Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 18 минут бұрын)
«Хабар» телеарнасы жасанды интеллект арқылы ерекше баланы сөйлетіп, желіні шулатты

«Хабар» телеарнасы жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын қолданып, ерекше бала Жасулан Базарбаевтың қызын сөйлеткеннен кейін желіде қызу талқылау басталды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әншінің өзі бұған дейін әлеуметтік желіде қызын сегіз жыл күткенін, алайда қызы 2,5 жаста болғанда оның ерекше диагнозы бары белгілі болғанын айтқан болатын. «Сол сәттен бастап ем іздеп, көптеген мамандарға жүгіндік. Қайда бармадық, қандай есік қақпадық десеңізші. Қазір қызымыз он жастан асты. Аздап сөйлей бастады, ойын білдіре алады», — деп бөліскен әнші.

Эфир кезінде журналист әншіден экранға назар аударуын өтінеді. Сол сәтте оның кішкентай қызының әкесіне жылы лебіздерін білдіріп, сөйлеген бейнежазбасы көрсетіледі. Бұл кезде әнші эмоциясын жасыра алмай, көз жасына ерік берген.

Желі қолданушыларының наразылығы

Бұл жағдайға желі қолданушылары қатты ашуланды. Көпшілігі мұндай әдісті дөрекі және этикаға жат деп санады. Жасанды интеллектіні пайдаланып, баланың дауысын жасау – оның жеке басына және отбасына деген құрметсіздік ретінде қабылданды.

Айта кетейік, бұл «Хабар» арнасының алғашқы даулы жағдайы емес. Бұған дейін арна үй ішіндегі зорлық-зомбылықты бастан кешкен әйелді эфирде күйеуімен қосуға тырысқан ток-шоу үшін сынға ұшыраған болатын. Жеке басын жасыруға және күйеуін шақырмауға уәде бергеніне қарамастан, редакция бұл шарттарды бұзып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Жаңалықтар

Жарнама