Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 8 сағат бұрын)
Ұлы міндеттер биігінде болайық

Партиямыздың XX съезі әдебиет пен көркемөнердің бұдан былай да үздіксіз дамуына айрықша көңіл бөлді. Әдебиет пен көркемөнерде қол жеткен жетістіктеріміз аз емес. Оны бізден ешкім тартып алмайды. Жетістіктер бас қосқан үлкен жиналыстарда, баспасөз бетінде талай айтылды. Партия съезінің қаулы-қарарларына сәйкес қазір біз, әлі күнге шейін атқарылмаған маңызды істеріміз жайында, әдебиетте орын алып келген олқылықтар мен кемшіліктер жайында кеңірек пікір алыссақ анағұрлым пайдалы болар еді.

Қазақстан әдебиетінің ең бір елеулі кемшілігі — өресі биік, тынысы кең кемел шығармалардың аздығында болып отыр. Қазақстан жазушыларының көптеген шығармаларында замандастарымыздың — коммунизм құрылысшыларының есте қаларлық ерен образдары жасалған жоқ деген жұртшылық сыны өте орынды. Республикамыздың жаңа мен ескінің қиян-кескі күресіне толы өмірі, жеңімпаз өміріміздің ұлылығы мен сұлулығы әдебиетте әлі толық көркем бейне тапқан жоқ.

Тың жерлерді игеру сияқты оқиғаны мысалға алайықшы. Осы ұлы құбылыстың өзінде ғана қаншама қым-қиғаш талас-тартыстар, қаншама қаһармандық сипаттар мен мінездер бар десеңізші! Тың тақырыбына жазылған шығармалардың саны да аз, сапасы да көңілдегідей емес. Ұлы заман тудырған ұлы тақырыпқа бірден ұлы шығарма жазу аса қиын міндет екені белгілі. Алайда шарықтап өскен үлкен әдебиетіміздің шыққан биігінен қарағанда қолдан келер, үлкен шығарма жазуға баспалдақ болар тартымды шығармалардың өзі әлі туа қоймағанын мойындамасқа болмайды.

Жақын арада Москвада тың тақырыбына шығарма жазған жазушылардың бүкілодақтық мәслихаты өткізіледі. Осыған байланысты алдын ала таныстыру мақсатымен біз Москваға жіберейік деп, тың тақырыбына жазылған іліп алар шығармаларды сұрыптадық. Тың тақырыбына жазылған, орыс тілінде басылып шыққан шығармаларымыз саусақпен санарлық екен. Атап айтқанда Сәбит Мұқанов пен Иван Шуховтың очерктер жинақтары, Николай Анов пен Яков Штейннің «Жүрек әмірімен» пьесасы, очерк, әңгіме, өлеңдердің «Тың жерлерде» де аталған жалпылық жинағы, Сергей Мартьяновтың «Максимовна», «Алдыңғы шепте» киносценарийлері, Дм. Рябуханың «Жаңа қоныстанушылар» атты өлеңдер жинағы т. б. Мұндай үлкен тақырыпқа жазылған шығармалар санының аздығы бізді қынжылтады, тебірентеді.

Тың жерлерді игерушілердің қаһармандық еңбегін партия съезі ерекше атап көрсетті, оларға ыстық ықыласпен алғыс айтты. Тың батырларының тарихта теңдесі жоқ ересен еңбегі көркем әдебиетте барынша жарқын, барынша мол бейнелеуге лайық.

Қазақстан — ұлан-байтақ құнарлы егістік даласы, шұрайлы мал жайылымы ғана емес, сонымен қатар, өнеркәсібі мен мәдениеті қарыштап өскен сан салалы республика. Қазақстан — көмірлі Қарағанды мен кенді Алтайдың, Бұқтарма су-электр станциясы мен Түрксибтің отаны. Қазақстанның өнеркәсібі алтыншы бесжылдықта бұдан әлде қайда қарыштап өседі. Павлодарда жаңа заводтар орнайды, Қостанайда рудниктер іске қосылады, Қарағандының домналары көкке бойлайды, Шульба мен Қапшағайда аса күшті су-электр станциялары салынады. Бұлардан басқа да әлденеше жаңа құрылыстар пайдаға асырылады. Мал шаруашылығы бар салада күшті қарқынмен өркендейді.

Біз әдебиетте жұмысшы табының өмірін өте кемшін көрсетіп жүрміз. Жұмысшылар туралы, интеллигенттер туралы жазылған кітап бізде өте аз. Замандастарымыздың өмірін әдебиетте шынайы да жарқын көрсету біздің құрметті де жауапты міндетіміз.

Адам санасындағы феодалдық сарқыншақтармен күрес, әскери-патриоттық тақырып, революциялық заңдылықты нығайту үшін күрес, қоғамдық тәртіпті бұзушыларға қарсы күрес... Бұл тақырыптардың қаймағы бұзылған жоқ әлі. Тегінде тақырыптың нашары жоқ. Әйткенмен де заманмен, партия ұрандарымен үндес, сабақтас тақырыптар біздің әдебиетіміздің өзек-қолқасы, күретамыры болып табылады. Жасыратын несі бар, кейбір талантты жазушылардың өздері де толып жатқан маңызды тақырыптардың қайсысын қамтырын білмей, қармалаумен уақыт өткізеді. Сосын айналып келіп баяғы үйреншікті ескі тақырыпқа жармасады. Ескі тақырыпқа шығарма жазба демейміз. Бірақ біз жазушыға, сен ең алдымен социалистік заманның жаршысысың, заман жаңалықтарын, замандастарымыздың таңғажайып ерлік істерін көркем әдебиетте шынайы да жарқын бейнелеп көрсету сенің ең бірінші парызың дейміз.

Сайып келгенде, гәп шығарманың санында емес, сапасында. Сан мен сапа үйлесім таппаған жерде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен қалай болса солай асығыс жазылған шалажансар шығармалар пайда болады. Бұған талғамсыздық, көңілшектік қосылады. Сөйтіп, қырқын мінсең қыр аспайтын көтерем шығармалар жарыққа шығып кетеді. Қазақстан Көркем әдебиет баспасында соңғы жылдарда шыққан кейбір құнсыз, сұрқай кітаптар республикалық баспасөз бетінде қатал сыналды. Бұл орайда А. Хангельдиннінң «Біздің оттар», А. Байтанаевтың фантастикалық повесін атауға болады. Кездейсоқ шығып кеткен нашар кітаптардың тізімі бұлармен бітпейді. Олардың бәрін бірдей жіпке тізбей-ақ қояйық.

Баспасөздің әділ сынынан дұрыс қорытынды шығару, ендігәрі мұндай нашар дүниелердің шығуына жол бермеу, шығатын кітаптарға қатал талап қою баспаның да, біздің Жазушылар одағының да жауапты міндеті.

Көркемөнерде мазмұн мен түр бөлінбейтін тұтас тұлға. Сондықтан та тақырыбы жаңа екен, материалы бай екен, оқиғасы қызық екен деген сылтаумен көзді тарс жұмып алып, көркемдік құны төмен шығарманы кітап етіп шығару барып тұрған ауыр қылмыс. Сонымен қатар, әлдеқашан сан рет жазылған, жауыр болған ұсақ-түйек тақырыптардағы шығармаларға да қатал қарауымыз керек. Жалт еткен жаңалығы жоқ, өзіндік қол таңбасы белгісіз, көркемдік құны төмен шығармалар әрдайым қатал сыналсын.

XX партия съезі көркем әдебиеттің өмірден кейін қалғанын айта келіп, оның түпкі себебі жазушылардың өмірімен байланысының нашарлығында деп атап көрсетті. Мұны біз Қазақстан жазушыларына да айтылған сын деп қабылдауымыз керек. Қазақстан жазушыларының да халық өмірімен байланысы ойдағыдай емес. Жазушылардың өмірмен байланысы, халықтың қаһармандық еңбегін туған ұлы істермен қоян-қолтық араласуы — аса күрделі мәселе. Бұл мәселе турасында біз өз арамызда әлденеше пікірлестік, ой толғадық. Бұл мәселе құр әншейін сөзбен оп-оңай шешілмейді. Өмірмен байланыс мынадай болу керек деп, барша жазушыларға ортақ, бір қалыпты нұсқау-жоба жасап бере алмайсың. Бұл мәселені жазушының жергілікті жерге қоныстануымен, немесе творчестволық командировка мерзімін ұзартумен, тіпті болмаса жазушының өндіріске барып қосымша мамандық алумен тез шешіледі деу ағат пікір.

