Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Миокард инфаркті және емдік жаттығулар

Миокард инфаркті – жүрек ауруының өте жиі кездесетін түрі. Бұл жүрек қантамырларының бір бөлігінің ұйыған қанмен бітелуі не кенеттен түйілуі салдарынан жүрек бұлшықетінің, тінінің бір бөлігінің өлуі. Жүрек қантамырларының кенет тарылуы, не склероз болып өзгерген тамырлардың тығындалуы, оны қоршаған қылтамырлардың шамасының келмеуі осындай қайғыға әкеліп соғады. Бұл неліктен болатын жағдай? Оған итермелейтін күш көп. Мәселен, көптен елемей келген канның қысымы, қанның ұюының жоғарылауы, ашу-ыза, реніш, қатты назалану, шамадан тыс ауыр жұмыс, алкоголь мен никотин улары. Инфаркт өзінің зақымданған шеңберіне, бүлінген тамырдың кеңдігіне, арнасына қарай әртүрлі болады. Жансыз ошақ кең жайылып, ұлғаяды немесе көлемі орташа, ал тағы бірде көзге әрең керінетін микроинфаркт болады.

Жарақаттанған жердің тереңдігіне байланысты интрамуралды, трансмуралды деп айырады. Біріншісі жүрек бұлшықетінің (миокард) ішкі жағын жансыздандырса, екіншісі бүкіл бұлшықеттің барлық тереңдігін зақымдайды, яғни жансыздандырады. Қалпына келу үдерістері 5-6 күннен кейін басталады. Өлеусіреген белік біртіндеп жазыла бастайды, ал орны 6-12 күннен соң тыртыққа айналады.

Ауру басталғанда адамға білінетін белгілері ерекше: жүрек тұсы қатты шаншу болып қадалады, сол жақ иық, қол әлсіреп жансызданғандай сезіледі, науқас адам абыржып, әлсізденіп қалады. Жүрек тұсы ауырғаннан бастап дәрігерге хабарласу керек. Оны өзі басылады деп тосқан дұрыс емес, өйткені асқынып кетуі мүмкін. Әсіресе жасы 40-тан асқан адамдарға ондай шыдамдылық зиян.

Науқасты ауруханаға жатқызып, қажетті көмек көрсетіп, қиын кезеңнен алып шыққан соң, емдік жаттығулар тағайындайды. Егер микроинфаркт болса, 2-3 тәуліктен соң, орташа түрінде 4-5, ал кеңінен жайылған түрінде 6-7 тәуліктен соң дене шынықтыру басталады.

Кейінгі жылдары ғалымдардың айтуынша, емдік жаттығулар неғұрлым ерте басталса, солғұрлым тезірек жазылуға мүмкіндік туады. Ол адамның көңіл күйін көтеріп, шеткергі қантамырларын жақсартып, жүрек бұлшықетін әлдендіріп, күш береді. Мұның өзі науқастың төсек тартып ұзақ жатпай, тұрып кетуіне тікелей көмектеседі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың қайта қалпына келу (реабилитация) үдерісін үш кезеңге бөледі: емдеу мекемесіндегі (аурулардың шиеленіскен кезі), сауыға бастаған кез (конвалесценция), көтермелеу (постконвалесценция) кезеңі. Екінші, үшінші кезең науқасты ауруханадан шығарған соң, емханада реабилитациялық орталықта, шипажайда, диспансерлерде өтеді.

Ауруханада жаттығулар инфарктің түрін, кезеңін, аурудың жасын, жынысын еске ала отырып, жасалады. Ол 3 жұмадан 6-8 жұмаға дейін созылады. Қимыл-қозғалыс төрт режимнен тұрады. Төсек тартып жатқан, жартылай жатқан, яғни отыратын, палаталық және бос режимдер. Бір режимнен екіншіге өткізуді тек емдейтін дәрігер ғана шешеді. Әр науқастың тамыр соғуын, қан қысымын, тыныс алу жиілігін есептей, салыстыра отырып, емдік жаттығуларды қолданады. Жаттығуларды жасағаннан кейін тамырдың соғу жиілігі 10-ға, тыныс алу 1 минутта 3-4 рет, қан қысымының жоғарғы саны 10-15 мм сынап бағанасына көтерілуі керек. Мысалы, қалыпты жағдайда қантамырдың соғуы – 60-72, тыныс алу – 16-18, қан қысымы – сынап  бағанасымен 120/60 мм болса, емдік жаттығудан соң тамырдың жиілігі минутына 70-82, тыныс алу – 19-22, қан қысымы – 135/60 мм сынап бағанасы болуы тиіс. Ал аталған мөлшерден асып кетсе, емдік жаттығу жүрек ауруына лайықты болмай, дұрыс қолданылмаған болып есептеледі.

