

Жаңа ғана шахтер киімінде билеген балерина енді бірде басына қолшатыр көтеріп, ұсақ адымдап қытай қызы боп шығып келе жатқанын көргенде Тайман өзін де, өзгені де ұмытып, бар даусымен сақ-сақ күліп жібереді. Мұны етегімен жасырып кіргізген ересек бала құлағына сыбырлап, желкесінен жұлқып қалғанда ғана Тайман есін жинап, ернін тістеп бұға қалады.

Өстіп отырған Тайманға әлгі бала тағы сыбыр етіп:

— Мәссаған, көкеңді қара, — деп қалды.

Тайман сахнадан көзін тайғызып, жалт қарап еді, әкесі бүйірдегі есіктен кіріп, қабырғаны жағалап, сонау алдыңғы қатардан бері жылысып келеді екен. Үстінде жұмыс киімі, қолынан төрткүл кенеп қолғабын да шешпепті; шамасы, мұнда үйден емес, тура өндіріс басынан келген. Сахнадан түскен жарыққа беттері ғана сәулеленіп отырған адамдарды көзімен санағандай, әр қатардың тұсында кідіріп-кідіріп қалады. Жұрт мұнымен ісі жоқ, сахнаға қарайды, мұның сахнамен ісі жоқ, жұртқа қарайды.

Қонақтаған тауықтай балконнан басы қылтиып отырған ересек балалар көп еді, оған Дәурен көз де салмайды. Сірә, алдымен балконды сүзіп шыққан болса керек.

Тайман әкесі жақындаған сайын бұғып, жасырына түсіп еді, қасыңдағы естияр бала үлкендігін істеді:

— Қой, бұқпа! Дәурен аға, Тайман мұнда отыр.

Дәурен селт етіп, тез басып бұларға келді.

Тайман таң қалғанда, әкесі мүлде ренжіген жоқ. Еңкейіп өз бал асы екенін анықтап біліп алды да:

— Өй, шыбыным, — деп сыбыр етіп, залдан шығып кетті.

Есік алдындағы бақылаушы әйелге Дәурен шыға бере рақметін жаудырып жатқан болса керек, анау есікті біраз уақыт жартылай ашып тұрып, саңылаудан мойнын әрі шығарып қайта-қайта шұлғып, ризалықпен бас изеп жатты.

Осыдан бір жарым сағаттай өткенде концерт те аяқталды. Екі бала елден бұрын жүгіріп шыққан. Тайман рақаттана күліп, клубтың сыртқы есігін ашып еді, биік баспалдақ үстінде жападан-жалғыз отырған әкесін көрді. Жұмыс киімімен концертке де кіре алмай, баласын тастап үйге де кете алмай отырып, қалғып кетіпті; есік ашылғанда селк етіп, еңсесін көтеріп алып, Тайманға құшағын жая ұмтылды:

— Құлыным-ау, жырадағы суға түсіп кете ме деп зәрем ұшқаны бар емес пе?!

Бірақ, онда Дәуреннің бұл әрекеті баласына ешқандай әсер етпеген. Әкесі мұнша неге бәйек болады, мұның сыры неде? Оны ойлап жатуға Тайман міндетті де емес, шыдам да таба алмас еді.

Міне, дәл сол мінезін көп жылдан кейін бүгін, мынау жаңбырлы түнде тағы қайталады. Бұл жолы аяулы әке жүрегін терең түсінген, тебірене түйсінген Тайманның не істеудің бабын таппай, демі дірілдеп:

— Түу, көке-ай, мен бала емеспін ғой, — дегені реніш те емес, өкініш сияқты да емес, елжіреген іш толқынының, мың құбылған иірімі көп, сыры нәзікте тілі жоқ ыстық толқынның сыртқа жөндеп шыға алмай булығуы ғана; адам баласының өз бойындағы жалындай лап етіп, алаулай қалатын осындай бір отты сезім алдында дәрменсіздігіне куә ғана.

9

Демалыс күні еді.

Бүгін Қоңыр он жасқа толған. Дәурен үйіне қонақ шақырды.

Бар мүлкі ауыз үйге жиналған, төргі кең бөлме кісіге толы: "П" әрпінше қойылған ұзын столды қоршалай отырысып, қызу сөз, көңілді күлкілерін ашық терезелерден көшеге шалқыта шығарады.

Қонақтардың көбі — Дәуренмен жылдар бойы жұмыстас келе жатқан мұнайшылар. Бірқатарын Тайман да таниды. Оның таң қалғаны — осылардың бәрі өндіріс ішінде киімдері майға баттасқан, кім екенін біліп болмайтын өңкей қара өңділер еді, бүгін бәрі ағарып шыға келіпті. Киімдері де тап-таза. Наушаның да үстінен көк комбинезон түскен. Тамаққа толы стол үстіндегі тарелкелер арасында мойындары қылқиған көк шөлмектер көп; соның бірін еңсере, еркін сілтеңкіреп алған Науша алабұрта қапты. Әншейінде қағілез жігіт бүгін тіпті жеңіл — аумаған әдемі киімді артист, шашын желпілдетіп, Дәурен қолындағы домбыра үніне елігіп, ойқастап-ойқастап қояды.

Үй-іші жаң-жұң: біреу бұрғылау бригадасының асыра орындалған жоспарын айтады, біреу өндіріске келген жаңа техниканың жайын сөз етеді, енді біреу еңбекақыдан ауыстырып сақтық кассасына жиған ақшасына сыйлыққа тиген алты мыңын қосып, машина алғанын әңгімелейді; әне бір шүйіркелескен екі әйел жасөспірім балаларын мақтап, кейде ауыздарын сылп еткізе бас шұлғысады; ал, мына бір есік жақ шеттегі ерні көнтиген салпауыз жігіт мас боп қап, қасыңдағы қарасұр қатынына жарамсақтанып, қайта-қайта мағынасыз ыржаңдай беріп еді, Дәурен біраздан байқап отыр екен:

— Әй, Байғуаттың жалпылдағы, сен осы адамбысың, әлде шайтанбысың? — деп, өмірде ешкімге айтпаған қатал сөзін айтып, жұрттың бәрін түгел сол жігітке қаратты. Бірқатар адам таңданды, біреулер әлденеге түсінгендей самарқау күліп жатты.

Байғуатов салпылау ернін бұрынғыдан да көнтите жиып ап, екі елі маңдайын жаба қалған кекіл шашын кейін шұлғи серіпті де, желкесін күдістендіре бере, бояуы оңған нұрсыз көзін Дәуренге тосырайта тікті. Дәуреннің орнына Тайман ыңғайсызданып, жанында әлгібір әзірде осы үйдегі шкафтан алған кітабына үңіліп отырған Қабенді бүйірінен бір түртіп, әкесіне:

— О нең, көке! — деп қалды.

Қабен жалт қарап:

— А-а?.. — деді де, маңында болып жатқан жайды енді түсініп, шүңірек көзін көзілдірік үстінен Байғуатов пен қарасұр қатынға кезек жүгіртті.

Дәуреннің бір қолында домбыра, бір қолымен мұртының шалғысын шиырды:

— Жоқ-ау, осы шіркіннің келіннен айрыламын деп жұртқа жар салғанына бір жұма болған жоқ. Мына отырысын көрдің бе енді; сен осы кімсің, әй, адамбысың, шайтанбысың?

Байғуатов селк етіп, ықылық ата берекесі қашып, шөлмектей жасық көзінің кірпігін де қақпастан Дәуренге бадырая томырылып әлі отыр.

— Неге бақыраясың маған, өзіңнен көр! Не істеп жүрсің өзің? О не, атың шықпаса жер өрте деген бе?..

— Көке деймін, ана кісіден ұят емес пе? — деп Тайман Байғуатовтың әйелін иегімен нұсқады.

— Ұят болса қайтейін?

Байғуатов күрсіне бір дем алып, өз аузын өзі әрең меңгеріп:

— Ма... мағ... мағ-ған неғыл дейсің енді! — деп, басын сылқ еткізіп әйелінің иығына жыға салды да, біржола қыбырсыз қалды.

— Е, осының дұрыс, шіркін? — деп, Дәурен одан көзін тайғызып, қарасұр қатынға басқа бір раймен сөйледі: — Қарағым келін-ау, бір емес, екі емес, қайта-қайта газетке аттарыңды жазбай-ақ бір жайлы болуға болмай ма? Мына шіркінді мен бала күнінен білем, ал, сенікі не, жаным?

Қарасұр қатын кірпігін әркімге кезек-кезек қарап, бір ұят, бір ызамен күйіп-пісіп:

Ибай, қайнаға-ау, мына сұйқыл ініңіздің өзі емес пе бәрін істеп жүрген. Осылай есі кеткенше ішіп барады да, үй-ішін алатопалаң қылады. Осының алдына шығып жүрген мен жоқ. Не сұмдығы бар екенін білмеймін, менен қарап жүріп қысылады да, әйтеуір, аузына арақ тисе болды, маған байбалам салады, — деп, ашумен булыға жылап жіберіп, иығын шалқая тартып қалды да, күйеуінің басын алдына былқ ете түсірді; көк жібек көйлегінің бүрме жеңінен қол орамалын алып, көз жасын сүртті: — мен сонда да үндемеймін. Сонымен басқа ермек таппағандай, жата қалады да бізді ажырат деп сотқа арыз, газетке хабарландыру жазады. Бетім-ау, екі күннің бірінде істейтіні сол, мен қайтейін? Жазғандарының бірі болмаса бірі газетке шығып кететін болар.

Әлгібір әзірде машина сатып алғанын әңгімелеп отырған егделеу еркек көп ішінен тұрып, қарасұр қатынның қасына барды:

— Жарар, қарағым, жылама! Жүр, мына бар болғырды машинамен үйіңе апарып салайын. Қайтер дейсің, қояр!..

Айтарын ірікпейтін ақ көңіл Дәурен өзінің не істеп алғанын енді аңғарып, әбден қысылды. Бұл да барып, Байғуатовты бір жағынан сүйемелдеп есіктен шығарып салды да, әрі қарап тұрған қалпы:

— Келінжан, әбден бүлдірдім-ау, айналайын. Дегенмен қайтер дейсің, ұялма, сырлас адамдар ғой бәрі де... ал, анау шіркінді енді өзім қолға аламын, жөнге саламын! — деп, орнына қайтып келді.

Дәурен айтқандай мұндағылардың бәрі шынында да өзара сырмінез адамдар еді.

Сырлас адамдардың ойлары да ұқсас, тілдері де бір. Дәурен қасыңда бір селдір сақал отырған. Байғуатовқа байланысты ерсіліктер көз алдында болып өтсе де, мұның миына кіріп шығар емес; жалғыз-ақ, жаңағы машиналы адамды жадына сақтап, өзінің де сондай бір меншікті машина сатып ала алмағанына аздап өкініп қалды:

— Бөрениеден бекер кеттім.

— Неге? — деді Дәурен.

— Добыштың грапегі орындалмай, премидан қағылып жүрмін.

— Онда қайтып кел, ролигің мен канатың әзір.

— Ойбай, жібере ме мені, — деп, сақалын жел ұрған селеудей ұйтқытып-ұйтқытып алады. — Әнеугүні бір сөтке жоқ болғанымда жеке кашалканың құм қапқан плөнжірін таба алмай, он сағат кашауайттатпай қойды.

Дәурен мұның мақтаныңқырап отырғанын сезіп, немкеттілеу сөйлеседі:

— Жібер деп сұрап көрсейші.

— Шөрәбінә жібермейді.

Бұл сөздерге Тайман мен Қабен ежіктеп түсінгенмен, өздері мүдірер емес. Бұлар күлгенмен, өздері күлер емес.

Дәурен ағайдың өзіне ұқсаған қиықша қой көзді, дөң мұрын, қалқан құлақ, кішкене Қоңырдың да езуі жиналмайды. Киімі ып-ықшам, тап-таза: үстінде жеңі қысқа ақ көйлек, мойнында қызыл галстук, аяғында қара ботинка; тізесін әрең жасыратын шолақ шалбарының қыры да бар екен. Осы сауықтың өзінікі екеніне масаттанатын сияқты, үйге сыймайды, жер-көкке тұрмайды: біресе қонақ күтіп, шабан да болса тынымсыз қозғалып жүрген анасына жүгіріп барып, оның толық денесін ешқандай себепсіз құшақтап, өзіне тартады; құлағына әлдене сыбырламақта ниеті бар, бірақ не айтарын өзі де білмейді. Біресе сыртқа жүгіріп шығып, күнге қолын қалқалап, өзі қатар балаларды іздейді, сірә, мақтанбақ ойы бар. Қас қылғанда, күнде қаптап, асыр салып жүретін балалар бүгін Қоңыр көзіне түсе қоймады. Содан соң үйге кіріп, әкесі мен ағасының арасына отырып, әркімнің өзі туралы мақтау сөздерін екі езуін екі құлаққа іліп тастап, үнсіз қуана тыңдады.

— Бұл бала биыл төртінші класты кілең "беспен" бітірді, — деген Наушаны бір қартаңдау кісі:

— Өзі де Дәукеңнен аумаған мықты екен, жаман болмас, сірә, — деп, Қоңырға тесірейіп, бас изей мақұлдады.

Бұл сөздер, әрине, Қоңырдың көңіл хошы үшін әдейі айтылып жатқан. Ал, Қоңыр болса, бұған дән риза еді: бет-жүзі нарттанып, құлпыра түседі. Іштей аздап өкініші де болды; осы сөздерді өзіммен бірге оқитын балалар тыңдар ма еді деп ойлады.

Қоңыр Тайманның мойнына асылды:

— Аға, менің тату достарым бар...

Бұл Тайманның күтпеген сөзі еді. Ыңғайсызданып қалды, ақсары жүзі қызғылт тартты. Мына сауық шынында да бір түрлі еді: баланың туған күні баланың қуанышы үшін емес, тек үлкендердің арақ-шарап ішуіне себеп қана сияқты екен... Жаңағы бір маскүнемнің бар абыройдан бір-ақ айырылып, қатынының қанжығасында кеткені әлгі: одан не тәлім тумақ? Қоңырдың сол келеңсіз көрініске куә болуының өзі ұят емес пе?..

Тайман інісін ертіп, сыртқа шықпақ боп, шапшаң қозғала берді. Қатарында домбыра тартып отырған Дәурен құй сазын үзбестен жалт қарады:

— Қайда кеттің, қанатым?

— Қазір...

Дәурен домбырашы адам болатын. Қазір даусы жіңішкелеу емен домбырасын безілдетіп, Құрманғазының асқақ, әсем күйлерін бірінен соң бірін құйылтып, құйқылжыта сермеп отыр. Науша мұндайда желпінгіш, алыпқашпа, желғабаз жігіт екен; күйдің ырғақ-нәшіне басын қозғап, қолын ербеңдетіп, орнынан ұшып-ұшып тұрады. Әсіресе "Серпер" тартылып, Дәуреннің икемді саусақтары сағадан сыңқылдата, үзілте бере "тә-тә-тә", тә-тә -тәлап", жоғары жылжи ойнағанда Науша тағат таппай, бұл сарынға аузымен қосыла, жұрттың сыртын айнала жағалап, Дәуренге жетіп келді:

— Уа-а-һэй, соқ, соқ! Қыңсыла-а-ат қаншық иттей!

Жұрт ду күлді. Біреулер ерсі көріп, ұнатпай күлді, біреулер риза боп, рақаттана күлді.

Қоңырды ертіп, ауыз үйге шыға берген Тайман да мырс етті. Ауыз үйде Айжан, байсалды жүзі жадыраған ризалық пішінде, бірақ терлеп-тепшіп, біресе сырттан әкелген етті турап, біресе тұздық әзірлеп, әбігерленуде екен.

Тайман шешесін тағы аяды: анау бөлмедегілер ду-ду қызық құшағында, ал мына кісі соларды күтем деп сүрініп-қабынып азаппен жүр: бұл кісі жұрт қатарлы дем алуға, көңіл көтеруге тиісті емес сияқты...

Тайман Қоңырға:

— Айналайын, сен жолдастарыңды тауып алып, ойнай бер. Ертең өзім бәріңді жиып ап, паркке апарам, қызық көрсетем, — деді.

Бала ағасына риза боп, ойнақтап, жүгіре жөнелді.

— Мама, — деді Тайман шешесінің алдындағы ет салған табаққа ұмтылып, — әкелші, мынаны мен апарайын...

Айжан жүзін баласына бұрып, оның әлденендей бір шарасыз ажарын байқап, біраз байыптай қарап тұрды да, ұлпадай жұмсақ лебізбен:

— Үйге бара бер, жарығым, — деді.

10

Қабен кітабын жауып шынтағының астына салды да, көзілдірігінің үстінен әркімге бір сығалай қарап ұзақ отырды, көңілсіздеу отырды. Мұның көзі түскен адамдардың көпшілігі-ақ алдарында мөлдіреген араққа ұмтылысып жатыр. Қабен ішпейтіндігін о баста айтқан; қазір тек жиі-жиі "қарағым, тамақ алып отыр" деген Дәурен қолқасы болмаса, "арақ іш" деп ешкім қыстамайды.

Осы қонақтарды Қабен де дәл Тайманша, біраз оғаш сезінген-ді. Сол сезімін сыртқа шығарғысы келеді, бірақ өзіне таяу отырғандардың көбін танымайды. Дәуренге бірдеңе деуге бата алмайды. Сөйтіп жіпсіз байланып, еріксіз іркіледі. Осы кезде мұның Дәурен жағынан Тайман отырып жатып, жай ғана:

— Неге көңілсізсің сен? — деп сұрады да, жауап күткен жоқ. Анау бір бұрышта отырған орта жастардағы екі кісі бірін-бірі ішуге зорлайды. Оған бір бүйірден Науша қосылып, екеудің біріне:

— Ағайын, қайтесің сол жаман сиыққа жалынып, — деп әзілдеген болады: — Ақаңның қадірін байтоғыз біледі. "Бір қапса Серікбай қабады" дегендей, уызында жарыған бағлан тұқым байтоғыз сілтейді бір сілтесе... Қайран, өзім-ай, мына маған айтсайшы одан да... — деп, маңдай шашын бес саусағымен желкеге қарай бір көсіп қап, қырлы рюмкасын қолына алып, айналдыра қарап тұрды да:

— О, арақ, сені қайтем, игі досым,

Сен кейде көңілімнен күйді үзесің.

Сұп-суық, түк түсінбес стаканның

Еріксіз ернеуінен сүйгізесің.

...Бөркімді теріс қарай кигізесің,

Тілімді өз досыма тигізесің... —

деп, әлдебір жаттанды өлеңін әндете сақ-сақ күліп, жұртты да ду-ду қыздырып ап: — Ал, қане, алып тасталық, қызық кетпесін! Эй, сиық, сен де сылқ еткіз, тастап жібер! — деп, арағын аузына апара берді.

— А-а?.. — деп таңданды Қабен. — Тайман, мына кісі не деп тұр, өз орнында ап-ауыр отырған адамды жеп-жеңіл ғып сұйық дегені несі? Неге зәбірлейді?

Тайман еріксіз мырс етті:

— Сұйық емес, сиық... Сиық деген ру аты бар.

— А, рудың не қатысы бар бұл араға? О не, бәсеке ме?

— Қайтерсің енді...

— Міне қызық! Неге қайтпейміз біз! — деп, Қабен Тайманның бетінен отын шығарды: — Анау жігітті шақыршы маған.

— Нәуке, бері келіп кетіңізші.

Науша рюмкасын ернінен жұлып алып, бері басты:

— Иә, Тайман?

— Мына Қабен шақырады.

— Мен, мен шақырдым, — деді Қабен: — Сіз неге арақ ішуді өнер көресіз?

Науша жымыңдап Тайманға қарады, дуылдасқан жұрт бұл жердегі жайды аңғарған жоқ-ты.

— Тайман, сен екі күн бойы жыр еткен Науша деген ағай осы кісі емес пе?

— Иә, осы кісі, — деп Тайман байсалды қарады.

— Бұл кісінің қай жерін мақтап жүрсің сен?

— Айнам, кім... Тайман, аты кім деп едің бұл інішектің?

— Қабен.

— Қабен, кінәлама, жаным. Әшиін... Дәукеңнің қызығы болғасын... аздап...

— Сіздің бұл сөзіңізден үш сұрақ туады, — деп Қабен қолын шошайтты, — біріншіден, "әшиін" дейсіз. Дәурен ағайдың төріндегі құбылысты сіз неге әшиін деп білесіз? Екіншіден, "қызық" дейсіз, осы жерде қандай қызық болып жатыр? Үшіншіден, "аздап" дейсіз, анау бөтелкені бір өзіңіз тауыстыңыз; азыңыз осы болғанда, көбіңіз қандай болмақ?.. Жауап беруіңізді сұраймын!

— Бәтір-ау, енді қайттым? — деп, Науша ақсия қызараңдады. — Осының бәрі қызық емес пе, Қабенжан?

— Несі қызық мұның? Отырыңызшы мына араға, — деп, Қабен орындығының бір шетін ұсынды: — осы үйге жұрт неге жиналды?

— Ал, ие?

— А-а?.. "Иесі" жоқ, қонақ не үшін шақырылды бұл үйге?

Науша жаутаңдап Тайманға қарады. Тайман үндемеді,

Қабен қадала түсті:

— Сіз жауап беріңіз маған!

— Айнам-ау, белгілі емес пе, Қоңыржанның он жасқа толған күні ғой бүгін.

— А, о бала қайда?

Науша жан-жағына қарап, Қоңырды іздеді:

— Кетіп қалғаны ма?

— Кетпей қайтсын, — деді Қабен. — Кетпей қайтсын? Сіздің "қызығыңыздың" Қоңырға керегі қанша?

— Апырым-ай, сен қинадың-ау мені, жарқыным.

Бұлар аз уақыт үнсіз дағдарысып қалды. Содан соң Қабен:

— Енді екінші мәселе, — деп тағы да сөз бастады: — сіз мына Тайманға атының делбесін біреуге ұстатып, өзі артыңда шалқайған әлдекімді сынапсыз, солай ғой, а?

— Рас еді.

— Рас қана емес, дұрыс! Бірақ, ол тек арбада ғана отырған адам еді, ал сіз қазір екі аяғыңызды салбыратып қойып, осы үйдегі Айжан апайдың мойнында отырғаныңызды білесіз бе?

— Қой, — деп шошып кетті Науша. — Қой, айнам!..

— Қоятыны жоқ, факт!

Қонақтардың ортасына қайта-қайта тамақ тасып, осы бөлмеге бірнеше рет кіріп-шығып жүрген Айжанды Қабен бір келгенде білегінен ұстай алып:

— Апа, отырыңыз мына араға, қатты өтінемін, аздап дем алыңыз, — деп жалына сөйледі: — Тайман, жүр, асүйге баралық. Науша ағай, сіз де жүріңіз! Жалғыз-ақ, сіз, ағай, анау жас келіншектердің жеңілдеу бірін ертіп әкеліңіз бізге, керегі болады.

Науша мойнынан жүк түсіргендей жеңілейіп, бір жас әйелге жетіп барып жабысып жатты. Қайткенмен, Айжан да шыдамады: Қабеннің қылығына қатты сүйсініп, Дәуренге әлденені райлана сыбырлап, орнынан тұра берді.

11

Екеуі ымырт үйіріле үйден шыққанда қонақтардың соңы әлі тараған жоқ-ты.

Қабен ойға алғанын орындағанша асығатын: аласа есіктен еңкейе кіргендей, иә болмаса ауыр шананы жаяу сүйрегендей белін бүге, құлашын сермей, аптыға аяңдап, Тайманнан оза, кеш қараңғылығына сүзе сүңгіп бара жатты. Бұл екеуінің ойы мейманханаға бару, есептесу, таңғы самолетпен Тұзтөбеге ұшатын Қабеннің чемоданын үйге әкеліп, жолға әзірлену еді. Тайман бұған сәл өзгеріс енгізді:

— Сен ентікпе, Қабен. Уақыт жетеді, мейманхана бір жаққа көшіп бара жатқан жоқ, үлгереміз. Қазір паркке барып, ең болмаса эстрадалық концерт тыңдалық.

Қабен бойын тіктеп, тұра қалды:

— Мақұл! Ақылды ұсыныс!

Бұл қаланың мұнай исінен таза бірден бір тыныс орны — парк: қою өскен жидек ағашты шағын орман. Демалыс күні болғандықтан ба, парк іші қаптаған адам. Шеткерілеу бір майсалы алаңдарда баянға қосылып ән шырқағандар, бүйірлерін таянып, тізелерін шапалақтап би билегендер қаланың деревнялық құлқын танытады. Қалалық кітапхана алдындағы шам жарығында шахмат, дойбы ойнағандар көп. Одан әрі мылтықтарын сартылдатып, шарларын соғылыстырып тир, биллиард орындары тұр — бұлар да адамға сыймайды. Сыраханалар алдынан аяқ алып өту қиын. Шам нұры ауыспаған қара көлеңке жерлерде топ-топ бала мұрындарын білектерімен бір-бір сипап қойып, ағаш басына үрейлене ұмтылысып, жидек теріп жатады да, анадайдан күржеңдеп асыға басқан сақалды күзетшіні көріп қап, бұта түбінен пыр етіп ұшқан шіл үйіріндей дүрліге жөнеледі, қас пен көздің арасында қараңғыға сіңіп, жоқ боп кетеді...

Екі дос жазғы театрдан жанжалдасып шықты. Гастрольде жүрген үш-төрт артистің концертін тыңдаған. Конферансье мылжың жігіт екен: программасы тапшы концерттің жарымынан көбі соның жұртты күлдірем деп аузына келгенін соғып, босқа арамтер болуымен өтті. Қабен езу де тартпады, Тайман бір мырс етіп еді, Қабен жатты да жармасты:

— Неге мәз боласың?

— Мынаған.

— Түу, осы халтурщикке ме? Шет жерге осындай шанышқыдан жырылғандар, шекесіне жіп байлағандар келеді. Бұларды сахнадан қуу керек. Халық арасына мұндай сүреңсіздік емес, бояуы мол нағыз халықтық өнер әкелу шарт! — деп, Қабен алып-ұшып, көтерілді де кетті.

Онымен де қоймай:

— Сенің эстетикалық талғамың төмен, — деп, Тайманды мұқата, еріксіз таласқа шақырып, мейманханаға жеткенше айтысты.

Мейманханадан шыққан соң Қабен қайтадан зіркілдеп, қаланың күтімі нашар паркін, асфальтсыз көшесін, сылауы түскен үйлерін сынап, қалалық советтегілердің қырсыздығын мінеп келе жатты.

— Сенікі де жаңағы өзің шенеген конферансье сияқты ауызбайлық қана, — деп күлді Тайман.

— А-а!.. Ауызбайлық! Ойбай-ау, конферансьеге дәл осы тілдің байлығы жетпей жатқан жоқ па? Тіл байлығы дегенді сен қалай түсінесің өзің?!

Бұлар үйге кіргенде түн ортасы жуық еді, бірақ Дәурен мен Айжан әлі жатпапты. Асүйде жыңылдап ақ самауыр тұр. Айжан сырттан бір табақ тоңазыған ет әкеледі, оны Дәурен ақ қағазға ұқыппен орап, сары саквояжға баптап салады. Кейде "тұз әкел", "нан, май сал", — деп қояды.

Тайман мен Қабен жарыса сұрады:

— Ұйқыларың қайда, көке?

— Апай-ау, бұларың не?

Дәурен саквояждың аузын бекітіп жатып:

— Е-е ұйқыны қойшы, қарғам, — деп қолын әлдебір ризалықпен баяу сілтеді. — Қабенжанның жолына азық...

Кіршіксіз, таза жанды, асыл сезімді, мейірбан ата-ана; жолға бейне өз ұлын аттандыратыңдай бар пейіл-ықыластарымен қалбаңдасып жүр. Қабен іштей қатты тебіреніп, мынау артықша аяулы адамдарға көзілдірігінің үстінен күлімдей қарап, ұзақ тұрды.

— Қабенжан, — деді Дәурен. — Тайман, кел, шайға келіндер. Біз шай ішкенше таң да таянып қалады. Машина шақыртып қойдым.

Дәурен райы ғажап, Қабеннің асты-үстіне түседі. Оның сырт киімін де өзі щеткілеп, тазартып қойыпты. Шай үстінде:

— Қарағым Қабенжан, сені Тайманжанның досы ғана емес, туған ұлымдай көремін. Бір түрлі, бауыр басып қалыппын, — деді.

Тайман кінәсіз күлкімен:

— Көке, мұның несі ұнап жүр сізге, тұнжыраған түрі ме, несін танып-біліп жүрсіз? — деген.

— Сен, балам, осы Қабен сияқтылармен жұғыс. Әнеугі бір дудар басың маған онша сүйкімді көріне қойған жоқ. Қайдам, соныңнан не маман шығып жарытар екен? — деп, Дәурен шүбәсін айтты.

Айжан Қабен алдына қайта-қайта ас ұсынып:

— Тұзтөбеде кімің бар, Қабенжан? — деп сұрады.

— Өзіңіз сияқты анам бар еді, жалғыз анам...

— Кіммен бірге тұрады?

— Өзі ғана. Осы сапарымда Алматыға жол-жөнекей со кісінің хал-жайын біле бармақ едім.

— Е-е... қарағым, өзің аман болсаң, оқуыңда бітіп қалды ғой. Тірі кісіге бірер жыл деген не? Қолыңа аласың ғой мамаңды, — деп Дәурен қосылды. — Тек естеріңде болсын, сенің мамаңа да, біздің мынау Айжан екеумізге де келін керек екенін ұмыта көрмеңдер...

Тайман қысыла қызарады. Ал, Қабен шімірігер емес, әдеттен тыс өзгеше бір жұмсақ қалыппен отыр. Әлденеге елжіреген жайма шуақ жылы түрі бар.

Дәурен бір сөздің иінінде бұл екі шәкірттің қамын ойлап кеп, қаржы жағын сөз қып, екеуінің стипендиясын мөлшерлеп, оның үстіне қосымша өзінің ай сайын қанша ақша салып тұратынын айтқан. Тайман бұл тұста әбден жер болып, мазасы қашты: алдағы семестрде өзінің стипендиясыз оқитынын үй-ішіне айтпап еді және сездірместен кетпек еді. Байқаусызда Қабен қоқытып қоя ма деп қорыққан, абырой болғанда оның аузынан бұл туралы сөз шықпады.

Таң біліне машина келіп, досын аттандыруға аэропортқа бармақ болған Тайман чемодан көтеріп сыртқа шығып кеткен. Қабен Айжанмен жылы қоштасып, Дәуренге кезек келгенде көзілдірігін қолына алды да, оны кенет қапсыра құшақтап, бетін кеудесіне баса жылап жіберді:

— Сізді мен әкем деп ұғамын.

Дәурен де аймалап, сүйіп жатыр:

— Аман жүр, жолың болсын. Мамаңа сәлем айт.

Қабен Дәуреннің құшағында, сыртқа шығып бара жатып бір сырын айтты:

— Мен әке жылылығын көрмеген адаммын. Әкемнен ертерек қалғам. Тайманды кіналаушы едім тым ұяңсың дейтінмін. Енді білдім, сіздің ықылас-пейіліңіз адамды тек жібек мінезге ғана тәрбиелейді екен. Енді білдім, Тайман бақытты жігіт.

Ол машинаға, Тайманның жанына отырды да, кабинадан қолын, оған қоса басын шығарып, Дәуренге айғайлай қош айтып бара жатты:

— Сау болыңыз, Тайманмен бірге біржола келемін, ылғи қасыңызда боламын, бірге тұрамыз!.. Қош!..

12

Түскі ыстыққа шыдамаған Тайман мұнай өндіру цехының салқын душына түсіп, кең қақпадан шыға беріп еді, құбажон жақтан құйындатып келген жеңіл газик қарсы алдына тұра қалды. Машинадан түскен Науша Тайманды көріп:

— Қарап жүріп ыстықтайсың, ертең майға баттасқан мұнайшы киімін кигенде қайтып шыдайсың, — деп кеп қол алысты да, — мына техснабтан бір балыққұйрық әкетуге келіп едім, көтерісіп жіберші, — деді.

— Балыққұйрығыңыз не, бұрғы ма?

— Иә. Дәурен ағай бұрғысын жаңартпақ еді.

Науша айтқан "Техснабқа" бару үшін, екеуі өндіріс ортасымен біраз жер жаяу жүрді.

Сортаңды сұрғылт жерге құдіретті адам қолы темірден өрнек сала беріпті. Жер беті айқыш-ұйқыш сырғи жылжып жатқан жуан сымдар. Өндіріс ішінде аттасаң кездесетін аласа тас үйлердің әрқайсысынан сол сымдардың жуандығы білектей он-он бесі жосыла шығады да, скважина тереңінен мұнай тартқан жүздеген качалканы ырғалтып жатады. Тас үйлердің іші осы өңірдің жүрегіндей дүрсілдеп соғады. Ғажап көрініс: төрт қырлы сом темірлер тұсынан өткеннің бәріне шұлғып, бас иеді. Аяқ астынан темірлер сусып өтеді, үш шақырым тереңді тесіп, қара жерге темірлер сүңгіп барады, алпыс мың тонна суды темірлер төксе, мың тонна майды темірлер қалқып алады...

Маңдайшасында "Мәдениет будкасы" деген жазуы бар кішкене ақ үйден үш-төрт адам шығып, бері жүрді. Бұларды бір аласа бойлы, қараторы қыз бастап келеді. Ол кенет костюмінің етегін желге желпіп, қасыңдағыларға қырындай бере қолын сермеп, әлденені шапшаң айтып, түсіндіргендей болады.

Таймандардың оң жақ деңгейіндегі жеке качалка көлденең арқалығын сылқ түсіріп, қазір ғана мелшие қалған еді. Әлгі топ осы качалканың түбіне келді. Қыз сөйлеп жүрген қалпы, темірді темірге соқтырғандай тасыр-тұсыр бір қимыл жасап, качалканы қайта шұлғытты.

Тайманның көзі бағанадан бері осы топта еді: қызды да алыстан шырамытып, әлдекімге ұқсатқан-ды. Енді дәл сол қыздың мына қимылын көргенде қайран қалды:

— Анау қасыңдағыларының бәрі ер адам, качалканы қыз жүргізді... Және не деген іскер қыз. Сонда аналар кім, жай бақылаушылар ғана болды ма?

— Қызы несі! Қыз емес, темір-құдай ғой бұл, — деп, саңқ-саңқ етті Науша.

Бұл сөздерді қыз естіп, жалт бұрылды да, жымиып күлді:

— Сәлеметсіз бе, аға!

— Саумысың, шырақ.

Қыз көзіндегі күлкі ізін таратпастан Тайманға қараған, бұл да тани кетіп, қол алысты: өзімен орта мектепте бірер жыл бірге оқыған қыз. Бұл қызды сайқымазақ, тілмәр, өжет мінезіне қарап, мектептегі парталастары "тікенек" атайтын. Бірақ кейін қыздың үйі басқа кәсіпшілікке көшіп, соңғы кластарды сол жақта бітірген-ді. Тайман басқалармен де қолдасып амандасып, қызға қайта бұрылды:

— Иә, Нағима, сен осында ма едің?

— Жоқ, Алматыдамын, — деп, қыз сықылықтап күлді.

Тайман да әдеттен тыс бір ойнақылық тауып:

— Апырым-ай, өзгермепсің-ау өзің? — деп қызды ашықтан-ашық барлай қарады: — Әзіл-қалжыңың да бұрынғыша, өңің де өзгермепті, тіпті бойыңда баяғы қалпынан ұзармаған ғой деймін.

— Бойды қайтесің, ойды айтсайшы, — деп Нағима жұқа ернін жайып жіберіп, тағы да сықылықтады. Қыздың аузы тым үлкен болатын. Бірақ, бір ғажабы, осы ауыз ашудан аулақ, ылғи күлкіге жуық болғасын ба, әйтеуір үлкендігінің өзі сүйкімді еді. Арада көріспей өткен бес-алты жыл аулақтатпапты, дәл бір байырғы мектептегі ерке мінезімен Тайманды қағыта берді: — Менің бойым өспеді, ал сенің ойың өсті ме? Баяғыда, жетінші кластағы "бірмойын кетік" сені күнде сабап, жылатып қоюшы еді. Өзің де жылауықтау едің-ау. Қазір қалайсың?

Тайман әзілге шорқақтау еді. Оның үстіне мына қыз өзінің осал жері — көңілшектігінің үстінен түсіп, тап басып айтып тұр. Оған не жауап қайтармақ, "жоқ, жыламаймын!" — демек пе? Ыңғайсызданып, ұялыңқырап:

— Жоқ, сенің бойың неге өспеген? — дей салды.

Қыз қылаңдап, іліп әкетіп, алып ұшып тұр:

— Сен білмей айтып тұрсың, Тайман. Әйел адамның аласалығы ештеңе емес. Ер адамның тапалдығын айтсайшы, — деп Нағима қасыңдағы үш жігіттің жатаған бойлы біріне көз қиығын жүгірте сөйледі:

— Анау күні біздің бір тапал көршіміз сындар әйелімен көшеге шыққан. Өзі әйелінің белінен келеді. Қолтықтасайын десе, қатар жүрейін десе оның реті жоқ. Сөйлесейін десе әйелінің бетін көру үшін аспанға қарап, шалқалап қалады. Ой, әбден сорлады-ау, байғұс, — деп, арғы жағын айтпай шек-сілесі қатты.

— Тайман, мені құт, — деп, әңгіменің ұзарын сезген Науша техснабқа өзі кетті.

— Ал, қазір осында істейсің бе? — деп сұрады Тайман.

— Айтып тұрмын ғой, Алматыдамын.

— Қой! — деп таңданды Тайман. — Алматының қай жерінде жүрсің?

— Сен өзің өң көресің ғой мүлде; немене, Алматы сенің монополияң ба еді, университеттемін.

— Оның қай жеріндесің?

— Ұлы кеудесіндемін.

— Жоқ, ойын өз алдына, шыныңды айтшы, қалай, биыл түстің бе?

Қыз да күлкісін тыйып, байыппен:

— Биыл барып, геофакқа түстім. Конкурстан өткенімді алдын ала білдім де, бері ұштым. Мұнда оператор едім, мына тапал жігітке іс тапсырып жүрмін, — деді де қайтадан ойнақыланып, тағы күлді.

Тапал жігіт қыз әзілін ауырсынбады, иығын қиқаң еткізіп, жай езу тартты да қойды. Әлгі бір әзірде Нағиманың "көршім" деп тұрғаны да осы адам еді.

— Бойы ұзын адамның ойы қысқа болады, аңы мол оператор болу үшін тек аласалар керек, — деп қыз тағы сыңқылдады: — сенің практикада жүргеніңді естігенмін, Тайман. Бірақ кездесуге уақыт таппадым.

— Дұрыс, университетке түскенің тамаша болған екен. Ал, ісіңді қашан тапсырып бітесің?

— Бүгін. Екі-үш күнде ұшып кетсем деп жүрмін. — Қыз дөңес кеудесіне түскен бір бұрымын жауырынына серпіп жіберді. — Мұнда тапсырғандай не бар. Жалғыз-ақ, менің бақылауымдағы скважиналардың бәрі мұнайды екінші әдіспен өндіреді ғой. Біздің бірқатар адамдар екінші әдістің тілін түсіне бермейді. Тек соны үйрету үшін ғана-жүрмін.

— Ол әдіс мұнда кең қолданылатын болып па еді?

— Қолданылғанда қандай? Біздің ең бір зор табысымыз осы әдіс. Қазір кәсіпшілік бойынша мұнай өнімі екі есе артты.

— Сонда суды жер астына тура осы скважинаның өзінен айдайсыңдар ма?

— Иә, тура осыдан да су айдаймыз, немесе инжекциялық скважиналардан да газ, не су айдауға болады ғой.

— Инжектор? —

— Ойбай, өмірден артта қалыпсың ғой өзің...

Бұл — қыздың әзілі. Бірақ, Тайман мұны шын ықыласымен өз кінәсі есебінде қабылдады.

Тайман университетте міне үш жыл оқыды. Бұл жылдарда мұнайға байланысты геологияның біраз бөлімдерін Профессор Мусин оқытқан. Ол лекцияны теориялық жағынан өзінше тым тәуір сауатты оқығанмен, іс жүзіне келгенде сол кісінің теориясы мен практика арасындағы көп алшақтықты Тайман жыл сайын ұға түсті. Профессордың бұрғылау саласында ылғи зор мән бере сөйлеп, студенттер санасына сіңіріп келе жатқаны — роторлық бұрғылау. Биыл Тайманның бұл өңірден көрген-білгенінің бәрі одан мүлде басқа — турбиналық бұрғылау. Мұның роторлық бұрғылаудан жер мен көктей айырмасы бар: мұнда ең жеңілі ротор да жоқ, "іштен жану" двигателі де жоқ, тек насостар мен сазды ерітінділер ғана қозғаушы құш есебінде қолданылады. Профессордың түсіндіруінше жер астына бірнеше километр сүңгіген бұрғылау түтіктері мұнай көзін қазу үстінде басындағы бұрғымен бірге түгел айналып тұруы керек. Ал, турбиналық бұрғылау ісінде тек бұрғыға таяу турбобур ғана айналып отырады. Бұл істі роторлық бұрғылау әдісіне қарағанда бірнеше есе шапшаңдатады. Және мұның жаңалығы қанша десеңізші!.. Оны Тайман білімпаз профессордан емес, осында келіп, қарапайым мұнайшылардан үйреніп, әліппені басынан қайта бастағандай болған-ды. Енді міне, оқуға биыл ғана түскелі тұрған оператор қыз университеттің үшінші курсын бітірген студентті мүдіртіп тұр.

Мусин пайдаланылуға тапсырылған скважинадан качалка мұнай орнына су алса, мұнайдың сарқыла бастағаны деген түсінік беріп келген. Ал, бұл өңірдегі кәсіпшіліктер ескі скважиналардың бәріне екінші әдіс арқылы су, немесе газ айдап, жер астының қысымын күшейтіп, мұнайды сарқу былай тұрсын, оның өнімін еселеп өсіріп отыр. Ал, Мусин болса, бұл әдіске соншалық күдікпен қарайды.

— Дұрыс айтасың, Нағима, — деді Тайман, — сен дұрыс айтасың. Сенің бойың шағын болғанмен ойың үлкен. Енді бірге оқитын болыппыз ғой, мен мүмкіндігін тапсам саған аздап бой ауыстыру жағын көздейін, ал сен маған ой ауыстыратын бол! — деп күлді: — Міне, Науша да келді, ал, әзірге қош боп тұр!

Тайман мен Науша "балыққұйрықты" қолдаса көтеріп, машинаға әкеп салды.

— Жүр, — деді Науша Тайманға, — вышка басына барып қайт, ағай түстікке шығады ғой, бірге келерсің.

Тайман келісті. Екеуі құбажонға тартты. Жолда, машина үстінде де Тайманның ойы әр түкпірді кезіп келеді: студент деген кім? Ол — негізінен алғанда он сегіз бен жиырма үштің арасындағы жас адам. Оның көрген-білгені, ұққан-түйгені шағын, тәжірибесі жоқ. Адамдармен де жаңа араласа бастаған, ойлы ортаны да енді-енді көріп жүр. Адамдармен де енді-енді жөндем қарым-қатынасқа көшеді. Іс-әрекетінде, ой-парасатыңда олақтық көп. Міне, дәл осы адам не істеуге тиіс? Бұл сұрақ Тайман ойын тағы да он саққа жүгіртті. Студенттер туралы жазылған роман-повестерден өзі оқығандарын есіне түсірді. Солардың кейбірінде оп-оңай жаңалық ашып, ғылымға үлес қосып, адуындап, елден ерек шырқап шығып жүретін студенттер жиі кездеседі. Тайман амалсыз жымиды: не деген жасандылық! Студент — Жолио Кюри емес, білімі түгіл, тіпті мінезі де толық қалыптасып болмаған жас. Ал, осындай жас адамның — дүние сырын білсем, ұқсам деген, білім алғысы, мамандық меңгергісі келген игі мақсатты таза жанның тағдыры оқытушыларға сеніп тапсырылған. Сол оқытушылардың бірі — Мусин. Мусин — Профессор. Профессор — зор лауазым. Бірақ, сол профессордан алған өнегесі мұнда келгенде өңін айналдырып шыға келеді. Міне, Тайман соған қайран қалады.

Не істеу керек? Мусин сияқтының сақалын сыйлап, түшкірсе "жәрекімалда" деп жүре беру керек пе, әлде білім жолында өз ойын, тілегін ашық білдіріп, біраз қарсы келу керек пе? 0, бұл оңай нәрсе емес!.. Әлде осы ойдың бәрі Мусинге деген жай жеке бастың қырбайлығынан туып отырған жоқ па екен? Жоқ, бұл — солқылдақтық! Шіркін, мұндайда Қабен-ақ керім! Айтыс-тартысқа әзір-ақ. Шабандыққа, сылбырлыққа жаны қас. Ілбімейді, бұзып-жарып, кимелеп, өз ұғымына қарсылармен қасарысып жүреді...

— Аллай, әнеугі Қабен қызық осы, әбден терлетті-ау мені, — деп Науша екі көзі жолда, ризалықпен ақсия күлген; Тайман шошып кетті:

— Сіз менің ішіме кіріп-шығудан саумысыз?

Науша езуін жиған жоқ:

— Сенің ішінде не жатқанын кім білсін. Машинаға мінсең-ақ маңғаздана қаласың. Басыңа дүние сыйып жатса да өзіңмен өзің болмай, аздап тіл қатып, ашығырақ отырсаң қайтушы еді?

Тайман оны құптап:

— Рас айтасыз, Қабен — тамаша жігіт. Мен де соны ойлап келе жатыр едім, — деді.

— Оның тамашалығы сол, тіпті бетің бар, жүзің бар демей ойындағысын қойып қап, қарап отырады екен. Ой, сабаз-ай! Мен соны жақсы көргендіктен "енді арақ ішпеспін" деп ант еттім.

— Оныңызға сену қиын-ау, Нәуке.

— Жоқ, олла да рас, айнам! Алматыға барған бетінде Қабенге менен сәлем айтшы, "сенен қорқып, арақты біржола тастады" деші!.. Өзің қашан жүргелі жатырсың?

— Ертең.

— Қой, күні ертең бе? — деп, Науша қысыла күмілжіп қалды: — Жеңгең перзентханадан шықпай, үйді де көрсете алмай...

— Түу, сол да сөз бе екен. Оқасы жоқ.

Кеше ғана үнсіз сұлап, жым-жырт жатқан құбажонға жан бітіп жалғыз мұнара бұларға қарсы жылжып келе жатқандай жақындай берді. Жол-жөнекей Науша түсіндіріп келе жатыр.

— Бұл бұрғыланып жатқан жаңа горизонт. Мұның Бүкілодақтық маңызы бар. — Зор ризалықпен, серпіле сөйледі.

— Дәурен ағай шиырға салмай жүре ме!

Машина мұнара түбіне тақады. Енді Науша сөзін естуге мүмкіндік те жоқ еді.

Мұнара түбіндегі қарағай үйде қуатты мотор қалш-қалш етеді. Жер үсті тітірене дірілдейді. Цементтелген бір ойдым шұңқырда скважинаны бұрғылауға қажет су бар еді, оның да беті жыбыр қағады.

Мұнараның өнбойы сарт-сұрт жылжып жатқан блоктар. Тонна-тонна темірлер, ауыр түтік трубалар блок еркімен, темір арқанға тіркес ауада қалқиды. Мұнара ішінде самсап, сүйеулі тұрған жылтыр қара түтіктер кезек-кезек әлдебір тегеурінді күшпен үйіріліп скважина аузына келеді де, құдықтан төбесі қылтиған сондай және бір түтік басына бұрандалана бекітіліп, жер қойнына тітірей сүңгіп бара жатады. Әлдеқайда аулақтан, насос жақтан шлангімен жылжып сазды ерітінділер келеді де, белгілі өлшемдегі қысыммен сағыздай созылып барып түтіктер арқылы турбабурге, турбабурден бұрғыға ытқып барады. Мұнараның бір тұсындағы манометр әлгі ерітінділердің жер астын не күйге түсіріп жатқанын сүйір тілімен нұсқап, цифрлармен баяндайды...

Осынша күрделі қимылды істетіп жатқан бір бригададағы жеті-сегіз-ақ адам. Май мен топырақ басқан қаралтым беттерін тер айғыздап, әрқайсысы-ақ көк болат темірлермен қақтығысып жатыр. Әне бір жұмысшы блокпен көтерілген он метр түтік трубаны скважина аузынан бұрып әкетіп барады; жуандығына құшақ жетер емес, сонда да кеудемен тіреп үйіріп жүр. Мына бір мұнайшы жіптей есіліп, таспадай өрілген болат арқанды ысқырта сусылдатып, роликке оратады. Вертлюгпен қоса көкке көтеріле жаздап жүрген бір жұмысшы аяғын алшақ тастап, нығыз тұр еді, бұрғышы алаңынан педаль басылғанда, мынау ортекеше селкілдей жөнелді.

Бұл алып, қауырт қимылға Тайман машина үстінде тұрып қызыға, сүйсіне ұзақ қарады. Мұнара бойынан әкесін іздеді. Ол штурвалда тұр екен. Мына қимылдың бәрі соның әмірімен істеліп жатқанын Тайман енді аңғарды.

Шұғыл қарбалас үстіндегі адамдар үнсіз істейді. Бәрінің де кез қиығы бұрғышы алаңында, Дәуренде жүреді. Дәуреннің анда-санда ғана саңқ-саңқ етіп:

— Раствор!

— Қысым қанша?! — деп, әркімге шұғыл, шолақ тіл қатқаны болмаса, өзге бұйрығының бәрі сөзбен емес, ыммен келіп жетеді.

Дәурен қолы көп істің кілті екен, қайда нұсқалса, сол арада, дәл сол сәтте бір әрекет болып өтеді. Бәрі соған бағынған. Ашулы асау моторға дейін Дәуренге табынып, оның қолы жоғары көтерілсе жон үстіне жыңылдата сілкінтіп, зіркілдей жөнеледі де, төмен түсірілсе маңын тылсымдай тындырып, сөне қалады.

Тайман Дәуренге — өзінің аяулы әкесіне аса бір ыстық ықыласпен қадалып, көзін ұшқындата тікті. Ол іс үстінде мүлде өзгеріп кетеді екен: үйде мамықтай жұмсақ мейірімін ғана ұсынатын нәзік жанды әкенің қайраты да, айбаты да осында шығады екен. Бар назары іске ауған Дәурен басқа дүниенің бәрін ұмытқандай. ,

Рас солай ма?

— Көке! — деді Тайман, бойын жалындатқан соншалық бір мол мақтанышпен айғайлап. — Көк-е-е!

Дәурен жалт қарады. Баласының даусын естіді ме, әлде өздігінен көзі түсті ме, әйтеуір жалт қарады. Жалт қарады да жайнап бір күлді. Күлгенде, әрине, баласын бір айналып алды ғой!

Тайман жерде тұрды. Әке мұнара төсінде, күн астыңда тұрды. Ал бірақ, Тайманға анау күн шұғыласынан гөрі өзіне қараған әке Жанары әлдеқайда қызулырақ сезілді...

13

Поезд жүруге он бес минут қана уақыт қалды. Айжанның екі көзі қала жақта; кішкене Қоңыр қайта-қайта бұлтыңдап, вокзалға келген машина атаулының бәріне жүгіріп барып, қарап келіп жүр.

Тайманның да шыдамы таусыла бастады:

— Көкемнің мұнша кешіккені несі?..

Айжан апайдың баласына қарағандағы паң кескінінен де, ақырын дірілмен шыққан майда үнінен де зілсіз реніш байқалады.

— Ылғи осы ғой істейтіні...

Рас, ренжитін де орны бар.

— Қанатым, бір-ақ сағатта келемін. Бұрғы тұзға тіреліп жатыр, қарайын да келейін, — деп кеткені бағана, күндізгі төртте болатын. Бұлар үйде екі сағат күтті. Екі рет телефон да соқты.

— Қазір, шапшаң жетемін, — деген ол.

Міне, күн көкжиекке еңкейді. Жолаушылар вагондарға орналасып та алды. Тайман да чемоданын купеге қойып кеп, әкесін күтіп жүр. Әлі күтіп жүр.

Айжан апай шын қапаланды. Екі иінін жиі қозғап, деміге сөйлеп тұр:

— Жұмыс — жұмыс қой. Жұмысқа құштарлығы жақсы. Бірақ семьясын ұмытуға болар ма екен. Алыс сапарға аттанып Пара жатқан баласы бар... Оны да ұмытайын демейді-ау... Ал, енді... Қойшы, түсінбеймін...

Вокзал алдындағы үлкен қоңырау қаңғыр-күңгір етіп, екі рет соғылды. Жолаушылар вагондарға жүгірісті.

Айжан Тайманның маңдайынан, бетінен қайта-қайта сүйді. Кеудесіне ұмтылып, Қоңыр жабысып жатыр.

Поезд начальнигі паровоз жаққа кеткен. Сол тұстан ысқырық естілді. Тайман ана құшағынан жұлынып шығып, тамбурға секіріп мініп алды. Талапшыл проводник:

— Ішке кіріңіз! — деп, суық тіл қатты.

Поезд баяу жылжи берді. Дәл осы кезде ғана Дәурен ағайдың:

— Құлыным, Тайманым, сау бол! — деген таныс даусы естілді.

Тайманның денесі шымыр етті. Жүрегі сәл түйлігіп, шаншып кеткендей болды. Ілгері ұмтыла бере проводникпен қатарласып, есіктен басын шығара сыртқа көз тастады.

Жаңа ғана тоқтаған жеңіл машинадан түсе жүгірген Дәурен аяғын әр жерден бір басып, вагонды жанамалай емпеңдеп келеді екен. Сәл қызғылт тартқан қой көзінде жас; мейірбан жүзінде бір өкініш, бір ықылас... әрі-сәрі бір жымию, еріксіз жымию бар. Соңында құлындай ойнап, кішкене Қоңыр шауып келеді.

Дәурен баласын көрген бойда ай-пайға қараған жоқ, төменгі баспалдаққа ырғып мініп алып:

— Бетіңді әкел, құлыным, қош бол, қош! — деп, кеудесімен ілгері кимелей ұсынып, және сөйлеп жатыр: — Уақып бол! Денсаулығыңды құт. Байқаусызда трамвайға түсіп қалып жүрме!..

— Көке, түс, түс!.. — деді Тайман еңкейе аптығып.

Дәурен баласының бетінен қайта-қайта құшырлана сүйді де, кейін шалқая бере қолындағы тұтқаны жіберіп қалып, проводникке:

— Кешіріңіз! — деген өтінішін бір сәтке ауада ілініп тұрып айтты; секіріп түскен бетінде жол табанындағы биік топырақтан аз домалап барып, сырғанай құлап кетті. Басындағы кепкасы да ұшып кеткен; онымен ісі жоқ, ұшып тұра келе апалақтап, көзін баласы тұрған есікке тіге, қоштасқандай, екі қолын бірдей ербеңдете бере тағы сүрініп құлады.

Поезд қаттырақ зырғып кеткен. Дәурен көзден таса болды. Бірақ, Тайманның мейірімге толы көз алдының, жол бойының бәрі өз әкесін, оның дәл жаңағы қимас қалпын елестетті. Бетінің әр жері қыз-қыз қайнағандай болады: әке ернінің суымас ыстық табын алыс сапарына өзімен бірге әкетіп бара жатыр еді.

14

Қазақ жері халық пейіліндей кең: Тайман поезд үстінде бүгін үшінші күн жүріп келеді. Қандағаштан "Москва — Алматыға" кідірмей-ақ ауысып отырған, бірақ селдір селеулі сұрша жазық, қиыршық құмды қызғылт адыр, мол егінді сарғыш өлке, жайдақ сулы жайылма алқап, бала құрақты көкшіл ойпат, жасыл аңғар, мақталы өңір... бірін-бірі ауыстырып, төскейіне тартумен келеді.

Дала!.. Қайда қарасаң да дала. Ұшан дала түгесілер емес: көкжиекті әрі ысырын әкете береді. Кей жерлерде ғана өндіріс орталығы — үлкен қалалар, қала шеттерінде мұнай мұнарасындай биік мұржаларынан будақтаған түтінін бұлтқа қосып, маңын да сол бұлттай қалқыған көксұр тұманмен қоршап, алып заводтар қалып бара жатады. Содан соң тағы да дала, кермиық, кербез дала. Жолаушының жол бағдарындай бір қалыппен үзілмей, адаспай аңдап келе жатқан тек телеграф бағандары ғана, әлгібір қала ішінде қалып қоймайды, қайтадан катар түзеп, тізіле, тіркесе шығып, керіле көсілген сайын даланың адырын аттап, алысқа тартады. Оқта-текте қойнына әлдебір ғасырлар сырын жасыра сақтап қалғандай бүк түсіп жатқан дөңдер, қырқа-шоқылар көрінеді.

Алыстан келе жатқан бейтаныс жүргіншілермен бірге ауық-ауық Тайман да терезеге телміріп, талай көріністерді тамашалап, тастап кете берді. Ақ жайқын бетінде күн шұғыласының ұзын күміс бағанын бергі жағалауға дейін сұлатып қойып, айдынды Арал қалды: аспан астыңдағы шағын аспан тәрізді; әлгі бір күміс бағанмен көкжиекке төнген күн көзін тіреп, төмен жібермей тұрғандай. Ен далада бір биік адыр оқшау тұрып ап, жолаушыға ой салғандай томсара мүлги беріп еді, тепловоз бір қаңқ етіп, соңындағы вагондар тізбегін доғадай ие бұрылды да, оң қанаттан сылаң қағып, сұлу Сыр шықты...

Тайман терезеден көзін алмастан әлі тұр. Даладан терең сыр ұққандай. Шіркін, қойныңда қандай асыл қазына жатыр екен сенің? Кезіп кетер ме еді... Кең дала жігіт кеудесін де кеңіте түскендей, тамағын кенеп қойып ән салады. Үні соншалық баяу еді; дегенмен өзінше көкке шаншылта шырқап тұрғандай ұғады. Тайманда жартулы дауыс болмайтын. Бірақ, жүйткіген поездың бір қалыпты дүңгір-сарынына қосылып бейне опералық баритондай, өзінде жоқ бір әдемі әуез тауып алды. Таппаса да әйтеуір өзін сол әншідей сезінді. Ойына өзі қатарлы бір отты ақынның өлеңі де оп-оңай орала қалғаны; жоқ, тіпті өзгенікі емес, өз өлеңіндей... Несі бар? Көңіл күйі келгенде ақын боп кетпейтін қазақ бар ма?

Дала, дала, ұшан дала,
Даламенен келемін.
Дала көркін көрсем ғана
Терезеге төнемін.
Осы өлеңді өрі қарай әндете созып:
Сол даланың сызы емес пе,
Арқам алғаш тигені!.. —

деп, әбден елжіреп, ізінше, ән әуенін кілт үзіп алып:

Сол даланың қызы емес пе,
Жүрек алғаш сүйгені, —

деген жолдарды жай күбірмен айтып, жан-жағына қымсына қарады. Жай қымсыну емес, кәдімгідей ұят... өзін өзгеше бір ыңғайсыздыққа салды. "Қыз... жүрек... сүю..." — осы сөздер соншалық ерсі сияқты. Тайман бұл аз өмірінің ішінде жарытып қыз сүйіп көрген емес. Қыз сүю деген бұл үшін бір жұмбақ дүние; одан Тайман ап-анық жасқанады, тайсалады. Ал, анаукүнгі Қабен екеуіне көкесі айтып отырған "келін" деген бір сөз тіпті қорқынышты нәрсе!

Тайман терезе алдынан тайқып шықты, купеге келіп көңілсіздеу отырды. Енді жаңағы жарқын сезімдерден із қалмады, купенің терезесіне қарағысы келмеді, терезе сыртыңдағы дала да қызықтырар емес. Соның бәрінен жалықты. Купе іші ыстық, пысынатып, терлетіп барады. Қалтасынан бет орамал іздеп еді, қолына конверті ескірген хат ілікті.

Бұл мұнан жарты ай бұрын Алматыдан, Айбардан келген хат еді. Айбар — кәдімгі аспирант Айбар бұған сағынышын айтып, тезірек келсейші деп тілек білдірген.

Тайман хатты жаңа көргендей қызыға, ықыласпен қайта оқыды. Мұнда университеттің біраз жаңалығы бар. Айбар өз жайын, каникулға кеткендердің ішінен тек Сашадан ғана хат алғанын, ал Зәуренің жаз бойына бір де бір хат жазбай қойғанын налыңқырап айтады.

Тайман кенет қайта толқып, Айбар жайын ойлады: Айбар!.. Шіркін, Айбар-ай!.. Сен бір қызық жансың: сыртың салқын болғанмен, ішің ыстық-ау сенің!.. Бұл жағынан екеуміз ұқсас адамдармыз!.. Сырттай момын болсаң да, іштей лапылдап жүресің-ау сен!

Кейбір қу жігіттер Айбарды көп қағытып, қоймай әзілдейді. Әзіліне себеп — Зәуре.

Момын Айбар, ойлы Айбар,

Айбарда бар көп жайлар... —

деген елең де солардікі. Бұл достар арасына көп тараған өлең. Өлеңнің тууына себеп болған "көп жайларға" Зәуре де ортақ. Айбар Зәурені сүйеді, бірақ Зәуре оны ұқпайды. Айбар өз жеке басының сырына тұйық, сабырлы жігіт. Онысы университеттік комсомол комитетінің секретары болғасын тауып жүрген салмағы да емес. Мінез!

— Мінез болса қайтейін, мінезді өзгертуге болмай ма, — деп ренжиді Зәуре.

Сұлу Зәуре, ойнақы Зәуре жігіттің де қылтыңдап, құбылып тұрғанын жақсы көреді. Ал, Айбар жалт-жұлтқа жоқ адам. Ол өзін көрсетіп қалуға тіпті де талпынбайды, жасанды жалтырауға мүлде икемі жоқ.

Айбар үнсіз сүйеді, Зәуре оған айғайлап, жар салып, дабырайып сүймейсің деп ренжиді. Үндемеген адам сүйе білмейді деп ұғатын болса керек. Әлде, үндемеу — сүймеудің нышаны деп ойлай ма?..

Әйтеуір, осы екі жастың арасында ырғылжың бір жай бар.

Қыз сүю дегеніңіздің бар қызығы осы-ақ болғаны ма? Қой, бұл қызық емес, әншейін бір шырғалаң ғой, әуре-сарсаң ғой! Қазақтың "сау басты саудаға салу" дегені осы емес пе екен? Кінәмшіл бойжеткендердің көбі осынша неге шолақ? Мещанка қатынның ролін ойнап жүрген актриса сияқты, қылығының, қылымсуының бәрі жасанды, өзіндігі аз, еліктеуі көп. Бұл не? Бұл мәдениет пе? Жоқ, бұл мәдениет емес! Қайдан мәдениет болсын: сыртының бәрі бояу болғанмен ішінде өң жоқ...

Жоқ. Тайман махаббатты мұндай қыздардан іздемейді. Мұның ой-қиялында махаббат деген бір түрлі асқақ, асыңқы дүние; махаббат жұрт әнге қосып айтып жүргендей "сырлы, нұрлы" ғана емес, бәрінен бұрын сәбилік секілді пәк, уыздай таза, табиғи нәрсе. Бұл осылай ойлайды. Ойлаған сайын махаббат биікте, бұл төмен жатқан секілді, одан жасқанатыны да сондықтан еді.

Тайман хатты оқып болып, ойланып отырып қалды: Айбар әлі Алматыда жүрген ғой, демалысқа шықпағаны ма?..

Жазда студенттер каникулға тарасып, профессорлар демалысқа шыққанда Айбар университетте қалған. Студенттердің өздері салып жатқан стадионның құрылыс жұмысын басқаратын да Айбар. Құрылыста үйіне жүрер алдында Тайман да он бес күн жұмыс істеген: он метр биік қабырғаның бірқатар кірпішін қалап, цементін құйған Саша екеуі еді.