Белгілі жазушы Иван Шухов селода, қайнаған өмірдің иен ортасында тұрады. Осы жазушы кейінгі жиырма жылда жарытып не жазды екен? Өте аз жазды, онда да жазғаны мәз емес. Бір кезде «Отан» романың «Өшпенділік» повесін жазып, айдай әлемге атағы шыққан Н. Шухов өзі күнде көріп, мидай араласып жүрген өмірдің биігіне шыға алмай, кәкір-шүкір шығармалардың айналасында күйбеңдеп жүр. Ал, ұдайы астанада тұратын Николай Ановтың жерге бір сапар барып қайтып еді, соның тартымды жемісі есебінде «Жүрек әмірімен» пьесасын жазды. Әлі де болса көркемдік жағынан кемшіліктер бола тұрса да, бұл пьеса тың игеру тақырыбына жазылған драмалық елеулі шығарма. Пьеса бойынша Алматыдағы орыс театры қойған спектакльді жұртшылық қуана құптады.

Сайып келгенде, творчестволық жетістіктің кілті жазушыны өмірді қапысыз тануында, оған өзі де белсене араласып, өмірден көрген-білгендерін терең ойланып, көркем бейнеге айналдыруында. Көрген-білгеніңді көңілге берік тоқымасаң бүгінгі күндердің ғажап жаңалықтарын келешек күндерде сөзсіз болуға тиісті, қазіргіден де керемет жаңалықтармен жалғастырып, сабақтамасаң шығармаңның бейнелерін, оқиғаларын жиынтықтап, тұтастырып, заманға лайық шындық биігіне көтермесең, мақсатыңа жете алмайсың.

Кейінгі толқын жас әдебиетшілердің бірсыпырасы өмірден үйрену, өмірмен тығыз байланысты болу дегенге жөнді құлақ аспайды. Бірді-екілі әңгімесі немесе он шақты өлеңі газет-журналда жарияланса болды, жетілдім, жеттім нағыз жазушы болдым деп шыға келеді, тіпті өнердің алуан қырын бірдей меңгерген бесаспап болам деп әуреге түседі. Олар оқу-үйрену дегенді жылы жауып қояды, тіпті белгілі бір ұйымда қызмет істеуді де тәрік етеді. Сөйтіп, ондайлар кәдімгі сандалбай, жалған әдебиетшіге айналады. Мұндай ала құйын, әңгүдіктер өздерінің өмірден алған азын-аулақ тәжірибелерін өз үйлері мен Жазушылар одағының арасында ерсілі-қарсылы сенделіп жүргенде тауысып алады. Олар жазушы болдым деп кеуделеріне нан пісіп, бос уақыттарын қыдырумен өткізіп жүргенде өмірден алшақтайды.

Біздің арамызда талай жылдан бері өмірді өзінің жайлы, жақсы пәтерінің терезелерінен ғана көретін мосқал жазушылар да бар. Көлемді шығарма жазу үшін қалай да алыс сапарға, жергілікті жерлерге бармай болмайды деу ағат пікір. Сапарға барып, жер-жердегі қайнаған өмірді жан-жақты зерттеп білгенге не жетсін әлбетте. Былайша айтқанда, жоғарыдан төменге түсіп, өмірдің нуына араласу, ыстығына күйіп, суығына тоңып, қуанышын да, ренішін де қалың еңбеккерлермен бірге көріп, әбден етене болудың жөні бір басқа. Ал енді жазушы қай жерде тұрса да өзінің жүрегіне тым жақын, көптен бері көңіліне ұялаған, әбден көкіректе қайнап-піскен тақырыпқа шығарма жазуына болмай ма? Айталық, астанада тұратын жазушыларға осы Алматының өзінде ұшы-қиыры жоқ толып жатқан тақырыптар бар емес пе? Осында Отан игілігіне керемет мол өнім беріп жатқан алып өндірістер қаншама! Мен өз басым, Одақтағы ең озық өндіріс — Алматы ауыр машиналар жасау заводына, яки болмаса Киров атындағы алып заводқа барып, солардың жұмыстарымен танысып, шығарма жазғалы жүр деген жазушыны естіген емеспін.

Творчестволық командировкаға бару да керек, бірақ соны белгілі творчестволық мақсатқа пайдаланайық. Өмірді бар болғаны бір ай уақыт ішінде жете біліп алу қиын-ақ. Жазушы бір барған жеріне сан рет барсын, ондағы күнде туындап жатқан жаңалықтарды әлденеше көріп, көңіліне мықтап тоқып алсын. Жаңа шығарма сонда ғана туады.

Кейбір жолдастар қоғам жұмысы жазушының творчествосына бөгет жасайды дейді. Бұл барып тұрған қате пікір. Түптеп келгенде, жазушы халықпен, қоғам өмірімен осы қоғамдық жұмыс арқылы байланысты болады. Әлбетте, жазушының күнделікті еңбегін, уақытын қадірлеу керек, жоқ нәрсеге бола оны творчестволық жұмысынан айыра бермеуіміз керек. Ал бірақ жазушы өзімшілдікке салынып, қоғамнан, қауымнан оқшауланса, көпшілік жұмысына араласпаса, онда не болғаны? Дарашылдық, өзгеге жаны ашымаушылық, ұйымнан қол үзу — жаңағы айтылған жазушыдан шығады. Ендеше жазушы қоғамдық жұмыс пен творчестволық жұмысты үйлестіріп, қабыстырып, бірімен бірін толықтыра жүргізуі керек. Мұның өзі нағыз совет жазушысына тән қасиет.

Қоғамдық жұмыстың түрі де әр алуан. Ол — Жазушылар одағының секцияларында қоғамдық-творчестволық жұмыстар атқару, ұйымның әр түрлі тапсырмаларын орындау, кітап оқушылармен кездесу, газет-журналдарға қатынасу... Партиямыздың XX съезінің қаулы-қарарларын халық арасында насихаттаудан асатын құрметті міндет жоқ осы күні! Съездің тарихи шешімдерін очерк, әңгіме, мақала арқылы кең түрде насихаттасақ, халықты алтыншы бесжылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындауға шабыттандырсақ, — бұдан артық абырой бола ма!

Партиямыздың XX съезі өндірістерге жаңа техникаларды енгізу, аудандық жүйедегі кадрларды нығайту, еңбек өнімін мейлінше молайту міндетін белгіледі. Осының бәріне біздің жазушылар өзінің жалынды сөзімен атсалысуы керек.

Партия съезінің шешімдеріне сәйкес біз Жазушылар одағының, оның творчестволық секцияларының, әдеби журналдардың, әдебиет газетінің және көркем әдебиет баспасының, жұмыстарын жаңа белеске, дәуір талабына сай биік дәрежеге көтеруіміз керек. Біздің бүкіл жұмысымыздың түйінін осылар шешеді.

Кейінгі жылдарда Жазушылар одағының президиумы жаңа шығармаларды талқылауға ерекше көңіл бөліп, шығармаға талап-талғамды күшейтті. Бұл орайда қолымыз жеткен кейбір жетістіктеріміз де бар. Әйткенмен, бұл міндетті ойдағыдай атқардық, шығар биігімізге жеттік деп айта алмаймыз.

Творчестволық секциялар жиі-жиі жиналып, өздерінің негізгі жұмысы болып табылатын қолжазбаларды, шыққан кітаптарды талқылаумен шұғылданатын болды. Бірақ, мұндай талқылаулар кейде жүрдім-бардым өтеді, шығармаларға жан-жақты әдеби талдау жасалмайды. Кейде тіпті, «мен саған тимеймін, сен маған тиме» дейтін ішкі есеппен өтеді. Диқан Әбілевтің «Жалынды жүрек» поэмасын поэзия секциясы талқылағанда ақындар жер-көкке сыйғызбай мақтап еді, президиумда талқылағанда осы поэма қатал сынға ұшырады, ойсыраған көркемдік кемшіліктер ашылды.

Біз секцияларды шын мәніндегі творчестволық лабораторияға айналдыруымыз керек. Секциялар жазушыларды, әсіресе жас жазушыларды әдеби шеберлікке баулитын мектеп болуға тиіс.

Үлкен әдебиетке басшылықты тек жиі-жиі мәжілістер, жиналыстар өткізумен, ұзыннан-ұзақ қаулылар шығарып, авторларға парақ-парақ хаттар жазып, жеңіл-желпі әдеби консультациялар берумен ғана асыруға болмайды. Сайып келгенде, жас жазушылармен, әсіре, астанадан қашықтағы жас әдебиетшілермен тікелей жанды байланыс шешеді істің түйінін. Көрген-білгені көп, тәжірибесі мол суреткерлеріміз, әсіресе одақтың президиум мүшелері оқтын-оқтын жергілікті аудандарға, қалаларға барып, ондағы жаңа бастап жүрген жазушылардың творчествосымен мұқият танысса, әдебиет бірлестіктерінің жұмысына қолма-қол көмектессе нұр үстіне нұр болар еді.

Әдебиеттің жас буынын тәрбиелеп, өсіру біздің одақтың күнделік жұмысының ең маңыздыларының бірі болмаққа керек. Біз Қазақстан комсомолының Орталық Комитетімен бірлесіп, үстіміздегі жылдың күзінде жас жазушылардың республикалық мәслихатын өткізуге ұйғардық. Мұның алдындағы мәслихат көбінесе дырду-думанмен, көпірме сөзбен өтті. Енді осы кемшілікті қайталамау үшін келесі мәслихатқа бес-алты ай бұрын әзірленеміз. Мәслихатқа қатынасатын жас жазушыларды мұқият іріктеп аламыз, олардың шығармаларымен күні бұрын жете танысамыз. Мәслихат үстінде шығармаларды творчестволық семинарларда кеңінен талқылаймыз. Бұл семинарларды көрнекті жазушылар басқарады.

Міндет тек мәслихаттар, семинарлар өткізумен шектелмейді. Бұлар жас әдебиетшілерді тәрбиелеудегі міндетті түрде жүргізетін ұйымдық жұмыстарымыз. Біздің белгілі жазушыларымыз жас әдебиетшілерді қамқорлықтарына алып, үнемі тәрбиелеуді, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығаруды өздерінің аса құрметті борышы деп білсе екен.

Менің ойымша, өзін бұқараның ұстазы санайтын, халыққа аты белгілі әр жазушының әдебиетте әлденеше шәкірті болмаққа керек. Жастарды тәрбиелеудің өнегесін бізге ұлы Горький үйреткен.

Ендігі мәселе әдеби журналдарға байланысты. Белинский. Некрасов, Добролюбов, кейініректе Горький өз журналдарының төңірегіне талантты жазушыларды топтап олардың творчествосына кең жол ашқаны, үнемі бағыт сілтегені бәріміздің есімізде. Әдеби журнал әдебиеттің айнасы десе болар еді. Өйткені, жазушылардың іске татырлық шығармалары ең әуелі халыққа журнал арқылы тарайды. Бізде қазақша, орысша екі журнал бар. Шындыққа дау жоқ, бұл журналдар әлі күнге шейін Қазақстан әдебиетінің орталығы, шеберлік дүкені бола алмай келеді. Бұлар көбінесе қолдарына іліккен шығармаларды таңдамай, талғамай басады. Басы артық қолжазба деген бұларда болмайды. Үнемі жалақтап, жұтып отырғаны. Ал енді төмен қол шығармаларды авторларына қайырып беріп, олармен жалықпай жұмыс істеу деген жоқ.

Журналдардың мұндай орасан олқылыққа ұшырауына ең алдымен редакция алқалары кінәлі. Олар коллективтік басшылық деңгейіне жете алмай, ұйымдастырушылық міндеттерін жөндеп атқара алмай жүр. Бұл кемшілік «Әдебиет және искусство» журналында тіпті басым. Мұнда редакция алқасының мәжілісі өте сирек өткізіледі, онда да жүрдім-бардым өтеді, редакция алқасының мүшелерінің көбі журнал жұмысына қатынаспайды. Редакция өмірі томаға-тұйық өтіп жатады. Мұндай журнал әдебиеттің шеберлік дүкені бола ала ма? Біз ендігі жерде журналдық жұмысын шұғыл жақсартуымыз керек. Журналдар одақ басшылығының назарынан сәл де болса тыс қалмасын. Олардың жұмыстарын, бет алыстарын әр кезде жіті қадағалап, президиумда дүркін-дүркін талқылап, жөн сілтеп отыру біздің басты міндетіміз.

Баспа қызметкерлері көбінесе қолжазбаға немқұрайды қарайды, кейде қаны сорғалап тұрған шикі шығармаларды ұялмай-қызармай кітап етіп шығарады. Мұндай қолайсыз фактілердің бірталайын жоғарыда орайы келіп қалғанда аттап өттік. Айта берсек ұзыннан-ұзақ тізім жасауға болар еді.

Баспаның ойсыраған кемшіліктеріне бір жағынан Жазушылар одағының президиумы да кінәлі. Өйткені, ол баспа жұмысын дер кезінде қадағалаумен, оған творчестволық көмегі жеткіліксіз болды. Ендігі жерде одақ президиумы баспа жұмысына күнбе-күн нақтылы көмектесіп отырсын. Әдебиет жұртшылығының талқысынан өтпеген ұнатылмаған бірде-бір шығарма баспаға тікелей өтпейтін болсын. Одақта қаралмаған, ұсынылмаған кітапты баспа өз бетімен қабылдауды тоқтатсын. Кітап сапалы шықсын, баспа жұмысындағы кемшіліктер тез жойылсын десек, одақ пен баспа тізе қосып, күш біріктіріп, ынтымақтасып жұмыс істесін. Баспаға өз бетімен қолжазба әкеліп, редактормен оңай келісе салып, нашар кітабын жып еткізіп шығара қоятын ептілерге біржолата тыйым салынсын.

Өзіне өзі сенімді, шығармасының құндылығына көзі жеткен автор ешқашан да жұртшылық пікірінен қашпайды, қайта соған құштар болады. Тегінде бірден төрт аяғын тең басқан мінсіз шығарма болмайды. Жолдастық әділ сын, жанашыр жақсы пікір шығарманың одан да жақсы болуына көмектеседі.

Жазушылар одағының президиумы, оның творчестволық секциялары баспаның жоспарындағы кітаптарды түгел талқылайды, жарамдыларын шығаруға ұсынады. Сонымен қатар, біз баспаның жылдық жоспарын да үнемі қадағалап қараймыз, жоспар жөнінде өзіміздің пікірімізді айтамыз. Кітап сапасы үшін күресті біз өз жұмысымыздың негізі деп білеміз.

Партия съезінде қоғамдық ғылымдардың артта қалғаны жөнінде айтылған сынның әдебиеттану ғылымы мен әдеби сынға толығынан қатысы бар. Әдебиеттану ғылымының мәселелері. Қазақстанда осы уақытқа шейін жөнді қолға алынбай келеді.

Маркстік-лениндік эстетиканың аса маңызды мәселелерінің бірі болып отырған әдебиеттегі типтік мәселесін алайықшы. Типтік дегеніміз — алынып отырған нақтылы әлеуметтік-тарихи құбылыстың мән-болмысына саяды, және ол реалистік көркемөнерде партиялылықты айқындап көрсететін сфера деген пікір соңғы кезге шейін кең өріс алып келгені жалпыға аян. Типтік проблема — әрқашан да саяси проблема болып табылады, көркем образды саналы түрде өсіріп, арттырып көрсету, оның типті сипатын ашады және айқындап көрсетеді деген пікір баса айтылып келді.

Маркстік деп аталып, кең өpic алып келген бұл пікірдің ағаттығын, жалаң схоластикалық пікір екенін орталық «Коммунист» журналы өзінің «Әдебиет пен көркемөнердегі типтік мәселе жайында» деген редакциялық мақаласында әйгілеп берді, қатал сынады.

Көркем әдебиеттегі осы маңызды мәселені нақтылы әдебиеттің тәжірибесіне байланыстырып, жұртшылыққа дұрыс түсіндіру біздің, бүгін таңдағы ең бір жауапты міндетіміз. Солай бола тұрса да біздің әдеби журналдарымызда, теориялық айтыстарда бұл мәселе туралы сөз қозғалған жоқ әлі. Бұл кемшілігімізді жоюға шұғыл шара қолдануымыз керек. Әдебиеттану ғылымың әдеби сынды жаңа белеске шығарайық.

Театр, кино және басқа көркемөнер салалары жөнінде қысқаша пікір айтқым келеді. Бұл салалардың да өзіне тиісті маңызды мәселелері, шұғыл атқарылуға тиісті күрделі міндеттері бар.

Театрдың негізі — репертуар, киноның негізі — жақсы сценарий. Партия біздің драматургтарымызды, театр, кино қызметкерлерін совет қоғамының, совет адамдарының өмірінен аса құнды көркем шығармалар жасауға үнемі үндеумен келеді. Кейінгі кезде Қазақстан жазушылары бүгінгі заман тақырыбына бірнеше пьесалар мен сценарийлер жазды. Республика театрлары мен орталық киностудияның драматургтарымен, кино драматургтармен қарым-қатынасы біраз жақсарды. Сонда да біздің театрларымыз репертуар ашаршылығынан әлі құтылған жоқ, студиямыз жақсы сценарийлерге зәру болып отыр.

Соңғы кезде театрларда қойылған Ә. Әбішевтің «Күншілдік», Ш. Құсайыновтың «Кеше мен бүгін», С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов», Н. Анов пен Я. Штейннің «Жүрек әмірімен» пьесалары осынша қомақты жазушылар отрядына аздық қылады. Бізге бүгінгі заман тақырыбына жазылған жаңа пьесалар жетіспейді. Жазылған бірсыпыра пьесалардың тақырыптары мен көркемдік шешімдері бір өңкей. Пьесалардың бәрі дерлік оңай тартыстарға, жеңіл драмалық уақиғаларға құрылған, ойлары саяз. Алматы киностудиясы соңғы жылдарда бірнеше көркемфильм шығарды, олардың арасында «Қыз бен жігіт» фильмі студияның елеулі табысы.

Киностудия тыңды игеру сықылды аса маңызды уақиғаға шапшаң үн қосты. А. Медведевтің сценарий! бойынша «Мазасыз көктем», С. Мартьяновтың сценарийі бойынша «Максимовна» фильмдерін шығарды. Ал бірақ, көркемдік жағынан бұл фильмдердің екеуі де бәсең шықты. Кино көрермендерінің сынына ұшыраған «Бұл уақиға Шұғылада болып еді» фильмі киностудияның сәтсіздігі.

Қазақстан драматургиясы мен кино драматургиясында әлі күнге шейін совет адамының, біздің заман батырының, біздің көрермендеріміздің жүрегін толқытып, жанын тебірентетін, коммунизм жолындағы күресте жарқын өнеге үлгі боларлық Чапаев, Платон Кречет, профессор Полетаев, Любовь Яровая және басқалар сияқты керемет образдар жасалған жоқ әлі.

Драматургия неге мұнша артта қалды? Көптеген пьесалардың сахналық өмірі өте қысқа болатын себебі не? Біздің көптеген драматургтарымыз қазіргі заманның көкейтесті мәселелерінен шеткері қалып жүр, жаңа өмірді аз біледі, совет адамының игі сипаттары мен адамгершілік қасиеттерін көркем бейнемен жөнді көрсете алмай жүр.

Біздің көптеген драматургтарымыз бүгінгі заман өмірін үстірт иілгендіктен әлі күнге шейін өткен заман тақырыбына жармасумен келді, нағыз күшті талас-тартыс сол ескі тақырыпта деп пайымдайды. Бұл драматуртар талас-тартысты тап күресінен, байлар мен кедейлердің соқтығысынан, қазақ халқының әлеуметтік азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресінен іздейді. Біз мұны теріс демейміз. Тарихтың сан қилы деректерге, уақиғаларға бай екені рас. Әйткенмен, ең алдымен советтік шындықты көрсететін шығарма жазу драматургтың ең бірінші парызы емес пе? Таба білсе, терең пайымдай білсе, советтік өмірде де талай-талай қиын да қызық уақиғалар, талас-тартыстар бар. Әлбетте бұл тартыстар ымыраласпайтын, бітіспейтін, бірін бірі құртпай тынбайтын антагонистік тартыс емес. Мұның шешімі де басқаша. Оған күшті шеберлік керек, маркстік-лениндік ілім тұрғысынан жазу керек.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының драматургтарға басшылығы ойдағыдай болмай келгенін жалтақсыз мойындауымыз керек. Драмалық шығармалардың идеялық-көркемдік дәрежесін көтеру жөніндегі атқарған ісіміз мардымсыз. Драматургияда қай-қайдағы әдепсіз, көргенсіз жәйіттерді пьесаға негіз етіп, баттитып көрсетуге қарсы, оңай пайда іздейтін халтурщиктерге қарсы күресіміз нашар болып келді.

Бұл орайдағы үлкен жауапкершілік республикалық Мәдениет министрлігіне жүктелді. Қандай жаңа пьеса болмасын, сахнаға шыққанда онан сайын жайнап, құлпырып кетеді, не болмаса бойындағы жақсы қасиеттерден жұрдай болып, шұнтиып, жүдеп шығады. Бұл жалпыға белгілі жағдай. Жаңа пьесаның одан да жақсаруы, яки болмаса төмендеуі режиссерге байланысты. Бізде ысылған жақсы қазақ режиссерлері жоқ. Қазақ драматургтарының пьесаларын көбінесе қазақ тілін білмейтін, пьесаның көркемдік дәрежесін тек жолма-жол аударма арқылы шамалап білетін режиссерлер қояды. Мен оларды кінәламаймын. Алайда, драматургияда тіл — сөз бірінші көркемдік шарт екенін әсте ұмытуға болмайды. Сондықтан да пьесаның жазылған тілін білмейінше, сол халықтың басқа да ұлттық ерекшеліктерінен хабардар болмайынша пьеса кейіпкерлерінің образы мен мінезін терең ашу мүмкін емес.

Москваның театр институтында, өзіміздің консерваторияның қасында білімді режиссерлер даярлауды қолға алатын мезгіл жетті.

Спектакльді, сахнаны көркемдеу, театр үйінің іші-сырты үлкен мәні бар мәселе. Колхоз-совхоз театрларын айтпағанда, бұл жағынан Қазақтың Академиялық драма театры да мақтана алмайды.

Театр өнеріндегі кемшіліктердің бәрі республикалық Мәдениет министрлігі қызметкерлерінің ар-ұжданына байланысты. Министірлік бұл мәселеге жөнді көңіл бөлмей келді.

Қазақстан киностудиясына құнды сценарийлер жасау мәселесі бізде өте нашар. Айналып келгенде тар шеңберлі шағын мәжілістерде бар талқылағанымыз Ермолинскийдің «Шоқан Уәлиханов» сценарийі мен Тәжібаевтың «Бұл уақиға Шұғылада болып еді» сценарийі. Сценарий жасау ісін сол қалпымен студия директоры Семеновке тапсырып қойып, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деп аузымызды ашып қарап отырмыз. Семенов сценарист кадрды жергілікті жерден іздемейді, үнемі Москвадан шақырып алады. Кино өнері Қазақстанда жаңа да жас жанр. Сондықтан да студия қызметкерлері жергілікті жерден сценаристер тәрбиелеп, өсіруге аянбай күш салуы керек. Біздің жергілікті кадрлардың бір артықшылығы — олар Қазақстан өмірін жетік біледі.

Көркемөнер қызметкерлерінің арасында партиялық сын мен өзара сын ете нашар. Режиссерлер, композиторлар, алдыңғы қатарлы актерлер, музыка мамандары, суретшілер өз жолдастарының кемшіліктерін көрсетіп, көркемөнердің өзекті мәселелерін қозғап, әдебиет журналдарында мақала жарияламайды. Олардың арасында көркемөнер жөнінде жиналыс, айтыс өте сирек өтеді.

Ендігі бір елеулі кемшілігіміз — қазақ драматургтарының пьесалары орыс театрларының сахналарында қойылмайды. Бұл міндетті орындауға Мәдениет министрлігі де театрлардың өздері де ұмтылмайды. Қазақ пьесалары орыс теарларында қойылса, драматургтардың көркемдік шеберлігі өсер еді, қазақ пьесаларының кең аренаға шығуына мүмкіндік туар еді.

Қазақстандағы музыка өнерінің хал-жағдайы жөнінде бірнеше сөз. Композиторлардың жаңа шығармалар жасауына Қазақстан композиторлар одағының басшылығы ойдағыдай емес. Соның салдарынан М. Тәлебаев, А. Жұбанов, Л. Хамиди және басқа көрнекті композиторлар әлденеше жыл бойына бірде-бір опералық шығарма берген жоқ. Опералық жаңа шығармалардың жасалмауының негізгі бір себебі — терең мазмұнды, көрнекті дәрежесі жоғары либереттолардың жоқтығы. Бұған бір жағынан біздің жазушылар да кінәлы.

Алдымызда, 1958 жылдың күзінде Москвада өткізілетін қазақ көркемөнері мен әдебиетінің онкүндігі бізге үлкен сын. Бұл онкүндікке даярлық жүріп жатыр. Даярлық үстіндегі біздің міндетіміз — театрларды репертуармен қамтамасыз ету, оларды кадрлармен нығайту, Абай атындағы академиялық опера және балет театрын нығайту, Академиялық драма театрын материалдық және творчестволық жағынан жақсарту.

Москвада өткізілетін онкүндік — үлкен маңызы бар тарихи құбылыс. Онда біз тек қол жеткен жетістіктерімізді жинақтап, қорытып қана қоймаймыз. Онкүндік бізді көркемөнер мен әдебиеттің жаңа белесіне шығуға, ойы терең, бойы биік жаңа шығармалар жасауға міндеттейді. Совет адамдарының бай рухани өмірін терең ашып, қаһармандық еңбегін көркем образдар арқылы жарқыратып көрсетуге міндеттейді.

Партиямыздың XX съезі қойған тарихи міндеттерді көркем әдебиет пен көркемөнер саласында орындау жөніндегі кейбір пікірлерімді ортаға салдым. Біз бұл міндеттерді абыроймен орындаймыз.

1957


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама