Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әділет бар жерде ынтымақ бар

Дүниеде ештеңе өз-өзінен бола салмайды. Ал болып жатқан оқиғалардың ешқайсысы да ешкімді енжар қалдырмайды. Біреуді қуантады, біреуді ашынтады, біреуді жәй әншейін таңғалдырады, ал біреулердің шындап жанына батады. Ол оқиғалардың тек сыр-сипатына ғана емес, арғы түп себебіне қаншалықты терең бойлай білуге байланысты.

Жаңа Өзендегі жағдай жұртшылығымызды әлі де алаңдатып отыр. Дегенмен, бір кезде дүрбелеңдеп көшеге шыққандар ашудың соңына кетпей, ақылдың ығына жығыла бастағаны, дүрдараздықтан гөрі мәмілеге келудің бел ала бастағаны құптарлық құбылыс. Осының өзі-ақ әу баста талай нәрсе дұрыс ойланып, дұрыс қамдалса, мұндай оқиғаның атымен болмауы да мүмкін екендігіне көзімізді жеткізе түскендей.

Гәптің бәрі — сол артын ойламай іс қылуда ғой. Шалағай шешілген көп мәселе келе-келе қоғам тәніне беріш боп байланып, ақыр-аяғында Іріңін шашпай тұра алмайды. Кейде біз соны дұрыс пайымдаудың орнына, шапшаң қорытындылар жасаймыз, бір-бірімізге айып тағуға асығамыз. Сондықтан да, күні кешеге дейін жұрт бізді «әуелі істемейтінді істеп бүлдіріп алады, сосын оған жазықтыны іздемейтін жерден іздеп, талайды әуреге салады, ақыр аяғында ол іске қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын біреулерді жазалап, көңілдерін тындырады»,— деп мазақтап келді.

Қазір жаңа бетбұрыс кезеңіндегі жаппай әсер процесіндегі кейбір асығып-үсігушілік көріністерін де сол ежелгі сүрлеуге сала қойып, ескі даудамайды көбейтуге ұмтылатындар табылмай қалып жатқан жоқ.

Бұл жолы бар мәселені белгілі аймақты жайлайтын этникалық топтардың арасындағы кейбір келеңсіз көріністерге сайып, ал ол келеңсіздіктерді туғызып отырған объективті себептер жайында жақ ашпауға тырысушылық, шындап келгенде, шынайы интернационализмге де, саяси реализмге де атымен жат ұшқарылық болып шығар еді. Ұлтаралық қарым-қатынасты да ушықтыратын — осындай ұшқарылық. Мәселенің байыбына бармай тұрып, байбалам салушылық.

Біздің басымызды қоса түсуді емес, шаша түсуді көксейтіндердің көздейтіні де төмендегілеріміздің алды-артын пайымдамай іс қылатын ұшқалақтыққа, жоғарыдағыларымыздың ештеңенің түп себебіне бармай, сырт сипаттарға қарап қорытындылар жасайтын ұшқарылыққа ұрынғаны.

Ондай жетесіздіктің жетегінде кете берсек, қайдан барып шығатынымызға көзіміз жететіндей кез болды ғой.

Сондықтан да мен өзім туған өлкемде әлгіндей дүрбелең боп қалыпты деп естігенде, байыз тауып отыра алмадым. Ал мәселенің коменданттық сағат жариялауға мәжбүр ететіндей жағдайға дейін ушыққаны арқама аяздай батты.

Алайда, өз басым әділет жолындағы күресте күш көрсету мақсатқа жеткізеді дегенге әуелден мойынсынбаймын. Күш көрсеткеннен әділетсіздік көбеймесе, азаймайды. Қиянатты қиянатпен түзей алмайсың. Әсіресе, қазір қоғам өз әлсіз жерін өзі біліп, оны қайткенде түзетеміз деп, қабырғасымен кеңесіп жатқанда, мұндай «батыл қадамдар» істің оңға басуына емес, керісінше, қырсыға түсуіне тілектес теріс пейілдердің пайдасына шығуы да ықтимал.

Сондықтан да мен айтылмыш оқиға тұсындағы ашу үсті әбестіктердің ешқайсысын да мақұлдамаймын. Бірақ, сондай ашу үсті қимылдарды ғана көзінен тізіп, оған әкеп ұрындырған түбегейлі себептерді қалтарыс қалдыруға тырысатындардың да «логикасымен» еш келіспеймін.

Жаңа Өзендегі жағдайда қаншама жылдар бойы халықтың тек үстінен қарап, оның мұң-мұқтажымен тек сөз жүзінде ғана ісі болған әлеуметтік институттардың шамына тиетіндей право тәртібін бұзушылықтың болғаны рас. Оны жергілікті өкімет орындарының өз қарауындағы ел-жұрттың мүдделерінен әбден қол үзіп кеткендігінің көрінісі деп бағалаймыз. Ондай «өкіметтен» жұрт та қол үзе бастаған. Әйтпесе, пәлен күн бойы өз халқына өз сөзін өткізе алмаса, ол не қылған өкімет?! Өйткені, халық та оған талай уақыт өз сөзін өткізе алмай келген. Енді, міне, «еруліге — қарулы» жасайтын жер тапқан.