Еңгезердей ұзын Саша қол жұмысына құштар-ақ. Елең-алаңнан тұрып, бөлме ішін дүрсілдете, екі пұттық гирін ырғай көтеріп, жиырма минут дене шынықтыратын да, Тайманды оятып алып, құрылыс басына елдің алдымен жөнелетін.

Бұлар келгенде бүгін істелетін жұмыс көлемін мөлшерлеп, жасыл майсалы тегіс жерді адымдап өлшеп Айбар жүреді.

— Сен қашан келіп үлгірдің?

Айбар өзімен өзі боп:

— ...Он төрт, он бес, — деп, тосын адамға аз-кем ерсілеу әсер қалдыратын жіңішке, шыңылдақ даусымен адымын санап сөйлеп келе жатқан қалпы, бұларға селқос қайырылып, — әлгібір әзірде, — дейді де, әрі қарай адымын жалғастырып кете береді: — он алты, он жеті...

— Ух, ш-шайтан, сен ұйықтамай өмір сүретін бірдеңе боларсың, — деп күледі Саша. — Кеше ымырт үйіріле кетіп ең ғой!..

Айбардың жұмысы басынан асады. Бірақ, соның бәріне уақыт тауып, бәрін тындырып жүреді.

Тайман кетерде Айбар студенттердің Бүкіл дүниежүзілік фестивалына баруға да дайындалып жүр еді-ау! Әрине, ендігі оған барып оралған да шығар. Оны хатта неге айтпаған? Қазір не істеп жүр екен? Ең болмаса он екі күнге демалыс үйіне барып, тынығып келуге уақыт тапты ма, жоқ па? Және, біреу айтпаса, өздігінен оны да істемейді.

Дегенмен, Профессор Сапаров — партком секретары — оған жағдай жасаған болса керек. Адам жанын баққан сезімтал, сергек кісі ғой Сапаров. Айбардың ғылыми жетекшісі де сол — Сапаров. Өзі Айбарды баласындай жақсы көреді. Екеуі петрография кафедрасында Айбар диссертациясының біткен тарауларын талқылап, жиі-жиі бірге отырады.

15

Тайман Айбарды бері қарай жүрерде ат-үсті, асығыс көрді. ...Сынақ сессиясы жүріп жатыр. Бірақ геология факультетінің студенттері өндірістік практикаға баратын болғандықтан емтихандарын ертерек тапсырған. Олардың көбі стадион құрылысында он бес күн жұмыс істеп те үлгерді. Бұл міндетін орындағандар екі-үш айға стипендия, оған қосымша жол ақшаларын алып, белгіленген орындарға — өндіріске аттанып жатыр.

Университет адам үнін түгел жинапты: ызы-шу, көңілді; дауыс атаулының талай түрі бар: бас та, баритон да, тенор да, неше түрлі сопранолар да — бәрі де осында; бәрі қосылып, үш этажды үлкен үйді жыңылатып жіберген. Саша сияқтылардың гүрілдей сөйлеген баяу үнінің өзі әйел дауысты, шырылдақ Айбарлардың ән салғанымен бірдей.

Университеттің сегіз факультетінде оқитын төрт мың студенттің тең жарымы осында жүр. Оның үстіне сырттан оқитын үш мың адам келіп, сынаққа дайындалып жатыр; үшінші этаждағы алпыс аудитория соларға босатылып берілген.

Осындай мыңдаған адамның "а" дегенінің өзі бір-біріне ұласып, ұзыннан ұзақ толассыз бір жыңылға айналады да тұрады. Паркетті сықырлатқан аяқ дыбысы, әрбір елу минутта жарты минут дыңылдап тұратын электр қоңырауының үні тағы бар.

Үш этаждағы үш коридордың да ұзыны үш жүз метрге созылғанмен, ені — үш-ақ метр. Қарсы тұрған екі аудиторияның есігі бірдей ашылғанда, арасынан жіңішке екі студент қана катар өткендей жол қалады. Коридордағылардың көбіне сығылысып жүретіні де сондықтан. Көктемде болған профсоюз жиналысында Сашаның трибунаны жұдырығымен түйгіштегені жайдан жай емес.

Александр Семенов алтын шашты, еңгезердей ұзын, сары жігіт еді. Ылғи әскери киіммен жүреді: жазда сұр гимнастерка, галифе, жылтыр хром етік, қыста көнетоз офицерлік шинелі үстінен түспейді. Шекесі шығыңқы дөңгелек маңдайында әжім жоқ, сол жақ самайында, сәл көтеріңкі сирек сарғыш қасынан құлаққа қиғаш түскен екі елідей тыртық бар. "Даңқ" орденді өжет танкистің соғыстан қалған белгісі осы ғана. Әйтпесе, жүзі жылы, көңілі шуақ. Мұнымен бір бөлмеде жататын Тайман:

— Сен бар ма, Саша, сұрапыл соғыс тұрмақ, төбелес те көрмеген адамсың, — деп әзілдейтін.

Осы Сашаның әдеттен тыс, мықтап кейігені: ашуланғанда сары жүзі лай судай күлгін тартып, түтеп кетеді екен. Гимнастеркасын керіп тұрып жалпақ жаурынын беттестіре жаздап, мүйізді кең алақанын жая таңданады. Танаулы, үлкен мұрнын шуылдата тартып қап, көкшіл көзін шытынаған әйнектей жарқ-жұрқ еткізгенде, ашулы Сашаға тура қараудың өзі қиын екен.

— Бұл үйдің архитектуралық жобасын жасаған кім? — деп, президиумге қарап, жекіре сұрап алды да, жауабын өзі берді: — Иә бір өмірден артта қалған, талғамы тозған топас та, иә бір ниеті қара зиянкес!..

Президиумді басқарып отырған Дәулетов еді, автомат қаламымен графинді шыңылдатып тұра келді. Семеновқа тоқтам салар ма екен деп, қатарындағы ректорға қайта-қайта жаутаңдаған. Бірақ ректор ештеңе дей қоятын емес, толық денесін столға жыға сүйеп, жағын таянып үнсіз қалыпты.

Дәулетов трибунада тұрған Сашаға жеңіл, шұғыл бұрылып:

— Семенов, байқа! Шектен шықпа! — деді. Үнінде үлкендік бар, нықырта айтты.

Саша сұрақты кескінде Дәулетовке қарады:

— Менің айтып тұрғаным шындық, несін байқайын?

— Бұл үй соғыстан бұрынғы жоба бойынша салынған...

— А, оны өзгертуге болмайтын ба еді? Үй соғыстан кейін салынып, кеше біткен жоқ па?

Студенттер тез тұтанғыш халық емес пе, залдағылардың бәрі Сашаны қоштап, әр жерден репликалар жауа бастады:

— Жаңа корпуске шығамыз деп үш жыл күткен үйіміз-ау

бұл!

— Коридорынан екі кісі қатар жүрсе, қарсы келген қайда кетерге жер таппайды.

— Ойбай-ау, қос дуалға қысқан да қойған...

Ректор шыдай алмады. Жұртты тыныштыққа шақырып, графинді сындыра жаздаған Дәулетовты отырғызды да, өзі тұрды. Студенттер баяулап барып, басыла берді.

— Жолдастар, жай, жай... — деп, көпті тоқтатты да, Семеновқа қарады: — Сіз сонымен не айтпақсыз? Ұсынысыңыз не?

— Менің ұсынысым, — университетке лайық үй керек. Москва университет!, негізінде, студенттер күшімен салынып жатыр. Өзіміз саламыз.

Қоштаған жұрт тағы да ду-ду етті. Ректор жымиып күлді. Семенов трибунадан түсті...

...Сол Саша сынға алған университет үйі осы еді. Жағалай самсаған есіктердің көбі жабық. Жұрттың дені дәлізде жүр. Әркім өз ісін реттемек: біреулер кітапханадан алған кітаптарын тапсыруға асығады, біреулер алдын ала взнос төлемекке комсомол комитетіне кіреді, біреулер деканаттарға, кафедраларға барады. Кей аудиториялардың алды емтихан тапсыруға кезек күтіп, ошарылған студенттер; бірі конспектісіне, бірі кітабына шұқшиысқан. Енді біреулер бәрін білетіндей, кез келгенін жатқа соғатыңдай батыл, тағат таппай, екі алақанын ысқылап қойып, дігірлеп болады:

— Әлгі шәкірт әлі жауап беріп жатыр ма? Түу, шығып болмады-ау, тіпті... Ұстаз ұзақ сұрай ма, әлде шәкірттің өзі мылжың ба?

Аудитория есігінің саңылауынан сығалап тұрған бір әлжуаздау, жұқалтай қыз басын шұлғи көтеріп алады да, өзіне таяу серіктеріне аптыға сөйлеп:

— Ойһ, жүрегім дүрсілдеп барады, — деп, сәл шалқая бере көзін тас жұмып ап, екі сұқ саусағын қарама-қарсы біздитіп әкеле жатады: — Білетін сұрағым келсе түйісе қал!

Тайман осы бір шоғырды жарып өтті. Жұрттың сыңайына қарап бір күлімдеп, бір тұнжырап өтті. Күлімдегені — өзі мұндай міндеттерден құтылған; тұнжырағаны — Мусин емтихан алған гидрогеологиядан "орта" алып, алдағы семестрде стипендиясыз қалған. Қайта тапсыруға рұқсат жоқ, рұқсат бола қалған күнде де Мусиннен жақсы баға алуы күмәнді; сонымен, амалсыз, практикаға — үйіне аттанғалы жүр. Университеттегі өзге жұмыстарының бәрін бітірген.

Қазір екі-үш сағаттан кейін жүретін поезға билет алып та үлгірген: оған керегі Айбар ғана, соны іздейді. Оны да іздемес еді, кеше өзі:

— Ертең кетеріңде маған жолық, міндетті түрде жолық, — деп, қайта-қайта тапсырды. Не айтарын Айбардың өзі біледі.

Тайман комсомол комитетіне асыға кірді. Бірақ Айбар жоқ. Есік жақ шеттегі бір столда осы Тайманның өзімен бірге оқитын студенттер, ылғи "Профессор Сапаровтың досы" деп атайтын тығыншықтай тапал жігіт Арынғазы отыр.

— Сен не ғып отырсың?

— Айбарды күтіп...

— Ол қайда?

Арынғазыда тұрақты мінез болмайтын: кейде түкпен ісі жоқ маңғаз, керенау, кердең; кейде соншалық жеңілтек, алыпқашпа, қу. Қазір осы соңғы құлқына бағып, қысық көзінің кенет күлкі шақырып зыр жүгіретін кішкене қарашығы жылт-жылт етті:

— Әлгіде осында еді... Ай, таба алар ма екенсің?

Арынғазы әлденені айтпай, жасырып ішіне бүккен болады.

Онысын жылтылдақ көзі әшкерелеп тұр.

— Неге таппаймын, қайда, айтшы! — деді Тайман шыдамсызданып.

— Неге асықтың сонша, бір жаққа кетіп барамысың?

— Кетіп барам, әрине.

— А-а!.. Үйге жүрдің бе?

— Иә, үйге жүрдім, қош бол, — деп, Тайман қолын ұсынды. — Өзің практикаға қашан жүрмексің?

— Ой, мені қойшы, мен барам ғой... Ал, бері кел, — деп, Арынғазы Тайманды ұсынған қолынан өзіне тартып, еңкейтіп алды да, сыбырлай сөйледі. — Анау шеттегі, үшінші аудиторияны бір қарашы!

Тайман үшінші аудиторияның есігін ақырын ашып еді, есікке сыртын бере, терезеге қарап, Айбар мен Зәуре тұр екен. Зәуренің де бүгін астанадан алыс облыстағы үйіне жүретінін Тайман естіген. Сірә, Зәуре аттанар алдындағы сырласу болса керек, екеуі әдейі оңаша қалыпты. Бұл оңашалықты Тайманның бұзбағысы да келді, Айбардың өзіне айтарын тыңдағысы да келді.

Не істеу керек? "Қой, болмас, кірейін..."

Тайман есіктен кінәлідей батылсыз кіре берген. Мұны екеуі де сезген жоқ. Жалғыз-ақ, Зәуре әрі қарап, терезеге қадалған қалпы, серігіне:

— Қойшы осы, сенің қасыңда тұрсам ішім пысады, — деп келіп, қатқыл үнмен бір тұжырымды байлау айтып қалды. — Менің идеалым басқа!

Зәуренің қабақ түйе, кішкене ернін бүріп алып, безеріп тұрған кейпін Тайман ту сыртынан дәл болжап, көрмей таныды. Оның сөзіндегі зіл Айбарға емес, өзіне түскендей, есіктен аттай бере қалшиып тұрып қалды. Айбар Зәуреге бұл кездесуде де өз жүрегін ұқтыра алмағаны ғой!.. Қазір әлгі ауыр соққыны әрең көтеріп, есеңгірегендей бір ыңғайсыз, шарасыз халде қалған.

Тайман көңілін бір оқыс сезім билеп кетті. Оның Айбарға деген мүсіркеу екенін, әлде ыза екенін білген жоқ, соны ажыратуға уақыты да болмады, әйтеуір, не де болса Айбарға арналғанын біледі: өзін бір бөтен қол кейін жұлқып қалғандай, тез кері шегініп шықты да, есікті тарс жапты. Тек осы арада ғана есік дыбысын әлгілердің естіп қалғанын ескеріп, жүгіре жүріп кетті. Жаңа өзі әдейі іздеп келген Айбарынан енді әдейі қашып бара жатыр.

Тайман сол бетімен ешкімге жолықпастан жатаққа келіп, жолға шығып кеткен.

Айбар мынау хатыңда осы Зәурені тағы айтыпты. Әнеугіден кейін де суымаған.

"Сүйген жүрек осынша ыстық болар ма, — деп ойлады Тайман, — қызық. Қыздың сол Айбардан безгендегі идеалы қандай екен?!"

16

Тайман түскен вагонның алдында тұрғандардың біразы студенттер екен: университетте өзімен бірге оқитын достары. Көріспегендеріне жылдар өткен жоқ, бас-аяғы екі-үш ай ғана, бірақ достар арасын жылуына бөлеген сағыныш бар.

Тайманға елден бұрын ұмтылған Саша болды: оны вагон баспалдағынан жұлып ап, жұлқып түсіріп, аюдай қорбаңдап, жабыса аймалап қалды:

— Эх, ш-шайтан!..

— Жетті енді... Босат тапыраңдамай!

Айбар да келіпті, бірақ Зәуре алдындағы сыпайылығы болар, мыналарша даурыға табыспай-ақ, жайдары жүзбен жақындап, жолаушы қолын қатты қысты да, ұзақ сілікті.

Міне, мынау орта бойлы, талдырмаш, сымбатты қыз — Зәуре. Қолмен құйғандай сұлу тұлғасы, әсіресе ақ өнді, албыраған ашаң бет-жүзі алғаш көрген жігітті ә дегеннен арбап, ұзақ қарата жаздар еді. Үлкен қара мөлдір көзінде әлде еркелік, әлде наз — бір түрлі бір жұмсақ, момын ұяңдық бар. Үстінде аспан түстес көгілдір жібек көйлек; қыз қылаң етсе, судырай төгіледі. Түзу аяғындағы биік өкше туфли де, мойнына бос салған торғын орамалы, қанатты желпуішіне дейін көйлек түстес көкшіл. Осының бәрі қыз бойындағы сәнмен бірге таза талғамды да танытқандай.

Зәуре Тайманға салалы, нәзік саусақтарын ұсына бере, ақ жүзінде қызғылт толқын ойнатып, сәл жымиып күлді:

— Қош келдіңіз!

Күлкі жік салған жұқа қызыл ерні кіршіксіз ақ тістерін күнге шағылыстыра бір сәтке ғана тізілте жарқ еткізіп, кайта жасырды.

— Рақмет! — деді Тайман.

Айбармен бір тұрғасын ба, әйтеуір осы қыз Тайман көзіне бұрынғыдан гөрі сұлу, бұрынғыдан гөрі сүйкімді көрінді. Күлкісі қандай әдемі: Зәуре күлсе, ақ бетінің екі жағына екі нүкте шұқыр пайда болады. Оған нұр ұялайды. Күн нұрындай...

Күн демекші, күн әне, анау төрт қабат үйдің шатырын құшып, төмен еңкейді. Қызғылт нұрын қиыс шашады. Күн шұғыласын перрондағы мына бір биік терек көлеңкелі асфальт үстіне алтын жапырақтай шашып тастап, ақырын дірілдетіп қояды. Қолайна бетіндей бір үзік сәуле терек көлеңкесіндегі Арынғазының кекіл шашына түсіп тұр.

Арынғазының қолында Тайманның чемоданы, өздеріне қарсы беттеген Алмасты көрді де, желкесін құныстыра бере, аласа бойын одан да гөрі аласарта түсіп, шықылық күлкісіне тағы басты. Онсыз да қысық көзінің орнында екі қалың сызық қана қалыпты. Сәл таңқылау танауы делдиіп тұр. Шолақ жеңді ақ көйлегінің жағасы алқа-салқа, бір уыс кекілін де жөндеп тарамаған, маңдайына жапсыра салған жабағыдай ұйыса дудырайды.

— Алмас келді, Әлкен келеді, Досов келеді... — деп, бір кісі емес, бейне үш кісі келе жатқандай, бір атты әр саққа жүгіртіп, сұңқ-сұңқ етеді.

Алмас әдеттегі қалпы, қара костюмінің омырауынан көрінген ақ көйлекке қиылтып тұрып қара галстук таққан. Шалбарының қыры пышақ сыртыңдай, тіп-тік. Баста шляпа, аяқта жылтыр қара ботинка. Қолындағы күміс бедерлі, имек бас таяғын тықылдата ақсап, перронға шыға беріп еді, қақпа аузында тұрған әйел:

— Перрон билетін алдыңыз ба? — деді.

Алмасты ұялту үшін осының өзі-ақ жеткілікті еді, селк етіп, жан-жағына қызара қарап, кейін кетті де, вокзал үйінің кішкене терезесінен билет алды. Енді қайтып перронға шыққанша болған жоқ, поезд тоқтап, Тайман түсіп жатқан.

Перрон үсті ығы-жығы адам, көңілді қарбалас. Осынша жұрттың ауадай толқыған сан түрлі үнін баса, қуатты репродуктордан Біржан әнінің Жүсіпбек шырқаған сұлу сазы естіледі:

Кәнеки соныменен шыққан мүйіз, қасында

сұлулардың көп жантайдық....

Әнші даусы жүз бұралады, мың құбылады. Жазғы тұнық ауада кейде баяу жүзгендей, кейде шырлап ұшқандай, көп үстінде қалықтай құйқылжып тұр. Домбырасы әрбір дауыс толасында күмбір-күмбір қосылып қояды. Өлеңнің әсіресе соңғы жолын мөлдірете, баяулата кеп, үзіліп айтады.

Алмас Тайман түскен вагон алдына жетуге асығады. Перрондағы адам шоғырынан кимелей ұмтылып, әрең сытылады. Таймандарға енді жақындап, анадайдан айғайлап амандаса бергенде, алдынан кесе көлденең өтіп бара жатқан бір жас әйелдің гүлін қағып кетіп, түсіріп алды. Кілт тоқтап, жерде шашылған гүлді жинастырып жатып, қайта-қайта кешірім сұрады. Анау аздап қоңырая бастап еді, сөйтсе де Алмас елбеңдей қалған соң ізінше күле бас изеп, кешірім ишаратын білдірді.

Арынғазы осы көрініске күлген екен.

Алмас бұларға әрең жетті. Жасанды аяғын ауыр қозғап, шаршаңқырап жетті.

— Аман келдің бе, Тайман! Кешіктім бе деп ем, үлгірдім-ау, әйтеуір. Үйден шыға жүгірдім. Трамвайға да тура келе қойып, әйтеуір... — деп, "әйтеуірлей" береді. Жүгіргені өтірік болғанмен (Алмас жүгіре алмайды), асыға, аптыға келгені рас, — костюмінің құлын сауырындай толықша кеудесі көтеріліп-басылып жиі қозғалады.

— Әне, бұл сөйтеді, ылғи кешігіп жүреді... — деп, Арынғазы қулана күлгенде, қысық көзі тағы да жұмылып кетті. Әзіл аяғын неге тіреп тұрғаны белгілі. Тілге тиек тапқысы келеді: екінші бір әдетіне басып, қияс қалжың іздейді.

Соны түсінген Саша рақаттана күліп алды да, Арынғазыға қабағын түйген боп, оның сөзін өз тілінде іле жалғап жатты:

— Таста әрі, тергеп-тексермей! Бүгін Маша командировкадан келді деген, соны қарсы алған шығар, нең бар?!

Арынғазы одан сайын тұншыға күліп, жаңа ғана айтылған Біржан әнінің соңғы жолын өзінше, әндете, бұрмалай қайталап:

Кәнеки соныменен шыққан мүйіз,

Қасыңда Мағрипаның көп жантайдың, —

деп қалды.

Түу, осы Арынғазыны-ай! Кейде аяқастынан кісімсіп, кіп-кішкентай боп шірене қалады. Онда жан баласын менсінбес бұл: жұрттың бәріне манаурай қарап, тіпті ешкімнің сәлемін алмай қояды. Ал, енді бірде жоқ жерден жылтыңдап шыға келеді. Бір қуланса және орынсыз есер, дәйексіз, шексіз әзілқой. Үлкен бол, кіші бол, бәрібір: Арынғазы кенеше қадалып, құлдырап болады. Осынікі не мінез?

Мағрипаның аты аталған жерде Алмастың жайы кете бастайды, бұл жолы да қысыла қызарып:

— Тек, жетті! Немене, мен құрдасың ба едім сенің? — деп, сыбыр етіп, не істеудің бабын таппай сәл дағдарды да, ақыр аяғында. — Аһ, — деп, басын шайқап, баяу сөйледі. — Бұлар ма, бұлар отқа салар... Жасы үлкен деп сыйлау да жоқ. Жә, сөйлей тұрыңдар, әйтеуір...

Осының бәріне — жұрттың әзіліне азық, Алмастың қысылуына себеп болып жүрген Мағрипа дейтін бір жесір әйел ғана: Алмас соның үйінде тұратын. Сол әйелді мыналар біресе Мағрипа жеңгей, біресе Маша деп, көп көзінше Алмас алдынан әдейі көлденең тарта береді. Тіпті ыңғайсыз-ақ. Алмас бұл жесір әйелдің үйіне еріккеннен барып жүрсе бір жөн, онда күлкішіл қуларға қоятын кінә да жоқ. Бірақ олай емес. Университет болса, жылдан жылға ұлғайып барады. Тек Алмас келген үш-төрт жылдың ішінде ғана жаңадан екі факультет ашылды. Студенттер саны көбейе түсті. Жатақхана таршылық етті. Университет өз есебінен студенттер үшін үй жалдады. Алмас жатақханада Арынғазымен бірге жататын. Бір бөлмеде сегіз студент тұрды. Мұнда Алмас сияқты бұрын майданда жараланған, қаны тапшылау адамның лекциядан қайтқан соң тынығуына мүмкіндік аз; әсіресе сабаққа дайындалу-ақ қиын. Сонымен Алмас Досов биыл көктемдегі бір демалыс күні ұзақ уақыт жоқ боп кетті де, түс қайта Арынғазыға кеп:

— Ал кеттім. Мені шығарып сал! — деді.

— Қайда?

— Үй тауып келдім. Оңаша, тамаша үй.

Сол күннің кешінде Арынғазы Сашаға қылтыңдап кездесті:

— Ойбай керемет, Алмасты үйлендіріп келемін.

— Ну!

— Олла да рас.

— Үйге шықты ма?

— Дәл солай! Бүгін тек қас пен көздің арасында сабындай бұзылды да жоқ болды.

— Жақсы екен.

— Жақсылығы сол, бір үйде бір жас әйелмен екеуі ғана.

— Ну!

— Дәл солай!

Оспақ осыдан басталды. Саша әдетінде жоқ мінез тапты — Алмасты әзілдейтін болды. Арынғазы екеуі мұның аңқаулығын да, ұялшақтығын да аяқ астынан аңдып тауып, бір кәдеге асырып қалды. Бұл екеуіне басқа жігіттер де елігеді: Алмасқа тұзақ құратын "қулар" тобы көбейіп барады. Кейде тіпті қалжыңға жоқ Қабенге дейін қосылады, енді қайтерсің?!

Саша мен Арынғазы Алмасты күні кеше және алдап ұрды. Түс кезінде екеуі Мағрипаның қабаған күшігін шәуілдетіп, үйге ентіге кірді. Арынғазының қолында сетка, ішінде қағазға ораулы графин бар.

Алмас алдында Арынғазыдан гөрі Сашаның иығы биіктеу, беделі үлкендеу болған соң әдейі келісіп алған-ды, сөзді сол бастады.

— Алмас, — деп, ол мұны стол жанында отырған жерінде бүйірінен бір түртіп кетті: — Тұр!

— Не бұйырасың? — деп Алмас та ұшып тұра келді: екеуінің бір жақсылықпен келгенін сезген еді.

— Міне, міне, тап осының дұрыс, дәл осының ұнайды маған. Өзіңе мәлім, ертең Тайман келеді, соның құрметі болсын! Маша да ертең келе ме?.. Дұрыс-ақ! Олай болса кәне, солдат өмірін еске түсірелік, нең бар кәне? Ой ер едің-ау! Арыстан едің-ау сен! Кәне көрсетші бір сол ерлігіңді, жолбарысым!.. Ха-ха-ха!..

— Тоқтай тұр, не ғып өңмендеп кеттің мұнша? Тұра қал, сендерде не бар? — деп, Алмас та сылти бастады.

— Бізде шарап бар, тәтті шарап, — деп, Арынғазы сөзге осы арада ғана қосылды. Бұл тұста мынау өз-өзінен жұмарлана шықылықтай беретін кәдімгі құлдырауық Арынғазы емес, ойынмен ісі жоқ, түк білмейтін маңғаз, манаураған біреу: бүйрек бетіне күлкі емес ұйқы жиып алған, қысық көздің жылтылдақ қарашығындағы ойнақы ұшқындарды да сөндіріп тастапты.

Алмас тегі тәтті шарапты жек көрмейтін:

— Ал, онда не тұрыс бар, тастаңқырап жіберелік олай болса...

— Жоқ, — деді Саша, — сен әуелі үшеуімізге тамақ дайында!

Мағрипа болса командировкада, онсыз тамақ пісіруде қиын. Алмас соны айтып, тайсақтап көріп еді. "Айтам ғой, со жеңгейге әбден арқа таңып алғансың" деп Арынғазы; "Өзін де дайындай аласың, анау жылғы блиндажда ет пісіргенің есінде бар ма" деп Саша, — екеуі екі жақтан жабысып, ақыры Алмасты көндірді.

Алмас тарлау маңдайын қайта-қайта сүлгімен сипалап, екі сағат кухняда күйбеңдеп жүріп ет пісіріп, бұрыштап, тұздықтап, әбден бапталған тамақты стол үстіне әкелген; анау екеуі:

— Айтам ғой, сенен асқан аспаз жоқ!

— Ой, рақмет!

— Спасибо Сулейману, — десіп, шанышқыларын ала ұмтылысты.

— Кілт тұра қалыңдар! Құр рақметтерің өздеріңе, әлгі шараптарың қайда?

— Ох-ух, сол бар екен ғой, Арын, алып берші!

Арынғазы әперген графиннен үш стаканға мөлдірете

құйып, Алмас:

— Ал, мен кеттім, сау болыңдар... — деп сіміре берді де, стаканды ернінен жұлып ап, ұшып тұрды. — Өй, мынау шай ғой!

Саша мен Арынғазы бір шалқалап, бір бүктеле қап, шек-сілесі қатқанша күлді.

Алмас не ашуланарын білмей, не күлерін білмей, аңтарылды да қалды...

Міне, ылғи істейтіндері осы. Ой, қулар-ай!.. Ал, енді мына вокзал басында істеп жүргендерін көрдіңіз бе? Бұл да сол үйреншікті қырсықтықтың жалғасы, не айтуға болады бұларға?

— Қой, бұ не тұрыс, — деп, Алмас, мәз-мәйрам жайнап тұрған Тайманға бұрылды: — Жүрелік, трамвайға бармаймыз ба?

17

Тайман өзін күткен достарына іштей қатты риза еді, тіпті құшағына сыйса көз алдындағының бәрін құшып сүйгісі де келді. Жарқын жүз, жарасымды әзілдер... қандай жақсы! "Ортаң қандай рақат сендердің, — деп ойлады ол, — шыбынсыз жаз-ау!.."

Айбар да көңілді: Зәуремен қолтықтасып, қатар келе жатыр. Көңілденгендегі кескіні қызық: ұсақ тістерін тізілтіп қойып, ернін керіп тастап, езуін жимастан жүреді. Дөң біткен үлкен мұрнының ұшы тершіп, өз қалпына өзі рақаттанады. Қиығына әжім жиған нұрлы көзі кісіге түссе, жылы мейіріммен ұшқындап тұрады. Күлгені де, сүйсінгені де — бәрі де сол-ақ. Бәрі үнсіз істеледі. Ожар біреу жанын қинап, оқыс ашуландырып алмаса, осы қалпынан өзгере қоюы да оңай емес. Мұндайда ешкімге тәуелсіз, ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән ойы, сөзі, салмағы бар адам екені миына кіріп те шықпайды, — "жетек арасында бос", мүлде елеусіз қалады: өзін өзге түгіл өзі де ұмытып кеткендей, естен де, есептен де біржола шығарып тастайды.

— Сен биыл демала алдың ба? — деді Тайман оған.

— Жоқ. Енді ойлап жүрмін. Сапаров жолдас оқу жылы басталғаннан кейін демалыс үйіне жіберіп алам деген.

— Мұның биылғы табысы — стадион, — деді Алмас.

— А, құрылыс жұмысы бітті ме?

— Біткені несі! Кеше шеберлер ойыны сонда өтті.

Саша Тайманға жатақханадан орын алып қойғанын айтады:

— Тағы да бірге тұратын боламыз. Биылғы студенттердің көптігі сонша, екі орынды әрең алдым.

— Тайман, — деді бірде Айбар, — сендер трамваймен кетесіңдер ғой, мен троллейбусқа отырам. Университетке баруым керек.

— Неге асықтың? — деді Арынғазы.

— Кісілер шақырып қойғанмын, күтіп қалар. Бүгін жаңа оқу жылына арналған кеш өткізіледі.

Әлі өзгерер емес, әлі аузы жабылар емес. Зәуре қабақ шытып, реніш білдірді:

— Сенсіз өтпей ме ол кеш!

— Ұйымдастыру керек қой.

— Фу, ұйымдастыру! Соны біреуге тапсыра салсаң болмады

ма?

Бөтен біреу болса Айбар әлде қайтер еді? Зәуреге амалсыз іркіліп:

— Жоқ, баруым керек, — дегеннен әрі аса алмады.

— Сенің істейтінің ылғи осы. Адамға ұсап бірге шығасың да, жарты жолдан жөніңе кетесің. Қалам да барам...

Айбар үндеген жоқ. Одан қолын тартып ап, бөліне берген Зәуренің ақ қолғабы асфальт үстіне ұшып түсті. Оны Айбар байқамаған еді, қыздың өзі еңкейіп алды. Іштей тағы күйіп кетіп, ернін ғана қыбыр еткізіп, дыбыссыз: "Невежда" деп қалды.

— Біз ше, біз апарып салайық, жалғызсырамай-ақ қойыңыз, — деп құнтыңдап, қарынан ұстай берген Арынғазыдан Зәуре шынтағын ілгері сермеп қап босанды да, үндемеді. Қарадан қарап кәдімгідей шаршап ақсұр жүзін кенет шылау шалып, күрсініп келе жатыр.

— Мейлі, қайтеміз, өзі барар... — деп Айбар жұртқа бас теп, троллейбус тоқтайтын жерге бұрылды. Көз қиығындағы көңілділік әжімдері осы тұста ғана тарап, ерні тісін қасырыпты. — Кешке университетке келесіңдер ғой?

— Сөз бар ма, — деді Саша шұлғып.

Айбар жаңа кеп тоқтаған троллейбусқа асыға жүгірді.

18

Трамвайдан алдымен Зәурені түсіріп, содан соң ақ таяқты Алмас түсіп, бәрі жатақханаға бірге келе жатқан. Зәуре бағанағыдай емес. Тайман мен Сашаның ортасында көңілсіздеу келе жатыр. Чемоданды бұлғаңдата домаланып Арынғазы жүр.

Саша гүжілдеп, әзілін тияр емес:

— Қыз бойжетсе кінәмшіл болады.

Зәуре қарсыласады:

— Әйел адам жалпы ерке болуға тиіс.

— Неге?

— Негесі сол, айналасынан әйел тек құрмет қана күтеді. Оны көп адам түсіне бермейді.

Тайманның ойында ештеңе жоқ:

— Ер болсын, әйел болсын, алдымен адам болуы керек қой, — дей қойып еді, Зәуре іліп қалды:

— Неге олай дейсіз? Әлде мен адам емеспін бе?

— Жо-о-оқ, жалпы дегенім ғой!

Бұл сөзді Зәуре өз адресіне қабылдап, тағы қабақ шытты.

Жатақханадан шыққан Дәулетовтың түкпен ісі жоқ, екі қолын қалтасына сап, өзімен өзі болған қалпы, көзін көп теректің ұшар басына тіге самарқау басып, бұлардың жанымен ысқырына өткен. Саша дауыстады:

— Жабас, сәлем!..

Дәулетов көзін терек басынан тайғызып, бұларға қарады, қарады да шұғыл өзгерді.

— Привет и почтение! Оу, Тайманды қара! С при-е- ездом!.. Түу, Алмас ағай, сәлемет-жақсымысыз... — Шоқтай жайнаған үлкен дөңгелек көзі ұясынан ыршып түсердей қанша бадырайғанмен, бір төңкерілгенде бір-ақ адамды көруге жарайтын сияқты: — У-у-у-... Зәур-реш! Сіз де Тайманды күттіңіз бе?!

Дәулетов жіті басып кеп, бәрінің қолын тез-тез қысып шықты. Әсіресе қыздың қолын қайта-қайта сілкіп, иегін ілгері шығара ұмсынып, шүйлігіп қалды. Кенет құбылып кеткен бет-жүзінде бір түрлі бір құпия құмарлық, әлдеқандай алдамшы ойнақылық бар. "Тәйт!" десе ұша жөнелердей өзін соншалық жеңіл, қунақ ұстайды; қимылының бәрі ширақ, оп-оңай; лып-лып етіп, қылаң ұрады:

— Сіздерді бөгеп қалдым ба, ғафу етіңіздер.

Зәуре жүзі жадырай қапты, жігіт бойындағы көз тартып, көңіл арбап тұрған сылқым сыпайылық бұған қатты әсер еткен, күлімдей тіл қатты:

— Оқасы жоқ.

Дәулетов Тайманға қымтырыла қарады:

— Рұқсат етсең, Зәурешті бір минутке...

— Менен рұқсат.

Қыз бен жігіт бөліне берді. Дәулетов есіне бірдеңе түсіп кеткендей, бұйра шашын дір еткізе жалт қарады да:

— Тайман, үй-іші сау шығар? — деп, оған жауап күтпестен әрі бұрылды: — Жарар, кейін келем саған, сонда детально сұрап білермін.

Мұндайда Арынғазы шыдам табушы ма еді, Зәуреден дөрекілеу түрде айғайлай сұрады:

— Біз кете берелік пе?

Қыз өзіне қарай жел ұрған талдай иіліп, бүгіліп, лыпып бара жатқан Дәулетовтің қолтығында, Арынғазыға мойнын ғана бұрды:

— Мейілдерің.

19

Осы күннің кешінде Саша мен Тайманның бөлмесіне жиналғандар дүр көтеріліп, университетке бармақ болғанда Алмас шляпасын киіп, жұртпен қоштаса бастады.

— Ау, сен бармаушы ма едің? — деген Арынғазыға:

— Барып, несіне барайын? Бәрібір билей алмаймын. Оның үстіне әлгі шараптікі ме, басым ауырып тұр, — деді Алмас.

— Онда жақсы. Машаға сәлем айт!

Алмас мұны естімеген боп, сырт айналды: әбден жалықтырған сөз. Онысы бір дұрыс ниеттен айтылған сөз болса екен-ау, тағы қаңқу, тағы қағыту... Әйтпесе, не бір жан-жүрегі елжіреп бара жатыр дейсің?

Арынғазы қу босқа домаланады, өтірік құнтыңдайды, шынына келгенде ол Алмастың университеттегі кешке бармағанына тілектес. Оның бірнеше себебі бар. Егер Алмас өзімен бірге бара қалса, Арынғазының одан қиыла сұрап ап, уақытша киіп жүрген сықырлақ сары ботинкасын өзі кием деуі мүмкін. Онда Арынғазы жалаң аяқ қалады. Ал, қайыптан тайып олай етпеген күнде де Алмаспен бірге жүру Арынғазы үшін аса жайсыз: ол мұны ақсақсың, асыққанда жүгіріп жүре алмайсың, не көңіл хошы келгенде билей алмайсың деп тастап кете алмайтынын, тастап кете алмаса, арқандаулы аттай бұған амалсыз оралып соға беретінін, оралып соға берсе, Алмас Арынғазыны әбден ығыр еткен ұзынсонар ақыл-нақылын асықпай қоздатып, діңкесін құрта жалықтырып, ақыр аяғында ойын-сауықтан оп-оңай айырып ап, ұйқысын келтіретінін жақсы біледі. Демек, Арынғазы әлгіде Алмастан: "Ау, сен бармаушы ма едің?" — деп те жорта сұрап жүр.

Рас, осы жатақхананың коменданты мынау Христофор ағайдың өтінішіне құлақ қоюға болады. Мұныкі шын өтініш:

— Ал-л-мас, ты ух-ходишь? Не-нет, ты не ух-ходи!.. — деп, күрмеле жалынып тұр. Өзі удай мас, ал, мас адам шынын айтады деседі ғой "білгіштер"!..

Құдай Христофор ағайға өлшеп-пішіп, қиып-кесіп онша сараңдық етпей-ақ"артық кетсе саған кетсін" дегендей біршама мол бітім берген. Қандай дейсіз ғой! Кешіріңіз, сіз бала күніңізде жаңа жауған қардан жентектеп, кісі жасап көрдіңіз бе?.. Жә, оны қоя тұралық, былай: бір күрек иі қанған сазбалшықты сылқ еткізіп тегіс жерге тастай салсаңыз — Христофор ағайдың ісінген көнектей жап-жалпақ беті пайда болады. Оның орта тұсына күйген кірпіштің бір кесек сынығын қоя қойсаңыз — Христофор ағайдың жұдырықтай, қып-қызыл мұрны шыға келеді. Мұрынның екі жағын ала, сәл жоғарырақтан басбармағыңызбен екі сызып көз жасаңыз да, оның үстіне тауықтың екі қауырсынын жалбырата шаншып қабақ жасаңыз, ал, қабақтың жоғарғы жағына қанша сызық сыйса, сонша ирек сыза беріңіз: Христофор ағайдың маңдайы қырық қыртыс әжім. Жалғыз-ақ, саз-балшықтың мұрын орнында тұрған тас-кесектен төменгі жерін алақандай ғып ойып алуды ұмыта көрмеңіз. Христофор ағайдың ешқашан аузы жабылып, езуі жиылып көрген емес. Міне, қазір де ернін жая сөйлеп тұр, бір айтқанын қайта-қайта айтады (тілінің тұтығуына дейін аударсақ, қазақшасы мынау):

— А-л-мас, сен кет-тесің бе? Жо-жоқ, сен кет-тіт-пе! Екеуміз қал-лайық осында?..

Христофор ағайдың мұны айтқандағы ойы — Сашаның бағана мұның сырттан мас боп келгенін сезіп, стол үстінен алып тумбочкаға тыққан бір бөтелке кагорын аузынан сіміру. Ол басында Алмасқа емес, Сашаға жалынған:

— Саш-ш! Бер маған анау бөтелкеңді... Ертең Дәуренов екеуіңнің төсек жаймаларыңды, терезе жапқыштарыңды жаңартып берем. Керуеттерің шақұр-шықыр етеді екен, серіппесін қатайттырайын. Мына бұрышқа айна қойғызсам қалай көресің? Ну, анау бөтелкеңді бері әкел, Саш-ш!

Саша күйіп кетіп, Христофор ағайды солдаттық қатыгездікпен дөрекілеу тілдеп: "Үйден шық" — деген. Бірақ, мынау алдымен көзін шөлмектей өңсіз сүзіп бір түйліге қарады да, ізінше ернін жайып жіберіп мағынасыз ырқылдай берді. Христофор ағайға сөз өтпейтін, оңайлықпен кете де қоймайтын. Студенттер арасындағы осындай көңілді бас қосуды әдейі іздеп тауып, әлденені сылтау етіп ылғи рұқсатсыз кіріп, алдымен әркімді бір арқадан қағып, әркімге бір "жарылқаймын" деп уәде беріп тұрады да, жұрт жүзін жылытып алғаннан кейін стол үстін жайпай бастайтын...

Христофор ағайдың қазіргі өтінішінің Арынғазы сөзіндей емес, шын екеніне Алмас кәміл сенгенмен көнген жоқ. Тайманға жайын түсіндіріп, кешірім сұрады да, өзі жатқан үйіне қайтты.

Күн жаңа батқан. Аспанның батыс беті қызғылт қоладай жарқырайды. Тау жақындап, қалаға төніп қалыпты: төбесі аппақ қар, өңірі жасыл орман. Алмас жаңа көргендей таңырқады: "басы — қыс, баурайы — жаз!.. Қандай контраст!"

Бекер таңданады: мұндай қарама-қарсылық мұның өзінде де бар.

Алмас Досов табиғатыңда ақкөңіл, ашық адам. Мінезі-ақ әдемі: бүкпесі жоқ, адал, тіпті баладай аңқаулығы да мол. Бірақ мұнысын онымен сырлас адам ғана біледі. Әйтпесе, сырт түрі бір көрген кісіні үркітіп-ақ тастайды: суға құлайтын жардай қопсып, сәл шүңейттеу көзіне түйліге төнген қабағы тым дөң де қату еді.

Бір жолы Арынғазы оны әдетінше қағыта сөйлеп:

— Сенің бар қасиетіңді бір-ақ құртып тұрған осы бір үрпек қасың. Былай жатқыза жазуға болмай ма, мұны? — деп, ойнақыланып, Алмастың қабағына өкшесін көтере ырғып жетіп, қолымен сипап еді, анау:

— Бір түйілген қабақты жазуға болады. Ал, бір емес, екі емес, "ер кезегі үш" те емес, қатарымен төрт рет түйілген қабақ бар ма, ол жонсаң да жұқармайды, — деп, есіней жымиды.

Алмастың мұнысы әзіл болғанмен бір алуан сыры да еді: сегізінші бітірген жылы әкесі өлді, тоғызыншы бітірген жылы шешесі өлді, оныншы бітірген жылы соғыс басталды да, соғыс бітетін жылы өзі "өліп қалды"...

Алмас осы жайын айтып:

— Қырық бесінші жылдың атақты екінші майы күні өзім өлдім, — дегенде Арынғазы шықылықтап кеп, шегі қатқанша күледі.

Алмас күлмейді:

— Не күлкісі бар, шын айтам, — деп көзін жыпылықтата береді: — Мені күлкі етуге құмар-ақ екенсіңдер өздерің. Жә, күле тұрыңдар, әйтеуір...

Оның бұл да бір сыры: Берлин түбіндегі ақырғы шайқастардың бірінде оң аяғын снаряд жұлып кеткен Алмас шынында да өлген адам еді...

Көктемнің бір жаңбырлы кешінде күшпен сығырайтып көзін ашса, Алмас өзінің әлдеқайдағы тап-таза кең бөлмеде, биік төсек үстінде екенін аңдады. Қасында ақ халатты әйел отыр да, одан әрі басын таңған еңгезердей біреу жатыр. Ол бері аударылып түскенде, соңғы күндері өзімен бірге соғысқан жауынгер екенін шырамытты. Алмас ернін қыбырлатып, оған тіл қатам дегенде ақ халатты әйел де бәйек боп, жанына жақындаған, бұл қайта талықсып кетті.

Әлгі жатқан басы таңулы кісі — Александр Семенов; "өлген" Алмасты оқ астынан арқалап алып шыққан сол болатын. Мұны құтқарам деп жүргенде өзі бастан жараланған: самайын мина жарықшағы тіліп кетті. Бірақ ол бәріне шыдап, Алмасты қайткенмен дәрігерлік көмекке жеткізіпті. Сол бетте онымен бірге өзі де госпитальға түскен.

Бұл оқиғаны Алмас әлі күнге аузынан бір тастамай, қырғыздың "Манасын" жырлаған жомықшыдай, айлап жүріп айтады.

— Әкем діндар адам еді, — дейді Алмас достарына. — Өлген адамды құдайдың тірілтіп алатыны да, адамның өзі өлгенмен рухы өлмейтіні ме... әйтеуір сондай бірдеңелерді шұбатып көп айтатын. Мен оған сенбеймін. Бірақ сендер мынаған сеніңдер: Алмас деген өлген кісіні тірілткен Саша деген құдай бар. Ол, міне, мына отырған алып сары.

Саша орнынан маңғаз тұрып, Алмасты қызыға тыңдап отырған Тайманға, Қабенге, Арынғазыға жеке-жеке бас иіп шығады. Содан соң бәрі даурығып, бөлмені бастарына көтере кеп күліседі.

...Жорық жолын бірге өткен, госпитальда бірге емделген Саша университетке де Алмаспен бірге келіп түскен-ді.

Ол былай болды: Саша бес-алты айда жазылып кетті де, Алмастың аяғы келер жылдың жазында ғана жетісті.

Саша Ақтөбе маңында Шұбарқұдық мұнай кәсіпшілігіңде істейтін ағасына келді. Ол қуанып та келді, қысылыңқырап та келді: жау жеңілді, бейбіт күн туды, — соған қуанды; еш жерде қызмет істеуге мұршасы болмаған Сашаның орта мектептен кейінгі үш-төрт жыл ішінде білгені тек соғысу ғана, одан басқа мамандығы жоқ, — осыған қысылды.

Жоқ, олай емес екен. Танкіні білген Саша тракторды да білді. Шинелін шешіп, жұмыс киімін киді. Жерасты жөндеу бригадасының тракторына отырды. Дегенмен, бұған қанағаттанбады. Оқығысы келді. Бірақ биыл кеш. Ол келер жылды күтті. Келер жылмен бірге Алмасты күтті: ол бірге оқиық, университетке түсейік деп жазған.

Қырық алтыншы жылдың басында Алмастан тағы хат алды: көктемде госпитальдан шығып, Сашаның үйіне келетінін хабарлаған. Саша қатты қуанды. Бірақ Алмас тез келе қоймады. Саша асыға күтумен жүрді. Ақырында Алмас августе ғана босай алатынын айтып, Сашамен Алматыда кездеспек екенін жазды. Хатқа қоса аттестатын жіберіп, оны Сашадан университетке өз аттестатымен бірге тапсыруын өтінді. Саша солай етті.

Августе Алматыға келген Алмасты университет те, Саша да күтіп тұрды.

— Бұл ма, бұл сөйткен де Саша. Бұған ба, бұған қарызым бесшот! Соны тек қалай өтерімді білмей азып-тозып жүрмін, — деп, тағы бір қояды Алмас. Міне, мұның жыры осымен аяқталады.

Алмас жатқан Мағрипаның үйі — қаланың тау жақ шетінде. Биыл көктемде сәлемдесіп кіріп шықпақ болған Сашаға Алмастың жаңа қонысын Арынғазы тәптіштеп түсіндірген. Оқушыдан кешірім сұрап, Арынғазының сол жолғы Сашаға айтқанын бұлжытпай қайталасақ, Мағрипаның үй-жайынан әркім-ақ хабардар болып қалуы мүмкін екен-ау!..

— Міне, мына көшемен бар да, анау қарағай қақпаға бұрыл, — деді Арынғазы Сашаға Алмас мекен еткен үйдің сыртынан тақап келіп. — Рас, қақпа сыртыңдағы "Сақ бол! Қабаған ит бар!" деген жазуды аздап едірейіңкіреп оқуың мүмкін. Бірақ одан жасқанба, тұтқадан тарта бер. Қақпаны ашып қалсаң, маңдай алдыңда шағын ғана кірпіш үй тұрады. Үйдің биікше баспалдағынан атып түскен қызыл көз сұр күшік шәу-шәу етіп, сені тірсектен ала кететіндей жұмырлана жүгіреді: әлгі "қабаған ит!" — деп дабырайтып қойып, сенің үрейіңді ұшырып жүргендері — осы нәрегей. Мыңқ етпе, түк сезбейтін меңіреу адамша маң-маң басып, үйге бетте: көк айыл күшік жұлқына шабалаңдап, тобығыңа төніп-төніп қалар, бірақ тістемейді. Ай, дегенмен сенің жүйкетамырың әлсіз, шыдамың жетпейді-ау; одыраңдап, күшікке жалт бұрылып жүрер ме екенсің? Әсте сөйте қалсаң есінде болсын, сол бұрылғаныңда қабағыңды шарт түйіп алып, көзіңді аларта қойғайсың. Бітті! Күшік қораның бір бұрышына қарай зыта жөнеледі. Ол антұрған қашып бара жатып та үре береді: ақымақтың қанша қауқарының барын содан білсейші!.. Баспалдақтан шағын сенекке енесің. Оң қолында киім ілгіш тұр. Сырт киіміңді шешіп соған іл де, галошыңды түбіне таста. Маңдай алдындағы есікте кілт тұрар; егер ашық бола қалса да оған кіріп кетіп жүрме, ұят болады, ол — шолан. Сол жағындағы есікті ашсаң, кең, жарық бөлмеге кіресің; қарсы алдың қатар тұрған жібек шторлы үш терезе, Бір бұрышта буфет, бір бұрышта шар айна, ортада — ұзынша стол. Бұл — Мағрипаның қонақүйі. Екі қанатыңда және екі есік бар; оның бірі Мағрипаның өз бөлмесі де, бірінде Алмас жатады. Болды.

20

...Алмас келгенде Мағрипа ортадағы кең бөлмеде альбом қарап отыр екен. Есіктен кіре берген Алмасты көріп, райланып қалды:

— Көп кідірмедіңіз ғой. Күткен кісілеріңіз келді ме?

Мағрипа Алмастан үш-төрт жас үлкен, "сіз" деп сызылмауына болады. Бірақ, Алмасқа осынысы ұнайды: кішілік емес, сыйлау деп ұғады. Мұның ұғымынша "сен" екі жағдайда айтылуы тиіс: жақындық, дөрекілік! Мағрипа — оқыған, мәдениетті адам. Бұл бір. Екіншіден, Сашалар не десе о десін, бұлардың өзара жақын дерлік етенелігі жоқ. Сыпайы ғана сыйластық бар.

Алмастың бұл үйде тұрғанына бес ай. Осы бес айдың ішінде Мағрипа үйінде бес-ақ жетідей болды. Көбіне сапарда жүреді. Бүгін де командировкадан келді. Және неге екені белгісіз, осы жолдан бір түрлі жабырқау оралды...

Алмас Мағрипаның қасынан өте бере қайырылып, оның алдындағы альбомға көз жүгіртті:

— Мынауыңыз тамаша екен.

— Келіңіз, көріңіз.

— Рас, көретін сурет екен, — деп, Алмас Мағрипаның төр жағына кеп, столға еңкейді. — Мынау сіз ғой деймін...

Алмас Мағрипаның жайына аса қанық емес еді: бұл қазбалап сұрамайды да, анау өздігінен айта қоймайды. Жалғыз- ақ оның қаржы мекемесінде тергеуші боп қызмет ететінін біледі, қызметіне барынша ынталы екенін аңғарады. Содан соң, майданда әлдеқашан қаза болған Күйеуін әлі күнге көп ойлайтынын аздап сезеді. Бір жолы осындай бір жым-жырт бейуақта жарының қабырғадағы портретіне ұзақ қадалып, диванда қыбырсыз отырған Мағрипаны Алмас көріп, ыңғайсызданып қалған: тым жүдеу отыр екен. Осы бір сындар, қараторы жас әйелдің ағын көрсетпей әрқашан сәл қысыңқы тұратын қиықша қара көзінде, қою кірпігінде айықпайтын бір кірбің бар. Соның өзі бұған бір түрлі бір мұнартқан ұяң сымбат беретін сияқты еді. Ал, әлгі көріністен кейін Алмас сол кірбіңді өзінше жорамалдап, Мағрипаны іштей есіркеп қалған-ды.

Мынау альбомдағы сурет — осы Мағрипаның кішкентай күніндегі бейнесі: тұлымы желбіреп, гүл арасында түсіпті. Өзі де гүл сияқты, балғын жүзі топ-толық, үлбіреп, уылжып тұр. Бірақ дәл осы кішкене қыздың кірпігінде де әлгі кірбің, биязы ұяңдық бар. Мұның табиғи сипат екенін Алмас енді ғана ұқты.

— Мен мына жағын да қарасам қайтер екен? — деп, Алмас Мағрипаның қатарына отырды.

— Қараңыз.

Альбом беттері ашыла берді. Алмастың көз алдынан Мағрипаның өмір тарихы өтіп жатқандай: оқушы Мағрипа, студентка Мағрипа, қызметкер Мағрипа...

Маңдайшасында "Финанс-кредит институты" деген жазуы бар көп қабатты үйдің басқышынан бір жас қыз түсіп келеді. Қолтығында бір құшақ кітап, бір қолымен ұзын қыс пальтосының каракуль жағасын қаусыра жинап алыпты. Сұлу қыз. Алмасқа бұл сурет қатты ұнады:

— Әдемі екен, — деп те қалды.

Мына бір суретте Мағрипа он шақты адамның ортасында тұр. Кескіні дәл қазіргідей, жалғыз-ақ мынау көк атлас халаттың орнына формалы костюм кисе болғаны: айдын маңдайы, әдеміше ашаң жүзі, кірбіңді кірпігіне дейін міне, осы қалпында...

— Бұлар менімен бірге істейтін финансистер ғой, — деп түсіндірді Мағрипа.

Альбомның соңғы беттеріндегі бірнеше сурет Күйеуімен бірге түскені екен. Енді бір бетте Мағрипа бала көтеріп тұр: кекілі желбіреген ұл бала. Алмастың айта алмай отырған сұрағын Мағрипа үнсіз түсінді:

— Менің Қайсар деген ұлым.

— Бұл бала қайда қазір?

Мағрипа іркіліңкіреп сөйледі:

— Мұның тарихы үлкен... Осы сапарымда арнайы барып едім, тағы ала алмай келдім...

Алмас таңдана қарады. Мағрипа жайын айтты: Күйеуінің ауылдық жерде тұратын әке-шешесі "жалғызымыздың көзі" деп, баланы анасына бермей қойыпты. Мағрипа мұны |ренішпен айтты:

— Қазақшылық деген осы.

Алмас та қоңырая тыңдап, орнынан ақырын тұрды да, бөлмесіне кетті.

Мағрипа Алмастың бөлмесін де тап-таза ғып, сыңғырайтып қойыпты. Ылғи осы: Алмасты өз адамынша, жанашыр қамқорлықпен күтіп, айқын игі пейілмен жүреді. Мұның түн ортасына дейін қадалып отырып, кітап оқитынын да біледі.

Алмас соғыста екі рет контужен болған. Сондықтан ба, әйтеуір мұның жады нашар, ұмытшақ, ұққанын ойына көп сақтай алмайды. Қабенге қайран қалады: бір тыңдаған лекциясын бір жылдан кейін сұрасаң мөлдіретіп айтып отырады. Шет тілі болмаса, конспектісін көп қарамайды, оның есесіне оқытушы көрсетіп берген көмекші құралдарды оқиды. Онда да Алмасша шұқшиып жатпайды, университет кітапханасында үш-төрт сағат-ақ отырады. Қалған уақыттарында кітабын қолына алып, қалаған жеріне кете береді.

Қабен — озат студент. Өткен оқу жылында Киров атыңдағы стипендияға ұсынылған. Бірақ әлі хабар жоқ. О несі екен? Профессор Мусин Дәулетовтің кандидатурасын қатар ұсынды деп еді, сол кедергі болды ма? Қой, Дәулетов стипендиат болушы ма еді? Емтихан кезінде көп оқытушылардың жұмсақтығын пайдаланып, стол үстіндегі өзі ала кіріп қойған кітабының, не бас киімінің тасасына конспектісін жайып салып, жайрап кеп отырады. Апырым-ай, өзі мықты: тіпті міз бақпайды-ау!.. Отырысының орнықтылығына қарай ма, бірқатар оқытушы тіпті сезіктенбейді. Қатал оқытушының да Дәулетов ебін табады, онда жаюлы дәптер тізесінің үстінде жатады. Екі жұдырығымен басын тіреп, мұрнымен столды сүзе бүкшиеді де қалады. Оқытушы оны ойланып жатыр деп түсінеді, оқып жатқанын қайдан білсін. Сол Дәулетов те — оқу озаты. Енді Қабенмен қатар стипендиат болғысы келген, ұялмайды-ау өзі!..

Алмастың мұндай айлаға да ебі жоқ. Бар қолынан келетіні — тапжылмай отыру. Кейде таң атқанша отырады.

Бір оқығанын қайта-қайта оқиды. Саяси экономияның кей жерін тіпті жаттап алады. Сонда да мәз емес: стипендияға әрең ілініп жүр. Оны Мағрипа қайдан білсін, түнімен кітапқа тесілген Алмасты бірнәрсені қиратып жатқандай көріп, ылғи есіркеумен болады.

— Сізді мазалап бітер, — деп Алмас жатқан төргі бөлмедегі телефонды да Мағрипа ортадағы залға шығарған-ды.

Онысы рас: телефон мазасыз еді. Үй иесімен бұрын бірге істескен дос-жарандар көп, бәрі бұл үймен жиі хабарласып, телефонды көп сылдыратады. Кейде осы телефон Алмасты ұятқа да қалдыратын. Бір жолы кітап қызығына түскен Алмас телефон трубкасын алмай қойды. Мағрипа үйде жоқ болатын. Бірақ телефон қайта-қайта безек қағып, Алмасты амалсыз тұрғызды.

— Иә.

— Бұ кім?

— Сізге кім керек еді?

— Бұл кім деймін?

— Кім ке-ре-е-ек сізге?

— Өзің есімсіз адамбысың?

— Кім керек сізге? Өзіңіз кімсіз?

— Мені қайтесің, мен осындағы бір мекеменің бастығымын, сен кімсің?

— Бастық болсаңыз қайтейін... мен Досовпын.

— Дос-о-ов?! Бұ қайдағы Досов?

— Апыр-ай, сізге кім керек еді, ағай?

— Маған Ернардың әйелі керек еді.

— Мағрипа ма?

— Иә.

— Ол кісі жоқ үйде.

— Оны қайдан білесің? Өзің осы үйдің адамымысың? Қандай жақындығың...

Алмас трубканы салып тастады. Ішінен өзіне, өзінен гөрі Мағрипаға ыза болды: "Осы кісінің тамыр-танысы-ақ таусылмайды..."

Алмас кейін білді: бастық қылтың-сылтыңы жоқ, егде адам екен. Бір демалысында әдейі келіп, өзінің бұрынғы орынбасары — Ернарды әңгімелеп, Мағрипаның аман-түгелін, хал-жайын біліп, Алмаспен де танысып кетті. Бірақ салған жерден, тіпті жүз көрмей жатып "сен, сен" дегенін Алмас іштей кешірген жоқ: "Бастық болған адам жұрттың бәрін қолбала көруге бола ма? Терең кабинеттегі тайыз мінездер қашан құрыр екен?!"

* * *

Алмас бөлмесіне кірген соң шешініп, жазу столының жанына отырды. Ертеңгі семинарға дайындалмақ еді. Сол екі арада стол үстінде жатқан "Мың бір түнге" көзі түсті. Алып, оқи бастады.

Есікті ақырын ашып, Мағрипа баяу үн қатты:

— Ас ішіп, біржола отырсаңыз қайтеді?

Алмас кейін бұрылып, ықыласпен жымиды:

— Рахмет! Жаңа ғана тамақтанып шығып едім.

Алмастың ту сыртынан ақырын ашылған есік ақырын жабылғандай болды. Бірақ, қалай екенін өзі де білмейді, оның ішкі сарайында күтпеген жерден кенет ашылып кеткен әлдебір құпия сыр мен сезім "есігі"... жабылмай қалды.

Көзі кітапта. Оқып отыр. Бөлме іші тыныш, қабырғада тек жарсағат қана терезе сыртынан тырс-тырс тамған жаңбыр тамшысы тәрізді бір ырғақпен алыстан болар-болмас дыбыстайды. Тыныштықты бұзбайтын, қайта орнықтыра түсетін үйреншікті ырғақ... Уақытта бір қалыпты өтіп жатыр. Ал Алмастың ішкі дүниесі — сана ма, сезім бе... — күллі жан жүйесі ырғағын бұзып, тыныштықтан айырылды. Кейде тіпті айрың-үйрің... Жалғыз-ақ соны зерделеп отырған бұл жоқ. Зерделей алмайды да... Күн мен түннің, бар мен жоқтың арасы секілді бір бейуақта тап болған бұлдыр белгісіздік. Ұғып болмайтын бір бейберекет ішкі дүбір, сыртқы діріл. Санаға бағынбайды, саралауға көнбейді. Ұйқы-тұйқы, қиыр-шиыр...

Кітап қызық. Баурап әкетіп барады: "Шаһрабаз аңын аулап кете берді. Шаһразаман жабырқаған көңілмен, ағасының биік мұнарасына шығып, алдындағы алыстан көрінетін бақша жаққа қарап отырған күйінде қала берді. Аңшылар кетіп, адам аяғы басыла бере, ағасының қатыны үлде мен бүлдеге бөленіп, жиырма сұлу кәнизегін және бірнеше уәзірлердің қатыңдарын ертіп қалың баққа барып кірді. Бақ арасында жұмыс істеп жатқан бірнеше құлдар барған сұлуларды қарсы алды. Құшақтасты, сүйісті. Барлығы бірлесіп, бақшаны аралап келіп һауыздың жағасына тоқтады. Отырып киімдерін шешті. Аппақ балбыраған денесін күнге шағылыстырып, керілді. Есінеп, оймақтай аузын ашты, құшағын құстың қанатыңдай жайып жіберіп ағасының қатыны:

— Масқұт, ә, Масқұт! Кел, жаным, келші! — деп жібек кілемнің бедеріндей түрленген көк майсаға сылқ етіп жата кетті.

Бақшаның арасынан еңгезердей қара құл шықты да, ақ қоянды төскейде ілген бүркіттей, сұлуды бас салды. Күнге көпсіген бір уыс мақтадай, сұлудың денесі, бір арба көмірдің астыңда қалғандай, көзден ғайып болды".

Алмас кітапты жаба қойды.

Денесі дір-дір етті. Тұла бойы суық шалғандай ма, әлде жылу жайлағандай ма, оны өзі де түсінбейді. Әйтеуір бір діріл...

Орнынан ұшып тұрды да киімін шешті. Шамды сөндірді. Көрпесін жамылды, жатты. Көзін жұмып, ұйқы шақыра бастады.

...Көзі ілініп кеткен екен.

Өң түске айналды: бір мамыражай, мажыра сәт, рақат! Өзі сәл тұншыға тыныстайды. Тыныс алар жері — бір жұп-жұмсақ, тап-таза, әжімсіз жұмыр иектің асты. Аздап ынтыққандай болады. Жүрегі жиі қағады. Лүпілдейді...

Селк етіп оянып кетті. Бетін құс жастыққа басып, көміп жіберіпті. Демі тарылып, тұншыға тыныстағаны содан екен. Бетін жастықтан аударып еді, түс айықты: әлгінің бірі жоқ. Қап! Көзін қайта жұма қойды. Бірақ ұйқы келмеді. Ұйқы қашты.

Жұмулы көз алдында енді Мағрипа пайда болды. Өзі емес, елесі. Сол... әдеттегі биязы, баяу қалпы. Кірпігінде айықпас кірбің, нәзік кіреуке, бір мұң, бір сыр да сол қалпында... Бір түрлі тартымды. Үнсіз ұққан яки ұға жаздаған жанды өзіне бейімдейді.

Бұл сүйсіне түсті. Соған қарай ұмсынып, ұмтылып қалғандай. Алайда анау алыста... Жоқ, бері бұрылғандай, жылжып жақындағандай... Мұның жадында жасынан жасырын жатталып қалған бір жан тебірентер жақсы өлең:

"Келші, сәулем, жылжып қана жібектей..."

Бұл күй енді түйсіктен түсінікке, сезімнен санаға ауыса бастады.

Мұның көкейінде, көкірегінде әлденені сағыну, аңсау бар. Оны да өзі енді білді.

Аңсар...

Адам қызық-ау, осы! Аңсағаны қол созым жерде, қарсы бөлмеде ғана жатыр. Соған қарай тек ұят аттатпайды. Іңкәрлікті иба жеңеді. Нәпсіні ақыл билейді. Тәннің тілеуін жанның түлеуі жасқап-тоқтатады.

Қызық!

Жоқ, қызық енді басталды: қараңғыда қарсы есікті қалай ашқанын Алмастың өзі де аңдай алмай қалды...

21

— Қош келдіңдер!"

Осы екі сөз отпен жазылыпты. Университет маңдайында ойнап тұр: сөне қалын, іле-шала қайта жанады, жымың қағады.

Бұл үйге кірген-шыққандар сондай көп еді. Ұзын ақ колоннада арасындағы бес үлкен есікте тыным жоқ. Ортадағысы бір топ адам тізбегін ішке сүйреп, тіпті ашық қалған.

Үшінші этаждағы үлкен залдың терезелерінен вальске басқан джаз оркестрдің көп ырғақты, қуатты үні естіледі.

— Университет билеп тұр, — деді Саша.

Тайман үндеген жоқ, мақұлдап бас изеді де қойды. Оркестр үні мұны да сезімге бөлеген, аяғын музыка ырғағымен жұмсақ басып, сәл теңселе жүріп келеді.

Саша досының қаннен-қаперсіз, көңілді қалпына сүйсіне қарады:

— Сен де билеп келесің!

Бұлар асфальтты алаңмен университет алдына жеткенде, оң жақ қанатты орағытып өтіп, қайқы бел қара "Зим" тоқтады. Одан ректор мен Профессор Сапаров түсіп, биік баспалдаққа көтерілді.

Саша мен Тайманға ректор бас изеп өте берген еді, Сапаров тоқыма қияқ қалпағын жоғары көтеріп тұра қап, сәл дірілді қоңыр даусымен:

— Сәлеметсіздер ме, — деп райлана амандасты.

Ақ жібек костюмінің шалғайын толқыта кешкі баяу жел желпіді. Әжімді жүзінде сезімтал сергектік, кісілікті кісіге тән өзгеше бір жылы мейірбандық бар еді...

22

...Зал іші ширақ қимылмен тегіс дөңгеленіп, шыр көбелек үйіріліп кеткен, вальстің аяғы екен. Оркестр құбылмалы көп үнін бас пен баритонға дендетіп, жыңылай самғап біраз тұрды да, жалпақ жез барабанын шаң-шұң еткізіп тына қалды.

Сахнадағы музыканттардың алдына Айбар шықты:

— Отыз минут үзіліс. Үзіліс кезінде вестибюльде викторина ойналады. Үзілістен кейін төменде, клубта "Совет студенттерінің моральдық бейнесі" деген тақырыпта университет ректоры лекция оқиды. Содан соң түрлі-түсті фильм көрсетіледі.

Жұрт лап қойып, залдан шыға бастады. Мұнда жаңа ғана кіріп, шет жақта тұрған Саша мен Тайман да есікке беттеді.

— Кеш келіппіз-ау, — деді Тайман.

Саша өкінген жоқ:

— Қалған қызығы да жетеді.

Сол жақ қанаттан толық денесін ауыр қозғап, Профессор Мусин келе жатты. Дәліздегі студенттер ығыса тұрып, араларынан жол ашты. Профессор жалтыр басын ақ орамалмен қайта-қайта сипалап, төменгі этажға түсе берді.

Қарсы бетте, мынау сатылар біткен жерде қабырғамен қабырға боп, төбеге тірелген үлкен шар айна тұр. Профессордың алдындағы сол айнадан тағы бір Мусин шығып, бұған қарсы жүрді. Ол да жоғарыдан түсіп келеді. Оның да үстінде ақ костюм, бір қолында бұлаңдаған жуан сары портфель. Ол да төртбақ денесін әрең қозғап, мынау не істесе соны істейді.

Мусиннің бір әдеті портфель ұстаған қолын жартылай алға созып жүретін, сонда Профессор портфелін әлдекімге "мә, ал мынаны" деп ұсынып келе жатқандай көрінеді де, ал портфель бұлаңдағанда оның манжамды мығым уысынан құтылуға бұлқынған жанды нәрсе сияқтанып, иесін ілгері сілкіп, жұлқып-жұлқып қалатын. Дәл осы ерсі қимылды анау айнадағы Мусин де аудармай қайталап, мынаны келемеждегендей болады.

Профессор арт жақта қаптаған көп студентті айнадан көрген. Соның ішінен өзіне таяу келе жатқан Тайманды танып, иығының үстінен қарады:

— Ә... Дәуренов, бері жүр, қашан келдің?

Әдеттегі паң мінезі, көзінің қиығын ғана тігіп, баяу сөйлейді.

— Бүгін, — деді Тайман оған қатарласа беріп.

Профессор көзінің қиығын енді айнадағы өзіне аударды.

Тершіген бетін Тайманға бұра беріп, айнаға қиғаштай қарады. Оң жақ шықшытыңда сирек түкті кішкене қара қалы бар еді, соған қадалды. Өз бойынан бұрын байқамаған бір асылдық тауып, соны дәл осы арада аңғарып қалғандай, бұғағын иегімен қыса жиырып, жымың етті. Өзгені ұмытып, өзін ғана қызықтағандай, мына шәкірт балаға мүлде енжар, селқос қалды.

Енді бірде, көзін әлі де айнадан алмаған қалпы:

— Бүгін болғанда... дәл осы бүгін бе?.. — деді.

Тайман үндемеді: "дәл бүгін", "дәл емес бүгін"... Бүгіннің неше түрі бар, бұл оған жауап таба алмады. Анау болса, мұны байқаған да жоқ, елеген де жоқ. Тіпті шімірігер емес: өзінше шәкіртпен сөйлескенім, хал білгенім дейтін шығар... Айна түбінен бұрылар жерде де өзіне қырындап қарап кетіп бара жатыр. Тек айна артта қалып, екінші Мусин көзден таса болғанда ғана үзіп алғандай, даусын оқыс көтеріп:

— Ертең бірінші сентябрь ғой, семестр басталады ғой, — деп қалды.

Профессор бұл сөзінің орайына да шәкірт баланың жауабын күткен жоқ, көзі мен көңілі басқада болды.

Бұлардың жанымен жоғары қарай екі-үш әйел өтіп бара жатты. Ортадағысы Мусин істейтін кафедраның лаборанткасы, сымбатты татар әйел Зифа болатын. Үстінде сауыққа, серуенге киетін шұбалған қара мақпал көйлегі бар. Омырауындағы асыл тастар биіктен, көп люстрадан төгілген электр жарығына шағылысып, жалт-жұлт етеді.

Зифа көзін ойнақшытып, профессорға күле сәлемдесіп өтті. Мынау да қолын кеудесіне апара сәл еңкейіп езу тартып, қыртыстана жиырылған бұғағына иегін көміп, паңдана қарап қалды.

Төменгі қабат та жоғарыдағыдай қаптаған қалың студент: вестибюльді, ұзын коридордың екі қанатын түгел кернеп, сендей соғылысады.

— Бүгінгі кештерің жаңа жыл тойынан бір де кем емес екен, — деп Мусин толық денесін түгел сілкіп, мағынасыз ырқ-ырқ күлді. Үнінде болмашы мысқыл бар.

Тайман бұған мән берген жоқ:

— Жаңа оқу жылы студенттер үшін жана жыл екені рас қой...

Шығар есікке таяна бере Мусин тоқтай қалып, кішкене мұрнының ортасына сырғыған пенснесін көтеріп киді. Содан соң еті толық, қысқа саусақтарын Тайманға ұсынды. Жаңа кездескен жерде амандасқан жоқ еді, енді қол қысып қоштасып тұр.

Тайман:

— Сау болыңыз, — деді де, кейін бұрылды.

Бұл кездесуде не мән барын, бұл сөйлесуде не пәтуә барын Профессор да аңғарған жоқ, студент те біле алмады. Ең болмаса ол бір ауыз сөзбен өндірісте өткен практика жайын да сұраған жоқ.

Мусин кете берді, Тайман қала берді.

23

Викторина жаңа басталған. Дәулетов швейцар столының қасыңдағы бір биіктеу сатыға шығып ап, қолындағы бір парақ қағазды ұшы сүйірлеу қуарыңқы үлкен мұрнымен тесіп жіберетіндей, көзін сүзе, үңіле қарап алды да, маңдайын жаба қалған дудар шашын кейін серпе шұлғыды:

— Үш романының аты да "О" әрпінен басталатын қай жазушы?

Дуылдасқан, көңілді студенттер бір сәтке тына қалысты. Әлгі жазушыны әркім-ақ табуға асығып, өздері оқыған романдарын еске түсіре бастады. Саша да көзін әжімдендіре қысып, балуан саусақтарын бүге санап, ойланып қалған еді, іле-шала:

— Гончаров, — деп гүж ете түсті.

Дәулетов қасыңдағы бір студентке, қарлыға шығатын қыжылдақ даусымен:

— Жазып қой. Бірінші сұрақты Семенов тапты, — деді де, қағазына қайта еңкейді.

— "Егер жау берілмесе, оны құртар болар" дегенді айтқан кім?

Жұрт ду ете қалысты:

— Горький.

— Алексей Максимович Горький.

— Мұны бәрі біледі. Жазба! — деді Дәулетов қасыңдағыға. Қағазына қайта үңілді...

Саша да қайта гүжілдеді:

— Әлгінді кім білмейді деп тұрсың? Оп-оңай. Осындай викторина бола ма?

Дәулетов мұрнын қағазға түйреген қалпы, Сашаға қиғаш қарап, көзімен бір атып қалды.

Осы кезде жоғарыдан түскен Айбар көп арасынан кимелей сығылысып өтіп, Тайманға келді де:

— Сен қайда жүрсің? — деп жетелей жөнелді. — Жүр, тоғызыншы аудиторияға барайық!

— Онда не керемет бар?

— Нағыз көңілді жер — сол! Ән мен бидің бәрі сонда, — деді Айбар. Өзі аса серпінді жүр. — Зәурені кердің бе?

— Осы жерде еді ғой.

Зәуре бұлардан екі-ақ адымдай жерде, Дәулетовке таяу түр еді, көтеріңкі шыққан Айбар даусын естіп, бірер адамның тасасынан бері шықты:

— Немене, Айбарчик?

Айбар райын кенет бұзып алып, жан-жағына қуыстана қарады да, Зәуреден тіксініп сұрады:

— Неге "чик" дейсің мені?

Зәуре нәзік үнін мөлдірете сықылықтап күлді:

— Еркелеткенім ғой.

Айбар да ызалы мырс етті:

— һе, сонда менің саған бөпе болғаным ба, әлде...

— Ойһ, кешір! Сен комсомольский вожак екенсің-ау, қап, жұрттан ұят болды-ау! — деп, қыз оны сәл кекете қылымсып, белін бұралаңдатып кеп, иығына қолын салды: — Айбарчук, шөлде-ді-м!..

Айбар мұның "чугін" де онша ұната қойған жоқ:

— Енді оп-оңай хохол боп шыға келдім бе? Жақсы!.. Тайман, сен сәл күте тұр, мен Зәуреге лимонад ішкізіп келейін.

— Жүр, мен де барайын.

Зәуре ернін бұлтитып, қылтың ете түсті:

— Ойһ, құрысын, кісі көп қой онда.

— Енді қайтеміз? — деп дағдарды Тайман.

— Онда сендер кезекке тұра беріңдер, — деді қыз. — Мен қолдарың лимонадқа жеткен шамада барармын.

Айбар мен Тайман оған көп ішінде қарсыласа берудің амалын таппай, буфетке келіп, кезекке тұрды. Буфеттегі адамдар Зәуре айтқандай көп емес екен, бұлар кешікпей лимонад алды да, Зәурені күтті.

Зәуре көппен бірге викторинаның бір-екі сұрағын шешкен соң Айбарларға бармақ боп шеттей берген; Дәулетов жұртқа викторина сұрақтарын оқып, жіпсіз байланып тұрған қалпы, қызды көзінің қиығымен шығарып салды.

Буфетке барар жолдағы бос коридорға көктен түскені, керден шыққаны белгісіз, кескін-кейпі болмаса, қимыл-құбылысының бәрі Дәулетовтен аумаған бір ойнақы жігіт пайда бола кетті. Қыздың таңдана серпіліп, дірілдей көтерілген кірпік ұштарынан ұшқын шашырағандай болды: бұл жігіт осы кешке кен-металлургия институтынан келіп жүрген Зәуренің байырғы танысы еді:

— Ойһ, горняк, сен қайдан жүрсің?

"Горняк" басты бір шұлғып, тізесін сәл бүге, қолын шалт сілтеп қап, қызға реверанс жасады да, сөзді тура өлеңмен бастады:

Я помню чудное мгновенье,

Передо мной явилась ты,

Как мимолетное виденье,

Как гений чистой красоты.

Зәуре қатты сықылықтап, еркін де ерке күлді.

Шарапқа масаң сал жігіт, өзі де құдды шампан шарабындай быж-быж қайнап, қарсы алдындағы сұлу қызға лықсып, шапшып қап, тасып төгіліп тұр:

— Армысың сұлу!

Жігіт тіліне оралған қара сөз осы-ақ болды. Соны айтты да, қыз қолын сілкілей қысып, енді Қыз Жібектің Төлегенінше баяу әндете жөнелді:

...Аққуым айдын көлде-е-е жеке жүзге-е-ен

Көңілімде көлеңкем жоқ сенен өзге-е-ау...

Ақсұ-ұ-үң-қа-а-а-ары-ы-ым...

— Қойшы енді, — деп Зәуре жігіт әнін қайырмасынан бөліп тоқтатты: — қайда шырқап барасың өзің?

— Несі бар? Бірге оқыдық, бірге өстік. Иә, елден қашан келдің?

— Жақында. Өзің қайда демалдың биыл? Елдей көре алмадым.

— Ой, аққуым, мені қойшы. Менікі жер мен көктің арасындағы қанатты өмір ғой, — деп, жігіт және бір шалқып бара жатты да, өзін өзі іркіп: — Мамаша, папаша мұздай қаракөк, есен-аман ба екен? Папашаң — біздің сүйікті Бекең сол бұрынғыша, ОРС-тың начальнигі ме?

— Иә, солай!

— Мамаша қалай, театрда ма? Баяғы бедері тайған жоқ па бетінен? Ой, апай бір назды адам ғой, шіркін! — деп, жігіт әлгі бір өзі бастырмалата қойған сұрағына жауап күтпестен сұңқылдай берді. — Есіңде ме, Зәуреш, апай Джульеттаның ролін ойнап шыққан түні Бекең кеп бәрімізді машинасына салып ап, колхозға тарттық қой. Ой, шіркін, сондағы сельпо бастығының үйінде өткен сауық-сайран-ай!.. Апырай-ай, мен сонда Бекеңді сенің папаң емес, тура Ромеоның өзі ме деп қалып ем!

Өмірде ешкім бетін қақпаған Зәуре өз басынан өткен сан қызықтардың бірін еске түсіріп, үнсіз жымиып тұрды. Жігіт сөзі таусылар емес:

— Папаң мен мамаң сені "жалғыз қызым" деп, жібекке орай беретін. Тек сонысы ғана артықтау.

— Неге?

— Ойбай-ау, сенің өзің Жібексің, Жібекті жібекке орағаннан не шығады? — деп, жігіт өзі де күлді, Зәурені де күлдірді.

Буфеттен шығып бұлардың қасына келген Айбар жүзі суықтау еді, бірақ бейтаныс әлдекім алдында сыр білдірмеді:

— Рұқсат болса, біз мына кісіні күтіп түр едік, — деп, Зәурені қолтықтап әкете берді.

Жігіт сағымы тараған қияқты шоқыдай үрпиіп қалды да қойды: енді мұнда әлгібір өлең де, өлеңдей бостан шабыт та, әлгібір ән де, әндей шалқыған көңіл де жоқ еді.

...Айбар мен Тайманның ортасында Зәуре, буфеттен тез шықты. Горняк жігіт қалған орнында әлі тұр екен, енді кідірудің орайын таппай, мына үшеуіне асау одырайып бір көз тікті де, әрі кетті.

Бір таң қаларлық нәрсе: Айбар көңілді қалпын тіпті өзгертпеді. Кім біледі, бұл аспирант өзі сүйген қыздың әлгі сияқты қылығын сезбей ме, әлде сезе тұрса да оған деген ренішін ішкі бір түкпірге жасырып тастады ма, немесе тіпті ақылдының кеңдігі дегеннің өзі осы ма? Жалғыз-ақ, әйтеуір, бұл жігітті ақылсыз деуге ауыз бармайды...

Тайман бастапқы ниетпен "Тоғызыншы аудиторияға барайық" деді. Зәуре "Викторинаға қатысайық" деді. Айбар екеуінің де қалауларына салып, қалыс келе жатты да, бірде өзі Тайманмен бірге кетпек екенін айтты. Бір бүйірден Саша гүж етті:

— Ух, шайтандар, буфеттен шықтыңдар ғой! Енді қайда кеттіңдер? Тоғызыншы аудиторияға дейсіңдер ме? Зәуре неге бармайды? А солай ма?.. Соз бар ма, мен де кеттім сендермен бірге... Бірақ алдымен буфетке кіріп шығам... Бара беріңдер, мен қазір солдатша...

Саша буфетке қарай ордаңдай жөнелді.

24

Тоғызыншы аудитория шынында да көңілді екен. Ұлы бар, қызы бар — отыз шақты студент ән шырқап жатыр. Жұрттың жуан ортасында Арынғазы отыр.

Арынғазы гармоншы жігіт болатын. Сүйектері жалтыраған үлкен ақ аккордеонды алдына алғанда, кішкене Арынғазының тек басы ғана қылтиып қалады. Тәмпік мұрнын бір тартып, құйқылжыта жөнелгенде маңындағы жұртты түгел тебірентеді. Аккордеонға салуға қалғанда Арынғазы үшін "Эй, ухнемің" не, "Вальс-бостоның" не, "Сарыарқаң" не, "Саржайлауың" не, бәрі бір, біріне іркілмейді. Өзі керемет сауықшыл, кеш болса бөлмесінде бос кереуеті ғана тұрады. Кеше түн ортасында кеп, көнетоз қара шалбарын матрацының астына су бүркіп салып, сәске түске дейін жанбастап жатқан Арынғазы бүгін күн бата тағы жоғалады да кетеді: филармония ма, опера театры ма, мәдениет паркі ме, әйтеуір қайда ән, қайда би бар, Арынғазы сонда жүреді.

Бұл кішкене сарының бойында бір-ақ мін бар: сабаққа самарқау. Сондықтан бұған ақылшылар да, ұрсушылар да көп. Арынғазы бәрін тыңдайды, тек өзімен бұрын бірге жатқан сырласы Алмасқа ғана болмашы қарсылық көрсететін:

— Осы сен жөніңе жүрсең қайтеді? Менде нең бар? Анау қабағын түйіп қап, шап береді:

— Нем жоқ!

Мынау тырсиып, тосырқай қарап аз тұрады да, жайбарақат бұрылып кетеді:

— Ой, қойшы, түйесі жоғалмағанның бәрі есті деп... Алмас үлкендігін бұлдай ма, әлде өзін тыңдамағасын ренжи ме, әйтеуір қоймай қадала түседі:

— Жок-ақ, неге жоғалады деймін сенің "түйең"?..

— Түу, Алмас, — деп, Арынғазы мұрнын бір тартады да:

— Сенің оңдырып жүргенің де белгілі ғой! — дегенді естілер-естілмес қып мұрнының астынан бір міңгірлеп алып, содан соң қасара түседі: — жоқ, ал болды, нең бар, жоқ!..

— Сөз бе екен сол, жоқ болса табу керек! Сен көптен бөлінбе, білдің бе! Бірге іздейік, табамыз сонда.

— Ой, қойшы, — деп кереуетіне жата кетеді Арынғазы, — "біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді..."

Алмас Арынғазының жаттанды мақалдарын жаңа естіп отырғандай қарқ-қарқ күледі. Арынғазы күрек тісін көрсетіп, қосыла жымияды. Сонымен екеуінің таласы да бітетін.

Ал, декан болса ұрсады. Әсіресе, семинар кезінде көбірек ұрсады. Оны тыңдамасқа амал жоқ.

Бір-екі рет комсомол комитетіне Айбар шақырып ап, ақыл айтты. Ақыр-аяғында бір түрлі мұны аяғандай, тіпті өтінді де:

— Кішкене шираңқырасаң қайтеді. Бұл оны аяғандай:

— Иә, шираңқырайын, — деп күрсіне келіскен. Бірақ, әзір шираңқыраған Арынғазы жоқ. Өткен семестрді түгел ортамен бітірді. Қысқы сессияда сопроматты тіпті құлап барып, әрең тапсырған. Және онысына өзі көп қынжыла да қоймайды. Осы пәнді алғашқы тапсыра алмай келген бетінде Алмас:

— Сопроматтан не алдың? — деп сұрағанда, бұл жүзін де құбылтпастан:

— Соңғы буыны... — деді.

Алмас түсінбей қалды.

— А-а?

— "Мат" дегенім ғой!

Алмас күлерін де, ашуланарын да білмеді... Бүгінде Арынғазының бөлмесінде Алмас жоқ, құлағы тыныш, басы бос, өзін кәдімгідей еркін сезініп жүр.

Орта бағаны Арынғазы өз меншігіндей көреді. Емтихан өтіп жатқан аудиторияның есігін ақырын ашып, жылысып шыға бергенде сырттағылар:

— Тағы орта ма? — деп ренішпен сөйлесе, бұл тіпті де шімірікпейді, түк сезбейтіндей дел-сал қалпы, төбеге қарайды:

— Иә, өзімнің ортам.

— Бәсе, — деп жолдастары тағы тіксініп қалады.

Арынғазы оған да міз бақпайды:

— Осы да жарайды. Бұрынғы детдом баласымын, бәрібір стипендия төлейді, несіне қынжыласыңдар, — дейді де, қолын бір сілтеп, мұрнын бір тартып, жүре береді.

Бұған өзімен бірге оқитыңдардың бірқатары күледі, бірқатары ыза болады. Ал, Арынғазы күлкіні де, ызаны да елең қылмайды.

Бірінші сабаққа ол ылғи кешігіп келеді. Кешікпегенінің өзінде алғашқы лекцияға келе жатқан оқытушымен есік алдында түйісіп, анау:

— Кіріңіз, — деп жол берсе, бұл да шалқая қап:

— Жоқ, сіз кіріңіз, — деп сұңқ-сұңқ етіп, сый көрсеткенсіп тұрғаны. Ақыры оқытушыдан кейін кіріп, есікті өзі жабады. Орындарынан түгел тұрып сәлемдескен студенттерге оқытушымен бірге бұл да бас изеп келе жатады.

Бірақ мұнысы сирек. Көбіне былай болады: сегізден жарты сағаттай кеткен шамада аудитория есігі екі-үш рет ашылып-жабылып тұрады. Бұл келіп тұрған Арынғазы екенін студенттердің бәрі біледі. Әлдекімдер әр жерден мырс-мырс етеді. Лекцияға берілген оқытушы есіктің неге қозғалатынын біле бермейді. Мұндайда Арынғазының да амалы құрып, үзілісті күтеді.

Ал, Профессор Сапаров болса, әшейіндегі қатыгездігінің қайда екені мәлімсіз, есік бір тырс еткенде-ақ:

— Аһ, өзіміздің Андрейсің ғой, кел, кір, — деп күліп тұрады.

Профессордың бүкіл мінезіне қайшы қылығын көрген студенттер таң қалады: "Бұ кісінің мұндай төзімі де бар екен ғой!.."

Арынғазы сып беріп кіріп, артқы жаққа бұлтыңдап барып, бұға қалады. Желкесін кінә басқандай құныса мүләйімси қойған Арынғазының мойны жоқ, құлағының тұсында екі иығы ғана тұрады...

Профессор лекциясын жалғай береді.

Жолдастарының оны "Профессор Сапаровтың досы" деп атауы да әлгіге байланысты еді.

Міне, сол Арынғазы өзін қоршаған жұрт ортасында, аккордеонның бауын иығына іліп ап, құлаштай созып, жыңылатып отыр. Кішкене домалақ мұрнының танауын делдитіп, тұмсығын көтеріп қойыпты.

Бір қарағанда, Арынғазы құшағына сыймай, құлашын дір-дір керіп кеткен серіппелі аккордеонды күшпен жиып, әшейін әлек боп отырған тәрізді. Бірақ жүзіне көз тоқтатсаң бұл кейде ұйқыдай тымық, дүниеге іш пыстырғандай дел-сал, селқос жүретін, иә болмаса жөнсіз есерленіп, қылтыңдай беретін Арынғазы емес, осы аудиторияда өзі толқытып отырған әсем үнге қалқып билеген өзгелермен бірге өзі де балқып, сауық гүліне айналып, бір түрлі баппен жайқалып кеткен.

Тайман Айбарды түртті:

— Мынау от қой бүгін.

Айбар да елбірей қоштады:

— Ойбай, масқара...

Аккордеон үні сәл тынып, шет жақтағы би басылып еді, жұрт жапырласып, Арынғазыға ұсыныстар жауып кетті:

— Қазақ вальсін тарт!

— Ғалия Бану...

— Жоқ, жоқ. Жастар гимнін айталық.

Бұл тұста Арынғазы иегін аккордеонға соға бас шұлғып қап қомдана қозғалды да, қанатын жаза бере кілт тоқтады:

— Бұл әнді Нәдия бастаса ғана тартамын.

Айбар күле, құлшына мақұлдады:

— Дұрыс-ақ!

— О кім? — деді Тайман.

Айбар жапырласқан көппен бірге Нәдияның ортаға шығуын қол соға сұрап тұрған қалпы, Тайманға екіұшты жауап берді:

— Тамаша!.. Алтын табаққа күміс теңге төгіліп кеткендей бір ғажап сыңғыр естисің қазір.

Тайман мұндайды көрген емес (оны Айбардың көруі де шүбәлі нәрсе), дегенмен "алтын, күміс, сыңғыр" деген сөздер ; әсер етті: бұл да серпіліп, алға ұмсына берген, көзіне көп арасынан шығып, бері беттеген бір жап-жас қыз түсті. Түзу аяғындағы лакты туфлиінің биік өкшесімен сырлы еденді тық-тық басып, ортаға келді. Тізесінен сәл төмен түсетін қаракөк масаты көйлегінің көтеріңкі кеудесінде кішкене ақ көгершін ұшып барады. Егер осы бір ақкөгершін шынымен қалықтап, қыздың мамықтай үлбіреп, омырауынан қарыс көтерілген жұп-жұмыр аппақ тамағына барса, түсін танытпай жоғалып кетер еді...

— Ал, енді көр ғажапты, — деп Айбар алақанын құшырлана ысқылады.

Тайман да қыз қимылын бағып, қадала қарап тұрған, Айбарға әлдебір үмітті кескінмен кенет жалт бұрылып, қулана сұрады:

— Бұ кісі кім дедің?

— Нәдия Нәбиева.

— Қайдағы Нәбиева?

— Биыл геофакқа кеп түсті.

— Айбар-ау, — деп, Тайман ризалық пішінмен шаттана күлді. Шұғыл құлпыра қалған сергек жүзінде әдеттен тыс іңкәрлік оты жылт етті. — Осы сен білгішсің!.. Қайдан білесің?..

— Кеше де кеш өткізілді, университетке жаңа түскендермен кездесу ұйымдастырғанбыз. Сонда бірге болдық.

— Қайда? у

— Жатақүйде... — дей берді де, Айбар әдеттен тыс осынша шұқшиған Тайманға жымия қарады: — Сен өзің... немене?..

Тайман оқыс қызара қап, жүзін тайғызып әкетті.

Нәдия иығына екі-үш иірім толқып түскен қою қара шашын салалы саусақтарымен жиып ап, желкесіне апарған: люстра астыңда құлын күлте жылт-жылт, желп-желп еткендей болды. Қыз ажары алғашқы бетте батыл, ашық, жайдары еді. Бірақ тамағын сәл кенеп қап, ән бастар жерде аздап қысылғаны байқалды: ибамен күлімдеген ақ жүзінде жұқа қызғылт толқын жүгіріп өтті. Енді бірде бойын тез билеп ап, ұзын кірпіктерін дірілдете бере, мөп-мөлдір қара көзін сәл тұнжыратып, қоңыраулы ашық сыңғыр даусымен іркіліссіз бастап кетті:

Дети разных народов,

Мы мечтою о мире живем...

Тайман бетінде ойнақы леп пе, әлде ерке қытық па, әйтеуір бір нәзік ағыс шымыр-шымыр етті. Бойын қыздың әсерлі, нақысты әуезі тез билеп алып еді.

Қасыңда Айбар, бұған әлденені аптыға сыбырлап тұр. Тайман оған құлақ түргендей болғанмен мүлде бейтарап: "Ғажап әнші... неге консерваторияға..." деген сөздерді үздік-үздік естиді. Одан арғысын ұғып, пайымдап тұрған жоқ. Бар ықыласы әнге ауған: асқақ сарын әсем ән. Басқа емес, тек осы қыз айтқандықтан осындай әсерлі, осындай терең... тек осы қыз айтқандықтан ғана Тайман көкейіне мөлдіреп, сылдырап құйылатын тәрізді. Қабен сияқтылар көшеде келе жатып та, шахмат ойнап отырып та аузын томпита "трайраралап", жақсы көрем деп әбден жасытып, жалаңдатып алған ән еді. Бүгін өз әуенін тауып, өзге бір соны мағынамен, жас ажармен қайта басталып тұр: қазір бұл жаңа жігерге, қайрат-күшке толы сырлы саз, достық әні. Жалын атқан, ұшқын шашқан жас өмірдің айбарлы, өр үні. Аспанды сындыра шатырлап, бұлттан ырғып қалып, жер дүниені жарқ еткізген нажағайдай өткірлігі және бар...

Тайман құлшына серпіліп, ұшқындап алып, осы бір маршты әннің алғашқы шумағын көз алдындағы ақ дидарлы жас қызбен бірге іштей самғап тұрды да, қайырмасына келгенде көппен қосылып, оның аяқ жағын бар даусымен шырқай көтерді:

Песню дружбы запевают

Молодежь, молодежь, молодежь...

Әннің орта тұсындағы қайырмада елден ерек бір жуан бас дауыс бәрін жайпап, дүр ете түскен еді. Тайман жалт қарап барып Сашаны, өзінің Сашасын көрді. Үстінде погонсыз солдат киімі, дәл бір сапта тұрғандай қаздиып, бұл да басып тұр. Досының нарттанып, бал-бұл жанған жайдары жүзі Тайманға күндегіден де ерекше ыстық сүйкімді көрініп кетті. Әндеткен күйі, аяғын марш ырғағымен алып, Сашаның жанына келді. Кеудесін армандай бір әсерлі қуаныш биледі. Бойы күлкідей жеңіл, лепіре қалыпты. Сашаны құшақтай ап, жабыса сүйгісі келген, жұрттан ұялып, күшпен іркілді. Бар тапқаны сол сүйікті досымен иін тіресе қатарласып ап, оның қолын бар пәрменімен, жұрт көзінен жасыра қысып, құр сіресе берді.

Сашаның да бар зейіні әнде, өзі де әндеткен, Тайманға тек күлімдей көз тастағаны болмаса, ештеңе түсіне қойған жоқ...

25

...Студенттер жатаққа түн ортасы ауа қайтты.

Августың ақырғы айлы түнінде асфальтті кең көше көңілді жастар үніне жаңғырықты.

Жоғары өрлей созылған түзу көшенің сонау шеті бірден бірге жіңішкеріп барып, ай астыңда көлбей көсілген қарлы тауға тіреледі. Тротуар бойы тізіле өскен қалың ағаш, түн қойнында маужырап, малынып тұр. Кей-кейде таудан келген салқын лепке дір ете қап, жасыл жапырақтарын ақырын сыбырлата, айлы түннің әдемі бір сырын шертеді.

Арықтарда мөлдіреген тау суы аспан жұлдызының бір тізбегін бетінде ойнатып, әлденеге сықылықтап күліп жатыр.

Паркке жөнелген соңғы трамвай осы көшені орта тұсынан кесіп өтті. Тау жақтан зырлап келе жатқан жеңіл машина баяулай қап, лек-лек студенттер арасынан жол сұрап, қаздай қаңқылдайды.

Төменгі жақтан, әлдеқайда алыстан еміс-еміс паровоз үні құлаққа келеді.

Оң қолдағы көлденең көшемен төрт-бес адам кетіп бара жатыр, үстерінде жұмыс киімдері: заводтан, екінші сменадан қайтқандар болуға тиіс. Электр бағанының түбінде ошарыла қап, көп студенттің көшемен жаңғырықтыра ду күлген алдыңғы бір тобына қарайды: осы топқа өздері де қосыла күлгісі келетін сияқты, таңданбайды, тамашалап қарайды...

Студенттердің бірқатары ректордың лекциясын мақтайды. Біреулері оған қарсы шығып, біраз жерінің жалаң мораль екенін дәлелдемек болады.

— Өзі мораль жөнінде болған соң мораль болмай қайтсін? — деп қарсыласады бір студент.

— Жо-о-оқ, — деп созады өзімшіл білгіштердің бірі, — мораль жөнінде мораль оқуға болмайды. Айталық, мораль деген — ұғым... Ал, мораль оқу...

— Қойшы, сен-ақ осы... — деп, біреу төзімін тауысып ап, қолын шорт сілтеп қалды да, көптен сытылып шығып, жатаққа қарай қутыңдап, жалғыз тартты.

Мына бір топ жаңа ғана өздері көріп шыққан фильмді әңгімелейді. Бұлардың да пікірі әртарап:

— Маған фильмнің түсі ұнады.

— Жігіттен гөрі қыз жақсы ойнайды екен.

— Жоқ, сен ұқпапсың, жігіттің ойыны жақсы.

— Меніңше, — деді біреу, — меніңше, екеуінің арасында тікендей қадалып жүрген үшінші субъект бар ма, соның қулығы ғажап! Шебер ойнайды.

Бұл топтың ішінде Тайман, Саша, Арынғазы, Дәулетов келе жатқан. Соңғы сөзді Дәулетов қоштап:

— Хи-хи-хи... Дұрыс айтасың, шебер ойнайды иттің баласы, — деп мәз бола берген, бағанадан бері үнсіз келе жатқан Арынғазы:

— Мен бірін де ұнатқаным жоқ, — деп салды.

— Неге? — деді Дәулетов.

— Қойшы сол шетел фильмін. Не бар сонда? Құр ермек, жеңіл ермек. Жалған махаббат!

— Дұп-дұрыс! — деп құптады Тайман. Әдеттегі байсалды қалпы шұғыл өзгеріс тапқан. Жүзі жадырап, айтыс-тартыс іздегендей өзіне бір оқыс мінез пайда болыпты: — Неғылған шеберлік? Трафарет! Шаблон! Штамп!

Тайман осы сөздерді бір түрлі адуындап, жоқ жерден ашуланып, қызынып айтып еді.

— Сен өпіремдеме, Тайман, — деп Дәулетов шап ете түсті, — комплект ғой, несі бар!

— Конфликт де, — деп түзетті Саша.

— Иә, иә, айтпақшы, конфликт...

— Ал, не, қандай конфликт? — деп сұрады Тайман.

Дәулетов ашулана бастады:

— Алла-ау, сенің мұның қалай, Тайман? Бір мінез тапқан екенсің өзің... Әп-әдемі боп келе жатып, аяқ астынан... Қабенше шоршып...

— Жоқ, сен жауап берші маған! Конфликт дейсің, қандай конфликт сенің көріп жүргенің?

— Тфу, брось ты пожалуйста! — деп шытынған Дәулетовтің көзі ай жарығында ағараңдап қалды. — Мен конфликтіні білмейді деп пе ең, жүдә! Екі жігіттің қызға таласуы конфликт емей не?

— Жарайсың, білдің! Әдебиеттен түк хабарың жоқ... — деп, Тайман Арынғазыны қарынан ұстап, бұрыла берді. — Осы да өзін мәдениеттімін, университет студентімін, оқыған азаматпын дейді-ау, әдебиет оқымайтын адамның сөзі құрысын, ол — бейшара!

Дәулетов дірілдеп, булығып:

— Дур-рак, — деген сөзін көмейінде тұншықтырды да, бұрылып кете барды.

Арынғазы бұл сөздердің біріне қосылған жоқ. Бір мүйістен тәулік бойы ашық тұратын гастрономның отын көріп, Тайманға сыбыр етті:

— Нан ала кететін екен. Тайман еріксіз жұмсарды:

— Қолыңнан гармоның түссе, тамақ іздейсің-ау сен!

— Ойынды қойшы, жыртық бір сомың бар ма? Саша бұлардың соңынан күле гүжілдеп келеді:

— Ой, ер-ай! Сен бүгін бар ұстамдылығыңнан бір-ақ айырылғанбысың, Тайман?

26

Алдыңғы топтың жатақханаға таяна берген бір шетінде Айбар мен Зәуре келе жатқан-ды. Сырттай қарағанда жарасымды, сәнді: қолтықтасқан қос өрім. Бірақ бұл екеуінің аралары үнсіз, өндері сынық, көңілдері қоңырқай еді.

Зәуренің ара-тұра жеңіл қылықтармен құбылып қалатыны болмаса, Айбар жанында көбіне жабыңқы, тіпті сол жігітке ап-ашық міндетсігендей тұйық, тұнжыр жүретіні әбден әдетке айналып алған мінез болатын. Өз басының оз ұғымындағы артықша бағалылығына тояты көп пе, әлде қыз көкірегінің албырт өрлігі басым ба немесе сан қияға шарқ ұрған көңіл шіркіннің Айбардан табар тоқтам-тиянағы аз ба? Кім білсін!..

Ал, Айбар болса, әрқашан осы қыздың бабын табуды ойлайтын, соның көңіл хошын көздейтін: астам айтқанын көтеретін, ерке қылығына бағынатын, тіпті кейде күтпеген жерден бұрқ ете түсіп, жігіттің кіршіксіз ниетіне қылау тұрғызғандай, айдынды, тұнық жанын лайлар тозаң ұшырғандай түтеп өтетін қыз ашуын да көп шімірікпей кешіретін. Бір ғажабы — Айбар бүгін сол құлқынан жаңылып қалыпты: жабырқау, жүдеу, көңілінде қаяу бар. Онысын жасыра да алмады.

— Зәуреш, сен мені... шынымен ұнамсыз көресің-ау!.. Не білгенің бар, соған көзім жетті ғой менің...

Осы бір сырт бояуы солғын ғана қарадүрсін сөзді Айбар бір түрлі қинала тітіреніп қап, әлдеқандай зәбір-жапа шеккендей, өз халіне деген ащы ызамен күйзеле айтқан. Бірақ Зәуре оның байыбына барған жоқ, күндегі ерке тәйтік мінезіне бағып:

— Ойпырм-ай, енді қайттің? Қиын болды-ау енді... — деп, сылқ-сылқ күлді. — Неге көзің жетіп еді со секілді?..

— Жоқ, сен күлме, Зәуреші Шын айтам.

— Күлмей, жылайын ба?

— Рас! — деп күрсінді Айбар. Мұның көңіл күйін қыз сықылығы өзгерте алмаған-ды. — Рас, сен жыламайсың.

— Қызық екен.

— Дұрыс айтасың, қызық, сен жылай білмейсің...

Зәуре күлкі ізін езуінде ғана қалдырып:

— Неге! Сен не айтып келесің осы?.. — деп таңданды.

Айбар демін ішке тартып, сезіммен дірілдей сөйледі:

— Мен сені сүйем ғой! Ал, сүю деген...

— Иә, сүю деген?.. — деп, Зәуре көзіне қайтадан күлкі әжімін қаптатты. Бұл ойнақылық — назды еркелік емес, ерсі жалаңдық, ап-ашық жайдақтық еді. Айбар оқыс шошынып, қызға суық қарады:

— Жә!.. Жоқ, тіпті осыныңның өзі жақсы!

— Не жақсы?

— Мені өзіңнен суытсаң, ол — маған істеген жақсылығың.

Айбар аздап ашуланғанмен алысқа ұзамай, арқан қазығына қайтып ораларына, өзін айнала беретініне Зәуре көзі кәміл жететін тәрізді еді. Сондықтан, оның мына сөздерінің бәріне Зәуре әшиін бір өткінші қылыққа сайып, самарқау қабылдап, жөнді мән бермей келеді. Сүйген қызының мұндай саяздығына бұрып Айбар да мән бермейтін, жоқ, тіпті соны сезбейтін де көрмейтін. Бар жайды қазір бір-ақ аңғарғандай, серігін адамнан гөрі ағашқа ұқсатып, төбесінен суық су құйып жібергендей тітіреніп кетті. Ренішті ойға түспейтін пәле жоқ. Айбар "өгізді мүйізінен" дегендей тұп-тура түңіле:

— Сен өмірде бір жігітті сүйесің бе, әлде... — деп қалды. Содан соң өзіне Зәуренің кірпігін қадалта шошытып қойып, ызамен зіркілдей жөнелді: — Елде бұрын бес әйел алған байлар болған деседі, бірақ бұл шындықты керісінше кім естіп-білген!.. Менің сезімімді серпіп тастағаның жетпей ме? Өзіңді өзің неге таптап өтесің?!

Зәуре қатты зәбірленіп, жылап жіберді. Айбар да кенет ықылық атқандай, демін үзіп-үзіп, қатты булығып қалды: ыза-өкініш екені, өксу екені белгісіз.

Содан екеуі де жым-жырт, іштей тығылып, тіл қатыспастан келе жатты. Бірақ, қолтықтасқан қалпы, қолдарын бір-бірінен тартып ажыратқан жоқ. Баяу басып қатар жүріп келеді. Сырттай қарағанда жарасымды, сәнді: қолтықтасқан қос өрім.

Бір кезде Тайманға ашуланып, ілгері қарай ысқыра аяңдаған Дәулетов бұларды танып, қайырылып тұра қап, көзін жылтырата бастаған; Айбар оған шұғыл қабақ түйіп:

— Кет! — деді.

Анау селк етіп, Айбар сөзбен емес, тура маңдайдан таяқпен ұрғандай шалқайып қалды. Зәуре дәл осы тұста ғана Айбарға аузын бұлтитып:

— Оның не? Неге кет дейсің сен! — деп шап етіп, араша түскен.

Айбар Зәуреге ғана емес, Дәулетовке де іштей қатал тұжырымы бардай, мүлде жүзін жылытпастан, әлгі сөзін қайталап, қаттырақ айтты:

— Кет!..

27

Жер солқ ете түсті.

Тайман басын жастықтан жұлып алып, көзін ашты.

— Қандай ұйқышылсың! Менің гирім болмағанда оянар түрің жоқ, — деп, Саша күліп тұр. Белінен жоғарғы жағы жалаңаш, бұлшық еттер бірге күлгендей, сом денеде бұлт-бұлт ойнайды.

Жаңа ғана Сашаның қолынан түскен, әрқайсысы бір-бір пұттық екі гир тұтқасын түйістіріп, еденде жатыр. Саша бейне цирк балуандарындай, сол екі гирді тағы жұлқи беріп ап, ш ыр үйіргелі шүйлігіп бір тұрды да:

— һа, жетеді! — деп қолын сілтеп, Тайманға келді. — Тұр! Сағат он болды.

Тайман солқылдақ серіппелі кереуетін сықырлата орнынан ұшып тұрып, аяқкиімін іздей бастады. Түнде жатарда оқыған Тургеневтің "Алғашқы махаббаты" кереует үстінен сырғып жерге түсіпті; шапшаң көтеріп ап, бас жақта, төрдегі Сашаның кереуетімен екі арада тұрған кітап толы этажеркаға қоя салды.

Саша кітаптың сыртын көріп, қалжыңдай сөйледі:

— Тоқта! Мынауың кәдік екен, туысқан. "Алғашқы махаббат" қой...

Тайман бұл кітапты бұрын да оқыған. Бірақ, неге екені белгісіз, түнде университеттегі кештен келген соң тағы бір қарағысы кеп, Саша жастыққа басы тие бере қорылға басса да, бұл көпке дейін ұйықтамай, мсье Вольдемардың әр қылығын қызыға қабылдап, аса ыстық сезіммен беріле оқығаны рас.

— Жақсы кітап. Оқи бергім келеді.

— Иә, иә... Менің айтып тұрғаным да сол сенің оқи бергің келетіні, — деп Саша сүлгісін, сабынын, тіс жуғышын алып, шығуға беттеді. — Жалғыз-ақ, жақсы кітапты жатып оқитының жаман.

Саша оянғалы біраз болған, төсегі ұқыппен жинаулы тұр. Терезенің желдеткіші ашық, ертеңгі тұнық ауа көк жібек пердені толқыта желпиді.

Кеш жатып, таң біліне мызғығанына қарамастан Тайман өз бойын жеңіл, ширақ сезінеді. Көңілінде әлденеге разылық, қуаныш бар. Азғана лүпілі болмаса, соншалық бір жайлы, жарқын қуаныш. Адам ұзақ аңсаған шұғылалы сәтін, жақсылық сағатын күткен де, бүгін бе, әлде ертең бе, әйтеуір таяу қалған бір ерекше шатты, әдемі құбылысты күткен де осындай үміт сезіміне бөленетін. Мұндайда адамның бойымен қабат ойы сергіп, қиялы самғап, өрісі кеңіп, осынау тіршілік дүниесіне ықылас-пейілі артады. Тайманда да осындай бір жай бар.

Ол кереует үстінен ырғып түсіп, гардеробты ашты да, киіне бастады; киіне жүріп ыңырсып ән салды. Сөзі жоқ, өзіне аса ұнайтын бір әннің ерке нәзік сазы ғана — соны баяу толқынып айтады. Ырғағын өзі ғана іштей құпия түсініп, үнімен емес, жанымен шырқап айтады. Көңілінің осы күйі өзін екі кісілік шағын бөлмеден лезде ойша шығарып әкеткен; әлде бір бала құрақты көл жағасында ма, әлде сол көлдің шағалалы айдынында ма, әйтпесе сол көлге қиялай төнген жасыл теректің кешкі көлеңкесінде ме... әйтеуір өзін сәл ғана сәтке сондай бір жерде жалғыз жүргендей сезініп қалды. Бір құбылмалы сезім! Аяулы асылын күтіп, аңсап жүргендей. Және осы аңсаудың өзі бір түрлі рақат тәрізді...

Есіктен адуындап кіре берген Саша Тайманның селт еткенін байқаған жоқ, жалаңаш жауырынын сүлгімен ысқылап, жуан даусымен түнде университетте айтылған ән әуенін "ррай-ррай-ррай-ррай-рай-ра-а-ай-рай!" деп гүжілдей созып, бөлмені басына көтеріп жүр. Тайман абдырап, киімшең қалпы, кереуетіне шалқалап жата кетті. Терезенің жоғарғы жағынан торғындай үлбіреп, көгілдір әрі мөп-мөлдір аспан көрінеді. Тайман одан көз тоқтатар нүкте таппай, көңіліндегі әдемі толқынды құбылмалы күйді үзіп алды. Кенет енжарлық пайда болды: ойын тұтқындаған бір ерекше қымбат нәрсе бар ма, иә болмаса бір қымбат нәрсені мықтап ұмытып, енді қанша ойласа да есіне түсіре алмай ма, — бір түрлі әуре-сарсаң...

Саша келіп, қолынан жұлқып тұрғызды:

— Не болған саған? — Оның бетіне таңдана үңіліп: — Өзің күлесің, ал көзің жасаурайды, бұ немене өзі?.. Және мынауың не, тойға баратыңдай киініп апсың... Жуынбаушы ма едің? — деп қарқылдай күлді.

Тайман өз халінің ерсілігін енді ұғып, Сашамен қосыла күлген; жүрегі жыны қуанышпен және бір лүп етіп әлденеге алып ұшты да, ізінше баяу сағынышпен қыстығып, тағы да иір мезет рақат мұңға батқандай болды...

28

Асхананың төргі жағынан тамақтанып, бері беттеген Саша мен Тайманды Дәулетов көріп, қасыңдағы біреуге:

— Осы екеуінің-ақ жұбы жазылмайды, жүдә, — деп міңгір етті. Бұлардың біресе таразыға нан өлшеп жатқан сатушы әйелге, біресе студенттерге тамақ тасып жүрген ақ алжапқышты даяшы әйелдерге барлай қарап, маңыздана сыздап, үлкен іс бітіріп тұрғандай, буфет қоймасына жантая шынтақ сүйегендеріне біраз болған-ды.

Дәулетов жұрттың әдетте "ісі уақ, іші тар" десетін жігіттерінің бірі. Ісі уақтық онша кеселді емес. Оны көптің ауқымы жөндеуі мүмкін. Ең жеңілі — ондай адамды жұрт күлкі етеді, ол туралы талай аңыз, анекдот шығарады. Осылар келіп, әлгінің есі бар адам болса, өзі жөнінде ойлануына, тіпті өзінше жөнделуіне жол ашады. Ал, іші тарлық — қауіпті нәрсе. Біреудің бағалы жағын көре алмау, біреудің жетістігіне іші құю, бармағын тістеу — асқынған ауру. Одан жазылу қиын. Енді кеп, осы іші тарлыққа ісі уақтық қосылса, ол адам оңбауы мүмкін: түпке сол жетеді.

Өмірде жаман адам бола ма? Біреулер болады деседі. Енді біреулер оған қарсы шығып, адамның жаманы болмайды, ал, мінез-құлықтың жаманы болатыны сөзсіз дейді. Алдыңғысы дұрыс. Соңғысы — әріпшілдік! Енді не деуге болады: адамды мінезінен ажыратып алып көріңіз!..

Әрине, ісі уақтық, іші тарлық сияқты жағымсыз құлықтар жатпауы мүмкін, біраз адамға пәш болады. Бірақ жұрттың бәріне бірдей біліне бермейді. Өйткені, мұндайлар көбіне жәдігөй әрі сұмқай келеді. Өз бойындағы дәрменсіздікті сонымен жаба жасырмақ болады. Жәдігөйлігін ісі түскен адамның алдында, немесе өзі бағынышты бастық алдында істейді. Сұмқайлығы кісі таңдамайды, әр жерде-ақ, әр адымында ілесе жүреді. Құлқы солай болған соң ба, әйтеуір Дәулетовті студенттердің көбі жек көреді. Достары некен-саяқ. Бірақ бір ғажабы — әлгінің есесіне бұл профессорлардың көбіне ұнайды. Мусин сияқтылар мұны тіпті қолпаштап қояды.

Дәл осы Дәулетов ректорға да ұнайтын сияқты. Мұны бір жолы Тайман ренішпен аңғарып, іштей көңілсіз ойға қалды: "Өзіне көзсіз табына бергенді кейбір жап-жақсы бастықтар да жек көрмейтіні ме, қалай?!"

Студенттердің ғылыми қоғамының бір мәжілісіне жазушылар шақырылды. Мұны ұйымдастырушылардың бірі Тайман еді. Ол ректордың бос уақытын тауып, мәжіліс болатын күні әдейі барды да:

— Біздің бүгінгі мәжілісімізге сіз де қатысыңыз, — деп ұсыныс жасады. Ректордың соңғы бірер жыл ішінде студенттер бас қосқан ғылыми мәжілістердің қандайына болса да бір де бір рет келмеуіне Тайман іштей қарсы еді. Егер бұл жолы да "қолым тимейді" десе, айтар реніші даяр болатын.

Ректорға профком жұмысымен Дәулетов те келіп отырған. Тайман бүгін кешке университетке жазушылар келетінін айтқанда, анау да орнынан бір көтеріліп, бүйірден қосылды:

— Бұған біз кіріскелі қашан! Мен группа профоргтерінің бәріне ескертіп, студенттерді неғұрлым көп қатыстыруды тапсырдым. Сен де айтқан боларсың, Дәуренов, біздің факультет түгел келеді ғой.

Тайманға Дәулетовтің мына мінезі әлдененің айла-тәсілі тәрізді көрінді: өтірік айтып отыр, аяқ астынан бедел көздеп отыр. Тіпті түріне дейін өзгеріп, бейтаныс біреуге ұқсай қалыпты.

— Жазушылармен кездесуге студенттердің бәрі құштар, хабарландыру бар, арнайы шақыртусыз-ақ келеді, — деді Тайман.

Ректор ойланып отырды: жұмысы көп еді. Әрине, Тайман оны да жақсы біледі. Бірақ мынау да сол көп жұмыстың бірі емес пе?

— Жақсы, барайын, — деді ректор. Неге екені белгісіз, Тайманға салқын қарады.

Дәулетов күтпеген жерден, ұшып тұрып, қуана құнжыңдап:

— Сізге рақмет, ақсақал! Сіздей үлкен адамның төбе көрсетіп шығуының өзі кішкене үйірме үшін ойдай бедел ғой, — деп қалды.

Тайманның ұяттан беті дуылдады. Қатты ыңғайсызданып, қабағын шытты. Дәулетовті онша ұнамды адам деп танымаса да, одан дәл мынадай тым жалаңаш жәдігөйлікті күтпеп еді. Ректор көзін сүзер де сынай қарар, жай сөйлер де қатты айтар деп қысылды.

Бірақ Тайманның мықтап таң қалғаны — ректор әлгіге реніш айтпақ түгіл, байсалды қалпын да бұзбастан, толық денесін ақырын қозғап, телефон трубкасын ұстай берді...

Ректордан шыққан бетте Тайман ызамен қайнап, Дәулетовке:

— Сенің ісің құрысын, ұнамайды маған! — деп жұлып алғандай түйліге тіл қатты.

Көзін қызарта шатынап, оқтай қадалып, анау да күйіп-пісті:

— Мен саған ұнау үшін жүргенім жоқ, жүдә, білдің бә? Тіліңді тарта сөйле!

— Ал, жаңа неге ұнауға тырыстың?

Дәулетов не істеудің бабын таппай:

— Қой, айналайын!.. — деп танауын жиырып, аузын қисайтты да жүре берді. Содан бері Тайманмен дүрдеараз. Оның үстіне Тайманның түндегі мінезі де жамалып, Жабас көкірегіне дық боп ұялаған-ды.

Дәулетовтің мына тұрысы да кәсіп емес кәсіп. Асхана қызметкерлерінің үстінен түскен арыз жоқ, бірақ Дәулетовте күдік бар: анау бір күні мұның профком председателі екенін танымай ұрысып қалған жуан аспаз студенттердің ақшасына берілетін тамақтың тең жартысын жеп жатқандай көрінеді. "Сол қозықарынды бір қорқытсам" деген ниетпен, бүгін қасына үшінші жатақханадағы студенттік советтің бастығын әдейі ертіп, профком атынан асханаға "қоғамдық бақылау" жасап тұрған жайы бар еді.

Осы араға келгеннен бері Дәулетов бір-екі даяшы әйелді әдейі тоқтатып ап, қолдарындағы котлет салынған тарелкаларға төніп-төніп қалған. Бірақ біреуіне:

— Мына котлет неге қап-қара? — дегеннен басқа сын таға алған жоқ.

Оған даяшы әйел ренжіп қалды:

— Өзінің түсі емес пе? Айталық, сіз неге қап-қарасыз?

Дәулетов қипақтап, жан-жағына қарап еді, дәл қасыңда компот ішіп жатқан Арынғазы сақылдап күліп отыр.

— Ой, жазған, сендердің қамдарың ғой істеп жүргенім, — деді де, Дәулетов кейін серпіліп шығып, буфет қоймасына қайта сүйенді.

Есіктен кірген Христофор ағай Таймандарға Дәулетовтің тұсынан қарсы жолықты. Оның ұсынған қолын Тайман қысты да, Саша сәлемін алмастан теріс айналып кетті. Комендант бүгін де масаңдау, алабұртып, төбесінен бу бұрқырағандай қызара бөртіп жүр.

Саша Дәулетовке:

— Жабас! Осыларды бір жөнге салу сенің жұмысың ғой. Мына маскүнемді неге қуып жібермейсің, кісі жетпей жүр ме? — деп, бәріне естірте, ап-ашық айтты.

— Христофор ағайды ма? Не деп тұрсың өзің, есің дұрыс па? — деп Дәулетов Сашаға зілсіз қарсылық етіп, Христофорға бұрыла жымиды: — Аздап ішетінін айтпасаң, ғажап адам ғой бұл кісі. Не тілесең, бәрін қош көреді; Христофор ағайдай комендантты қайдан табарсың?

— Бірін орындамаған соң, қош көргені қүрсын, — деп, Тайман Сашаны қоштады.

Саша түнжырай берді:

— Жабас, сенің де, мынау қызылмұрынның да бітірер дәнемелерің жоқ, жалпы арлануларың керек қой!..

Тайман мен Саша асын ішіп болған Арынғазыны ертіп ап, үшеуі сыртқа шықты. Саша: "Дәулетовке де айтамыз ба, қайтеміз?" — деген. Тайман қарсы болды.

— О не нәрсе? — деді Арынғазы Тайманға.

— Мына Саша екеумізде бір ой бар, сен қалай қарар екенсің?

— Қандай ой?

— Қабен келмей жатыр. Ауру-сауын білмейміз. Қазір Саша екеуміз деканға барып, Қабеннің мамасы тұрған жерге телеграмма бергіземіз.

— О, оның несі бар? Дұрыс-ақ.

— Дұрысы дұрыс қой. Басқа бір мәселе бар еді, — деп Саша киіп әкетті.

— Қандай мәселе?

— Қабенге аздап ақша салсақ деп едік, — деді Тайман. — Мен білем, Ембіден аулына ақшасыз кеткен.

— Е, оның несі бар? Дұрыс-ақ.

— Дұрысы дұрыс қой, — деп Саша өздерінің қайталама лебіздеріне күле сөйледі. — Басқа бір мәселе бар еді...

— Қандай мәселе? — деп, Арынғазы да әлденені долбармен топшылап, күректісін көрсетті.

Саша күлкісін тиып:

— Әзіл оз алдына, — деді. — Әзіл өз алдына, өздеріміз ұйымдасып, біраз ақша жинасақ деп едік.

— Өздеріміз болғанда кімдер? — деп, Арынғазы қабағын түйіп алды. — Қабен келген соң тас-талқанымызды шығарып жүрмесін.

Тайман түсіне қалды:

— Жо-оқ, сен қорықпай-ақ қой. Біз бір жұрттан жылу жинар дейсің бе? Міне, осы үшеуіміз, содан соң Алмас бір жүз сом тапса, төрт-бес жүз сом жолына жетеді.

Арынғазы аздап қинала құптады.

— Ақшасы құрғыр азғантай еді, дегенмен қайтеміз, Қабен дегенде жан қала ма менде... Жүріңдер, Алмас қазір біздің бөлмеде мені күтіп отыр. Тез жиналықта, молнировать етелік.

Саша Арынғазыны құшақтай ап, бауырына жоқ қып жіберді.

Үшеуі Арынғазының бөлмесіне кірді. Бір студентпен шахмат ойнап отырған Алмастың қолын алып жатып:

Қара орныңа қайтып оралып соға бересің-ау, — деді Тайман, — мұның теріс емес.

— Енді қайтейін? Амансыңдар ма?.. Лекцияға бармаймыз

ба?

— Барамыз! — деді Тайман. — Сен бір жүз сом тапшы!

— Не үшін.

— Керегі бар.

— Апырм-ай, қалтамда жоқ еді, — деп, сәл дағдара қалған Алмастың ойына Мағрипа сап ете түсті. Бұрын Мағрипадан ақша сұрап көрген жері жоқ, бірақ қалай екені белгісіз, әйтеуір сол әйелдің қалтасында бары болса бұған ірікпей ұсынарына, өзінің қалай да алатынына көзі кәміл жетті. — Табам, табам, сөзсіз тауып берем, — деп, Алмас көңілдене қозғалақтай берді, — тек не үшін керек екенін айт!

29

Ұзынша, шағын кабинеттің төрінде доцент Арманов отыр. Ол баяу ашыла бере жабылмай қалған есікке қадалады, бір түрлі сыздап, түйлігіп қарайды.

Арманов қатыгез, ашушаң адам. Қансыздау дөңгелек жүзінде күлкі ізі сирек білінеді. Ылғи қоңырайып, өзгеше бір сұспен жүреді. Көңіліне ұнамағанға кірбіңін тез білдіреді. Қазір де шапшаң шатынап:

— Профессор, не кіріңіз, не жабыңыз есікті, — дей жаздап барып, өзін зорға іркіп қалды.

Есіктен алдымен бүйірі айналған жуан сары портфель кірді; көз орнына қос әйнегін күнмен ойнатқан толық денелі төртбақ адам әшекейлі таяғымен түкті кілемді анда-санда бір нұқып, портфель жетегіне жалқау ереді. Жуан портфель жуан иесін осы кабинетке күшпен кіргізгендей, бұлқына сүйреп, әрең жетелеп әкеп, стол жанындағы жұмсақ креслоға жыға салды да, енді бірде тағы да сол иесінше тыңқиып, стол шетінде тұрды.

Арманов сары портфельді қаламымен түртіп, еріксіз езу тартты:

— Мынада не бар, профессор?

Профессор көзінен пенснесін, басынан қалпағын алып, тершіген жалтыр шекесін, маңдайын сүрткілеп жатқан. Көтеріліп басылған кең кеудесін қысқа мойнымен бірге бұрып, Армановқа сазара қарады. Бояуы оңған шүңірек көзі пенснесіз тым солғын, жансыз көрінеді екен, дегенмен еміс-еміс реніш белгісін аңғартқандай болды:

— Мұнда Профессор Мусин бар!

Арманов мырс етті де, үнсіз қалды. Мусин де толық денесін тегіс сілкіп, ырқ-ырқ күлді. Тауып айттым да тоқтаттым дегендей ризалықпен күлді.

Мусин Армановтың ендігі сөзін күткен жоқ, жүзін кенет суытып, портфелін сарт-сұрт еткізіп ашты да, қалыңдығы төрт елідей қара папканы суырып ап, стол үстіне тастай берді:

— Міне, докторлық диссертациям, міне! Бұған комиссия құрып дүрлігетін түк те жоқ. Сілкілеп болдыңдар ғой мені... Мә, өзің қарап көр. Қара да, қалаған байлауыңды айт және аяма мені, қолыңнан екі келсе бірін қыл! Тыныңдаршы сөйтіп, тек тыным беріңдерші маған...

Профессор Мусин екі иінінен дем алып, ышқына сөйлеп, булығып отыр.

— Сіз неге көтерілдіңіз?

— Е, қайтейін енді, күніне үш шақырасыңдар. Парткомнан шыққаным сол еді, ізінше декан келсін деп жатыр дейді.

