Қарақожа балгер
Мүсіреп шешен — Қошқарұлы Жәнібек батырдың немересі. Ол қазіргі Торғай облысының Тосынқұмын мекен еткен. Мүсіреп шағын денелі, тығыршықтай төртбақ келген, өткір қаршыға көзді, қошқыл сары кісі екен. Киген киімдері, ат әбзелдері өте жұпыны, қарапайым жүретін адам болған. Мал жинап, баю мақсатын ойлай бермейтін, уақытының көпшілігінде ел аралап, қайда жиын, той-думан болса, сонда жүретін, дау-жанжалды жиындарда кездесетін әділетсіздіктерді көріп ащы тілмен түйреп кететін өте тілмар адам болған көрінеді.
Мүсіреп сөзі ел арасына тез тарап отырған. Мүсірептің атын біліп, сөздерін естіген, өзін танитын бай-манаптар, төрелер мен билер қатты қаймығып, оның ащы тілінен именеді екен.
Ертеде Қарақожа деген балгерсымақ жасап, ауырғандардың тамырын ұстап, ауру туралы алдын ала естігенін айтып, ем жасап жүреді. Қара қойдың қағып, оның етін өзі жеп, емдеу ақысына «орамал» деген сылтаумен мал, қымбат бағалы дүниелер алады. Кейде көрікті жас әйелдер мен қыздарды «бір жыл бойы өзім қарап емдеймін», немесе «ауруы қауіпті жазылмайды» деп, бала тумай жүргендері болса «бала көтеретін болады» деген сылтау етіп өзімен бірге ала кететін болыпты. Надан елді аш қасқырдай жалмап, қан қақсатып жүрген осы қуды естіп Мүсіреп қатты кіжінеді. Кездесуді арман етеді.
Бір күндері «Қарақожа келеді» деген хабар Мүсірепке де жетеді. Сол күні түнде Мүсіреп «қатты ауырдым» деп бебеу қағып, елін жинайды. Жиналғандар:
— Қай жеріңіз ауырады? — дегенде, ол:
— Ойбай, несін сұрайсыңдар, әкетіп барады, іші-бауырым, — деп безек қағады.
Жиналғандардың біреуі:
— Балгер Қарақожаны алдырсақ қайтеді? — дейді.
Мұны естіген Мүсіреп:
— Ой, шабыңдар. Мені өлсін демесеңдер, сол «әулиені» алдырыңдар, — дейді.
Шабуылшы тездетіп Қарақожаға келіп:
— Бір белгілі тәуір кісіміз қатты науқас, сізге жіберді. Тезірек жүріп, бір ем жасаңыз, — деп өтінді. Қожа аурудың науқасын келген кісіден сұрап біледі де, бірге еріп жүреді...
Қарақожа келісімен Мүсірептің тамырын ұстап көріп, бұрын шақырушыдан естігенін айтып:
— Ауру ішіңде екен, кетпенмен былаулаймын, қара қоймен қағамын, — дейді.
Сонда Мүсіреп жиналғандарға:
— Сендер үйден шығыңдар, мен ауруымды оңаша көрсетемін, — деп жұртты шығарып жіберіп, есікті мықтап жауып алып, Қарақожаны қамшының астына алады.
— Міне, саған бақсылық! Құтырған, адамдықтан айрылған жалмауызды қағу, емдеу, былаулау осылай болады. Енді бақсылық етесің бе? Жас әйелдер мен көрікті қыздарды алдап әкетесің бе? Оны саудаға саласың ба? Баласызға бала беретін «құдайдың» күшін көрейін! — деп ұрып-ұрып, елден жинап алып келе жатқан малдарын, ертіп келе жатқан әйелдер мен қыздарды қайтарады. Қожаны елге масқаралайды, енді қайта келместей етеді.
Тағы бірінде Мүсіреп үйіне бір сопы Қожа келеді. Мүсекең оны ықыласымен қарсы алып, қой сояды. Өткен-кеткенді айтып отыра береді. Тағам тез пісе қоймайды. Қожаның жатқысы келіп тықыршып, қипалақтай береді. Оны сезген Мүсекең әйеліне:
— Қожекең шаршап отыр ғой, етті тезірек пісірсейші, — дейді. Оған да ет пісе қоймағаннан кейін Мүсіреп әйеліне қатты кейіп кетіп:
— Ау, бұл ішіңді... не болған піспейтін, — дейді.
Сонда сопы Қожа:
— Ойбай, бұл етті енді жеуге болмайды, кетемін, — дейді.
Мүсіреп:
— О, Қожеке, неге кетесің, ол не дегенің, отырыңыз. Сізге сойылған мал, — деп жік-жапар болады.
Қожа:
— Бұл ет енді харам болды. Жеуге болмайды. Оны сен боқтадың, — дегенде, Мүсіреп:
— Бұл үйден шыққаннан кейін барып түстенетін, бүгін қонатын үйіңнің, ертең түсте түсетін, кешке қонатын, арғы күні түстенетін, қонатын үйлеріңнің ас-суын, қазан-аяғын, орамал-дастарханын..., — деп боқтады да, — ал енді, Қожам, жүре бер. Бұл үйдің дәмі харам болса, адалға тоярсың, — деген екен. Ылажы құрып қажыған сопы:
— Сізге сөз шақ келмес, — деп қонады. Сөзден жығылыпты.