Сондай-ақ, күлбілтелемей ашық айтатын және бір гәп: Жаңа Өзендегі жағдай тұсында кейбір жекелеген этникалық топтардың өкілдерінің қолайсыз жағдайда қалғаны рас па? Рас. Бірақ, тек соған қарап, әлгінің бәрін ұлтаралық кикілжіңге балай салу өрелі саяси реализм болып табылмаса керек. Әсіресе, ұлттық айырмашылықтың таптық, қауымдық айырмашылықтарға қарағанда тез жойылып кетпейтіні сондықтан да көп ұлтты қоғамдағы кез-келген әлеуметтік келеңсіздік ең әуелі ұлтаралық қарым-қатынаста көрініс беретінін жақсы білетін байыпты ойдың адамы ондай асығыстықтан аулақ болуға тырысады. Ол әлгіндей келеңсіздіктерді ұлтаралық қарым-қатынасқа жаба салмай, қайта ұлтаралық қарым-қатынасты сондай дәрежеге дейін шиеленістірген әлеуметтік келеңсіздікті дәл тауып айтып, оған түрткі болған нақты саяси-қоғамдық тәжірибені егжей-тегжейлі талдап, бағалай білуді саяси реализм деп ұғады.

Егер біз осы қағиданы түбегейлі ұстанар болсақ, онда Жаңа Өзенде қолайсыз жағдайда қалғандардың санатына жергілікті тұрғындарды да жатқызар едік. Оларды мұндай күйге түсіріп жүрген — Жаңа Өзен қаласында көп ұлттардың тұратындығы емес, сол көп ұлтты қаланың моральдық ахуалын ала бөтен шиеленістіруі мүмкін әлеуметтік проблемалардың тым көбейіп кеткендігі еді.

Соның нәтижесінде халық өзінің жергілікті өкімет орындарынан, ал жергілікті өкімет орындары өз халқынан қол үзіп кетердей жағдайға жеткен.

Ондай жағдайға жергілікті өкімет кінәлі ме? Жоқ, жергілікті халық кінәлі ме?

О заман да бұ заман мұндайда халықты кінәлі деу я саяси топастықтың, я саяси әсіреңкіліктің көрінісі боп саналса керек.

Ал жергілікті әкімет орындарының кінәлі болатын жері: олар жергілікті халықтың мұң-мүддесін біліп, оны шешу үшін де астанада отырмай, жергілікті жерлерде отырғандарын ұмытып, жоғарыдан не айтылса, соның бәріне «жәрекімаллалап» бас шұлғи берген. Сейтсе, дүние өз орнында тұра береді деп ойлаған... Одан басқа дәрмендері де болмаған, ондай дәрменді өздері де дәметіп көрмеген.

Сондықтан да әлі күнге тасаттық берген кісідей, жоғарыға қарап қол жаюмен келеді. Ал халықтың естіп жатқаны: жаңа бетбұрыс кезеңінде жергілікті проблемаларды жергілікті өкімет орындары шешеді.

Жаңа Өзендегі жағдай, жеме-жемге келгенде, жергілікті өкімет орындарының көрсетер көмек қылар қайран түгілі, айтар жауаптан атымен мақұрым екендігін айғақтап берді.

Мұндай жағдайда тек жергілікті өкімет орындары ғана емес, халықтың өзі қолайсыз жағдайға қалады. Қойған талабын орындауға жергілікті өкіметтің дәрмені жетпейді. Дәрмені жоқ өкімет орнына ашуланса, право тәртібін бұзған боп шығады. Ал ол басқа жерлерде «әлеуметтік шиеленіс» боп саналғанмен, ұлт аймақтарында әп дегеннен «ұлтшылдық көрініс» боп бағаланады. Әйтпесе, Жаңа Өзенде көшеге шыққандар саяси автономия сұраған жоқ, бастыққа пәленді қоймай, түгенді қой деп талап еткен жоқ, жұмыс, материалдық және моральдық игіліктерді әділ бөлуді талап етті.

Ал сол талаптардың өзін осы арадағы жергілікті өкімет толығымен орындай алар ма еді? Жоқ, орындай алмас еді. Қалалық өкімет түгілі, облыстық, республикалық өкімет орындары орындай алмас еді. Қазір де олар қолдан келген бар шараның бәрін жасап жатыр. Бірақ, жағдайды түбегейлі түзетіп шыға алады деп үзілді-кесілді айта қою да шыншылдық боп шықпас еді. Өйткені, мұндағыдай ситуацияны басқа жерде болдырмау үшін, көп нәрсені атымен қайта қараған жөн. Ең алдымен, интернационализм мен халықтар достығын тек идеологиялық категория ретінде емес, біздің қоғамымыздың бұдан арғы дамуының тағдырын шешетін ең басты саяси фактор ретінде қарастырылғаны абзал. Олай болса, бұл біздің экономикалық тіршілігіміздің ең басты мүддесіне, ең басты критерийіне айналуы керек. Халықтар мен халықтардың, адамдар мен адамдардың арасындағы жарастықты қамтамасыз ете алатындай экономикалық тетік табылмай тұрып, экономикалық реформаның да өз мақсаттарына толық жете қоюы неғайбыл. Бұл ретте КПСС Орталық комитетінің алдағы Пленумына қойылып отырған үміт зор. Жаңа бет-бұрыстың ендігі тағдыры сол пленумда ұлт мәселесіндегі жаңа саяси платформаның қаншалықты терең, қаншалықты байыпты жасақталатындығына тікелей байланысты. Бұл ретте, қазірдің өзінде аузымызды күйдіріп үлгерген ащы тәжірибенің арғы-бергісіне байсалды үңіле білудің пайдасы мол. Жаңа Өзендегі жағдайдың да қағыс қалдыруға болмайтын сыр-сипаттары жеткілікті.

Ең алдымен, осы арадағы аса бай кен орындары ашылған алпысыншы жылдарға ойша оралып көрелікші. Облыс орталығынан екі мың шақырымдай жерде құлазып жатқан қу дала. Каспийдің экологиялық жағдайына байланысты оннан астам балықшы колхоз жабылып қалған. Талай-талай ірі балық кәсіпорындары да солардың кебін киді. Соғыс жылдарында Донбастан келген орыстармен, украиндармен, еврейлермен бірге майданға көмір жөнелтіп жатқан жергілікті қазақ шахтерлары осындағы көмір өндіру тресінің таратылуына байланысты далада қалды. Мұндағы малшы колхоздар өз адамдарына жұмыс тауып бере алмай жатты. Маңқыстаудың өзіндегі жағдай осындай болса, теріскейіндегі Ембіде кен орындарының сарқылуына байланысты, ата-бабасынан мұнайшы болып келе жатқан жергілікті қазақтар саудырап бос жүрді. Ал бір кездегі асыра сілтеу мен аштықтың салдарынан көрші республикаға көшіп кетіп, Красноводсқ Небит-Даг, Қотыртөбе, Челекенде мұнайшы боп, Бекдаш, Сартаста сульфатшы боп, бүкіл Ашхабад темір жолы бойында теміржолшы боп жұмыс істеп жүрген жұмыскер маңқыстаулықтар мұнда қалғандардан көп болмаса, аз емес еді. Оның үстіне аталмыш қалаларда еңбек ресурсы оларсыз да көп еді. Міне, солардың бәрі Маңқыстауда бай кен орындары табылғанына өте қуанды. Расында да, жаңа аймақта ашылған байлығы, ең алдымен, сондағы еңбек ресурсын пайдалануда туып отырған проблеманы шешуі керек қой. Амал не, ол байлықтарды игеретін одақтық министрліктер олай ойламады. Тундра мен тайгада, тағы да сондай ел сирек мекендейтін өңірлерден кен табылып, қалай істейтін болса, мұнда да солай істеді. Кешегі ашылған Теңізді игеруде осында он сегіз мың адам жұмыс таба алмай жүргенде, басқа қалалар мен республикалардан он тоғыз мың адамды самолетпен тасып отырған мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі сонау алпысыншы жылдардың «әй дер әже, қой дер қожа жоқ» көзінде не істегені айтпаса да түсінікті. Айдалада аэродромдар салынды. Оған осы заманғы ең ірі лайнерлер қонды. Ал ол лайнерлер басқа республикалардан осындағы кен орындарына арнайы командалар тасыды. Әрине, Маңқыстаудың байлығын маңқыстаулықтар ғана игерсін деуден аулақпыз. Ол кезде оған қажетті мамандарды жеткілікті мөлшерде тауып алу да оңай емес еді. Ендеше, сырттан еңбек ресурсын тартпай болмайтын еді. Бірақ, осындағы қолда бар ресурс та мұқият ескерілуі керек емес пе? Жоқ, оған бола бас ауыртқан ешкім болмады. Оған бола бас ауырса, бір табиғи-климаттық жағдайда, бір салада қызмет жасайтын адамдарға әрқайсысына әртүрлі жағдай туғызылар ма еді?! Жарайды, сирек мамандарға бөлекше жағдай жасалсын делік. Ал сондай «ведомстволық элитаға» тіпті машинисткалардың, буфетшілердің, қоймашылардың ілігетінін немен түсіндіруге болады? Бұл — алалаушылық. Әлгіндей құдіретті министрліктердің жан-жақтан өзі жиып әкелетін адамдарына бір бөлек жағдай орнатса, ал іргесінен табылып жатқан жаңа кен орындарына «өз аяғынан» іздеп келгендерге ондай жағдай жасалмайды. Олар бір кезде мұндағы бастықтардың шарапатынан торығып, тапқан-таянғандарына өз күштерімен салып алған тәпене лашықтарында әлі күнге дейін жансебілдік жасап, күн кешіп жатыр. Ал көз алдарында осы заманғы жобамен салынған зәулім қалалар бой көтеруде. Онда барып қызметке орналасу — қиынның қиыны. Біріншіден, әлгіндей жерқазбаларыңды «өз баспанаң бар» деп бетіне салық қылады. Ондайың болмаса, «пропискаға» тұрғызбайды. «Пропискасыз» ешкім қызметке алмайды. Өліп-өшіп жұмысқа тұрып алған соң да, бес жылға дейін тұрғын үй алушылардың тізіміне кіргізбейді. Ал егер сол екі ортада әскерге кетсең, қайтып келсең, өз әкеңнің әлгіндей жермешел баспанасына тіркемейді. Өйткені, ертең үйленіп, өз алдына тұрмыс құрып, үй сұрайды деп қорқады. Мұндай «ойдан шығарылған заңдардан» тұрғындардың тек бір бөлігі ғана, атап айтқанда, тек жергілікті тұрғындар ғана зардап шегеді. Министрліктер сырттан шақырып әкелгендерге үй де, күй де, жағдай да жасайды. Оны дәлелдейтін заң да таба алады. Әйтпесе, бес жыл жұмыс істеп барып, тізімге тіркеліп, сосын жергілікті тұрғындармен бірге жиырма-жиырма бес жыл пәтер күту керек болса, кім елін тастап, кім жерін тастап, мұнда келетін еді?! Жарайды, бұны алалаушылық демей-ақ қоялық. Сонда бұның аты не? Бәлкім, жергілікті тұрғындарға жасалып отырған айрықша қамқорлық шығар?! Баяғыда осы маңды аралап өткен бір министр: «Қазақ мұнайшыларын малынан айыруға болмайды, оларды малынан айырсаң, мұнайды да тастап кетеді»,— депті. Дұрыс айтпаса да, бір нәрсені біліп айтқан. Кешегі Ембі мұнайшыларын көріп айтқан. Етпен, сүтпен, жеміспен қамтамасыз етілмейтін шөл даладағы кәсіпорында істейтін жұмыскер малсыз, қора-қопсысыз қалай күн көреді? Ең болмаса, ет пен сүтті қайдан алады? Оның жағдайына шындап жаның ашиды екен, не жұмыс үстіне жұмыс тауып бермей, азық-түлікпен керекті мөлшерде қамтамасыз етте, қора-қопсысын тастатып, басқа жақтан шақырып әкелген жұмыскерлеріңмен бірге сәнді квартираларға көшір, не сол тұрған жерінде өзіне де, малына да жағдай жаса! Бәлкім, солай етіліп жатқан шығар? Жетібай, Теңге, Ескі Өзен, Қызыл төбе, Мұнайшы поселкелеріндегі қазақы махаллаларды қанша одақтық, қанша республикалық министрлердің аралап көргенін және қандай қорытындыға келгендерін білмейміз. Ал өз басымыз олардағы тұрмыс жағдайын анадай жердегі көзге ұрып тұрған Шевченко мен Жаңа Өзендегі тұрмыс жағдайымен бара-бар деуге аузымыз бара алмас еді. Басқаны былай қойғанда қазір кез келген ауылда бар радио, телефон, канализация мұнда жоқ. Суды жер түбінен машинамен тасып әкеп, үй алдындағы іші цементтелген уақытша құдыққа құйып алады. Сосын мұндағы қайдағы ауру қайдан шығады деп таңғалудың өзі артық әңгіме боп шығары сөзсіз. Ал өздері газ шығарып, онымен бүкіл Европаны қамтамасыз етіп отырып, әлі күнге тезек жағады.

