Ортақ үйдің түтіні түзу ұшсын
Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, Республика Жоғарғы Кеңесі сессиясының 28 мамырдағы кешкі мәжілісінде «Азаматтық келісім» депутаттар тобының мәлімдемесі оқылды. Ол жұртшылық арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Ондағы келтірілген тұжырымдардың қаншалықты орындылып, көп ұлтты республика болашағына қалай ықпал етері, әрине, кім-кімді де енжар қалдыра алмайды. Осыған орай, сессияда «Азаматтық келісім» депутаттар тобы көтерген мәселелерге түсінік берген Жоғарғы Кеңестік Ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы Әбіш КЕКІЛБАЕВТЫҢ сөзін толық күйінде жариялап отырмыз.
Құрметті қауым!
Қадірлі Президент!
Қадірлі Төрбасы!
Кеше, 28 мамырда, сессияның кешкі мәжілісінде халық депутаты Т. В. Жаворонкова «Азаматтық келісім» депутаттар тобының үндеуін оқып берді. Осыған орай түсінік беруді жөн деп есептейміз. Әдетте мұндай мәлімдемелер біреулеріміздің әсіре сыпайылығымыздан, екінші біреулеріміздің істің шын жәйіне жете хабардар еместігімізден туындайды.
Әлемдік тәжірибе көп текті қоғам жағдайында тілдер мен ұлттардың ара-қатынасын құқықтылық жолымен реттемей болмайтынына көз жеткізіп отыр. Мемлекеттердің ондай іске тек озбырлық жүйе күйреп, демократиялық үрдіс шындап бел ала бастаған тұстарда тәуекел етулері де тегіннен-тегін емес. Мәселен, Швейцарияда Наполеон империясы күйрегесін ғана, Испанияда Франко өлген соң ғана, Индия, Индонезия, Филиппин аралдарында азаттық алған соң ғана әлгіндей шара жүзеге асты. Бізде де тап солай болып отыр. Бұрынғы Кеңес Одағының өзге де құқықты мүшелері сияқты, Қазақстан да адамдарды өз тілінен өздері бөзіп кетуге мәжбүр еткен тілдік-әлеуметтік саясатты мансұқтамай тұра алмады. Бұндай құбылысты тек кейбір тілдердің әуелден де өмірге икемсіз болатындығымен түсіндіруге болмайды. Олай дейін десек, әлгі заңды қабылдар алдындағы, социологиялық зерттеулерге қарағанда, Қазақстанда тұратын немістердің 54,4, корейлердің 51,7, поляктардың бар болғаны 12,2 проценті ғана өз тілін ана тілім деп мойындамаған. Ал неміс, корей, поляк тілдерінің Германия, Корея, Польшада жалпы мемлекеттік және де басқа қызметтерін ойдағыдай атқарып жүргенін бәріміз де жақсы білеміз. Қазақстанға келсек, мұндай дәрежеге күллі мемлекеттік атағын алып отырған халықтың тілінің өзі ие бола алмай келді. Ол өзінің тарихи отанында соңғы кеңестік жетпіс жыл ішінде ежелден бергі бүкіл бір ұлттың алуан сипаты қарым-қатынасының құралынан от басы, ошақ қасы тіліне дейін құлдырады. Әлгі социологиялық зерттеулердің айтуынша, КСРО Конституцияларының барлығы да егеменді мемлекет деп таныған республикада, орыстардың 0,9, украиндардың 0,6, белорустардың 0,4 проценті ғана, немесе қазақ емес әр мың адамның тек 10-ы ғана қазақша біледі екен. Ал мұндай көрсеткіш: Украинада — 400, Литвада — 231, Өзбекстанда — 292. Ол аз десеңіз, қазақтардың өзінің 37,2 проценті өз тілін шала-шарпы біледі. Мұндай жағдайда қандай тілге қысым жасаушылық жөнінде сөз етуге болады? Міне, дәл сол кезде тілді кемсітушілік жөнінде дабыл қағылғанда қандай ғанибет болар еді. Өйткені, соның қырсығынан түпкілікті халық өз мемлекетінің экономикалық қуатының нығаюына өз үлесін қоса алмады. Басқаны қойып, өз тілінде жұмысшы мамандығын алудың өзі мұң болды. Сондықтан да, қазақтар саны машина жасау мен металл өңдеуде — 12,4, көмір өнеркәсібінде — 9,2, қара