Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 сағат бұрын)
Қасқа жол

— Базарбек! Қырылдақ дауыс терезе көзінен саңқ ете түсті де, әйнектің ар жағынан әлде кімнің қайыстан өрілген тобылғы сап қамшысының шашағы көрінді. Кәннің үстіңде Зағила апам екеуміз ертеңгі тәтті ұйқының құшағына еніп кетіппіз. Бетімді қырық құрау терезеге бұрдым. Апам мені ұйқылы-ояу күйі құшақтай өзіне тартты.

— Құлыным...,— дейді сыбырлап. Тәмпіш мұрны шуылдап, ұйқысын қияр емес. Дауыс қайта шықты. Бұл жолы өктемдік танытқан жанның тірлігі.

— Базарбек, Зағила. Мыналар түнімен қой күзеткен бе, түге. Бұл жолы апам басын жастықтан жұлып алды.

— Өй, қақсап қалғыр-ай, — деді бұрқылдай сөйлеп. — Осы-ақ таң атпай, тауық боп шақырады екен. Сөйтті де, сырма күпәйкесін желбегей жамылып, кебісін сылпылдата сүйреп сыртқа беттеді. Бөлме ішінде жер майдың иісі бұрқырайды. Қолқаны алып, жүрек айнытардай. Бәріне мен кінәлімін дегендей дөңгелек үстелдың үстінде қалқайып бестік шам тұр. Қасында бір-екі кесемен кешегі күні Байжайлау ұста жан-
жағынан сым темірмен шандып берген көкала шәйнек.

Шамасы, кеше кешкісін мия теруден шаршап келген шешем ыдыс-аяқты жиыстыруға да шамасы келмеген сияқты. Сөйткенше есіктен Зағила апам кіріп келді. Жүрісі ширақ. Жылы төсегімді қимай жатқан маған жетті де бетімнен шөпілдетіп сүйе бастады.

— Адам болғаныңнан сенің. Кәкімтай осы түріңде сені бір көрсе, әттең... Сөз аяғын күрсіне бітіріп, Зағила апам жасын сығып алды.

— Қабырғаң қатпай қара жұмысқа түсірген қу соғыс-ай... Сен де бір тығынға жарадың-ау.

— Апа, апатай. Мен пішенге барамын ғой? — дедім орнымнан атып тұрып.

— Құдайың жарылқады, — деді енді бұрқырай сөйлеген апам.

— Шекең қызар.

Аң-таңмын. Апамның тірлігі қызық. Біресе күледі, біресе жылайды. Өрмектен жасаған қызыл ала дорбама әлденені тыққыштап әлек.

— Ал, киін енді, — деді бір сәт апам есікті шалқасынан ашып тастап.

— Мал табарым менің. Әне, бригадирің күтіп тұр.

Омарбек ақсақ бізге қарап жымияды.

— Әй, қу жалғыз. Құрт-құмырсқа шағып алмасын, — деп дауыстады апам сәлден соң.

— Қасқа жол жаққа қарай жұр. Мүмкін әкең, Кәкімтай кеп қалар... — Мағынасыз басымды изеймін.

— Апамның арманы-ай. Қайран дүние, — деді Омарбек бригадир былай шыққан соң.

* * *

Көзімді қиырға тіктім.

Қарауылдың басынан бұлт кетпейді. Жоңғардың тасасынан ұрын шығатын нұрлы күннің сәулесі жап-жазық даланың үстіне табиғат қондыра салған Қарауылды ертеңгісін жаныңа алып келеді. Ұшар басы алып батырдың дулығасындай үшкір, кеудесі батырдың сауытындай омыраулы ши көмкерген бұл ғажайыптың өз тарихы бары анық.— Балам, Қарауыл деп ел бекерге атамаған. Жылжып жылдар өткен, дүниеге біреулер кеп, біреулер кеткен. Жаугершілік заман, халқымызға қайғы әкеп, баласы жылап, шешесі еңіреген еңку-еңку жер шалған кезде, Қарауыл да ел қажетіне жарапты. Төбенің ұшар басына жасақшылар қоныс теуіп, жау келе жатса от тұтатып хабар берген. Ел қашып-пысып, тығылып жан сақтаған дейтін Кәкімтай әкем мені тізесіне қондыра отырып. Енді міне, сол Қарауылға көтерілген қасқа жолмен Кәкімтай әкем майданға кеткен. Шешемнің «қасқа жолға қарай жүр, әкең келіп қалар» дейтін сөзінің жаны бар. Омарбекте бір аяғынан айрылып оралды ғой. Ауылдағы жалғыз жігіт сол. Кімді айтсаң сол келеді деген. Ой үстінде Қарауылға қарап отырып қалыппын.

— Өңшең қара борбай. Емшек еміп жатырсыңдар ма, түге. Өгіздеріңе барыңдар, — деген Омарбектің дауысы қырылдай естілді.

Бригадирдің тілі удай.

— Бәтіштің таңқар қарасы, — дейді Бәлекті мысқылдап.

— Нұржамалдың жорғасы, Кәмиланың сұлу көзі, Бикамалдың шикіл сарысы. Қойшы, пішенде тырбыңдап жүрген бала атаулының Омарбек «азан шақырып» қойған өзгеше аты бар. Әттең дүние-ай. Әлде кім, тіпті сол ақсақ Омарбек шешелердің орнына әкеміздің атын атаса, айтқанына көніп, айдауына жүрер ек-ау. Шыны керек, өгіздің мойынтұрығын кигізе алмай, тостағанымызды төгіп жүрсек те көнер едік. Мұндайда Құдаш шалдың «Оу, еркектер, қимылдап жіберейік» деген бір сөзі «жанға шипа, дертке қуат».

Әп-сәтте пішеншілер жұмысы жанданып жүре берді. Төртінші кластықтар үймелеп салған шөпті сүйретпеге салысымен «штаб бастығы» — маяшы Құдаш қартты бетке алып, жөнеп береді. Қоңыр қасқа басын шайқап-шайқап жіберіп, қамшының «қаталдығына»мойын игісі келмей, ала көзденіп қарап қойып, алға жылжиды. Маяшының мінезі шәлкес болуы заңды. Алып келген шөмеле шөбің қыздың жиған жүгіндей мая жинар тұсқа іркес-тіркес түсуі керек. Осы бір сәтте жаның мұрныңның ұшына келеді. Құдаш қарттың көздеген жеріне сүйретпең тоқтамаса қасқа өгізің таяқ жейді, өзің болбыр неме екенсің деген сөз естисің. Онымен қоймай жолдан шығып, екінші сүйретпеге жол бересін. Оған «ой, мына пәленшенің баласы жігіт екен» деп тіл қатса, қызғаныштан жарылып кете жаздауың хақ.

Бар пәлені сол күні Бөлекбай бастады. Қара нанмен шай ішіп, бусана терлеп, шыжып тұрған күннен тасаланып, күркенің көлеңкесіне үйіріліп отырғанымыз сол еді, шүңірек көз сары бала сыбыр етті.

— Балалар, әлгінде қасқа жолмен ауылға қарай жалғыз жаяу өтті, — деді ол. Бәріміз Бөлекбайға аңтарыла қарадық. Сенерімізді де, сенбесімізді де білмейміз.

— Оллаһи, биллаһи. Өтірік болса, жер жастанайын. Әлгінде Бұрғаннан су әкелуге барғанда анық көрдім. Соқыр емеспін ғой. Көзіме шел қаптаған жоқ, — деді Бөлекбай ант су ішіп.

— Аяғын сылтып басатын сияқты.

— Онда әскерден қайтқан біреу ғой, — деді шылымшы Бекзат.

— Не дейді? — деді көзі бағжаң еткен Нұрғали деген шөмелеші бала.

— Кім болды екен е? Мүмкін менің әкем шығар, — деді Оташ. Балалар әлдекім бұйрық бергендей таңқар мұрын, қайыс қара балаға жалт қарады. Көздері жалт-жұлт етеді. Жанарларында Оташқа деген ашу-ыза.

— Мүмкін, менің Арнай әкем шығар, — деді даусы тарғылданып шыққан шылымшы Бекзат. Осыдан бір жыл бұрын оның шешесі сүзектен қайтқан. Қазір кім көрінгеннің үйіне қонып, тамағын асырап жұр. Сүйек туыс атаулыдан тұлдыр. Сондықтан ба, балалардың дені Бекзатқа қарсы тұрып, бетінен қақпайды. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Оташ үнсіз қалды. Бұл пендешілік атаулыны қойсашы. Осы бір сәтте осындағы балалардың бәрі жалғыз жаяуды өз әкесі болса екен деп тілегені анық. Жүздерінде сағыныш табы, көкірегінде дүрсілдей соққан кіп-кішкене жүректері.

— Қашайық, — деді шылымшы Бекзат бір сәт. Мына кішкентайлар осында қалсын. Өгізші атаулыда үн жоқ. Салы суға кеткендей.

— Бізді Көктұмаға су ішуге кетті дейсіңдер. Кімде-кім Омарбекке жағымпазданса, күндерің қараң, — деді Бөлектай. Сыртымыз бүтін, ішіміз түтін. «Әттең, тонның келтесі-ай» деп күрсінеміз.

—  Жота жолда үйірлі ит-құс бар. Ауылға барамыз деп бөрінің жемтігі болмаңдар, түге, — деді Бекзат тағы ақылсынып. Сөйтті де бес-алты шөмелеші бізден бөлініп, сырғып жүріп кетті. Жанарымызда жас. Әлгінде Бекзат пен Бөлектайды иттің етінен жек көріп жатырмыз. Дүниеде мұнан артық қорлық бар ма? Күркенің жыртығынан сығаласам Құдаш шал бетіне бет орамалын бүркеніп қорылдап ұйықтап жатыр. Жанында мылқау Алматай. Біздің «штабтың бастықтары» — маяшылар.

— Сен қасқырдан қорқасың ба? — деді Жұмабек маған күңк етіп. Емеурінін түсіне қойдым. Басымды шайқадым.

— Бекетай, сен ше? — деді ол сол жағында жер шұқылап отырған балаға.

— Қорықпаймын, — деді Бекетай жерден басын көтеріп алып.

— Онда біз де тайып тұрдық.

— Табылған ақыл, — деді енді бірі.

— Қолымызға қамшымызды алайық.

— Омарбекті қайтеміз.

— Азар күңде жонымыздан таспа тілер.

Әп-сәтте оншақты бала ұшып жөнелдік. Кезек-кезек жол бастаймыз. Белуардан келген қалың пішен. Көлбеген дала. Сағымы жамыраған сары белдер. Анадайда тұнжырап Қарауыл түс танытады. Омырауында су түбінен көрінген тамырдай боп, қасқа жол жатыр. Тасасынан түйе көрінбейтін алып шилер. Көк жүзінде қоңыраудай сылдыраған бозторғайлар легі. Табақша күн тас қайрақтай зыр айналып, бар сәулесін осы маңға төккендей шыжып тұр.

Пішендіктен ұзап шыға Көктұманың бойына аялдадық. Айналасы доңыз өлең, бапа қамыс өскен ойпаңның жарлауыттау дөңесінде мөп-мөлдір, шып-шып суы шыққан тастай суық тұма. Суы шекеңнен өтеді. Әлде кімдер киелі деп те атайды. Кім білсін. Онысына бас иіп, тәжім еткен ешкім жоқ. Суға бас қойып, сіміріп жатырмыз. Бетін шайғандар да бар.

Жұмабектің есептеуінше Қарауыл ауылы Көктұмадан он шақырымға таяу жер — Қасқа жолға түсіп-ап, жүріп берсең әп-сәтте жетіп барасың, — дейді ол құлшынып.

— Былтыр апам «Еңбектегі» төркініне барғанда осы Көктұмамен өткенбіз.

— Онда баста, — деді Бекетай үйіріліп тұрған топ бала жүріп бергеніміз сол еді, әлдекімнің:

— Омарбек, — деген жанұшыра дауыстағаны естілді.

— Шөп арасына жасырындық. Қалың нудың ішіне сүңгідік те кеттік. Жүрегіміз дүрс-дүрс соғып келесі сәтті күттік. Жерді дүрсілдеткен ат тұяғы анадайдан естілді. Омарбектің қара аты. Бас бермейтін, мінезі шәлкес. Ауыздығы көбіктеніп, ырс-ырс демалады. Ат үстіндегі бригадирдің жүзі қара түтін.

— Бәлем, қолға түстіңдер ме? — дейді анадайдан дауыстап. Мылқау дала әлгі дауысқа мән бермегендей тым-тырыс. Алғашқыда екпіндей келген Омарбек бригадир әп-сәтте тынши қалды.

— Көзіме шайтан көрінді ме? Әлде елес пе? — деді күңкілдеп. Есік пен төрдей жерде жатқан бізді көрер емес. Шіркін сол кездегі даладағы шөптің қалыңы-ай. Қарақуыстың ескегі есіп берсе, ғажайын теңіздің ортасында жүзіп жүрген ертегі адамдар сияқты боласың да қаласың.

— Әй, жүгірмектер, қане, бой көрсетіңдер, — деп бір сәт Омарбек дауыстап жіберді.

— Аттың бауырынан аламын.

— Біз көппіз, сіз жалғызсыз, — деп тақ етті әлде кім.

— Тіліңе шоқ түссін, — деді онсыз да терісіне симай ашуланған бригадир.

— Бұл қайсысы? Кәмиланың сұлу көзіме... Әлде Бикамалдың шикіл сарысы ма? Ішімізден тістеніп жатырмыз. Балалардың бірі шыдамай кетсе керек:

— Ағасы-ау, әкеміздің атын неге атамайсың, — деп дауласа кетті.

— Әкешілін бұлардың, — деді Омарбек кеңкілдей күліп. Осы бір сәтте ешкім ойламаған оқиға болды.

Жеті-сегіз бала шөп арасынан атып-атып тұрыстық.

— Әкемді қорламаңыз, — деді Аманкелсін.
— Ол елін қорғап, соғыста жүр, — деді Бекетай аузын дүрдитіп.

— Менің әкем жауды жеңіп жатырмын деп хат жазған, — деді Бекетай. Омарбек аң-таң.

— Мыналар қайтеді ей, — деді күңкілдеген күйі.

— Мүмкін Кәкімтай көкем ауылға келген шығар, — дедім мен.

— Әлгінде өткен сол шығар.

— Е, солай де. Әкелеріңді бәрінде сағынған екенсіңдер, — деді Омарбек жұмсарып, дауысы дірілдей шығып.

— Олай болса, бәріміз бірігіп барайық.

Дәл бұл жолы Омарбек бригадирге анық сендік. Шуылдасып артынан жүріп бердік. Бригадир Омарбек былай шыға:

— Ә, қараборбайлар. Ал қазір қамшының астынан алып, пішенге айдап апарсам ба екен? — деп бізге қулана қарады да, жымиып күлді.

— Ер екі сөйлемейді. Кешкісін қайтасыңдар ғой?

Басымызды изейміз.

Ауылдан сол күні кешкісін ораларда бәріміздің ұнжұрғамыз түсіп, сөлбірейдік те қалдық. Жалғыз жаяу ФЗО-дан ауырып қайтқан Мірсадық деген жігіт екен. Соғысқа бармапты. Шахтыға түсіп, көмір қазыпты. Көрмегені жоқ екен, байғұстың.

Әлде қайдан ерте қайтқан тырналардың қоштасқан ұзын ақаулы қиқуы естіледі. Қарауылды қимай бара жатқандай. Келесі көктемді туған Қарауылды сағынып қайта оралады. Менің ойымды ұққан Бекетай сыбыр етті.

— Тырналар да құдды біздің әкелерімізге ұқсайды. Олар да өстіп қоштасты ғой, ә? Ораламыз деп серт беріп бара жатқан сияқты, — деді ол. Басымды изей бердім.

— Иә, оралады, — деймін.

...Қазірде сол құстар көз алдыма елестейді. Қарауыл бір кезде бабаларымыз от жағып, дабыл шақыратын еншісінен айрылған жоқ. Төбе үстінде ел соғыстан қайтпаған әкелерімізге ескерткіш орнатқан. Төменіректе біздің балалық шағымыздың сағынышы боп қасқа жол ағараңдайды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама