Ұмыт қала бастаған ежелгі дәстүрлеріміз. The importance of traditions and customs in the formation of ethnicity and virtue in kazakh culture
Бүгіндері атаулары өзгерсе де, кейбір салт-дәстүрлерді қаймағын бұзбай сақтап отырған өңірлер бар. Әсірес Қазақстанның батыс пен оңтүстік облыстарында қазақтың салт-дәстүрлерін тастамай, күнделікті тұрмыста ұстанып жүр. Мысалы, ат тұлдау, аяққа жығылып кешірім сұрау, ақсарбас атау, аунату, байғазы беру, босаға байлау, енші беру, ерулік беру, жылу жинау, қалау айту, қазан шегелеу сияқты дәстүрлер сақталған. Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса (айдар тағу, қонақ кәде, бастаңғы және т.б.), кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.
Мысалы, "Біз шанышар" дәстүрін алсаңыз, одан қазақтың балаға деген қамқорлығы мен оның болашағы үшін жасалатын қадамдарын байқауға болады.
Біз шанышар
Ертеректе қазақтарда қонақтарын ақы алмай күткен, ол үшін арнайы жатын үйлерін, ас дайындайтын асханасын, күтушілерді, тіпті көлігіне дейін алдын ала сайлап қоятын болған. Қонақтың жағдайын жасап, дұрыс күте алмаса сөгіс естіп, тіпті ондайда айыпқа дейін салатын болған. Мәселен, табаққа салынған еттің ақ тамыры не қол еттің безі алынбай қонағына тартылса, айыбын қоса төлеген.Осы көп тегін тамақтың бірі – түстік ас. Қазақ түскі асын жаз кезінде таяқтың көлеңкесі жоғалып, күн шаңырақтың үстінен түскен кезде ішкен. Осы уақытқа тап келгендер үй иелерімен бірге отырып, шайын ішіп, тамағын жеген соң аттанып кетеді. Көбіне қона бермейді. Ал "біз шаншуға" келгендер ешкіммен сөйлеспей, аттарының ер тоқымын бір жерге жинап, түскі астан соң да кетпей қояды. Үй иесі қонаққа арнап мал сояды. Қонған адам ертесіне сиыр түсте үн-түнсіз атттанып кетеді. Әдетте мұндайда шалдар келеді. Қонақ кеткен соң үйдегілер бар гәпті түсіне қойып, дереу сырмақ қағады. Қайрағын іздейді. Содан сырмаққа шаншылған бізді көріп, қайрақтың жоғалғанын біледі.
Бұл – "Ұл ержетті, қыз бойжетті. Қосқұлақ бала бізде де бар. Қас сұлу сізде бар. Жекжат болайық" дегені. Егер қызы бар үй қайрақты сұрамаса, әлгі қонақ болып кеткен шалдар келіп құда түседі.
Жалпы қайрақ – ұлдар қолданатын сайман. Ал ине – қыздардыкі. Қайрақ қайырымға керек, инесі кестеге, киім-кешекке керек. Шалдардың сырмаққа біз шаншуы – бізде бір ұл бар, осы шаңыраққа ұл болса дегенді тұспалдап білдіруі. Ал қайрақты алып кетуі – құда болайық дегені, – дейді Дандай Ысқақұлы.
Балдыз қалың
Балдыз қалың салты бойынша қалыңдығы қайтыс болса болашақ күйеу төлеген қалың малын қайтарып алмай, сол отбасының екінші қызын алуға құқы бар. Егер ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылады. Және күйеу ұрын барып, балдызын алатын болып, келіссе, үстіне "балдыз қалың" төлейтін болған. Бұрынғы қалың малдың үстіне түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Егер ұрын келмеген болса, "балдыз қалың" төленбейді.
Аушадияр дәстүрі
Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Мұны іздеп тапқан жазушы Уахап Қыдырханов. Аушадияр деп атаалтын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған.
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер…
Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле өлгенше серт болар.
Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұндай ақыл, үлгі, өнеге, тәлім тәрбие туралы толғауды санамалап айту дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ, мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.
Қазан шегелеу
Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.
Сыралғы
Қазақта аң аулау – үлкен мереке болған. Бірақ аң аулаудың қанша қызығына түскенмен, ерекше белгілері байқалған аңдарды атпаған. Әсіресе, мола басына жақын жерде жүрген жан-жануарларға тиіспеген. Өйткені әр аңның киесінен қорыққан. Ал қанжығаларын майлап, аң аулаудан қайтқан аңшы өзіне "Майлансын" деп айтқан адамға ойланбастан атып алған аңын сыйға тартқан. Аңшының сыйын "сыралғы" деп атаған. Ал қақпанға түскен аңды алу ұрлыққа жатпаған. Бірақ орнына бір зат қалдырып кету керек екен.
Мойнына бұршақ салу
Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып Құдайдан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.
Көтендестіру
Қазақтың кейбір дәстүрлерінің атауы ерсі болғанмен, түсіне білген адамға берер тәлім-тәрбиесі мол. Солардың бірі – көтендестіру салты. Салт бойынша балалары қырқынан шыққанша, бір уақытта босанған екі әйелге бір-бірімен араласуға, көрісуге болмайды. Осылайша жұқпалы ауруларды жұқтырудың алдын алған екен. Сондықтан 40 күннен кейін екі әйелді қонаққа шақырған үй иесі бірінші келгенін кереге жаққа қаратып отырғызады. Екінші келгенді бірінші әйелмен арқасын тірей отырғызады. Үй иесінің белгісімен екі әйел сол қолымен әкелген қонақ кәдесін сол аяғының астынан өткізіп, оң қолымен иық тіресіп отырған әйелге берген. Осылайша қайта қауышып, еркін араласатын болған. Ал сол салтты үйінде өткізген әйелге сыйлығын берген.
Деңгене
Қазақта сайыс ретінде ұйымдастырылатын салт-дәстүрлерді де кездестіруге болады. Солардың бірі – "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабында көрсетілген "деңгене" дәстүрі. Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып "Деңгене! Деңгене жеуге келдік" деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішулері керек. Егер тауысып жемесе, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.
Қазақ салт-дәстүрін зертеушілер ұмыт болған салттардың қолданысқа қайта енуі екіталай дейді. Сондықтан сақталып қалған дәстүрді жоғалтып алмай, оны жастардың бойларына сіңіру қажет. Ал тарих қойнауында қалған ескірген дәстүрлердің негізін сақтай отырып, заманауи үлгіге орай ұстанса, тез қолдау табатыны сөзсіз.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ; Философия және саясаттану факультеті; Дінтану және Мәдениеттану кафедрасы; Мәдениеттану мамандығы 2 курс студенті Алмаханова Назерке
Author: Almakhanova Nazerke