металлургияда — 8,6 проценттен аса алмады. Әрине, бұндай ахуал өз жерінде мың жылдап өзі мемлекетке ие болып келген, оны тіпті барлық сталиндік-брежневтік КСРО Конституцияларының өздері де мойындап, ол кезде еркімен құралды деп санаған Одақтың терезесі тең құқық иесі мүшесі деп таныған ұлттың дамуына аз зардабы тимегені айтпаса да белгілі. Ендеше, қазіргідей жаппай демократиялану көзінде кенеттен азаматтық қоғам мен ұлттық мемлекет турасында мұндай көл көсір айтыстың қайдан өрбіп жүргеніне қалай таңғалмауға болады? Азаматтық қоғам ұғымының таза саясаттану термині ретінде кейінгі жылдары баспасөзде кеңінен қолданылғаны белгілі. Ол бірақ мемлекеттік сипатын білдіре алмайды. Сондықтан да БҰҰ, ЕҚЫМ ұйымдарының барлық негізгі құжаттары мен олардан туындайтын құжаттарында да кездеспейді. Оны тіпті АҚШ Конституциясынан да ұшырастыра алмаймыз.
Ендеше мұндай дау нені көздейді? Қалайша біреулер осы арқылы қазақ халқының өз жолын өзі таңдауы, өз тағдырына өзі ие болуы құқын, ешкім қол сұға алмастай төл құқын, әр халыққа тән әлгіндей құққа негіздедген төл мемлекетінде төл тілінің мемлекеттік дәреже алу құқын жоққа шығаруға болады деп ойлайды екен?
Бұл арада қауымымыздың көп текті, көп нәсілді екеніне иек арту атымен жөнсіз. Иә, бүгінде Қазақстанда қазақтардан да басқа жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады. Бірақ, Қазақстанның бір күнде және өз еркімен мұндай күйге түспегенін қалай ұмытамыз? Өткен ғасырдың аяғынан көп әрі емес кезеңде, бұл өлкеде бар болғаны әрбір оныншы тұрғын ғана қазақ емес болатын. Сталин озбырлығы, соғыс көзіндегі жаппай қоныс аудару, бейбіт кезде тыңды қалай болса солай игеру қырсығынан әлгіден де асып кеткен бейберекет көші-қон салдарынан қазақтардың саны 34 — 35 процентке дейін құлдырады. Сөз жүзінде теңдік деп қақсап, іс жүзінде қарама-қарсы іс істейтін қаныпезер саясат тұсында басқаша болуы еш мүмкін емес еді. Өркениетті дүние ондай саясатты батыл айыптады. Біріккен Ұлттар Бас Ассамблеясы 1960 жылдың 14 желтоқсанында Отар елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы Пәтуа қабылдады. Ол барлық халықтардың өзін-өзі билік құқын мойындап, барлық мемлекеттерден БҰҰ Жарғысы қағидаларын бұлжытпай орындауы, барлық халықтардың егемендік құқықтарын, барлық мемлекеттердің территориялық тұтастығын сыйлауды, ішкі істеріне қол сұқпауды, өзара түсіністік жағдайында қарым-қатынас жасауды, бағынышты және өз билігі өзінде емес территориялардың, сондай-ақ тәуелсіздік ала қоймаған басқа да территориялардың халықтарының өз билігін өзіне беруі жодында шұғыл шаралар алуды талап етті. Ал 1965 жолдың 21 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Мемлекеттердің ішкі істеріне қол сұқпау, олардың тәуелсіздігі мен егемендігін қорғау туралы Пәтуа қабылдады. Онда әрбір елдің, әсіресе отаршылдықтан жаңа босаған елдердің тәуелсіз, азат, толыққанды экономикалық, әлеуметтік мәдени дамуына жағдай туғызу керектігі айтылып, олардың ешкімнің сырттан қысымынсыз, күштеуінсіз өз саяси, экономикалық, әлеуметтік үрдістерін өзі белгілеуге құқылы екендіктері баса көрсетілді, ішкі немесе сыртқы күштер тарапынан шығып жатқанына, қандай себептермен туындап жатқанына қарамастан мемлекеттердің құқық иелігіне қарсы, оның саяси, экономикалық, мәдени нышандарына қарсы, өз ұлттық сипатымен өмір сүрулеріне қарсы тікелей және жанама әрекеттердің бәріне де тыйым салынды.
Біздің ғасырымыздың ұлы иман иесі Андрей Сахаров, міне, осындай халықаралық құқыққа сүйеніп, КСРО халық депутаттарының I съезінде: «Әр этностың өз мемлекеті болсын», — деп ұран тастаған-ды.
Ал әлгі бір адам құқы мен бостандығын қорғауды мақсат етіп алған депутаттық топтагы әріптестеріміздің қандай халықаралық құққа иек артып жүргені бізге белгісіз. Өйткені, шындап келсек, 1966 ЖЫЛЫ 16 желтоқсанда қабылданған азаматтық және саяси құқ турасындағы Халықаралық Мәміленің өзі құқылы» екендігінен және сондықтан да әлгі «Мәмілеге кіретін мемлекеттердің бәрі де, оның ішінде өзін-өзі билемейтін және еріксіз территорияларға жауап беретіндері де, БҰҰ Жарғысының қағидаларына сәйкес, өзін-өзі билеу құқын құрметтеуге және оның жүзеге асуына ынталық тудыруы тиісті» екендігінен басталмайтын ба еді? Олай болуы тіпті де кездейсоқ емес-ті. Халықтың өзін-өзі билеу құқы сақталмай тұрып, жеке адамның құқы да сақталмайды. Өйткені, ұлты азат емес адамның өзі азат болуы еш ақылға сыймайтын шаруа. Ендеше, «Азаматтық келісім» депутаттық тобының адам құқы мен бостандығын аяққа басушылық деп жүргендері, соның ішінде халықаралық құқ қағидаларына қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын жолдармен көп ұлттылық сипат алған мемлекетіміздегі тілдердің әрекеттестігін реттейтін заң қабылдағанымыз да, түптеп келгенде, әлгі әр халықтың қол сұқпас құқын жүзеге асыру болып табылады. Ол Заң халықаралық құқ қағидаларының біреуін біреуіне қарсы қоймайды. Оның дұрыстығын Хельсинки келісімінің Қорытынды құжаты да (1973), соны жүзеге асыру мақсатында Мадрид (1980), Вена (1986), Копенгаген (1990) мәслихаттарының Қорытынды құжаттары да, аты-шулы «Жаңа Европаның Париж партиясы» (1990) да айғақтайды. Олардың бәрі де Хельсинкидің он қағидасы, оның ішінде адам құқы мен бостандығымен қатар, халықтардың өзін-өзі билеуі, мемлекеттердің шекарасының бұзылмауы, территориялық тұтастығы, ішкі істерге қол сұқпау қағидалары да мемлекетаралық және кісі аралық қатынастарда бірдей қатан сақталуға тиісті бұлжымас қағидалар екендігін ерекше ескертеді. Тіл туралы Заңның «әрпі» де, «мені» де өткендегі тілдік-әлеуметтік әділетсіздіктерді нығайтуды емес, түзетуді көздейді. Бұрынғыдай жұрттың бәрін біртідділікке күштеп көндіру немесе қазіргі кейбіреулер айтып жүргендей, қостілділікке күштеп көндіру жолымен емес, әр тараптың мүддесін ескере отырып, тілдердің өзара әрекеттесуін әділетті түрде реттеу арқылы түзетуді көздейді. Осы тұрғыдан, бір халыққа айрықша іш тарту мақсатында емес, оның тілінің өз жұрт, өз мекенінде еркін дами алмай, тежеліп қалғандығын ескере отырып, қолайлы жағдай туғызу ниетімен қазақ тіліне мемлекеттік кемшін тұстарын тездетіп қалпына келтіруге мүмкіндік беру көзделді.
БҰҰ-ның кемсітушілікке қарсы Жалпы ескертпелерінде: «Егер мұндай шаралар іс жүзінде орын алған кемсітушілікті түзетуді көздесе, онда мұндайдағы айырмашылық Мәміле бойынша заңды болып табылады», — деп көрсетілген. Сол құжаттардың мәселенің басын аша айрықша анықтап айтуына қарағанда: «Халықтың белгілі бір тобына елдің қоғамдық өміріне қалған жұртпен бірдей ат салысуы үшін жасалған артықшылық кемсітушілік болып саналмайды, қайта халықаралық құқты жаңа деңгейге көтере дамыту болып табылады. Ол тең емес субъектілерді теңестіру шарасы екендігін былай қойғанда, шын мәніндегі теңсіздіктің, көбінесе тарихи әділетсіздіктің салдары болып табылатын жағымсыз құбылыстарды жұмсартудың құралы боп саналады. Сондықтан, мәселен, ұзақ уақыт езгіде болған түпкілікті халыққа белгілі бір жеңілдіктер мен айрықша құқтар беру қалғандарды кемсітушілік болып шықпайды». Міне, сөз болып отырған жағдайларды БҰҰ-ның адам құқы жөніндегі комитеті осылай түсіндіреді. Ал қазақ тілі мен орыс тілінің дамуындағы айырма қандай? Бұл отырғандарға айтпаса да белгілі. Мұнда екі жақтың да әлгіндей екі жүзді саясатқа имандай сеніп келген өкілдерінің еш айыбы жоқ. Ол — тарихи әділетсіздіктің нәтижесі. Ендеше, бұл арада ондай жағымсыз нәтижелерді жұмсартып, жөндеуге келтірудің, сөйтіп адамдарды бұдан былай да ыңғайсыз жағдайға қалдырмаудың жолдарын қарастырмай болмайды. Тілдердің дәрежесін қарадүрсін теңестіре салу кешегі кебімізді қайта кигізеді, немесе жұрттың бәрінен дәрежесі бірдей тілдерді бірдей жақсы білуді талап ететін кіріптар қос тілділікке ұрындырады. Ондайға душар болмау үшін және бір тілдің дамуын тездету үшін екінші тілдің қызмет аясын күштеп шектемеу, нақты адамдардың нақты тілдік сұраныстарына зақым келтірмеу үшін орыс тіліне ұлт аралық қатынас тілі дәрежесі берілді. Және де «оның мемлекеттік қазақ тілімен бірдей дәрежеде пайдаланылатыны» атап көрсетіледі. Басқасы басқа, әлгі заңда азаматтардың ана тілдерін өздері таңдайтындығы, тілдің басқалығы үшін алалаушылыққа, қысым көрсетушілікке жол бермейтіндігі айрықша ескерілсе, қандай тілдік-әлеуметтік кемсітушілік жайында сөз етуге болады? Әдетте, мұндайда Қазақ тілінде іс қағазын жүргізуді, мемлекеттік тілді білу кәсіби талап болып табылатын мамандықтар мен лауазымдардың тізбесін жасауды тілге тиек етіседі. Алдыңғы жәйтке келер болсақ, іс қағазы қазақ тілінде де, орыс тілінде де жүргізіледі. Егер «жүргізу керек» деген сөз көп айтылса, ол әлі де болса іс қағаздарының қазақ тілінде ойдағыдай жүргізілмей жатқандығын көрсетеді. Кейінгі жәйтке келер болса, тіл тұрғысынан кәсіби талап қоюды халықаралық ұйымдардың өз тәжірибелері де, олар қабылдап жатқан құқ қағидалары да кемсітушілік деп саналмайды. Істің мәніне келер болсақ, тілдік кемсітушілік деп тілінің басқалығына, ұлттық тілінің басқалығына қарап алалаушылықты айтады. Ал көп ұлтты қауым жағдайында жұртпен қатынаста талап етпей болмайтын тіл білуді талап етуді және де оны жұртпен тікелей қарым-қатынастағы мамандық пен лауазым иелерінен талап етуді ешқандай жолмен де кемсітушілікке жатқызуға болмайды. Қазір біздің газеттеріміз пәлен деген компанияға немесе фирмаға ағылшын, француз, неміс, испан тілін еркін білетін қызметкерлер керек деген құлақтандыруларды жиі басады. Сонда бұл немене, пұштын немесе ұрду тілін білетіндер үшін кемсітушілік болып табыла ма? Жоқ, әрине, бұл кәсіби талап. Дәл сол себептен де, тіпті әлгіндей халықаралық құқ қағидаларын белгілейтін БҰҰ, ЕҚЫМ, ХЕУ, ЮНЕСКО ұйымдарының өзі құжаттарын бес-ақ тілде қабылдайды. Сонда бұны әлемдегі қалған сегіз мың тіл мен диалектерді көзге ілмеушілік деп санаймыз ба?
Мұндай қалыптасқан қағидаларға қарамастан, көп ұлтты қоғам үшін әбден әділетті тіл білуді кәсіби талап деп тануды бесігінде тұншықтыруға, не әуелден де әділет пен теңдікті белден басып, бір жақты артықшылық алып жаман үйренгендер немесе сондай артықшылық алудан дәмелілер тырысары хақ. Құқылары бірдей азаматтар өздерін азаматымын деп танитын мемлекеттің шарттары мен талаптарын орындауға да бірдей міндетті болуға тиісті. Тіл білуге қойылатын кәсіби талаптар орыстарға ғана емес, қазақтарға да қойылады. Мәселен, қабылданған және қабылданатын конституциялық заңдардың айтуынша, барлық ең жоғары мемлекеттік лауазым иелерінен мемлекеттік тілді де, ресми ұлтаралық қатынас тілін де еркін білу талап етіледі. Тіл білу кәсіби талап болып табылатын мамандықтар мен лауазымдар тізбесін жасақтауда да осы қағида ұсталынады. Әзір ондай тізбе жасақталған да жоқ, ешкімге ешқандай қысым да жасап жатқан жоқ.
Бәлкім, біздің әріптестерімізді құқ қағидалары емес, өмірдің өз шындығы әлгіндей мәлімдеме жасауға мәжбүр етіп жүрген шығар? Байыптап көрсек, бұндай байбаламға негіз болатындай еш дерек жоқ. Өздеріңіз ойлаңызшы. Мәселен, мектепті алайық. Республикада Халыққа білім беру министрлігі жүйесінде бүгін таңда 8230 мектеп бар. Онын 2905-і қазақша, 3434-і орысша, 1807-і аралас тілдерде оқытады. Қазақ тілінде 682700 оқушы, орыс тілінде 1972500 оқушы, аралас мектептерде 913200 оқушы оқиды. Бүлдіршіндер 1958 қазақша балабақшада, 5194 орысша, 1591 аралас тілді балабақшаларда тәрбиеленеді. Барлығы 752 мерзімдік басылым шығады. Оның 195-і қазақша, 325-і орысша, 182-і екі тілде шығады. Тіркеуге алынған 73 телерадио компаниялардың, студиялар мен мекемелердің бар болғаны екеуі ғана қазақша, тоғызы орысша, қырық төрті екі тілде, он сегізі басқа тілдерде хабар береді. Өткен жылы Қазақстанда барлығы 1101 кітап және брошюра жарық көрді. Оның 496-ы немесе 45 проценті қазақша, 597-і немесе 47,9 проценті орысша басылыпты. Тек биылғы жылдың өзінде Ресей баспаларынан 270 миллион сомға орыс тіліндегі әдебиет сатылып алынды. Республикадағы 43 кәсіби театрдың он төрті қазақша, жиырма алтысы орысша ойын қояды. Диссертациялар бұрын қай тілде қорғалса, әлі сол тілде қорғалуда. Мәртебелі жиналыстар, өздеріңіз көріп отырсыздар, бұрын қалай өтсе, әлі солай өтуде. Өмірдің шындығы да, міне, осындай. Сонда бүгінгі айтып отырғанымыз қай кемсітушілік?
Қазақстанды не деп жазғырғанмен, тап халқының белгілі бір бөлігін байқатпай, жасырып кемсітетін ресми саясат жүргізіп отыр деп жазғыра алмайсыз. Тіпті, азаматтық қоғам, ұлттық мемлекет, тілдердің дәрежесі туралы дау да оның айғағы бола алмайды. Өйткені, оның бәрін де жасырын, жымысқы жолмен емес, тап осы жиында тәуелсіздік азаматтық туралы заңдарды, егемендік жөніндегі декларация қабылдағанда әлденеше рет талқыланып, әлденеше рет дауысқа қойылып барып, жүзеге асырылғанды. Бәріміздің келісімімізбен заңдық қағидаға айналғанды.
Бұнымен біреулерді бұл салада бізде ешқандай кемістік жоқ, бәрі де ойдағыдай шығып жатыр деп сендіруден аулақпыз. Қазақ тілі және басқа тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуынан гөрі дау-дамай туғызуы басым түсіп жатыр. Бірақ, ол кейбір жолдастар айтып жүргендей, әуелден де әлжуаз жасақталғандығынан емес, қазіргі финанстық-экономикалық жағдайымыздың әлжуаздығынан. Бұдан артыққа, жаңа-жаңа қаз тұрып келе жатқан мемлекетіміздің шарқы жетпей жатыр. Сол бір көзге көрініп тұрған жағдайдан қай-қайсымыздың да көңіліміз бұзылды. Өмірде болып жатқанның бәр-бәріне риза емеспіз. Бірақ, бір нәрсе үшін екінші нәрсені күйдіруге бола ма? Онсыз да өмірде ренжитін нәрсе көп. Онсыз да халықтың шыдамы таусылып, жүйкесі тозып отыр. Бірақ, сол жағдайды пайдаланып, онсыз да қиын тіршіліктің буырқанған көлінде қалт-қалт етіп әзер тұрған орнықтылық қайығын әрлі-берлі шайқап көрудің, кемді күн тыныш өмір сүргізіп тұрған бір-бірімізге деген сенім мен төзім ахуалының онсыз да нөзік шілтерін үсті-үстіне тырналап бағудың қажеті қанша еді? Бәрінен де, мұндай мәлімдемені азаматтық келісімге келуге жасалған жағдай деп бағалаудың еш қисыны келмейтінін айтсаңызшы.
Дұрыс түсінулеріңізді өтінемін: бұл арқылы біреулердің аузына қақпақ болуға, немесе я ол, я бұл жақтың ыңғайына көндіруге ниет етіп тұрған жоқпыз. Бар болғаны: қандай мәселеде де болмасын, әсіресе, жоғарыда айтылған Үндеу сөз еткен шетін мәселелер турасында, бәріміздің де, жекелеп келгенде, әр қайсысымыздың да әуелі істің байыбына барып алып, белгілі бір шешімге келуіміз керектігін еске салғымыз келеді.
Әйтпесе, өзіміз үшін де, ұрпағымыз үшін де оңайға түспейтін оғаш қадамдар жасап алуымыз кәдік. Бұл арада халық еркі мен мемлекеттік парасат өкілі ретінде әрқайсысымызға қандай жауапкершілік жүктелетіні — сіздерге мен айтпасам да белгілі. Сондықтан, қымбатты әріптестер, қорытындыны өздеріңіз шығарыңыздар.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет.
1992 ж.
Заманның оңбай бара жатқаны рас. Бірақ онда не тұр?!
Егер оны жақсарта алмаса, адамның несі адам?!
Т. КАРЛЕЙЛЬ.