Науқас төсек тартып жатқанда берілетін жаттығулар жиынтығы аяқ-қолдың тек саусақтарын ақырын асықпай қимылдатудан, бұлшықетті ширықтырып босаңсытудан тұрады. Емдік жаттығуды пайдаланғанда дәрігер адамның мінез-құлкын, жүйке жүйесін ескере отырып, ең алдымен жаттығулардың қарапайым оңай түрлерін белгілейді. Жаттығулар бірқалыпты ырғақпен, байыппен буындардың бірінен соң бірін қозғалта отырып, орындалуы қажет. Жаттығуларды онша қатты күш жұмсамай, сүйсіне, ем болатынына сеніп, ықыласпен орындаған дұрыс. Дәрігер науқас адамның дұрыс тыныс алуын қадағалап отырады. Өйткені дұрыс алған демнің өзі қан айналымын жақсартады.

Бірнеше күннен соң тізе, мықын, шынтақ буындарын қосады. Тізені бүгіп-жазып, табанды жылжытып, аяқты көтермейді. Жүрек тұсында шаншу болмаса, табанды тіреп, жамбасты жоғары көтеріп, қозғайды, сол сияқты екі жаққа аунап жатуға болады. Осындай жаттығулар алғашқы кезде 6-8 минутқа созылады.

Дене тәрбиесінің бұл режимдегі негізгі мақсаты жүректен алыс, шеткергі орналасқан қан тамырларын шыңдап, қан айналымын жақсарту және науқас адамды отыруға дайындау.

Екінші режимге көшкенде адамның вестибуляр аппаратына (тепе-теңдік жағдайын сақтайтын) арнайы жаттығулар беріледі. Өйткені ұзақ төсек тартып жатқан адамның басы айналып, көзі бұлдырап, тепе-теңдік жағдайы бұзылады. Сондықтан динамикалық тыныс алу жаттығулары, дененің бұлшықеттерін ширатулар кеңінен қолданылады. Бірнеше рет отырып, қайта жатып, аяқтарды алма-кезек көтереді. Алдымен әдіскердің көмегімен, кейін өзінше жасайды. Сабақтың ұзақтығы – 14-17 минут, 7-10 күнге созылады.

Палата режимінде (науқастар жататын бөлме) науқас адамды біртіндеп тұрғызуға дайындайды. Жүрек тамырларын, басқа мүшелерді, барлық организмді тік тұруға дағдылап, жүруге бейімдейді. Отырған қалпында жүру нышанын жасайды. Сонан кейін біреудің көмегімен түрегеліп, аяңдап басып жүреді. Жүрудің де мәні бар: бір-екі аттап, кейін екпінді, ара қашықтықты алыстата түседі. Бұл кезең 7-10 күнге созылады, ал жаттығулар 15-20 минутта жасалады.

Бос режимдегі негізгі мақсат – біртіндеп көбейтілетін күшке жүрек-қантамырларын дайындау. Бұл кезде ауруды баспалдақпен жүргізеді, далаға серуенге шығарады. Сөйтіп, үй жағдайына, тұрмыс-тіршілікке қатыстырады. Жаттығулар барлық бұлшықеттерге, тұрып, отырып, жатып орындалады. Жаттығуларды далада немесе арнаулы бөлмелерде өткізеді. Ұзақтығы 25-30 минутқа созылады, бұл кезең 7-10 күн.

Ауруханадан шыққан соң науқас әбден айыққанша 3-5 ай емханада немесе реабилитациялық орталықтарда, шипажайларда емдік жаттығуларды әрі қарай жалғастырады. Мұндағы мақсат – адамның психологиялық жағдайын қалпына келтіріп, жаттығуларға бойын толық үйрету; жүрек бұлшықетін жетілдіріп, оның жиырылу күшін арттырып, қан айналысын жақсарту, тұрмысқа, еңбекке қабілетін арттыру.

Бұл үшін ертеңгілік гигиеналық жаттығу, емдік гимнастика, өз бетінше орындалатын жаттығулар, спорт ойынының түрлері, жүзу, шаңғы тебу, серуендеу кеңінен колданылады. Сол сияқты адам өзін еңбекке баулып, дене шынықтыру әдістеріне көңіл бөледі.

Жүрек ауруына шалдыққан адам өзіне-өзі өте ұқыптылықпен карап, диспансерлік тізімде тұрады. Бұл кезде емдік гимнастиканың түрлерін одан әрі өрбітіп, күнделікті тіршіліктің тірегі ретінде қарау керек. Тұрмыс, еңбек, кәсіптік дәрежесін көтеру ұдайы – қимыл-қозғалыста болған дұрыс. Емдік жаттығуды тыңғылықты түрде орындау, ол жүрек инфарктіне қайта ұшыратпаудың алдын алу.

Адам жазылып, еңбекке косылған күннің өзінде емдік жаттығудың еш зияны жоқ. Ол үшін жұмасына 2-3 рет арнайы ұйымдарға, стадион алаңдарында өз бетінше әртүрлі әдістермен айналысу керек. Тек сонда ғана дене сергіп, бойды билеген індеттен толығымен жазылады.

Емдік жаттығулар

Кіріспе жаттығулар

1.   Шалқадан жатып, асықпай байыппен тыныс алу (3-4 рет). Дем алуға көк ет пен кеудені дұрыс қосу керек.

2.   Қол саусақтарын бүгіп-жазу (4-5 рет).

3.   Тыныс алу (4-5 рет)

4.   Екі аяқтың ұшын алға-артқа қозғау (3-4 рет). Баяу ырғақпен.

5.   Қолдың басын оңға-солға айналдыру (4-5 рет). Екі қолмен алма-кезек.

6.   Демалыс (2-3 минут).

7.   Аяқтың ұшын оңға-солға қисайту (3-4 рет). Асықпай.

8.   Қолды екі қапталда ұстаған бойда алға иіп, саусақтарды созу және бүгу (3-4 рет). Созғанда демді ішке алып, бүккенде сыртқа шығару.

9.   Аяқ және қолдың басын бір мезгілде алға-артқа қимылдату (4-5 рет). Баяу ырғақпен.

10. Тынысалу (1-2 рет).

Барлығы: 5-6 минут.

Негізгі жаттығулар

1.   Шалқадан екі колды қапталда ұстап жату; асықпай тыныс алу (3-4 рет). Жайлап қана.

2.   Қолды шынтақтан бүгіп, басын айналдыру. (3-4 рет). Екі қолмен кезек.

3.   Аяқтың ұшын екі жаққа бір мезгілде қимылдату (4-5 рет). Екі аяқтың қимылын қадағалау.

4.   Қолдың ұшын иыққа кою. Құлашты жайып, терең дем алып, алғашкы қалыпта демді шығару (3-4 рет). Орташа ырғақпен.

5.   Аяқ-қолдың ұшын шыр айналдыру (3-5 рет). Оңға-солға асықпай, ырғақты түрде.

6.   Асықпай терең дем алу (4-5 рет).

7.   Иықты қозғау. Жоғары көтергенде демді ішке тарту, түсіргенде сыртка шығару керек (3-4 рет). Баяу ырғақпен.

8.   Аударылып оң жак қапталға, одан соң сол жақ қапталға (3-4 рет). Әр қапталға аударғанда дем ачу.

9.   Демалыс (2-3 минут). Денені босаңсытып ұстау.

10. Аяқты тізеден бүгіп, екі жаққа алшақтатып, қайта қосу (4-5 рет). Бұлшықетті бос ұстау керек.

11. Қолдың ұшын иыққа, екі жаққа, төмен түсіру (3-4 рет). Еркін дем алады.

12. Аяқты тізеден бүгіп, өкшені алма-кезек көтеріп жүрген сияқты қимыл жасау (4-5 рет). Бірқалыпты, асықпай.

13. Терең дем алу (3-5 рет).

14. Аяқтың басын бүгіп-жазу (3-5 рет).

Барлығы: 18-20 минут.

Қорытынды жаттығулар

1.   Отырып, асықпай дем алу (3-4 рет)

2.   Иықты бір мезгілде айналдыру (4-5 рет). Денені сәл түзу ұстау керек.

3.   Өкшені еденге өкшеден тіреп, оңға-солға айналдыру (4-5 рет). Екі аяқпен алма-кезек.

4.   Орындықтың шетіне отырып, қолды иыққа қояды. Қолды, санды екі жаққа жазып, терең дем алады. Қосқан кезде демді сыртқа шығарады (4-5 рет). Дем алуды қадағалайды.

5.    Қолды мықынға тіреп, тыныс алады (3-4 рет).

6.    Аяқты тізеден бүгіп, қолды санға қойып, денені алға иіп, қайтадан қалпына келу (3-4 рет). Иілгенде демді шығарып, түзегенде тыныс алу.

7.    Аяқты алма-кезек бүгіп-жазу (4-5 рет). Асықпай, байыппен.

8.    Қолды иыққа тіреп, шынтақты артқа-алға қозғау (3-4 рет). Демді еркін алу.

9.    Аяқтың ұшын тіреп, алма-кезек өкшені көтеру (6-8 рет). Орташа ырғақпен.

10.  Қолды шынтақтан бүгіп-жазу. Бүккенде қолдың басын қысып, жазғанда алақанды ашу (4-5 рет). Бұлшықетті қатайта қысады.

11.  Қолды мықынға қойып, қалыпты тыныс алу (3-5 рет). Баяу жасалады.

Барлығы: 5-10 минут.

Гүлбаршын Икіманова
медицина ғылымының докторы,
профессор

 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама