Солай, ұлым
Кемпір құлаштап салып-салып қалады. Сабаудың бұтақ тұстарында ғана қоңырайған қабығын тырнағымен әлсін-әлсін сыдырып тастайды. Тал бойындағы жарқыншақ, қабық, буын біткен түгел іліп, шашып бітті: үйдің іші түте-түте. Сандық қыры, кереге көктеріне жабысқан жүн шөкімдері бозғылдана үлбірейді. Содан шығар, екі қанат керегені итарқалай салған көне қос жел үп етсе ұшып кетердей жеңіл сезіледі.
Кемпір сабауын тулаққа тастап жіберіп, сарқыла тіл қатты:
— Сонда нағыл дейсің о сорлыға?
Келіншек бұ сынды тура сұрақтың түбі бір қойыларын күтпеді ме әлде дәл, нақты жауап іздеп ойланғаны ма — беймәлім, әйтеуір ауызындағы сөздің соңын бір күрсініп жұта салды. Сонсоң мен айтармын-ау, әттең, сен түсінбейсің ғой деген кейіпте шынашақтай қара кемпірге сақтана, сенімсіздеу көз тастады. Бірақ назары тоқтаған жоқ. Аядай қостың әр затын бір шолып, қыдырып ала жөнелді. Тек ештеңені көрген, түстеп таныған сыңайы, бетінен ешқандай белгі білінбеді. Әлгі сауалға жауапты аяғымен іздеп табатындай, қопалы жердің ақ бауыр сұр жыланы сумаңдап кіріп-шыға берді. Сусылдап сөйлегенде еріні ерініне жұқпайды. Кенет тұра қап мықын таяна:
— Мен ештеңе демеймін, — деді.
— Ал, — Кемпір сабауын көтерген қалпы, шалқайып алды, қарсысындағы екі сұрқай жанарға шүңірек жалғыз көзінің күллі зәрін бір-ақ құйып жіберген сықылданды; келіншек ұзын, қою кірпіктерін қыпың-қыпың еткізді де, жүзін тайдырып әкетті.
— Қайтейін, іші тар, ылғи қара ойлайды.
— Нені қара ойлайды?
— Бәрін.
— Ұлым, жайыңа отыр, ұрғашының шаруасында нең бар. — Кемпір бес-алты жастағы қалақай сары баланың қолындағы жүнді алып тулаққа тастады, — Әркім өз парызын, өз ісін атқарса жетеді, жұмыр басты пәнденің ырыздығы сол, артық байлық көз шығарады, — деп күбірледі. Сабау ұстаған кәрі қолдардың болар-болмас дірілдеп кеткені байқалды. Келіншектің көзіне бұл құбылыс анық шалынды, оған кемпірдің басы да қалтылдаған тәрізденді. Қартайғаны ма?
— Сәби оны қайдан түсінсін, кішкентай ғой әлі.
— Таптың. Кәрі кісінің ақыл айтқысы кеп тұратын әдеті де.
— Сізге ерте емес пе!
— Нені айтасың?
— Кәрілікті айтам.
— Кәрілік менен сұрамайды, қызым. Қабен қашан келеді?
— Ол да менен сұрамайды. Қара өгіз, совхоз қайда айдаса, сонда жүреді.
— Таптың. Осы сен нағыл дейсің?
— Ол нағыл дейді?
— Сені адам етем дейтін шығар?!
— Мен кім екенмін! — Келіншек мына арада қанша сабыр сақтағанымен табиғатына әлі жетпеді, қатты шамданғанын білгізіп алды: мұрынын ғана тыжыртпақты, бүкіл сыптығыр денесі жиырың-жиырың етті.
— Іһім-ммі, мен кім екенмін сонда, — деп қайталады.
— Таптың. Кімсің, бәсе?
— Туған сен, өзің білетін шығарсың.
— Сен, шырақ, кейіме, кәрі кісіде ақыл көп болмайды, ал ақыл азайған сайын сөз көбейеді екен. Анаң екенім рас болса...
— Өтірік десең өзің біл.
— ... менен жасырма. Айтшы, сен екеуіңе не жетпейді?
— Айттым ғой, қызғаншақ, қара ойлайды деп.
— Қара ой дегенің не, соны түсіндірші?
— Қара ой, — деді келіншек кенет бәсең биязы қалыпқа түсіп, — Қара ой... қалай айтсам болады сізге, мысалы, мен... маған біреудің көзі түсті дейік. Былайша, мен де оған бірер күліп қойдым, көзім болған соң күлетін шығармын, оған менің осым ұнамайды. Айналайын, апа еке-ау, өзің айтшы, «тиіп кетсе, қиып кетті» көреді. Нағыз фиодал деймін, фиодал! — Шешесінің соңғы сөздердің мәнін түсінбейтінін келіншек іле түйсіне қалды, теріс бұзылып, күңк етті. — Сіз секілді кісілер не біледі! — Кемпір жүннің жұқа жерін әдейі таңдап алғандай, тулақты тарс-тарс ұрды. Сосын асықты қайта-қайта иіріп алшы түсіре алмай өзі-өзінен бұртаңдап отырған немересінің алдындағы сақаға қолын созды.
— Ұлым, бүйтіп шиыр, асықты да ойнай білген мақұл. Түте алмаған кісі жібекті де жүн қылады, алшы тұрмайтын асық болмайды, әне, көрдің бе?! — Кемпір алшыны балаға ұстатты, сосын тулақтағы, сабауға жазылмай қалған пұшпақ-жүндерді теріп түтіп кетті. Әлгі сөздерден кейін үн-түнсіз шабынып алған қызына жүзін де бұрған жоқ.
— А-аал, — деді бір кезде қария сабауды қайта ұстап, — а-аал, жарайды, біреу саған қарап күледі екен, сен де жымидың, солай ма? Сол үшін еркек кінәлі ме? Еркек деген итте кінә бола ма осы? Өзің ойламайсың ба? Жә, жә, тыржыңдама, саған ақыл үйретіп әуреге түспен.
Асылы, азаматыңның көңілін мықтап қалдырғанға ұқсайсың, сақ бол, қызым.
— Әдіра ғасын, азамат, азамат. Ол азамат та, өңге жұрт қазанат па, ал мен әйелмін, басқада шаруам шамалы.
— Еркек емессің, әрине.
— Жігіттің не сүлейі жүр қазір. Тым құрса, қолы бүтін еркек те бұйырмады. Құдық қазып, қауға да тарта алмайды. Анада аплатқа тиген алты баспағының үшеуін бұрынғы қатын-баласына берді, әлементке. Сондай еркек бола ма! — Келіншек бұ тұста ерек ыдырынып, екіленіп кетті. Қайқаң-қайқаң басып, қабынып сөйлейді. Аракідік шешесінің көзіне сұқ саусағын оңтайлап, бағжаң қағады; қария шүңгіл, ін түбінде жатқан, әрі кішкене көзге саусақтан қауіп келмесін сезетіндей, сабырлы, салқын. Ол сыздаған сайын мынаның дегбірі қашады. Қазір шап-шап ұрсысатын біреу шықса, шіркін, жұлып жер еді!
— Ой, дүние-ой, — деді кемпір немересінің тостаған қарынын жартылай жауып тұрған кір-кір атылас көйлекті созғылай отырып, — Сенің атаң, ұлым, ат баптап, ән салғаннан бөтен ештеңе тындырмаған кісі еді, ел қыдырып, жұмалап жоғалып жүрді, сонда да үйі орынында, шаруасы шалқақ-тұғын. Азамат деген атының өзі асырайтын. Ойбой, дүние-ай, соның алдынан шығып, атының аяғын тұсаудың өзі бір ғанибет боп, ауыл-үй, абысын-ажынға қыр көрсетіп, бір жасап қалушы едік. Бөрікті байғұс, бағың тайған екен, сенің күнің не болар, ұлы-ым.
— О заман басқа, бұ заман...
— Заманда жұмысың болмасын, қызым. Қит етсе заман, заман дейсің, түге, заманды қайтесің, ошағыңды қазып, отыңды жақсаң, қай заманның да шаңырағынан түтін шығады...
— Түсіндім. Қара қазанның төрт құлағына құр байлап, қамыт қып ки де тарта бер. Айтпағың осы ғой. Солай ма? Ол уақыт өткен. О кезде әйелді ер асырайтын, қазір еркектің еркегі...
— Қазір де солай, қызым.
— Жоқ, жаңсақ, мен ешкімге асырау емеспін. Қайта менсіз аштан қатар еді ол. Сен ұқпайсың, әйткенмен әңгіме бір қозғалған екен, ақырына шейін ақтарылайын: бүкіл Қошалақ дүкеніндегі тауар атаулы менікі, астық, шәй, секер — жаныңа не керек, бәрін алам. Мен сұрасам піркәшік көмейіндегіні суырып береді. Ал нағыласың? Оған ба, мәһ, мынаны...
— Таптың. Тұқ етері: о сорлыға нағыл дейсің, соны айтшы?
— Ойбай-ау, манадан бері сағыз шайнап тұрмын ба мен? Аржағын өзін түсінбейсің бе?
— Нені түсінем? Піркәшік сенің қалағаныңды табады екен, ал?
— Қалағанымды алдыма жаяды.
— Ал? Сосын?
— Мен үшін таппайтыны жоқ. — Мына сөздерді айтқанда келіншектің жүзі құбылып сала қойды, жұқа, сұрқай ерінінде жымию, тіпті мейірімге ұқсаған жып-жылы сәуле оянған, бірақ ол тез өшті.
— Әне, еркек сол, солар, — деді, содан соң қайтадан, ілез көгеріп алды. Мұны естігенде кемпірдің оң қасы әнтек көтеріліп кетті, таңдана, әрі шошына қараған тәрізденді. Әлгіден бері қызының жүзіне тіктеп көз салғаны да осы-тын. Әбден сарқылған, тосылған жанның кейпінде, мең-зең отыр. Осы мезет даланың шайпау желі ұйтқып кеп, тулақтағы ұлпа күземді кеулеп әкетті, қалақай сары бала әр шөкім жүнді қуып мәз боп қалды, кемпір салқын ғана езу тартты:
— Ее-ей, ұлым-ай, жеңілтек, тым тұрлаусыз тумасаң неғысын. Қорғасын-сақаңды атып ұрып, қылшық қуғаның не? Даланың лып еткен лебі сайын бөксең бүлкісе, сірә, орнығып жарымассың.
Келіншекке Қази-ақ жақпады әйтеуір. «Отырса — опақ, тұрса — сопақ».
— Таптың. Әсерленгіш, ергіштік — ердің мінезі емес. Көзі қызғанның көңілі де тез ауады. Ондай жан опа көрмейді, қызым.
— Бұның сәбиге қандай қатысы бар?!
— Бекер олай ойлайсың. Сен менің бұ сөздерімді шәй пісірімнен кейін ұмыт қыласың, Қазидың құлағы ғұмыр бойы сақтайды. Ұғынар, ұғынбас, — о жағын Алла білер, ал жадында сақтары хақ. «Иманшартты» бастағанда мен де осы қарар едім. Әсіресе, алғашқы беттердің әрбір харпі көз алдымда, үні көкейімде. Кейін оқыған «Құранның» көп аятын шатастырып аппын... Сонымен қайтесіңдер енді?
— Қайтейін, бүйтіп қадіріме жетпей қарайта берсе...
— Шыным, қызым, екеуіңнің араңдағы әмпейлікті ілкі сезгенімде мен сені аяп едім, енді оны аяп отырмын. Сорлы, қырыққа келгенде тағы қай ұрғашының жолын тосады! Өз әйелі...
— Мені аямайсың ба?
— Сенің обал-сауабың өзіңе. Қатын-баласының көз жасына қаласың, аулақ жүр дедім, болмадың. Рас, ол әскерден аман келген тұңғыш бөрікті еді. Бірден кіші басқарма болды. Қазір бригад. Қайтсін енді. Кейін елдің кеткені келіп, кемтігі толғанда бетінің әрі де түсерін ойлап па жазған. Жарлы байымағанмен, жас өсті. Сені аямайтыным: онан бір мүшел кішісің, ажарлысың...
— Міне, міне, о миқұрт со қадірімді біліп отыр ма!
— Қайтіп айтарыңды білмей жүр ең, ұтырын бір келтірдің-ау, — кемпір сөзін тағы да Қазиға қаратты, — Сен де ат жалын тартарсың, ұлым, Құдай есіңді алмаса, бетін бұл тұтқан ұрғашыға жо-ламағайсың. Ыдыс-аяғыңның адалдығын қаласаң, сүйт, шырақ. Аллатағала бағыңды ашқай. Үйдің құрымы тозды, үй тіккенше қоста отырмыз, қолқабыс ет! Мен жазған қайдан білейін, жалғызілікті адам, үлгере алмай отыр ғой деп келіп ем. Бақсам, ерін сілеп, өзін білеуге шақырған екен де. Бұл үйдің жыртығы тым көп көрінеді, мен басқан алақандай киіз бүтіндей алмас! — деп тоқтады. Қази сақаны тастай сап, топай алды. Топайдың жалпақ басында кері байлаған ақ орамал бар, кимешек киген нағашы әжесіне бір, топайға бір қарап, ақ тартқан мына екі басты қалай салыстырса да, бір-біріне ұқсата алмайтын сияқты, өзімен өзі, орамал қанша қисайса да, кимешекке ұсамайды. Қария сәбидің шын пиғылын көргенде күліп жіберді. Келіншекті бұл күлкі мықтап тыжырынтты: ұмтылып кеп ұлының жағынан бір жақты да, топайды сыртқа атты. Сонсоң:
— Сәбидің қылығын да бұлар менен көруге дүз жанбас, — деп ақталды.
— Қолыңды сындырар ма еді, қызым, а! Тағы қайдан таптың мына өнерді? Айтпақшы, бұларың кім?
— Сіз, сен. Өзі ашыған миды шірітіп, түкке түсінбейді де, бірдеңені тұспалдайды кеп, — сөзінің әсерін байқау ма, басқа ма, кім біледі, әйтеуір, бір сәт шешесінің бетіне қадалды, пәлендей өзгеріс байқалмаған соң сөзін әрі қарай жалғап әкетті. — Қүйеу балаң екеуіңнің бір топырақтан жаралғандарыңды білуші ем, о да сол, жұмбақтайды да отырады. Тапа-тал түсте түсін айтады. Әнеугүні: «Сен түсіме енген күн — бір ренішсіз өткен емес», — деп былжырайды. Кешке үйге өлесі мас боп оралды. Шамасы, соған көрініпті. Ақымақ, демеші, қане! Мейлі, обалы өзіне. Менің нем құрайды?! — Сонсоң өзінен өзі кіжіне, тістене күбірледі, — күйе түс, есуас, күй, тапқан екенсің ана қож-қож томар мұрыныңа қаны қатқан жаман қатынды! Көрерсің әлі! Саған да сұлу керек екен ғой, сасық ит. Еркек, азамат. Сүрттім мен сенің бөркіңмен! «Кешікпей, Алла қосса, бірінші басқармаңның өзі болармыз». Сөйтіп кергідің-ау сен?! Бишара, бишара. Табыссыз еркек — тұл, тұл қалмаған жайың қайсы, — деп мырс еткенде нұрлы жанары ұшқын шашты, жеті атасынан бері алынбаған кекті өзі қайтарған есіл сабаздай емпілдеп бара жатқанын ілез сезе, әрі тым ақтарылып, ашылып кеткенін минутында ұғып, дереу қымтана қойды: — Қайт дейсің маған, бақытсыз болдым мен, еркек зәлім бұзады ғой, бұзады, — деп еңіреп жіберді.
— Нағыл дейді-ай мына қаншық, шатасқаннан саумысың өзің? Ана Балқаймақ өзінен жиырма бес жас үлкен шалға тиген, о да Құдайына мың мәрте шүкір айтады, сен...
— Мәссаған, кім қарайды оған?
— Алда бетбақ-ай, солай де. Әлгі құқыметтің заңы, жек көрген кісіңмен зорланып тұрма деген...
— Бар.
— Енді неге жүрсің? Мына пиғылыңмен?
— Оның маған кеселі шамалы.
— А-аа?
— Қызғанып, күңкілдегеннен басқа не бітіреді ол!
— Қарау ойлайды демеп пе едің жаңа?
— Дедім.
— А-аал?
— Шаруамды шайқар жайым жоқ.
— Талақ тастаса қайтесің?
— Ха-ха! Артына қарасын!
— Қарамаса шы?
— Мейлі, өз обалы өзіне. Оған күйсе, маған пісті.
— Ол сені жақсы көреді, қызым. — Келіншек ерінін бұртитып әкеліп, ыңғайсыздау бір дыбыс шығарған, Қази санын шапақтап, сақ-сақ күлді: мә-мә, мамамды қара, нәнбай болып...
— Сиқыр ғой о жаман, сүйтіп былығып жүріп алып арамдығы қандай дейсің, түйе бойламайды. Бірақ нағыз ақымақ, ақымақтың сыры менің алақанымда — қалай қарағанын білем, сондықтан сенбеймін.
— Жоқ, сен оған емес, өзіңе сенбейсің.
— Мен анамын!
— Оныңды әлгі құлып па, жиналыс па, соған барып айт. Сен ғой анада басынан төмен қарай сыбадың, сонда былқ етпеді-ау азаматың. Әй, өзіңде де қан жоқ екен қасқаның.
— Ұрам деп талай қоқаңдаған.
— Ұрмады ма?
— Ұру қайда, қорқады.
— Сенен бе?
— Мен оның қолында өлем. Сол шолақтан таяқ жеп жер басып жүрсем-ау.
— Асылық сөйлеме, қызым. Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық деген. Азаматты қорлап, ұжмаққа барған ұрғашыны естіген емен.
— Сіз түсінбейсіз. Маған тірліктің ләззаты қымбат, өлген соң к... көже пісірсін — еркі, ал жұмағыңа сені күйеу балаң арқалап апарар. — Қария ақ еті қанталаған көзімен шаншыла бір қараған, қызы тайқып, назарын төмен салды. Сытылып шығып кеткелі ыңғайланып еді, кемпір өзі тар жерге сабауын көлденең ұстады.
— Көп жаса, қызым, шыныңды айттың! — деді. Дауысы әлем- тапырық, тарғылданып естілді. Сіңілі, кәрі шеңгелдің көйлек етегінен қалай бүргенін келіншек сезіп үлгермеді, жанар оты бір жарқ етті де, аржағында дүйім дүние қып-қызыл боп, ызыңдап еріп жүре берді...
* * *
Сүт пісірімнен соң кірген орта бойлы әдеміше адам шырқырап қоя берді:
— Апеке-ай, жауыз екенсіз ғой өзіңіз, жазығы не еді сормаң-дайдың, — деп, талайдан мешел, кеше ғана арқалап енгізген ардақты енесінің қолындағы сабаудың қос тұтам тұқылын жұлып лақтырды да, сүйіктісінің қан жуған бет-жүзін аймалап еңк-еңк етті.