1930 жылдардағы ашаршылық
Мың өліп, мың тірілген қазақтың ХХ ғасырдағы ең үлкен қасіреті ашаршылық болғаны анық. Біз тарихта тек 1931-1933 жылдар аралығында ғана ашаршылық болды деп білеміз. Өткен ғасырдың 20-жылдары да ашаршылық болып, қара ормандай қазақ қынадай қырылғанынан хабардар емеспіз. Дұрысы, білсек те назар аудара бермейміз.
Кеңестік дәуірде ашаршылықтың жабық тақырып болғаны белгілі. Баспасөз ол жайында сөз қозғамайтын. Отыз екінші жыл нәубеті оңашада, от бастарында ғана сыбырлап айтылушы еді. Көшпенді жұртты қынадай қырған аштық зұлматының ажалды тырнағынан ешбір қазақ әулеті дін- аман құтыла алмаған. Сондықтан да халық санасына терең жара салды. Естен шықпады. Тоталитар- лық стандарт жеңген, коммунистік партияның біріктіргіш күші мойындалған заманның өзінде ұмытылмады. Алайда аштықтың миллиондаған жазықсыз құрбандарын совет өкіметі жылдары ашық еске алу мүмкін емес болатын.
Өзгеріс Кеңес Одағындағы билеуші партияның жариялылық пен қайта құру саясатын жариялауынан, сөйтіп азаматтар санасын шеңгелдеген рухани қүрсауды біртіндеп босатуынан басталған. Баршамызға белгілі, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне байланысты орнаған «Кіші 37-ші жыл»ызғарығы артта қалып, Қазақстанда да демократияның «алтынкүрегі» еркін есе бастасымен – «ақтаңдағы» мол тарихымызды сын көзбен зерттей отырып жаңғыртуға кірістік.
Тоталитарлық дәуір ауызға алуға тыйым салған саяси жазалаулар мен ашаршылық шындығы 1988 жылдан қазақ баспасөзінің өзекті тақырыбына айналды. Сол жылы сталиндік лагерьлер тауқыметін тартып оралған «халық жаулары» зайыптарының бір тобы Мәскеудегі «Мемориал» қозғалысының мақсаттарына қолдау бідірген үндеу-хаттарын жария етті. Одан бір топ жас қаламгер 30-жылдарғы репрессиялар мен 32-жылғы алапат аштық құрбандарын есте қалдыру шараларын ойластыруды ұсынды. Екі үндеуде де жазықсыз жандар рухын ардақтайтын символикалық ескерткіш орнату жайы көтерілген еді. Жазушылар қажет қаржы жинауды көздейтін арнайы есепшот ашты. Мәселе сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының адал есімдерін тірілтуді мұрат еткен қозғалыстың қанат жайып,дамуына ұласты.
Біздегі іс-әрекеттің Мәскеу қозғалысынан ерекшелігі – сталинизм қылмыстары ретінде тек саяси репрессияларды әшкерелеу ғана емес, сонымен бірге сталиндік-большевиктік бұрмалаулардың аса қайғылы салдары – жадымызда халқымыздың айтып жеткізгісіз трагедиясының символындай болып «32» деген қанды цифрлармен жазылып қалған алапат ашаршылықтың да шындығын ашу мәселесінің күн тәртібіне батыл шығарылуында жатты.
Репрессия құрбандарын еске түсіру осылай – республикамызда тұратын барша ұлт өкілдерінің татулығы мен келісіміне сабақтастыра қарастырылған. Сол 1997 жылдан бастап ашаршылық нәубеті құрбандарын еске алу күнінің мазмұндық ауқымы кеңейтілді. Содан бері 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді.
Алапат ашаршылық та жойқын саяси жазалаулар жүргізген сталиншіл саясаттың салдары, мұны жұртшылық айқын түсінді. Сол себепті еске алу күніне берілген жаңа мазмұн дұрыс қабылданды. 31 мамырдың жаңа мәртебесі бүкілхалықтық мойындауға ие болды. Бұл күні жұртшылық өкілдері саяси қуғын-сүргін құрбандарына жаңа ескерткіштер тұрғызу, орнатылған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, тағзым ету сынды шараларға міндетті түрде қатысуды үрдіске айналдырды.
Бұл орайда белсенді әрекетімен ел ризашылығына бөленген іс адамдары да бар. Мәселен, Алматы облысының Ақсу ауылы интернатында 32-ші жылы аштан қырылған тоқсан бала жерленген орынға 2002 жылғы 31 мамырда жеке бейнетқор күшімен ескерткіш қойылды. Мұндай әрекеттер әр жерде жасалды. Нәубеттің бнлгісіз құпияларын ғалымдар, жазушылар, журналисттер, деректі кино шеберлері әр қырынан ашып,жұртшылыққа жеткізуде.
Дегенмен, сонау қаралы кезеңнің атын атап, түсін түстеп мән беру ауқымы жеткіліксіз дәрежеде екенін мойындау ләзім. Олай дейтініміз, қылмысты саясат туғызған алапат ашаршылық халқымыздың өсіп-өнуіне сандық та, сапалық та тұрғыда ойсырата зиян тигізді. Оның ауыр салдары айтып-жеткізгісіз, тірі қалған ел-жұрттың басына салған ауыртпалығы ұшан-теңіз. Соларды біз ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Бұл болашақ үшін, халқымыздың бірлігін, Тәуелсіздіктің тірегін нығайта түсу үшін қажет. Сөз жоқ, ашаршылықты әрдайым есте тұту қажет. Олай етудің басты себебі сол, ашаршылық тұтқиылдан кездейсоқ тап болған зобалаң емес-ті. Ол патша заманында негізделіп, кеңестік кезеңде өрістетілген нәубет еді. Большевиктік билік жол берген зұлмат қазақ халқына жер бетінен халық ретінде мүлдем жойылып кету қаупін төндірді. Аштық құйыны бірнеше мәрте соқты. Әсіресе 1932 жылдың халық санасына терең із қалдырғаны белгілі. Одан бері де міне, бақандай сегіз онжылдық өте шығыпты.
Самодержавиелік Ресейдің отарлық құлдығынан азат болған қазақ елі Кеңестік Ресей Федеративтік Республикачы құрамында автономия алды. Елдігін қалпына келтірді. Бұл қуанышты оқиға. Бірақ автономиялық республикамыздың ғұмыры жалпыұлттық трагедияға ұласқан аштықпен астасты. Бұл бізді қапаландырады. Бізге мұның себеп-салдарын терең зерделеу қажеттігін ұғынамыз.
Сонау апатты зұлмат халқымыздың басына кездейсоқ үйірілген жоқ, оның терең тамырын ажырата білу ләзім. Ал ол режім ауысқанын сабақтастығын жоғалтпаған отарлаушылық пиғыл мен әрекетте жатыр. Баршаға бәлім, ресей тарапынан XVIII-XIX ғасырларда мақсатты түрде жүргізілген жаулап алулар нәтижесінде қазақтың мемлекеттігі жойылды. Жері мен халқы империя құрамына енгізіліп, түрлі ресейлік әкімшілік бірліктерге бөлшектенді. Қазақ өлкесін орыс жеріне, халқын, этностық түрі бөлекше болса да, тіршілігі мен жан-дүниесі жағынан кәдімгі орыс мұжығына айналдырудың кең көлемді шаралары жүзеге асырыла бастады. Халқымыз тұтастығын жоғалтты. Тек кеңес өкіметінің арқасында, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінің соңында ғана, Қазақстанның жерсуы мен халқының негізгі құрамы бір шаңырақ астына іс жүзінде біріктірілді.
Нұрғали Мөлдір Бақытжанқызы