— Жоқ, сіз ашуланбаңыз. Партком комиссия құрса несі бар, істің анығын білуге, сізге көмекке келгені емес пе? Бірақ бұл басқа мәселе, — деп, Арманов диссертацияны өзіне қайта ұсынды, — мынаны салып қойыңыз. Мен сізді бұл үшін шақыртқаным жоқ.

Мусин пенснесін жарқ еткізді:

— Енді не үшін! Тағы не ақыл айтпақсың?

30

Биылғыдай үлкен конкурс университет өмірінде бұрын-соңды болып көрмеген-ді: бір орынға үштен кем арыз түскен факультет жоқ. Ал, геология факультетінің бір орнына бес адамнан келді.

Геология факультетінің деканы доцент Арманов қабылдау сыны басталар алдында факультет бойынша емтихан алатын он сегіз экзаменаторды арнайы шақыртып алып, жарты сағат мәжіліс өткізген. Жиналыста сөйлегенде, не лекция оқығанда доценттің бір нәрсені мықтап ойланғандай, немесе алдан тосын соққан қатты желден жасқанғандай әдейі қысыла кіртиіп тұратын қой көзі кісіге түспейтін. Алдындағы стол үстінде, не мінбеде не кафедрада бір жапырақ қағаз жатады. Онда айтар ойының пункттеп жазылған жоба-жоспары ғана. Көзі шығанда бір жылт етіп соған түседі де, қайтадан зымырап барып, қарсы қабырғаның жоғарғы жағындағы бір нүктеге қадалып қалады. Сол күйімен сөйлей береді, сөйлей береді. Тосын көзге доценттің айтар сөзі өзі қадалған қабырғаның жоғарғы жерінде жазулы тұрғандай көрініп, кейбір сезімталдар кейін бұрылын та қалатын. Ал доцент болса әлі сол жерге қадалын, әр сөзін нәштеп, әлі сөйлеп тұрар еді.

Мұнда да сол, әр сөзін шыңылдаған жіңішке даусымен маңдайшаға шегелеп жатқандай, нығыздап тұрып, кабинет төрінен биік қарап, қысқа сөйледі:

— Бізге керегі жүз елу адам. Арыз бергендер саны — жеті жүз алты адам. Оның ішінде орта мектепті алтын медальмен бітірген он бір адам сынақсыз қабылданады...

Осыдан соң декан әрбір экзаменатордың ісі зор маңызды мемлекеттік іс екенін, мұндайда мейлінше әділ болу керектігін айтты. Әлгі жеті жүз дегеннің құр цифр емес, адам екенін, ал адам тағдырына аса жауапты қарау керектігін айтты.

— Мен тағы да айтамын, қатты айтамын, қайта-қайта айтамын, — деді декан сөзін аяқтап. — Тамыр-таныстық, ілік-шатыстық дегеннің елесі де көрінбейтін болсын!

Ол көзін маңдайшадан енді ғана алып, көпке қарады:

— Мен болдым. Сұрақ бар ма?.. Жоқ болса, мүмкін, пікір айтарсыздар?..

Арманов орнына отырды.

— Менде екі сөз бар еді, — деп, тізесіндегі жуан портфелін ауната тастап, диваннан Профессор Мусин көтерілді. Бағанадан бері деканды тұқыра тыңдап, қыбырсыз отырған. — Қатты айтқаның жон, қайта-қайта айтқаның жөн, жолдас Арманов! Бірақ мұндағылардың бала-шаға емес екенін ескермеуің жон емес, жолдас Арманов! — Кең иығын қиқаң еткізіп құныстыра бере, Армановқа алақанын жая ұмсынды: — Е, тамыр-таныстық дейсің, ілік-шатыстық дейсің, — бұ не бұл... Кімге айтып отырсың мұны? Әлде біз университетке осы түсетіндермен бірге бүгін келгендерміз бе? — Мұрнының ұшына қарай сырғыған пенснесін көтере киіп, кабинет ішіндегілерге жағалай қарады: — Біздің бәріміз де бір адамдай сенім жүктей алатын болсақ керек...

Профессордың бұл сөзін біраз адам ашық мақұлдап, бас изесіп отырды. Жалғыз-ақ көп ішінен біреу (бастыққа жаққыш қулардың бірі болса керек) Мусиннің сөзін бөле, Армановқа:

— Жоқ-ау, былай ғой дейім, сіз ғой декансыз, декан болған соң айтуға тиіссіз. Ал, ағай, сіздікі... қанша дегенмен... — деп жасқаншақтау қарсыласа беріп еді, декан оқыс шытынып, қолыңдағы қаламымен столды тықылдатты:

— Жә, кім... сен қоя тұр! Мені қорғамай-ақ қой, профессордікі дұрыс. — Содан соң сөйлей отыра төмен қарап, алдындағы экзаменаторлар тізімінің ішінен жаңағы кісінің фамилиясын тауып тұсына сұрақ қойды. — Рас-ақ, біздің бәрімізге де зор сенім жүктелген. Бәріміз бірігіп ақтаймыз соны. Дұрыс па, профессор?

Мусин енді райланды:

— Дұрыс.

— Дұрыс болса, мәжіліс жабық.

31

...Бірақ Мусин дұрыс істемеді.

Айбар геология факультетіне түсетіндерден емтихан алып жатыр.

Біреулер риза боп шығады:

— Әділ адам. Білгеніңе ғана қояды.

— Кісі танығыш-ақ.

Біреулер ренжіп шығады.

— Түріне қарасаң жап-жай, мінезі қандай қатты өзінің!

— Бағаға сараң-ақ екен.

— Жылмиып отырып, жаман қоя салады.

Айбар аудитория ішінде, бұл сөздердің бірін де білмейді, білсе де елемес еді, қарсы алдындағы бала жігіттің суреті жапсырылған кішкене қағаздағы фамилияны ажырата алмай, ежіктеп қалды:

— Шай... жоқ, қалай дейді? Шананов па, Шапанов па?

— Жоқ, ағай, Тапалов болар.

— А, солай ма? — деп, ол аз кідірді де, міңгірлей сөйледі: — Не деген салақтық! Қабылдау комиссиясындағылар жазды ма? Осындай да жазу болады екен: "т" шалқалап түсіпті, ал мынау "п" мен "л" бірінен бірін айырғысыз, әшейін екі ирек қана.

Ол өз ойын көпке білдірмей отыра алмайды; әлгі қағазды аудитория ішіндегі қалған төрт балаға түгел көрсетті:

— Жігіттер, мынадай мәдениетсіздіктен сақ болыңдар, әр әріптің жұртқа мәлім, үкімет бекіткен белгісі бар, оны дұрыс жазу керек. Сауаттылық содан басталады.

Айбар қағаздағы "физика" деген сөздің тұсына әдемілеп анық етіп: "17.08.50", "жақсы" деп жазды да, қатарына қол қойды: Сафин.

Әзірленіп отыргандардың бірі жауап беруге келді. Тапалов шыққан есіктен басқа бір бала кірді де, жаутаңдап тұрып і алды. Айбар алдындағыларға қарады:

— Жаңа соңы біздер деген жоқ па едіңдер?

— Біз бұ жігітті тапсырып кеткен болар деп ойлағанбыз. Алфавит бойынша алда еді.

— Жарайды, кел, билет ал!

Бала стол жанына келді. Стол үстіндегі ұзынша ақ билеттер сыртын ғана тосады. Іші жұмбақ. "Қайсысы не сұрағалы жатыр екен?". Бала қабағын қыртыстап, көзін жыпылықтатып, көп тұрды.

— Ала ғой біреуін.

Бала сасқалақтап Айбарға қарады. Денесінде аздаған діріл бар. Жұмулы алақанында мынау билеттің қарымындай, шиыршықталған қағаз; сып етіп Айбарға ұсынды.

— Бұ не?

Жаңа ғана жұмсақ отырған Айбар жүзін тез суытып алды, балаға сезіктене қарап, тағы сұрады:

— Бұл не?

Балада үн жоқ.

— Бұ не деймін?

— Ағай беріп еді.

— А-а!.. Кім ағай ол?

— Мусин ағай.

— ?

Айбар орнынан тұрды. Кімге ренжірін білмеді. Екі қолын артына ұстап жүріп кетті.

Бала да не істерін білмей тұр.

Айбар кенет токтай қап, даусын зорға баяулатты:

— Жақсы, сен саспай-ақ қой. Қағазды қалтаңа сал, ағайыңның өзіне қайтарарсың. Ал, емтихан тапсыруға келген болсаң, билет ал.

Бала алдынан лақтырылған таскесектен басын қорғағандай иегімен иығын түрте кілт бұғып, жалт бұрылды да, шығып кетті.

32

...Бірақ Мусин дұрыс істемеді.

Сол күні кеште өзі басқаратын жалпы геология кафедрасына келді. Кабинетте лаборанты Зифа ғана отыр. Төрдегі столына қарай жүрген профессорға күлімдей көз тастап, қозғалақтап қалды. Бұл да жымия сүзілді: пенснесінің үстінен жалт ойнағандай еді.

— Зифаш, қалған балаларды осында шақыра қойшы.

— Олар қайда еді?

— Төменгі аудиториялардың бірінде болар. Бағана емтиханды со жақта алып едім.

Зифа Мусинге жақындап келді:

— Сізді көрмегеніме үш күн болды.

— Рас-ақ. Үш күн бойы емтихан қабылдаумен жүрмін. Болашақ геологтерді математика сынынан өзім өткізіп, өзім іріктеп алайын деп келісім бере қойып едім, бәле болды...

Зифа тағы да жақындай түсіп, Мусин отырған столға шынтақтай еңкейді. Мусиннің денесі шымыр етті.

— Жәке, — деді Зифа, — менің бір сіңілім түспек еді, алдыңызға келер, бірдеңе етіп...

Мусин қаламын алып, бір жапырақ қағазға жазбақ болды:

— Фамилиясы қалай?

— Менікі ше?

— Ә, жарайды. Шақыра қойшы балаларды, қалғанын осында алайын. Бүгін бітіремін.

Зифа есікке қарай кете берген, Мусин тоқтатып алды:

— Айтқандай, өзің осында боласын ғой?

— Жоқ, кетем.

Профессордың пенснесінен тағы жалт ойнады:

— Мені күте тұрсайшы, бірге қайтармыз.

Зифа есіктен күліп шықты.

Телефон сылдырады. Мусин трубканы алды:

— Бұ кім? Сафин? Ә-ә... Айбармысың, өзіміздің бала екенсің ғой, жақсымысың, қалқам? Иә, иә, мен едім. Ых- ых-ых!.. Қайтейін, қазақ баласы ғой! — Айбар қатаңдау кеткен болса керек. Мусиннің қабағы қалыңдай бастады. Күлкісі де кілт тиылып, денесінің селкілдеуі де басыла қалды. Трубканы үнсіз, ұзақ тыңдады. Ақыр аяғында: — Әй, бала, сен шолтаңдама бүйтіп. Көргенбіз сендей шолақ белсендіні, һа?! Әй, үйретейін деп пе ең мені? Жетті! — деп, трубканы тасыр еткізіп қоя салды да, есіктен кіре берген Зифаға қарады:

— Неше бала қалған екен?

— Он шақты.

— Кірсін. Үшеуден кірсін!.

33

...Армановқа кеп тіреліп жүрген әлгібір ұрыстың аяғы еді.

— Сізге айтар ештеңе де жоқ, — деп Арманов шынымен қиналды, — сізге не айтуға болады? Ақыл айтуға болмайды, құр ұрыс-керістен тағы ештеңе шықпайды.

Мусин мысқылдай күлді.

— Сонда не істемекпіз?

Арманов ойлана тұнжырап отырды:

— Меніңше... Білмеймін. Қиын боп тұр...

— һа-а! Не дейді?!

— Дейтінім сол, сіздің бәріне бейтарап құлқыңыз, әбден бойыңызға сіңген либерализм...

Мусин арғы жағын тыңдаған жоқ; ызамен күйіп, портфелін сарт-сұрт жауып ап, соның жетегінде дедектей жөнелді. Есіктен атыла шығам дегенде жуан портфель арғы жақтан бері кіргелі келе жатқан Сашаға соғылды да, жерге торс ете түсті. Саша пілдей маңқиып орнынан тапжылмай таңдана берген; профессордың портфелін Тайман көтеріп әперді. Мусин сасып қап, не Семеновтан кешірім сұраудың ретін таппай, не Дәуреновке рақмет айтуды қапелімде қаперіне ала алмай, амандасқаны ма, әлде "осыларың дұрыс" дегені ме, әйтеуір жалтыр төбесін екеуіне екі жарқ еткізді де томпаңдай берді. Адымы ашуланып ашылады.

Тайман мен Саша деканның түтеген кескінінен долбарлап, Мусин екеуінің ренжіскенін аңғарды.

— Не жұмыспен келдіңдер? — деп, декан суықтау сұрады.

Бұлар машинкаға басылған телеграмманың текстін ұсынып, Армановқа қол қойғызды. Қабеннің адресіне сол телеграмманы жолдап, оған қоса ақша салатындарын айтты. Декан тез жылыды:

— Дұрыс істеп жүрсіңдер, ұйымшыл жігітсіңдер. Өте жақсы! Бұларың өз достарыңа ғана емес, бізге де көмек, қолқабыс. Мысалы, мен қазірге дейін Оразовтың қай орында екенін білгенім жоқ. Осында деп жүрмін...

Мұнан кейін Арманов екі студенттен биылғы практикаларының жайын сұрады. Екеуі де жақсы өткізгендерін айтты. Ақпарларын кафедраға кешікпей дайындап тапсыратыңдарын, ал, геологиялық карталары дайын екендерін айтты. Декан райлана тыңдап отырған; жалғыз-ақ бұл екеуінен Мусиннің Ембіде практиканттардың басы-қасыңда болмағанын естігенде шұғыл сұстанып, қабақ түйіп қалды. Тайман, бұл тұста біраз шешіліп, Мусин жөніндегі өз пікірін айтып, оны Саша қоштай бергенде, Арманов өзінің профессорға деген әлгі ашуын бұлардан көзбе-көз жасырып, сырттай салғырт қана:

— Жақсы, жігіттер, бұл өз ойларыңыз ғой... — деп сағатына қарады. — Көпшілігі белгілі пікірлер. Мүмкін, кейін тыңдап көрерміз, қазір менің уақытым болмай отыр, ректоратқа асығып отырмын. Басқа шаруаларың жоқ па еді?

Екеуі де деканға өздерін қоштата алмай, кабинеттен қынжылыңқырап шықты.

34

Геология факультетінің бірінші курсындағы тұңғыш лекцияны Профессор Сапаров оқыды.

Жасы елуден аз-ақ асатын Профессор Сапаров ерте қартайған: сұлу шоқша сақалынан басқа бет-жүзінің бәрі әжім. Көзі қат-қабат жиырылған қыртыстар арасынан әрең сығырайып көрінеді. Бірақ көзілдірік кимейді. Әжімін қолымен жазып тарататыңдай, кең маңдайын ақ бурыл шашына қарай жиі сипап, дем алмастан сөйлеп тұрды. Аудитория есігінен сөйлеп кірген, содан лекция уақыты біткесін де сөйлеп шығып бара жатты.

Бес минут үзіліс кезінде Профессор деканатқа бармады. Қолға ұстар жері өзі сияқты бір сақалды кісіге ұқсаған әдемі трубкасын темекіге сықап ап, дәліздің бір шетіндегі ашық терезе алдына барып тұрды. Көзі ешкімге түспейді, аяғының басына қарап, ойланып тұрды; қашаннан өзі шұғылданып жүрген бір үлкен зерттеуінің жалғасын ойлағандай.

Кіруге қоңырау соғылғанда трубкасын шұғыл сөндіре бере жалт бұрылып, әлгіде ғана өзі шыққан аудитория есігін кайта ашты да:

— Сонымен, осы күнгі геологияның ғылым ретінде қалыптаса бастауы он сегізінші ғасырдың екінші жартысы... — деп, бағана аяқталмай қалған пікірін жалғастыра кіріп келе жатты.

Бұл профессордың өзі оқитын теориялық курсының кіріспесі еді.

Нәдия алдыңғы қатарда отырып, профессорды бар ықыласымен тыңдады. Оның аузынан шыққанды түгел жазып алғысы-ақ келеді, бірақ үлгіру қиын.

Кең аудиторияда профессордың майда қоңыр даусы өктемдік етеді, басқа қатқыл дыбыс жоқ. Жым-жырт тыныштық. Тек кейбір қатты басып жазатыңдардың қаламұштарының қағаз бетіндегі әлсіз шиқылдары ғана естіледі.

Профессор сұлу сүйір сақалын иегімен қозғап, үзбестен сөйлеп тұр. Анда-санда кеудесін кере дем алып барып, сәл тоқтайды. Алдында, кафедра үстінде былғары папка, үш-төрт том, бір-екі дәптер жатыр. Дәптер үстіне сақалын қадап, "шал-трубка" жатыр. Ал, Профессор сөйлеп тұр.

Ол дәптерге де, кітапқа да қараған жоқ. Әжім басқан ақылды көзімен аудиторияда өзін тыңдап отырған алпыс студентті шола сөйлеп тұр. Көзі ешкімге тоқтамайды: қараған сияқты, бірақ көрген сияқты емес.

Нәдия бір нәрсеге таң қалды: осы Профессор қанша қағазға қарамай сөйлесе де, сөзі соншалық жинақы, соншалық мағыналы. Және ойланбай ағытып, лекіте сөйлейді, бәрін әлгіде дәлізде тұрып, бес минут ішінде ойлап, жүйелеп алғандай.

Білімдар кісі!..

Нәдия Профессор Сапаров жөніндегі жақсы ойын екінші үзіліс кезінде Нағимаға айтты. Нағимамен бүгін осында танысқан беттегі өзінің өзі туралы айтқан біраз байлауынан бас тарта жаздағандай еді.

— Мен енді Москваны армандауды қоя тұрсам деймін.

— Бәсе, — деп құптады Нағима, — "Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала" деген, сенің мұнай институтына түсе алмадым деген өкінішіңді мен де онша орынды көрген жоқ едім.

— Рас, — деп райланып тұрды Нәдия. — Сапаров ғұлама ғалым. Дегенмен, мен инженерлік мамандықты жақсы көрем.

— Оныңа кім қарсы, болсаң боларсың.

— Қалайша? Геофак геологтар ғана дайындайды ғой.

— Мүмкін, Москваға жіберген хаттарыңнан жөн жауап келер дегенім ғой.

— Аһ, иә? Мүмкін... Қойшы, мейлі, мен енді әрілесе сол мұнай институты қабылдамаса да қайғырмаймын.

Нәдия университетке сүйсіне, әрбір жаңа лекторды зор үмітпен, асыға күтті.

— Екінші лекция кімдікі еді?

Нағима аудиторияға жүгіріп кіріп, бір дәптерінің мұқабасына көшірілген сабақ кестесін алып шықты:

— Екінші лекция... екінші лекция Мусиндікі.

— Ол кісі де Профессор ма?

— Профессор.

35

Аудитория есігінен буаз портфель бұлт етті де, ізінше ақ жібек шалбардың бір балағы мен ақ кенеп ботинка кірді. Бұлардан сәл кейін көрінген сарғыш қияқ қалпақтың астыңдағы төртбақ адам үнсіз жымиып, күліп келе жатты.

Нәдияның жанында отырған Нағима күңк етті:

— Мына кісінікі не күлкі?

Нәдияға бұл күлкі тосын әсер туғыза қойған жоқ: несі бар, мүмкін өз ісін қуана атқарып жүретін адал, ақжарқын, немесе студенттер коллективін қатты ұнататын көпшіл, мейірбан, не өз тереңіне өзі риза, сондықтан кейде сырт себепсіз-ақ жадырап күліп алғанды жақсы көретін адам, иә болмаса жай көңілшек-ақ болсын, оның не ерсілігі бар?! Әр адамның өзіне тән өзгешелігі болмай ма? Әркім өзгеден сонымен ажыратылмай ма?

Адам дегеніңіз бір автозаводтан шыққан, қазір қалаларымыздың кең көшесінде қаптап жүрген бір маркалы жеңіл машиналар емес. Адам дегеніңіз осы қаладағылардың көбі күнге қалқа етіп, басына киіп жүрген бір тектес, сарғыш қияқ қалпақ емес. Ондай қалпақтың бірі міне, мына кісінің де басында жүр.

— Нағима, кестеңді қарашы, мына кісіні кім деп едің жаңа?

— Профессор Мусин, — деп сыбырлады Нағима.

Дұрыс-ақ. Несі бар, өзі профессор! Бойы тапал демесеңіз өңі онша келіссіз емес. Ал, Нағимаға керегі осы болса, міне күлкісін де тиды. Бірақ тым тез өзгереді екен: орындарынан дүр сілкіне тұра кеп, қайта отырып жатқан студенттерге бұл кісі енді пенсне үстінен сүзіле, аса паң қарап қалды. Міне, ол лекция оқитын кафедра жанына келіп, жалтыр басын жарқ еткізе қалпағын алды да, қоятын таза жер іздеді. Кафедра тұрған стол үстінде борлар жатқан. Мусин стол үстін ақырын үрлеп еді, ақ селдір тозаң лап беріп, профессордың қарсы алдында отырған бір-екі студентті оқыс шалқайтып қалды.

— Кешірерсіздер, — деп Мусин жұп-жұмсақ қана бас мді, бірақ қызық: бұл тұста паң түрін бұзып, жүзін жылытқан жоқ, көз қиығын көп студенттің арасында әлгіде ғана келіп отырған бір кексе әйелге қадай берді.

Профессордың ойына не түскенін кім білсін, кеудесін кенет күрсіне босатты да, жуан портфельді сарт-сұрт ашты. Одан бірер сарғыш дәптер, бір парақ ақ қағаз алды. Ақ қағазды столға жайып, оның үстіне қалпағын қойды. Содан соң Мусин ақ бешпетінің қалтасынан қол орамал алып, соның бедерлі бұрышымен тершіген маңдайын, езуін, мұрнының ұшын сүртті.

— Кешірерсіздер, әдетте өзі бірінші кірген аудиторияға чектор өзін таныстырады, — деп Профессор әлгі әйелге және бір қарады.

Нәдия ойлады: "Өзін таныстыру шарт па екен?"

— Мен Мусин деген профессормын, — деп, енді бұл әлгі әйелге түйіліңкірей көз тастап, қуыстана сөйледі: — Өзі де айтқан болар, әлгіде ғана менің алдымда болған кісі де профессор...

Біреулер әр жерден:

— О кісі өз атын айтқан жоқ.

— Есіктен аттай бере лекция бастады.

— һе-һе-һе, ж-жақсы-ақ өзі!..

Енді біреулер мұрнымен міңгірлеп:

— Ол кісі өзін лекциясымен танытты, — десті. Профессор бұл сөздердің бірін де естіген жоқ. Бірақ осы сөздердің бәрін естігендей әлденеге ашуланғаны байқалады. Әйелге енді оқты көзбен қарады...

Мусин лекцияға көбіне әзірліксіз келетін. Оның түрліше себебі бар: бір оқу орнында бір пәннен талай жыл табан аудармастан сабақ беру кейде еріксіз зеріктіретін болса керек. Содан соң бұл анау-мынау емес, Профессор ғой! Алып-жұлып бара жатқан, немесе жарқыратып ашып тастай қойған ғылымдық жаңалығы болмағанмен, бір басына жетерлік жаттандылары бар. Әрілесе, студенттерге соны айтса да жететін сияқты. Ақыр аяғында, қанша дегенмен, жылысып өтіп жатқан жылдар да тек кетпейді, тасты мүжіген толқын сияқты емес пе? Мусин қанша қасқиып бақса да қайратын шайып, жұқартып келе жатқандай ма, қалай?.. Арманов дегендерің күні кеше бұ кісінің өзінен оқыған бала еді. Бұл қанша шалқалағанмен анау қояр емес; бүгінде ақыл айтып жүр. Университеттегі ғылыми конференцияларда екеуі қатар баяндама жасай қалса, Арманов батыл сөйлеп, мінбеде еркін тұрады. Аудиторияны түгел өзі үйретіп тұрғандай. Мусин болса, кімнің қай жағынан шығам деп, кібіртіктей береді, шамадан тыс сақтықта зиянды болса керек...

Студенттер арасына келгенде Арманов сияқтылардың қағазы сытырлап тұрады, кітаптың жаңа парақтары сияқты. Ал, Мусиннің алдында бұдан он жыл бұрынғы сарғыш дәптерлер жатады. Армановтар студенттерге айтарын ойдан өткізеді; Мусин үшін әлгі сарғыш дәптер бетін пенснемен бір сүзіп шықса бітіп жатқан тәрізді.

Мына ғажапты қараңыз: әлгібір бейтаныс әйел басын тұқырып ап, әлденені айдақтата жазып отыр. Аудиторияда адам аузы ашылса болды, әйел қолы жорғалай жөнеледі.

Бір студент орнынан тұрып, алдыңғы қатардағы бос орынды нұсқап:

— Ағай, анау жерге отырайын ба? — деп еді, әйел мұны да жазып алды.

Әлгі баланың түрі Арманов сияқты екен. Мусиннің қарадан қарап тұрып ұнатпай қалғаны:

— Немене, орныңнан су шықты ма?

Бала қабағын түйіп алды. Мұнысы Армановтан тіпті айнымайды.

— Жолдас Мусин, мен тек рұқсат сұрап тұрмын ғой. Мүмкін болмаса қойдық.

Мусин мықтап шамданды: "Арманов атаулының бәрі алысып өледі, — деп ойлады, — университетке түспей жатып сүйреңдеп, пәле іздеуін қарашы!". Ал, шынында бұл баланың түсі ұқсағаны болмаса, Армановқа мүлде жақындығы жоқ.

— Немене, — деді Мусин тағы да, — жолдас деп, немене, менімен асық ойнап па едің?

Студент міңгірлеп, отыра кетті:

— Қызық. Адамдар асық ойнап қана жолдас бола ма екен?

Міне ғажап: әйел осы сөздерге дейін жазып алды.

Мусин сезе қойды: "Ә-ә... бұл стенографистка болды. Қайбір дұрыс ниетпен келген дейсің, бүлдіруге келген ғой. Ой, ант ұрған Арманов-ай! Әдейі жіберіп отыр..."

Профессордың бүгінгі лекциясы сарғыш дәптерінде жазулы, әзір болатын. Бірақ жылдар бойғы қалыптасқан сөзі бір ізбен, дәл былтырғы қалпынан аумай, өзгермей айтылатын. Өткен жылы да бірінші лекцияға стенографистка кіріп, артынан көп жанжалға сол себеп болған. Армановтар мұның лекциясын "догма" деп сынаған. Енді, міне, стенографистка тағы келіп отыр. Бірінші күннен бастап тергеуге алмақ!..

Мусин ыза болды. Қазір барып Армановты түтіп жібергісі келді. Қолы дірілдеп, портфелін жинай бастады:

— Балалар, кешірерсіздер, есімнен тарс шығып кете жаздағанын көрдің бе, менің бір аспирантам қазір диссерация қорғамақ екен-ау...

— Бұдан не түсіндің? — деп, Нағима Нәдиядан таңдана ұрады. — Бұлдыратып, түтіндетті де кете берді, мұнысы несі? Жоғарғы курстағы біреулер осы кісіні "сырты бүтін, түтін" деседі екен, қандай тапқан өздері...

...Нәдия жауап орнына іштей байлау жасады: "Студенттер тыңдаушы ғана емес, сынаушы да ғой!"

36

— Алмас, қайдан келесің?

— Көріп тұрсың ғой.

Рас, көріп тұр: Алмас моншадан келеді. Ал, "қайдан келесіңді" талай айтқанын Арынғазының өзі де аңдамай қалды.

— Арын, иіссуың бар ма? Аздап шашыма шаша кетейін деп, әдейі бұрылып келемін.

Арынғазы, асылы "бере ғойға" бар болғанмен, "ала ғойға" келгенде ылғи қиналып қалатын:

— Жоқ, болмайды.

— Ә, онда шеш аяғыңдағыны.

Шой табан сары ботинка Арынғазыны оп-оңай топ еткізіп, жалаң аяқ тастап кететіндей сықыр-сықыр етіп қалды. Аяғындағысы Алмастың ботинкасы екені Арынғазының ойына дәл осы арада түсті.

— Ойбай, шаша ғой!..

Алмас кеңкілдей күліп, кетіп бара жатыр.

— Онда сен де кие бер; бара бер, әзірше сенікі сол ботинка.

Күн кешкірген: қызғылт сәуле биік теректердің ұшар басында ғана қалды.

Арынғазы паркке асықты. Көлге барып, қайықпен жүзіп сейіліп қайтпақ еді. Онда басқа да студенттер келмек: Тайман, Саша, Қабен — бәрі де бүгін сол жерде көңілді серуен құрмақ болатын. Демалыс күнді паркте, көлде өткізу соңғы кезде студенттердің әдетіне айналған. Арынғазы артына қайырылып қарап, Алмасқа "Сен де жүр" дегісі келді де, ботинкасыз қалам ба деген күдігі бар болғыр тағы есіне түсіп, аузын жиып алды.

Парк іші серуендеген, әдемі киімді адамдарға толы еді. Көпшілігі ерлі-зайыптылар, екеу-екеуден қыдырады.

Зоопаркке баратын кең аллеяда төбелерінде көгершіндерін қаптатып, өңкей бір жасөспірімдер — мектеп оқушылары жүр. Көбінің мойнында желбіреген пионер галстугі жаңа ғана жанған электр нұрына малынып, алқызыл тартады.

Сонау кісілер қоршалаған орта тұстан көңілді музыка, әсем ән шалқиды.

Арынғазы бұлардың біріне алаңдамастан, көлге қарай төте жөнелгісі келді. Көлге асфальт аллеялармен бару үшін төрт-бес ирек доға жасай жүру керек. Бұл — ұзақ жол. Оның үстіне аллеяларда жай басқан серуеншілер арасын бұза-жара жұлқына аяңдап бара жату ерсірек те болатын.

Арынғазы көлге тура тартты. Қара көлеңкеде, қою ағаш арасында жайқалған көк шалғынды тізеден кешіп келеді.

Жұпар иісті қалың ну кешкі самалды тек Арынғазы бетіне ғана желпіп, жапырыла майысып, үстінен еткізеді де, қайта дірілдей көтеріліп, кей жері шұлғып қалып жатады.

Оң бүйірден сарқырап, төмен жосылған тау өзенінің дыбысы құлаққа келеді. Сол қанатта қолмен тізгендей әдемі ақ қайыңдар самсап, алға жылжығандай. Арынғазымен бірге жүргендей болады. Мына бір ашық алаң — ойпаң жер сап-салқын. Бұл маңда қыбыр еткен жан жоқ; парктың бір ұмыт қалғандай қимылсыз алқабы, жансыз қуысы еді. Ойында дәнеңе жоқ, адымдай аяңдап келе жатқан Арынғазының жүрегі кенет су ете қалды.

Алыстағы электр жарығы ағаш арасынан әрең жетіп, үстін әлсіз бозартқан мына бір шоқ бұтаның көлеңке жағы Арынғазы түбіне жете бергенде шұлғып-шұлғып қалды. Сол тұстың шөбі де сәл жапырыла түсіп, жай бұлаңдайды.

Арынғазы не істеудің бабын таппай, кілт тоқтап, бұға қалды. Әлгі жер тағы да құйын ұрғандай ұйтқып-ұйтқып кетті. Арынғазы биік селеу арасында жүресінен отырып, құлақ түріп еді, өзінен екі-үш адымдай ғана жерде бір-екі адам барын байқады.

Арынғазы бір ойнақы мінез тауып, "сірә, бұлар ғашықтар болар" деген оймен тынысын ішке тартып, әлі отыр. Рас, қыз бен жігіт екен, демдерін дірілдей алып, үздіге сыбырласады. Өздері соншалық бір ессіз құмарлық құшағында болса керек, сол сезіледі.

— Жабас... Жабас деймін... Түу, тіпті... — деп, тұншығады қыз.

"Жабасы кім? — деп ойлады Арынғазы. — Дәулетов емес пе? Қой, ол болмас, басқа Жабас шығар!"

Қыз тағы сыбырлады. Дірілді үнінде болмашы өкпе де, өкініш те бар, бірақ қарсылықтан құштарлық басым сияқты.

— Түу, тіпті... Жабас!..

Жігіттің ерсілеу шуылдаған демі ғана әрең-әрең үздігіп естіледі. Міне, ағаш арасы шөп-шөп етті: сүйісті.

Енді бірде жігіт ынтығып:

— Жаным... жаным... — деп қалды. — Мен алдамаймын...

"Ойбай, мынау дәл Дәулетовтің өзі болды, дәл соның үні..."

Міне, тағы сыбырлады:

— Жаным... Зәуреш!..

Арынғазы селк етті. Сұмдық көргендей шошып, тұла бойы қалтырап кетті. Ашумен айғайлап жібергісі келді.

Бұл — ардың ширығуы еді.

Ол ілгері аттай бере оңға бұрылды.

37

Саша Тайманды — өзінің терең ұқтым деген досын ұқпай қала берді. Оның ойынша, Тайман ұстамды, орнықты жігіт еді, бұл жолы мүлде ұстамсыз, орнықсыз жігіт болып кетіпті. Оның ойынша, Тайман әр нәрсеге де өз тұжырымы бар, шешімді жігіт еді, бұл жолы тұғырсыз да бұдырсыз қалыпты.

Паркке келгеннен кейін Тайман осылай өзгерді.

Әуелі екеуі жай әңгімелесіп, жалқау басып, қатар келе жатқан. Алдарынан дүрлігіп, көп студент — өздері білетін студенттер өтті. Арасында Айбар кетіп барады. Ол мыналарға бұрылып:

— Сендер бармайсыңдар ма? — деді.

— Қайда, баяндамаға ма?

— Иә.

— Қашан басталады?

— Қазір сегіз жарымда.

— Ә, әлі жарты сағат бар, үлгіреміз ғой!

Содан екеуі аллеямен көлге барды. Баяндамадан шыққанда әзір тұрсын деп, екеуі қайыққа билет алып, кері беттеді. Дәл осы жерде Тайман кенет өзгерді де кетті.

Бұлардың алдынан өзінің бір-екі серік қызымен Нәдия кетіп бара жатқан-ды. Оны Саша бұрын көріп, Тайманға сыбыр етті. Тайман кілт тоқтап, әлдеқалай бір ыңғайсыздықпен, бетінде қан ойнатып, қызарып-сұрлана қалды.

— Осы бір батылдық істейтін жерің, кездесіп қал! — деп әзілдеді Саша. Тіпті шыны да сол еді.

Тайман бұған біресе балаша қуанды: кездессем, сөйлессем, сырлассам деп қуанды. Ізінше оны көңілсіздік басты: кездесуге батылы бармады, айдаладан ұялып, қысылып-қымтырылып болды.

— Тасташы әрі, сенің аузың ғана тек...

— Сашенька, қайтейін енді?

— Не қайтетіні бар, бас сал да жолық!

— Қойшы...

— А, немене? Несі бар?

Тайман не дерге білмеді:

— Бір түрлі... ұяламын...

Саша даусын көтеріп, қарқылдап күлді. Тайман мұның күлкісінен де қысылып барады: "Нәдия естіп қойса ұят-ау!"

Осыдан кейін қызық құбылыстар басталды. Тайман өзін өзі билеуден қалды, өз сезімімен өзі әлек болды. Оңашада ойнақтап, балаша жеңілтектеніп, бас жоқ, аяқ жоқ, Сашаны құшақтай алды. Бар ықыласымен беріліп, досын жаңа көргендей жабысады.

— Қойшы, Тайман, мен Надя емеспін ғой саған.

Тайман бұған да кәдімгідей қызарып, ұялып қалады. Енді жұбаусырап, көзі жасаурап, мұңая сөйлейді:

— Нәдия алыста ғой, қол жетпейді ғой оған.

— Ох, тапқан екенсің! Жанында келе жатып жаныңды ұқтыра алмай...

— Рас... мен бір түрлі...

— Қойшы, сенің сүю сезімің қызық екен. Ескі махаббат! Тургеневті көп оқушы едің. Бірақ мсье Вольдемар да бұлай еткен жоқ. Ол Зинаидаға жетіп-ақ баратын.

Нәдия қаннен-қаперсіз, ашық сыңғыр даусымен жайдары күліп, достарымен әңгімелесіп барады. Дәл жанында жанып-күйген махаббат келе жатқанын қайдан білсін?!

— Жүр онда, — деді Саша досын қайрап, — барып амандасайық!

Тайман тартынуға Сашаның ашуынан жасқанып, үнсіз бағынды. Ол өзін соншалық бір ыңғайсыз халде сезінеді. Галстугі қисайып кеткендей көрініп, соны түзей берді. Костюмінің жеңі де күндегіден қысқарып қалғандай; шашы да желбіреп, маңдайын жаба береді. Басында самаладай жайнап шам жанған биік баған түбінен өтіп еді, асфальт үстінде көлеңкесі де тырбиып, тым ұсқынсыз көрінді: тәлтиіп, әр жағына бір бұлт етіп, домаланып, аяғына басыла береді. Жүрегі лүп-лүп соғып, ойнап кетті. Қастарынан өте берген серуеншілер әдейі осыған қарап, мұның сиықсыздығын кінәлап бара жатқандай. Әне бір кексе қатын артына бұрылып тұрып қарайды, о несі екен? Тайманды күлкі ғып бара ма, немене?..

— Қойшы, Сашенька, өтінемін, бармайықшы! — деп қалды Тайман.

— Тфу, сен не?

— Ал, ал жүр, барайық, ашуланбашы тек!..

Бірақ бұл кезде Нәдиялар ашық алаңға жиналған көп адамдардың шетіне жетіп, баяндаманың басталуын күткен.

— Енді, әрине, ыңғайсыз, — деді Саша.

Тайманның жүрегі жаңа орнықты. Еш нәрсені байыппен ойлауға да шамасы жоқ, тіпті осы паркке келгенінің өзіне бір өкініп, бір қуанды. Өкініші — Нәдиямен кездесіп қалмасам игі еді деген күдік, қуанышы — Нәдиямен кездесіп қалсам игі еді деген үміт...

38

Көл жағасы мамықтай жұмсақ көк майса болатын. Қабенге сол әбүйір болды, әйтпесе көзілдіріктен айырылып еді. Сонда да сенбей, мұрнының ұшынан ұшып түскен көзілдірігін жерден шапшаң көтеріп алып, электр нұрына күндізгідей жарқыраған аллеяға жүгіріп шықты. Амалсыз көзілдірік киетіндерге белгілі болар, осы бір аз минуттер Қабенге көз алдындағы дүниені түгел тұмандандырып жіберді. Маңының бәрі бұдан қаша жөнелгендей, қалың ағаш ұйлыға мұнартып, адамдарға дейін ор жерден көлеңкедей қараңдап қалды. Қабен аллея езуіндегі бір баған түбінде қос әйнекті, оның мүйіз сабын қайта-қайта аударыстыра қарап, әбігер болды. Әйтеуір бүтін екен. Көзілдірік мұрнының ұшына қайта қонып, бұған таяна берген Арынғазыны тартып қалғандай, қарсы алдына әкелді. Анау көңілді, күледі:

— Шынысы сау ма екен, Қабен?

— А-а... Япыр-ай, қас пен көздің арасында соқыр боп қала жаздадым.

— Өзіңде де бар, дәл бір етік тігетіндей-ақ мұрныңның ұшына киесің, көтеріңкіреп қойсайшы былай!..

— Ойбай, тиме-тиме, әдет қой!

— Е, әдет болса... Әдетті өзгертуге болмаушы ма еді?.. Өзің пәлсапашыл-ақсың, материалист емеспісің?

— Жоқ, достым, кей әдет өмір сүргіш келеді. Мысалы, темекі... иә болмаса, маскүнемдік... — деп Қабен әдетіне басып, мысал іздеп, көбейтіп бара жатты.

— Мынауың не, бұл да әдет пе? — деп, Арынғазы Қабеннің қолтығындағы екі том кітапты нұсқады.

— Жоқ, бұл әдет емес...

— Енді не, паркте серуендеп жүріп, кітап оқымақпысың... — Ол кітаптарды қолына алып қарады: — Мынауың "Анти Дюринг", мынау...

— Әдет емес, азық қой! Азық, мысалы, нан. Оны жатақта же, паркте же, бәрі бір, — деп күлді Қабен.

— Сен қашан келіп едің мұнда?

— А-а... мен келгелі қашан? Таңертеңнен осындамын. Ағаш саясын қуалап, кітап оқумен жүрдім.

— Айбарларды көрдің бе?

— Әлгіде болған мында, — деп Қабен көлді нұсқады. — Қазір анда кеткен болса керек. Мен де сонда барам.

— Қайда?

— А-а... — деп Қабен аңырып тұр; сірә, бір нәрсені ойлап, сәл бөлініп кетсе керек. Аздан соң тітіреніп, есін енді жиғандай. — Е, білмеуші ме едің, баяндама бар той бүгін, — деп, шапшаң сағатына қарады. — Міне, сегіз жарым. Жүр, жүр, қап, басталып кетті-ау...

Арынғазы Қабеннің соңында жүгіріп келе жатып:

— Қандай баяндама? — деп сұрады.

— Қызық баяндама болса керек.

— Кімнің баяндамасы?

— Обкомолдың секретары жасайды. Құлақ түрсейші, қазір естисің?

— Е, ие... білем, білем, — деп Арынғазы бүлкілдеген қалпы, есіне түсіріп келеді.

— А-а... иә, сол!

— Естіп едім. Біздің Айбар да фестивальдан келісімен әр факультетте қайта-қайта баяндама жасады ғой, сондай-ақ болар.

— Жоқ, бұл кісінікі одан гөрі қызығырақ болуға керек. Айбардан гөрі мықтырақ адам емес пе?..

Қабен кілт тоқтай қалып, еңкейе берді.

— Тағы түсіріп алдың ба көзілдірігіңді?

— Жо-жоқ! Балағымды тегіс су ғып алыппын-ау... Қайық есіп едім.

Парк ортасындағы кең алаңға жұрт мол жиналған екен: көбі өңшең жастар — студенттер. Орындықтар түгел толы, оны қоршалап, қатар-қатар дөңгелене иіріліп тұрғандары және көп. Сонау алғы бетте жартылай ашық күмбез сахна бар. Мұнда әдетте эстрадалық концерт болатын. Қазір қызыл жапқышты стол, оған жалғас үлкен мінбе қойылыпты. Столға төстерін басын, он шақты адам отыр. Арынғазы Айбарды солардың ішінен көрді. Жиын да жаңа басталған екен. Баяндамашы — сұңғақ бойлы жас жігіт, — мінбеге шығып сылқ сөйледі. Оның жай үні қатты күшейткіштермен бүкіл паркті түгел жаңғыртып, әр түкпірде-ақ күңгірлей қайталанып жатты.

Баяндамашы сөзді бүкіл дүние жүзілік фестивальға қатысқан адам санынан бастап, қай халықтың өкілдері қатысқанын, қанша кенцерт, қанша кездесулер болғанын, фестиваль достық ұғысулар жағдайында өткенін, бейбітшілік үшін күрестің тамаша екендігін айтты. Қабен мен Арынғазы жарты сағаттай тыңдады. Бір қарағанда баяндамашының логикасы түзу, сөзі ұстамды, сөйлем құрылыстары да жөндем; бірақ тіпті тартпады. Бұлардың күткені бұл емес еді.

Қабен кітабын қолтығына қыса түсіп, міңгір-міңгір етті:

— Мынауың не соғып тұр?

Арынғазы да қоштады:

— Шіркін-ай, қандай қызық тақырып, қандай сүреңсіз баяндама, а?..

Екеуі жұрт арасын көзімен де, аяғымен де шарлап жүріп, Тайман мен Сашаны тауып алды. Бұл екеуі де баяндамашыға ренжіп тұр екен:

— Мынадан біздің Айбардың баяндамасы қызығырақ еді.

— Түу, қандай көңілсіз адам еді мына кісі, мен обкомолдың секретары болғанға...

— Әп-әдемі боп, айтып тұрғанын...

Қабен бір алақанын жайып жіберіп, жекіре жөнелді:

— Комсомолдық ұшқын, от деген болмаушы ма еді?

— А, достым, — деді Саша. — Көрдің бе, адам жүрегіне жол табу деген оңай нәрсе емес!..

Қабен ыңырқанып, күрсініп алды:

— Достық... Бейбітшілік... Өмір... Не деген ғажап сөздер! Мына жолдас осыларды қандай стандартқа апарып тұр.

— Қайтсін, әйтеуір кезекті көп "шаралардың" бірін өткізу парыз болған ғой, ертең жұмыс істедік деу үшін делоға тіркеуге керек қой, — деп Арынғазы жолдастарын бір күлдірді.

39

Сентябрьдің үшінші жетісінен бастап Профессор Сапаров университеттегі қабылдау сағатын тағайындады.

Кеше кештегі соңғы лекциядан кейін төртінші курске лаборант кірген:

— Биылғы практикадан қорытқан ақпарларың дайын болар?

— Дайын, — дегенді көп адам айтты.

— Профессор Сапаров таңертеңгі тоғыздан он екіге дейін қабылдайды.

— Күн сайын ба?

— Күн сайын. Профессор Петрография кафедрасында болады, сонда әкеліңдер!

Бұған студенттер қуанысып қалды. Тайман да қуанды: әркіммен ауызекі келісіп, пәлен сағатта кел дегеннен осындай тұрақты қабылдау сағаттары белгіленгені жақсы. Профессор биылғы оқу жылының басында Ғылым академиясында, оның зерттеу институттарында баяндамалар жасап, диссертация қорғаған бірнеше адамға ресми төреші болып жылдағы қабылдау сағатына тұрақтай алмай келген. Сапаров өзі жетекшілік етіп жүрген төртінші курс студенттерінің ақпарын, әсіресе геологиялық картасын қорғауға жібермес бұрын өзі тексеріп шықпақ еді. Енді міне, әркім әлгі сағаттарда қалаған күніне Профессор тезінен өту үшін баруға болады. Оған "неге кешігіп жүрсің?" деп ешкім ұрыспайды. Әйтпесе, салғырттықты, салақтықты сүймейтін іскер Профессор өз айтқанын да қатты ұстанатын адам.

Тайман Сапаровка асықты: жатақханадан жүгіріп шықты. Соңғы күндерде кенет лап етіп, бойын баурап алатын оқыс сезім тағы тап болды.

Көшеде тізілген қалың ағаштың көлеңкесімен күннен жасырына жүрді. Арман екені, үміт екені, қуаныш екені, мұң екені белгісіз оқшау сезімін жұрттан да жасыратын секілді, алдынан кездескен көлденең адамдар тура қараса, бұл қысылып, көзін тайғызып әкетеді. Сүйте тұра, солар арасынан бір асыл жан, бәрінен артықша қасиетті жан шыға келмес пе екен деп, дәмелене, ұрлана қарайды. Жоқ, ол кездеспеді.

Тайман университет есігін жасқанып ашты, өзіне қарсы шығып келе жатқан бір қызды әлдекімге ұқсатып жүрегі лүп ете қалды. Жоқ, ол емес екен. Тағы да қызық сезім: әлдекімді көргісі де келеді, кездесіп қала ма деп қымсынады да...

Петрография кафедрасына бұрылған жолында тоғызыншы аудитория — анау күнгі кеште өздері ән салған аудитория қалып барады. Бұл Тайманға аудитория атаулының бәрінен ыстық көрінеді; есігін ашқысы келді. Ішкі жақтан қатты сөйлеп тұрған оқытушының даусы естілді: лекция жүріп жатыр. Тайман селт етіп, шегініп қалды да айнала жаутаңдап қарады.

40

Петрография кафедрасының кабинеті ортадан қатар қойылған үш-төрт шкафпен бөлулі екі бөлме болатын. Әйнекті шкафтардың іші толған түрлі түсті минералдар: бір шағын қуыста шкаф әйнегінен ажыратып алғысыз, шыны түстес кварц жылтырайды. Шкаф үсті айқыш-ұйқыш тіркесіп жатқан кристалл, немесе ион решеткаларына толы еді.

Төргі бөлмеде микроскопқа үңіліп Профессор Сапаровтың өзі көбіне жеке отырады. Ал, студенттерді, аспиранттарды бергі бөлмеде қабылдайды.

Бүгін Профессор екі-ақ адам қабылдады. Бірі — Арынғазы. Оның биылғы практикада жүріп жасап әкелген картасы Сапаровты қанағаттандыра алмады. Арынғазы картаға түсірген жер жыныстарының көбі жай долбар ғана, басқа бір картадан ойсыз көшіріле салғандай көрінді. Кей жыныстың құрамын дұрыс ажырата алмаған қате түсінігі де аңғарылады. Дегенмен, Профессор оны бұл үшін сөккен жоқ. "Мұның қалай, шырағым-ау?" деп біраз таңданып отырды да, Арынғазыны қолынан жетелеп, төргі бөлмеге апарып, алдына микроскоп қойды:

— Сен мынаны қара! Микроскоппен қара! Құрамында пе бар, түгел айырып шық, — деп, шкафтан әлгі Арынғазы ажырата алмаған жыныстың бір уыс ұсақ қиыршықтарын алып берді. — Асылы, өзің жалқау, бойкүйездеусің бедеймін, әйтпесе осыны білуге әбден болады, тек ояу ой, ұйқысыз көз керек...

Содан соң Сапаров алдыңғы бөлмеге қайтып кеп, Александр Семеновтың әкелген картасын қарады. Саша Жемнен арғы Шұбарқұдық маңындағы бір бұрғылау участкесінде үш айға жуық өндірістік практикасын өткізіп, бір тайыз скважинаның мұнайлы горизонттарын түгел қағазға түсіріп әкелген. Оны профессорға келмес бұрын Тайман екеуі талай талқыға салып, Тайманның картасымен салыстыра тексеріп алған. Тайманның геологиялық картасында "бірегей бұрғылау" деп аталатын терең скважинаның жер астыңдағы екі жарым мың метрлік қыртыс-қабаттары түсірілген. Мұнда Сашаның картасында көрінбейтін жыныстар, горизонттар көп. Екеуінің картасында да осы күнгі және геология тілінде "четвертичный" деп аталатын дәуірде пайда болған жер қабаттары, немесе плиоцен, миоцен, эоцен, олигоцен пластары бор қабатына дейін бірдей ұқсас; бірақ Тайман одан әрі тереңдеп, юра, триастың талай қыртыстарын белгілеп көрсетті. Тіпті бұлардан да тереңірек барып, пермь, карбон қабаттары жайында бірер гипотеза ұсыныпты. Мұны көрген Саша:

— Ай, осынында шүбәм бар, — деген.

Тайман өзінікін мығым дәлелдейді; ғылыми топшылаулары да дұрысқа келеді. Сонымен екеуі "не де болса Профессор көрсін" деп келіскен.

Тайман келгенде Профессор кафедраның сол бергі бөлмесінде Сашаның картасын көп ескертпесіз мақұлдап, зер сала қабылдап алып, енді келесі студентті күтіп отыр екен. Бұл кісінің өзі әңгімеші-ақ. Кішкене бос уақыт тапса, іс үстінде түнеріңкі жүзін тез жылытып, қасыңдағыға үлкен демей, кіші демей, оз ойларын айтып, не өз басынан өткен қызық-қызық жайларды ұзақ сөйлеп отыратын. Қазір де Сашамен ықыластана сөйлесіп отыр. Маңдайын жұмсақ алақанымен жиі сипап, трубкасын бұрқырата тартып, әдеттегісінен жадыраңқы, жақсы серпінмен отыр. Әңгімесі өзінің Москвада, геология институтыңда оқып жүріп, академик Карпинскийді тыңдағаны жөнінде еді. Оны айтуына Сашаның әлгібір әзірдегі бір ауыз сөзі себеп болған-ды. Сашаның практика кезіндегі ісіне риза болған профессор:

— Дұрыс, Семенов, уақытты жақсы өткізіпсің, — деп, оның өзі қабылдаған картасын стол суырмасына салып жатып, бір игі ниет көрсеткен: — Сен, содан соң Дәуренов сияқты студенттер маған үлкен үміт күттіреді. Өйткені сендерде байсалды, нығыз мақсат бар. Адам болам, маман болам деген жас үшін мақсат, дұрыс мақсат керек, — деп біраз отырды: — Осындағы бірқатар студенттерден анық мақсат аңғара алмай ыза боламын. Кейбіреулер тек диплом алсам болғаны деп ойлайды. Жо-о-оқ, жолдас... Онымен алысқа бармайсың! Мақсат, дұрыс мақсат керек. Адамды алға сүйрейтін — анық ірі мақсат қана... Ал, сендер, меніңше, шын геолог боласыңдар. Тоқта, шын геолог деген кім? — деп, қабағын түйе, толғана сөйледі: — Ол — дала шежіресі. Шіркін, далаға не жетсін! Нағыз геологке бар-ау, кең дала, тау-тас, өзен-көл болса болды, басқа қызықтың түкке де керегі жоқ. Аттасаң, сырласасың, жүр солай... Жалғыз-ақ сырыңды елге айт, іске жарат!

Саша бас изей мақұлдады:

— Дұрыс айтасыз. Тек жер сыры терең ғой, жеткізе бермейді ғой.

— Оған соз бар ма, қазіргі геология Ломоносов кезіндегі і геология емес. Ломоносов кезінде оны білем деуге болар еді, ашылған сыр азаң еді, ал қазір сен, сен емес мен, мен түгіл, Карпинский тірі болса, сол кісінің өзі де бәрін білдім дей алмас еді. Ақыры сол ұлы адам да білгенімнен білмегенім көп деп кетті ғой. Бірақ бұл білмеуге право бере ме? Жоқ! Білу керек, білуге талпыну керек!

— Өз ойымыз да сол, — деп қоштады Саша, — қайдан білейін, соғыспен жүріп біраз жылымды өткізіп алдым, жас отызға таянды, әлі студентпін.

Профессордың Тайман келгенде айтып отырған әңгімесі Сашаның осы пікірінен туған еді. Есіктен рұқсат сұраған Тайманға бас изеп, Сашаның қасынан орын нұсқады да, сөзін үзбеді:

— ...Кең залда толып отырмыз. Көбі — ірі ғалымдар. Араларында тек Кольск түбегіне практикаға барып қайтқан бір топ аспирант қана бармыз. Вернадский мен Архангельскийдің қызық баяндамаларын тыңдадық. Мәжілістің аяқ жағы еді, баяндама бойынша сөйлегендер де көп. Енді кім сөйлер екен деп отырмыз. Бірде, екі жағындағы екі академиктің иығын қолымен таянып, президиумда отырған Карпинскийдің өзі көтерілді. — Сапаровтың өзгеше бір райлы реңінен ұлы ғалымға деген бар ықыласы сайрап білінеді. — Әлі есімде... Александр Петрович қысқа сөйледі. Ал енді бар-ау, — Сапаров көзін тас қып жұмып алды: — ғажап сөйледі. Сондағы бір пікірін айтайын. Естеріңде болсын, сол отыз бесінші жылы, ұмытпасам Александр Петрович сексен сегіз жаста, сақал-шашы аппақ аққу десе де болғандай. Ал, Вернадский, сендер білесіңдер ғой, кәдімгі геохимияның, биохимияның негізін салған минералог, кристаллограф Вернадский, Владимир Иванович бар емес пе, — ол — алпыстың үстінде, академик Архангелський де алпысқа келіп қалған. Соларға қарап тұрып Александр Петрович былай деді; бір өтірік болмасын, мынаны айтты: "Сендер баласыңдар әлі..." — Сапаров креслода шалқая бере рақаттана қарқылдап күліп алды. Саша мен Тайман қосыла күлді. — Дәл осы: сендер баласындар әлі, деді. Жетпістен аспай кабинетке кірулеріңе қарсымын, далада болыңдар, тауды кезіңдер, құланша ойнақтап жүріңдер, деді. Теңіздің астын тіліп қараңдар, кезіп кетіңдер дүниені деді. Мен сендерден өз ғұмырым жетпеген жаңа сырлар күтемін деді...

Профессор Сашаға көзін кең ашып, қадала қарады:

— Ал, қалай екен?.. Сен отызға келгеніңді айтасың. Александр Петрович алпыстағы кісіні бала деп кеткен адам. Білім жолында қарттық бола ма екен?!

Саша демін терең алып, орнынан ойнап тұра келді. Кабинеттен қазір шығып, дала кезіп кететін адам тәрізді.

— Жә, қош, мен енді Дәуреновпен қалайын, — деп Сашаға қолын ұсына берді де, Профессор анау жақта Арынғазының отырғанын осы арада ғана ескерді. — һой, әлгі баланы ұмытып кетіппіз ғой, жүріңдер барайық, не бітіріп қойған екен.

Тайман мен Саша профессордың соңынан еріп, шкафтан арғы екінші бөлмеге кірді.

Арынғазы тым-тырыс, еңсесін сала микроскопқа үңілген қалпы, бұларға сыртын бере терезеге қарап, үнсіз отыр. Өз ісімен өзі боп, микроскоп шынысының астыңдағы аз ғана қиыршықтың сырын жападан-жалғыз қызықтағандай, өзге тіршіліктің бәрін ұмытқан. Тырп етер емес, бұлардың кіргенін де сезбеді, жауырынын қайыстыра желкесін күдістендіріп, үлкейткіш шыныдан сығалап қалған.

Ашық терезеден еміс-еміс білінген самал Арынғазының жұп-жұмсақ төбе шашын ғана желпіп, сәске шуағы алдынан аймалайды. Арынғазы микроскопқа қыбырсыз қадалады, әдеттегіше мұрнын да тартар емес.

Профессор риза болды. Аяғын дыбыссыз басып, артына қайрыла сыбырлады:

— Көрдіңдер ме, аумаған ғалым. Бағана аздап зекіп едім өзіне. Тым балғын ғой, алаңғасарлау. Енді көріңдер, қадала қалыпты. Түбінде бар-ау, осы мықты болады.

Өзін мақтағанды кім жек көруші еді. Сапаров қанша баяу сыбырлағанмен Арынғазы естігендей-ақ еді, бірақ ол әлі селт етер емес, мақтай түссін деп әдейі қыбырсыз отырғандай. Микроскоптан маңдайын көтермейді.

Профессор жанына келіп, әкелік мейіріммен оның басынан сипады:

— Ал, шырағым, не бітірдің?

Арынғазы бұған да міз бақпағасын Саша секем алып, оның алдына еңкейіп еді, мұрны ғана пысылдайды.

— Мәссаған безгелдек! — деп қалды Саша. — Бұ кісі бітірген екен жұмысты.

— А, — деп Сапаров та қолын қалақай қарығандай тез тартып алды, — немене, не ғып отыр?

— Қап, құдай-ақ... ұйықтап қапты.

Театрдан түн ортасы ауа қайтып, ұйқысы қанбай; таң ата мұнда келген Арынғазы терезеден түскен шуаққа маужырап, қалғып кетіпті. Микроскопта көзі емес маңдайы тіреулі тұр. Тіпті жайбарақат, демін кең алып, рақаттана тыныстады.

Тайман мен Саша сақылдап, шек-сілесі қата күлді. Профессор да сақалын шошаң еткізіп, көзін әжімдендіре жұмып, амалсыз езу тартты. Осы күлкіден шошынған Арынғазы қопаң етіп, маңдайын столға соға жаздап барып көзін ашты. Ұялғаннан кірерге саңылау таппады. Мұрнын бір тартып, көзімен жер шұқып қалды.

Профессор жүзін тез суытып, езуін жинап алды:

— Қой, мынау болмайды екен. Алдындағыға тіпті әсерленер емес, не болсын онымен... — Әлгі бір кірер жерде білдірген ризалық ниетінен де тез қайтты: — Мұндай ғалымды көрсемші, мұндай мықтыны көрсемші... — Жұрттан бұрын өзі бұрылып, алдыңғы бөлмеге қарай баса берді: — Жүр, Дәуренов, геокартаң қайда еді?

41

Жалпы геология кафедрасының оңаша кабинетіне бүгін түстен кейін бір топ студент жиналды. Мусин Сапаровты, Армановты, факультеттің және бір-екі оқымыстысын қатыстыра отырып, өз практиканттарының биыл жазда Ембіде — өндірісте өткізген үш айының нәтижесін көп талқысына салып, сыннан өткізбек еді.

Саша мен Тайман оқытушылар келгенше коридорда әңгімелесіп жүрген. Бір бүйірден Қабен кездесіп, соңғы күндерде мына екеуін әбден жалықтырған бір орынсыз қолқасын қайтадан салды:

— Мен кеше мына Тайманмен бірге Дәурен ағайдан үш жүз сом алдым, оны білдің бе, Саша? Ақша керек пе сендерге? Аздап алсаңдар қайтеді?

Тайман да, Саша да кілт тоқтай қап, тіксіне қарасты да, Қабеннің шын-ақ жалынышты қалпын көріп, екеуі қатар күлді. Содан соң Саша:

— Сен енді қайталама мұныңды! — деп зекіп айтты.

Қабеннің бар шыны әлгі: үйінен бері шығарда мыналар жіберген бес жүз сом бес батпан жүктей жауырынына таңылады да жүреді. Достарының қамқорлығына, ықлас-пейіліне, әрине, Қабен риза, жанымен риза. Бірақ, әлгі бір "жүгін" жеңілдеткісі келеді. "Бұлар қайбір байлығынан ақша ауыстырып отыр маған" — деп ойлайды. Барынша адал, жолдасқа салмақ салуды сүймейтін, ара-қатынаста аздап педанттау Қабен достарының алдында өзін қарыздар санап, қатты қысылады. Оны Тайман мен Саша ерсі көреді, жек көреді. Қабен тағы ыңғайсыздыққа қалады. Сонымен Қабен сезімталдығы жоқ жерден болмашы ырғылжың тудырып жүрген жайы бар. Ал, әлгінің керісінше, Дәурен ағайдың уәде бойынша салған үш жүз сомын мүлде борыш деп білмейді: оны кейін, университет бітіргесін біржола өтермін дейтін шығар...

Бір кезде бұлардың қасына Дәулетов келді.

— Мое почтение! — деп, үшеуімен де қол алысты. Енді бірде Саша мен Тайманға қарап орынсыз сыздап, оқыс сұрақ қойды: — Көрдіңдер ме? Мусин түк білмейді деп ойлайсыңдар, аһ!..

Тайман ұнатпай қалды:

— Не деп тұр мынау?

— Жарайды, ниче-во-о!..

Саша да таңырқап:

— Мен де түсінбедім. Не нәрсе айтып тұрғаның? — деген.

Дәулетов бұларды теке-тіреске шақырып, сөзбен соқтыға берді:

— Сендер жұмыстарыңды Мусин-ағайға көрсетпестен Сапаровқа тексертіп жүрсіңдер. Оны кім білмейді?

— А-а?.. — деп көзілдірігін мұрнының ұшынан бір көтеріп қойып, Қабен де қосылды. — Ал, оның несі бар?

— Несі жоқ! Сендердің практикаларыңды басқарған Сапаров па, Мусин бе? Айтшы өзің! Несі барын көресіңдер әлі...

— Көрсек көрерміз, — деп Қабен көзілдірігінің үстінен Дәулетовке сүзе қарап қалды, — мынаны көріп тұрсыңдар ма, жігіттер. Мынау Жабас жай қылтыңдап тұрған жоқ. Бұл барометр ғой, сендер не білдіңдер.

Тайман мен Саша бұл арадағы сөздерді елегілері келмей, бұрылып кете берген. Қабен тоқтатып алды:

— Мен білсем, қазір қып-қызыл төбелес болады.

— Қой! — деді Саша.

— Жоқ, қоймаймын, солай. — Қабен енді Сашаға қадалды. — Тоқта! Сен өзің төбелесті не деп түсінесің? А-а... Жо-о-оқ, чостым, төбелес дегеннің байырғы ұғымын бүтіндей өзгерту керек! Төбелес деген менің түсінуімше, жұдырықтасу, мұрын бұзып, тіс сындыру сияқты тағылық әрекет емес. Төбелес істен — қым-қуыт пікір таласы, қат-қабат ұғым тартысы,сайып келгенде қарама-қарсы көзқарастар соқтығысы! Міне, төбелес деген — сол. Ал, жұдырық түйіп, тұмсық тіресу — біздің табиғатқа жат жабайылық! Оны естен мүлде шығарыңдар. Ол біздің төбелеске мазмұн да бере алмайды, пішін де бола алмайды.

Дегенмен, Қабен айтқан "төбелес" бірден бола қоймады. Кафедраға оқымыстылар келісімен шәкірттер еңбегі тезге түсе бастады. Алғашқы сынға алынған Тайманның ақпары, геологиялық разрездері мен картасы болды.

Алдымен ол ықшам, тұжырымды сөйлеп, өз практикалық жұмысының нәтижесін бейне университет бітірер дипломантша, көпшілікке байсалды танытты. Практикант бұрғылау ісінің өзі ұққан бірқатар күрделі жайларын, жер астының қырық қыртыс қиын құбылыстарының санқилы сыр-сипатын өзі жаздай басы-қасында болған бір скважинадағы процесс арқылы нақтылы түрде жақсы анықтап шықты. Мұнан өзінше қорытынды жасап, өзінің кейбір ғылымдық, теориялық байыптауларын да дәлелді айтты. Бұған ризалығын Профессор Сапаров қатарындағы Армановқа, одан әрі асыла ұмтылып, Мусинге сыбырмен білдіріп отырды:

— Аңғарасыңдар ма, Дәуренов бір түрлі бір жақсы диапазон танытып тұр-ау!..

Бұған Арманов құптап бас изеді де, Мусин еңкейе тыңдап, шалқая бейтарап қалды. Өз байлауын ашқан жоқ.

Бұл кезде Тайман бір қабырғадағы әйнексіз шкаф бетіне жер қабаттарының өзі жасап әкелген разрездерін іліп қойып, соның бір сырын дәлелдеуге көшкен. Разрез — сытырлаған жылтыр қағазға сан ирек сызықпен, түрлі-түсті бояумен жасалған жер астының тік тілгендегі көшірме суреті — қабат-қабат жыныстар, әр алуан геологиялық кезеңдегі горизонттар. Құм, саз, бор, су, түз, тас тағы басқа толып жатқан жер жыныстары қалың сызықтармен созыла ирелеңдеп кеп, бірінің үстінде бірі текшелене, аса ұқыппен, шебер салынған. Осы разрездің орта шенінде мұнайлы горизонттар — төменгі бор қабаты юра, оның астыңда триас, одан тереңіректе пермь қыртыстары бояулы сызықпен өзен арнасынша айқын көрсетілген. Тайманның осы "суреттерге" қарап, қаламмен нұсқап тұрып, жер астыңдағы тұнба қабаттардың тектоникасын сипаттауы мұнай генезисіне байланысты ұғымдар болатын. Оның практика кезінде жер астынан өзі аңғарған, өзі қызыға таңданған ғажайып сырлар жайлы, әсіресе миграциялық құбылыстар жайында, биосфераның кейбір тереңдік шегі жөнінде ұққан-түйгендері — мұнайдың пайда болуы туралы геологиядағы органикалық гипотезаны жақтайтын, ал, магмалық гипотезаның, немесе метаморфозалық жыныстардың тек минерологиялық мақсат үшін ғана керектігін, әйтпесе, оның қате ағым, постулат екенін өзінше дәлелдейтін пікірлер еді. Сапаров та, Арманов та міне, дәл осыған разы болады. Сондай-ақ, Мусинді енжар қалдырып, дел-сал ететін де міне, осы жай...

Мусин біраз тұнжырлау тыңдап отырды да, Сапаровқа сырттай қосылып, жұрттан бұлтара, мысқылды түрде:

— Айтты-айтпады, сен өзің кәдімгі геологше, көшелі кісіше сөйлеп тұрсың, Дәуренов. Мұның жақсы нышан, — деп Тайманды кенет аңыртып алды да, орнынан найқала тұрып, қасына барып, разрездегі екі қабат жынысты саусағымен көрсетті: — Саған екі сауал берейін. Мынау мұнайлы қабат қой, қос қыртыс пермо-триас, а?

Тайман басын изеді.

— Хош! Дұрыс делік. Ал енді мынау триастан мынау пермь төменде, тереңде жатыр, а? Солай ма, Дәуренов?

— Соз жоқ.

— Хош! Олай болса, мынаны айтшы! Сенің топшылауыңша, мұнайдың туған жері, яки нефтематеринская порода қайсы?

Тайман триастағы бір нүктені көрсетті:

— Міне, мынау.

— Мұнайдың ауыса жылжып келіп, орнаған жері, яки коллектор қайсы?

Тайман пермьдегі бір белгіні көрсетті.

— Сонда деймін-ау, сонда мұнай осынша жерге жоғарыдан төмен жылжып келген. Міне, көрсетіпсің, жолында су бар, саз бар. Жұртқа мәлім, төменгі қабаттың қысымы жоғарғы қабаттағыдан әлдеқайда көп. Дәуренов, бері қара! Физиканың қарапайым заңы ғой саған белгілі: мұнайдың сыбаға салмағы судан жеңіл, сондықтан су мұнайдың бетінде емес, мұнай судың бетінде калқиды. Демек, менің білгім келетіні — мына суды мұнай қалай бұзып өтті? Басқаша айтқанда, мұнай жоғарыдан төмен, яки тайыздан тереңге қалай жылжыған? Соны дәлелде! Бұл — бір. Екінші сұрақ: сен ғой жаңа биосфера көлемінде, бактерияның таралу шегіне тоқталдың. Жақсы, оның академик Исаченкодан жаттағаның делік. Бірақ, мұнайдың пайда болуында биогендік фактор қанша роль атқармақ? Бактерия мұнайды шығармайды, керісінше, мұнайды жұтады. Соны білесің бе, сен?

— А-а?.. Жоқ, дұрыс емес, — деп орнынан бүктетіле көтерілген Қабенді Арманов зекіп тастады:

— Оразов, отыр, саған сұрақ қойылған жоқ.

Қабен де қайта бүктеле қалды. Армановтың өзін жақтағандай болғанына таңдана қорбаңдап кеп, Мусин де орнына отырып жатты.

Тайман қапелімде дәл жауап таба алмай, біраз қиналды. Алды-артын аңдамай, мұнай мен газ геологиясының ең бір талас мәселесі — мұнай генезисіне түсіп кетіп, аздап малтығып қалғанына іштей қатты өкінді. Қысылды, қынжылды, ұялды. Ақыр аяғында бап тапқаны, еріксіз таяныш еткені — дау болды:

— Менің қолымда қазір тәжірибе құралдары жоқ. Содан соң, профессор, миграциялық құбылыстың жай-жапсарын менен сұраудан гөрі Губкин ілімінен іздегеніңіз жөн.

Бағанадан бері көзін сәл қысыңқырай ойланып отырған Сапаров Тайманға:

— Жоқ, қалқам, сен өз білгеніңді өз сөзіңмен айт, — деп қалды: — пікір таласы ізденуге бастайды, шындыққа әкеледі ғой.

Тайман бұл тұста аз дағдарды да, бұрылмай кетті, бастапқы ойын жалғастыра берді:

— Губкин ілімінде бәрі айқын. Ол кісі миграциялық құбылысты догматтарша ұқпай, жер астының шытырман тектоникалық өзгерістеріне байланыстыра, нағыз ғылымдық, диалектикалық тұрғыдан қарап шешеді. Мұны бәріміз білеміз және бұл — эклектикалық бөлек-салақтар, үзінді-жұлындылар емес, Губкин ілімінің аса ірі саласы, бірі мен бірі ұштасып, ілес, жалғас жатқан күрделі жүйе.

Тайманның ақсары жүзі қызғылт тартып, үлкен қара көздері ұшқын шаша, шабытты ой толқынын, өзгермес пікір-тұжырымын танытады. Өзі ұстанған, бар сана-парасатымен шағын да болса таза, татаусыз ұққан, мықтап қабылдаған ілім-білімін жан сала қорғайтын жігер-талабын, шешімін аңғартады. Жас адамның әлі өрісі шағын, бірақ болашақ өресі мол ой-санасына отандық геологиядағы өз өмірлілігін тоқсан жыл бойы нығыз дәлелдеумен дамыған жаңашыл, прогресшіл ілімнің арқаулы қағидаларын әдемі сіңіріп келе жатқаны бар лебізінен сайрап білінеді.

— Екінші сұрағыңызға да сол ілім жауап береді, — деді Тайман Мусинге. — Менде қазір тағы да тәжірибе аспаптары жоқ. Ал, сізге заттық дәлел керек болса, дерек керек болса, академик Зелинскийдің лабораториялық тәжірибе арқылы жасаған синтетикалық мұнайын қараңыз. Онда, мысалы, бактериялар мұнай жұтпаған, мұнай шығарған.

Мусин қарсыласпады, ырқылдап күлді. Күлкісі қызық: екі иіні, оған қоса кеудесі селкілдейді, бірақ өңі сазарып тұр. Бірде Профессор солығын басты да, Тайманға бар денесімен бұрылып:

— Талмудизм дегеннің не екенін білесің бе? — деп қалды. — Хош! Губкин ілімі дұрыс делік. Алайда, ол — фетиш емес!

Арманов Мусинге алара қарады, Сапаров қарамады, бет-жүзін әжіммен қымтап ап, баяу ғана бас шайқады.

— Сөзімнің аяғында бір ғана дау айтуға рұқсат етіңіз, — деп Тайман Армановқа қарады да, оның рұқсатын күтпестен Мусинге ызамен ашына тиісті: — Біздер, студенттер, сізді сыйлаймыз. Бірақ, еділін айтқан жөн, сізге біз ылғи разы бола бермейміз, түсіне бермейміз. Кешірерсіз, көп қисындарыңыз өндіріспен, яғни практикамен байланыспайды. Біздің соған көзіміз жетті. Жазғы практиканың бір нәтижесі — сол. Мүмкін, мынау қарсы алдыңызда отырған он шақты студенттің көзінше бұлай деуім орынсыз да болар, сіздің беделіңізге аз-кем шылау түсіруі мүмкін? Сіз солай ойлайсыз ба? Жоқ, олай емес. Бұлардың бәрі де сол менше түсінеді.

— Чепуха! — деп шатынай кетті Дәулетов. — Мүлде олай емес!

Дәулетовті және бір студент қоштады:

— Профессормен тайталаспа!

Мұны құптаған үшінші біреу:

— Атың шықпаса... — деп әңгілене берді де, өзіне оқтай қадалған Армановтың көзінен қаймығып, міңгірлеп кетті, — жер өрте деген ғой...

Тайман бұл сөздердің бірін де елеген жоқ:

— Неге екенін білмеймін, Профессор Мусин қазіргі өндіріске енген жаңалық атаулының бәрінен бейхабар сияқты. Соны тіпті білгісі келмейтін тәрізді. Әйтпесе...

— Оһ, сияқты, тәрізді... Бұл не долбар бұл?! Ұят деген бола ма, ұят деген?..

Сапаров басын көтеріп алды:

— Дәулетов, қойсайшы, жолдас-ау!..

— А мынаған, Дәуреновке неге тыйым салынбайды? — деп ажырайды Мусин.

— Қане, Дәуренов, сен бітір сөзіңді, — деді Арманов.

— Ғафу, — деп тұра келді Қабен, — сөз түйіні ғой, қыстамасаңызшы айтып түгессін. Қашанғы булығамыз?

Ашық сөйлесейік те ең болмаса бір рет. Ащы да болса ашық сөйлесейік. Бәрібір кетіскен жоқпыз ба?

— Біз генезисті қоя тұралық. Бұл — ұлы проблема. Мүмкін мен өз әліммен санаспаған болармын...

Тайман сөзін Арманов бөліп кетті:

— Жоқ неге? Олай деме, оның қате.

— Менің айтқым келетіні ол да емес, — деді Тайман. — Менің айтқым келетіні, мысалы, гаммакароттаж қазіргі мұнай барлау ісінде зор роль атқарады, геофизикадағы соңғы сөз. Профессор Мусин осының жайын біле ме? Жоқ, білмейді. Біз бұл кісінің лекциясын бір жыл тыңдадық. Бірақ, одан біз турбиналық бұрғылау ісінің деталін дұрыс түсіне алмадық. Бұл нені көрсетеді? Бұл — біз ғана емес, профессордың өзінің шала ұғымын көрсетеді. Бұл кісі роторлық бұрғылаудың ғана егжей-тегжейін тәптіштейді. Ал, бұрғылаудың бұл түрі бір кезде, профессордың лауазымсыз кезінде, өндіріспен байланысы бар кезінде үстемдік еткенмен, қазір қолданудан қалып бара жатқан тәсіл. Мұнай өндірудің екінші әдісіне бұл кісі мән бермейді. сондықтан, біз бұдан да сауатсыз қалдық.

Арманов Тайманды тоқтатқысы кеп, қозғалақтай берді:

— Енді отырсаң қайтеді, Дәуренов?

— Ал, жақсы, — деп Тайман студенттер арасына, орнына қарай жүрді, бірақ сөйлеп бара жатты: — Ең бір қауіпті нәрсе бұл кісінің кейбір мұнайлы аймақтардың келешегіне шүбәлана қарайтыны. Мысалы, соғыс жылдарында өзі зерттеген Ембідегі бір кәсіпшіліктің мұнай қорын үзілді-кесілді сарқылды деп түйген. Ал, қазір сол кәсіпшілік жыл санап мол қазыналар тауып жатыр...

Саша Армановқа қайта-қайта өтініп, "екі ауыз" сөз сұрап алды:

— Мен екі ауыз сөзімді Профессор Сапаровқа арнағым келеді. Сізді біз ғалым ретінде жақсы білеміз, сүйеміз.

— Сен, Семенов, — деді Арманов, — бұл жерде профессорлардың еңбегі емес, студенттердің ісі тексеріліп отырғанын ескер.

— Ұстазсыз шәкірт жоқ. Қазір болып жатқан принципиальды мәселе. Бөлмеуіңізді сұраймын. Менің айтарым екі-ақ ауыз сөз. Жолдас Сапаров, сіз ұстаз ғана емес, партиялық тәрбиешілердің бірісіз. Менің ойымша, осы біздегі ғылым адамдарының арасында бір мықты кемшілік бар. Өзара сынның дәрежесі өте төмен. Сол ескерілмей жүр. Біздің бастауыш партия ұйымы соны ескеріп, жөндесе дұрыс болар еді.

— Нақтылаңқырап айтшы, — деді Сапаров.

— Нақты мысал үшін Мусин жолдасты алайық, Ол кім? Ол — профессор, ғылым докторы. Жақсы! Енді мынадай сұрақ туады: ғылым докторы ғылымдық зерттеу ісімен неге шұғылданбайды? Профессор Мусин жасаған қандай зерттеу нәтижесін көрдік? Жоқ, көргеніміз жоқ, Мұның себебі не? Себебі — Профессор өзін бүтіндей педагогтік істемін деп біледі. Ал, педагогтік ісінің жайы бізге және мәлім. Демек, жаңа Дәуренов дұрыс айтты, біздің бұл құрметті оқытушымыз теория мен практика арасын алшақтатып алған. Содан соң, тым қамсыз жүреді. Өзін материалдық жағынан қамтамасыз еткен соң, іс бітті дей ме, кім білсін! Турасын айталық, қазір бұл кісі тоқырауда жүр. Мұны партия ұйымы, немесе оқымыстылар ортасы неге көрмейді?.. Көреді, көрсе де көрмейді. Біз мұны жай белсенділік үшін емес, өз тағдырларымыздың қажетінен шығарып алып тұрмыз. Бүгінгі кафедралық жұмыстың әлдеқалай жиналысқа ұқсап кетіп тұрғаны да сондықтан... Кешіріңіз, жолдас декан. Мен болдым.

Қабен орнынан ұшып тұрды да, ай-пайға қарамастан мінбеге қарай үн-түнсіз аяңдай берді.

— Оразов, қайда барасың, рұқсат сұрасаңшы, — деді Арманов. Жұрт ду күлді. Қабен апалақтап, орнына келіп отыра кетті де, қол көтерді.

— Не айтпақ едің?

Қабен орнынан қайта тұрды:

— Осы арадан айтсам да болады. Сөзді қысқарту керек. Профессор Мусин — кертартпа адам. Өз ісіне кешірімсіз енжар қарайды. Биылғы практикада бізді басқарған жоқ. Біз бетімізбен кеттік." Ол өндірістен қашып жүреді. Мемлекеттік зор істі бұлайша ақсату — қылмыс.

Қабен отырды. Сапаров қасындағылармен күбірлесіп, бір нәрсені ақылдасып жатты.

Дәулетов орнынан дүңкілдеді:

— Масқара, мынау масқара!.. Бізде оқымай жатып жетіскендер, кеудесіне нан піскендер көп. Мысалы, Оразов! Мысалы...

Сапаров тұрып Дәулетовты қолымен ишарат етіп қойғызды:

— Мұнда бір ойланарлық жай бар. Дискуссиялық сипаттағы, көп реттерде дұрыс пікірлер бар. Шындық бар, сонымен бірге, кейбір ұшқары ұғымдар да байқалады. — Сапаров төс қалтасынан сағат алып қарады: — Ұзақ отырдық, бірақ бір практиканттың іс нәтижесінің аяғына жете алмадық.

Былай болсын, бүгінше үзіліс. Ертең жалғастыруды ұйғардық. Естеріңде болсын, ертең бүгінгіше шашаулана бермей, тек өз практикалық істеріңнің нәтижелерін дұрыстап қорғап шыққандарың жөн. Солай! Студенттер тарап кетті.

42

Мусин университеттен шықты. Топса тұсы серіппелі үлкен есік сарт етіп, қатты жабылып кетті. Ту сыртынан тиген бірі уатты күштің топшысы профессорды әдейі лықсытып, сыртқа шығарып тастағандай.

Ол аз аңырып тұрды да, портфелін бұлғаңдатып жүріп кетті.

Профессор ызалы еді. Жаңа ғана кафедрада студенттердің, одан соң профессор-доценттердің, мұның өз сөзімен айтқанда "араша талағаны" бұған қатты батты. Осы дүрбелеңнің бәрі әдейі болып жатыр, мұны ұйымдастырып жүрген Арманов деп ұқты. Сондықтан, студенттер өзін "араша талап" жатқанда бұл үн шығармай, ашуға булығып, тырсиып отырды да қойды. студенттердің тарауы-ақ мұң, сынған шөлмектей быт-шыт болды. Содан соң басқалары сөйледі. Студенттердің әлгі мінездерін ыңғайсыз көре тұра, сөйлегендердің бәрі Мусинге тиісті. Рас, бұл барынша сыр бергісі келмей, көбінің сөзін елемей отырған болды. Әсіресе, доцент Арманов сөйлегенде Профессор өз жанындағы бір доцентке бұрылып ап, әлденені өзінше әңгімелей берген. Ондағы ойы да осында "әдейі" қатысып отырған — тағы да профессордың өз сөзімен айтқанда - "сырт көзге сыр бермеу", өзінің дәл мыналар сынап жатқандай "сорлы" емес, әлі де бір адамдай қауқары мықты ғалым екенін көрсетіп қалу еді. Реті келсе, өзінің тіпті бұлардан биіктеу тұлға екенін де аңғартпақ ниеті бар. Бірақ мұның бәрі де іске аспады. Тіпті Сапаровқа дейін өзгеріп кеткендей, студенттер бардағы сыпайылықты жиып қойып, диваннан ұшып тұрды да, Армановтың сөзін бөле, салқын тіл қатты:

— Немене, сізге қатысы жоқпа, профессор?

Мусин ауыр бұрылып, әдеппен жымиған болды:

— Үйреншікті әңгіме ғой, мүмкін, сізге жаңалық болар, сіз тыңдап қалыңыз.

Сөзінде кермек, кекесін бар. Жай отырып, қатты шағып алды. Сапаров байсалды қалпын бұзбастан:

— Ә, солай ма? Түсінікті! — деп түйді де, аса бір ыңғайсыздық сезіп, орнына отырды.

Арманов сөзін тұжырды:

— Қысқасы, мұндағылар жұмыс жасаулары керек. Мусиннің ермегіне бұдан былай жол берілмеуге тиіс!

Мусин тұттыға сұрады:

— Не деп тұрсың, Арманов? Не қылған ермек ол?

— Мен жаңа ғана айттым ғой қандай ермек екенін. Лекцияңызға студенттер қанағаттанбайды. Бұл — білім беру емес, құр ермек тәрізді. (Мусин ажырая қарады). Біз сынаймыз, сізге бәрі май-жұма! Сізге мүлде сын өтпейді ғой! Демек, бұл әрекетіміз де нәтижесіз, әншейін ермекке айналып бара жатқандай. (Мусин бас изеді). Сіз топ құрасыз, өзіңізді әділ сыннан солай арашаламақ боласыз! — Арманов қолын сілтеп қап, даусын шыңылдата көтерді: — Оныңыздан түк те шықпайды! Құр ермек!.. — Содан соң ол басқаларға қарап, нықтап айтты: — Ал, Профессор Мусиннің ғылыми-зерттеу еңбектеріндегі қателер мен бұрмалаулар кезінде сөз болған. Одан қорытынды шығаратын уақыт жетті. Біз Профессор Мусиннен осыны талап етеміз! Тағы да айтам, қатал талап етеміз!

Мусин тағы да ұзақ сөйлеген. Өзін бүгін студенттері бар, оқытушылары бар, "араша талағанын" айта кеп, жұртты кінәлап, "қойдың ізін қоянға бастырып", қай-қайдағыны жиып-терді. Бірақ кафедрада отырған төрт-бес кісіге мұның әсері аз болды, ұғымдарын өзгерте алмады. Сапаров не айтар екен деп күтіп еді, ол үндеместен кетті.

Профессордың алдына зор сұрақ қойған осы шырғалаң... Ол ызаға батты: университетте істегеніне ондаған жыл; күллі саналы өмірі осы ортада өтіп келеді, бірақ мұндай халге ешқашан ұшырап көрмеген. "Заманың түлкі болса, тазы боп қу" деген бұл ортаға жат мәтелді бүкіл ғұмырына заң қылып алған Мусиннің іш есебі әрқашан өзі ойлаған жерден шыға беретін сияқты еді... Жалғыз-ақ, қырқыншы жылы Мусиннің доцент кезінде бір қысылғаны бар: тегін жасырғаны үшін партиядан шығып қалған. Бірақ әкесі марқұмның мың қойы болғанын мойындап, ал өзінің "ниеті дұрыстығын" дәлелдеу мақсатыңдағы көп қуынулармен билетін қайтып алды. Содан бергі өмір-өзен ылғи Мусиннің ойынша ақты.

Соғыс кезінде Мусин соңғы диссертациясын қорғады. Бұл енді санаулы адамдардың біріне айналды: доктор, Профессор.

Әдетте, профессорға көп сенім жүктеледі. Мусин де талай істің басында жүрді: талай кітаптың редакциясын қарады, қалай диссертантқа жетекші болды, талай комиссияға төрағалық етті...

Мусин жағдайға икемделгіш еді, өзі басқарған бірқатар комиссияның мәжілістерінде бұл білмейтін талай құбылыстар тоғысып та қалатын. Ондайдан Мусин бұғағын салбырата, қабағын түйіп отырып, үнсіз құтылатын. Лауазымды адамның анда-санда басты бір шайқап қойып, тілсіз отыруының өзінде кәдімгідей бір ұтымдылық болады екен.

Бір жолы Мусин басқаруымен геология факультетінің оқымыстылары баспаға дайындалған бір кітаптың қолжазбасы талқыланды. Оқымыстылар қызу сөз сөйлеп, әркім белгілі бір мәселе маңында өз пікірлерін ұсынып, айтысқа түсіп жатты.

Ал, Профессор Мусин әркімнің-ақ пікірін тұнжырай тыңдап, алты сағат бойына ауыз ашпастан отырып, ақыр аяғында:

— Болдыңдар ма? Тағы кім сөйлейді? — деді.

Жұрт сөйлеп болғандығын білдіріп, айтысты ұйымдастырушы білімді Профессор қорытынды болмағанмен, кейбір мәселеге өз көзқарасын айтар деп, үмітпен күтті.

Мусин ойланып отырды-отырды да:

— Жақсы, олай болса не отырыс бар, таралық, — деп салды.

"Апыр-ай, оз түйгенін аңғартқысы келмеді-ау мына кісі, — деп ойлады әркім: — Мүмкін, кейін айтатын шығар, ойлы адам ғой, байлауын жан-жақты толғанып барып ортаға салар..."

Расында, бұл ойды Профессор Мусиннің қолжазбаны талқылау үстінде ұстаған сыртқы позасы ғана туғызған. Ал, іштей алып қарағанда оның ешқандай түйгені де, қазір, немесе кейін айтары да жоқ еді.

Бір таңқаларлық нәрсе: бұл добалдықтың бірі де Мусин жолында көлденең тұра алған жоқ. Ол ректорат мүшелігінде, ғылыми кеңес мүшелігінде, көп уақытқа дейін партбюро мүшелігінде, кафедра басында... — бәрінде де бұрынғысыша қала берді.

Осынша тұнығын тек бір ғана кісі лайлады. Ол — Арманов. Доцент Арманов декандыққа тағайындалғаннан бергі екі жыл Профессор Мусин үшін ала-сабыр, абыржу жылдары болды. Қағылез, мінезсіз доцентті бұл әдейі соңыма түсіп жүр деп ұғады. Жиналыс болса Мусин сыналады. Оны да ұйымдастырған Арманов деп ойлайды Профессор. Сөйтіп жүргенде өзінің докторлық диссертациясындағы бұрын байқалмаған бірқатар "өрескел" қателер ашылып, Профессор өзінің бар негізінен бір-ақ айрылды.

Қай жерде сын айтылса, соның көбі Мусиннің адресіне арналды.

Қазір Мусинде қалған лауазым екеу-ақ — профессорлық пен кафедра меңгерушілігі.

Жаңағы бір "жұрттың араша талауына" қарағанда оны соңғы таянышынан да айырып бара жатқандай.

Профессор Мусиннің бойы дел-сал, басы мең-зең. Кейде бәрін ұмытып, кешегі бір көңілді қалпына түскісі келеді. Бірақ жанында шарап көтеріп, күліп отырған Зифа-ханым жоқ...

Кеш еді. Көше келе-келе қысқарды да, тұйыққа тірелді. Дәл осы тұйықта Мусиннің үйі бар. Тұйықтың арғы жағы тырбық ағашты бақ болатын. Бақ іші күңгірт. Мусиннің көз алды да күңгірт тартты.

43

Бүгін Мусин мықтап ширықты. Университеттен шыққандағы ашуы үйіне келген соң да тарамады. Кешкі тамағын да жөндеп іше алмады: әлденеге алаң. Ашулы жүзінде әлдекімге деген айбат бар. Жайшылықта бұлай емес еді: маңындағының бәріне салғырт қарайтын.

Ал, мына түрі мүлде басқа. Пенснеден сығалаған отсыз көзі де әдеттен тыс көп ағараңдайды. Күндегіше жалтыр басын сипаламайды, қолы мықынында, бөлме ішін әрлі-берлі кезіп жүр. Болмашылау күңгірт көлеңкесі төбеден салбыраған электр шамынан жасқанғандай кейде жайылып, Мусиннің аяғының астына жата қалады да, кейде серең етіп, әр жағына бір шығады.

Мусин төргі есікке тақап барып:

— Бері кел, — деді. Паң тұрып, кербез айтты, бірақ қыжылды ашумен нықыртып айтты.

Қарсы алдында бүйірін таянып, көлеңкесі тұр. Соған айтқаны ма? Жоқ, олай емес екен.

Арғы жақтан әйелі келді.

Кері бұрылып, бөлменің ортасына келді де, баяу сөйледі:

— Сен жата бер.

Қолбаң көлеңке аяғының астыңда жатты.

Соған айтқаны ма? Жоқ, олай емес екен. Төргі есікті тарс жауып, әйелі жатуға кетті.

Үлкен екі бөлмеде екі-ақ адам тұрады. Мусин және әйелі. Мусин әйеліне жылып көрген емес, әйелі оған шын, қалтқысыз жадырап күліп көрген емес. Бұл бір оқшау сыр еді.

Мусин үй ішінде жалғыз ыдырынып, ұзақ жүрді. Енді бірде столына отырып, қағаз-қаламын дайындады да, креслосын сықырлата шалқайып, алақанын маңдайына басты. Не жазбақ? Ғылыми еңбек жазбақ па? Жоқ. Енді не?

Ой. Тұңғиық ой...

Неге бұлай? Неге бұл енжар, салғырт, "добал"?! Неге көзге шыққан сүйелдей жалғыз?! Неге қырсыз, мақсатсыз, жігері мұқалған? Осыларды аздап мұның өзі де сезеді. Бірақ жоюға дәрмені жетпейді. Өйткені, Профессор басындағы қайшылықтың қырық қатпар жайы бар. Оның Армановпен алауыздығының, студенттермен ара қырбайлығының, тіпті өзіндегі дел-салдықтың бәріне себеп — солар. Солардың бірі — Мусин байланған, маталған қазық — догма! Бұл қазықты өзін тәрбиелеген, өзін кандидат, кейін доктор еткен белгілі метафизик Бұйратов қағып берген: мықтап қағып, соған матап кеткен. Мұның санасына ақ матаның түсін өзгертетін нілдей сіңген де сол Бұйратовтың постулаты. Геология ғылымындағы Мусин таңдаған соқпақта соның ізі.

Қазіргі геологтардың алдына кең жол ашқан, өзін іс жүзінде дәлелдеп отырған бірден бір дұрыс ғылым — мұнай генезисін анықтаудағы Губкин ілімі. Академик Губкин теориясы — органикалық гипотеза: мұнай сан ғасырды басынан өткізген жер қабаттарындағы өлі жәндіктерден пайда болған. Бұл ілімді мұнай мен газ саласындағы совет геологтарының бәрі қолдайды. Университеттегі геология факультетінде мұнай мен газға байланысты пәндер осы негізде жүргізіледі. Студенттер осы негізде тәрбиеленіп, маманданады. Ал, Мусин бұл теорияға қарсы. Ол заттық дәлелі солқылдақ магмалық гипотезаны қолдайды, соны мәңгі сүйеніш етеді. Көрген-білгені, ұққан-түйгені — бәрі сол маңда. Мусиннің соғыс жылдарында қорғаған докторлық диссертациясы — сол түсінігінің синтезі. Мусин диссертациясындағы метафизикалық жайлардың сөз болып, мықтап сыналған себебі де сол еді. Мусин мойындайды, көп ауқымына көнеді. Онысы және шыны, шынымен көнгісі келеді. Бірақ, өзін өзі жеңе алмайды. Қайта айналып, қайта ойланып, байырғы қалпына қайта түсе береді, баяғы қазығын қайта таба береді. Амалы жоқ сөйтеді.

Ой, тұңғиық ой, түпсіз ой... Органикалық гипотезадағы мұнайдың тұнбаға, миграцияға, температураға, бактерияға байланысты ұғымдары Мусин үшін шым-шытырық, негізсіз нәрседей, тіпті қабылдай алмай-ақ қойды. Қабылдамайын демейді, қанша ойланса да мүлде қабылдай алмайды. Ал, өзі қабылдай алмаған, өз миына қонбаған сырды студенттерге қалай ұқтырады бұл? Салқын жаттандысын еріксіз уағыздағанмен студенттерді қайтіп қанағаттандырмақ? Рас. Өз ұғымы болса бір жөн. Онда құлшына, шабыттана сайрар ма еді, қайтер еді?

Тұнба жыныстардағы миграциялық құбылыстарды Профессор Мусин іштей өзінше байыптайды: магмадан атылып, суынып, содан барып сусып, жылжып келген деп пайымдайды. Қандай температурада қандай тірі организм сұйыққа айналады? Мұны бұлтақсыз дәлелдейтін органикалық гипотеза алдында Мусин бұлтарады, оның қағидаларына сенбейді. Ең арғы жағы бактерия жөніндегі Мусин пікірі де академик Губкин іліміне қарама-қарсы: органикалық гипотеза бойынша бактерия мұнай құрамындағы оттегі мен сутегінің қосындысын бөліп шығарады. Ал, Мусинше, бактерия өзінен сұйық бөлмейтіні былай тұрсын, қайта оны жұтып, сіңіріп жатады. Бұдан қалайша мұнай пайда болуы мүмкін?

Сайып келгенде Мусин мұнайды Жанартаулардан жаралды, метаморфозалық жыныстарда, органикалық емес жолдармен, тура магманың өзінен пайда болды деп біледі. Бұл Мусин қазығының түбірі. Оны Мусин кезінде, әсіресе өзінің докторлық диссертациясында көп нәрселермен құлшына "дәлелдеген". Онда Мусин санасы бүгінгідей ұйқылы-ояу емес еді, мұқалмаған, тау-тасқа соқтықпаған ұшқыр, өткір еді. Мусин өз ойына дерек етіп Апшерон газын, Оклахома мен Канзастағы, Атабаскадағы мұнай көздерін, әсіресе, Калифорниядағы вулкан лаваларын алады. Сол арқылы органикалық критерийлердің "солқылдақтығын" көп реттерде "негізсіздігін" дәлелдейді.

Ақыр аяғында, Мусин органикалық гипотезаның отаны Россия, тұңғыш тудырушысы Ломоносов екенін мойындамай, оны Австрия мен Америкадан ауысқан жалған ілім деген метафизиктер уағызын қоштайды. Оның есесіне, магмалық гипотезаның түп негізін, шыққан тегін Менделеевке апарып тірейді. Соны таяныш етпек болады.

— Органикалық гипотеза — деген Мусин ілгеріректе өткен бір геологтар айтысында: — ғасырға жуық үстемдік еткенмен, мұнай геологиясының теориясын дамыта алмай, керісінше, оны әбден тоқыратты, тұйыққа қамады. Мұнымен алдағы уақытта да табысқа жету қиын. Бұл — геологиядағы жаппай адасу, фетишизм.

Бұл пікірдің дәл сол айтыс үстінде тас-талқаны шықты. Бірақ Мусин ұғымы ішінде, өзімен ере кетті. Ондағы дәлелі мынадай постулат еді: органикалық гипотезаның логикалық дамуы "тұнбаның табаны" деген ілімге әкелді. Бұған сүйенсек, сол "табаннан" әрі мұнай қайнарын іздеп, барлау жүргізудің қажеті жоқ. Соның кесірінен жер астына терең сүңги алмай, "тұнба табанынан" асып, әрі бара алмай, Небитдагтағы, Ферғанадағы мұнайлы жыныстар ұзақ уақыт зерттелмей, жұмбақ қалпында келді. "Қысқасы, — деп ойлады Мусин, — органикалық гипотезадан арылмай тұрып, мұнай мен газ геологиясы дамудың сара жолына түсе алмайды..."

Мусиннің бұл ой-пікірлері геологиядағы талас-тартыстың бір жағы ретінде, мұнай генезисін анықтаудың бір құралы есебінде қалса бір жөн. Олай емес. Мусинді геологтардың бары-нәріне айналған прогресшіл ілімге бой ұсындырмайды: қатеден-қатеге ұрындырады, тайғанақтатады, ғылымдық-педагогтік жолда ілгерілеуіне кедергі болады, профессордың алдында кесе-көлденең тұрады. Мұның өзі тұтқындағыш та нәрсе. Мусинді әбден матап, шырмап алды. Арыла алмай-ақ қойды. Әсіресе, студенттер алдында қиын: оларға өзінің ескісін ұсына алмайды, ал, жаңаны өзі қабылдай алмайды. Дәл осы жерден келіп эклектика туады. Пікірдегі тұрлаусыздық, ойдағы бұлдырлық, істегі жасандылық туады. Екі арада Мусин шөре-шөре...

Не істеу керек?

Бар трагедия осында еді.

* * *

Жоқ! Бар қасірет мұнда ғана емес. Бар қасірет...

...Мусиннің әкесі Муса мың тоғыз жүз он жетінің күзіндегі әйгілі Қазан төңкерісінен он жыл кейін мың қой айдаған бай ретінде бір тәркіленді; жиырма жыл кейін "ұлтшыл" ретінде екінші мәрте әшкереленіп "халық жауы" атанды да атылып кетті. Осы екі арада өткен екі он жыл өмірді Муса дені дұрыс өмір деп есептемеген. Турасын айтқанда, төңкерістен кейінгі жаңа қоғамды ел қамына орнаған қоғам, жаңа жүйені адам құқын қорғаған жүйе деп білмеген.

Баласы жаңа заманның жаңа маманы болам деп жоғары мектепте оқып жүрген кезінде оған өзінің осы пиғылын талай аңғартқан:

— Қарағым, оқы, оқи бер... Оқымағанда не қарекет қыласың? Оқу бітірген соң әрине маман боласың, барыңды саласың... Мұнай өндірерсің. Бәрі жөн. Бірақ бір жөнсіз жері — еңбегің еш, тұзың сор ғой сенің...

— Неге, көке?

— Негесі сол, — сенің басында билігі жоқ бодан жұртыңа сол мұнайдың тамшысы да бұйырмайды, көрерсің.

...Көріп жүр.

Төңкеріс жеңген күзде Мусин он үш жасар бала еді. Жарық дүниеде болып жатқан астан-кестен, аласапыран құбылыстың байыбына бара алған жоқ.

Сол күзден он жыл өткенде Мусаның мың қойын он қойшы жүз-жүзден бөліп, айдап әкетіп бара жатты. Бұл тұста Мусин жиырманың үшеуінде, шет жақтан оқу бітіріп, мұнай инженері боп келген беті еді. Қазан төңкерісі Мусаның отбасына құт емес, жұт әкелгенін бір-ақ білді.

Осы күзден тағы бір он жыл өткенде кілең көк мылтықты көк жағалылар Мусаны және Муса секілді тағы бір топ қазақты қолдарына кісен салып, Итжеккенге айдатып жіберді. Бұл тұста Мусин отыз үште, университеттегі ұстаздар санатына қосылған санаулы зиялылардың бірі еді. Алайда әкесінің ажалына ара тұруға мұның басындағы білігі де, білегіндегі күші де жетпеді. Жалғыз-ақ "Әкесі үшін баласы жауап бермейді" деген көлгір қағидаға амалсыз алданып, жер соқты да қала берді.

Содан тағы бір он жыл өтті. Мусиннің ғұмыр жасы қырық үшке жетті. Асып бара жатқан көрегендік бола қоймас, сондай-ақ, анау айтқандай өлермендік деу де қиын... Әйтеуір ғылыми жетекшісі әрі кеңесшісі академик Бұйратовтың магмалық гипотезаны қолдайтын атышулы аксиома-постулаты бір ауық үстемдік құрып, геология ғылымында әуе райын белгілеп тұрған тұста оғып, бұғып жүріп қырықтың қырқасына шығар-шықпаста оқымысты-ғалымға керек атақпен дәреженің бәрін алын алды: ол енді доктор, профессор!.. Алайда амал қанша, осының бәрі бұған қасиет емес, қасірет боп жабысты.

Бір мың тоғыз жүз он жетінші жылы он үш жастағы Мусиннің содан бергі отыз жыл саналы өмірі жүйткіген жүйрік поезд секілді белгісіз бір бағытқа қарай заулап асып бара жатты да мұның өзі сол поездан бір бекетте жылысып түсіп қалған жолаушыдай тентіреген адасқақ күй кешумен келеді. Мұндай да болады екен: өз тіршілігінен мұның өзі тірілей ажырап қалады, өз өмірі мұның өзін өлмей тұрып-ақ ығыстырып тастап кетеді. Содан келе мұнда тілекке тілек қосатын ұйымшыл орта да жоқ, білекке білек қосатын ұжымшыл қоғам да жоқ. Бәрі әлгі поездың ішінде кетіп барады, бұл оның сыртына шығып қалды. Бұ қалай?! Қоғамнан тыс, қоғамдық ортадан тыс адам бола ма?

— Болмайды! — деуші еді ғой бір білгіш. — Қоғамдық ортадан тыс нәрсе екеу ғана: бірі — құдай, бірі — аң!

Ал керек болса!.. Мусин — құдай да емес, аң да емес, мұныкі не сонда?

Бұл белгілі бір ортаға еңбек боп, қоғамға кірмек боп, әлгі "поезға" есебін тауып қайта "мінеді". Мінгені құрысын, бұған мұндағы орта да тосын, қоғам да жат. Мұндағылардың бір де бірі санаспайды мұнымен... Кім санасатын еді, мұндағылардың бәрі фанатик: әріптестері — Сапаров не Арманов, шәкірттері — Тайман не Қабен... Бәрі... Бәр-бәрі... Шетінен дуаланған... Сағым қуғандар өңшең!.. Әрқайсысы өзінше жанын жалдап, есі кеткенше ел үшін, жұрт үшін тер төгіп "еңбек етіп" жүр. Елді ел етеміз, жұрттың жұртын жаңартамыз, адам атаулыны жаппай жетелеп "жарқын болашаққа" апарамыз, сөйтіп мырғамға батырамыз! Бәрінің дедігі, ойы, қиялы — осы. Бәрінің мақсаты, мүддесі — жаңа қоғамдағы мақсат, жаңа замандағы мүдде — осы. Мусиннің отыз жыл саналы ғұмырында естіп, көріп, біліп келе жатқаны осы — осылай "жаңару"...

Алайда жаңарған не бар?

Ел-жұрттың хал-күйі сол баяғы жалаңаш-жалпы, бірде аш — бірде тоқ, бірде бар — бірде жоқ жұпыны тіршілік! Басқа жақты былай қойғанда, Мусиннің өзі білетін Атырау мен Алатау арасындағы ұланғайыр кең атырап... бәрінде бірдей құба-төбел қоңыр өмір! Адамдар осыған жаппай көндігіп алған. Бір де бірі мыңқ етпейді. Күнделік қыбыр...

Бұ не бұл! Заман дейді, қоғам дейді, қайда соның хайыры? Мына жұрт бір түйір хайыр кермесе де, бәрі бір, "заман біздікі", "қоғам менікі" деп дымы қалмай, діңкесі құрып дүрлігумен жүр. Заман қайда бара жатыр, қоғам қайда бара жатыр? Бимәлім, белгісіз. Әйтеуір алда "қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын" бір "жерұйық" бар, соған бармай қоймаймыз деп жан ұшырып жүрген жұрт! Бұ не деген жаппай адасу?!

Осының бәрі Мусинге жат, өгей өмір. Әкесі айтқандай, осылардың бәрінің "еңбегі еш, тұзы сор". Көріп те жүр, біліп те жүр: Жем мен Жайық саласы, Мұғалжар мен Маңғыстау даласы телегей-теңіз мұнай; ал қол-аяғы матаулы отар елге сол өзіне тиесілі ен байлықтың, Муса айтқандай, "тамшысы да бұйырмайды".

Қазақ даласының асты-үсті толы байлық. Ал қазақтың тең жарымы аштан қырылды. Қазан төңкерісі халыққа азаттық әкелді деседі, ал қазаққа тиген сыбаға — азат өмір емес, азапты тағдыр: бетке шығарының бәрі қуғында, сүргінде!

Қазақ зиялыларының бәрі қойдай көгенделіп Сібір асырылды да атылып кетті. Неге атылды? "Халық жауы" болған соң атылды. Неге халық жауы болады? Халқын жақсы көргесін "ұлтшыл" болады, ұлтшыл болғасын қалай халық жауы болмайды?!

Мусиннің мүлде миына қонбайтын шындық!

Мусиннің миына бір ғана нәрсе қонады: халықты ұлт ретінде құрту үшін оның зиялыларын жаппай жоқ қылу керек. Сонда сүт бетінің қаймағын қалқып алып, көк суын қалдырғандай елдің еңіреген ерлері кетеді де саналы халық орнында түйсіксіз тобыр қалады. Мәңгүрт тобыр! Ұлттың ұлттығы жойылу деген — осы!..

Күллі саналы ғұмырының ішінде Мусиннің бүкіл болмыс-бітімін бүгінгі сүлесоқ, дел-сал күйге, дүниенің бәріне бейтарап, енжар қалыпқа түсірген осындай оқыс ой, оқшау ұғым, оғаш пиғыл. Қағынан жеріген құлан тақылетті осы бір жабайы жатырқаулар, жатсыраулар келеді де Мусиңді жалғыз сенделтіп, ғасыр поезынан кез келген бекетке оп-оңай лақтырып тастап кетеді. Тастанды Мусинде бас сауғалап барар жер, басар тау жоқ. Ол өзіне өзі құрған тұзақта, өзгелер безген тағдыр тұтқынында: ғылымда ұстазы Бұйратов қаққан қазық — догма болса, тұрмыста туған әкесі Муса миландырған "өгей өмір"; ол осынау шым-шытырық шырғалаңда, шырмауда... Оны бұл шырмаудан босатар бірде бір адам не қоғам жоқ. Жалғыз-ақ әкесі секілді ұсталып, атылып кетпей аман жүргеніне шүкіршілік етеді. Қолынан келер күллі қулық-сұмдығы, амал-айласы тек соған ғана жетеді.

Бұл кісінің басындағы бар қасірет, міне, осында.

* * *

...Мусин селк етті. Таң атып қалыпты. Бұл маңдайын алақанына басқан қалпы, креслода әлі сұлық отыр екен. Алдында ақ қағаз, бетіне бір сызық түспеген.

Задында, жазатын адамның столында ылғи жазусыз қағаз жатқаны жақсы нышан емес қой!

44

Тайман оқу залында ұзағырақ отырыпты: мұнай мен газ геологиясынан ертең болатын коллоквиумге әзірленген еді. Кітаптан басын көтеріп, маңына көз жүгіртті. Бағана толып отырған, қазір кісі сирепті: көп столдың әр жерінен біреу бұғып, төбесін көрсетеді. Жым-жырт. Коридордағы дыбыстар да тынған, жар сағат қана шықылдап қапты: қос қара жебе көкке кезеніп, қақ айрылып барады.

Тайман кітаптарын жинап, тұра берген; ту сыртынан біреу мұрнын тартып, тамағын кенеді: Арынғазы екен, иығын құныстыра қадалып отыр. Тайман қасына барды, Арынғазы бұрылмады, кітап бетінен басын да көтермеді, Тайман сыбырлай түртті:

— Өй, тағы ұйықтап қалудан саумысың?

— Неғылған ұйқы. Менен ұйқы безгелі қашан? Менің тек суретім ғана ұйықтайды.

— Қайтпаймыз ба?

— Жоқ. Залды жаптырып кетем бұл жерден.

Тайман күлгенмен бұл күлер емес. Қабағы түюлі қалпы, қағазға қадалып қала берді.

Тайман залдан шықты. Қарсы қабырға толған газет: университет баспаханасында басылатын көп тиражды газеттен басқа әр факультет, әр бөлімше өз қабырға газетін шығарады. Қабырға газеттер, әсіресе олардың сатиралық қосымшалары қай факультетте болсын сұсты нәрсе. Бұлар бетің бар, жүзің бар деп жатпайды: жақсы құлық шаржбен әзілденеді, ұнамсыз қылық карикатурамен шенеледі. Адам бойындағы оғаш мінездердің талайын осылардан көруге болады.

Тайман бұл тұстан бір тоқтамай өткен емес. Бұл жолы бір тосын оймен қайрылды. Көп тиражды газеттің жуырда шыққан номерінің соңғы жағындағы "Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме" деген рубриканың астыңда микроскоппен маңдайын тірей ұйықтап Арынғазы отырған. Сашаның істеп жүргені, өзі шебер-ақ, дәл бір Кукрыниксы салған карикатура сияқты. Аяқ жағындағы "Арынғазы айтады" деген аңыз да сонікі. Ақын емес қой, мұнысы онша әдемі шықпапты: "Жарты өмірім ұйқымен өтеді, қалғаны ойын-сауыққа кетеді".

Қазір ғана Арынғазының қасынан шыққан Тайманға мына суреттің ендігі мәні осалдағандай көрініп еді.

Мына бір шетте студенттердің өздері қолдан әшекейлеп шығаратын "Геолог" газетінің сатиралық беті пайда болыпты. Тайман жаңа көрді: кешелі-бүгін ілінген секілді. Мұнда Мусиннің карикатурасы салыныпты: Профессор портфелін құшақтап, аудиториядан шыға қашып барады. Соңынан бір әйел қаламын жалақтатып қуып келеді, студенттер ұйлыға аңтарылып қала берген.

Бұл жайды таяуда ғана бірінші курс студенттерінен естіген Тайман суреттің мазмұнына жазуын оқымай-ақ түсініп, көп қарап, ұзақ күлді. Жалғыз тұрып күлді. Кейде дыбысы да шығып кеткен. Бесеует біреу көріп, ұят болмады ма деп, бір бүйіріне бұрылып еді, өзінен үш-төрт адым жердегі тақтаға "геовед" газетінің жаңа номерін іліп жатқан бір қызға көзі түсті. Тайман шұғыл абдырап, аңтарылды да қалды: көз алдында Нәдия. Ол мына жігіттің қазіргі жайын ұққан тәрізді, бұған қараған соншалық бір кінәсіз, ұяң жүзінде аздаған ойнақылық бар. Болмашы күлкімен қысыла түскен қара мөлдір көзі сәл ғана сәтке мұның көзімен тіктей қадалып, табыса қалып еді, Тайман денесі дір етті. Бар пейіл-ниетімен, ықылас болмысымен ұсынып, ұмсынып қалды. Айтарға сөз жоқ, сөз бола қалса, дәл осы сәтте тілі де келмес еді, тек жүрегі ғана тулап, алып-ұшып, бетін әлдеқандай бір ыстық леп, жалын шарпып өткендей болды.

Қыз еркін, бұдан бұрын тіл қатты:

— Сіз жақсы күлесіз екен!..

Тайман қып-қызыл боп кетті. Бұны Нәдия да сезіп ыңғайсызданып, жүзін бұрып әкетті. Газеттің бір шетін мықпен ұстатып, ақ сүйрік саусақтарымен бүктеуін жаза екінші бұрышына мық қадай беріп еді, анау бұрышы қайта сырғып түсіп бара жатыр. Тайман газеттің бұл шетін қалай ұстай алғанын өзі де аңғарған жоқ. Жерге түскен мық шегені алып, бұрышын шанша берді. Көз алдындағы газеттегі жазу бір-біріне қосылып барады. Әр жол бір-бір қара сызық қана сияқты. Басқа түк аңғарған жоқ. Жалғыз-ақ Нәдия жақ беті дуылдап жанып барады, соны ғана сезеді. Қызға қарауға жасқанды, жасқанған емес, қорықты. Шынымен қорықты. Өзін осы бір ғазиз жанның алдында кешпес кінәлідей сезінеді. Содан соң өз жүрегінің соғысын сезінеді. Екі құлағының тұсында тағы бір-екі жүрек пайда болғандай, үшеулеп соғып, Тайманды кәдімгідей теңсеп тұрған тәрізді. Мық түйреп жатқан қолының сыртыңда бір-екі көкшіл сызық білеуленіп білінеді. Газеттің ана шетіндегі ақ саусақтардың қасыңда мұның саусағы да іске алғысыз бірдеңе сияқтанып кетті. Мық шегені тез шаншып, қолын тартып алды. Көбіне галстугінің бір жағына қисайып жүретінін өзі білетін. Қолының жағасына қалай шапшаң барып келгенін де сезген жоқ.

— Үлкен рақмет, — деді Нәдия Тайманға көмектескені үшін, газетті іліп болған: — Міне, бізде де жақсы суреттер бар.

— Э-э... жақсы екен, — деді Тайман Нәдияға тура қарай алмай; газеттің әр жеріне бір қадала берді де, тағы қапаланды... "Э-э..." дегені өзіне әлдеқандай бір дөрекі ыңырану сияқтанып көрінді де, "жақсы" дегендегі "с" — "ш" боп, сақау естілгендей, айтарын жөндеп айта алмағанын білді. Және "бұ не дегенім, — деп ойлады: — осындай жауап бола ма екен?.." Дүниеде өзінен дәрменсіз жан жоқтай сезінеді. Көз алдындағы суреттер қанша қызық болғанмен бұған түк әсер еткен жоқ. Енді күлкі безіп кеткен. Тіпті осы суреттерді ол көріп тұрған жоқ. Көзі мұнда болғанмен, көңілі әлденеге алаң. Ойын ойрандаған — өз бойынан өзі тінтіп, қазбалап тауып тұрған әлдеқайдағы бір оспадар қылықтар...

Аяқ дыбысын аңғарып жалт қарады: жақын аудиторияның бірінен екі қыз, бір жігіт шығып, бері келе жатыр. Үшеуі де геофактың студенттері. Нәдия соларға қарсы жүрді. Жігіт Нәдияның кітап салынған сумкасын ала шыққан екен, иесіне ұсынып келе жатыр. Жігітті Тайман сырттай білетін, жоғарғы курсте оқиды. Ол да танып:

— Аман-жақсымысыз? — деп, бұған бас изеді.

— Сәлеметсіз бе! — деп Тайман да солай басты. Есіне енді түсті: Нәдияға ең болмаса сәлемдесе де алмапты.

— Иә, неғып жүрсіз? — деді әлгі жігіт Тайманға; бір қолымен Нәдияның қарынан ұстап, екінші қолын ана қыздарға созып, төмен түсе берді.

Тайман енді тезірек басып, бұларға Нәдия жақтан қатарласты:

— Жай, кітапханадан шығып едім.

Оған дүниеде мына жігіттен бақытты ешкім жоқтай көрінді. Іштей оған деген қызғанышы да бар, өз халіне күйініші де бар.

Жігіт Нәдиямен кәдімгідей, адамша, еркін сөйлеседі:

— Қайттік, Нәдия, кеш қалдық па?

— Сіздерге ештеңе емес қой, мен болмасам, — деді Нәдия.

— Саған несі бар, — деп сыңғырады қыздардың бірі, — трамвай үйіңнің дәл алдына тоқтайды.

— Сіз алыста тұрасыз ба? — деп сұрады жігіт.

Тайманға осы сөз ұнады: "Жігіт байғұстың Нәдиямен пәлендей жақындығы жоқ екен".

Нәдия иығын жапқан толқынды шашын кейін шұлғып серіпті:

— Тастақта.

Бұлар университеттен шығып, трамвайға беттеді. Жолда келе жатып, Нәдия орталарындағы жігітке жай ескертті:

— Сіздің мәдениетіңізге қайран қалып келемін.

— Иә, неге?

— Мына кісімен таныстыру жөн емес пе еді.

— Ау!.. Мен сізді таныс екен деген едім.

— Қалайша?

— Жаңа бірге тұрдыңдар ғой!

Анау қыздар жарыса сөйледі:

— А біз ше?..

— Біз бар емеспіз бе?

— Оһ-һа-һа!.. Кешіріңдер, кешіріңдер! Жігітім, бері кел, — деп, қыздарды қаусыра тұра қалды. — Қолыңды әкел, мына кісі Нәдия Мәдиқызы Нәбиева, — менің бірінші орынбасарым.

Тайман Нәдияның қолын соншалық бір ілтифатпен, бірақ өзін-өзі билеп, жасқана қысты:

— Тайман Дәуренов.

— Мені өзің білесің, тек газеттің бас редакторы екенімді қоса біліп қой! Мына бойжеткен, анау сұлу... — деп, жігіт Тайманға екі қызды да әсірелей таныстырды, — газет редколлегиясының бас мүшелері, һа-һа-һа!..

Тайман олардың да қолын алды.

— Ал, енді тағар кінәларың бар ма маған!..

— Жоқ, сізге үлкен рақмет! — деп қалды Тайман. Нәдияның қолын ұстатқаны үшін осы жігітке шынымен разы болып еді.

Неге екені белгісіз, Нәдиядан басқалары қосыла күлді. Тайман тағы ұялып қалды, күлген олардан емес, күлмеген Нәдиядан ұялды.

Мұның алғысы орынсыз айтылды ма? Бір шетте оқшаулау келе жатыр еді; әлде сонысы ерсілеу ме? Тайман бұл арасын ажырата алмады; аздан соң тіпті соны ойлағысы да келмеді.

Осы бір кездейсоқ күлкінің Тайманға және бір тосын әсері болды: ол өзіне-өзі келіп, өзінің оқшау халін де кенет сезініп, бір түрлі ширыққандай. Байқап қараса, мұның осы істеп келе жатқанының бәрі осалдық сияқты, бұған жүр деген ешкім жоқ, барар жері де басқа; бұл жолдан қосылып, ессіз ере беріпті. Онымен тұрмай, бұларға жарастық мінез де көрсете алмапты, жай бір бүйірде көлеңкедей қараңдай берген. Күлсе күлгендей-ақ екен. Анау бір күнгі өзіне ренжіп,

Сашаның "ескі махаббат" деп қалғаны да есіне осы арада түсіп, сол сөзді енді ұқты. Сол Саша тағы бір жолы бұған: "Сенің кейбір мінездерің өмірдегі емес, кітаптағы сияқты" деп те күлген...

Тайман өзінің дәл казіргі дәрменсіздігін алдымен Нәдияға обал, зәбір, қиянаттай сезінді. Оның орнында өзі болса қайтер еді: мұндай ынжық, болымсыз серіктен түңілмес пе еді?..

Оның осы ойға құлай иліккені сонша, Нәдияны қарынан қалай ұстай алғанын өзі де аңғармай қалды.

Нәдия бұл қимылды күтпеген-ді. Оқыс шошып, тіксініп қалды. Қолын да тез тартып алған. Алдарында жаңа тоқтаған төртінші трамвай енді қозғала беріп еді, Нәдия топтан сытылып шығып, шашын желпілдете жүгіріп барып басқышына көтерілді. Бір қолы тұтқада, сумка ұстаған қолын кейін созып, бір қырын бас шұлғып қоштасты:

— Көргенше!..

Кіммен қоштасқаны белгісіз. Әрине, мына жолдастарымен қоштасты. Бұлар да ұмтыла беріп:

— Жақсылықта бол!

— Сау тұр! — десіп жатты.

Тайманның ерні ғана жыбырлады: әлгі жақсы тілектердің бірін іштей қайталауға ғана шамасы келіп еді.

— Сау болыңыз! — дегенді Тайман мыналарға ғана анық айтты. Жалт бұрылды да жүре берді. Аяғы ап-ауыр, кінә байланғандай. Шекесі зірк-зірк етеді, басы ойдан жұрдай. Зейін-зердесі де түгел құлазып, қаңырап бос қалғандай. Жай теңселіп жүріп келеді. Жатақ үйге де барғысы келмейді, Сашаның бетін де көре алар емес, бірақ жүріп келеді.

Мұнарта шөгіп тау жатыр. Шың үстінен ай туып келеді. Әлдекімнің жылмиып, мысқылмен сынай қадалған көз қиығы сияқты.

Тайман ұялғандай төмен қарады.

45

Қабен әлі сөйлеп тұр. Трибунадан түсер емес, тіпті үдетіп барады. Мұның қашанғы мінезі осы: ұнатқан нәрсесін көкке көтере мақтайды, жек көргенін жерге тыққысы келеді.

— Осының өзі де дөрекі, сөзі де дөрекі, — дейтін Дәулетов. Әрине, бұл — жек көрген адамның пікірі. Бірақ мұнда да шындық бар. Қабен қатал принципті бір беттігімен қабат қыңыр да жігіт.

Комсомол конференциясы ұзаққа созылды. Сөйлеушілер таусылар емес: шешендер тізімі ұлғайып барады. Түн ортасы болды. Комитеттің жаңа құрамын сайлау керек. Ол қашан үлгірілмек? Айбар шынымен қысылды: конференцияны сол басқарып отырған. Оң қанатыңдағы қалалық комсомол комитетінің өкіліне қарады:

— Жиырма жеті адам сөйледі. Әлі он тоғыз адам бар. Енді қайтеміз?

Өкіл сабырлы қалпын бұзған жоқ:

— Менен несін сұрайсыз, залмен ақылдасыңыз!

Айбар кезекті шешенге сөз бермес бұрын көптің қалауын сұраған, екі ұсыныс қатар айтылды:

— Жарыс сөз жалғаса берсін!

— Тоқтатылсын.

Айбар дауысқа салмақ болды. Осы кезде көп арасынан Қабен ұшып тұрып, қарсыласа кетті:

— Жаңа ғана айттың ғой, анау адамға сөз берерде хабарлаған жоқ па едің: "Оразов дайындалсын!" дегенсің. Маған сөз бер. Мен қалай да сөйлеуге тиіспін.

Айбар жалтармады:

— Жақсы. Дауысқа сенен кейін қоярмын. Оразов сөз сенікі!

Қабен сөзін Айбардың баяндамасына, шешендердің сөзіне баға беруден бастады: "Осы аудиторияның атмосферасы тамаша! Мұны баяндамашы мен сөйлеушілердің сыны жасады" — деді. Содан соң оз машығымен кетті:

— Коллективте сыннан жақсы нәрсе жоқ. А жоқ, бұл дұрыс емес, сыннан мықты нәрсе жоқ деген дәлірек. Сынның жақсылығы мықтылығында. Әйтпесе сынды кім жақсы көреді дейсіз! Сенбесеңіз ойлап қараңыз, қиналу жақсы ма? Жоқ, дүниеде қиналған жаман. А сын қинайды. Демек, сыналушы қиналмаса, сынның да болмағаны деп ұқ!..

— Бұл не айтқалы тұр? — деді Арынғазы Тайманға сыбырлап. Ол осы конференция басталғаннан бері әр шешеннің аузынан өз атын күтіп, "қашан түйреліп қалар екенмін" деп, ылғи қыстығумен отырған. Мұның бақытына қарай, ешкім сынамады. Бірақ өз сезімі өзін сыннан жаман қинады.

— Бұл ма, — деді Тайман, — бұл мен білетін Қабен болса қазір біреуге мықтап шүйліккелі тұр. Мынау соған маневрі ғана.

— Ойпырым-ай, — деп күдіктенді Арынғазы: — Осы қу маған бас салып жүрмесе неғылсын. Әне, қарашы, көзімен көп арасын тінтіп, мені іздеп жүрген сияқты.

Тайман екі иінін селкілдетіп, үнсіз күлді:

— Бүйтіп қор болғанша, өзің неге сөйлемедің осы?

— Қой, ойбай! — деп, Арынғазы оны бүйірінен түртіп қалды. — Тек отыр! Бұндайда бұққан озады.

Тайман айтқандай, Қабен әлгібір жалаң майшылауын шорт үзді де, қойып қалды:

— Бекетова Зәуре беталды кеткен адам. А мен білемін, төрт жыл бірге оқимын, неге білмейін...

Зәуре қас-қабағын сынық қанаттай икемсіз қозғап, шытынып, қызара булықты. Ызамен қайнап кетті. Президиум столындағыларға, Айбарға қарайды, мынау "бетімен кеткенге" тыйым салар, мені қорғап қалар деген әлсіз үмітпен қарайды. Өзі сөйлер еді, бірақ сөз тие қояр ма екен; және, "бетімен кеткен мен емес, сен; неге мені осынша сөгесің көп алдында", — дегеннен басқа Оразовқа қарсы айтар дауы да жоқ. Одан арғының бәрі бұлыңғыр. Соның өзін де жөндеп айта алмайтын сияқты, өн-бойы дір-дір етіп, жылап жіберуге шақ отыр.

Ал, Қабен қояр емес, сөйлеп тұр. Әлі сөйлеп тұр. Ебедейсіз, ұзын бойын дәл осы арада аласартып алғысы келгендей, денесін мінбеде доғадай иіп ап, өзеурей түседі.

— Бізден ылғи шеттеп жүреді. Қоғам жұмысына қол ұшын да тигізбейді. А бұл жат мінез! Демек, мұның тамырына балта шабу керек. Қоғам жұмысынан қол үзу — коллективтен қол үзу. Коллективсіз жеке субъектінің құны қанша?! Жоқ, жоқ, жолдастар! Кім де кім адам болғысы келсе, — а біздің адам болғымыз келеді! — Кім де кім азамат болғысы келсе, — а біздің азамат болғымыз келеді! — Коллективке бағынуға тиіс. Коллективпен бірге тыныстауы керек. Ал, коллектив — біздің піріміз. Одан басқа пір, одан асқан құдірет жоқ бізде!..

Қабен қалтасынан бір қорап сіріңке шығарды, оның ішіндегі шырпыны алақанына шылдырата төгіп уыстады да, бір талын екі саусағымен жоғары көтерді:

— Бұ не бұл! Осында не қауқар бар! — Шырпының ортасынан басбармағымен басып қап, шырт еткізіп қақ бөлді де, лақтырып жіберді: — Міне... — Алақанынан тағы біреуін алып: — Жеке тұрғанда мынау да сондай, — деді де, көп шырпыға қайта қосты: — Ал, мынаны сындырып көр енді. — Бір уыс шырпы жай сықыр-сықыр еткені болмаса, сынған жоқ. — Міне, мықтылық осында!..

— Сорлым-ай, соқ-соқ! — деді Тайман сыбырлай сөйлеп, күлкіге тұншығып.

Жұрттың бәрінде ылғи бір ғана сезім болса, өмірде қарама-қарсылықта болмас еді. Қабен сөзін әркім өзінше қабылдайды. Әрине, көп адамдар ұқсас қабылдайды. Ал, Зәуре өзінше оқшау, мұның қабылдауы мүлде бір басқа. Осы залдағының бәрі көзімен де, қолымен де осыны нұсқап, "әне көріңдер, бар пәле осында" деп, бір өзін көрсететіндей сезінеді. Бұрын жұрт өзіне ризалықпен, мұның сұлулығына сұқтанып қарайтыңдай көрінетін, ал мына арада жұрттың бәрі ренішпен, сынай, мысқылдай қарайтын сияқты. Жұрт көзінен қашып құтылар жер таба алар емес. Әне, Арынғазыға дейін салқын қарап отыр. Бұрын екі көзінің орнына бір-бір қалың сызық қана тастап, күліп қарайтын. Қазір күлмейді, сығырайған кішкене көзінде әдеттен тыс ызғар, зіл жатыр. Қойшы, бұл — бұл ғой! Ал, Айбардікі не? Ол мұны жақсы көрем демеуші ме еді? Анау бір жолы бұған бар сырын айтқан: сүйемін деген. Кейін, өзіне ашуланғанда да сүйгендіктен ашуланғандай болған. Онда комсомол комитетінің секретарынан гөрі жай бір Айбарға ұқсас еді. Қазір бұл да сұлық отыр. Айбар емес, секретарь сияқты.

Оразов болса мынау, бірге оқитын жолдас еді, бүгін мүлде жат адамдай. Әне, қолын сермеп сөйлеп тұрған қалпы, мұрнының ұшындағы мүйізді көзілдірік үстінен Айбарға қарады:

— Профорг етіп сайлап едік, онда да түк бітірмеді. Жарна жинауда қолынан келмеді...

Айбар оған суық қарады: апыр-ай, бір репликамен тыя қояр ма екен? Жоқ! Қайта әлгіге бас изеп, мақұлдап қойды. Бұл несі? Әйел адамға деген сыпайылық, құрмет болмаушы ма еді?.. Мына Оразов шектен шықты:

— Мен үшін, мысалы, қызы не, ұлы не, бәрібір, жолдас деп білемін. Адам деп ұғамын. Ал, Зәуре Бекетова қайтеді? Ол ер адамға алдымен жігіт, кәдімгі қыздың жігіті — бота тірсек бозбала есебінде қарайды. Бәленің бір тамыры осында жатыр...

Зәуре алақанын кірпігімен түйреп, бетін басты. Айбар оған дәл осы кезде көзінің астымен байқаусыз қарап қалған: қатты аяды. Өткен сезімдер, отты сезімдер қайта оралып соғып, жаңа ғана салқын отырған жігіттің ойын ойран-асыр етті. Күні кеше бұл үшін Зәуре кім еді? Осы бір сұлу қызбен катар келе жату, театрға бару, көп көзінде жұптасып жүру, немесе оңашада өзіне соншалық ыстық, сүйікті серік, өмірлік дос сезіну қандай асыл сезімдер еді?..

Айбар бұл ерке сұлудың бетін жел қақпауын, маңдайын күн шалмауын тілейтін. Бар қадарынша осы қызға жақсылық ету, майда пейілін, кең ықыласын арнау өзіне зор қуаныш еді. Ондайда Зәуренің бар қылығы еркіндік, еркелік сияқтанатын да, оның осы назды қалпына бұл шылау түсірмеуді ғана ойлайтын. Сол сүйіктісі қазір қандай халде отыр? Мынау Қабен не деп тұр:

— Бәріміз де жаспыз, жолдастар! Ашығын айталық, түптеп келгенде жар деп сүйеріміз жалғыз-ақ емес пе? А-а!.. Айтыңдаршы, біреу-ақ емес пе?.. Бұл арада ешкім жоқ...

Көп іші қозғалып, шайқала бастады. Әлдекімдер күліп жіберді:

— Ешкім жоғың не, Оразов!

— Хе-хехе!.. Толып отырған жоқпыз ба?

Айбар орнынан тұрып, жұртты тыныштыққа шақырып, қайта отырды. Бұл тұста Зәуреге деген әлгібір аяушылық сезімнен тұлдыр да қалған жоқ. Көз алдында басқа бір алуан елестер тізбектеле берді: Зәуренің шытыр-шытыр еткен төзгісіз мінезі, жеңіл-желпі ойы, қылтың-сылтың қылығы... Айбар жанынан ол ештеңе түсінбейтін, тіпті түсінгісі келмейтін-ді. Мұның қолтығында келе жатып, көрінген жігітке наздана, сызыла беретін (бұл ретте Оразов тап басып айтып тұр). Айбардың бар ықыласын Дәулетов сияқтылардың сыртқы жылтырауық бояуына оп-оңай айырбастап кете беретін. Тіпті бір жолы Айбардың күні бойы күтіп кездесіп, "театрға барайық" деген тілегін "басым ауырып тұр" деп қабылдамай қойған-ды. Айбар билетін біреулерге беріп, өзі де бармай, "Зәуреш сырқаттанып қалды-ау" деп қайысып, оның бөлмесіне келсе, қыз Дәулетовпен бірге киноға кетіпті. Айбар тітіреніп қалды. Содан соң-ақ ол Зәуреден түңіле бастаған-ды. Бірақ бір ғажабы — осы түңілу оны жек көру сияқты емес. Айбар өзіне іштей ренжіді: Зәуре жолына өзін бөгеу болғандай сезінген. Оның өзін сүймейтінін ұғып, көңілін суыта берген. Енді бір жолы, терек түбінде бейтаныс біреумен қылымсып, сықылықтап сөйлесіп тұрған Зәурені көріп, мүлде шошынды. Осыдан кейін оны шынымен жек көре бастады да, ізінше ойлады: "Осыным қызғаныш емес пе? Ал, қызғаныш — түпке жететін дауасыз дерт қой!"

Бұлар Айбар басынан өткен әр алуан, шым-шытырық сезімдердің бір-екеуі ғана, былайша айтқанда, Айбардың махаббат тарихының шет-шепірі ғана. Жә, мәселе мұнда болмай-ақ қойсын! Мынаны қараңызшы! Мынау Оразов дұрыс айтып тұрған жоқ па? Дұп-дұрыс! Әділ сын, бетің бар, жүзің бар демейтін қатал сын осы-ақ болар...

Айбар енді өзіне өкініп отырды: Зәуремен бірге жүріп, оған қалайша дұрыс ықпал жасай алмағанмын?.. Бірақ Зәуреден бірте-бірте суып, бірден-бірге алыстап, іштей алыстап бара жатты; одан көзін тартып алып, төмен қарай қалды. Бірақ көзі ештеңе көріп отырған жоқ-ты.

Зал тым-тырыс. Тек Қабен ғана сөйлеп тұр. Әлі сөйлеп тұр...

46

Университеттік комсомол комитетінің жаңа құрамына ұсынылған адамдардың тізімі жазылған бюллетеннің бірін Зәуре де алған: он үш адамның ішінен Оразовты ойланбай сызды. Көзі Айбардың фамилиясына түсті. Айбар атының Зәуреге алғаш рет жылы ұшырап, жанына жақын көрінгені де, маңайлатпас алыс көрінгені де осы жер болды. Қыз кірпігінен үзілген бір тамшы жас сырт етіп қағазға тамып, Айбар фамилиясының аяғына қойылған нүктедей мөлдірей қалды. Ізінше Зәуренің ерні кемсеңдеп, көз алдындағы әріптер әлгі жасқа ерігендей қалың қара сызыққа айналып бара жатты. Ол босаған жүйесін әрең бекітіп, бюллетенді төрт бүктеп апарып, жәшікке салды да, залдан өрт шыққандай жүгіре сытылды. Осы бетімен жұрт көзіне көп түсе бермей, ығысып кетіп қалмақ еді, ретін таппады: киім ілгіш алдында кезекте тұрғандар көп болды. Мұның номерін алып, бәйек боп жүгіріп жүретін Айбар ықыласы осы арада қыз жүрегін бір шымшып қалып еді, бір бүйірден шашы жалбырап Жабас көрінді де, әлгі сезімге су септі. Дәулетовтің қазір-ақ қылтыңдай қалатынына сенген Зәуре оған қарсы жүрді. Тағы бір ауыр соққы осы арада тиді: Дәулетов мұны көре салды да көзін тайдырып әкетіп, көрмегенсіп өте берді. Зәуре жылап жібере жаздап:

— Жабас! — деп қалды.

Анау әлдекімнің қамшы үйіріп айдауына бағынғандай амалсыз бері бұрылды да, мойнына су құйылғандай құнысып тұрды. Әдеттен тыс солғын, күңгірт, жалтырамайды, жалтылдамайды. Шоқты көзі де сөніңкі, тіпті Зәуреге түсер емес, төмен қараған қалпы, мұрнынан міңгір-міңгір етті:

— Маған неғыл дейсің?

Зәуре ызадан өртене жаздады:

— Саған не дедім мен?

— А жақсы онда, — деп, Дәулетов бұдан қашып құтылғандай жалт бұрылып, көп арасына сіңіп кетті.

Зәуре пальтосын алып киюге де тағат таппай, сыртқы есікті сарт еткізді. Көшеде ығып аяңдап жалғыз келе жатқан күйі астыңғы ернін тісімен бүріп ап: — Опасыз! — деп қалды.

Бұл не сөз! Дәулетовті кінәлағаны ма? Немесе, өзін жазғырғаны ма? Әлде өзін сынаушыларға ызасы ма? Иә болмаса өзінің соңғы кездегі әр тарапқа бір лықсып, ақыры тиянақ-тұрлау таппаған құбылмалы көңіліне айтқан лағнаты ма? Кім білсін!..

47

Сапаров Армановты ұзақ тыңдады.

Партком секретарының кабинетінде басқа ешкім жоқ еді. Арманов осы оңашалықты тауып, әдейі келген. Өзінің Мусин жөніндегі бар ойын ірікпей, түгел айтып, нақты ұсыныстар жасамақ-ты.

Армановтың ұғымынша, Сапаров өзін қоштауға тиіс, ұсынысын қолдауға тиіс. Әр нәрсеге мән бергіш, сезімтал, шешімді адам: осы кісі бір қолма-қол шаралар жасауға себепші болмаса, ректор деканның көп ұсыныстарын аяқсыз қалдырумен келеді.

Сапаров анау бір жолы кафедрада Мусиннің кім екенін анық ұққандай болды. Оның сонда көрсеткен дөрекі мінезі, асаулығы Сапаровтың көкейінде ыза, реніш боп жиналған да шығар. Тек ол ғана емес, Сапаровты екі-үш жерде, әсіресе партия жиналыстарында Мусин мықтап сынады. Көпке ұнаған Сапаров Мусинге ұнамайды. Тіпті университеттік партия ұйымының бар ісін көргісі келмейді, бұл маңнан ылғи көлеңке іздейді. Өз пікірі өтсін-өтпесін, әйтеуір Мусин Сапаров басқарған бюроның ісін сынауға құштар. Және өзінше ретін тапқансып сынайды. Сапаров кім, ғылым адамы ма, партия қызметкері ме? Бұл неғылған гастролер деп те жазғырды. Әрине, оның сыны тек сын үшін, өзінің болмашы мақсаты үшін! Әйтпесе ғылым адамы мен партия қызметкерін айыра қараудың қаншалық негізі бар? Оның үстіне Сапаров партком секретары болуды кімнен сұрапты? Коммунистер сайлады, бұл бас тартпады. "Кінәсі" сол-ақ. Көп қалап, басқа бір жолдасты сайласа, Сапаров босанады. Оның несі бар? Міне, Мусин осыны да сөз етіп жүр. Бұл Сапаровқа қалайша, қайтіп ұнайды?

Армановтың ойынша Мусиннің өткен бюрода сөгіс алғаны, оның кафедра меңгерушісі қызметінен алынуы ректораттан сұралғаны жеткіліксіз. Ол университеттегі оқытушылық жұмысынан біржола аулақтатылуы керек. Бұл пікір оның бас араздығынан да туған емес. Мусин қалай қараса, олай қарасын, Арманов оның өз жеке басына келгенде пәлендей наразылық көрсеткен емес. Бір кезде оның тәрбиесінде де болды. Осы соңғы кезге дейін, Армановтың бірінші ашық сынынан соң Мусин одан мүлде түңіліп шыққанға дейін екеуі тату-ақ болатын.

Бірақ Арманов студенттер жайын ойлайды. Бес жыл ішінде оларға мүмкіндігінше терең білім берілуге тиіс. Ал, Мусин болса, бұл үлкен іске тіпті енжар қарайды. Кей реттерде тек академиялық сағатын атқарушы ғана сияқты. Өткен оқу жылында Арманов мұның лекциясына кіріп көріп еді (бұл әрекетте Мусинге ұнамаған), профессордың сабағына мүлде қанағаттанған жоқ: жансыз, жалынсыз сөйлейді, айтқандары схемалық, схоластикалық ұғымдар. Пікірде жүйе, нысана жоқ, тартымсыз, кітаптан талғаусыз жатталған әлденелер сияқты. Рас, осы кезде кейбір жеке адамдар бас ұра құптайтын магмалық гипотезаның постулат екенін, мұның өзі ғылымда бүгін туған жаңалық емес, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында, мұнай өнеркәсібінің өрбімеген, сәбилік шағында "заңсыз ұсынылған қате теория" екенін, кейін мұның күл-талқан етілгенін айтты.

— Оны бүгін қайта тірілтудің қажеті жоқ, — деді Мусин: — Егер бұған бақсақ, мұнай барлау ісін біз зиянды бағытқа, нәтиже бермейтін жолға бұрып әкетеміз де, апатқа ұшыратамыз. Қазіргі мұнайлы аймақтарды, әсіресе теңіз жағалауларындағы қара алтын қайнарларын көре тұра жоққа шығарамыз. Магмалық теория Канттың "өзіндік зат" деген ілімсымағы сияқты негізсіз, материалистік көзқарасқа жат нәрсе. Постулат.

Бірақ осының негізсіздігін, зияндылығын терең ашып, дәлелдей алмаған Мусиннің постулат дегенінің өзі постулат сияқты.

Армановқа Профессор өзінің қате ұғымдарынан қол үзіп болмағандай көрінді. Тіпті мынадай ой келді: бұл кісінің тәрбиесін көргендер кім болмақ? Ылғи схоластиктер шығып жүрмесе неғылсын. Мусиннің бірнеше данасы ғана тәрбиеленіп шығып жүрмес пе екен?

Мусиннің кейінгі әрекеттері, ол туралы мазасыз мәліметтер де деканға үлкен қозғау салды. Армановша, Мусин Профессор болғанмен ескішіл, ойы да, мінезі де күңгірт, көмескі, әшейін ғылыми дәрежесін перде етіп жүрген тоғышар адам. Мұндай адам қолма-қол кадр тәрбиелейтін жерден гөрі қолынан келгенінше ғылыми зерттеумен ғана шұғылданып, онысын көптің сынымен өткізетін тұйықтау бір мекемеде жүруге лайық.

— Менің — деді Арманов Сапаровқа, — оған ойлаған ешбір жамандығым жоқ. Жеке басымыздың ашу-араздығы да жоқ. Жалғыз-ақ студенттерді аяймын. Күңгірт пікірлі адамға трибуна беріп отырмыз. "Маман болсаң, геолог болсаң — Мусин бол!" — деп отырмыз. Мұнымыз — қате.

Сапаров қолын стол үстіне айқастыра салып, Армановты ұзақ қадала тыңдаған. Сөзін бөлген жоқ, ойындағысын түгел айтқызды.

— Болдыңыз ба? — деді ол Арманов сөзін аяқтаған соң.

— Иә, айтайын дегенім, ақылдасайын дегенім осы еді.

— Сонымен сіз Мусинді оқытушылық жұмысынан мүлде босатуды ұсынасыз ба?

— Солай еткен орынды болар еді. Уақытша да болса солай етілсе деймін.

— Қалайша уақытша?

— Өзінің алды-артына қарасын. Ойлансын. Түзелсін.

Сапаровтың үнінен мысқыл байқалды:

— Түзелгесін қайта алайық дейсіз бе сонда?!

— Олай болмаса мүлде аулақтатылсын, несі бар? Бізге студенттер тағдыры қымбат.

Екеуінің сөзі өзара сұраққа көшіп барады:

— А Мусин тағдыры ше?

— Ол коллектив емес, жеке адам.

— Коллектив дегеніңіз сол жеке адамдардан құралмай ма?

Арманов Сапаровқа қарады да, үндеген жоқ. Күткені бұл емес еді.

Сапаров баяу сұрады:

— Сонда ол кісі қайда істемек?

— Меніңше, ғылыми-зерттеу институттарының бірінде болғаны жөн. Онда әйтеуір қолдан келгенше зерттеу жұмысын жүргізеді ғой. Ол — студенттерге лекция оқу емес.

— Солай дейсіз...

Сапаров біраз ойлана отырып, трубкасын тұтатты. Трубка аузынан ширатыла ұшқан қаракөк түтін ауада мизандай тарамдана, иретіле қалқып, өрмекшінің ұясындай тор құрады да, дірілдеп ұзақ тұрады. Әдемі көкшіл, нәзік жіптер әлденеге ілініп қалғандай маталып, шатаса береді. Сапаров орнынан тұра бере ауада ілінген түтін торын қолымен серпіп, таратып жіберді.

— Мен, — деп Сапаров Армановқа суықтау қарады. — Мен сіз жөнінде жоғары пікірде едім. Бүгінгі сөзіңізге таң қалып отырмын.

Арманов қабағын қалыңдата бере жағын таянып, үнсіз тыңдап қалды.

— Мен түсінбеймін. Адам тағдырына қалай қарайсыз, түсінбеймін...

Сапаров кабинет ішінде ақырын адымдап, ойлы жүрді:

— Айталық, Мусин маған ұнамайды, немесе сізге ұнамайды делік. Осы бізге оны университеттен қууға право бере ме?

— Жоқ, жолдас Сапаров, менің ұсынысым оны ұнатпағандықтан туып отырған жоқ.

— Сабыр етіңіз, мені тыңдаңыз! Сіз оны именно ұнатпайсыз. Бұл сіздің еркіңізден тыс болуы мүмкін, бірақ ұнатпайсыз, ол — факт.

— Жоқ, менің оны ұнатпағандай ештеңем жоқ.

— А олай болса тәрбиелеңіз.

— Ол тәрбиеленіп болған адам, — деп Арманов ренішпен езу тартты: — профессор, доктор, жасы да бір шама ілгері, о кім ол, бала ма?

— Қателесесіз. Адам туғаннан өлгенге дейін тәрбиеленеді. Өзі біреуді тәрбиелеуі мүмкін, аңғарсаңыз, оның сонысы алдымен өзін тәрбиелегені... Содан соң мынаны ескеріңіз: өзіне ұнамаған адамнан қол сілтеп, аулақтай бастау — өрісі тар адамның ісі. Алдымен, сол адам кім? Анық дұшпан ба? Онда мәселе басқа. Ал, қателескен болса, немесе ол өзіне ұнамаса, оны бізгілей беру, тіпті одан серпіліп шығу — кешірерсіз, топастық! Әдетте топас адамдар өз тонын ғана қорғайды. Ал, шынында анау адамның да мұның өз тағдырындай тағдыры бар екенін, анау адамның да өмір сүргісі келетінін, оның да еңбекке шабыт іздейтінін топас адамдар түсінбейді. Қайта анау сүрініп жатса, бұл қызықтай қарайды.

Арманов аңдамай ащы іркіт ұрттап алып, енді оны төгетін жер таппағандай аузы-мұрнын кіржитіп, қайта-қайта қозғалақтай берді.

— Сіз ренжіп отырсыз. Орынды реніш, жолдас Арманов: мен қазір балаға ақыл айтқандай халде екенімді өзім де ұғып тұрмын. Кешірерсіз...

Арманов креслода шалқая, еріксіз жымиды.

— ...Бірақ мұным ақыл емес, сізбен ақылдаспақ болған ойым еді. Мусин жайы мені де қатты ойлантты. Мусин геологияда мен ұстаған бағытқа қарсы ағыстың адамы. Жақсы білемін. Оның үстіне бұл кісінің көп ісі маған да оғаш көрінеді. Ал, сол оғаштықты қалай жою керек. Мусинді қайтіп қатарға тарту керек. Міне, мәселе осында. Университеттегі қызметінен босатып қоя беру — оны түзеу емес. Ал, Мусинді түзеу керек.

— Сонда не істеу керек?

— Не істеу керек екенін сіз неге ойламайсыз!

— Менің ойлағандағым әлгі ғой, — деп Арманов күлді.

— Жоқ, ол ойды ұмытыңыз. Сіз немене, Мусинді біржола біткен адам деп ойлайсыз ба?

— Жоқ. Жаңа айтқанымдай...

— Білем, білем, оған лайықтап отырған орныңыз бар ғой. Ол сіздің университетіңізден кем бе, ол — совет мекемесі емес пе! — Сапаров қолын ашулана сілтеп қалды: — Қате! Міне, осыныңызға таң қаламын.

Ол қолын артына ұстап, кабинет ішін кезіп жүрді.

— Қысқасы былай. Мусинге деген мінезіңізді өзгертіңіз. Оның қатесіне, кемшілігіне өз бойыңыздан реніштен гөрі аяныш іздеңіз. Әрине, бар істің кілті сіздің қолыңызда тұрған жоқ. Біз оған көмекке көп боп келеміз. Оны ұймадан көптің қолы ғана суырып ала алады. Анау күнгі бюрода айтылған сын да, қолданылған шара да сол көмектің алды. Ол Мусинді терең ойлантуы керек. Сіз онымен бірге істейсіз, ойлануына, дұрыс қорытынды шығаруына көмектесіңіз. Қол ұшын жолдас ретінде ұсыныңыз. Сізден тілегіміз де, талабымыз да осы! Ал, әлгіңіз адам тағдырына қоғамдық көзқарас емес, жеке бастың ұсақ мақсаты. Сіз қалаңыз, қаламаңыз, солай!..

Арманов орнынан көңілсіз тұрып, кетпек болған, Сапаров:

— Тоқтаңыз, асықпаңыз, — деп, қайта отырғызды. — Сіздің кейде асыра сілтейтініңіз байқалады. Кеше мен сіздің факультеттің қабырға газетін алдырып тастадым. Мусинді келеке етіпті. Дұрыс емес. Студенттер алдында профессорды карикатурага айналдыруды қайдан тауып жүрсіз?

— Өздері ғой...

— Осы сөз бе! Сіз қайда жүрсіз? — деп Сапаров қатты ренжіді. Содан соң телефон трубкасын алып, Айбармен сөйлесті: — Кешегі "Геолог" газетіндегі карикатураны ұйымдастырған студентті таптыңыз ба? Кім екен?.. Қалай? Дұрыс, бюрода қараңдар. Иә, мен де қатысамын.

Трубканы орнына салды да, Сапаров Армановқа зілдене қарап және бір нәрсе айтпақ болды. Осы екі арада декан өзінің кейбір ойларының тұп-тура керісінше шығатынына іштей таңданып қана үлгіріп еді.

48

Жексенбі күні Нәдия жатақханаға көшті.

Жүк көшкенде көрінеді. Университеттен алған төсек-орын мен үйден келген үлкен чемоданнан басқа кезге ілінер ештеңе жоқ сияқты еді. Бүгін қараса, өзі тұрған кішкене бөлменің іші толған дүние болып шықты. Кітаптар-ақ жер-көкке сыймайды.

Көшірісуге проректор берген жүк машинамен Нағима келген. Университет стадионында өткізілетін волейбол ойынына қатысатыңдай үстіне спорт костюмін киіп, білегін сыбанып келіпті. Мұны көргенде Нәдия әзілдей күлді:

— Ақырын. Корпусты түгел көшіріп кетіп жүрме.

Мұнысы жай сөз екен: жүк машина болмағанда көше де алмайтын. Ақыры Нағиманы мақтауға мәжбүр болды:

— Сен білгішсің осы, көргенді адамсың...

Нағима электр утюг пе, электр плитка ма, электр чайник пе, әйтеуір бір құшақ темір жиып әрең көтеріп бара жатып:

— Сен түк білмесең мыналарды неғып алып жүрсің, — деп қулана қағытты: — жасауың мол, тек қалындық болуың ғана қалыпты-ау!..

— Жарайды, болды.

— Болса болды, өзің ғой бастаған.

— Менікі жай ойын еді...

— А менікі де ойын.

Екеуі қатар сыңғырап, қосыла күлді.

Үй иесі — қартаң әйел Нәдияны машинаға отырар жерде құшақтай ап, мұның өз анасынша мейірімін төгіп, бетінен сүйді.

— Келіп тұрғайсың, қызым!

Машина қозғала берді.

— Жақсы адамдар, — деді Нәдия серігіне. — Мен тек сендер үшін көштім. Әйтпесе, әлгілерді кісі қиятын емес.

— Рас, — деп қоштады Нағима. — Бірақ жатақхана сабақ оқуға да жақсы, тұруға да көңілдірек қой.

— Көрерміз, — деп назданды Нәдия.

Нағима екінші этажда тұратын-ды. Нәдияға да орын соның бөлмесінен босатылған.

Машина жатақхана алдына тоқтап, қыздар жеңіл заттарды ала ішке кірді. Никельді ауыр кереуетті шофер көтерген, әрең алып келе жатыр. Шофердың о жақ, бұ жағынан сапырылысып, студенттер өтіп жатыр. Үстінде футболка, білегінің бұлшық еттері өріле бұлтыңдап, көне заман рыцарьларының статуясына ұқсаған бір сары жігіт мұның жанынан жымиып өтті, сірә, іштей күліп бара жатқан болса керек: кереуеттің бір жағы еденге сүйретіле бере, дырылдап қалған еді. Жігіт шыдамады, қайтып оралды.

— Әкел бері, маған бер! Былай көтермес болар ма, неткен болымсызсың өзің! — Шофердың рұқсатын да сұраған жоқ, кереуетті жұлқып қалып, иықтап бір-ақ көтеріп әкетті: — Кәне, қай бөлмеге апарамыз?

— Жоғарғы этажда болар, алпысыншы бөлме.

— Жарайды, болды.

Шоферға керегі де осы еді, қуана бұрылып кері кетті.

Кереует көтерген рыцарь сары мәрмәр сатылармен екінші этажға шығып, алпысыншы бөлме алдына жете бергенде, екі қыз қолдарындағы затты есік алдына қойып, бірі бері беттеген:

— Ой, Саша... — Нағима кері бұрылды: — Нәдия, Сашаны қара, бізге көмекке келіпті. — Содан соң қайтадан бері жүгірді. — Біз ризамыз саған... Қазір келем, кілт әкелем...

Саша Нәдияны көріп, қол ұсынды.

— Жаңа мекенмен, Надя!

Қыз рақметін жарқын раймен танытып, қол алысты да, Сашаның иығындағы кереуетке ұмтылды.

— Тоқтай тұрыңыз, Надя, өзім түсірейін.

— Қандай тамаша, күтіп тұрғандай...

— А, біздің күтпегенімізді қайдан білесіз? — деп қулана сөйледі Саша.

Ол Нәдиямен бұрын бейтаныстау еді. Атын көбіне Тайман аузынан ғана еститін. Оның аңыздауына қарағанда бұл қыз биік шың басындағы қол жетпес шынар тәрізденетін. Міне, сол шынар мұның қасыңда тұр: "Қол жетпес несі бар бұл қыздың? Эх, Тайман, Тайман!.. Қызықсың-ау сен, достым!.."

Бұлардың түндегілері де қызық болды. Екеуі түн ортасына дейін кітап оқып, жым-жырт отырған. Бір кезде Тайман орынан ұшып тұрып, Сашаның жанына келді де, мұны құшақтай алды. Саша басын кітаптан жұлып алып:

— Не боп қалды? — деді, бірақ таңданған жоқ: сырлас достар бірінің жайын бірі үнсіз ұғатын.

— Жай әншейін, — деп, анау да бұған талай айтқан сөзін қайталады: — жақсы көріп кеттім!

Досының кенет тұтанған жылы сезімін бұл да тұтас қабылдап, өзі де біраз тербеліп, Тайманның иығынан құшырлана сілкіп-сілкіп қалды. Содан соң "итсің сен" деп бар ықыласын бетіне жиып, жымия қарап тұрды.

Осыдан жарты сағаттай өткенде екеуі керісіп қалды: бір партия шахмат ойнаған. Ойынның алғашқы кезінен-ақ Саша еркін қимылдар жасап, жеңіл фигураларын қарсы жақтың шебінен асыра сұғындырып жіберді. Оншақты жүрістен кейін қарағанда мұның позициясы нық еді, екі жақтан орағыта келген Сашаның аттары Тайманға қауіп төндіре бастады. Бірақ Тайман бұған пәлендей мән бере қоймай:

— Сенің әдетің агрессиямен алмақсың ғой, шамасы... — деп отырды.

— Жүр, жүрсейші, көреміз ғой..!

— Ал, жүрдік!

Тайман аңдамай, қате жүріс жасады: бір жақтағы аттан королін алыстатам деп, екінші жақтағы аттың вилкасына ұрынған. Ферзісі вилкаға алынды.

— Ойбай, қате жүрдім, қайтып бер.

— Жоқ, болмайды.

— Бір рет қайтып берсейші, енді...

— Жоқ, болмайды!

Керіс осыдан басталды. Екеуі біраз қызарақтасып отырып, қайтадан ойынға кірісті. Бірі ұтса, бірі ұтылады, ұтылған жақ ұтқанды жіпсіз байлап, тағы ойын бастатады. Сонымен тіресе сермесіп кеп, таң біліне әбден сілелері қатып, бір-ақ жатқан.

Сашаның бүгін күндегіден кеш тұрып, гирін де кеш көтергені сол тірестің әлегі. Бұл ертеңгі дене шынықтыруын аяқтап, таза ауа жұтпақ боп сыртқа шыққанда, Тайман әлі төсекте жатқан.

Саша досына асықты. Нәдиямен кездескенін, оның шың басында емес, өздерінің қасында екенін айтып, бірқатар әңгіме қоздатпақ еді. "Айттым ғой, сен жайбасарсың, әйтпесе Нәдияның кереуетін мен емес, сен көтеруге тиіс едің" — деп тағы қалжыңдамақ. "Қыз сенен де сәби мінезділеу, сәл ықыласыңның өзі қандай көрінеді десеңші оған", — деп, және бір білгішсімек. Қысқасы, қазір барып, досын сан қияға салмақ ойы бар.

Нағима келді.

— Құрғыр қыздар-ай, кетіп қала қойғанын қарашы, — деп өзімен бірге жатқан бірер қызды мұқатып, швейцардан әкелген кілтімен есікті ашты.

— Саша! — деді Нағима бөлмеге кірген соң: — "Жақсылық етсең бүтін ет!" деген бар, машинадағы мүліктерді әкеліс бізге.

Жігіт қыз ұсынысын құп алды. Үшеуі жүріп, Нәдияның бар жүгін түгел бөлмеге жиды.

— Ал, енді кетуге рұқсат па?

— Неге — деді Нәдия — Неге! Енді бізбен бірге стол жанында болыңыз.

— Жоқ, ракқмет, Наденька!

— Рақметті кейін айтарсың, жібермейміз, — деп Нағима да жабысты. Сөзі батыл, мінезі тік. Сонысының өзі жарасымды, тартымды.

Саша бір түрлі ыңғайсыздық сезінді:

— Мен кетейін... күтіп қалған шығар.

— Кім?

— Тайман.

— Аһ, Тай-ма-а-н! — деп Нағима Сашаға құлшына қадалды. — Ой, ол менің жерлесім ғой. Бірге тұрасыңдар ма? Оны неге айтпай жүрсің? Соның өзі қайда жүреді, келгелі бір-ақ рет кездестім, — деп, сұңқ-сұңқ етті де, енді Сашаға бұйрықты нұсқау бергендей саусағын сілкіп тұрып, тұжыра сөйледі. — Былай! Бөлмеңе бар! Тайманды ерт! Содан соң мында кел!

Нәдия да соны қоштады:

— Неменесі бар, сөйтіңіз.

"Бәсе, — деп ойлады Саша. — Бәсе, неменесі бар?.."

49

...Бұл күн Тайман үшін аса қуанышты күн болды. Ол мұншалық сырлы сәттерді күткен жоқ-ты: тіпті күткен күнде де жағдайдың дәл осылай шұғыл өзгеруіне сенімі аз еді.

Тайман оқыған романдар көп. Романдарда романтикалы махаббат көп. Нәдияны да, Нәдияға толқыған өз көңіл күйін де Тайман сол өзі оқыған кітаптарша ұғатын. Нәдиямен анау бір жолғы сәтсіз кездесуден кейін одан өзін біржола қашықтатқандай, енді қайтып оның маңына жуи алмастай сезінетін-ді. Бұл сезім оның ойын торлап, сан қияға салғалы қашан?.. Көңілі еш нәрсе толтыра алмастай орта, бір түрлі сынық, жүдеу қабақ: күндегі халі осы болатын. Өзі айналасынан, қатарынан өзін біраз кемтарлау көре ме, әлде жұрт алдында өзін әлдеқалай кінәлі санай ма, я болмаса өз дәрменсіздігіне өзі ызалы ма?.. Әйтеуір бір өкініш! Бұдан адаспай, қалмай қойған, ылғи осыны табатын, айықпас, жылымшы кірбің...

Дүниеде өзін әлдеқалай оспадар халде, немесе өзі құрметтейтін адам алдында кінәлі қалыпта сезінуден жаман нәрсе жоқ. Ұяты бар адамды рухани құлазуға әкеліп, әлек ететін сол сезім ғой. Мұнан тек уақыт қана арашалайды, ұмытын қана құтыласың... Тайман басындағы осы халді Нәдия аз да болса аңғарса екен-ау! Жоқ. Ол Тайман жөнінде түк ойламайтын тәрізді, — осы-ақ қиын. Бірақ ойларлық та несі бар мұның, оған не аңғартыпты бұл? Көңіліне осы жайлар келгенде Тайман тағы да оқшау азап, ой азабын шегеді.

Сол Тайманға бүгін түске таман Саша кеп, мұның бір зор ісін тындырғандай міндетсіп, біресе бұған жоқ жерден бақыт тауып әкелгендей қуана құлшынып, танауын желпілдете ентігіп кеп, қолынан сілкілеп, бөлме ішін түсірлетіп жүрді:

— Мені немен құттықтайсың? Бол шапшаң, құттықта мені!

Тайман енжар еді, тез серпіле алмады. Көп болса бұл Қабен сияқтылардың бірін шахматтан ұтқан шығар деген оймен:

— Қойшы, Саша! — деп, қолын босатпақ боп, тартына берген. Бірақ анау ожырая қарап:

— Қой дейді? Неге қоямын мен! Қойсаң қой өзің! — деп, қадалып тұрып алды. — Құттықта деймін мені!

— Ал, құттықтаймын! — деп, Тайман еріксіз езу тартты.

— Онда болды, киін тез! Кеттік!

— Қайда?

— Надяға! Бол-бол, шақырып жатыр.

Тайман орнынан ыршып тұрды. Шошына таңданын, қабағын шұғыл жоғары серпіп қап, көзін кең ашқан: қарашығы жарқ етіп, оттай тұтанып, ұшқындай берді. Өңі де кенет құбылды. Сашаның әлгі сөзі мұның бетіне шашылған қызғылт бояудай еді. Әлдене айтпақ болған: ернінен оқыс діріл байқалды.

Саша ай-пайға қараған жоқ, гардеробты ашып тастап, екеуінің де сырт киімдерін стол үстіне лақтыра бастады...

Осыдан жарты сағаттай өткенде екі дос алпысыншы бөлмеде — қыздар ортасында отырды.

Нәдия жұқа қызыл ернін гүлдей үлбіретіп, ақырын ңана күліп қояды. Кейде күлкімен нұрланған қара көзін бір төңкеріп, қарсы алдында, Сашаның жанында отырған Тайманға аударады. Тайман Сашаны дәл бүгін ғана тыңдағандай, оның әңгімесіне ұйып қалған: оң жағынан жалт еткен қыз жанарын сезіп, кенет бұрылып қарайды. Сонда көзі бірден Нәдияның көзіне кезігеді де, сәл дір етіп, қозғалақтап қалады. Ізінше Нәдияға қосыла үнсіз жымияды. Мұнысын өзі аңғармайды. Нәдия шашын желкесіне шұлғып серпеді де, жүзін қайтадан Сашаға тіктеп, жұмыр ақ білегін алдына айқастырады.

Саша болса, тыңдаушыларын түгел мәз етіп, әңгімесін соза түседі. Бұл осы бөлмеге кіргеннен еркін, өзінің душын, ашық мінезіне бағып, қыздармен бейне ежелгі танысындай сөйлескен. Сашаға еріп, Тайман да сөз орайында Нәдия мен Нағимаға бірер тіл қатты.

Нағиманың бұлар келген беттегі:

— Сен өзің аздап бариндеусің бе, қалай? Сашамен бірге жолдастық етіп, біздің жүгімізді тасудың орнына шақыртумен әрең келдің, — деген әзіліне Тайман жауабын айтып, Нәдиядан оның мұнда көшкенін білмей қалғанына кешірім сұрады.

— О не дегеніңіз? Кешірім сұрар неменесі бар оның? — деп Нәдия жиі адымдап барып, төрдегі табуреткаларды стол жанына әкеп, Саша екеуіне орын ұсынды. Нәзік сыңғыр үнінен де, райлы реңі мен қимылынан да бұларға деген таза, мейірбан ықылас байқалады. Тайманды өзі ойлағандай тосырқаған да жоқ. Қайта мұның кешірім сұрауын артық көреді.

Осының өзі-ақ Тайман бетіндегі ұяттың жасанды пердесін бірден сыпыра берген еді.

Қазір Сашаның әңгімесі бөлмені түрлі сезімдермен толтырып, тосындау кездескен адамдар арасын жылыта түскендей. Саша әлгібір әзірде Нәдияның жайын сұрап, оның мұнда Москвада оқу үшін келгенін естіді. Содан соң Нәдияның қазіргі тұрағы Балқаш маңы болғанмен туған жері Оралмен шектес Сталинград облысы екенін біліп алды да, сөзін бөліп, майданда өз басынан кешірген бір уақиғаға кіріп кеткен, содан әлі шыға алмай отыр. Әңгіме Сталинградтың батыс шалғайында жау барлаушыларымен кездейсоқ беттесіп кеп, қолма-қол шайқасқандары туралы еді. Өзі әдемі тілмен, суретпен сөйлейді. Айтарын бүкіл дене қимылымен көзге елестете дәл, аса тартымды жеткізеді.

— Осындай келіп қалған жау солдатын, — деп Саша көзін ұясынан шығара шатынатып, екі қызды үрейлендіре орнынан тұрып кетті: — автомат дүмімен маңдайдан сарт еткізіп, бөріктей ұшырдым да, Сталинград жерін табанынан жұлып алдым.

— Қандай жақсы! — деп Нәдия бір қозғалып, көзін шоқтай жайнатты.

Нағима да әңгіме қызығына түскен:

— Сашенька, сәл ғана, бір минут тоқташы... мен тыңдай алмай қалам ғой. Кухняға жүгіріп барып келе қояйын, — деп жалынады: — Нәдия, әлде сен барып келесің бе?.. Жоқ, жоқ, сен бүгін келдің ғой, қозғамайын. Саша, сен бір минут...

Саша бөлмені басына көтере қарқылдап күлді:

— Сен қызықсың, Нағима! Өзің мені бір минутқа тоқтатасың да, үш минут сөйлеп, тағы бір минут тоқта дейсің. Сен бөлмеден шыққанда бір минут емес, бес минут өтеді ғой. Вот где условность?! Арынғазы сөйтуші еді. Анау күні лекцияға асыққан мына Тайманды сыртта тоқтатып "Мені күт, мен Айбарға барып шығамын, бес-ақ минутта шығамын" деп алды да, оған неге баратынын он бес минут айтты. Мынау соған кәдімгідей иланып қап, лекциядан кешіккен... — деп, адамның айта тұра өзі аңғара бермейтін бір ұсақ-түйектерін Саша тағы да қалжыңға айналдырды.

Содан соң Саша орнына отырып жатып, Нәдияға қулана қарады:

— Жаңа сіз "жақсы" дедіңіз, о не жақсы, соғыс па?

— Жоқ, Сталинград жақсы.

— Ал, Сталинградты қорғаған солдат қалай?

Нәдияның мөлдір күлкісі қоңыраудай сыңғырады:

— Герой!

— А, "геройдың" досы ше? — деп Саша Тайманға жымия көз тастады. Тайманның ақсары жүзі күңеңітіп кетті.

Нәдия Тайманға ұмсынып:

— Сіз де майданда болдыңыз ба? — деді.

— Жоқ, бірақ менің әкем болған. Дәл Сталинград шайқасына қатысқан.

Саша гүжілдеп, әлдебір мақсатпен шұқшия сұрайды:

— Қазақстан, өзіңнің байырғы атамекенің қалай, Надя?

— Тамаша! Сталинград маңынан соғыс кезінде көшкен едік, содан елдеміз...

— Алматыда бұрын болып па едіңіз?

— Жоқ.

— Қалай екен?

— Ғажап!

— Онда сіз неге Москвада оқымақ боласыз? — деп қалды Тайман.

Бұл сұрақтың жауабы Нәдияның бір алуан сыры еді.

50

...Нәдия жас болғанмен өмірге сергек қарауды үйренген қыз.

Биыл жазда бір топ жасты Нәдияның үйі тұрған аудандағы оқу бөліміне жинап ап, бір аққұба жігіт кекілін қайта-қайта сипап тұрып, ақыл айтқан-ды.

— Достар, һм! Сендер оныншы бітірдіңдер. Бұл — жары жол, һм, ВУЗ-ға түсу керек. Мысалға мені алыңдар. Мен мұнда инспектормын. Қолымда дипломым бар. Ертең орнымнан түсе қалсам, қызмет табылады маған...

Осы сөзді инспектор жұртты еліктірмек боп, барынша қарапайымсып, адал айтқан боп тұр еді (мұны біраз адам солай ұқты да), бірақ көп ішінен Нәдия ап-ашық қып:

— Сізді ертең емес, дәл бүгін түсіру керек қой орныңыздан, — деп түңіле тұнжырады.

Инспектор біраз қысыла қызарақтап, бұған "қой!" дегендей қолымен ишарат етті де, сөзін жалғай берді. Ендігі ақылының түрі басқаша еді:

— Оқыған соң, Москвада оқу керек, достар! Москва — ұлы қала, Отан астанасы, һм!..

Нәдия ашық есіктен жылысып шығып кетті. Соңынан және бір қыз шықты. Ол Нәдияны қуып жетіп:

— Бізді сәби көреді-ау әлгі, — деп сыбырлады.

Нәдия үндемеді. Анау қыз өзіне өзі күбірлеп, бас шайқап келе жатты:

— Недеген мылжың?..

— Қайдағы мылжың? — Нәдия үзіп алғандай дауыстады.

— Дәрменсіз, бишара адам.

— Қой, мектептердің үстінен қарайтын инспектор ғой.

— Жә, инспектор болса неменесі бар?

— Бишара адам инспектор бола ма?

— А мылжың инспектор бола ма?

— Болады.

— Онда бишара инспектор да болады.

Екі қыз қосыла күлді. Екеуі екі жаққа кетті.

Осыдан жарты ай өткенде Нәдия Алматыға келді. Мақсаты — оқу, және Москвада оқу еді. Онысы инспектор жігіт айтқандай, тек диплом алу үшін де емес. Москва — ұлы қала, Отан астанасы болғандықтан да емес...

Қазақстанның бір түкпіріндегі совхоз орталығында Нәдияның үйі бар, ата-анасы бар, өзі оқыған мектебі бар. Орман арасындағы осы шағын қыстақта бұйыққан селқостық емес, қайнаған өмір бар: кішкене Москва сияқты, иә болмаса ұлы Москваның бір шеті тәрізді. Нәдияның үйіндегі радиоқабылдағыш тіпті астананың өзін ертелі-кеш осында алып кіргендей, бөлме ішін москвалық өмір жайлайды. Нәдияның әкесі Мәди Нәбиев тос қалтасынан сағатын шығарып, Кремль мұнарасындағы мәңгілік сағатпен, дәуір сағатымен түзеп алады да, жұмысына — трактор паркіне жөнеліп бара жатады.

Оны Москва еліміздің гимнімен шығарып салады. Нәдияның үйде қалған анасына Москва "Қайырлы таң" дейді де, ұлы елдің бар жаңалығын айтып береді. Сонда Нәдия өзін ауылда емес, астанада тұрғандай сезінеді. Сыртқа жүгіріп шығады. Айнала — маң түгел Москва! Совхоз орталығының жіңішке көшелері де, үй шатырлары да, бойшаң ағаштар — бәрі де Москва, бәрінде де Москва сөйлеп жатыр. Демек, Москва бір жерде емес, байтақ Отанның барлық жерінде: Москва анау күні поезд үстінде де сайрап, Нәдиямен бірге келе жатты, оны Алматыдан да қарсылап алды...

Сондықтан Нәдия Москваға Москва үшін барғысы келген жоқ.

Кішкене қыстақтың халқы үлкен істер жасап жатты. Жылма-жыл жаз шықса, совхоз мекендеген орман маңы егінмен жайқалып кетеді... Ағаш арасын жарып, Балқашқа лепіріп асып кететін өзен бар-ды. Қыстақ тұрғындары сол асау өзенді бұрып алып, бұтақтап жіберіп, иіп-иіп тастады. Қазір қыстақ түбінен түзу асқан бір өзен емес, бұралып агатын бес өзенше бар. Бес арнаның түйіскен жоғарғы сағасында ауыл адамдары салған электр станциясы бар: қыстақтың әр үйінде кеш болса жұлдыздар жанады... Осының бәрі — енбектің, өмірді алға сүйреген алып еңбектің құдіреті! Еңбек — Нәдияның жанын тербейтін, санасын билейтін ғажап құбылыс. Ернінен ешкім сүймеген осы бір күнәдан пәк жас қыздың түңғыш ғашығы біреу-ақ: ол — өмір! Өмірге ғашық еткен де сол еңбекке деген құштарлық...

Нәдия Москваға академик Губкин атыңдағы мұнай институтыңда оқу үшін, сол өзін құштар еткен еңбекке дайындалу мақсатымен бармақ еді.

Москва, Ленинград оқуларына бару үшін, Алматыдағы университетте қабылдау емтиханына өту шарт болды. Алайда, Нәдияның өкінішіне қарай, мұнай институтыңда бос орын болмады.

Нәдия университеттің геология факультетіне орналасты: уақытша болса да оқи бермек еді. Ал, институтқа қалай да, қайткен күнде де түсуді мақсат етті. Бірінші курс жалпы білім береді, рұқсат келсе оқу жылының кез келген жерінен кешіп кетпек боп, мұнай институтына бар жағдайын айтып хат жазды, оған аттестатының көшірмесін, қабылдау конкурсінен өткендігі жөнінде анықтама тіркеді: мұны институтка өтінішімді қабылдар деген үмітпен жолдады.

Бір жолы Нәдия ректорға кіріп, осы жайын айтқанды. Ректор мұның геолог емес, инженер болғысы келетінін біліп, өтінішін қоштап:

— Егер қалауыңыз мұнай институты болса, жақсы, көмектеселік! — деді.

Нәдия қатты қуанды. Ректор академик Губкин атыңдағы мұнай институтының директорына арнайы хат жазып, Нәбиеваның өтінішін қабылдауды сұраған.

Бұл күндерде Нәдия Москвадан осы хаттардың жауабын күтіп жүр.

Бұл қыздың орыстар қойған қосалқы аты Надежда болғандықтан ба, әйтеуір, өзі талап еткен жақтан үміті қашан да зор еді.

Нәдия Саша мен Тайманға өзінің осы жайын айтты. Бұлар ұзақ отырды. Әңгімеден әңгіме қоздады. Әркім өз мақсатын айтты. Тайман да бірқатар шешілді...

Бұл кездесу Тайман үшін аспанда үнсіз, жұмбақ сыр сақтап тұрған Нәдияны жерге түсіріп, Саша ойлағандай шынымен-ақ мұның қасына әкеліп еді. Тайманның Нәдияға деген ендігі сезімі де, ұғымы да белгісіздік мұнарынан арылып, бедері мен бояуын айқындап, кітаптан өмірге көшіп, ертегіден шындыққа айналып келе жатты.

Жалғыз-ақ, оны Нәдияның алыста оқимын дегені тынышсыздандыра берді. Бұл сияқты өзі бейтарап қарай алмайтын адамның қасынан кетпегенін, бірге оқығанын қалап еді. Сол ойын жеткізбек боп, Тайман Сашаны бөле, Нәдияға сұрақ жаудыра бастады:

— Сіз мұнай өндірісінде істеуді қандай себеппен қаладыңыз? Сіздің үйдің тұрған жерінде мұнай өндірілмейді ғой!

Нәдия күле жауап берді:

— Білмеймін, әйтеуір инженер болғым келді. Инженерлік мамандықты жасымнан жаным сүйетін.

— Ал, инженер болдыңыз. Содан соң қай жерде істемексіз?

— Ембіге барамын. Сіздің елге барып істеймін.

Әзіл сөздің әсері сондай, Тайман қатты толқып, тербеліп кетті.

— Тамаша! Нәдия, мені тыңдаңызшы, менің әкем Ембіде отыз жыл істеген маман адам. Сондай сүйікті кісі, — деп Тайман әдеттен тыс жеңілтектікпен, ішкі қалтасынан ақ қағазға ұқыппен оралған әкесінің суретін алып, қыздарға мақтанышпен көрсетті. — Нәдия, сіз осы кісімен бірге істеңіз. Мен оған хат жазайын. "Нәдия барады" дейін. Міне, мына Нағима да университеттен кейін Ембіге барады. Солай емес пе, Нағима?

— Біз, Нәдия екеуміз бұл жөнінде алдақашан келіскенбіз. Біріміз геолог, біріміз инженер боламыз да, бір кәсіпшілікте істейміз.

— Менің де папам бар, — деді Нәдия соншалық бір әдемі шыраймен құлпырып: — Ол да жақсы адам, маман адам. Бұрын өндірісте істеген кісі. Және мұнай өндірісінде... Жерасты жөндеу бригадасында істеген еді. Бірақ, — дегенде Нәдияның әлгі реңі өзгеріп кетті: — ол кісі мұнай өнімін арттыруда көп сәтсіздіктерге ұшырады. Мен соны түзегім келеді. Мүмкін инженерлікті, мұнай инженерлігін қалауымның себебі осы да шығар...

Саша айтты:

— Естеріңде болсын, мен Шұбарқұдықта боламын. Сол маңды жан-жақтан зерттеп, жерастының өзіміз сырын білмеген ұлтарақтай жерін тастамалық, қызық болсын.

Осы кезде есікті тық-тық шертіп, Арынғазы сығалады:

— Кешіріңіз, Саша бар ма?

Нәдия есікке ұмтыла беріп:

— Бар, бар! Кіріңіз! — деді.

Арынғазы ұйқыдағы біреуді оятып алмайын деген кісідей жасқана басып, бөлмеге еппен кірді де, бәрімен амандасты.

Саша гүжілдеп:

— Бұл да Ембіге барады, — деді.

Арынғазы екі қызға алма-кезек мұрнын тәмпите, көзін сығырайта қарап, Саша сөзін бас изей қоштады да, құлағына сыбырлады:

— Кешкі киноға билет алдым.

Саша оған сыбырлап:

— Қазір әлгібір елеусіз келісіңді аудырмай қайталап, мысықша жұмсақ басып бұлт ете түс те, билетіңді бесеу етіп қайтып кел. Бар! — деді.

Арынғазы екі көзінің орнына екі қалың сызық қана тастап, күрек тісін көрсетті.

51

Нәдия мен Тайман кинодан шыққан бетте әлгі үшеуінен оп-оңай көз жазды да қалды: Бұған Нәдия сәл ренжігендей, Тайманға:

— Сонда, бізді тастап кеткені ме? — деді.

Бұл да жан-жағына қарап, Нағиманы, Саша мен Арынғазыны іздеді:

— Осы көптің бір жерінде кетіп бара жатқан шығар. Екеуі қол ұстаса, тротуармен жүгіре аяңдап, жұрттың алдыңғы шоғыр-топтарынан іздеді. Таппады.

— Жарайды, жай жүрейік, Тайман.

— Жақсы.

Аслан ап-ашық. Ай толық. Қала үсті сүттей жарық. Қала ән салып жатыр: көшелердегі көңілді ән мен күйге тау тербеліп, күмбірлеп үн қосқандай. Тайман көңілі де шат-шадыман: Нәдиядан тіпті ұялмайды, именбейді, тек қана сыйлайды, жақсы көреді, аялайды. Қандай рақат! Сөзі де жөнделіп қалыпты, тілі де күрмелмейді. "С"-ты да бұзбай айтады.

— Менің көкем тамаша адам! — деп қояды. Бас жоқ, аяқ жоқ, солай дейді.

— Сіз папаңызды көп әңгіме етесіз, аса жақсы көресіз-ау деймін.

Тайман ұяла жаздады:

— Рас, Нәдия!.. Мен әкемді екі жағдайда мықтап сағынып, көп ойлаймын: қатты қуанғанда, немесе қатты қиналғанда...

— Қызық екен, — деді Нәдия майда сыңғыр үнмен. — Қызық екен. Қазір де ойлап келе жатырсыз ғой.

— Сұмдық сағынып, ойлап келем.

— Бұл қай ойлау? Қуанғаныңыз ба, қиналғаныңыз ба? Айтыңызшы Тайман қысылып қалды:

— Жоқ, Нәдия. Мұны айтпаймын... Бұрынғы бір сағынғанымды, көкемді қиналған жағдайда ойлағанымды айтайын.

— Жарайды, — деп Нәдия серігінің баладай аңқау, тіпті сәл әңгүдіктеу мінезіне таң-тамаша қалып, бар ықыласымен күлді, қызыға күлді.

— Мен Профессор Мусиннің сабағынан биыл жазғы сессияда құлап қалдым.

— Қалай? — деп таңырқады Нәдия.

— Кәдімгідей... Ал, сол сабақты өзім соншалықты жақсы білетін едім.

— Онда қалайша "екі" алып жүрсіз?

— "Екі" емес, "үш", бірақ ол да құлау ғой. Былай болды. Бір теориялық тұжырымның дәлелі ретінде Ембі бассейнін мысалға алып, ғылым мен өндірістегі кертартпа, кездейсоқ біреулер солтүстік Ембіде мұнай қоры азайды деген зиянды пікір таратады деп алып, соның негізсіздігін өзімше ашып, айта бастап едім, Профессор сұстанып, түксие сіресіп ап, мені қайта-қайта бөліп, қарама-қарсы, қуалама сұрақтарды жаудырды да отырды. Мен өз ұғымымды айтамын, өзімше дұрыс-ақ тәрізді, ал, Профессор менің пікірімнің бәрін жоққа шығарады да отырады. Мен таң қалдым, ақыры дағдардым.

Профессор сұп-сұр боп ашуланды да, зачеткама үн-түнсіз "'үш" қоя салды. Қарсыласуға жұрттан ұялып, шығып кеттім. Кейін білдім, — деп Тайман күлкіге тұншыға сөйледі: — менің "зиянды пікір таратады" деп отырғандарымның бірі Мусин екен.

Нәдия да күлді:

— Сол Профессор маған да ұнаған жоқ.

— Солай ма? — деп Тайман аз ойланды да, бірақ Нәдияның ол пікірін өрістетпей, өз сөзін жалғай берді: — Мусин соғыс кезінде Ембінің терістігіндегі бір кәсіпшіліктің болмысын тақырып етіп, диссертация жазған. Диссертацияны кейін оқып, танысып көрсем, менің әлгі жат пікір деп көрсеткен жайларым тұтасымен сонда тұр екен.

— Оқытушыға студентті құлату оп-оңай-ау осы?..

— Солай екен. Дегенмен өзімде де бар, Мусиннің ондай жайын бұрынырақ білсемші...

Нәдия сынай қарады:

— Онда қайтер едіңіз? Қате көзқарасты дұрысқа саяр ма едіңіз?

— Жо-о-оқ! Ойбай-ау, ең болмаса, әлгідей ашық айтпас едім ғой!.. Жә, сонда деймін-ау, Нәдия, сонда мен іштей өкініп, қиналып, әкемді еске алдым. Әкеме деген сағыныш баурап алды мені. Сол кісіге бір түрлі зәбір жасағандай, сол кісінің үмітін таптап, сенімін жоғалтқандай, кінәлі жан сезіндім өзімді... — Тайман шабытқа бөленген ақынша толғанып, жанып, жалындай сөйледі: Нәдия, құрметтім, сенде де әке бар... Кешіріңіз, "сен" дедім-ау сізді...

— Оқасы жоқ, осының жақсы, Тайман.

Тайман Нәдияны рұқсатсыз-ақ қолтықтап алды: сондай шат, сондай әдемі!.. Еркіндік, кісілік! Жасанды бояуы жоқ, перде-шымылдығы жоқ, табиғи жастық, құрбылық!

— Нәдияш, мынау гүл арасын аралап көргенің бар ма? — деп, Тайман сол қолдағы үлкен скверді көрсетгі: — бұл алаңда жер бетінде өсетін гүлден жоқ емесі жоқ. Хош иісі қандай, шіркін. Жүріңізші, шаршаған жоқсың ба, біраз қыдырып, дем алып қайталық.

Тайман "сен" мен "сіздің" арасына келіп қалыпты. Нәдия оның бұл жайын қызықтап, ұсынысына үнсіз бағынды. Тайман шабытты сезімін, сөзін жалғастыра берді:

— Әке деген ғажап нәрсе ғой Нәдияш, а?

— Сөз бар ма!

— Мен әке дегенді бар-ау, а, әке дегенді арыстан, піл, жоқ піл емес, нағыз алып көремін.

Нәдия сыңғырлап, қоңыраулата күлді.

— Күлкісі жоқ, Нәдия, әке деген бар ғой, әке, анау Алатаудай асқар. Әке деген, шіркін, адамда біреу-ақ қой.

Нәдияға Тайман сөздері біраз күлкілілеу көрінді. Бірақ, оның серпін-сезімін бөлгісі келмей, жалғыз-ақ:

— Тайман, сен өлең жазбайсың ба? — деп қалды.

— Жоқ, өлең жазбаймын, өлеңді жаттаймын, сүйемін, — деді Тайман гүл арасындағы бір орындыққа отыра берген Нәдияның қарсы алдында тұра қалып: — Ал, әке дегенің өзі — сол поэзия. Жоқ, әке — өмір. Енді не? Әке де, өмір де адамға бір-ақ рет берілмей ме?..

Тайманның көзінен жас шықты, оны Нәдияға көрсеткісі келмей, бірқырын бұрыла баяулап:

— Мен әлгі сабақтан құлап қалғаным үшін бәрінен бұрын өзімнің көкемнен ұялдым... — деді.

— Рас қой, — деді Нәдия: — Рас, сенемін. Өйткені, мен де қатты жақсы көремін папамды. Адам жек көргенінен қорықпайды, ал жақсы көргенінен ұялады.

— Қандай жақсы айтасың, Нәдия. Дұрыс-ақ! Мен жазда үйімде болдым. Көкемнің қасында жүрдім. Көкемнің мен кеткендегі мінезі-ай... — деп, Тайман өткен көріністі көз алдына елестетіп, сәл кідірді. — Бірақ мен қазір стипендиясыз жүргенімді көкеме айтпай аттандым. Айтуға ұялдым, өзімді емес, көкемді аядым...

Енді бірде екеуі алыстан сарқыраған тау өзенінің қала шуына араласып, естілмей қалған сарынын аңдығандай, жым-жырт, үнсіз отырды. Әлгімен әңгіме біткені ме, қалай? Тайман сезімі басқа бір нәзік ағыс, иірімге көшкендей. Күз. Түн. Махаббат бесігіндей, шаттық құшағындай әдемі түн. Әлде бұлар соның әлдиіне маужырай ма?..

Жоқ, Нәдия тіл қатты:

— Неге үндемей қалдың, Тайман?

Тайман үндемек болды, бірақ жүрегі лүпілдеп, жиі соққаны болмаса, үндей алмады: әлгібір лекіген қанатты сөздердің бірі жоқ. Тау жақтан ба, әлдеқайдан бір салқын леп үздік-үздік үрлеп өтеді. Қыздың иығын жапқан толқынды қара шашы желкесінде ойнай жаздап, кейде жігіт бетін түн самалымен әлсіз ғана желпіп-желпіп қалғандай болады. Тайман соған бетін тосып, Нәдия жанында тек іштей толқынып, үнсіз отыра бергісі келеді.

— Неге үндемейсің деймін?

Қыз үнінде жігіт жүрегін қытықтаған ерке наз бар. Тайман оған жалт қарады. Жанары ай нұрына шағылысып, ұшқындап қалды. Бетінде қызғылт толқын ұйтқып өтті. Оған ай ғана куә, Нәдия көрген жоқ. Қаракөк аспанның қала сыртын қаусыра төмендеген сонау шалғайында бір жұлдыз жымыңдап, сол тұстағы биік үй шатырының үстінде жатқан бриллианттай жалтырайды. Нәдия бір сәтке соған қадалып қалыпты.

— Нәдия! — деді Тайман.

Қыз бұған бұрылады. Ай нұрына сәулеленген ақшыл жүзінде әсем ажар бар. Кезі күлімдей қысылып, кірпігі дірілдейді.

— Нәдияш, мен саған өлең айтайын ба?

— Өз өлеңің бе?

— Жоқ. Мен өлең жаза білмеймін дедім ғой. Бірақ мынау бейне бір өзім жазған өлең сияқты.

— Қане, айтшы, Тайман.

— Сен күлме.

— Жоқ, күлмеймін.

Тайман ойында жатталған өлеңді сыбырдай баяу, бірақ майда қоңыр дірілмен айтты:

— Көрсем егер аспанда атқан танды,

Айтам оған өзімнің құпиямды.

Ормандағы бұлаққа жақындасам,

Оған да мен сыбырмен сырымды ашам.

Көрсем түнде жұлдызды жымыңдаған,

Қуанамын, айтамын сырымды оған...

Нәдия сықылықтап, еріксіз күлді:

— Сонда кімнен жасырасың сырыңды?

Тайман қызараңдап, қымсынып қалды:

— Сыр да, өлең де менікі емес... Содан соң, жаңа күлмеймін деп едің ғой...

— Жоқ, жоқ күлмеймін, — деп, Нәдия Тайманға бір ысырылып, жақындай түсті: — Айтшы тағы да айтшы...

— Жалғыз-ақ, саған көзім түскен кезде,

Тіл келмейді, шырақ-ай, ешбір сөзге!..

Қыз күлкісін кенет тыйды. Басын шұлғып қап, шашын желкесіне толқыта серпіп, қарсы беттегі көлденең көшеге қарады. Қарады да:

— Трамвай жүріп кетті, — дей салды.

Тайман селк етті:

— Кетеміз бе?

— Кетейікші.

Екеуі гүл арасынан жүгіре шықты.

52

Тайман Нәдиямен вестибюльде қоштасын, бөлмесіне келді. Ол Сашаны ұйықтап қалған болар деп ойлаған. Саша ұйықтаушы ма еді: әлдеқайдан Алмасты тауып әкеліпті, сонымен шахмат ойнап отыр. Сықырсыз ашылған есікке қарап, Тайманды көріп:

— Ух, ш-шайтан, келдің бе? — деді.

Тайман костюмін шешіп, гардеробқа іліп жатыр. Жүзі бал-бұл жанып, өз-өзінен күлім қағады. Райлы-ақ. Дос жүрегін айтпай ұғатын Саша оның көңіл күйіне іштей ортақтасып, бірдеңе айтқысы келгендей көзін жылтырата жақындаған; Тайман аузын шошайтып, қолымен ымдап, "тек" дегендей болды.

— Оу, менімен амандаспаушы ма едің? — деп, шахматтан Алмас басын көтерді.

Тайман жүгіріп кеп, Алмасты құшақтай алды:

— Қайдан адасып жүрсің?

— Сен қайдан жүрсің?

Тайман жауап орнына Сашаға қарады:

— Сендер қайда кетіп қалдыңдар?

— Ал өздерің қайда кетіп қалдыңдар?

Жауапсыз сұрақтармен аман-түгел білу де бітті.

— Тайман келді ғой, енді мен кетейін, — деп, Алмас таяғын іздей бастады.

Саша төсегін жайлап жатқан:

— Бүгінше менің қасымда ұйықтауыңа болмай ма?

— Қой, Мағрипадан ұят болар, үйге барайын.

Алмас екі қалтасынан екі түрлі темекі қорабын суырып, өзі бірінен шылым тұтатты да, екінші қорапты Сашаға ұсынды:

— Темекі тарт!

Саша күлімсірей таңданды:

— Мұның не? Маған "Қазбек" ұсынасың, өзің "Байкал" тартасың?

Алмаста бұрынғыдай жалтару, не имену жоқ, шынын айтты:

" Қазбекті" үйде, "Байкалды" түзде шегемін.

— Не дейді? Ха-ха-ха! Оның не?

— Мына антұрған тым жұпыны, — Деп, Алмас "Байкалды" қалтасына қайта тығып жатты: — Үйде шегу ыңғайсыз... Мағрипадан ұят!..

Тайман бұл сөздерге мән берген жоқ, өз сезіміне өзі бөленіп, достарына тосын сұрақ қойды:

— Саша, Алмас, сендер мынаны білесіңдер ме? "Құс ұшу үшін, адам бақыт үшін туады" дегенді білесіңдер ме? Қандай жақсы айтылған, а?

Содан соң, Тайман екеуінің ортасында асылып тұрып терезеге, терезеден айға, айдан әрі әлдеқайда алысқа қарады:

— Достар! Өмір қандай жақсы! Студент өмірін айтам, бұл бір ғажап өмір-ау, достар! Жүріңдерші, сыртқа шығайық. Алмасты шығарып салайық.

Үшеуі көшеде келе жатты, үшеуі де көңілді. Аппақ айлы түн, сырлы түн. Көше қозғалысы да сиреп, табиғат тыныштыққа бой ұра бастаған. Сылдырап қана су ағады...

Екі досының ортасында Тайман ойы шалқиды, бүгін тек сол ғана сөйлеп жүр:

— ...Алдында жайнап ертеңің тұрады, ертеңге қарай үмітің самғайды, қасыңда серік — сенімің бар, сен отты жігермен жүріп келе жатасың... Ылғи күліп келе жатасың.

Алмасқа Тайман сөзі қатты әсер етті. Ол қорғалап қалған айға қарады, ай нұрына бөленген айналаға қарады:

— Бүгінгі түн бір ғажап түн екен...

Саша бос бұралған баритон домбыраны пернесіз шерткендей баяу күмбірлеп, әзіл айтты:

— Алмас! Бүгін сенде де бір өзгеріс бар. Мопассан әңгімесіндегі Аббат Мариньянша, ай нұрына елтуден саумысың өзің?

Бұлардың алдындағы мүйісте трамвай тоқтады. Алмас қоштасып:

— Саша, сен кешір, Мағрипадан ұялам, қала алмаймын, ал, қош! — деді.

Саша мен Тайман жатақханаға қайтты. Сашаның жастыққа басы тиюі-ақ мұң екен, тып-тыныш ұйқыға кетті. Бірақ Тайман тез ұйықтай алмады, кереуетін сықырлатып, аунақши берді. "Мен осы... Нәдияға не айттым, не қойдым?.. — деп ойлады Тайман: — Қаңбақтай ұшып-қона беріппін-ау, құр лепіріп, мағынасыз мақтана беріппін-ау, ұят-ай!.."

53

Мусин соңғы жетіде қатты науқастанды: төсек тартып жатып алды. Қызуы көтеріліп, денесі жалынға оранғандай күйіп-жанып, бір-екі түнді кірпік ілместен ұйқысыз өткізді. Оның үстіне түн болса жөтел буып, басындағы жастықты қолымен таяна, кереует үстінде еріксіз түрегеп, кеудесін баса демігіп, ұзақ-ұзақ есеңгіреп отыратын болды. Науқасы да әуелде осы құрғақ жөтелден басталған. Өзі мұны көп елей қоймай, анау бір жолғы моншадан шыға шөлдеп ішкен салқын сыраның әлдеқалай өткінші әсері болар деген оймен дәрігерге көрінбей жүре берген. Қызметтен қалмай, университетке ылғи уақытымен барып-келіп тұрды. Бірақ жөтел басылмай, ұлғая берді: кейде тіпті кенет соғып, мұны буындырып тастайтын болды. Біржолы аудиторияда лекция оқып тұрған қалпы, тосыннан жөтелге булығып, өзін тыңдап конспект жазған көп студенттің басын столдан түгел көтертіп, қып-қызыл боп тұншығып тұрып алды.

Университетке жиналып, үйінен жөтеле шығып бара жатқан профессорға әйелі ере жалынып:

— Дәрігерге бар деймін, дәрігерге баршы, — дегенде, бұл қайырыла бере ырқ-ырқ күлген:

— Бара жатырмын, әніки!.. Менің дәрігерім бүгінде Арманов болыпты ғой, өзім өсірген текешік, сол табар менің емімді, бара жатырмын... Ых, ых, ых!..

Әйел Күйеуінің ызалы күлкісін түсініп, шарасыз қалды:

— Қойшы тіпті!

Сол күннің кешінде Профессор университеттен сұры қашып, жаны қиналып қайтты да, төсек тартып жатып алды. Деканаттан мұны Арманов көріп:

— Сәлеметсіз бе, профессор! Түріңіз жан шошырлық, ауырып тұрсыз ғой, — деп, қадала қарап, қамқорси жақындағанда, Мусин оның сәлемін алған жоқ, жалғыз-ақ:

— Сенің менен шошымаған күнің бар ма? — деп қалды. Әшейін қалжың ретінде жай айтқанымен, бұл сөзінде профессордың деканға деген әдеттегі қыжылы да бар еді.

Арманов оны елемеді, секретарын шақырып ап:

— Мусин жолдастың лекциясын сабақ кестесінен уақытша шығара тұр, — деді де кабинетіне кетті.

Мусиннің өзі де деканнан осыны өтінгелі отыр еді, анау айтқызбай, өздігінен істеді. Профессор бұған біраз таңданып қалған: Армановта да аяушылық, маған илігу болғаны ма?.. Осы ой үйіне дейін бірге келді.

Сол күні түнде бұған университеттің дәрігері келіп, ауруын анықтады: екі өкпесі қатар қабыныпты. Соңғы кезде асқына түскен. Дәрігерді де Мусин шақырған жоқ еді, өздігінен келді: "Мұны да Арманов жұмсап жібергені ме?"

Университет дәрігері Мусин тіркеулі поликлиниканың терапевт-мамандарымен ақылдасып, мұны үйден емдейтін болды.

— Саналы адамсыз, өзіңізге өзіңіз зиян ойлайсыз ба, сырқатыңызды мұнша асқындырғаныңыз қалай? — деп дәрігер бұған реніш білдірді.

— Әшиін жел-қүз болар деп едім, қайдан білейін.

Дәрігер қазақ өкіне сөйледі:

— Біздің бірқатар адамды осы "жел-қүз" деген ұғым құртады ғой. Баяғыда кейбір қариялар қылтамақты да жел-құз деп жаймалап, көр аузына дейін көңіл жұбатқан-ды.

Ділмәр дәрігерді Мусин іштей ренжіп тыңдаған. Бірақ соңғы бір жетіде бұл реніш те, бұдан үлкен реніш те — бәрі де ұмытылды. Ауру азабын тартқан Мусинге тіршіліктен, бүкіл реніш-опығымен, күйініш-сүйінішімен түгел жер үстіндегі, аспан астыңдағы тіршіліктен қымбат ештеңе жоқ еді. Аз күннің ішінде бір ғана арманы сол — тіршілік болды да қалды. Әйеліне айтар әңгімесінің түрі де енді басқаша:

— Адам деген неткен аңғырт, тіпті алды-артымызға қарамаймыз екен ғой. Тіршілікте тайталас, өлсең бәрі жым-жылас. Ең болмаса, осыған мән берсекші! — деп, біраз "уһлеп" отырады: — шіркін, денсаулық костюм емес, сатып ала алмайсың екен...

Профессор бір жетіден кейін ана басын жастықтан көтерді. Әбден қалжыраған, әлсіз, буыны жоқ. Әлі де басы айналып, көз алды қарауытады. Әлсін-әлсін әйелін шақырып, сусын іше береді.

Түс ауған кез еді, күн бұлт, бөлме іші қоңырқай. Мусин кереуетінде, бүгінгі газеттерді қарап, жалғыз жатты. Газеттің бір беті түгелімен "Кореядан қолыңды тарт!" деген рубрикамен ашылып, совет адамдарының американ империалистеріне деген өшпенділігін бейнелейтін материалдарға арналыпты, суреттер басылыпты. Бір суретте жуырда ғана университетте өткізілген митинг түсірілген: трибунала Тайман Дәуренов; бұл студенттің түюлі жұдырығы сәл жоғары көтеріліп, аса қату сөздер сөйлеп тұрғанын сездіреді. Газеттің төменгі жақ шетіне басылған шағын мақаладағы шындыққа Мусиннің жүрегі түршікті: Солтүстік Кореяның бір селосындағы ауру ананың қолынан басқыншылар кішкене бөбегін тартып алып, кінәсіз сәбиді анасының көзінше атып өлтіреді. Бишара ананың бойын өшпенділік кернеп, кісі өлтірушілерге жұдырығын түйе ұмтылғанда, баскесерлер мұны да атып өлтіреді...

Мусин мақаланы аяғына дейін оқып шыға алмай, діріл қағып, ызаланып, кереует үстінде орнынан тұра келді:

— Айуан!

Есікті ақырын ашып, әйелі келді:

— Не болды? Тағы не боп қалды!

Мусин сөйлей алмай, төсегіне сылқ түсіп, жата кетті. Аздан соң газетті қайта алып, газеттегі Тайман Дәуреновтың суретіне қарап қана ашуын баса берді. Осы студент осы жолы өзіне бір түрлі ұнап қалғаны... Оның трибунада тұрған сұсты түріне қатты сүйсінді, өзімен тілектес, бір сезімде екенін түйсінді.

— Қалайсың? — деп сыбырлады әйелі оның маңдайын алақанымен басып, қызуын байқап: — Көңіліңді сұрауға кісілер келіп тұр.

— О кім?

— Арманов. Қасыңда біреу бар.

Мусин газетті тастай беріп, басын көтерді. Үстіне жамылған көрпесінің кереуеттен асып, жерге жайылған шетін тарта жинап алды. Басын жастықтан шұғыл жұлып алған соң ба, кенет жүрегі лоблып, көзі қарауытқандай болған; сәл кіржиіңкірей отырып, әйеліне баяу ғана:

— Шапанымды әперші! — деді, — жастықты түзеші.

Әйелі әперген жібек шапанды киіп, омырауын қаусырды:

— Кірсін. Кіріңіз деші. Мына жерге орындық қоя кет.

Бөлмеге Арманов пен Дәуренов кірді. Жастығынан қайта көтеріле берген Мусинге Арманов қолымен ишарат ете еңкейіп:

— Қозғалмаңыз. Неге тұрасыз, қозғалмаңыз, — деп, абыржи сөйлеп келе жатты: — Қалай, тәуірсіз бе?

Тайман да осы сөзді үнсіз айтқандай, әдеппен сәл иіліп, ілтифат көрсетіп тұрды. Армановтың үнінен бір жылылық, жайлы жылылық еседі. Деканда да, студентте де сырқат адамның халін қинала ұққан, ниеттес, қамқор адамдардың ықлас-пейілі бар. Тіпті қалтқысыз пейіл. Осыны түйсінген Мусин үзіп-үзіп:

— Отырыңыз. Тайман шырағым, отыр. Жаман емеспін... Аман-жақсымысыңдар? — деген. Осы сөзді айтқанда мұның өзінің де бір түрлі іші жылып, пенснеден ұяң қараған көзінде қасына кеп отырып жатқан екі жігітке әлдеқалай бір еріксіз шағынғандық бар еді.

Ал, Армановтың ойында өткеннің елесі де жоқ: екеуінің арасында тіпті ештеңе болмағандай, мұның қамын соғып, жылы сөйлесіп, біраз отырды. Он күнге жуық өз лекциясының тоқтап қалғанына Профессор өкінетін. Арманов оны елең қылмай:

— Әбден айықпай университетті ойламаңыз, — деп, орнынан тұра берді. — Мынау Дәуренов екеуіміз факультет атынан хал білмекке ғана келіп едік, мазаңызды алдық па, қайттік? Ал, сау тұрыңыз. Университет коллективі аман-есен кеп, қатарға қосылуыңызды күтеді.

Мусин Армановтың қолын разылықпен қысып босатты да, Тайманның ұсынған қолын өзіне тартты:

— Шырағым, саған қатты разы болдым.

Профессордың айтқаны газеттегі суреттен алған әсері ғана еді, оны Тайман тап басып түсінген жоқ.

Екеуі шығып кетті.

Мусин жалғыз жатып, көп ойланды. Әлгі екеуінің әдейі келіп хал сұрағаны, әсіресе, Армановтың соңғы сөзі толғандырды: "Университет... Коллектив..." Күтіп отыр... Жоқ, мен салындыдай жағаға лақтырылған жоқ екенмін. "Қатарға қосыл!" — деді-ау ол. Оның өзі де сол коллективен бір мүшесі ғой... Ол коллектив атынан келіп отыр. Мен болсам, мен... жекелік тұтқынында, дара мақсат шырмауында...

54

...Кешке қарай күн жауды, желдетіп, қатты жауды: дымқос сары жапырақтарын тынымсыз ұшырған ағаш сыбдырын үдете бере, зәулім теректерді жұлқып-жұлқып қалды да, бірден жосылып, құйып кетті.

Арықтардан сарғыш тасқын буырқанып, тулай ағады. Асфальт үстін де сел жапты. Троллейбустар лайсаң суды шашырата кешеді.

Университет жатақханасы тұрған көшедегі сым үзіліп, бір трамвай тоқтап қалып еді, соңындағы тізбек созылып барады. Тоқтаған трамвайлардағы жүргіншілер уақыттарын үнемдегісі- ақ келетін шығар, бірақ бораған нөсер бетке сабалап, жерге түсірер емес.

Жатақхана маңына асфальт төселмеген; қақпадан шыққан жүк машина бір мүйісте зіркілдеп тұрып алып, артқы дөңгелектерімен қою сазды жапалақтата қазады. Кішкене "Москвичтер" тас көшеге шығар жердің өрінен асып түсе алмай, ұмтыла бере кейін сырғиды.

Күн ашықта бейғам киінген көшедегілер жатақхана тұсындағы жыныс теректердің арасына — ықтасынға тығылып жатты.

Тайман Армановтың соңында, үстері малмандай су, жан-жақтан жамырай жүгірген студенттермен бірге, жатақхана есігінен ентіге кірді. Декан әлгіде Мусиннен шыққан соң, Тайманмен бірге студенттер арасына барып, өз факультетінің бөлмелерін бірер сағат аралай кетуді ұйғарған-ды. Бұлардың соңынан Арынғазы мен Қабен де кірген: екеуі асфальтсыз көшенің нашар болатынын қазір ғана біліпті, Арынғазы кекілін қолымен тарақтап, қаладағы коммуналдық бөлімнің бастығын табанда жамандап жатты:

— Өзі бір қырсыз адам болар-ау!

— А-а?.. — деді Қабен жағасын сілкілеп тұрып: — Е, өз үйінің алды таза болар, қайтсін.

— Өзін осында тұрғызар ма еді, сонда көзі түсер еді жерге.

— һе-һе-һе, дұрыс айттың, Арын, бағзы бір дүмшелер машинаға мінсе, көзі аспанда ғана болады, — деп, Қабен қолын шошаң еткізіп, едірейе сөйледі: — Ал, өмір аспанда емес, жерде ғой!

— Қалай, үй іргесін жөндеу өз қолдарыңнан келмей ме, басқада нелерің бар? — деп, Арманов екеуін жалт қаратты. Қабен мен Арынғазы жүгіріп кеп, деканның қолын алды.

— Кешіріңіз, — деп Арынғазы мұрнын бір тартты. Осы кезде швейцар бұлардың ішінен Тайманды көре сала столын ақтарды да, телеграмма ұсынды:

— Жолдас Дәуренов, жаңа ғана келді, сіз болмаған соң өзім қол қоя салдым.

Тайман телеграмманы терезе жарығына тосып, төне қарады:

"...Мүмкіндігің болса тез үйге жет. Науша" Тайман зәресі ұшып, көзі шатынап, бармағын тістеп қалды. Қасына Қабен жетіп келді:

— Қайдан келген телеграмма?

Тайманның түрінен үрейленген Қабен сасқалақтап, оның қолындағы телеграмманы алып оқи берем дегенде мұрнының ұшындағы көзілдірік еденге түсіп, шынысы сынды. Ол жүгіріп Армановқа барды:

— Тайманның үйінен келіпті, тосындау хабар сияқты.

Өз ойына өзі малтыққан Тайман терезе алдында әлі тұр: сұлық та суық. Арманов та телеграмманы оқып, аз ойланды да, Тайманға:

— Қой, үрейленетін не бар, жайшылық болар. Жүр, бөлмеңе баралық. Ақылдасалық.

Бұлар бөлмеге кірді. Телеграммадан Саша да шошып кетті. Тайман әбден абдыраған, не істеудің бабын таба алар емес. Соншалық аянышты, әркімге бір қарайды, әр жерге бір отырады.

— Сен босқа саспа, — деп басу айтты Арманов, — күн ашылса, ертең үйіңе үш. Барып қайт, бөтен ештеңе бола қоймас, сірә... Самолеттің билетін мен қарастырайын.

— Өзіміз де аламыз ғой, — деп, Саша мен Қабен жарыса сөйледі. — Сіз мазаланбай-ақ қойыңыз.

— Жоқ, — деп түйді Арманов, — оқасы жоқ. Ертең самолетке билет әзір болады.

Тайман Армановқа жаутаңдай қарап:

— Асылы, сіз мазаланбасаңызшы... — деді. Көзі жасаурап, тітіркеніңкіреп айтты: — Көкемді телефонға шақырып, үймен сөйлессем қайтер екен.

— Бүгін сөйлесе аласың ба?

— Қайдан білейін, әрекеттеніп көрем ғой.

— Бүгін сөйлесе алмайсың, — деді Қабен: — бір күн бұрын заказ беріп, переговорға шақырту керек. Әнеугүні солай еттік қой... және жөнді естілмейді, қиын-ақ.

Армановтың да ойы әр саққа жүгіріп, бір жағынан Тайманды іштей аяп отырған. Мұның да ойында күдік бар. Ол Тайманның үйімен сөйлесем деп бөгелуін мақұлдамады:

— Онда тұрған не бар, мына Семенов та сөйлесе алады ғой, сен кідірме, не де болса барып білерсің. Көп ойланба, жолға дайындал!

55

Бүгін де бір лайсаң күн: тұнжыр, желкем. Қорғасын түстес дымқыл аспан көп қатарлы үйлерге төніп, тіпті төменде тұр. Мезгіл түс кезі болса да, таң атқалы күн шықпаған тәрізді; көз жетер жер түгел көкшіл шынымен көмкерілген шам сәулесіне бөленгендей күңгірт те сұрғылт.

Тау жақтан оқтын-оқтын ызғырық соғады, су бүріккендей, бет шіміріктіргендей сызды ызғырық. Зәулім теректер жиі шұлғысып, ұзақ сыбырласады. Қарағаш, қайың бұтақтары сыйдаң тартқан, жазды аңсап мұң төккендей, адам жанына өзгеше бір құлазыған көңілсіздік әкеледі. Бойшаң ағаштар арасында бұлыңдап ұшқан сары жапырақтар көп, қаңғалақтап, қалбаңдап түсе береді. Бульвар ортасымен жүйткіп өткен жүк машиналар қорабына көктен жапырақ жинап бара жатқандай. Арықтарда су ағады. Лапырмайды, жасқана жылжып, жай ағады. Кей жерінде көкшіл су емес, сарғыш жапырақтар сіресе жылжиды.

Саша сүр шинелінің жағасын көтеріп алып, жиі адымдап жүріп келеді... Мүның көңілінде де бұйығы селқостық бар...

Ол университетке кірді. Екінші этажға көтерілді. Ұзын коридордың шет жағындағы көк есіктің сыртыңда, қатырма қағазда жан-жағы өрнектелген әдемі жазу тұр: "Профком председателі Ж.Дәулетов, дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі күндері күндізгі сағат 2-ден 4-ке дейін қабылдайды".

Саша қағазды сыдыра жұлып алды да ішке енді. Кең бөлменің кілем төселген төріндегі столда Дәулетов отыр. Бөтен ешкім жоқ. Саша онымен бас изеп амандасты, шинелін шешіп, ілді. Қалтасынан алып папирос тұтатты да, төрге басты.

Дәулетов алдындағы қағазға сүзіле еңкейіп, жуық арада басын көтере қоймады. Саша темекісін түтіндетіп, жанында біраз тұрды. Сағатына қарады: түскі екі. Бірақ үй іші қара-көлеңкілеу. Саша босағадағы түймешікті басып қап, шам жақты. Дәулетовтің қасына қайтып келді. Темекісін сөндіріп, стол үстіндегі күл салғышқа тастады. Дәулетов алдындағысын әлі оқып отыр: машинкаға бастырылған он шақты бет қағаз, бітер емес.

Саша шыдамады, ойын-шыны аралас:

— Экспредседатель, тұр, орнымды бер! — деп қалды.

Дәулетов сүзіле қарады:

— Пожалуйста!

Саша босаған орынға отырып жатты:

— Мынауың не қағаз?

— Алым-берім актісі ғой.

— Осының бәрі ме?

Дәулетов шеті инемен түйреулі қағаздың соңғы бетін оқи отыра бас изеді.

Телефон шылдырады. Дәулетов ұмтыла беріп қайта отырды да, қағазына үңілді. Трубканы Саша көтерді:

— Иә... Жоқ, Семеновпын! Иә, иә, жаңа пред... Жалпы жиналыс па, кеше өткен. Жоқ, сірә, бара алмаспын... Жақсы.

Саша трубканы салып қойды. Дәулетов Сашаның кіммен сөйлескенін айтпай ұғып, бетінде аздап күлкі ойнатты:

— Келмей жатып шақыра бастады ма? Талай жүгіресің әлі...

Саша ұнатпай шытынап қалды:

— Несі бар жүгірсе? Одан да әкел анауыңды оқып болсаң, есептес менімен. Дәулетов орнынан тұрып, шкафқа беттеді.

— Темір сандықты ғана ашпа, — деді Саша: — Оны казначей қабылдайды. Басқаның бәрін үй мына жерге.

Дәулетов екі шкафты қатар ашып, біріне сұғына берді. Екі шкаф та папкаға толы, Дәулетов құшақ-құшақ қып шығарып жатыр. Стол үсті папкадан көрінбей барады.

Саша іс кабылдаушы емес, Дәулетовті тергеп отырған ревизор сияқты. Папкаларды шетінен ашып қарап жатып, ол аздай: — "пәленің қайда, түгенің қайда?" — деп көп сұрайды.

— Мыналарың немене? Әр қағазға бір папка ашқанбысың?

Дәулетов үндемеді.

Саша енді бір папканың ішінен тағы да бір парақ қағаз көріп, соған үңілді. Әлдекімнің арызы. Арыздың әр жерінде бұрыштама салына берген: Дәулетовтің бір өзі үш бұрыштама соғыпты. Арыз иесі сөзді өзінің үйленетінінен бастайды. Саша оқи бере кілт тоқтап, Дәулетовке қарады:

— Жолдас! Сен профкомды Загсқа айналдырудан саумысың?

Дәулетов қабағын түйіп ап, қарлыға сөйледі:

— Не деп тұрсың өзің?

— Мынауың не?

Дәулетов Сашаның жанына кеп, қолындағы папкаға еңкейді:

— Э-э... Ақшалай көмек бергенбіз.

Саша:

— Жақсы! — деп, папканы сарт жапты да, — Жаман! — деді: — Жаман! Қиыр-шиыр, қым-қиғаш бірдеңе! Бұлай істеуге болмайды!..

"Сенің көгерткеніңді де көрерміз" дегенді Дәулетов ішінен айтып, сұрлана түсті.

Дәулетов қабағын түйіп жүр. Саша оны елемейді, еркін, ашық, ойына келгенін ірікпейді:

— Кеше сені қатты сынады. Есіңді де тандырды білем, жолдас, а! — деп күліп қояды.

Дәулетовтің амалы құриды: шындық, қайтсін?!

— Сүйтуін сүйтті, — деп Сашаны еріксіз қоштайды.

Саша күледі:

— Жоқ, ол аз. Менің Тайманым болмады, ол болғанда әбден құрыған болар едің!

Дәулетов қоңыраяды:

— Кешегі айғай-шуды аз көріп отырсың ба?

— Да-а! — деп ойланады Саша. — Аз емес, Дәулетов! Сен тек айғай-шу деуші болма ендігәрі, ол — сын, әділ сын. Сен дұрыс түсін.

Дәулетов ызамен булығып, өзін әрең басады: "Бұл несі, басынғаны ма, әлде табалағаны ма мұның?"

Осы күймен жүріп, екеуі алыс-беріс жұмысын кешке қарай бітірді. Енді актіге қол қою ғана қалды.

Дәулетов дәл біреу үшін жүргендей, Сашаға келіп, қолындағы актіні ұсынды:

— Мынаған қол қой!

Саша алды да столдың суырмасына салып қойды:

— Неге керек бұл акт саған? Кім сұрайды оны сенен? Кеңсешіл-ақ екенсің өзің? Одан да әлгі Христофорыңды шақыр маған, жұмысты соны жөнге салудан, не біржола қуудан бастаймын.

Дәулетов ашулана беріп еді, Саша орын нұсқады:

— Отыршы кішкене. Жарайды, қол қоярмын қазір. Бірақ менің білгім келетіні бар?

Дәулетов отырды:

— Ал, айт!

Саша әлгідегідей емес, сәл сазарыңқырап, байсалды сөйледі:

— Сен мұнда бір жыл председатель болдың. Мен жаңа сайландым. Сенің қателеріңді қайталамауыма көмек болсын, ашып айтшы, сенің қандай кемшілігің болды?

Дәулетов еріксіз жымиды:

— Оның несін сұрайсың? Айтты ғой жұрт кеше!

— А, тайсақтайсың ба?

Сашаның жүзі сұстанып кетті:

— Бұл арада ешкім жоқ, Дәулетов! Сен шыныңды айтпадың, бірақ мен айтайын, сен тыңда тек!

Дәулетов кіржие тыңдады.

— Сен, — деді Саша, — сен қабілетсіз адам емессің, сондықтан да жұрт бір жыл профкомның басына қойды...

Дәулетов Сашаны бөліп жіберді:

— Мені жұрт қойған жоқ, кеше сол жұрт Мусин қойды деп соққан жоқ па?

— Тоқта, — деп гүжілдеді Саша. Көзіңде кенет ашу оты тұтанды: — Сен кімсің осы? — деп сұрап алды да, жауап күтпестен сампылдап кетті. — Сен — комсомолецсің, студентсің, менің парталас жолдасымсың! Мен саған немкетті қарай алмаймын, қалыс қала алмаймын сенен, — деді.

Дәулетов маңдайын жиыра тіксініп, шағына сұрады:

— Не қыл дейсің енді маған?

Саша даусын қайта баяулатты:

— Сен шыныңды айтпадың, мен айтайын: сен принципсіз, қарау жігітсің. Сенің ішің тар. Сен жарамсақ, жәдігөй жігітсің. Міне, сен кімсің? Неге солайсың сен? Біз екеумізді кім итермелейді соған? — Саша ұшып тұрып, столды қойып қалды. — Не керек деймін сол саған? Осы мініңді көрген адаммен қас боласың! Қайдағы мінез бұл! Өзің жап-жас адамсың, қайдан таптың сен мұны?..

Дәулетов сазарып, сыздап отырып қалды. Сашаны аздап ұғып отыр. Өзі тұстас студенттердің ішінде Дәулетов Сашаны бұрын да сыйлайтын. Одан именетін де еді.

— Кешегі жиналыста бір жолдас сенің мүшелік жарнадан тоғыз жүз сом ақша жегеніңді айтты. Не деген ұят! Жұртқа қалай қарайсың сонымен. Сенімі қайда жұрттың саған деген.

Дәулетов көзін жыпылықтатып қалды.

— Мен мұны сенің орныңды алған әкім ретінде айтып отырғаным жоқ...

— Жо-о-қ, білем ғой, — деп міңгірледі Дәулетов.

Саша енді оны аяп кетті:

— Сенімен бір коллективтемін. Бірге жүрміз. Ал, әлгі мінездеріңе, қылықтарыңа негіз бар ма біздің арамызда? Меніңше, жоқ! Олай болса сен неге негізсіз мінездің адамысың? Мен осыны көрем де қиналамын. Кеше жерге кіріп отырдым. Әркім-ақ сол сезімде отырды... Дәулетов оқыс еңкейіп қалды: маңдай алды төнген стол бетіндегі газет үсті сырт-сырт етті.

— Қой, сен бүйтпе! Өз мініңе өзің тура қара!

Кешегі жиналыстан, қызу талқыдан кейін Дәулетов бір түрлі жер болып жүр еді: өкініш те, ыза да, ұялу да, жабығу да — бәрі де бар. Ал мынау Сашаның сөзі оның көңіліндегі осы сезімдерге дәл ұрды. Дәулетов ызамен жылап отырды.

Есіктен Қабен аптығып кірді, кіре бере сағатына қарады:

— Уақыт болыпты. Апыр-ау, бүгін де сөйлесе алмаймыз ба, Саша?

— Сенің переговорды осы телефонға ауыстырғаның анық па?

— Е, енді...

Телефон Қабеннің сөзін бөле ұзақ-ұзақ сылдырады.

— Міне, міне, сені күтіп тұр екен, — деп, Саша трубканы қуана көтерді. — Иә, иә... Алматы тыңдап тұр... Иә! Түу, қандай нашар естіледі, иә, иә!.. Алматы тыңдап тұр... Кім

дейсіз? Науша?.. Иә, иә!.. Жоқ, Тайман емеспін, ол ұшып кеткен. Кеше таңертең ұшты. Әлі барған жоқ па?.. Иә, не жағдай? Аһ!..

Сашаның көзі шарасынан шыға берді.

— Не болған! — деп елегізді Қабен.

Саша енді телефонды үнсіз-тілсіз тыңдап, трубканы тастай берді де, дел-сал отыра кетті. Көзіне жас іркілген, екі қолын столға салып, сұлық қалды.

— Не болған деймін, Саша!

56

Түннің бір уағы еді. Бөлме іші тыныш. Анда-санда терезені тысырлата жөнелген өткінші жаңбыр дыбысы болмаса, көшеден де көп үн естілмейді.

Алмас кітап оқып отыр. Қызық кітап: адамды тұтқындап алады, жарқын ойлар салады, ерекше бір сергек серпін әкеледі.

"Шіркін, Горький, — деп ойлады Алмас, — сені адам баласы тек күшті болу үшін, өмірді қадірлеу үшін, ақылды болу үшін ғана оқуы керек".

Адам жеңбейтін қиындық бола ма? Алмас жоқ деп ұғады. Оған өз тәжірибесі дәлел: сабаққа нашар еді, қазір әжептәуір түзеліп қалды. Бәрі — ерінбей еңбектенудің нәтижесі, күні-түні тапжылмай кітапқа қадалудың нәтижесі. Қабілет, талап, талант — бәрі де еңбекте, бәрін де еңбек туғызады. "Маймылды адамға айналдырған" да еңбек, адамды ақылды еткен де еңбек, адамға дүниені төңкерткен де еңбек, дүниені атом дәуіріне әкеле жатқан да еңбек!.. Құдірет емес пе?!

Ал, Досов Алмас еңбек сүйгіш! Кедергіні, қиындықты сонымен жеңеді, әйтпесе сыңар аяғымен әншиін таптап өтіп жүрген жоқ. Алмас өзінен-өзі жымиып күлді: ойына "ұра берсе киіз қазық жерге кіреді" деген мақал түсіп еді.

Бүгін гидрогеологиядан коллоквиум өткізілген: Алмас өте жақсы жауап берді. Курстегілердің бірқатары нашар дайындалыпты Алмас іштей ренжіп отырды: "Жалқаулар! Мұндайларды аяудың керегі жоқ. Бұлардың ішіндегі ең нашары мен, нашарлықты еңбекпен жеңдім. Ал, мыналардың қайсыбірі еңбек сүймейді. Еңбек сүймеу — тоғышарлық)"

Анау бір жолы мұны Арманов шақырып алды. Алмастың алғашқы курстерден мойнында келе жатқан борышы бар екен: ботаника мен зоологиядан кезінде емтихан тапсырмапты. Апыр-ай, Армановтың мінезі қызық-ау, тез құбылады, жібектей есіліп отырып кенет сұстана қалады, немесе керісінше... Алмас онымен лекция басталар алдында кездескенде райлы-ақ еді, сабақтарасымен деканатқа шақыртып, мұны өмірде көрмеген адамдай:

— Осы уақытқа дейін не бітіріп жүрсің? Алдап келіпсің ғой! Осы жетінің ішінде тапсырып бол, әйтпесе... — деп, ақырып қалды.

Алмастың бетінен оты шықты. Сол жетіде болмағанмен, келесі аптадан қалдырмай ботаникадан да, зоологиядан да емтихан өткізіп үлгерді. Бұл да табыс, бұған да еңбек арқылы жетті. "Бірақ, — деп ойлайды Алмас борыштан құтылып алған соң: — сол ботаниканың, не зоологияның болашақ геолог үшін керегі қанша? Бізде осындай басы артық пәндер бар..."

Алмас бес-он минут бас тынықтыру үшін ауаға шықты. Түн көзге түртсе көргісіз, түнек; сұр күшік еркелеп, аяғына оралған, соны да жөндеп көре алмады, әйтеуір ит екенін ғана сезді. Ауа да жағымсыз, сынбыр, дымқос, мұның сергіңкі көңіл күйіне лайық емес.

Ол көп аялдамай, ішке қайта кірді. Алакөлеңке қонақүйден өтіп бара жатып, Мағрипаның есігіне қарады: жартылай ашық тұр. Ортадағы кең бөлменің қараңғылығы сол есіктің саңылауынан түскен сәулеге ыдырайды екен. Алмас барып есіктен ақырын, ұрлана сығалады: Мағрипа төсегінде, бірақ ұйықтамапты, бас жағындағы тумбочка үстінен төгілген электр нұрында кітап оқып жатыр. Көрпесін төмен ысырыңқырап қойыпты, кеудеден жоғары жағы түгел ағараңдап, жұп-жұмыр мойнына, ақ білегіне, ақ сұр жүзіне ұласып, өзгеше нұрлы көрінеді. Алмастың жүрегі лүп етті де, ізінше дүрсілдеп, жиі соғып кетті...

Аяқ дыбысын сезді ме, қайтті, Мағрипа басын жастықтан жұлып алып, желкесін бұрымына тірегендей болды. Алмас атып шығып өз бөлмесіне зытты. Келді де, түк білмеген адамдай, кітабына үңіле қойды.

Аздан соң мұнда біреу кіргендей болды. Алмас артына бұрылып қарады: Мағрипа! Үстінде үй ішіне киетін бедерлі атлас халат, соншалық мүсінді, сындар. Өңінде жарқын ажар бар, күндегіден де сұлулана түскендей.

Алмастың дәл төбесінде жарқыраған люстрадан көзі ұялды ма, есіктен кіре берген Мағрипаның ұзын кірпіктері айқаса жаздап дір-дір етті:

— Сен жаңа қонақ үйге бардың ба, қайттің?

Алмас та соңғы кезде еркін, "сен"-мен сөйлеп, кейде тіпті қалжың айтатын. Сонысына бағып, жауап орнына:

— Сен сұлусың-ау осы, — деп қалды. Мұнысы қалжыңы да, шыны да еді.

Мағрипа:

— Иә, мені бала деп...

Алмас оның сөзін аяқтатпады:

— Шын айтам.

— Жә, одан да бір пәтуалы әңгіме айтсайшы.

— Сұра, айтайын.

— Сұра демекші, сен мұнайшысың, білесің ғой, осы мына менің үстімдегі халаттың жасанды жібегі мұнайдан шығады дейді, сол рас па?

— Ып-рас! Ол ол ма, мен мұнайдан жасалатын нәрселердің жүзден бірін ғана айтайын, сен сана, — деп, Алмас орнынан тұрып барып, Мағрипаны қасына отырғызып алды да, оның саусақтарын өзі бүге берді: — Керосин, бензин, газ, кокс, отын...

— Жоқ, бұларды өзім де білем.

— Тұра тұрсайшы, жаным-ау, санай бер: сабын, резина, парафин, графит, парфюмерия, алуан түрлі дәрілер, ерітінділер, бояулар, пластмассалар...

— Қой, рас па?

— Ойбай, айтып отырмын ғой, бұлар жүздің бірі ғана.

Мағрипа қайран қалды:

— Қандай әлемет нәрсе мұнай деген...

— Еһ, әйтпесе мен отызға келгенде оқушы болып несіне әлектенемін, — деп, Алмас Мағрипаға сүйкене түсті. — Сен не білдің, бүгінде мен өзімді өзім сынап көріп, өзімнен өзім біраз өзгерістер байқап жүрмін.

— Рас, — деп, Мағрипа Алмасқа кірпігін қадап, күлімдей қарады. — Рас, өзгеріп барасың өзің.

— Жоқ-ау, рас болғанда былай, бұрын сенің қасыңда оңаша тұрғаныма қысылатын едім, қазір бір түрлі жерім кеңіп жүр...

— Жә, — деп тиып тастады Мағрипа, — қалжыңды қойшы. Кімді оқыдың, ұзақ оқыдың ғой!

— Горькийді. Өзің ше?

— Достоевскийдің "Қылмыс пен жазасын" оқыдым. Ғажап нәрсе. Бүгін ұйқым келер емес.

— Неге?

— Қорқам. Қызығып-ақ оқыдым, бірақ... елегізіп, үрейленіп тұрып кеттім.

Алмас рақаттана күлді. Содан соң Мағрипаны кінәлай сөйледі:

— Ылғи сондай кітаптарды оқисың. Неге өйтесің? Енді сен кетпе, Горькийді оқы, ең болмаса бір әңгімесін оқышы, жігерленіп шыға келесің.

Мағрипа қос бұрымын алдына алып, қолымен сылап отырды:

— Достоевский, шынында да, үрейлі жазушы.

— Үрейі былай тұрсын, адамның жігерін құм етеді.

Кенет есік қағылды. Екеуі де қатар тұра келді. Мағрипа тіпті күдіктеніп, қорқып тұр... Алмасқа қарап күле сөйледі:

— Бұл кім бейуақта жүрген. Раскольников емес пе?

Алмас есік ашуға бара жатты. Мағрипа сақтандырып тұр:

— Байқап аш, Алмас. "Бұ кім?" — деп ал!

Мағрипа әлденеден қысылды. Тез басып, қарсы есікке — өз бөлмесіне кіріп кетті.

Алмас есік алдында:

— Бұ кім?

Есік сыртынан таныс дауыс:

— Біз ғой, ашшы, Алмас!

Үйге Саша, Қабен, Арынғазы кірді. Алмас есікті жауып, сенектің шамын жағып, таңданып жатыр:

— Түн ортасында бұларың қай жүріс?

Бәрі де Алмаспен салқын амандасып, жым-жырт төргі бөлмеге беттеді. Қабақтары қату, өндері сұрғылт, жүдеу.

Алмас әлденеден сезіктеніп, өз бөлмесіне кіргенше тіл қатпады.

— Отыр! — деді Саша Алмасқа. — Сен Тайманның үйіне кеткенін білуші ме едің?

— Е, білмей... аэропортқа бірге шығарып салғанымыз қайда?

— А... иә, солай екен ғой. Ал, біз бүгін оның үйімен сөйлестік.

— Иә, не екен?

— Әкесі қайтыс болыпты.

Алмас басқа ұрғандай баж етіп:

— Қойшы! — деді. — Қойшы!.. Ойбай-ау, енді... алып-ұшып, телеграмма бере қойғандары несі екен?

— Бір реті бар шығар, — деді Саша ойлана созып, — әрілесе, бәрібір түбі жатпайтын жат оқиға болса, көп кешікпей, бұлтақсыз, тура біліп-көргені, көңіл суытқаны да жөн. Қашан да болса бәрібір, мұндай ауыр қасіретті сен жеңілдете алмайсың. Қайғыны тек уақыт қана емдейді.

Арынғазы бүк түсіп домаланып, төмен тұқырып қалған. Қабен мұрнының ұшынан шынысы сынық көзілдірігін алып, қол орамалымен ісіңкі көзін сүртті. Алмас не істерге білмей ыдырынып, есікке барып:

— Мағрипа, бері келші, — деді де, анау келген соң одан ақыл сұрағандай. — Тайманның папасы қайтыс болыпты, енді қайттік?

Мағрипа да кілт кідіріп, сөз таппай, сұлық тұрды.

— Әңгіме былай, — деді Қабен Алмасқа, — қайтетін ештеңесі жоқ, амал нешік. Біз бүгін Армановта болдық, Сапаровқа жолықтық, солардың кеңесі бойынша, қазір Тайманға бар жылылығымызды төгіп, хат жазамыз. Соған келдік.

— Сапаров бас болып, бәріміз қол қоямыз да, дереу авиапочтамен жібереміз, — деді Саша. — Бұлайша назар аудару Тайманға үлкен сүйеу болады. Ол бір күрт кететін, оқыс сезімнің адамы, тіпті оқуын тастап кетуі мүмкін.

— Дұрыс екен, — деп күрсіне қоштады Алмас, — бұларың дұрыс екен.

57

Шіркін, қыз жүрегі!

Ертеңгісін лекцияға бармақ боп, жатақ үйден шыққан Нәдия өзінен сырық бойы жерде қозғала бере қайта тоқтай қалған таксиді көрді. Машинада үш-төрт кісі бар. Алдыңғы кабинадан Тайман түсті де бері басты. Өңі құп-қу, аурудан тұрғандай, адам аяғандай. Тайман дәл қарсы алдына келгенше Нәдия одан көз айырмады, "қайда сабылып барасыз?" — деген сұрақты да шошына жаудыраған көзімен айтты.

Тайман жүзін күшпен жылытып, қол ұсынды:

— Сау болыңыз, Нәдия. Үйіме барып қайтуға тура келді.

— Неге? — деп қалғанын Нәдияның өзі аңғарған жоқ. Тайман сөзін ғана естіді:

— Білмеймін, шақыртып жатыр.

Еріксіз адамдай, машинаға да біреу жетектеп апарып, зорлықпен отырғызғандай еді. Нәдия қазықтай қалшиып тұрып қалды, машина зу ете шықты.

Міне, бұған екі-ақ күн өтті. Ал, Нәдия тыныштықтан айырылды, ойында Тайман ғана жүрді: сол жігітті сағына ма, ойша іздей ме, әйтеуір әлденеге алаң еді. Мұншалық сезімге негіз болғандай не бар? Тайман бұл қызбен оңаша бір-ақ рет кездесті. Онда не аңғартты? Жөнді ештеңе айта алмаған: екеуі ай астыңда, гүл арасында қолтықтасып, ұзақ жүрді. Кейде Тайман бір нәрсе айтпақ боп, Нәдияға бар денесімен бұрыла қарағанда оның қыз білегінен ұстаған қолы болмашы дірілдейді... Бары сол ғана. Ал, екеуінің әңгімесі жалпы өмір туралы, кейбір адамдар жайында, бақыт жөнінде болады. Бірақ осының өзі бұлардың біраз түкпірін ашып, танытып тастағанды.

Соңғы күндері кейде университет ішінде, не жатақүй вестибюлінде Нәдияға Тайман тап болып қалады. Мұндайда Нәдия тек қыздарға ғана тән берік өрлік пен битараптыққа бағып, жай сыпайы ғана амандасып өтетін. Тайман, әрине, Нәдияның кідіргенін, аз да болса тіл қатысып, қасында болғанын қалайды. Бірақ ыңғайын таппай, ұяла именіп қала береді. Нәдия әлденеге асыққандай тез басып, жүріп кетеді. Ал, шынында ол ештеңеге де асыққан жоқ. Кетіп бара жатқан қалпы, артына қайырылып қарамаса да, Тайманның өзіне қадалып, ұмсынып қалғанын сезіп, оның көз нұрына жылығандай болады. Сөйтіп бара жатып өкінеді: "Неге асықтым? Неге тоқтап әңгімелеспедім? Әлде бір сылтау тауып, қайта оралып барсам ба екен?.."

Бірақ қыздың бұл осалдығын да өрлігі жеңеді: қайтып бармайды.

Кейде қыздар арасында жігіттер жөнінде әңгіме болады. Кейде сол әңгімелерде Тайман аты аталады. Сонда Нәдия жүрегі нәзік толқып қалады. Бетінде қызғылт нұр ойнап, әшейін жөнінде отырған адамға ұқсайды. Ал, іштей әлгі қыздардың Тайман атын атай түскенін, мақтай түскенін қалап отырады.

Бір қыз:

— Ол кім Тайман деген, әне бір дөңмұрын жігіт емес пе? — дейді.

— Жоқ, қырмұрын жігіт...

Осы екі қыздың сөзі де дұрыс: Тайман дөңмұрын да жігіт, қырмұрын да жігіт. Нәдия алғаш кездескенде бұл расында да тау адамындай біраз дөрекілеу, дөңмұрын көрінген. Өзі де сәл дөрекілеу, оралымсыздау сияқты еді. Бірақ кейінгі күндерде көз үйрене келе әлгі дөңмүрын қырланып, әдеміленіп бара жатты.

Нәдия көшеде келе жатады. Әрине, жігіттер көп. Адамдардың да түрі бар ғой. Әлгі жігіттердің кейбіреуі тіпті көзін қылмыңдатып, бұған әдейі қадалып, қыдыңдап, қылт-қылт етіп өтеді. Нәдия төмен қарап, таңданып бара жатады: "Не деген анайы сезімнің адамы?"

Сонда Тайман бұлардың бәрінен ерек, бөлек көрініп қалады да, көз алдына жып-жылы, ұп-ұяң, аса сүйкімді кескінде елестейді...

Кеше кеште Нәдияны бір жолдас қызы туған күніне арнаған кешіне шақырды. Осы арада тұңғыш рет, егер Тайман болса "бірге барсақ" деген ұсыныс жасауды ниет етті. Бірақ Тайман жоқ. Сашаны таппады. Өзі жалғыз кетті.

Кешке біраз адам жиналған екен. Кейбір қыздар жігіттерімен келіпті. Кейбір жігіттер жалғыз келіпті. Нәдия Тайманның болмағанын өкіне ойлады.

Бір жігіттің мінезі Нәдияға әсер етті. Өзгеше бір ұяңдығы бар жігіт тәрізді. Тайманда да сондай мінез бар ғой! Және, өзінің көз жанары Тайманнан аумаған: ақылды, нұрлы көз.

Жігіт Нәдияның, бұл сұлу қыздың өзіне қарай бергенін сезіп қап, биге шақырды. Нәдия көнді. Көп ішінде дөңгеленіп бұлар да жүрді. Билеп жүргендері вальсбастон еді. Қиғаш адымдап, теңселе ырғалғанда, әсіресе ұршықтай үйіріліп, зырғып-зырғып кеткен сәттерде жігіт Нәдияны аш белінен қаттырақ ұстап, өзіне қыса тартып қалды. Нәдия кері серпіліп, "олай етпеңіз!" дегенді қимылмен ұқтырды. Бірақ анау құмарпаздау адам екен, тағы да әлгі мінезін көрсетті. Нәдия ұятты қойып, би бітпестен бас тартты да, жігітке қадала қарап:

— Болдым. Босатыңыз! — деді.

Жігіт амалсыз мойынсұнып, орнына әкеп отырғызды. Нәдия жігітті жек көре бастады. Енді оның Тайманға ұқсастығы көрінбей бара жатты.

Бір қаға берісте жігіт Нәдияға жақын кеп, сыбырмен ғана:

— Сізбен сөйлесуге бола ма? — деді.

Нәдия тіксініп қалды:

— Ол не сөз?

— Былай баралық-тағы, сыр айтқым келіп еді.

— Ол не сыр? Айтыңыз.

Жігіт қыздың қозғалмас қалпын көріп, қасына отырды. Енді бірде беті нарттанып:

— Мен сізді сүйемін, — деп қалды.

Нәдия орынан ұшып тұрды да, шапшаң киініп, жөнеле берді.

Кеш иесі қыз соңынан іле жүгіре шықты.

— Нәдияш, қайда кеттің?

— Басым ауырды. Қош!

— Тоқта!

— Кешір. Рақмет! Қош!

Нәдия жүгіре жөнелді.

Әрине, мұнысы ретсіз мінез. Оны кейін сезді. Бірақ қайтқан жоқ. Жүгіре аяңдап келе жатты. Тайман болса дәл осы жолы бар өрлігін жиып қойып, тура барып шағынар еді, ол жоқ. Дегенмен, Нәдия ең болмаса Сашаға жолыққысы келді.

Ашумен келген бетінде Нәдия тура Таймандардың бөлмесіне кірді. Мұнда Саша және бір-екі жігіт отырды. Нәдия ұялып қалды. Бірақ шыға жөнелу одан да ұят еді. Жігіттер орындық қойды, бұл отырды. Саша түсі күл боп отырып, Нәдияға соншалық суық, соншалық жат хабар айтты. Нәдия көзі шарасынан шыға тыңдап, үнсіз бұрылып кетті. Тайманға деген сағыныш енді аянышқа айналды. Анау бір түнде Тайман бұған әкесін әңгімелеген, ғажап раймен рақаттана шешіліп, сүйсіне әңгімелеген. Әкесімен екеуінің болашақ жұмыстарын, жоспарын айтқан. Сол әкесі, Тайманның сүйікті әкесі дүние салыпты, Тайман мұның көз алдына соншалық бір аянышты халде елестеді...

Нәдия Саша қасынан ұшып тұрып, жұлқынып шығып кетті. Өз бөлмесіне келді. Жасқа булығып, кереуетіне отыра кетті де, жастыққа бетін басып, өксіп-өксіп алды.

Нағима шошып:

— Не болды саған, мұның не? — деп сұрады.

Жастыққа тұншыққан Нәдияның үні аулақтан, үй сыртынан еміс-еміс естілгендей еді:

— Сұрамашы... Жылағым келеді...

58

Тайманды бір мейірімсіз қол шалғай аспаннан, зымырау қияннан тастап-тастап жібергендей болды: жұлдыздай үзіліп, ағып-ағып кетеді. Өкпесі аузына тығылады. Басы айналып, көзі қарауытты. Жұмсақ кресло да мұны тастай жөнеліп, төмен зыта жұлқынып қалады. Тайман табан тірер таяныш таппай қарманып кеп, креслоның арқа тіреуіне құлай лоқсиды. Жұрттың бәрі үрейлі, үрпиісе қалыпты. Әлдекім арт жақтан:

— Әуе апаты болды-ау, — дегенді зарлап айтты. Жолаушылар ішінен бір егде еркек қана батылдық етіп, тәлтіректеп барып терезеге үңілген: сол бойда пилотка реніш айтып жатыр:

— Мына антұрған қыра ма, жаным-ау! Дәл аэропорт үстінде құлдырап келеміз.

— Қой қалықтар.

— Сөйтер, бәсе, қонамыз ғой.

Самолет ауада бұлқынғандай бір оқыс қимыл жасап барып, зорға бой түзеді. Жұрт аяғы енді-енді ғана тіреу тауып, креслолар да адамдарды қопаң еткізіп қағып алып жатты.

Самолет Мұнай қаласының үстінде қалықтап жүр еді. Экипаж кабинасынан шыққан формалы кісі көптен кешірім сұрағандай жүзін жылытып келеді:

— Қорықпаңыздар, достар, қазір аман-есен қонамыз.

Аэропортқа таяна бергенде қою тұманға килігіп, бағыттан біраз жаңылып барып, ауа апанынан өткендерін әдейі айтқан жоқ.

Самолеттен түскенде Тайманның басы мең-зең, денесі дел-сал еді.

Тұманды түн. Дымқос ауа бензин иісіне айналып кеткендей. Арқа жақ тұтасқан қою қараңғылық. Тайман басын торлаған соңғы үш күнгі шытырман ой тұманындай түнереді. Қала жақтан болмашы сәуле бозғылданып, Тайман зердесіндегі аздаған үміттей жылтырайды, бірақ тұманды серпіп түре алар емес.

Тайманды жол емес, ой қажытқан-ды: жаңбырдың кесірінен самолет ұшпай, Қарағандыда бір күн, бір түн кідірген. Кейін әйтеуір жаңбыр айықты, бірақ Тайман басынан ой айыққан жоқ. Және бір ғажап бар: бұрын, келген сайын ыстық сезімге бөлеп, құшағына тартатын бұл қала бүгін Тайманға әдеттен тыс жат көрінді. Осынау күзгі түнде тұнжыр тұманға бүркеніп ап, мына жігітке сырт айналғандай суық та сұлық еді. "Кім шақырды сені, бейуақта сабылып қайдан жүрсің?" — деп жатырқағандай. Түн ішінде түндей күңгірт, жұмбақ сыр сақтап, Тайманға тіпті оқшау үрей туғызады. Бұлыңдаған бір тиянақсыз сезім жігіттің жан-жүрегін шымшып-шымшып өтеді: "Не сұмдық бар мұнда, неге душар болдым?.." Өзінің осы халіне тағы да сенер-сенбесін білмей, төс қалтасынан бір жапырақ қағаз алып, аэропорт алаңындағы жарыққа тосты да, кірпігі қылауланған көзін сүртіп және бір оқыды: Тайманды жел айдаған қаңбақтай домалатып әкелген осы қауырт телеграмма...

"Бұл не хал? Үйім өртеніп кетті ме? Онда мені шақыртып қайтеді? Әлде... көкем, мамам... бірі жазым болды ма, не ауыр науқас па?.." Түпсіз, тұңғиық ойлар. Әке-шешесін, не інісін — бірін де жаманатқа қимайды. Тек жаман да болса бір апатты — жандары аман қап, үйі өртеніп кеткенін қалайды. Тарыққанда тілер "жақсылығы" сол-ақ! Бірақ ой тұманын бұл да айықтыра алмайды. Енді бірде әлдеқайдан құйындай ұйытқып кеп, соның бәрінен түңілу сезімі тағы соғып өтеді...

Дегенмен, бұл жалғыздықтан құтылу үшін тезірек үйіне жетіп, әкесін тапқысы келді. Мына шырмаудан тек сол ғана, аяулы асыл әкесі ғана қол ұшын беріп, құтқарып алып шығады. Тайман соның панасын, ыстық құшағын, отты мейірімін іздеді. Жұмбақ ойлардың шешуін әкесімен бірге таппақ болды.

...Міне, Тайман таксимен келіп, үйінің іргесіне түсті. Машина дүр етіп жөнеле берді, айнала қайтадан қоңырайып, күңгірт тартты. Ол жеңіл чемоданын ала үйіне бұрылып, кілт тоқтады. Үйі бәз-баяғы қалпында, өртенбепті. Терезелерінен қызғылт жарық көрінеді — әлі жатпаған болса керек. Жалғыз-ақ осы маң соншалық жансыз, ошаң еткен еш нәрсе байқалмайды. Бұл ара ылғи осылай қыбырсыз ба еді, әлде бүгін ғана құлазып тұр ма? Неге біреу көрінбейді?!

Рас. Мынау тұрған Тайманның өз үйі, баспанасы, ұясы, бірақ ол мұнда кездейсоқ, бейуақта келгісі келмеп еді...

Ол селт етіп, есін жиғандай болды. Алдынан әлдекім қараңдап өткен, Тайман ұмтыла бере іркілді: бөтен біреу, жөнінде жүрген көлденең адам. Бірақ осының өзі Тайман жүрегін жылытып кетті. Биыл жаздағы жаңбырлы түнде дәл әлгі адам жүріп өткен жерден әкесі-ұшырасып, ғажап бір мейірім, артықша мінез көрсеткен. Сол елес көз алдына келе қалды да, шұғыл серпілді. Тайман жебелей басып, қораға кірді. Міне, сыртқы есік, — ашық тұр. Сенек жарық. Қазір Тайман кіріп барады, алдынан бар мейірімін бетіне жиып, көзінен шұғыла төгіп әкесі шығады:

— Қанатым, — деп, мұны құшаққа алады. — Келдің бе, шыбыным, — дейді әкесі. Бетінен құшырлана сүйеді, баласын бауырына басып, ұзақ тұрады.

Тайманның өнебойы шымырлап, жібіп кетті. Беті қыз-қыз қайнап, маңдайына әке демі, ұлпадай жұмсақ, аз дірілді әке демі тигендей болды. Құлағы да қазір, міне, қазір ғана есіктен аттай бере еститін майда қоңыр әке үніне елеңдегендей. Тайман енді неге де болса берік бел байлап, жүрек тоқтатты. Көзді жұмып, еш нәрсеге қайырылмастан тура әке құшағына еніп ап:

— Ал, тағдыр, не дайындап едің маған, ащы сыбағаң қане маған ұсынар, — деп қиындыққа тік қарамақ болды.

Ол сенекке кіріп келді. Дәл осы сәтте ауыз үйдің есігі де баяу ашыла берген, Тайман чемоданын жерге тастап жіберіп, сол есіктің арғы жағынан енді-енді шыға келер әкесін күтті. Көзі шоқтай жайнап, құшағы да ебедейсіз жайыла берді. Жоқ, үйден әкесі емес, інісі шықты. Кішкене Қоңырдың қабағы қалың, көзі ісіңкі көрінді. Жүзі тым жүдеу. Есіктен бері аттағанда сенектегі ашық, өткір жарықтан жасқанып, көзі жыбырлай қыстыға бере Тайманды танып, арқасынан бір қарулы топшы соғып өткендей ұшып кеп, мұның құшағына құлады. Кішкене інісі шыңғырып жылап жіберді. Тайман естен танғандай, құр, дәрменсіз қармап, әрі құшағындағы інісінің әлгі бір жүдеу ажарын аяп, әрі үй ішіндегі сұмдық үрейге тура ұмтылып, баса берді. Алдынан Науша, тағы бірер ер адам көрінді. Науша:

— Ойпырым-ай, Тайманбысың! — деген. Әрі кіші баласының даусына үрейленіп, әрі Науша сөзіне елеңдеп, Айжан да төргі үйден ауыр қозғала бері беттеген екен.

— Қарағым-ау, мынау Тайжан ба?.. Үн-түнсіз... — деп, баласын құшақтай алды да, шыдамай демі дірілдеп, дыбыс шығармай өксіп-өксіп алды. Неге екенін өзі де күңгірт ұғады, әйтеуір Тайман ана құшағынан тез босанып, төргі бөлмеге кірді. Соңынан анасы жабысып, алдынан інісі оралып жүр. Інісін бауырына басып ап, үй ішін көзімен тінте бастады. Төрде бір шал, бір-екі қартаң әйел отырған, олар да орындарынан көтеріле берді. Тайман төрт бұрышты түгел бір шолып өтіп, шалға қадалды:

— Көкем қайда?..

Шал сасқалақтап, сақалын шошаңдата:

— Қарағым балам, басылшы, балам... — дей берген. Әлгі қартаң әйелдің бірі екіншісіне әлдеқандай есіркегендікпен баяу сыбырлап:

— Жазған-ай, естімеген ғой... — дегендей болды.

Тайман жүрегін мұз жайлап алды. Құшағын жазып жіберіп, інісін тастай бере Айжанға бұрылып, көзі шарасынан шыға, аузы кемсең-кемсең етті:

— Сонда... сонда... көкем...

Әншиінде салмақты Айжан бұл арада ебелектей ұшып:

— Құлыным... — деп, еңіреп қоя берді.

Тайманның көз алды тегіс теңселіп кетті.

59

Тайман төрде, жерде жатыр. Үй ішінде біраз адам бар: көршілер, Дәуреннің бірге істеген дос-жолдастары. Біразын Тайман шырамытады, бірақ қайда, қашан көргені есінде жоқ. Оның бар назары, көз жанары бұған сонау қабырғадан, биіктен күле қараған суретте — әкесінің портретінде. Тайман соған егіле, емірене қарайды. Екі көзінен ыстық жас екі жаққа жылып ағып, желкесінен түйіседі де, мамық жастыққа сіңеді. Кейде басын төсектен жұлып ап, қызарған жасты көзін жан-жағына жүгіртеді: әр адамның арасынан әкесін іздейді. Жерге кілем үстіне жайылған дастарқанды қоршалай алқа-қотан отырған жұрт бұған жаутаңдасып, қарасып қалады. Анасы бас жағынан еңкейіп:

— Қарағым, шөлдедің ғой, бір шыны шай ішші, — деп жалынады.

Есік жақтағы қос самауырдан екі жасаң әйел шай құйып отыр. Сол тұста Науша да, соған жалғас ылғи еркектер отыр; иін тіресе, Тайман жатқан жерге дейін созылады. Сол қанатта Айжан, одан әрі әйелдер тізбегі екінші самауырға барып тіреледі. Бәрі де осы үйдің бір үлкен жұмысын бітіргендей, шай ішіп, бауырсақ, май, қуырдаққа ұмтылысқан. Орта тұста бағанағы сақалды шал отыр, сақалын уыстай есінеп:

— Яһ, алла! — деп, барып, мүлгіп қалады.

Осы шал Тайманға тіпті ұнамайды. Осы үйдің ішіндегі осы отырыс та бір сүреңсіз өмірдей.

Бағана шайдан бұрын Тайман есін жиып, болған жайды түгел естіген. Мұнан төрт күн бұрын Құбажон үстіндегі бұрғылау кезінде скважина аузында тұрған Дәуренге оқыстан үзілген блок түсіп, миына қан құйылған да, содан қаза тауыпты. Мына отырғандар соны жерлегендер екен. Тайманның бұл жайға тіпті сенгісі келмейді. Есік әр ашылған сайын оған көкесі күліп, кіріп келе жатқандай көрінеді. Бірақ басқалар:

— Кеш жарық!

— Қайырлы кеш!

— Аман-түтелсіңдер ме?

— Қалғандарының қайырын берсін! — деп, ылғи бір жат, оғаш тілдескендер.

Тайман өзі ес білгелі өз үйінен өлік шыққанын көрмеген. Әкесінің қазасын да көре алмай қалды. Сондықтан оның дәл бүгін жарық дүниеде жоқ екеніне сенбейді. Ал, мынау үй ішіндегі құбылыс, көңіл айту, ниет білдіру, қайғыға ортақтасу, тағы сондай ырғылжың бірдеңелер бұған мүлде жат көрінді.

Тайман "Абай" романын сүйіп оқыған. Сонда Бөжейдің өлімі, Бөжейдің асы суреттелетін жерлер бұған бір битаныс дүниедей қызық көрінетін. Мынау үй ішіндегі құбылыстардың кей жері кейде соған ұқсап кететін сияқты. Мұнысы кейде өзіне түс-қиялдай, сол романдағы жағдайды бұл өз басынан ойша кешіріп жатқандай көрінеді де, енді бірде дір етіп шошып, осы көріністердің бәрінен түңіліп кетеді. Өзінің шағын семьясы, шапағатты ұясы ойда жоқта осынша қара жамылғанына көндіге алмай, жаны түршігеді.

60

Таң ата Тайман әкесін тағы іздеді. Бұл түнімен дөңбекшіп жатып, тек таң біліне ғана көзі ілінген еді. Оянса, сәске түс: үйде өз адамдары — Айжан мен Қоңыр ғана қалған-ды. Төсекте шалқасынан жатқан қалпы, тағы да солқылдап жылады. Содан соң терезе сыртынан жүріп өткен әлдекімнің жөткіргенін естіп, ұшып тұрды да, қазықтай шаншылып отырып қалды: қазір, дәл қазір, енді-енді әкесі кіріп келетіндей, осы үйдің ішінде оның өзіне таныс сүйкімді қоңыр даусы сайрап қоя беретіндей көрініп кетті. Жүрегі елжіреп, бойы бейжай боп, есік жаққа ұмтыла, ұмсына берді.

Алдыңғы үйден Айжан кірді, баяу тіл қатты:

— Қарғам, өзіңді өзің жей берме. Жылағаннан өлген әке тірілер болса, Қоңыржан екеуміз жас төгіп бақтық. Сергіші, жаным.

Тайман көзін жасқа толтырып, анасына қарады. Жүйесі тағы босап еді. Бұл жолы анасын, оның мынау шарасыз, мүскін қалпын аяп, үнсіз егілген. Орнынан тұрды. Киінді. Ауыз үйге барып, жуынды. Кереует басында ілулі тұрған бет орамалды алып, бетіне апарғанда, әлдене сезгендей жаны тағы егілді. Мүмкін, бұдан бір жеті, не он күн бұрын осы орамалға ғазиз әке де бетін сүртті. Жарға жалт қарады: портрет қана күлімдеп тұр. Бұған "Құлыным" деп тұрғандай. Әне, әке трубкасын көтерген телефон. Міне, әке басқан түкті кілем, әке жатқан кереует. Кереует басында бір бешпет тұр — әке киген бешпет... Есік ашылды, селк етіп бұрылып, ауыз үйге шықты: ешкім жоқ, тысқа шыққан үй адамдарының дыбысы болса керек.

Бұл да сыртқа шықты.

— Қоңыр, бері кел!

Шоланға анасымен бірге кіріп бара жатқан Қоңыр жалт бұрылып, бері жүрді. Бұрын ағасы бұлай шақырғанда жайнап, құлшына қуанып, көзінен от шашып келе жататын ойнақы мінез жас бала кірбиіп, көңілсіз, мынау ағасы алдында әлдебір қылмыс жасағандай жасқана басып келе жатыр.

— Жүр. Қоңыржан, жүр!

— Қайда?

— Зиратқа...

— А, көкеме ме? — деп, бала жүзі сәл сәулеленгендей болды. Тайман жүрегін біреу жіп байлап төмен тартып қалғандай отыра кетті. Әлгі бір сөздер сұмдық еді. Сол сөздер еріксіз, тіпті кәдімгідей табиғи айтылып тұр. Не деген жат ұғым: зират — әке! Тайман "зиратқа барайық!" десе, Қоңыр "көкеме ме?" дейді. Және осыған жүзі жылып, кәдімгідей қуана жаздайды. 0, сұмдық! Зиратта адам көңіліне жылылық әкелетіні ме?

Ағалы-інілі екеуі қала шетіндегі зиратқа келе жатты.

Уақыт сәске түс кезі, бірақ күн жоқ. Тайман мен Қоңыр келе жатқан жер ғана бос қуыс, айнала түгел аспанмен астасып кеткендей, қою сұр тұман. Оқ бойы алыстан мұнартып, қымтанып, көзге жөнді ілікпейді.

Екеуі бір-біріне тіл қатыспастан, иықтары түскен қалпы, қабір басына келді. Қоңыр Тайманның алдын ораңқырап, адымдаңқырап барып, биік үйілген қызыл топырақ қасына тоқтап, артына бұрылды да, жете берген Тайманға мөлдірей қарап:

— Міне, көкем! — деп қалды...

61

Соңғы күндердегі қайғы-қарбаластардан әбден қажыған Тайман зират басынан қайтып үйіне келіп, төргі бөлмеде — кереуеттен бергі қалы кілем үстіне төселген шайы көрпе шетіндегі көпшікке қисая кетіп еді, қатып ұйықтап қалыпты.

Біреу соншалық мәпелеп, жұмсақ алақанымен маңдайынан жайлап сипағандай болған; көзін ашса, анасы екен:

— Қарағым, саған бір кісі келіп отыр.

Ауыз үйге шықты да таң қалды: кіре берістегі былғары диванда Мусин отыр. Тайман сәлемдеспек боп қолын ұсынып еді, анау орнынан найқала тұрып, құшағын жайды. Жақындай берген шәкіртін қаусыра құшақтап, өзгеше бір жылы мейіріммен бетінен сүйді.

Үшеуі үш жағынан келіп, үн-түнсіз стол жанына отырды. Алдына Айжан ақ орамал тастаған соң, Мусин күбірлеп құран оқыды. Үшеуі де беттерін сипап бата қылды.

Сөйтіп, Мусин о дүниеге кеткен адам алдындағы мұсылмандық парызынан құтылғандай жеңілейіп алып, енді бұ дүниеде қалғандарға қарата өзінің жай-жағдайын баяндай бастады:

— Жолаушылап келе жатыр едім, ат басын саған арнайы бұрдым, Тайман, — деді де Айжанға қарады. — Мені білмейсіз ғой, әрине, мен мына балаңыздың ақылшысымын... Сендерге көңіл айтайын деп келдім, бәйбіше! Мұндайда сөз тауып тіл безеу де қиын... — деп барып іркіліп, сәл деміккендей ыңыранып біраз отырды да әрі қарай кенет серпіле сөйлеп кетті. — Задында, қуансақ та, қуарсақ та ақыл сұрар абызымыз, алдына жүгінер аруағымыз Абай ғой. Былай депті-ау сол сабаз:

"Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ"

Тайман таңданса, таңданғандай: мынау бұл білетін бұрынғы Мусин емес, өзгеріп кетіпті. Өзінде бұрын сырт көзге байқала бермейтін бір салиқалы, сарабдал мінез пайда болғандай. Өзі соншалық көшелі, ойлы. Ішімдегімді кім біледі деп көбіне томаға-тұйық жүретін, топқа кіре қалса төңірегінен түгел күдіктеніп тоңторыс отыратын әдеттегі жұмбақ қалпы жоқ, ақтарыла ашылын, шешіле, көсіле сөйлейді.

Шай-судан кейін Мусин бүгін таң ата келіп түскен мейманханаға барғысы келді. Кешкі поезбен жүріп кетпек көрінеді. Алайда әңгімесін аяқтамай асыға қоймады.

— Асылы, мұңдас адам сырлас, — деді ол Тайманға. — Менің халім де сенікі секілді. Сонау бір сұрапыл сүргін кезінде Ресейге, Саратау жаққа бас сауғалап қашып кеткен әкемнің жалғыз інісі бар еді. Соған уақыт болып, соны жерлеп келе жатырмын. Содан жол-жөнекей сенің қалаңа соғып, биыл жазда өздеріңмен бірге келе алмаған құжаттарымды ретке келтіріп, сапар куәлігіне мөр бастыра кетейін деп келсем, сенің көкеңнің хабарын естігенім...

Мусиннің қалауымен екеуі төргі бөлмеге көшті. Тағы бір бимәлім шындық осы арада ашыла жаздады да, осынау оңаша бөлмедегі оңаша әңгіме Тайманды таңдандырған үстіне таңдандыра түсті.

— Тайман, шырағым, екеумізді күтпеген жерден құдай кездестірді, — деп, Мусин төргі бөлмедегі бағана Тайман жатқан көрпеге қисая бере көпшікке шынтағын тіреп, терең бір күрсініп алды. — Бүгін менің туған күнім. Пенде боп бұл дүниеге келгеніме аттай қырық алты жыл толып, қырық жетіге кетті. Осы жылдар ішінде аузымнан шықпаған ғұмырлық құпиям бар-ды, тірі жанға тіс жарып көрмеп едім. Енді болмады. Көзім тіріде әйтеуір қайткен күнде де бір адамға айтуым керек. Соның кезі келген шығар, ішіме симай барады.

Мусиннің айтпағы бір ерекше тосын әрі қиын құпия тәрізді. Оны Тайманға және өзге емес Тайманның бір өзіне ғана арнап аша қалғанда мұның жауабы қандай болмақ? Соған төтеп бере ала ма өзі... Осыны ойлап, етек-жеңін шұғыл жиып алғанмен, амалсыз, ауыр әңгімені дәл қазір тыңдауға дайын еместігін білдірді:

— Сол сырыңызды Алматыға оралған соң орнығып отырып ашсақ қайтеді?

— Жоқ, Тайман, ол болмайды. Мен бүгін кетем. Ал сен Алматыға келген кезде мені көре алмайсың.

— Неге? — деп шошыды Тайман.

— Әкетеді. Алматыға қайтып, аяғым жерге тиер-тиместе ап кетеді мені...

— Қайда?

— Қараңғы үйге!

— Не дейді...

Тайман төбеге ұрғандай тоқтап, аңтарылды да қалды.

* * *

Жә, қазір қалай өзгеріп кетіп жүргенін кім білсін, бұрынғы Мусин — Тайманға ғана емес, күллі университет ұжымына танымал Мусин ішкі түйіншек-түйткілі көп түсініксіз кісі болатын. Бір түрлі бір бұлдыр, бұдырсыз, әрілесе тіпті айнымалы, аумалы-төкпелі, айрың-үйрің... тіпті түсініксіз.

Кейде төңірегін таң қалдырады: осы заманға басқа ғаламнан келіп жүргендей... яки осы өмірдегі адамдар арасына өзге бір әлемнен келіп оқыс кіріп кетіп жүргендей... Өзі сонысын жасырады және соған қысылып, айналасынан ылғи қымсынып жүреді. Сырт көзге жұмбақ көрінетіні де сондықтан. Бірде олай, бірде бұлай құбылу құпиясы да сонда жатыр. Қызық. Кейде аңғырт, жайдақ су секілді; кейде албырт, көзін бір нүктеге қадап алып, теңселе толғанып отырады және жай отырмайды, қара жамылғандай түнеріп, бар мен жоқтың арасында, бейуақта бұлдырап, сиымсыз үлкен денесін қайда қоярға білмей әбігерленіп отырады. Тайман әредікте осыны сезеді, ал Қабен сезбейді, тіпті сезгісі келмейді.

Алғашқы курстерде Тайманға Мусин кәдімгідей іш тартып жүрді. Жан білмейтін бір іш есебінің, құпия сырларының шетін ашып қала, жариялап ала жаздап жүрді.

Бір жолы Мусин Тайманды кафедраға шақырып алып, тұңғиық ойға шомғандай түнере тұнжырап отырды. Жұмсақ креслода ішіне мақта толтырып, аузын шымшып тіккен қанар қапшықтай әрі тырсиып, әрі теңкиіп отыр. Шашы жоқ жалтыр басының тершіген төбесінен селдірлеу бу бұрқырағандай болады. Өзі өзгеше бір қиын халде, алты батпан ауыр жан азабын шегетін секілді.

Біресе қиялданғандай. Қиял қуғандай. Құсы кеткендей. Бірде қарадан-қарап отырып креслода ырғала теңселіп қалды. Әлдебір мұңлы терменің әуенімен күбір-күбір етіп, бүгінде сырын білуге, жырын оқуға тиым салынған, әсіресе жастарға жат көрініп кеткен бір үлкен ақынның көп адам біле бермейтін жұмбақ өлеңін төгілте жөнелгені:

"Ол күндер көз жетпейтін ерте құм ғой,

Ерте күн ертегідей ерке күн ғой.

Ерте күн ұстатпайтын бұлдыр сағым,

Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ой..."

Өлең Тайманды тыңдаған сайын баурап әкетіп барады. Тыңдаушыны қиынға салып, қиырға сүйрейтін, қиялға қанат бітіріп, қияға алып ұшатын бір сиқырлы, сұлу әуен!.. Тайман соған әсерленіп, өз-өзінен кәдімгідей толқып, тербеле берген еді, дәл осы тұста Мусин кенет сұмдық көргендей шошып, есін жия түсіп, бұған:

— Өй, сен қайдан келіп отырсың? — деп ажырая қарады.

Тайман да селк етіп, дереу бойын билеп алды:

— Өзіңіз шақырдыңыз ғой.

— Кім? Кім шақырды дейсің?!

— Сіз.

Мусин көзі ұясынан шыға шатынап, қолын шалт сермеп қалды:

— Кет!

Тайман түкке түсінген жоқ, ренжіген де жоқ, есікке қарай ақырын жылыстап, жылжи берді. Мусиннің шатасып отырғанын сезіп, аздап үрейленген еді.

— Тоқта! — деді Мусин. — Бұлдыр сағым дегеннің не екенін білесің бе сен? Бұлдыр-сағым деген өмір. Біздің бәріміз сағым қуып жүрген жандармыз. Байқаймын, сен мені ақылы ауысқан, алжасқан адам деп отырсың ғой. Жоқ, мен емес сен, сенің қатарың, ағаларың мен алаларың, әкелерің мен шешелерің түп-түгел, тұп-тұтас адасып жүр. Жаппай сағым қуып жүр бәрі!.. Сағым тарайды бара-бара, сонда білерсіңдер әлі сендер қалай адасып, қайда қаңғырып кеткендеріңді!

Мусин әлденеден тағы тіксініп:

— Кет дедім бе мен саған, жоқ, кетпе, бар, бара ғой! — деді де иегі кемсеңдеп, жыламсырағандай болды.

Тайман кафедраның есігін тарс жауып, шығып кетті. Көргенін, естіген-білгенінің бәрін сол бөлмеге тастап, оны да біржола жауып, тас бекітіп кетті. Содан бері соның бір де бір түйірін тісінен шығарған емес. Тайманның бүкіл табиғатына, бүтін болмыс-бітіміне қайшы, кереғар, тіпті қарама-қарсы бір құпиясы болса, ол — осы.

Неге екенін өзі де білмейді, әлдеқашан ұмыт болған сол бір жәйт есіне қазір қайтадан сап ете түскені...

Ғажап!

Жоқ, ғажап емес азап болмаса неғылсын: ендігісі не жұмбақ мұның, неткен құпия?!

* * *

— Білем, білем, осынікі не жұмбақ, неткен құпия деп отырсың сен, — деп қалды Мусин кенет жұлып алғандай.

"Ей, алла! — деп ойлады Тайман со бойда таңданып. — Ішіме кіріп-шыққаннан сау ма өзі?"

— Жұмбақ болса саған жұмбақ, құпия болса сендерге құпия, ал маған бәрі анық. Қолға ұстатқандай.

Тайман не дерге білмей тағы дағдарды.

Ендігі қалған жерге тек Мусин, бір ғана Мусиннің өзі сөйлеп кетті.

— Білем. Сендер — ұстаздарың бар, шәкірттерің бар — бүкіл ұжым болып, мені араларыңды алатайдай бұлдіріп жүрген әлдекім көресіңдер. Солай екені рас та: неге рас болмасын, сендер жұмақ көріп жүрген өмір — маған тамұқ. Ал тамұқта жүрсеңдер кім болар едіңдер сендер: қара жорға қаратай ма, ала қарға алатай ма? Сен бері қара, бала, мені тыңда! Тек тыңда, бірақ сөз қоспа! Мен айтайын, бірақ сен бәрібір түсінбейсің. Тек тыңда!

Тайманға керегінің өзі осы еді, не сөз қоссын, үн-түнсіз тыңдады да отырды. Ал анау біртүрлі көгіс тартып тұнып кеткен тұнжыраңқы көзін өзіне қарама-қарсы отырған Тайманның көзіне емес, тура маңдайына қадап алып, іштегі қыжылын сыртқа төккендей қалшылдай жөнелді:

— Егер он үш жасында жер-дүние төңкеріліп түсіп, сен тұқым-тұғияныңмен түгел зілзаланың астыңда қалсаң; жиырма үш жасында бүкіл мал-мүлкің, бар байлығың тәркіленіп, казан-ошағың әдірә қалып, үйіңнің шаңырағы ортасына түссе; отыз үш жасында туған әкеңді тұтқындап апарып атып тастап, "ал сен осы көрген қиянатыңның бәрін құпта, өмір-тіршілігіңді жаңадан баста, қатарға қайтадан қосыл, жаңа заманның жаршысы бол!" десе, не істер едің және қандай халде болар едің? Әрине түк істей алмас едің, аумаған менің халімде болар едің — деп барып бір тоқтады.

Тайман өзін Мусиннің орнына қойып байқаса, оның осы айтып отырғандарының бәрі дұрыс. Дұп-дұрыс! Тек бұған "сен бәрібір түсінбейсің" дегені дұрыс емес. Тайман бәрін түсініп отыр. Осынша тұйыққа тіреліп, барар жер, басар тауы қалмаған адамда қандай мақсат болуы мүмкін? Ал мақсат-мүддесіз тіршілік бола ма? Әсіресе оқу-білім орнында, ұрпақ тәрбиесінде жүрген адам не істемек? Нені уағыздамақ?

— Жоқ, — деді Мусин үзіп алғандай, — жоқ, ендігісін айтпаймын, мен болдым осымен... Жалғыз-ақ келген түйінім: заман менікі емес, сендер жапа-тармағай жан ұшыра жалпылдап еріп бара жатқан заман көшіне мен ере алмадым, ол менің қолымнан келмеді, қайтейін. Мен біттім осымен. Құрыдым. Бәрі бір әкетеді мені, құрдымға әкетеді... — деп екі алақанымен бетін басып, дыбысын шығармай иықтарын ғана селкілдетіп солқ-солқ етті де шапшаң орнынан тұрды. — Мен кеттім.

Тайман да не істерін білмей амалы құрып:

— Ойпырмай! — деп ұшып тұрып еді, Мусин оның иығынан алақанымен басып:

— Үндеме, қозғалма, тырп етпе! — деді. — Кетем. Басы қаралы үйдің жаны жаралы адамы қонағын шығарып салмайды, өзім кетем. Және біржола кетем! Кетем, кетем!.. — деп ішін ит жыртқандай ызамен оқыс қыңсылап, ыңырси әндетіп, есікке беттеді.

62

Нәдия ректордан қуанып та, өкініп те шықты. Қашаннан күткен үміті осы еді, — соған қуанды. Алматыдан кететін болды, — соған өкінді.

Бүгін түсте ректор шақыртты. Ректордың қабылдауында кісі көп екен. Бірақ секретарь көріп:

— Сіз Нәбиева емессіз бе? — деді.

— Иә.

— Сізді кезексіз кіре берсін деген.

Ол кабинетке кіріп шықты да, бас изеді. Нәдия кабинетке аздап таңдана кірді: "Неге бұлай? Неткен маңызды нәрсе еді?"

Ректор мұның қолын алып жатып, күле сөйледі:

— Сонымен, қалай, сізге біздің университет ұнамады ма?

Нәдия не дерге білмеді: "Не үшін қойылған сұрақ?" Жоқ, университет ұнайды. Мұнда жақсы, білімді профессорлар бар. Тамаша коллектив бар. Әсіресе... әсіресе Тайман бар!..

Ректор Нәдияның жауабын күтпеді:

— Жоқ, әзіл ғой, қысылмаңыз. Бірақ біздің университетті де ұмытпай, ескере жүріңіз.

Нәдия бар жайға бір-ақ түсінді. Тағы да үндеген жоқ.

Ректор кнопка басып, секретарын шақырды:

— Бұйрық әзір ме?

Секретарь қайта шығып, тез алып кірді. Ректор қол қойды.

Содан соң бұйрықты да, Москвадан оз атына келген хатты да Нәдияға беріп, қолын қысты:

— Оқу бөліміне, проректорға барыңыз, жолдама да, академиялық анықтама да сонда, бәрін реттеп береді. Сау болыңыз.

— Рақмет, — деп қалды Нәдия, қалай айтқанын өзі де аңғарған жоқ.

Шынында, рақмет айтқысы келмеп еді.

Университеттің оқу бөліміне келді. Мұнда да бәрі әзір екен, Нәдияның қолындағы бұйрықты алды да, оның барлық документтерін конвертке салып, адресін жазды: "Москва, академик Губкин атыңдағы мұнай институты..."

Проректор айтты:

— Бұлар қолға берілмейді. Институтқа тікелей жіберіледі. Ал сіз боссыз.

Жалғыз-ақ, шығар жерде Нәдия:

— Кіммен келістіңіз? — деп сұрады.

Проректор өз ісімен өзі болып жатып, бұл сұрақтың қандай ниетпен қойылғанын аңғарған жоқ, жауабын бейтарап қайтарды:

— Сіздің институтке жазған хатыңыз, институт директоры мен біздің ректордың келісімі... Бәрі заңды, дұрыс істегенсіз...

Нәдия жалт бұрылып, шығып кетті. Көз алдына Тайман елестеп еді.

Сөйтіп, Нәдия бас-аяғы жарты сағаттың ішінде, күтпеген жерден университетті тастап шықты.

Жатақханаға келгенде шұғыл телеграмма жатты. Ол Москвадан, институттан: "Университетпен келістік, кешікпеңіз, келіңіз".

Нәдияның бүгінгі қарбаласының бәрі инстинкт бойынша болды. Жүгіріп бөлмеге кірді. Нағиманы құшақтап сүйді, көзінен жас шықты, бұл қуаныштың да, өкініштің де жасы еді.

— Ректор неге шақырыпты?

— Кететін болдым.

— Қайда?

— Москваға!

— Қашан?

— Ертең.

Қыз таң қалды.

— Нағима, — деді Нәдия. Бір нәрсе айтқысы келді. Бірақ себепсіз іркіліп қалды. Көкірегінде жүрген бір сырын, құпия сырын ашып салмақ еді: "Сен осыны оңаша ғана өзіне, тек өзіне айт!" — деп өтінбек еді. "Сен мен болып айт!" — деп тапсырмақ еді. Одан Тайманды қызғанған да жоқ. Осы бір жан сырын жеткіздіруден ұялған да жоқ. Бірақ айтқан жоқ. Жалғыз-ақ, бөлмеден шығып бара жатып:

— Мен билетке кеттім, — деді.

Нағима тағы да сұрақты қалыппен қалды: "Маған неге жүр демегені?.."

Мұны Нәдия көшеге шыққан соң ойлады: "Мен неге жүр демедім?" Нәдияның басынан өтіп жатқан ойларда да, көз алдынан өтіп жатқан елестерде де жүйе жоқ еді.

Нәдия трамвайды ұмытып, көп жерді жаяу жүріп үлгіріпті. Байқаса, почтаның жанына келіп қапты. Мұнда келу ойында жоқ еді, сонда да бұрылып почтаға кірді. Үйіне телеграмма берді: "Москвада оқитын болдым. Ендігі хатты содан күтіңдер".

Қалалық касса төменде еді. Нәдия соған беттеді. Жолда кең аллеялы, түрлі-түсті гүл өскен, скульптуралы, көп скамеялы, кілемше құлпырған үлкен сквер бар. Нәдия сонымен, жасыл қарағай саясымен жүрді; иығын жапқан қою қара шашын толқыта серпіп тастап, аяғын жиі, тез басып, жүгіре аяңдап келеді. Тершіген қызғылт жүзінде белгісіз шытыну бар, қабағы да жүдеулеу еді. Таныс орындық. Нәдия жалт қарап, қалт тоқтап қалды. Жүрегі тағы да дір етіп, тершіген қызғылт жүзі тез құбылды: тағы да Тайман есіне түскен.

Анау жолы екеуден-екеу күзгі мақпал түн құшағында, сезім үстінде отырған жер осы. Нәдияға өзгеше ыстық көрінді осы ара. Серуендеген адамдар өтіп жатқан; бұлар екеу, үнсіз отырған-ды. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды, жайлап қана ай жүзеді, хош иісті гүлдер жұпарын шашады, тау самалы желпіп өтеді. Сырлы түн көрікті еді. Бұлар өздерін бақытты сезінген. Бірақ екеуі де, неге екені белгісіз үнсіз сезінген. Біріне бірі білдірмей, ұрлап сезінгендей болған. Тайман тіліне сөз оралмай қойған. Оны Нәдия да ұғып отырған-ды. Бірақ бұл да өздігінен ештеңе дей қоймады. Тайман халін, именгенін, қысылғанын бұл ұғады, ал, соның өзін білдірмейді. Онысының не себепті екенін өзі де білмейді. Әйтеуір бұған солай болғанының өзі дұрыс көрінген.

Тайман толқып бір тіл қатты:

— Нәдия!

Нәдия үнсіз жалт қарады: серігінің жүзі ай нұрына сұрғылт тартып, ағараңдап, үлкен отты көзі сәл қысыла түсіп, жасаурап тұрғандай, кеудесін жиі қозғап, жай дірілмен дем алады. Әлденені айтпақ ойы бар. Нәдия соны күтті. Бір қызығы — бұл оның алдында өзін батыл сезінеді. Ал, анау жасқанып қарайды. Нәдия көз тоқтатса не болары белгісіз сияқты, сондықтан бұл жүзін тез тайғызып әкетті. Тайман мұның рұқсатымен өлең оқыды. Бұл қызыға тыңдады... Бұлардың алдында, сонау әріректе трамвай өтіп бара жатқан. Нәдия ешбір мақсатсыз:

— Трамвай жүріп кетті, — дей салды.

Бұл Тайманға оқыс әсер еткендей болды: "Нәдияға менімен бірге отыру көңілсіз екен" деп ойласа керек. Тез суынып:

— Жүрелік, — деді.

Нәдия бағынды. Екеуі жатақханаға бару үшін трамвай тоқтайтын жерге келді. Ал, шынында Нәдия жаңағы жерден Тайманмен қатар отырған гүл қасынан кеткісі келмеп еді. "Отыра берейік", — дегісі келіп бір тұрды да ұялды, жүре берді. Енді ойласа ерсі екен: "Бұл не, жастық па, жалаңдық па?"

Қазір, Нәдияға сол түннің әр минуты қымбат еді: мынау гүл, орындық, саялы қарағай қызықтыра еске салады, бұл қызғана ойлайды: "Бүгін сол сәт қайта оралып келер ме еді. Тайманды қинамай-ақ бар сырды өзім ашар едім..."

Тайман сонда айтып еді:

— Адам өмірінің әр минуты қайталанбайды ғой, кезінде қадірін білмейміз, өтсе сағынамыз.

Нәдия мұны ұққан жоқ. Жай ғана:

— Шындық философиясы, — деген де қойған.

Оны Тайман да көреген болғандықтан айтпаған-ды, ойға түскен бір жай шығар. Ал, соның шын мағынасын Нәдия бүгін ұқты, тебіреніп, телміріп ұқты.

Оймен тоқтап, біраз бөгеліп қалыпты. Минуттік бір сырды ұйқыдан оянғандай селт етіп, тез жүріп кетті.

Касса алдында адам аз екен. Ертеңгі поезға билет сатылып жатыр. Нәдия кезекке тұрып, кассирдің алдына келді:

— Москваға дейін бір билет!

63

Университет ұлы мерекеге дайындалып жатты.

Кешке таман аудиториялар босасымен түрліше үйірмелер іске кіріседі: бір жерде хор, енді бір жерде би, домбыра үйірмелерінің жұмыстары жүргізіледі. Және бір жерде драма үйірмесіндегілер репетиция жасап жатады. Университеттен профессорлар шығып бара жатқанда, әлгі үйірмелерге басшылық ететін белгілі артистер, режиссер-дирижерлар кіріп келе жатады. Әлгіде ғана лекция болып өткен аудиторияларда енді жаңа бір әсем ажармен сауық-сайран басталады...

Сыртта, университет қорасында әр факультет бір-бір машинаны ұрандармен безендіріп, суреттермен әшекейлеп, түр-тұрпатын өзгертіп келеді: машина емес, бірі том-том кітапқа, бірі құшақ-құшақ газетке, бірі химиялық құралдарға, бірі өсімдіктерге, енді бірі физика, математика жаңалықтарына айналып бара жатыр.

Бәрінің ортасыңда нығыз басып Саша жүр; бірінен шығып біріне келеді. Бірін мұқият барлап өтіп:

— Дұрыс, қатып түскен, — дейді. Енді бірінің тұсына кеп:

— Тоқтаңдар, мынаны неге айналдырып бара жатырсыңдар өздерің? — деп, жұртты тоқтатып ап, қайдағы бір ойда жоқ қызықтарды айтады да, істі қайта бастатып кетеді.

Сашаның кабинетінде де іс жүріп жатқан: Арынғазы еденде етбетінен түсіп, қыл қаламы қызыл сәтен үстін ақ бояумен әдемі сызып, әріп тізіп келеді.

Саша бөлмеге асығыс кірді де, Арынғазыға:

— Тұр, жүр, — деді.

— Уақыт болып қалды ма?

— Әрине. Поезд жүруіне бір-ақ сағат қалды. Бірақ есінде болсын, бүгін сені жатаққа жібермеймін. Түнімен жазып бітіресің мынау ұранды.

Арынғазы орнынан тұра бере мұрнын бір тартып, бас изеп, құптағандай болды.

Екеуі кабинеттен шыға бергенде швейцар тоқтатып:

— Жолдас Семенов, телеграмма! — деп, қағаз ұсынды.

Сашаның бүгінгі күні бойғы талапшыл, тіпті сәл суықтау бастықтық қалпы кенет жоғалып, бала боп кетті. Енді қасындағы Арынғазыға да жылы ұшырай қапты.

— Тамаша! Тайман келе жатыр.

Арынғазы да қатты қуанды:

— Қашан шығыпты?

Саша кілт тоқтап, саусағын санап ойланды да:

— Ертең, жоқ арғы күні келеді, — деді.

Бұлар трамваймен вокзалға келгенде, жолдас қыздарымен Нәдия вагон алдында тұр екен. Көңілді. Нағима екеуі күле сөйлеседі.

— Алтыншы ноябрь күні Москваға түсесің.

— Мерекені Москвада, Қызыл аланда өткіземін.

Саша Нәдияға сыбыр етіп, оңаша алып шықты да телеграмманы ұсынды. Анау оқып шығып, Сашаны құшақтай алды. Қуана құшақтады.

— Сен несіне қуанасың?

— А? — деп таңданды Нәдия.

Нәдия аузын балаша бұлтитып, кері бұрылды да қыздарға қарай басты. Саша жүгіре ерді. Ере сөйлеп келеді:

— Несіне ашулана қалдың, Надя?

Нәдияда үн жоқ.

— Менде бөтен ой бар ма? Бәрібір кетіп бара жатқан соң айта салғаным ғой.

Нәдияда әлі үн жоқ. Саша мықтап қысылды:

— Кешір, Надя. Сенің кездесе алмайтыныңды ғана ойлап едім.

Нәдия жалт қарап, тұра қалды да, үзіп алғандай:

— Неге кездесе алмаймын? — деді.

— Жоқ, кездесесің ғой!.. Тек қана...

Нәдия сөйлетпеді:

— Тек қана... тек қана...

Бұрын бұл қыздан кездестірмеген мінезі. Саша айтар сөз таппады. Осынша алып тұлғамен осынша қымсынған Сашаны Арынғазы да бірінші көрген-ді, ол әдеттен тыс дауыстап күліп жіберді.

Поезд жүруге аз-ақ қалған. Енді Нәдия көп тұрмады.

— Сендер кідірмеңдер енді, қош! — деп, қол ұсынды: — Жазғы демалысты осында өткіземін. Жыл сайын келемін. Мені ұмытпаңдар!

— Сен бізді ұмытпа! — деп тапсырды Нағима.

Кезек Сашаға келген. Ол қолын жасқана ұсынды. Нәдия оның қолын өзіне тартып қап, құлағына сыбырлады:

— Тайманға сәлем айт, Сашенька! Сен оны сүйші! Содан соң... менен хат күтсін! — деді де, жолдастарына қолын асығыс бұлғап, жалт етіп, вагонға кіріп кетті: көзіне жас келіп қалған еді...

64

ХАТ

Эпилог орнына

"Сүйікті Нәдия! Міне, февраль да жылысып өтті: сен кеткелі төрт ай, ал, мен үшін осы төрт ай төрт жыл сияқты, ұзақ. Қатты сағындым.

Сенің хаттарыңа арнап бір үлкен папка ашқанмын, бірін жоғалтқаным жоқ, тігіп жүрмін және мен үшін бұл папка бір қызық новелла сияқты, көп оқимын. Соным үшін Саша досым мені "Папка" атап кетті. "О не дегендегісі?" — деп таңданады Арынғазы. Мен "Павел" дегені ғой деп бұлтарамын. "О несі? — деп қайта сұрайды Арынғазы, — о несі? Сенің атың Тайман. Ең болмаса Терентий десе бір жөн. Павкасы несі?" Мен естімеген болып, үндемеймін. Енді қайтейін? Нәдияның хаты тігілген папканы көп қарағандықтан "Папка" атандым деп қалай айтайын.

Сен білесің бе, Нәдияш, Арынғазы бүгінде озаттар қатарына жете жаздап жүр. Қысқы сессияны ойдағыдай өткізіп шықты. Әрине, ән-күйі әлі мол, университет оркестрін басқарады. Осы каникул кезінде қалалық олимпиада болып өткен, Арынғазының оркестрі бірінші орын алды.

Айбар да аман, ғылым кандидаты. Алдағы семестрден бастап өзіміздің факультетте лекция оқымақ. Зәурені біржола ұмытқан сияқты (ол қыз университетті тастап, тұрмысқа шығып кеткен). Үйлі-баранды болу керек-ақ қой, бірақ... Жә, бұл жөнінде саған Нағима жазған шығар.

Қабен — стипендиат.

Біздің Алмас досымызды білуші ме едің, ол да аман, оқуы жақсы. Жаңа жыл қарсаңында үйлендірдік (Мағрипаға үйленді).

Профессор Сапаров Ғылым академиясына мүшелікке өтті. Толық мүше! Ол — академик деген сөз.

Сен менен хат сайын жаңалық сұрайсың, осы жазғандарымның бәрі жаңалық емес пе?

Ендігі бір жайсыз жаңалық — Профессор Мусиннің тағдыры. Өте аянышты және мұның өзі бірдің емес, бірнеше мыңның тағдыры. Біз солармен бірге жүрміз, біз солардың бәрі "күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ" деп амалсыз іштен тынатынын да білеміз, біле тұра білмегенсиміз. Не деген көлгірлік!

Профессор Мусин қазір жоқ арамызда, кетті сорлы шіркін, келмеске кетті. Осының себебі мен салдарын білетін тек мен ғана (өзінен білдім). Бірақ айтпаймын, айта алмаймын. Қорқам. Жалғыз-ақ түсінгенім: бұл ағамыз (шынында да аға екен ғой, қадірін кейін біліп жүрмін!) — біздің өз қолымызбен жасалған және жасалып жатқан (аяғы қайда барып соғарын кім білсін!) адам айтқысыз ауыр қылмыстың құрбаны. Құрсын! Құрып кетсін! Осыны тіпті ойлауға қорқам. Жаным түршігеді...

Одан да мына бір жәйді айтайыншы: мен соңғы кезде Саша арқылы бір жігітпен танысып, кейін онымен көп сырласқанмын. Бүгін сол кісі келіп, Саша үшеуміз тағы да ұзақ әңгімелестік. Ол езінің Ембі жайында жазатын шығармасына материал жинап жүрген-ді. Біз ол кісіден:

— Кімді жазасыз? — деп көп сұраушы едік. Бүгін маған тұп-тура:

— Сені жазамын! — деп қалғаны бар емес пе.

Мен қатты қысылдым (екеуміздің құпиямыздан да бірқатар сыр айтқаным бар еді).

— Ойбай-ау, мен қандай қаһарман болып жарытпақпын? — дедім.

Ол болар емес:

— Сенің бір қайғыңды, бір қуанышыңды жазамын. Менің күрделі образ жасауға дайындығым өзің сияқты кішкентай адамның бірер сезімін суреттеуден басталсын. — деп түйді.

Мен:

— Бұл қалай болар екен? Менің өмірімде конфликт жоқ қой, — деп әрі жалтарып, әрі күдіктене беріп едім. Саша мені тиып тастап, анаған:

— Сілтей бер! Әдебиетте стандарт жоқ: конфликт дегеннің өзі, сайып келгенде, адамды көрсету үшін керек. Алғашқы адымың ғой, бұл жолы бірнеше адамды, сол арқылы өмірдің ұшқынын көрсете алсаң жарар. Ал, есінде болсын, екінші шығармаңнан өмірдің отын да, жалынын да түгел талап етеміз! — деді.

Қызық емес пе, Нәдия? Бұған сен қалай қарайсың, тез хат жазшы!

Ал, қош, сүйіктім, көріскенше күн жақсы болсын.

ТАЙМАН. 28.02.51"

ӘДЕБИЕТКЕ ӘДЕППЕН КЕЛГЕН...

Жақсы шығарманың күн санап жазылмасы белгілі, жыл санап қосылмақ. Ал, әдебиеттің өсіп-өрбуі, молығып баюы, оның өлмейтін қасиеті де осында. Олар сай-саламен сарқырап аққан көктем суы құсап, я болмаса сылдырап акқан мөлдір бұлақ құсап, бір арнаға құйып, әдебиет дариясын тереңдете, молайта түспек; әдебиетке келген әрбір жаңа есімнің ертеңгі келешегінен үміттендіріп, балаша қуантып тастайтыны да содан.

Әрине, әдебиет арнасына ену де оңай емес. Әдебиет есігі тақылдатып қаққан кісінің бәріне бірдей ашыла бермейді. Әдебиет есігін ашатын кілт — талант. Театрға кіре алмай, есік алдында басы артық билет сұрап жүрген кісідей, дәмесі бар, бірақ дәрмені жоқ селтеңбайлар әдебиет маңында да аз болмайды. Ондайлардың бітірері — шын талант иелеріне жарамсақтанып: "сені анау мақтапты, мынау даттапты" — деп, бірді-бірге соғып, атыстырып қояды. Бұндайлар әдебиеттің алаяғы; дәлірек айтқанда әдебиет маңындағы колорад қоңыздары.

Марк Твен талантсыз кісінің әдебиетке келуін "соқыр өгіздің құдыққа құлауымен бірдей" деген. Сонымен бірге әдебиет ордасына кіру талантқа ғана емес, жас жігіттің адамгершілік қасиетіне де байланысты. Тәуірлеу бірер нәрсені бере салып, әдебиеттен мәңгі орын дәмететіндер де аз емес.

Мұхтар Әуезовтің "Еңлік — Кебек" пьесасында бір қызық көрініс бар. Абызға бата алуға екі батыр барады. Бірі — одыраңдаған қара кеуде Есен, ал екінші әдепті жас батыр Кебек.

Біреуі "мен Есен деген батырмын" деп есіріп келсе, екіншісі "Кебек деген балаңмын " деп, сызылып кеп, өзін жай ғана таныстырады. Абыз Есенді шытынап жаратпай қалса, Кебекке ақ батасын беріп аттандырады.

Бүгін біз әңгіме еткелі отырған — Зейнолла Қабдолов та әдебиетке дәл осы Кебекше, әдеппен келді. Зейнолла әдебиет есігін сарт-сұрт еткізбей, онша сықырлатпай, үлкен әдеппен, ұяң мінезбен, жұмсақ лебізбен ашты. Әкелгені де көлемді емес, кішігірім нәрсе; оның аты да айқай шығарып тұрған жоқ, тек қана "Ұшқын ". Көркем әдебиет баспасы да кітап сыртын көп әшекейлеп жатпай, шағын форматпен кішілеу қызыл кітап етіп шығарыпты. Міне, осы сыпайы жас талант әдебиет сарайына қол қусырып "Ассалаумағалайкум " деп кіріп келсе, онда отырған қарт атасы "төрге шық" демесе де, "лебізің жақсы екен, балам, жоғарырақ отыр" деуі сөзсіз. Қарияның сөзіне риза болғанмен, Зейнолла жоғарыға баспай бейне: "осы да жарайды" деген кісіше, тіпті лайықты орнынан да төменірек отыра кетеді. Оны кейінірек Зейнолланың шығармасын талдағанда көреміз. Тек, осы арада алдын ала айта кетейік дегеніміз осындай кішіпейілдік, келісімді жұмсақтық, жас жазушыға қандай жарасымды!

Зейнолла түңғыш көлемді шығармасының атын "Ұшқын" деп атапты. Біздің, яғни оқушылардың ойынша "Ұшқындар " десе де орынды болар еді — шыны сол. Міне сол ұшқындардан шығармада "өмір " деген үлкен ұғым туады. Ал, ішінде өмір бар кітап — өмірлі кітап.

Іші сұлу романтикаға, өмірдің шындық құбылыстарына толы, Тургеневтің сырлы романдарынан үйренудің нышанын аңғартып отыратын осы кітап, әдебиеттің кеудесіне таққан бір тал гүлдей, өзгеше бір сән беріп, кішкентай да болса өзіне орын тілеп тұрғандай. Зейнолла творчествосының бүгінгі өзгешелігі де, болашағынан үлкен үміт күттіретіні де осы бір өзіндік қасиеті сияқты.

Зейнолла кітабындағы негізгі тақырып — жастар өмірі. Оқушының алдынан студенттер өмірінің көптеген қызғылықты суреттері өтеді. Студент боп көрген адам дәл сол студенттік өмірді өз өмірінің ең бір қызық мезгілі деп есептейді. Ақшаға кедей болғанмен, романтикаға бай бұл мезгіл адам өмірінде өшпес із қалдырады. Жастық, албырттыққа, қиялға толы сол қайғысыз-мұңсыз өмірде жас адам өзінің алдына үлкен нысана қойып, болашағын соның тұрғысынан ойлайды. Бұл дүниеде пікір таластыруға, өмір құбылыстарына үкім айтуға студенттен батыл адам болмайды. Содан келе қиял-арманы көп, бірінің киімін бірі киіп, тапқанын бөліп жеп жүрген өмірде қанша мінез (характер) шыңдалып, қанша ұшқыр қиялдар бір арнада түйісіп, біліммен қаруланып, тұғырынан түлеп ұшуға әзірленіп жатады.

Зейнолла студенттер өмірін даралап жеке алмай, бір жағын әндіріспен байланыстыра алады. Шығармадағы негізгі бір тартыс та университетте өтетін сабақ пен өмірдің алшақтығынан туады. Сол себепті біз де сол өмірге, өндіріс өміріне алдымен автордың көзімен үңілмекпіз.

Алдымызда Ембінің мұнай промыселдері. Ата-бабасынан бері ұрпақ қуып келе жатқан мұнайшыларды тек Ембіден ғана кездестіреміз. Ембідегі жұмыскерлердің бірі — Дәурен. Баласы Тайманға жаңа оқи бастағанда баласының "кім болам?"деген сұрағына, ол "мен бол "деп жауап береді, ал кейінірек студент Тайманға "жоқ сен мен емес, менен гөрі білгіштеу геолог боласың" дейді. Баласының мұнай өндірісінде істегенін жақсы көретін Дәурен "балам мұнай табады, мен қазамын, екеуміз бір жіптің екі ұшын ұстаймыз " деп үміттенеді. Біздің ойымызша Дәурен тұлғасы дара тұрған оқшау тұлға. Біздің әдебиетімізде мұндай әке образы болған емес. Шығармаларда көбірек кездесетін ана мейірімі, ана сезімі бәрімізге мәлім. Ал әке мейірімін мұндай күшті, мұндай табиғи, мұндай таза берген шығарманы мен өзім кездестіре алғаным жоқ. Көбіне көп әке сезімі, әсіресе, ер жеткен ұл баласына қаталдау, анаға қарағанда тас бауырлау болып суреттеледі.

Дәурен болса баласына ғашық мейірленіп, еміреніп балаларының үстіне түсе қалады. Жиырмаға келіп қалған Тайманды "үзілген сымға ұрынып қалады " деп қорқып, құйып тұрған жаңбырдың астыңда бірнеше сағат күтеді, я болмаса қараңғыда үйге қайтқанда шұқырға аяғын тығып алмасын деп, концерт біткенше мәдениет үйінің баспалдағында күтіп отырып, қалғып кетеді. "Қанатымның аяғы тоңбасын " деп Алматыда оқитын Тайманға байпақта сатып алады. Оқуға кетіп бара жатқан Тайманға: "Байқаусызда трамвайға түсіп қалма"деп те сақтандырады. "Қанатым", "құлыным", "шыбыным" деген ең бір мейірімді сөздерді — әке жүрегін жарып шыққан сөздерді қосып айту Дәуренге әдет боп кеткен және әр қайталаған сайын үйреншікті сөздерге жаңадан жан бітіп кетеді. Өйткені, сол сөзді соншалық жылы сезіммен айтады. Мұндай шынайы сезім тек қана көңілі кіршіктей таза адамнан — еңбек адамынан шығады. Мұндай көңіл ешкімге жамандық ойламайды, барлық адамның басы бүтін болсын деп тілейді. Жамандыққа жаны қас. Жанжалшыл, маскүнем Байғуатовты әйеліңнен айрыласың деп қатты жазғыратыны содан. Дәурен кісіге қайырымды бола тұрса да, бір ғажабы, қөрінгенге құшақ жая бермейді. Адам қасиеттерін жақсы айырады. — "Сен, балам, осы Қабен сияқтылармен жұғыс. Әнеугі бір дудар басың маған ұнамады" деп Дәурен Жабасты ұнатпай қалады.

Дәурен еңбек адамы дедік. Оның жұмыс үстіндегі көрінісі тіпті басқа. Отыз жыл бұрғышы болып істеген. Ол іс үстінде мүлдем өзгеріп кетеді екен. Үйде мамықтай жұмсақ мейірімін ғана ұсынатын нәзік жанды әкенің қайраты да, айбаты да осында шығады екен. Бар назары іске — өзінің бір туған егізіндей қимас асылына ауған. "Дәурен басқа дүниенің бәрін ұмытқандай " деп сипаттайды автор.

Зейнолла шығармасында тағы бір тамаша шыққан образ — Қабен. Қабен — қынаптан суырған қылыш сияқты ойы өткір, мінезі тік, тілдіріп түсіп қарап отыратын мейлінше әділ жігіт. Ойына келгенін бетің бар, жүзің бар демей қойып қалады. Біздің бүгінгі өмірімізге де Қабендер керек-ақ Солар неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым талай былықтар ашылып, не талай сал бөкселер, ескінің сілімтіктері әшкерелене түсер еді ғой!

Қабен кітаптан бас көтермей, үнемі оқып жүретін студент. Ол өзінің пікірін философиялық қисындармен дәлелдеп отырады. Оның ойынша, Профессор Мусин — нашар адам, "Профессор болудан гөрі адам болу қиынырақ"деп түйеді Қабен.

Жабасқа жағымпазсың деп, бар мінін бетіне басып, қолын бір-ақ сілтейді, ал Тайманға "көңілшексің... орынсыз ұяңдық жалтақтыққа апаратын жол "дейді.

Мусинді көрінген жерде жамандай беріп қайтесің деген Тайманға Қабен орынды дау айтады. "Мен жамандап отырмын ба? Жамандық туралы айтып отырған жоқпын ба? Оның несі бар? Есіңде болсын: жамандау мен жамандық — екі түрлі ұғым. Жамандау — иттік! Мен оған бармаймын. Жамандық — бәле! Бәлеге қарсы тұрмасақ, қандай қатеге ұрынатынымызды білесің бе?"

Дәуреннің кіші баласының туған күніне арналған мәжіліс үстінде Қабен қазақ арасында бел алып кеткен екі нәрсені сөз етеді. Қазақ елін қашаннан жегідей жеп келе жатқан ру таласының сарқыншағы әлі де бар. Руға тарту, жерлестікке іш бүру деген елдің шырқын бұзатын сұрқиялық. Осы кеште Қабен ру жөнінде орынсыз әңгіме көтергені үшін Наушаны, оған немқұрайды қараған Тайманды қоса ұялтып, екеуінің айыбын бетіне басады. Арақ деген тағы бір бәле бар. Шіркін адамшылық деген қандай сүйкімді, қандай биік зат! Міне, ішіп алған адамда осы қасиеттің жұрнағы да қалмайды. Кейде өзіңнің бір жақсы көретін адамың бірер сағаттың ішінде өзіңнің көз алдыңда кәдімгі шошқа болып шыға келеді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, айтпаған сөзі, былғамаған жері қалмайды, біреуге тілі, біреуге қолы тиіп, жұрттың қуанышын уайыммен улап, қызығының шырқын бұзады. Ал, Қабен осы кесепатқа — арақ атаулыға қарсы. Аздап арақ ішіп, бурылданып алған Наушаның ол екі аяғын бір етікке тығып, жұрт алдында бетінен отын шығарады.

Қабен: "біздің піріміз — коллектив. Осыдан басқа құдірет жоқ бізде "дейді. Коллективтен қол үзген жан оған адам сияқты көрінбейді. Жеке бастың қамын жеп, сыртын жылтыратып, бойын сылап, көзге түсуге, көңіл тартуға құмар, бойындағы асылын арзанға сатып басын кемітіп, бағын байлап жүрген Зәуре деген қыздың комсомол жиналысында айыбын бетіне басатын да осы Қабен. Асылы, Қабен түп негізінде қатал емес, жүрегінің түкпірінде адамға деген үлкен махаббат ұялап жатқан жан. Дәуреннің адал еңбегіне, әкелік шынайы сезіміне жан-жүйесі босап кетіп, оны өз әкесіндей көріп жылайды. Сол Қабен Профессор Сапаровтың ақылдылығына сүйсінеді. Дәуренді, Сашаны, Алмасты, тіпті Арынғазыны да сынай жүріп, жақсы көре, жақын тарта біледі. Қабен образын сөз қылғанда екі нәрсені ескерген жөн. Бізге Қабендер керек екені сөзсіз. Бірақ Қабен болам деп, орынды-орынсыз жерде де көрінген кісіні беттен алып жатсақ, мұнда тұрған не жақсылық бар. Қабеннің тік мінезіне — ақылдылығымен білімділігі сай келіп жатады. Қылышты қынаптан күшіңе сеніп суырмасаң, кейін оны орнына да сала алмайсың ғой.

Шығарманың негізгі геройы — Тайман. Еңбек ұясында қанаттанған, ақылды жастың бойында әлі аңқаулығы қала қоймаған, өмір тәжірибесі аз, іс-әрекетінде, ой-парасатыңда олақтық көп. Бірақ оның бойында бір үлкен қасиет бар, ол дүниеге ынтыға қарайды: әрбір өмір көрінісіне өзінше пікір айтып, өзінше топшылау жасап отырады. Ембіге практикаға барған жолы Профессор Мусиннің берген сабағы мен өндіріс өмірінің арасында шалғайлық барын сезеді. Университеттің үшінші курсында оқып жүрген Тайманды бір жолы өндірісте істеп, жоғары оқу орнына енді барам деп жүрген Нағима сүріндіріп кетеді. Дәл осы көрініс жақын арада Орталық Партия Комитетінің пленумы қабылдаған мектепті өмірге жақындату туралы баяндама тезистеріне іштей астарласып жатады. Тайман өзін келешек өмірге даярлап, оқып, ізденіп жүрген жас; сабақтан гөрі өндіріс тәжірибесінің ілгері кетуі оны қатты ойландырып тастайды. Ол осыдан кейін практиканың қалай өткені жайында оқымыстылар арасында жасаған баяндамасында жоғарыдағы қынжыларлық жағдайды баса айтады. Осы тұста Тайман "біз білетін бұрынғы жібек мінезді биязы жігіт емес, пікір иесі, ой иесі, айтқан сөзіне жауап бере аларлық халге жеткен жігіт. Оның айтып тұрғаны жаттанды сөздер емес, білімнен алған, өмірден тапқан олжасы.

Тайман мен Нәдияның махаббаты бұл кітаптағы бір өзек. Осы екі жастың махаббаты соншалықты нәзік, соншалықты терең, жылы. Махаббаттың өзіне тән үні, өзіне лайықты тілі, өзіне ғана табиғи заңы болмақ. Жүрегі таза, тілегі ақ жандардың ғана махаббаты басқалардан бойы асып, биікке көтеріліп тұрады, тұңғиық тереңдігімен өз бойын шаң-тозаңнан аман сақтап, тазалығынан, кінәсіз пәктігінен бір танбайды. Дәйексіз сырғанақ махаббат тек жаны жалған сұрқия адамдарда ғана болмақ. Олардың сезімі де жылтыратып майлаған беттей, бір күнге жетпейтін, бір жуынғаннан қалмайтын кемді-күнгі жасанды, жалған болмақ. Мұндай "махаббат " иелерінің сезімі жүген-құрықсыз, басының ауған жағына кете береді. Бір есептен өздері бұралқы ит құсап, әр әйелдің етегінен бір ұстап кете беретін баянсыз қаңғыбас. Ант жоқ, иман жоқ. Олар бүгін сүйіспеншілігін айтып, аяғына бас ұрып антын беріп жатса, күні ертең алыстан ойқастап, бойын аулақ салып жүре береді. Біздің жастар осындай арамзалардан аулақ болу керек.

Ал, Тайман мен Нәдияның махаббаты жастарға өнеге боларлық адал, кіршіксіз таза, сезімге толы махаббат. Мұндай махаббатты қандай дауыл да бұза алмайды.

Пушкин, Тургенев, Горький, Шолохов жазған алуан түрлі махаббаттарда адамға тән күшті сезімдер өзінің табиғи жолымен берілмей ме? Қанша өр кеуделер, асқақ ойлар, махаббат алдында тізе бүгіп бас имей ме? Соның барлығын былай жиып тастап, бір көргеннен-ақ "мен сүйемін", "мен тиемінге " тура бассақ, мұнда қандай жарастық болмақ? Адамның бар өмірін кітап бойымен өлшеп отыра алмайтыны анық. Сонымен бірге үйіңнің бір бұрышынан өмір сәулесін төгіп тұрған кітапқа немқұрайды қарау тағы орынсыз. Сонымен, "тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне" келсек: Зейнолла кітабындағы Тайман мен Нәдияның махаббаты жастарды бір-біріне шынайы адалдыққа баулып, ойланып әмір сүруге үйрететін махаббат. Ал, Жабас пен Зәуренің қарым-қатынастарында махаббаттың иісі де жоқ, бұл екеуі бірінің қажетін бірінен тапқан, бірі берермен, екіншісі алаяқ аларман. Олардың ойындағы арманы — нәпсі құлқыны.

Автор Нәдияны былай таныстырады: "...Ернінен ешкім сүймеген осы бір күнәдан пәк жас қыздың тұңғыш ғашығы біреу-ақ: ол — өмір!" Сол қызды өмірге ғашық еткен еңбекке құштарлық. Міне осындай жанның жүрегінде оянған махаббат кіршіксіз: "Нәдия тыныштықтан айрылды, ойында Тайман ғана жүрді: сол жігітті сағына ма, ойша іздей ме, әйтеуір әлденеге алаң еді "деп автор тыныштығынан айрылған көңілдің лебін береді. Нәзік романтикаға құрылған екі жастың махаббаты кітаптың бір ұтымды қасиеті.

Кітапта әрқилы көріністер бар. Соның бәрінен студенттер образын табасыз. Олар — Саша, Айбар, Алмас, Арынғазы, Нағима.

Жағымсыз студенттер образынан есте қалатыңдар Жабас пен Зәуре. Бұл екеуінің басын қосатын бір нәрсе — олардың жеке бастың қамына бой ұрушылығы. Жағымпаздық, көрсеқызарлық мұндайлардың дағдысына айналған мүддесі де, құралы да.

Суда жүретін шаян деген мақұлық бар. Оның бір өзгешелігі — су ішінде артымен жүреді. Түсі де жиіркенішті, сұрғылт. Егер сол шаянды пісірсеңіз, сырты қып-қызыл болып шығады. Өмірде де осы шаян түстес адамдар болады. Біріншіден, олар ілгері ұмтылып, алдына қарай жүрудің орнына шегіншектеп, артымен жүреді. Екіншіден бара-бара олардың бойындағы адамшылық қасиеті өліп, сырт көрінісі ғана түлеп, жұртты сыртымен алдап тұрады, ішінің жалаңқай, сырдаңдығын, өзінің сыртқы жылтырақтарымен бүркеуге тырысады. "Ойнақы Зәуре " "сұмқай Жабас" деген қарғыс таңбалар міне осы піскен шаян құсаған адамдарда болады.

Кітаптағы ұнамсыз образдың тұлғалысы — Профессор Мусин. Бұл — өмірдің өгей баласы, бір жағынан тот басқан ескі бұйым тәрізді, тозығы жеткен адам. Осыдан 17 жыл бұрын қағазға түсірген лекциясын жаттап алып, құран сүресін оқыған көрі молдалардай бір мақаммен суылдатып соға береді. Баяғыда бір ұстап қалған қисыны бар, соның шындығына өзін-өзі иландырып алған, оны өзгерткісі де, жаңартқысы да келмейді. Өндірісте болып жатқан жаңалықтарды білмейді, біле қалса да көзі атыздай боп үрке қарайды. Сол себепті мұнай өндірісіне барған студенттер Мусиннің лекциясы мен өндіріс практикасының арасы жылма-жыл жырақтап бара жатқанын көреді. Келешекке кемел оймен қараған студенттер оқуға қайтқанда осы көргендерін тайсалмай, тура айтады. Қателігін қаттырақ басып айтқан декан Армановтың үстінен Мусин жамандап арыз жазады да, студенттерден кегін экзамен кезінде алады. Мусиннің осындай қылықтарының негізгі себебі "Мусин байланған, маталған қазық — догма" дейді автор. Мусиннің бойында адамға тән осалдық аз емес.

Профессор Мусинге қарама-қарсы тұрған образ — Профессор Сапаров. Бұл кісінің студенттермен әңгімелескенінен, партия ұйымының жұмысын жургізгенінен терең білім иесі екені аңғарылады, адамгершілігі мен мол қабілетін де көріп отырасыз. Цитатаға әуестік, жаттандылық Сапаровқа жат; студенттермен сөйлескенде ол "осындағы бірқатар студенттерден анық мақсат аңғара алмай ыза боламын. Кейбіреулер тек диплом алсам болды деп ойлайды " деп қынжылады. Дұрыс мақсат керектігін айтып, алға ұмтылуды талап етеді. Сапаров геологтарды — дала шежіресі дейді. Ұлы геологтардың өмірінен көптеген қызғылықты нақыл әңгімелер айтады. Сапаров адам осалдықтарына кеңірек қарап, тәрбие керектігін баса айтады.

"...Адам туғаннан өлгенге дейін тәрбиеленеді. Өзі біреуді тәрбиелеуі мүмкін, аңғарсаңыз, оның сонысы алдымен өзін тәрбиелегені" дейді Сапаров. Зейнолла шығармасының тағы бір құнды жері — бүгінгі өмірдің әлеуметтік маңызы бар үлкен мәселесін көтеруі. Еліміздің жоғары оқу орындары оқушы жастардан не тілейтінін, қайткенде олар өмір тілегіне сай болатынын баяндайды. Мұның бәрі жас жазушының қырағы көзі дұрыс шалған келелі мәселелер.

Жас жазушының бірінші шығармасында кемшіліктер де жоқ емес. Негізгі бір кемшілік — автордың шығармасына арқау етіп алған тартысы. Өмір мен оқудың арасындағы тартыс, сайып келгенде, студенттердің сынынан асып бармайды. Оқытушылардың өз арасында осы қайшылық төңірегінде күрес болып жатпайды. Жаңалық, пен ескіліктің арасындағы жанталасқан күресті автор тежеп қалып, әлсізді күштіге жеңдіріп отырмайды. Кейде батылдықты аянышқа жеңгізіп жібереді. Автор Профессор Мусинді, ақырында, ауыртып аяушылыққа шақырады. Сол ауру одан ауырырақ та зияндырақ кеселді тасалап қалатын сияқты. Біздіңше Мусинді дәл осы қоғамға зиянды аурудан жазып алып, басқа ауруларына аяушылық жасағанымыз орынды болмас па еді? Әрине Мусин сияқтылардың ауруынан тез айығуы қиын. Оған шығарманың өн бойындағы автор үйіп-төгіп берген жексұрын қылықтары кепіл.

Тартыс желісін әлде де шиеленістіре түскенде шығарма көп ұтар еді. Тағы бір айтар пікір — ұнамсыз кейіпкерлердің тұлғасын жасағанда автор қара бояуды қалыңдатыңқырап жібереді. Мәселен, Жабасты таныстырғанда автор "кокетка-қыздар идеал тұтар-ақ мүсін" деп алдын-ала түстеп таңбалап болашақ оқиғаның кілтін оқушыға ұстата салады.

Гогольдің "Өлі жандары" тегісімен мысқылға (сатираға) құрылған және Собакевичтің ісін де, ісін де, жүріс-тұрысын да оның сыртқы пішініне сәйкестеп береді. Әдебиетте жексұрындықты сырт пішіннен іздеу сияқты штамп бар. Образды жиіркенішті ету үшін оның о жер, бұ жеріне батпақ жаға салады. Бұл дұрыс емес. Адамның сырт кескіні көп алдайды. Жазушы "адам жанының инженері" екенін ұмытпау керек. Жазушыға ең қиын нәрсе адамды білу. Аянбай ақтарылдым деген адамның да өзіндік бірдемелері бұғып қалып қойып жатады. Налим деген бір үсті-басы желімдей балық болады. Оны қолмен ұстау қиын, уысыңнан жылпылдап шығып кете береді. Сұмпайы, жаман адамдарда да осы қасиет мол. Ал біз Жабастарды оп-оңай-ақ ұстап ала береміз. Асылы, Зейнолланың келесі шығармаларында осы жағын аса қатты ойланғаны жөн.

Кітаптың тілі бай, нақышты, шебер тіл, шығарманың желісіне тән тілінде де әсемдік, бір түрлі жұмсақтық бар. Кей жерде кездесетін өндірістік терминдер болмаса, кедір-бұдырлық кездеспейді.

Зейнолла өзінің шағын кітабының бойына бергені мен соңыра берер дүниелерін де сыйғызып, соларға қоятын қатты тілегін де өзі айтады. Оны кітаптың соңында Сашаға айтқызады:

"Алғашқы адымың ғой, бұл жолы бірнеше адамды, сол арқылы өмірдің ұшқынын көрсете алсаң жарар. Ал, есіңде болсын, екінші шығармаңнан өмірдің отын да, жалынын да түгел талап етеміз".

Осы жақсы тілекті қостай келіп, айтарымыз: кітаптың басында көрінген үлкен өндіріс өмірі Зейнолланың келесі шығармасына өзек болар деген үміт білдіреміз. Ембі мұнайшыларының бүгінгі қаһармандық өмірін көрсету жазушының жұртшылық алдындағы үлкен бір борышы сияқты. Біз соны асыға күтеміз.

ІЛИЯС ОМАРОВ, 1958


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама