Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Аққанат

Әнебiр жылы құс қанаты талып әрең жететiн Қарақұмның сонау бiр алыс қойнауында шағын ғана ақшаңдақ сор­дың жиегiнде күзеуде отырғанбыз. Ойпаңдағы ордың айналасын бұл маңнан мүлде кезiкпейтiн ақ шеңгел қоршаған. Үп еткен жел болса, сол топ шеңгел ызыңдай бебеулеп азалы күй­ге басады. Жанында едәуiр тұрсаң болды, сол зарлы күй бойыңа бiрте-бiрте енiп, төбе құйқаңды шымырлатады. Үлкендер сол сор­ға, сорды қаумалай өскен кәрi ақ шеңгелге адам баласын жо­латпайды, қурап сынып қалған бұтақтарына дейiн тамызыққа алдырмайды, ешкi-лақ паналағандай болса, қуып тастайтын едi. Сол бiр жердi көздерiнiң қарашықтарындай қастерлейтiн.

Әлгi көлдiң орны — сордан тұз ұшады. Тұз адамдардың бетiне қонады, көздерiн ашытып, жылатады. Сонда әжем: «Жылай бер, қалқам. Жылай бер. Бұл сенiң емес, тiрiлердiң тiлегiн тiлеп жат­қан Аққанаттың көз жасы ғой. Жылай бер...» — деушi едi.

Бiрде таңсәрiде ерекше бiр дауыстан шошып ояндым да, еле­гiзiп әжеме тақала түстiм. Ол кiсi де ояу екен, мына бiр ерекше дыбысқа құлағын түрiп, демiн iшiне тартып, тым-тырыс жатыр. Сұңқылдаған аққудың даусы үзiп-үзiп: «Қииқ!.. Қииқ!» — дейдi. Әлдебiреудi iздегендей, бiрақ ешкiм жауап қатпайды. Қараңғы түн басқан құмда бейсеубет үн жоқ. Өзен-көлсiз қу медиен, қу далада неғып жүрген аққу?

— Әже, бұл не? — дедiм сыбырлап.

— Ой, сорлым-ай десейшi... Бұл — Аққанат қой, бiзге су сұрап жатқан. Дыбысыңды шығармай жата бер, — дедi де, ауыр күрсiнiп көз жасын сүрттi.

Ертеңiне ел орынға отырған кезде, бұл ертегiнi маған әжем айтып берген. Әжем бұны өз әжесiнiң әжесiнен естiген екен. Ар­ғы әжемiздiң әжесi қыз кезiнде қырға көшiп бара жатқанда, Ақ­қанатты көлге шомылып жүрген жерiнен бiр рет көрген. Сонымен...

— ...Сол Қарақұмға адам аяғы тимей, мәуеге малынып тұрған шағында, жан-жануарлар дегенiңiз өрiп жүретiн кезде, осы көлдiң басында Жаужұмыр деген аңшы тұрыпты. Аңшы құс салып, тұзақ құрып күн көредi екен. Сол Жаужұмыр бiр перзентке зар бо­лыпты. Күндiз аң аулап шаршап-шалдығып келiп, жаман лашы­ғының түндiгiнен көкке қарап жатқандағы жалғыз арманы —
бар болғаны бiр перзент екен.

Бiр күнi тұзағына жетi бiрдей бұлдырық iлiнiптi. Бұлды­рық­тарды тұзақтан босатып алғалы еңкейсе, бiреуiне тiл бiтiп, былай деген екен:

— Ей, Жаужұмыр, берi қара. Мынау менiң алты бiрдей перзентiм едi. Қаталап, көзiмiз қарауытып жүрiп, сенiң тұзағыңа iлiнiп қалдық. Ендi тұқымымыз түгелдей құритын болды. Бiреуiмiздi босат. Ең болмаса соңымнан ұрпақ қалсын.

— Олай болса... — деп, Жаужұмыр бәрiн де босатып жiберiптi. Балапандар қуана-қуана ұшып кетедi. Бостандық алған әлгi ана бұлдырық аңшының иығына қонып, құлағына: «Тiлегiң қабыл болады», — деген екен.

Күндердiң күнiнде сол ана бұлдырықтың айтқаны келiп, аң­шы қызды болыпты. Қыздың ай десе аузы, күн десе көзi бар, асқан сұлу екен. Дүниеге құстың айтқанымен келген соң, әрi перзенттерi аппақ болған соң, атын Аққанат қойыпты. Анасы: «Қы­­­зымыз жұртқа аралассын. Қатар құрбыларын танысын. Жал­­­ғыз­дан-жалғыз отырмай, ел iшiне, қалың жұртқа көшелiк», — дептi. Әкесi талай жылдардан бергi нәпақа тауып жүрген ата кә­сiбiн қимаған екен. Оның үстiне: «Қызымды көрсе, жұрттың тiл-көзi тиедi. Бойжеткенше оңаша отыра тұралық», — дептi. Анасы жұбайының ақылына көнiп, ығыланып, «сенiкi де жөн екен-ау» деп, ескi жұрттарын жаңғыртпай, отыра беруге келiскен екен.

Сол жылы Қарақұмда бiр тамшы да жауын тамбай, адам айтса сенгiсiз орасан шөл болыпты. Шөптiң бәрi күн қыза-ақ сарғайып, қурап кетiптi. Жан-жануар беттерiнiң ауған жақтарына тым-тырақай тарап, жаппай босқынға ұшырапты. Қарақұмда жүгiрген аң түгiлi, құс атаулы қалмапты. Жаужұмырдың өзi қазып алған тоқсан құлаш құдығы бар екен, ол құдыққа дейiн қаңғырлап кеуiп қалыпты. Даланың реңкi бұзылып, қып-қызыл болып күйiп кеткен екен.

Ата-анасы кiшкентай Аққанатты үйдiң көлеңкесiне тастап, перзенттерiнiң аузына бiр қасық су iздеп, екеуi екi жаққа кетiптi. Қарақұмнан ерiн жiбiтерлiк бiр тамшы су табылмай, сусыз тағы қайта алмай, екеуi де дала кезiп жүре берiптi, жүре берiптi. Аққанат ата-анасын iздеп, шырылдап жылапты. Жылап, жер тепкiлесе, өкшесiнiң астынан бұлақ бұрқ ете қалыпты. Сол бұлақ бiрте-бiрте үйлерiнiң жанындағы ойпаңға құйылып, кiшкентай көлге айналыпты.

Құм кезiп әбден болдырған ата-анасы үйлерiне жақындаса, алыстан бұлдырап көл көрiнедi. «Бiздi алдаған сағым болар» деп ойлайды екеуi де. Жақындап келсе — көл! Аяғын бұлаққа малған Аққанат су шапаттап жатыр. Ата-анасы жүректерi жарылардай қуанады.

Содан, бастарының ауған жақтарына босып кеткен аң-құс, жан-жануарлардың барлығы көл басына қайта оралып, қанып iшiп, рақаттана шомылып, кенелiптi де қалыпты. Құрағы жайқалып, үйрек ұшып, қаз қонып, сәнiне келген әсем көл болған екен. Ол Аққанат көлi деп атанып кеткен. Африкаға ұшып бара жатқан да, Африкадан қайтқан да бiрде-бiр құс атаулы Аққанат көлiне қонып, сабаттап, тынығып әлденiп алмай, әрi қарай сапар шекпейтiн болыпты. Көлдiң басы күнi-түнi у-шу, қым-қуыт болып жатады да қояды екен. Сөйтiп Аққанат көлi шалқар шөлдiң ортасындағы тоқсан жолдың торабына айналған.

Жан-жануарлардың барлығы да бұлақ басында ойнап жүретiн Аққанатқа бауыр басып кетiптi. Олар көлдiң басында Аққанат жүрсе ғана су iшiп, емiн-еркiн асыр салады екен. Әлдеқалай Аққанат жоқ болса, оның келуiн күтетiн дәстүр болыпты.

Ол кезде желмая жабайы екен. Түйенiң аталарының ата­сы Қызылнар кiшкентай бота көрiнедi. Сол бота таң ата Жау­жұ­мырдың лашығының қасына келiп, боздап Аққанатты оятатын көрiнедi. Сонан Аққанат далаға шығып, бұлаққа бетiн жуады. Аққанат бетiн жуып болған соң барып, жан-жануардың барлығы бiрдей суға бас қойып, қанып алады да, оттағаны оттап, қалғандары айдын көлде емiн-еркiн асыр салатын болыпты. Ал Қызылнар болса, Аққанаттың жанынан бiр елi ұзамайды. Аққанат оның шудасын тарап, үстiне жабысқан шөңгесiн алып, шаң-тозаңын қағатын көрiнедi. Екеуi бiрiн-бiрi көрмесе тұра алмайтын тату екен. Сол Қызылнардан кейiн түйе атаулы адам қолына үйрене бастапты.

Қызылнар боздап оятқан Аққанат лашықтарының жанын­­дағы бұлақтан су iшiп, сол көлге шомылып, көлге қарап та­ра­нады. Оң­түстiктен солтүстiкке, солтүстiктен оңтүстiкке өтiп ба­ра жатқан құстар да, жортуылда жүрген аңдар да қу медиен, қу далада, шетi де, шегi де жоқ шөлдiң ортасында тостағандай мөп-мөлдiр тұнық көл, көлге шомылып асыр салып ойнап жүрген алтындай қызды көредi. Қыздың күн санап бұғанасы бекiп, бой жете бередi. Бойжеткен сайын сұлулана бередi. Бұлақтан су iшуге келген әлгi құстар мен жан-жануар Аққанат қыздың атын шартарапқа жая­ды. Талай патшалар мен хандар, корольдер мен мағараждар, сұлтандар мен паңдар шабармандарын жiберiп, әлгi сөздiң анық-қанығын бiледi. Қарақұмның ортасындағы Аққанаттың даңқы Кiшi Жойқын, Орта Жойқын, аға Жойқын, қарт Жойқын... қойшы, әйтеуiр, Жетi Жойқын дарияларының арғы жағындағы ылғи сiлеусiн жайлаған Шомбал тауының бергi етегiндегi Бардашап патшаның құлағына да тиедi. Патшаның Сусамыр деген жалғыз ұлы бар екен. Сол ұлын бұлдырыққа айнал­дырып, қасына бiр-бiрiнен аумайтын қырық бұлдырық қосып, Аққанат көлiндегi Аққанат қызды өз көзiмен көрiп келуге жiбер­ген екен. Сусамыр өзiнiң қырық нөкерiмен алты ай ұшып, арып-ашып Аққанат көлiне де жетiптi. Оймақтай көлдiң жиегiнде апта бойы сабаттап жатып, Аққанат қызды әбден ұнатып қалыпты. Ақ­қанат болса бұлдырықтың патша баласы екенiн бiлмейдi, көп құстың бiрi деп, оған назар да салмайды. Өйткенi күнде су iшiп кетiп жүрген көп бұлдырықтардан бұның ешқандай да айырмасы жоқ.

Сусамырдың Аққанатты ұнатқаны соншалық, нөкерлерiн қай­тарып, өзi осы Бұлдырық күйiнде көлдiң басында қалып қойғысы келедi. Алайда баласын тастап кетуге патшадан қорыққан нөкер­лер тағы да адам кейпiнде қайтып келуге сөз байласып, Сусамырды әрең көндiрiп, өздерiмен бiрге алып кеткен екен.

Кетерiнiң алдында Сусамыр Аққанаттың бұлақ басында шомылып жүргенде түсiп қалған бiр тал шашын тауып алып, қуанып, ұшып келiп Аққанаттың иығына қонып отырып, былай дептi:

— Мен Жетi Жойқынның арғы жағындағы Бардашап патшаның Сусамыр деген баласы боламын. Сенi көруге арнайы келiп, көрдiм. Ұнаттым. Бiр тал шашыңды алып кетiп барамын. Менi күт! Кешiкпей құдалыққа келемiн, — дейдi де, пыр етiп ұшып кетедi.

Аққанат бұлдырықтан өзге ештеңенi көрмей, мына сөзге таң-тамаша болып қала береді.

Қырық бiр бұлдырық алты ай ұшып, Кiшi Жойқын, Орта Жой­қын, аға Жойқын, қарт Жойқын... қойшы, әйтеуiр, Жетi Жойқын дарияларының арғы жағындағы ылғи сiлеусiн жайлаған Шомбал тауының бергi етегiндегi Бардашап патшаның тағының алдына келiп, пыр-пыр қона қалыпты да, болған жайды түп-түгел, қаз-қалпында баяндап берiптi.

Бардашап көзi қанталап, тағынан атып тұрып:

— Бар да, шап! — деп айқай салыпты.

Барып шауып келуге лезде қалың қол жиналады да қалады. Алайда Сусамыр қолбасын патшаға жiбермей, есiктiң аузында кес-кестеп тұрып алыпты.

Қолбасын әкесiне жiбермей, патшаға өзi келiп:

— Мен қанды жорықпен жар алмаймын! Аққанат қаласа, қо­сыламыз, қаламаса — жоқ. Осы сөзiм — сөз, — дейдi. — Менi балам дей­тiн болсаң, бейбiт құда жiбересiң.

Бардашаптың амалы құрып, жиналған қолды таратып жiбе­редi.

...Оның бергi жағында Аққанат көлiнiң Аққанат қызы жайлы шартарапқа тараған әлгiдей дақпырттан отыз екi патшалықтан Жаужұмырдың лашығына отыз екi дүркiн елшi келiп, құда түсiп кетедi. Аққанат отыз екiсiн де ұнатпайды. Шiлденiң жиыр­ма үшiнде отыз үшiншi құда түседi. Бұл Бөртпе тауының тө­менгi етегiндегi Сидам деген қалың жұрттың Жымқыр деген патшасының iшi тар, қызғаншақ, семiз ұлы болатын. Аққанат бұны да ұнатпайды. Жымқыр кетiп бара жатқанда: «Қандай байға тигенiңдi көрермiн, бәлем», — деп, Аққанаттың бұрымынан тартып қалып, кейбiр жаман қыздар сияқты ернiн шығарған екен. Ал Аққанат болса өзi көрiнбей, «Менi күт» деп кеткен Сусамырды күтедi.

Күндердiң күнiнде, боз қырау түсе, сексен ақ боз ат қосақтап жеккен қырық күйме мiнген құдалар келедi. Келедi де, кедей аңшы Жаужұмырдың лашығына сыймай, көл жағалап, шатыр құрып жатып алады.

Сусамыр бұрын бұлдырық болып ұшып келгенде алып кеткен қыздың бiр тал шашын өзiне бередi. Бередi де, Аққанатты ұнататынын айтады. Аққанат та Сусамырды ұнатады, жар болуға келiсiмiн бередi. Ата-анасы Аққанат келiскен соң, дiңкелерi құрып, жылап-сықтап жалғыз қызын адам көрмес кiшi Жойқын, орта Жойқын, аға Жойқын, қарт Жойқын... қойшы, әйтеуiр, Жетi Жойқын дарияларының арғы жағына амалсыз ұзатады.

Сөйтiп Аққанат пен Сусамыр Бардашап патшалығында бейғам да бақытты өмiр сүре бередi.

Бұл әңгiме жеткен жерiнде осылай тұра тұрсын. Ендi бiз Ақ­қанат бұлағының жайына келейiк.

...Алайда Аққанат кеткен соң, мөлдiр бұлақтың суы бiрте-бiр­те тартылып, көлдiң де сәнi кете бередi. Кететiн себебi бұлақ өзiнiң иесi — Аққанатты сағынады, оның бұлақ басында емiн-еркiн асыр салып жүргенiн аңсайды. Құм сағыныштан сарғаяды, жусан да, дүзген де, селеу де, сексеуiл де, не керек, шөп атау­лының бәрi сағыныштан сап-сары болып кетедi. Көл жетiмсiреп, үйрек ұшып, қаз қонып жататын бұрынғы салтанатынан айры­лады. Жан-жануардың барлығы да қаталап, бiрте-бiрте олар да сарғая бастайды. Күндердiң күнi осы өлкедегi тоз-тоз болып кеткен жан-жануарлардың барлығы қайта бас қосып, Аққанатқа өздерiнiң жай-күйлерiн айтып, хабар салмаққа бекiнедi.

Ең алдымен жетi сауысқан жолға шығады. Жан-жануар: «Бар­дашап патшалығы бұрын бiздiң көрмеген жерiмiз. Бiр пәлеге ұрынып қалып жүрермiз. Сақсыңдар ғой. Сендер барып қай­тыңдар», — деп сауысқандарға салмақ салған болатын. Олар алты ай жол жүрiп, Бардашап патшалығына жетедi. Жетедi де Аққанатқа:

— Өзiң кеткен соң, туған жерiңдегi мөлдiр бұлақ суалды. Көл тартылып қалды. Өсiмдiк атаулының таңдайлары кеуiп, сағы­ныш­тан сарғайды. Жан-жануарлар қаталап, әркiм беттерiнiң ауған жақ­тарына босып кеттi. Қарақұм қаңырады. Сенсiз сәнiмiз жоқ, берекемiз қашты. Құрақ жайқалып, көл бұрынғы сән-салтана­тына енсiн. Кiндiк қаныңның тамған жерiне орал, Аққанат. Кеткен келiп, кемтiгiмiз толсын, — деп жетi сауысқан жарыса жамырап, құйрықтарын қыпылықтатып, көз жастарын көл етедi.

Аққанат мына хабарды Сусамырға айтты. Сусамыр мына ха­барды патшаға айтты.

Бiр табақ еттi алдына алып отырған патша:

— Бар да, шап! — деп орнынан атып тұрды. — Ол заман да бұл заман, әлдеқандай бiр аққанат құстың сөзiне сенiп, келiнiн төркiнiне қайтарып жiберген есуас көрдiңдер ме?! — деп айқай салып, қайтадан көтерiлiп, сауысқандарға кемiрiп отырған ортан жiлiгiн лақтырып келiп жiбередi. Ол — ол ма, санаттарына айтып, жетi сауысқанды таяқтап үркiтiп, сарайдан қудырып салады.

Олар арып-ашып алты ай жол жүрiп, болған жайларды жер­лестерiне айтып келедi. Жерлестерiнiң ұнжырғалары түсiп ке­тедi.

Бұл хабарды есiткен соң Аққанатта жай-күй болмайды. Күн­дiз күлкiден, түнде ұйқыдан айрылады. Туған жерге деген сағы­ныштан күн санап сарғая бередi. Ата-анасын, бұлақтан тiршiлiк етiп жүрген жан-жануарлардың мүшкiл халiн ойлайды.

Жан-жануарлар тағы жиналып: «Қой аузынан шөп алмайтын момақан едiңдер. Бәлкiм, сендердiң айтқандарыңа құлақ асар», — деп ендiгi елшiлiкке даланың тоғыз торала қазын жiбередi. Олар алты ай бойы тынбастан ұшып, Аққанаттың босағасына келiп жығылады. Жығылады да, мұңдарын шағады. Аққанат бұл жайды Сусамырға айтады, Сусамыр әкесiне айтады. Әкесi алдымен: «Бар да, шап!» — деп ұшып тұрады да, шамалыдан кейiн сабасына қайта түсiп, қаздарға жем бергiзiп, тойындырып, су бергiзiп шөлiн қандырып, сарайға бiр күн қондырады да, «Барыңдар. Жөндерiңдi табыңдар», — деп сыпыртқышпен үркiтiп жiбередi.

Содан Аққанат төсек тартып, нәр сызбай жатып қалады. Күн санап емес, сағат санап аза бередi.

Жан-жануарлар тағы жиналып, Аққанатқа баяғы өзi шудасын тарап, шөңгесiн алып өсiрген Қызылнар бастаған он екi желмая­ны жiбередi. Елшiлер күн-түн демей, қырық ай жол жүрiп, өлдiм-талдым дегенде Бардашап патшалығына жетедi. Олар арып-ашып Аққанаттың босағасына келiп шөккен кезде, Қызылнар боздасын келiп. Боздап тұрып, өздерiнiң әлгiдей жай-күйлерiн айтып, мұңдарын шақсын. Бұл кезде төсектен басын көтере алмайтын халге жеткен Аққанат өзiнiң баяғы шудасын тарап, шөңгесiн алып өсiрген ботасының даусын танып, орнынан тұрып онымен құшақтап көрiсiп, көзiнен жасын көлдеткен екен. Бұл дауысты алдымен Сусамыр есiтедi, сонан кейiн Бардашап патша есiтедi. Патша алдымен: «Бұл не дауыс?! Бар да, шап!» — деп ұшып тұрады да, уәзiрi мән-жайды хабарлаған соң, сабасына қайта түсiп, санаттарын жiберiп, iстiң анық-қанығын толық бiледi. Он екi желмая­ны от пен суға қойып, сарайдағы қызметкерлерiн түгел жинап алып, мына iстiң жөнiн кеңеседi. Бiр күн, бiр түн үзбей кеңесiп, он екi желмаяға дәйектi жауап бере алмай, қайтарып жiбередi. «Келесi жылдың мамырында бiр хабар болар», — деген ғана сөздi айтады патша.

Он екiсi былай шыққан соң, Қызылнар айтады:

— Достарым, елге қайта берiңдер. Сендерге титiмдей де өкпем жоқ. Менде Аққанатты тастап кете беретiн хал болмай тұр. Мен кетiп қалсам, Аққанат құсадан мерт болуы мүмкiн. Не де болса патшаның айтқан ендiгi жылдың мамыр айын осы арада күтемiн, — деп қалып қояды. Он бiр желмая Қызылнармен қимай қош­тасып, елге тартады.

Айдалада жалғыз қалған Қызылнар Аққанаттың жайы не бол­мақ деп зарланып боздайды екен. Боздаған даусы Аққанат­тың құлағына емiс-емiс шалынып, «Мына дауыс Қызылнарым­ның даусы ғой» деп, басын көтередi екен. Аққанат басқа уақытта нәр сызбай жатады да қояды, тек Қызылнардың үнi жетсе ғана көңiлi аздап сергидi екен.

Бұл оқиғаның мән-жайы алдымен Сусамырға жетедi. Сонан кейiн Бардашаптың да құлағына тиедi. Бардашап баласының күн санап азып бара жатқанына көзi жетедi. Сонан амалы таусылған патша қырық санатына әмiр берiп, қу медиен, қу далада қаңғып, зарлап жүрген Қызылнарды таптырып, сарайға алдырыпты.

Бiрақ Аққанат сауығып кете алмайды, ол сауықпаған соң Сусамырда да маза болмайды. Жалғыз баласынан маза кеткен соң, әрине, патшадан да береке кетiптi. Аққанатты неше қилы балгер, тәуiптер мен емшiлерге қаратады — болмайды. Олардың бәрi де: «Келiнiңдi меңдеп бара жатқан — туған жерге деген сағыныш, — дейдi. — Өзiнiң кiндiк қаны тамған жерге барса ғана сауығып кетедi».

Патша санаттарын тағы жинап алып, үш күн, үш түн кеңеседi. Кеңеседi де, амалдың жоқтығынан, Аққанат пен Сусамыр екеуiн Аққанат бұлағына жiбермекшi болады. Патшаның жарлығымен жұрт көшке он ай бұрын дайындалады. Ендiгi жылы мамыр айын­да қырық түйе, қырық арба, қырық пәуескеге тиелген көш Аққанат бұлағына келiп жеткен екен.

Аққанат күймесiнен түсiп, бұлақтың орнына келу бойында-ақ, тандыры кеуiп қалған бұлақ қайта бұрқ-сарқ қайнап жүре берiптi дейдi. Сонан су сол тасығаннан тасып, көлдi толтырып, бұрынғы кенересiнен де асырып жiберген екен. Жайқалып ну құрақ өсiптi, жан-жануар атаулы қайта оралыпты. Көл басы у да шу салтанатқа толып, қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай өмiр қайта оралыпты. Iшкен — қанық, жеген — тоқ, бейғам өмiр кешiп жата берiптi.

Бұлар осылай бейғам өмiр кешiп жата берсiн. Ендi бiз баяғы Аққанаттың бұрымынан тартып, ернiн шығарып кеткен семiз Жымқырдың жайына келелiк.

...Көл жағалауындағы таңғажайып өмiрдiң даңқы бiрте-бiрте жан-жаққа да тарай берген екен. «Қай жаққа барасың?» десе, «Аққанат көлiне барамын» дейтiн көрiнедi екi жолаушының бiрi. «Қай жақтан келесiң?» десе, «Аққанат көлiнен келемiн» дейтiн көрiнедi екi жолаушының бiрi. Осы шартарапқа жайылған даңқ бiрте-бiрте Жымқырға да жеткен көрiнедi. Оған жесе — тоқ, iшсе қанық мамыражай көршiнiң жер аралап кеткен даңқы мүлде ұна­майды. Iшi тарылып, үйiткен құйқадай бүрiсiп-тырысып қала­ды. Оның үстiне Аққанаттың бұны көзге iлмей, бөтен бiреуге тиiп кеткенiне кек сақтап, Жымқырдың күндiз күлкiсi азып, түнде ұйқысы бөлiнедi. Қалай да Қарақұмның берекесiне айнал­ған Ақ­қа­наттың көзiн жоюды ойластырады.

Көл басындағы жан-жануардың барлығы да тату-тәттi тұрады екен. Көлге арам ниеттi бiреу келе жатса, алдын ала бiлiп, байба­лам салатын қызғыш деген құс болыпты. Ондай арам ниеттi келе жатыр десе, барлық құс шұқылап, киiктер сүзiп, түлкiлер тiстеп, жапалақтар үркiтiп, жабылып қуып тастайды екен. Соны бiлетiн Жымқыр ойлап-ойлап келiп, қарақұрт болып, бұлаққа су iшуге келе жатқан киiк текесiнiң қалың жүнiнiң iшiне кiрiп алыпты. Қызғыш құс киiктi көргеннен көлдi басына көтерiп дабыл қағып, шыж да быж болады, алайда күнде келiп жүрген текеден өзге ештеңенi көрмеген олар жан-жаққа әрi-берi қарайды да қояды. Ал қызғыш құста айқай салғаннан басқа тiл жоқ. Жан-жануар оның күнде су iшiп кетiп жүрген текеге бола неге шырылдап жүргенiн түсiнбей қалады. Жымқыр-қарақұрт бұлақтың басына түсiп қалады да, Аққанаттың таңертеңгiлiк бұлақ басына келiп, бетiн жууын күтедi. Таң бiлiнiп, бозторғайлар мен бұлбұлдар сайрап, жан-жануарлардың бәрi оянып, хайуанаттар орындарынан кө­терiлiп, өрiске беттегелi алдымен бұлаққа Аққанаттың жуы­нуын күтiп тұрған кезде, Аққанат та төсегiнен тұрып, керiлiп, жуынып-шайынбаққа беттейдi. Аққанат бұрқылдап жатқан мөл­дiр бұлақпен күлiмсiрей амандасып, бетiн шыламаққа ең­кейген кезде, шөптiң арасында бұғып жатқан Жымқыр шағып алады.

Аққанат сол күнi ымырт үйiрiле қаза болады. Көл де, шөптер мен жан-жануарлар да жамырай жоқтап, у-шу болып жылайды. Көлдiң басына қара бұлт үйiрiледi, жан-жануар, хайуанат атау­лының барлығы келiп азалайды.

Иiр мүйiз қошқар iзiнен қуып жүрiп, қарақұрт болып кеткен Жымқырды жусан түбiрiнiң астында жасырынып жатқан жерiнен тауып алып, жеп қояды. Алайда, амал кәне, қайта тiрiлетiн Ақ­қанат жоқ, бұлақтың басына қара түнек орнайды. Аққанатты өзiнiң бұлағының басына арулап қояды.

Сонан кейiн, басында асыр салып жүрген иесi болмаған соң, бұлақ бiрте-бiрте сарқыла бередi, сарқыла бередi. Көл құрғап, шөл­ге айналады. Шөптер сағыныштан қайта сарғаяды. Аңқалары кеп­кен жан-жануар, ұшқан құс, жүгiрген аң атаулы су iздеп, бет­терiнiң ауған жағына тарап кетедi.

Сары уайымға салынған Сусамыр бұлақтың басына келiп, ба­уырын құмға төсеп жатып алады. Нәр сызбайды. Тiршiлiктен қалады. Ендiгi жылы қырық түйе жетелеген патшаның өзi ба­ласын көшiрiп алып кетуге келедi. Сусамыр әкесiне ермейдi. Айлар бойы нәр сызбай, Аққанатты жоқтап сол бұлақ басында жатады да қояды. Содан күндердiң күнiнде Сусамыр сағыныш пен жарға деген адалдықтан аққуға айналып кетiптi. Көлдiң ортасында жалғыз аққу: «Ақ-қа-на-тым! Ақ-қа-на-тым!» — деп күнi-түнi сұңқылдап жүретiн де қоятын болады. Жазда да, қыста да сол көлден шықпады. Қасына ешкiмдi жолатпайды, жылы жаққа — өзiнiң ата-анасына ұшып та кетпейдi.

Жылдар өтедi. Бұлақ сарқылған соң, көл де бiрте-бiрте тартылып, құрғай бастайды. Аққанатты iздеп сұңқылдаған аққудың көзiнен тамған жастан көл аши бастайды. Оның сұңқылдаған зарлы даусы күншiлiк жерге дейiн естiлетiн көрiнедi. Сол аққу әбден қартайып, сорға айналған көлдiң түбiнде қалыпты.

Содан берi нешеме заман өттi, махаббаты адал, жүректерi ақ адамдар таң алдында құлақ түрсе, көлдiң түбiнен сұңқылдаған емiс-емiс дыбыс есiтетiн көрiнедi. Бұл Аққанатын әлi iздеп жатқан Сусамыр аққу көрiнедi. Бұл: «Су бер! Су бер!» — деп, жағы талмай, туған жерге береке тiлеп жатқан Аққанат көрiнедi. Сол көл екi мұңлықтың көз жасы мен зардан сорланып кетiптi. Көл қос аққудың көз жасы көрiнедi. Көл басына шыққан ақ шеңгел кiшкентай жел тұрса болды, «Аққанатым менiң, қанатым» деп шулайтын көрiнедi. Содан берi ақ шеңгел тек пәк адамдардың мүрдесiнiң үстiне ғана шығатын болған екен, — дейдi әженiң әң­гiмесi.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама