Жұмыр жердегі жұмақ
Ауыл — әр қазақтың кіндігінен байланған түп қазығы. Ауыл десе әлі күнге артымызға алаңдап, алыста қалған балалық шаққа аңсарымыз ауып тұрады.
Сыр өңірінің шілдесі ши өртейтін аптап ыстық, қаңтары қарыстан қалың мұз қатырып, қабаныңды да қалтырататын климаты қолайсыз аймақ. Әсірелеп айтқанда: «Ит байласа тұрғысыз жер». Бірақ, бұл сөзді тек басқа өңірден қонақ болып келгендер ғана айтады. Ал, біз үшін бұл аймақ, жер бетіндегі ең жұмақ өлке, тартылыс күшінің ең жоғарғы өрісті нүктесі. Кіндік қанымыз тамған туған жеріміз. Сол топыраққа кіндігіңнен байланып, сол өлкені өлгеніңше айналып кете алмайтының да сондықтан. Демек, туған жердің тартылыс күші, Ньютон шалдың баласы ашқан жер шарының тартылыс күшінен де мың есе қуатты. Туған жердің тартылыс күшін жеңіп, басқа өлкеге сіңісіп кетуің әсте мүмкін емес. Сан түрлі тіршіліктің салдарымен немесе басқа түскен тағдырыңның тәлкегімен өзге өңірге қоныс аударған күннің өзінде сенің қаныңда атамекеніңе деген аңқаңды кептірген аңсар мен сарғайған сағыныштан туған қасиетті сезім тулап ағып жатады. Әгарәки сол ұлы сезімді бойынан жоғалтқан адам, өз болмысынан түп-тамырымен мүлдем ажырап, әлгі айтқан туған топырағының тартылыс күшін жеңіп шығып, «ауасыз кеңістікте» тұншығып ғұмыр кешеді. Өйткені ана құрсағынан шыр етіп түскен шақалақ кезіңнен әкеңнің қаны, анаңның сүтінен кейінгі денеңе даритын қасиет — өзің туған өлкенің тыныстайтын ауасы. Ендеше, әрбір адамның өзінің болмысымен бірігіп кеткен кіндік мекенінен тәні де, жаны да бір сәтке де ажырамайтыны сондықтан екен.
Өңіріміздің бас шаһарының етегін ала баяу ағып жатқан Сырдария өзені бұраң қағып жолай біршама елді мекендердің үстімен жылжып отырып, Жалағашқа жетеді. Одан әрі кішігірім кентті орала айналып, айдынды Аралға асығыс ағып кете барады. Сыр ананың бір бүйірін еміп жатқан Жалағаштың жергілікті халқы, арнасына сіресе қатқан қыстайғы қалың мұздың көктем шыға көбесі сөгіле бастағаннан кенеттен оқыс мінез танытып, жағасындағы жұртты бір қорқытып алатын осы мінезді өзеннің шығысын жайлаған елді — «жоғарғы ауыл», ал батысында қоныстанған елді — «төменгі ауыл» деп атап кеткен. Біздің ауыл осы Сыр өзенінің батыс жағындағы төменгі ауылға жатады. Алайда, жағасын жайлап, сағасынан су ішіп отырған жоқ. Дариядан сексен шақырым алшақ жатыр. Біздің ауылдың балалары өзен дегенге шомылу былай тұрсын, атын естігендері болмаса, көзбен көрмеген. Мен шыр етіп дүниеге келген бұл киелі мекен Қызылқұмның етегіндегі топырағына құт дарыған, берекелі бесік — Аққыр. Негізінде ауылымыздың географиялық картаға түскен аймақтық атауы Көкшоқы. Бірақ ауылымыз осы Көкшоқының күнбатысына қарай жүз елу шақырым қашықтықта жатқан қырдағы Қармақшы жеріне қарасты жергілікті тұрғындар «Аққыртау» атап кеткен қыратты биік төбенің атын иеленген.
Біздің ауылдың балалары суға шомылып көрмеген дегенге, Аққырды құм құрсауындағы ел екен деп ойлап қалмаңыз. Құм ішінде жатса да бұл ауылдың айналасынан жағасындағы жыңғылын жел сыңсытқан кішігірім өзектер ағып өтеді. Оған ауылға аяқсу әкелетін кең арналы жармаларды қосыңыз. Міне, кішкентай күнінен осы лайланған ағын суға балықша шомылып үйренген қарадомалақтар жүзу жарысы бола қалса дария тұрмақ, теңіз жағасында туған балаларыңның өзін жолда қалдырады. Қызылқұм қойнауындағы Аққырды көрмегендердің көз алдына бұйрат құмды жал-жал төбелер мен сидиған сексеуілдердің арасына орналасқан сүреңсіз шағын ауыл елестеуі мүмкін. Бірақ олай ойлаған адам қатты қателеседі. Іргесінен «Майлыөзек» ағып жатқан Аққырдың келбеті, кентке жақын көп ауылдардың қасында көрікті қыздай көзге айырықша түседі. Көктем шыға тіпті жасанып, құлпырып кетеді. Ауылымыз қоныс тепкен жердің топырағы ақ борық. Сондықтан да ел аузында «Борықтыбас» атаннып кеткен бұл жер бір кездері шағаласы шулаған, шөбі шүйгін, бабаларымыздың мыңғырған малының басын еселеген үлкен көлдің орны болған деседі. Әңгіменің басында айтылған шоқ жыңғылды биік төбе — Көкшоқы осы көлдің ортасындағы жалғыз арал болыпты. Тіпті ертеректе осы шоқы етегіндегі қопа қамыстың арасында тарғыл жонды жолбарыстар мекен еткен деген де аңыздар аракідік айтылып қалады. Ауыл маңындағы төбелерден қаулап көк көтеріліп, жабайы көк жуа мен көсіктер қазуға келіп қалған мамыр айында қорадағы қозы-лақты көкке жайып, құм арасының қызығын тамашалайтын уақытты ауыл балалары асыға күтетін. Осы мамыражай мезгіл келіп, өріске жарамай қорада қалған көтерем малдар мен жас отыққан қозы-лағымызды таң азаннан айдап шығып, күн қызатын сәскеге таяу осы төбенің басына әкеп иіретінбіз. Шыбындаған қозы-лақ саялы дарақ жыңғылдардың көлеңкесіне шаңқай түсте кіргеннен тыпыр етпестен күн қызуы қайтқанша жатып, біздің армансыз «соғыс» ойынын ойнауымызға мүмкіндік туғызатын. Сол кезде қалың арасына жасырынып, қолындағы ағаш мылтығымен қарсыласын қалт жібермей аңдып жатқан әр баланың санасында ақсақалдардан естіген әлгі жолбарыс жайындағы аңыздар қылаң беретін. Тіпті «жаумен» аңдысып, деміңді ішіңе алып жатқан нақ сол сәтте ту сыртыңнан азу тістерін ақситып, тарғыл мысық тап беретіндей қорқып жататынбыз. Тарғыл терілі түз тағысының аңыздары сол кездегі біздің сәби санамызға тек қорқыныш ұялатып қана қоймай, кеудемізден кейде мақтаныш сезімін де оятатын. Ертегілерден естіп, кітаптардан ғана көргеніміз болмаса бұл аймақ түгілі, қазақ даласының қай өңірінен де кездеспейтін айбарлы аңның бір кездері ауылымыздың айналасын емін-еркін жайлағаны ауылдағы ойын балаларының айбынын асырып тұрушы еді.
Тау көрмеген біз секілді дала баласына сол кезде әлемдегі ең биік жер осы Көкшоқы төбесі секілді болып көрінетін. Шоқының басына шығып қарағанда ауыл ішінің күндізгі қайнаған қызу тіршілігі көз алдыңда көлбеп жатады. Алпысыншы жылдың ортасында мал шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған бұл ауылдың ажарын ашып, көркін кіргізіп, талайға таңдай қақтырып келе жатқан сұлулығының сыры — көшелерін көмкеріп тұрған тал-теректері. Егер бұрын көрмеген адам біздің ауылға ат басын бұрар болса, жайдақ жолмен бір жарым сағат жүріп, жүйкесі енді сыр бере бастағанда кенет сап-сары сағым теңізінің арасынан солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған көкпеңбек «аралды» көзі шалады. Жолаушының алыстан көзін қызықтырып, көңілін ынтықтыра түсетін «аралдың» жақындаған сайын көлемі жайыла түседі. Біздің ауылдың үйлерінің барлығы да шатырлы әрі тәртіпке бағынған солдаттай болып көше бойына оқтай түзу түскен. Сондықтан да сырттан келе жатқан жолаушының көзіне шашау жатқан артық нысан шалынбай, тек ертегідегі ғажайып патшалықты еске салатын әлгі тұтасқан «жасыл әлем» ғана әсемдігімен алға ұмсындыра түседі.
Аудан орталығынан қатынайтын жолаушылар автобусы, жолай үш ауылдың үстімен күркілдеп отырып, жолдың ақ шаңын аспанға көтеріп, ауылымызға әрең жетеді. Аузы-мұрнынан шыққан халық, ауылға кіре берістегі аялдамадан ағылып түсіп жатады, түсіп жатады. Автобустың сыртқы пішінін көріп тұрған кісі болса, мына адамдардың барлығы сол кішкентай қораптың ішінен түсіп жатқанына өзін сендіре алмас еді. Қанша жолаушы түссе, сонша жолаушыны алып, күркілдек автобус кері қайтады. Біздің ауылға келетін автобустар кішкентай болғанымен, шопырлардың көңілдері кең болатын. Уақытынан кешігіп қалсаң қалып қоюың мүмкін, бірақ, симай қалмайсың. Артық адамдарды қалдырып кетпейді. Өйткені біздің ауылдан кейін елді мекен жоқ. Сондықтанда сексен шақырым жердегі аудан орталығына, екі жүз шақырым жердегі Қызылорда қаласына баруы үшін, күні бұрын тас түйін дайындалған ауылдастар бірін-бірі тастамайды. Біз, балалар топтанып жолаушыларды күтіп алып, шығарып салушымыз. «Бәтеңке» автобус аялдамадан шығып, көзімізден таса болғанша қарап тұрамыз...
Ауылдың шығысында бір кездегі совхоздың үлкен алма бағы болатын. Кейіннен қараусыз қалған бақтың ағаштары қурап, жемістері жабайыланып кетті. Осы бақтың артымен ауылға аяқсу келеді. Шілденің шіліңгір аптабынан қорыққан әке-шешелеріміз «күн тиеді» деп қамап тастаған қараңғы бөлмеден қашып шығамыз. Ондағы бірінші жұмысымыз суға шомылу болса, екінші жоспарымыз қырғыз Арын қарауылдайтын алма бақтан көк алма жеп, «көгімізді» алу. Жарма басында суға шомылатын екі жағажай бар. Оны өз тілімізде «үлкен балалар түсетін жер» және «кішкентай балалар түсетін жер» деп атап кеткенбіз. Жармаға баратын ең төте жол алма бақтың шеңгел қоршауының сыртын іргелете түскен жалғыз аяқ тар соқпақ. Бұл жолмен барарда жүруге болмайды. Қарауылдың көзіне түсіп қалсаң, екінші жоспарымыздың орындалмай қалуы бек мүмкін. Сондықтан да біз алыс та болса ауыл сыртындағы тас жолмен айналып барамыз. Бұл жолмен жүрудің біз үшін тағы бір қиындығы бар. Қиындық та емес, жарма басын жағалап жүру майда балалар үшін өте «қауіпті». Олай дейтінім, мана айтқан кішкене балалар шомылатын жерге жету үшін, ересек балалар түсетін жағажайдың үстімен өтуіміз керек. Міне, жарманы жағалап келе жатқанымызда су ішінде айналасын шуға бөлеп, бірі-бірін қуалап жүрген ересек балалар бізді көргенде көздері күлімдеп, жағаға жақындай бастайды. Сөйтіп жалаңаш батырлар бізге тап береді. Ересек баланың аты — ересек бала. Қашқанымызбен құтылмайтынымызды біліп, ойбай салып жерге жата кетеміз. Қолдарына түскен бізді әлгілердің бірі екі қолымыздан, енді бірі екі аяғымыздан кере ұстап, ырғап-ырғап жағадағы биік жарқабақтан суға атып кеп жібереді. Терең суға түспек түгілі, жанынан жүруге қорқатын біз бейбақ қолымызбен ауаны қармап, бір батып, бір шығып бақыруды ғана білеміз. Қақалып-шашалып енді өлдім-ау дегенде, жағадағы тамашалап тұрған қалың «көрерменнің» бірі су жиегіне алып шығып, қорыққаннан боп-боз болып кеткен түрімізге көздерінен жас аққанша күледі. «Мысықтың ойыны — тышқанды өлтіреді» деген осы. Ересектердің емтиханынан өткеннен кейінгі бағытымыз — өзіміздің жағажай. Белуарымыздан келетін лайланған таяз суды армансыз шолпылдатып болған соң асығыс киіне бастаймыз. Бет-ауызымыз қотыр тиген қойдай алағаттанып, көзіміз қызарып, қызықтарымыз басылған әрбіріміздің есімізге бұл сәтте шешелеріміздің алдымыздан дайындап отырған «сыбағасы» түсіп, көңіл-күйіміз бұзыла бастайды. Сонда да болса екінші жоспарымызды да естен шығармай, жүзеге асырудың жолдарын ойластыра бастаймыз. Батылы бармаған балаларды үгіттеп, мақтаншақтау біреуіміз қой бастаған серкедей топты бастап, қалың шеңгелдің арасындағы жалғыз аяқ соқпаққа түсеміз. Сәлден соң қорқынышын қызығушылығы жеңген өзгелеріміз де әлгі «батырдың» соңынан іркес-тіркес ілесеміз. Жаз шыққаннан біз аяқ киім дегенді ұмытып, жаңа оқу жылы басталғанда әке-шешеміз сатып әперген жаңа топылиды жатырқап әрең киеміз. Сол келе жатқан балалардың ешбірінің аяғында аяқ киім жоқ. Шеңгел тоғайды қақ жара түскен сиыр сүрлеуіне симай текіректеп, біріміздің артымыздан біріміз тізбектеліп зорға жүреміз. Қылкөпірде келе жатқандай қалтырауымыздың да өз себебі бар. Ирелеңдеген сүрлеудің екі қапталынан жалаңаяқтылардың жанын алардай болып бір түбінің өзінің бойынан мың сан ине-тікендері тікрейіп қалың жантақ өседі. Сонымен, бақтың артқы жағындағы шеңгел қоршаудың осалдау тұсынан жасқаншақтап кіреміз. Одан кейін не істеу керектігі жайында ойланып тұратын уақыт жоқ, қаурыт қимылмен талдың бұтағын иіп көк алманы қарш еткізіп бір тістеп дәмін көріп, содан соң үстіміздегі жейдеміздің етегін дамбалға салып, көк түйнекті ышқырлығымыз көтергенше ішімізге тоғыта бастаймыз. Осы сәтте қарауылдың «өй, енеңді...» деген қарлығыңқы даусы дәл жанымыздан естілгенде, тұла бойымыз тоқ соққандай қалтырап коя береді. Арын шалдың өзі көрінбесе де, бізге осы айқайдың өзі жеткілікті. «Олжамызды» екі қолымызбен қапсыра ұстап, кірерде жалғыз аяқ соқпақта тізбектеліп, аяғымызды жантақ тікенінен жасқана басып әрең келген біз, қауіп төнгенде қалың шеңгелдің арасын жалаң аяғымызбен жанұшыра жарып өтіп, бет-бетімізге қашамыз. Ұзап кеткенше артымыздан Арын шалдың бүкіл зәузатымыздан бермен қарай боқтаған қырылдақ даусы естіліп жатады. Ертесіне шешеміздің алдында жаралы жауынгердей ыңырсып, табанымызға кірген шеңгелдің сояулары мен жантақтың шүпірлеген майда тікендерін жұлғызып отырғанда, бұдан былай суға шомылуға бармауға ішіңнен өз-өзіңе мың мәрте ант беріп, алма бақты желкемнің шұқыры көрсін деп қарғанып отырасың. Бірақ, көп өтпей-ақ суға түсуге бара жатқан жалаңаяқтардың соңынан қалай ілесіп кеткеніңді өзің де байқамай қаласың...
Ауылымыздың айналасы тарихи көне ескерткіштерге бай. «Сарман батыр» мен «Қатын тамы» кесенелері, «Қатын қала», «Қожанияз бек қорғаны» секілді кешегі күннің тарихын жадына жазып алып қалып, бүгінгі күнге жаңғыртып жеткізген жәдігерлер бар. Бұдан да басқа әлі құпиясы толық ашылмаған мәдени ескерткіштер де жетерлік. Әсерлеп айтқанда, жусан иісі аңқыған біздің ауылдың айналасын ашық аспан астындағы мұражай десе болады. Біздің ауылдың балалары күмбезінен көне күндердің күйі күмбірлеп тұрған сол ескерткіштердің тарихын кенен кеуде ақсақалдардан естіп өскен. Сондықтан да олар бас қосылған жерде өздерінің құлақтарында қалған нұсқалары бойынша аңыз әңгімелердің арнасын ағытқанда, нақ бір сол оқиғалардың арасында өзі де болып, көзбен көргендей айналасындағы ашықауыздарды айрандай ұйытып тастаушы еді. Тарих жайындағы талас тереңдей түскенде, арамыздағы кейбір сотқар балалар бірінің тұспалын бірі теріске шығарып, талас аяғын төбелеске ұластырып жіберетін кездері де болады. Қызыл кеңірдек болып қырқысып жатқан осы балаларға сол сәтте тарих ғылымының түбін қопарып, түбірін түгендеп жүрген ғалымдарыңның өзі де тоқтау айта алмас еді. Бірақ, сол таласта қиыннан қиыстырған уәжімен, өзеуреген өзге балаларды тосылдырып, өтірікке ептілеу біреуі жеңіп шығушы еді.
Көктем шыға ауыл адамдарының көбі, ауылға аяқ су кіргізетін үлкен жарманы жағалай бақша салады. Ауылдың іргесінде болған соң бұл бақшалықтарды иелері буылған жыңғылмен айналдыра қоршайды. Әйтпесе өріске шықпай, ауыл маңында жайылатын малдар, диқандар еңбегін бір сәтте еш етуі мүмкін. Алайда, бақша иелеріне төртаяқтылардан, «екіаяқтылар» қауіптілеу болатын. Сондықтан да олар бақшаларының бір бұрышынан көлеңкелі шайла жасап, әңгелектің иісі аңқығаннан-ақ күндіз-түні күзетті күшейтеді. Бірақ, қанша қырағылық танытып, қарауылдадым дегенмен таңертең ертемен бақша иесінің әлдебіреулерді жеті атасынан бермен қарай сыбап, пәлек арасынан жұлынған көктүйнектерді теріп жүргенін көргенде жаның ашиды. Кешіріңіздер, «жаның ашиды» деген сөзді мен қазір айтып отырмын. Ал, ол кезде олай болмайды. Бақшашы қарттың күңкіліне күліп жүресің не болмаса күдіктендіріп аламын ба деп қорқып жүресің. Әрине, біздің ол әрекетіміз әділетсіздік болатын. Тіпті адамгершілікке үш емес, алты рет қайнатса да сорпасы қосылмайтын нағыз айуандық еді. Бірақ ол кезде біздің бала санамыз «әділет», «адамгершілік» деген ұғымдарды әлі қабылдай қоймаған кезі болса керек, әйтеуір сол істеген ісімізге онша өкіне қоймаушы едік. Біздің көшенің басында жер емген еңбекқор қарт тұратын. Біз, балалар көктем жақындағанын осы қарияның кетпенін алып, есекпен ауыл сыртына тепеңдеп бара жатқанынан білетінбіз. Ауыл адамдары арасында «Байнияз қауын» аталып кеткен дәмі тіл үйіретін тегештей сарыала қауынның осы кісінің атымен аталуы да жайдан жай емес. Біреуінің өзі бір үйлі жанға ықылық аттыратын осы сарыаланың тұқымын диқан қарт сырттан әкеліп еккен көрінеді. Сол шырын қауынның дәмін Байнияз ақсақалдың жанұясы бүкіл елден бұрын татады. Сондықтан да біз көбіне осы қарттың бақшасын төңіректейтінбіз. Шақырылмаған «қонақтардың» келерін күні бұрын білетін диқан бақшасының қоршауын биіктетіп, жыңғыл бумалардың арасынан адам өтпек түгілі, тышқан жорғаламайтындай етіп бекітеді. Бірақ, өткен жазда тәтті қауынның дәмін алған балаларға бұл тас қамал қоршау да кедергі бола алмайды...
Ауылымыздың орталығында ғимараты зәулім де, сәулетті клуб үйі болатын. Бұл еңселі мәдениет ошағы ауылдағы бойында таланты бар талай баланы тәрбиелеп шығарды. Ертеректе көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс жасап, ауыл жастарынан құрылған оркестрдің атағы аймаққа жайылған. Сенбі сайын ұйымдастырылатын «Би кешіне» біз секілді танауы кеппегендерді кіргізбейді. Тек, ересек балалардың жын буған бақсыдай жын ойнақ әуеннің ырғағымен қызылды-жасылды жарықтардың арасында еденнің шаңын аспанға көтеріп «зікір» салып жатқанын терезеден сығалап қана тамашалайтынбыз.
Апта ішінде қойылатын кинолардан бізге рұқсат етілетіні тек сәрсенбі күнгі балалар фильмі ғана. Оның өзі жазғы уақытта күн қызуы енді қайтқан сағат 5-тер шамасында басталады. Сонымен бірге айына бір-екі мәрте ауылдың еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін клуб үйіне ағылатын кезі болады. Бұл ауылға үнді фильмі келіп, шал-кемпір келін-кепшік, бала-шағаның мәре-сәре болатын мерекелі күні. Осы күні ата-анаңмен немесе үйдегі аға-апаларыңмен еріп барсаң, оң қолдарына қызыл шүберек байлаған кезекші мұғалімдер біз секілді майда балаларға да мейірімділік танытып, ішке кіргізіп жіберуші еді. Бұл күннің ауыл халқы үшін мерекелі күн болуының да себебі бар. Бір ауылда тұрып, бірі-бірін айлап көрмеген, тіпті таң азаннан кешке дейін күйбең тіршіліктің қамымен қолдары босамай, бірі-бірінің қуаныш-қайғысына бара алмаған ағайындарды үндінің киносы бастарын қосып, қауыштырып жатады. Қай киносы да қос ғашықтың махаббат «азабынан» басталып, соңында қосылып, бақытты болып аяқталып жататын үнді киносын үнсіз отырып көру мүмкін емес. Ерлер жағы кейбір кейіпкерлердің жүйкесіне тиген қылықтарына шыдамай, әкесінің ауызын толтыра боқтап, ал, әйелдер жағы басты рөлдегі қызбен қосыла қиналып тіпті солқылдап жылап отырады. Экранда кино көрсетіліп жатса, залдағы көрермендердің сан қилы қылықтарының өзінен керемет бір кино шығаруға болар еді. Жаңа түскен жас келіндер құндақтағы балаларына дейін көтеріп келіп, үндінің әніне сәбилерінің «іңгәсін» ұластырып отыратыны тағы бар. Кей жеңгелеріміз орамалы отырған орындарында бастарынан сыпырылып қалғанын да білмей, үйлеріне жалаңбас барған кездері де болып жатады. Ал біз, балалар төбелестің неше бір айласын білетін, ұрғанын таяқ тастам жерге бөріктей ұшырып түсіретін үнді жігіттеріне ұқсағымыз келетін. Көбіне басты рөлдерді сомдайтын қаһарман Джеми, Раджа, Аджай боламын деп үйімізге жеткенше таласып барамыз. Қысқасы, үнді киносы көптен көрмеген ауыл адамдарының басын қосып, қыз-келіншектердің іштегі шерін бір тарқатушы еді.
Мамыр айы кіргеннен балалар жағы күн санап, жазғы демалысқа желкеміз үзіліп, әрең жетеміз. Соңғы қоңыраудың салтанатты жиынын зорға аяқтап, үйге жеткен бойдан жыл ауыстырып қабыршағын тастаған жыландай түлеп, үстіміздегі барлық киімімізді шешінеміз де, қыстайғы есеміз кеткен ойыннан ақымызды алуға шындап кірісеміз. Жол бойындағы көкалда жайылып жүрген бір үйір есектердің ішінен қалағанымызды ұстап мініп, көшенің шаңын аспанға көтеріп, балық аулауға тартып отырамыз. Балық аулаймыз деген аты болмаса, қолымызда балық ұстайтын бірде-бір құрал болмайды. Кешке дейін суды құр шалпылдатып, бізді күтпей қашып кеткен есектеріміздің соңынан ілбіп ауылға қайтамыз. Күн еңкейгенде ауылға келіп, ақ шаң ішінде доп қуған балалардың тобына қосыласың. Сол шаң арасында доп түгілі, бір-бірімізді таба аламай қалғанша ойнап, әке-шешеміз мал сауып жатқан іңірде ғана үйге ораламыз. Суала бастаған сиырымызды өрістен күткен шешеміз табынның соңында қалып, түн жарымда өңешін соза мөңіреп келетін «қарасан келгірмен» бізді бірге қарсы алып, «сыбағамызды» беріп жатады. Күстенген қол-аяғымызды жылы суға салып, әбден ысқылап жуып, қарғап-сілеп қараша үйдің киіз есігінен тоғытып жіберетін. Күн ұзағына «ауыр жұмыстан» қалжыраған біз төсегімізге құлағаннан ас-суымызды ішуге де әліміз болмай, тәтті ұйқының құшағына алаңсыз еніп кете барамыз. Өткен түнде ашумен «жетпегірлеп» жатқызған анамыз, таңертең «айналайынымен» аймалап оятады. Азанғы асымызды алаңдап отырып апыл-тапыл ішіп, дәп бізге біреу көшеде қазына үлестіріп жатқандай асығыс сыртқа беттейміз...
Біз осылай өсіп, ержеттік. Біздің буынның есею шағы тоқсаныншы жылдардағы тоқырауға дөп келді. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары халқымыз нарық қыспағына түсіп, қиналып қалды. Қалалықтардың өзін жұмыссыз қаңғытып жіберген екі ғасыр тоғысындағы өлара кезең, ауылдық жерлердің де шаруасын біршама шайқалтып кетті. Әсіресе, соның ішінде өзге ауылдар секілді сапырған қырманы да жоқ, тек төрт түліктің тұяғымен күнелтіп отырған біздің ауылға, тоқыраудың тоқпағы ауыр тиді. Табан астынан болған топалаң Қызылқұмға симай жататын қаптаған қара қойдың басын жұтып, түкпірдегі ауылды электр жарығынсыз түнекте қалдырды. Мал ұстап жан бағып отырған ауылдағы ағайынның тірлігінің қиюы қашып, тұрмысы тұралап қалды. Жұмыссыз қалған жұрт жан-жаққа қоныс аудара бастады. Бұзылған үйлердің үңірейген орны үрей туғызып, тұрғындардың келешекке деген сенімдерін сетінетіп жіберді. Бір қап ұнға бір көлік сексеуілін айырбастаған әкелер, көрші ауылдың күріш атызынан күн астында масақ терген аналар, кеш түссе ыдысын арқалап пілте шамға жер май іздеген балалар... Құлазыған ауылда, көз алдыңнан осындай сүреңсіз көріністер көлбеп жатты.
Бірақ, осы қиындықтардың барлығын да ауыл адамдары сабырмен қарсы алып, төзіммен шығарып салды. Бүгінде ол күндер де өтіп, ауыл тарихының бір парағы жабылып, жаңа беті ашылды. Аллаға шүкір, бүгінде ауылымыздың түтіні түзеліп, тұралаған тұрмысы қайта түлеген. Төрт түлікті тіршілігіне тірек қылып, жер анадан бұйырған несібелерін теріп жеп отыр. Топырағына талай тектінің табаны тиген ауылымыздан ғалым да, қара домбыраға тіл бітірген күйші де, қара сөздің кенін тілімен қазған шешен де, таңдайына бұлбұл ұя салған әнші де, арқалы ақын да, қылқаламына қасиет қонған суретші де, күрзі жұдырықты спортшы да шықты. Қазірде осы азаматтар еліміздің әр түкпірінде туған ауылымыздың абыройын асқақтатып, ел келешегінің кемелденуі жолында еселі еңбек етіп жүр. Сондықтанда Алланың бойымызға дарытқан дарынын шыңдап шығарған осы топыраққа біздер қарыздармыз. Сағым жылдардың арасына сіңіп, сағынышқа айнала бастаған сол балалық шақ пен алыста қалған аядай ғана сол ауыл әр қиырда жүрген ұл-қыздың сана түкпірінде сақталып жатыр. Адам өмірінде бір ұмытылмас тәтті сәттер болса ол — қызыққа толы балалық бал дәурен шағы екен. Ауылынан алыста жүрген әр адамның жүрегіне беймәлім бір сезім маза бермей жүрер болса, ол да өзінің балалық шағы өткен туған жеріне деген сарқылмас сағынышы екен.
Қызылқұм қойнауындағы мен дүниеге келген осы шағын да, көрікті ауылдың бүгінде жаңа тынысы ашылған. Ауыл құрылғалы бері де уақыт керуені ұрпақтың үш-төрт буынын ауыстырды. Бірақ, ауыл адамдарының құмдай ыстық құшағы суымады, даладай дархан көңілдері тарылған жоқ. Адал да, кіршіксіз пейілдері кірлеген жоқ. Өйткені бұл — топырағына Тәңірдің өзі таусылмас несібе байлап, сексеуілі мен селеуі, жусаны мен жуасына қасиет дарытқан киелі мекен.
Алдарындағы асын адал ішіп, Алладан ғана амандық сұраған ақ көңілдері айрандай ақтарылған адамдары бар алақандай ауылымыз — Аққырдың аты естілсе, әлі күнге алаңдап отырамыз. Алыста жүрсек, аңсап жүреміз. Ауылдағы өткен күндерді ойлағанда таңдайымызға балалықтың бал дәмі келіп, тамсанамыз. Өйткені, сонау жылдардың тасасында қалған сол бақытты шақ, қамсыз күндер бүгінде сағымға айналып, бізден де алыстап бара жатыр...