Дәл мұндай, үйіңнен шыға келсең, өз-өзінен көзге шұқып тұрған жер мен көктей айырмашылықты алты қиян алыстағы бастықтар көрмегенмен, мұндағы халық көреді ғой. Көреді де, әлгіндей әділетсіздікке ызаланады ғой. Ал ызаның бәр-бәр уақытта дұрыс жолға бастай бермеуі мүмкін. Ойланатын гәптерге тиісті кеңседегілерден бұрын көшедегілердің көбірек мән беруі неге әкеліп соғатынын көрдік. Енді «бұл баланы кім тапты?» деп, әрі тарт-бері тартқа салмай, алалаушылық бар жерде, алауыздықтың қалмайтынын ескеріп, әлгіндегі көпе-көрнеу кереғарлықтарды тез жоюға күш салған жөн.

Бұл ретте ойланатын мәселе әбден көп. Мәселен, Шевченко қаласындағы тұрғын үйдің әрбір шаршы метріне, орта есеппен 800 сом, Жаңа Өзен қаласында 300 сом жұмсалады. Оны осындағы «экономикалық игеруді» жүзеге асырып жатқан ведомстволар төлейді. Ал іргедегі көнерген мұнайшы поселкелерінде көк тиын да жұмсалмайды. Өйткені, қалаларда тұратындарға жылы су, суық су, газ, радио линиясы, телевизор кабелі, телефон жүйесі жеткізіледі. Ондағы баспана оқтын-оқтын жөндеуден өтеді. Ал әлгіндей елді-мекендердегі мұндай шаруаның бар салмағы қарап жүрмей, қалтасын қағып көзкүйік баспана салған соры қайнағандардың өздеріне түседі. Сонда мұның «жеген ауыз жей берсін, кепкен ауыз кебе берсін» дейтін бағзы қағидадан айырмасы қайсы? Әлгіндей жайлы баспаналарда Маңқыстау мұнайшы семьяларының ең көп дегенде жартысы ғана тұрады. Ал қалған жартысының киіп отырған көбі әлгіндей. Мұны қалай әлеуметтік әділетке жатқыза аламыз?! Басқаны қойғанда, қара судың өзінің әділ бөлінбеуі қалай? Шевченко қаласында тұратындарға күніне орта есеппен адам басына 500 литрдей ауыз су, тұрмыс қажетін өтеу үшін 1100 литрдей техникалық су бөлінеді. Ал Жетібай мен Ералиевте кісі басына бар болғаны 37 литр су тиеді. Мұндағыларды «қора-қопсысынан» айырғысы келмейтін министрлер сүт үшін сауылып отырған әр түйенің қанша су ішетінінен атымен бейхабар. Ондайға бола бас қатыратын адамдар болса, жұмыскерлерінің көбі Жаңа Өзен қаласы мен айдаладағы поселкелерде тұратын СССР-дің мұнай мен газ өнеркәсібі министрлігі бөлінетін күрделі қаржысының 80 проценттейін Орта машина жасау министрлігінің арқасында онсыз да жұмаққа айнала жаздап отырған Шевченкоға жұмсамай, өз жұмысшылары тұратын елді мекендердің жағдайын жақсартуға пайдаланбас па еді?! Мұндай «көрсе де көрмес» саясат арқылы мұнай министрлігі басқаны қойып, кейбір еліміздегі ең ірі кен орындарын қолдан жауып тастауға шақ қалған тұстары бар. Мәселен, Жетібай кені өндірілетін қоры 200 миллион тоннадан асатын аса сирек кен орындарының бірінен саналады. Сол кен орнында істейтіндерге соңғы 15 жыл ішінде 1100 пәтер бөліпті. Бәрі де Шевченко қаласынан беріліпті. Соның салдарынан 982 кісі үй алған бойда, кәсіпшіліктегі жұмысын тастап кеткен. Сонда олар 12-15 жыл бойына тек пәтер алу үшін ғана жұмыс жасап жүрген болып шығады. Бұл — одақтық министрліктің жергілікті жерлерде «маман тұрақтандырған» түрі! Әлеуметтік мөселелерді шешудегі дәл мұндай «көрегендіктің» нәтижесінде бұл кен орынын атымен жауып тастап, әңгімені бітіруге асыққандар да болды. Көбіне-көп жұмыссыздық та осындай ұшқарылықтан туындады. Әлгіндей асығыс шешімге уақытылы тойтарыс берген жергілікті мұнайшылар, міне, үш жыл бойына жыл сайын 200-300 мың тонна асыра өнім беріп келеді. Бірақ, одан олардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға көк тиын да пайда түсіп жатқан жоқ. Дәл осындай жағдай Жаңа Өзен кәсіпшілігінің де басында бар. Тек XIX Бүкілодақтық партия конференциясы құрметіне жаңаөзендіктер 16,2 миллион сомның жоспардан тыс өнімін тапсырыпты. Ал кәсіпшілік ашылғалы тапсырылған мұндай көтеріңкі өнімнің көлемі қанша! Егер соның бір бөлегін өз әлеуметтік мәселелерін шешуге қалдырған болса, Жаңа Өзендегі биылғы дүрбелең болар ма еді? Әрине, жоқ.

Айдаладағы қаланың өзі шағын болғанмен, шаруасы шартарап. Миннефтегазпромның балансындағы бұл қалада 30,2 мың еңбек жасындағы адам тұрады. Оның 25,7 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. Ал төрт жарым мың адам талай уақыт жұмыс таба алмай келген. Оның сыртындағы 26 мың еңбек жасына жетпеген және асқан буындардың өкілдерінің төрт құбыласының түгел болып тұрған түрі байқалмайды. Ал бос тұрған орынды кез келген бастықтың бос жүрген кісіге қия салуы қиын. Өйткені, мұнда жалақысы аз қызмет жоқ. Сондықтан да кетсе, жақын адамға кетсін дейтін психология содан өрбиді. Жер түбінен адам тасу да содан шығады. Демек, мұндағы әрбір жұмыс орны — шын мәніндегі әлеуметтік мүдделер тайталасының нысанасы. Содан келеді де, әлеуметтік әділеттің бұзылуы шығады. Ол кейде право тәртібін бұзушылыққа ұрындырады. Жаңа Өзендегі оқиға да дәл осындайдан өрбіген. Әрине, ашу үсті айтылған жазықсыз адамдардың да намысына тиетіндей үзілді-кесілді талаптар мен әсіре айыптауларды мақұлдауға болмайды. Жалпы, қазіргідей бір-біріне тікелей тәуелді дүниеде өмір сүріп отырып, бір-бірінің көңіліне қарамаушылық бір-бірін сыйлай білмеушілік аз ұлтты да, көп ұлтты да, жергілікті тұрғындарды да, жергілікті емес тұрғындарды да үлкен абыройсыздыққа душар етеді. Бұны кадр мәселесінде тек бұралқы әңгімелер ғана емес, заңды наразылықтар туғызатындай ағаттық жіберген жаңаөзендік басшылар әуелден ескерулері қажет еді. Ешкім ешкімге: «Ешкіммен дос болма, жолдас болма, жерлес болма!»— демейді, бірақ өзің істейтін мекемені, не қызмет саласын өз дастарханыңның басындай қып, өңкей «өз адамдарыңнан» жинап алу біреулерді әсіре астамшылдыққа, біреуді әсіре кінәмшілдікке ұрындырады. Барша алакөздік те сондайдан өрбиді. Ол келіп адамдарды қойып, халықтардың арасына іріткі салады.

Тым масайрап кеткен жаңаөзендік кооператорлардың «одессеясының» аяғы осындайға кеп соғып отырған жоқ па?

Әйтпесе, кооператив кафелерінде шашлық үш сомнан сатылып тұрғанын көріп отырып, 1987 жылы мәселен, жан басына 51,4 ккилограмнан өндірілген еттің қайда кетіп жатқанын аңғару қиын ба еді? Немесе жан басына шаққанда, 1064,6 сомның бұйымы сатылып отырып, ешкімнің еш дүкеннен ештеңе сатып ала алмай, сенделіп жүруінің аржағында не жатқанын сезбейтіндей не бар еді? Ал енді тұрғын үй қоры әр адамға 12,4 шаршы метрден келетін қалада үй алушылардың кезегінің 1981 жылғы деңгейден бері жылжи алмай жатқанына қарап-ақ, бұл мәселеде де суық қолды сұғанақтардың үстемдік құрып кеткенін біле беруге болмайтын ба еді?! Егер сол суық қолды сұғанақтарға тиісті уақытында тиісті тыйым жасалса, бүгін көп жазықсыз адамдар қарадай жандары күйгендіктен бір-бірінің жағасынан алар ма еді?! Осыны ескерудің несі қиын?

Қиыны — қағаз бетіндегі «жетістіктерге» алданып, өмірдегі келеңсіздіктерді көре білуге ешкімнің зауқы соқпағандығы.

Жоғарыдағылардың төменде не болып жатқанына көздері түспеді, төмендегілердің оларға көздерінен шұқып көрсетуге жүректері дауаламады.

Екі ортада алыпсатарлық, парақорлық, сыбайластық етек жайды. Олар жүрген жерде алалаушылық пен алауыздық өрбімей тұра ала ма?

Мұндағы көп пысықайлар дүниеде «әлеуметтік әділет» дейтін ұғым барын көшедегі күркіреген көп дауысты естігенде барып естеріне алды.

Сонда ғана кейбір өндірістік мекеме басшылары сасқан үйрек артымен жүзедінің керіне басып, бар гәпті «интернационализм» мен «ұлтшылдыққа» әкеп саюға тырысты. Әлдеқашан үрдістен шыққан «еңбек сүйгіш халықтар» мен «жалқау халықтар» ауызға ілікті. Кейінгі жылдары, құдды бір қойшы Боран Нысанбаев, орысша білмесе де, Александр Матросовтан әлденеше ай бұрын жау дзотын кеудесімен жаппағандай, ал генерал Власов орысша білмегендіктен фашистерге сатылып кетіп жүргендей, «тіл білмеу» мен «ұлтшылдықтың», «тіл білу» мен «интернационализмнің» арасына тепе-теңдік белгісін қоюға тырысатын әдет шықты ғой. Бұл жолы да жергілікті жастардың орысшаға келгенде желдей есіп тұрмайтындығын желеу еткісі келетіндер бой көрсетпей қалған жоқ.

Сондай «данышпандықтың» бір көрінісі — «басқа жақтан келгендер кетіп қалса, мұндағы кәсіпшіліктердің бәрі тоқтап қалады» деген уайім еді.

Иә, ондай болмасын! Болса, тек өндірістік қана емес, саяси дағдарыс боп саналар еді.

Бірақ, ширек ғасыр ішінде мұнда жергілікті халық өкілдерінен жұмысшы маман даярлап, олардың шеберлігін жетілдірудің ойдағыдай жолға қойылмағандығын да ешкім шынайы интернационализм деп түсіндіре алмаса керек.

Ол үшін орыс тілінің де, қазақ тілінің де басын ауыртпаған жөн. Бізде экономика тілдік монополизм, этникалық монополизм орнатуға емес, барлық халықтар мен барлық мәдениеттердің бірдей дамуына қызмет етеді. Ленин айтқан «халықтың өз тілінде білім алу правосына» өндірістік оқу да кіреді. Ендеше, ең болмаса мұнайшылықты әлдеқашан ата кәсіп қылған Атырау маңында орыс тілімен қатар қазақ тілінде де тиісті кәсіптік білім беретін бір факультет, бір техникум, бір кәсіптік училищені емге таба аласыз ба?

Жаңа Өзендегі кәсіпорындар мен олар бағынатын ведомстволардың басшылары шын интернационалистер болса, бұған дейін осыны нағып ойламаған?!

Олар бұл түгілі «өз астаналарының» шөлден қаталап отырғандығымен де шаруалары жоқ. Еділден келетін су әлі күнге Бейнеуден бері аса алмай жатыр. Асқан күнде де, оны тазартатын орталықтың құрылысы әлі мандымай жатыр. Сметаның құны 7,8 миллиондық объектіден бар болғаны 0,4 миллион сом қарастырылған. Мұнайшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы құрылыс тресін Шевченкодан Жаңа Өзенге көшіріп, жылына 50-60 мың шаршы метр тұрғын үй салдыру керек. Ол үшін жұмыс көлемін жылына 25 миллион сомға жеткізу керек. Сонда трест мұнайшы семьяларының мүшелеріне баспана да, қызмет те тауып беруге қолғабыс тигізе алар еді. Бұл мақсатта қалада жаңа цехтар мен филиалдар санын көбейтпесе болмайды. Осы жылы, уәделі тігін фабрикасын бітірген жөн. Бұл ретте жергілікті орындарды төмпештей бергеннен гөрі басқа өндіріс салаларына қарағанда, жұмысшылардың мәдени-әлеуметтік мұқтаждарын өтеуге 8 есе, тұрғын үй салуға 5 есе аз қаржы бөліп отырған СССР Мұнай және газ өнеркәсібіне қатты талап қоятын уақыт жетті. Бұл министрлік өзі игөріп жатқан территориядағы советтерге, әсіресе, ауыл шаруашылық аудандарына түщы су үшін, өндіріс мақсатында бұзылған территория үшін, құрылыс материалы үшін көк тиын да төлемейді. Ал мәселен, Сауысқан жер асты суынан немесе Қызан маңындағы жер асты суынан су алып, жеміс, көкөніс өндіруді ұлғайтқысы келген шаруашылықтарға, ол судың текше метрін 2-3 сомнан сатқысы келеді. Сөйтіп, аймақтағы ауыл шаруашылық секторы мен өндіріс секторының азық-түлік программасын бірлесіп шешуіне қолбайлау жасайды.

Аталмыш министрлік бар мәселеде осындай үнемшіл болса ғой! Жоқ, олай емес. Әлі зиянсыз технология табылмай тұрып, кен орнын игеруге кірісу қайдан үнемшілдік болушы еді?! Мәселен, Теңіз кенін игерудегі экологиялық зақымдарды қалпына келтіру үшін республика үкіметі тек биылдың өзінде 20 миллион сом қаржы бөлуге мәжбүр болды. Ал министрлік оған қарамастан мұнай, газ өндіру программасын кеңейткен үстіне кеңейте түсуде. Ғалымдардың айтуынша, Теңіз кеніндегі батыс елдері құрал-жабдықтарын пайдалануда кеткен сәл ағаттық бұл аймақты Чернобыль апатындай апатқа ұрындыруы мүмкін. Бірақ, министрлік мұндағы құнды шикізатты американ, итальян, жапон компанияларының бірігіп пайдаланатынына мәз болып, технологиялық та, экологиялық та мәселелердің шешімін күтпестен, іске асығыс кірісіп жатыр. Басқаны былай қойғанда, жан-жақтан самолетпен адам тасуға жұмсалатын қаржыға жергілікті жерден жоғары квалификациялы мамандар әзірлеуді әбден жолға қоюға болар еді. Мұндай асығып-үсігушілік Маңқыстау кендерін игеруде де кеңінен орын алды. Өзен кенін өндірудің технологиялық режимі сан рет өзгеріске ұшырады. Шын мәнінде, Маңқыстаудың парафинді, Бозашының смолалы мұнайын өңдеудің оптимальды технологиясы әлі табылған жоқ. Қаражамбастың құрамында ваннадий бар мұнайы Гурьев заводында өңделеді де, ол мұнай құрамындағы коксты алуға кедергі келтіреді. Соның салдарынан қазіргі өндіріске ауадай қажет ваннадийден де, кокстан да айырыламыз, әрі мұнайдың сапасын түсіреміз. Әрі баяғыда салынған заводтың технологиялық режимін бұзамыз. Егер әлгі құнды элементтерді жергілікті жерде бөліп алатын технология тапсақ, қанша қосымша пайда түсірген болар ек?! Мәселен, Маңқыстау мұнайының құрамындағы парафинді бөліп ап, медицина мекемелеріне сату арқылы Грозныйдың мұнай айыру заводы шаш-етектен пайда табуда. Ал біз желді аймақта үйдің шатырын бекітетін битумды өзіміз мұнай өндіріп отырып, Сібірден алдырамыз. Шевченкодағы Каспий маңы металлургия комбинатының энергия кәсіпорындары жылуды жұмсайтын орын таба алмай, жерге жіберіп отыр. Ал Маңқыстауда не көп, құм көп. Әлгі жылу мен сол құм қосылса, шыны болып шықпас па еді? Шығар еді. Біз оның орнына малшылардың баспанасына әйнекке керек шыныны жер түбінен алдырамыз. Маңқыстаудан алдырған ұлутасты Киевтің бір құрылыс орны шағын форматқа түсіріп, жұқалап кесіп сатып, қыруар валюта табады екен. Ал біз оны ең болмаса әшекей материал ретінде емес, кірпіш сықылды қабырға тұрғызатын материал ретінде пайдаланып, босқа рәсуа қылып жатырмыз.

Расына келсек осы заманғы технология жағдайында жүздеген түрлі бұйымдар шығаруға болатын Маңқыстау мұнайын, газын, ұлутасын шикізат күйінде тапсырып, өз ұрпағымыздың аузындағы ырзықты өз қолымызбен қағып отырмыз. Мұндай игеруді экономика деп емес, әшейін талан-таражға салушылық па деп те қаласыз.

Қандай бай өлкені болмасын, алдын-ала жан-жақты зерттелген технологиясыз, ондағы еңбек ресурсын ұқыпты пайдаланып, өлке мен халыққа ескелең мәдениет пен әл-ауқат алып келетін ұзақ жылдарға есептелген тыңғылықты әлеуметтік программасыз жер түбінен қыруар ақша шашып, адам әкеліп, қалай болса, солай игөріп, ондағы шикізатты ешқандай өңдеу-жөндеусіз оңай қолды қылу арқылы тез арада жұтатып, тез арада тұралатамыз.

Маңғыстаудағы бүгінгі әлеуметтік келеңсіздік те — әлгіндей экономикалық ұқыпсыздықтан туындап отырған құбылыс. Жүгірген аң тығылар оңаша жер қалмай, түгел игөріліп жатқан ұланбайтақ өлке республика өнеркәсіп өнімдері көлемдерінің бар болғаны 2,6 процентін ғана өндіреді екен. Оның сыры — әлгіндей еңбек ресурсын сырттан оңай тасып әкететін «шаруашылық есепте». Мұндай жағдайда өлкенің әлеуметтік көсегесі қайдан көгерсін?! Ол басқаны былай қойып, көрші мұнай да, газ да ендірмейтін аймақтардың көбінен кенжелеп қалды. Республикада мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қалалық жерде 60,3 процент, ауылдық жерде — 42,6 процент қамтамасыз етілсе, бұрынғы Маңғышлақ облысы бар болғаны 53,7 және 27,1 процентке ғана қамтамасыз етілді. Республика мектептерінде оқушылардың 66,9 проценті бірінші кезекте, 32,9 проценті екінші кезекте оқыса, мұнда 57,6 проценті бірінші кезекті, 41,6 проценті екінші кезекте оқиды. Республика ауруханаларында әр 10 мың тұрғынға 133,1 төсектен келсе, мұнда 103,2 төсектен келеді, респубикада әр бір 10 мың халыққа 38,7 дәрігер қызмет етсе, мұнда 28,7 дәрігер қызмет етеді.

Бұл көрсеткіштің өзі де республиканың күш салуымен мүмкін болып отырған жағдай. Ал мұндағы қыруар байлықты қалтаға басып жатқан министрліктердің мұндай-мұндайдың ешқайсысымен де шаруасы жоқ. Соның салдарынан да қиян шетте жатқан қиыр өлкенің мәдени-әлеуметтік дамуына ең ықпал ете алатын облыс жабылып қалды. Сөйтіп, қазыналы түбек «қалталы ведомстволардың» біржола оңай олжасына айналды. Олар сол баяғы «вахталық әдісті» бұрынғыдан бетер үрдіске айналдырып, өлкенің мәдени-әлеуметтік дамуын қолдан баяулатып отыр. Табиғи да, рухани да экологиясына орасан зақым келуде. Оны түзеудің экономикалық жолдарын қарастырудың орнына, мұндағы әлеуметтік проблемаларды түбегейді шешетін көлемді қаржы бөлудің орнына жан-жақтан оңай олжа іздеген уақытша қызметкерлерді көптеп тартуға әсер ететін «қосымша жалақылар», «үстеме коэффициенттер» ойлап табылады. Ондай «уақытша дәурен сүріп қалуды» көздейтін психология адамдардың өз төңірегінде не болып, не қойып жатқанына мән бермеуге итермелейтін рухани конформизмді, өз өлкесіне өзі жат болуды немесе құдіретті экономикалық штабтардың әлгіндей оспадарлығына еш қайран қыла алмайтын жергілікті өкімет орындарын жатырқаушылық тенденцияларын қалыптастырды. Ал бұл тенденция қоғамдық ахуалымыздың орнықтылығына да өз ықпалын тигізбей қоймайды. Халықтар достығына да, ел бірлігіне де осындайдан зақым түседі.

Социализм жеке бастық мүддені де, таптық мүддені де, ұлттық мүддені де, күллі қоғамдық мүддені де бірдей қорғай алуға тиісті. Ол мүдденің бәрін ведомстволық мүддеге құрбан ету — біздің болашаққа деген сенімімізді ғана емес, әлеуметтік әділетке деген үмітімізді де түбірімен теңселтетін қатерлі құбылыс. Біздің патриоттық дүние түйсінуіміз бен интернационалистік өмір салтымызға жекебастық эгоизм, топтық эгоизм, коллективтік эгоизм, ұлттық эгоизм қандай қатерлі болса, ведомстволық эгоизм де сондай қатерлі. Өйткені, ұлттық және көп ұлтты аймақтарда ведомстволық озбырлықтың көп ұлттың аз ұлтқа өктемдігі немесе орталықтың жергілікті орындарға өктемдігі сияқты қабылдануы мүмкін. Сол сияқты жергілікті орындардың ведомстволық озбырлыққа наразылығы жергілікті халықтардың жергілікті емес халықтарға, шет аймақтардың орталыққа қарсы наразылығы сияқты қабылдануы да мүмкін. Және солай бағалауға айрықша құлықты адамдар да табылатын түрі бар.

Сондықтан ведомстволық эгоизмге көшеде тұрып, бұқаралық жолмен емес, партияның және мемлекеттің сайланбалы орнында саяси жолмен, парламенттік жолмен тойтарыс берілгені лазым. Ондай озбырлықтың одан әрі асқындап кетпеуін қамтамасыз ететін конституциялық кепілдіктер де керек.

Біз Жаңа Өзендегі күрделі шындықтан осындай оң қорытындылар жасалғаны дұрыс деп білеміз.

Алда тұрған алқалы жиындарда республикамыздың партия ұйымы мен парламенттік депутациясына үлкен үмітпен қоса, үлкен міндет те жүктеледі. Олар сталиншілдіктен көп зардап шегіп, ведомстволық эгоизмнен орасан зор қиянат (егер одақтық министрліктен жылына 15 миллиард сом табыс түсіріп, одан бар болғаны 30 миллион сомды республика бюджетіне қосатын болса, одан басқа не қиянат керек!) көріп отырған көп ұлтты республиканың мүддесін табандылықпен қорғай білуге міндетті. Сол арқылы көп ұлтты федерациямыздың да мүддесін қорғай алады. Ол үшін ұлт мәселесін тек қалыптасып қалған жағдай тұрғысынан қарастырып, бүгінгі таңдағы қиындықтардан ғана шығатын амал іздеумен шектелмей, табан асты боп келген тарихи әділетті қайтадан қалпына келтіріп, сол арқылы бұдан былай шынайы социализм, интернационализм принциптеріне ешкім тарапынан ешқандай қиянат жасауға жол берілмейтіндей қып, түбегейлі шешуге күш салу керек.

Ол үмітіміз ақталады деп сенеміз. Өйткені, тек әділет бар жерде ғана ынтымақ бар. Ал ынтымақсыз ешбір қоғамның, әсіресе, көп ұлтты қоғамның көсегесі көгере қоймайды.

1989


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама