Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Артына мол мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылдың 24 шілдесі күні бұрынғы Семей облысының Абай ауданында туып, 1931 жылдың 21 қыркүйегінде сол мекенде қайтыс болды. Ол асқан ақындығына қоса, жазушы, аудармашы әрі композитор болған. Шәкәрім - ұлы Абайдың немере інісі, нақтырақ айтсақ, Құнанбайдың үлкен әйелі Күнкеден туған Құдайбердінің баласы. Құдайберді 36 жасында қайтыс болғанда, Шәкәрім жеті жаста екен. Ұлы Абайдың «атадан алтау, анадан төртеу» дегендегі аталас ағасы осы Құдайберді болады. Жастай жетім қалған Шәкәрім атасы Құнанбайдың бауырында өсіп ержетеді. Ақындыққа баулып тәрбиелеген ұлы Абай оның әйгілі ақын болып қалыптасуына елеулі үлес қосқады. Бес жасынан оқып, аз ғана жылда сауатын ашқан зейінді де зерек жас көне түрік, араб, парсы тілдерін игеріп, көп ұзатпай орыс тілін де еркін меңгереді. Араб, парсы, түрік тілдерін өзінің туған анасы Дәметкеннен (шын аты Төлебике. – М.Ж.) үйренсе әкесі Құдайберді ескі кітаптарды, қазақтың көне қисса–дастандарын, ақын, жыраулардың өлең, жырларын жатқа айтатын кісі болған деседі. Осындай тәрбие көріп өскен Шәкәрімнің өлеңге деген құштарлығының оянуына осы үлгі қолайлы жағдай жасайды. Бұған бала Шәкәрімнің әкесі Құдайберді қайтыс болғанда айтқан мына бір тырнақ алды өлеңі дәлел бола алады. Далада ойнап жүрген жас Шәкәрім өрлеп бара жатқан бір жұлдыз құртын өлтіріп алады. Аздан соң өзінің сол ісіне әрі әкесінің өлімі есіне түсіп, мына бір өлең жолдарын жұлдыз құрты атынан суырып салып айтса керек:
     
      «Өлтірдің, онан таптың қандай пайда,
      Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.
      Өлімнің қандайлығын көзің көрді,
      Кешегі тірі жүрген әкең қайда?!
     
      Менің де жетім қалды балаларым,
      Олар да жылайды іздеп аналарын.
      Өзің жетім, жетімді аясаңшы,
      Жоқ екен басыңда ми-саналарың!»
     
Осы болған оқиғаны әжелеріне келіп айтқан жас Шәкәрімге олар «Енді бұдан былай өлең шығарма!» деп тыйым салыпты. Мұны естіген Абай тірі тұқымнан шыққандарға өлең жазу айып саналатынын біле тұра, әлгі аналарға қарсы, «өлең жазба деу дұрыс емес» деп Шәкәрімді қорғап қалыпты. Осы бір ауыз сөз Шәкәрімнің ақын болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Есейе келе Шәкәрім ағасы Абайдың сол ұмытылмас қамқорлығын еске алып: «Абай болмаса, менің ақын болуым екіталай еді» деген екен. Осындай шешуші өмір кезеңдерін ақын өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты көлемді жырында ірі-ірі үш дәуірге бөліп қарастырып, алғашқысы, Құнанбай қажы мен анасының тәрбиесінде өткен жиырма жыл десе, екіншісі, болыстықпен зая кеткен жиыриа жыл, ал соңғы отыз екі жыл Абай айналасында өткен іздену, өсіп жетілу мерзімі еді деп көрсетеді. Сөйтіп, ақын алғашқы қырық жылдық өмірін нәтижесіз, зая кеткен десе, соңғы жылдарды ғана жемісті кезең деп санайды. Ақын өзінің 19 жаста жазған «Жастарға» атты өлеңінде де ұлы ұстазының өз өмірінен алатын орны мен мәнін, тіпті кейінгі буын жастарға деген әсер-ықпалын орынды бағалап:
     
      «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
      Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
      Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
      Бір білімді данышпан жан табалық.
     
      Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
      Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!
      Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
      Жалыналық Абайға, жүр баралық!
     
      Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық,
      Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
      Амалы жоқ, айналды енді бізге,
      Күн туды етегіне жабысарлық!» - дейді.
     
Осындай арналы бағыт беретін өлең жолдары ақын оқу, білімсіз надандық пен қараңғылық түнегінде қалған халқын оятып, оның мәдениетті елдер қатарына қосылуы үшін, Абай ұстанған жолды жастарға үлгі етіп ұсынады, алдағы жарқын болашақтың тек жастарға байланысты екенін дұрыс түсініп, надандықтан арылуға үндеп, надандардың артына ешнәрсе қалмайтынын ескертеді:
     
      «Сендерден белгі нең қалар,
      Жемтігін жеген жем қалар.
      Ақылы дария Абайдан
      Таусылмас қоры – кен қалар!» - дейді.
     
Шәкәрім өзі жемісті кезең деп атаған жылдарында да ұлы Абай бастаған игі дәстүрді жалғастыруға, ел өмірінің шындық көріністерін көркем бейнелеуге айтарлықтай үлес қосты, әдебиетімізге сан алуан поэзиялық туындылармен қатар проза мен аударма саласында да мәні зор еңбектер қалдырды, ұлы Абайдың лайықты шәкірті бола білді. Осыған орай ұлы жазушымыз М. Әуезовтың Шәкәрім жөнінде айтқан мына бір салиқалы пікірі ойға оралады: «Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен ақындар төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың балалары. Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынасындағы шәкірттері. Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған... Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзетудің жолын айтады. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын-шәкірттері есепті де, Абай алды оларға жазушының мектебі сияқты болады» (М. Әуезов. Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. Алматы, 1967. 244-б.), - деп көрсетеді.

Шәкәрім өз бетінше де көп ізденіп әйгілі төл туындыларынан тыс, араб, парсы, орыс әдебиетінің асыл үлгілерін де қазақшаға аударып, әдебиетімізге үлкен үлес қосты, алайда осы шығармаларының жарық көрмегендері кезінде қолды болып кеткен еді. Сол себепті бұлардың бас – аяғын құрап, жинақтап, түгендеген ақынның баласы Ахат болды. Ол Шәкәрімнің сан алуан өлеңдері мен дастандарын, прозасы мен аудармаларын тірнектеп жинап, өзі білетіндерін қолдан көшіріп, орталықтағы кітапханаларға тапсырды. Ақынның 1988 жылғы «Жазушы» баспасынан жарық көрген көлемді жинағын құрастыруға да белсене қатысты.

Бұл орайда Ахаттың тағы бір елеулі еңбегі: әкесінің көптеген өлеңдерінің қай жылдары, қандай жағдайда жазылғанын дәл анықтап бергені дер едім. Бұл – ақынның көзқарас танымы мен ой-өрісінің қалыптасу кезеңдерін ашып тану үшін ғылымға аса қажетті екені мәлім. Бұдан тыс ол кісі Шәкәрім өміріне тікелей сәуле түсіретін мәні зор оқиғаларды өзінің «Шәкәрім жайындағы естеліктер» атты қолжазбасына (74 бет) енгізіп, үзінділерін жариялап кетті. Мұнда Шәкәрімнің шығармашылық өмірінің аса мәнді қырлары мен адамгершілік биік тұлғасы әсерлі де ұтымды баяндалған.

Міне, осындай асыл ағамен ойламаған жерден танысып білісудің, бірге жұмыс істеудің сәті түсті. Бұл 1968 жылдың жарқыраған жазы еді. Мен қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеп жүрген кезім болатын-ды. Институт басшылығы мен әдебиет тарихы бөлімінің сол кездегі меңгерушісі, белгілі ірі ғалым Ысқақ Тәкімұлы Дүйсенбаев Шәкәрімнің баласы Ахат Құдайбердиевті ақынның шығармалар жинағын құрастырудың жауапкершілігі бөлім меңгерушісіне жүктелді де, Ахат аға екеуміз қолжазбаны дайындаушы болып бекітілдік.

Уәделі мезетте Ғылым академиясының сол кездегі сәулетті үйінің үшінші қабатында орналасқан біздің бөлмеге Ахат ақсақал кіріп келді. Ұзын бойлы, шоқша сақалды, қапсағай денелі, ақ сұр кісі екен. Сәлемдесіп сөйлескеннен кейінгі бір байқағаным: жүзі жылы, мейірімді, бәсең дауыспен күліп сөйлейтін адам екен. Үстінде қарапайым еуропа костюмы, таққан ордендері мен медальдары бар. Көп жылдар бойы осы Алматыда мұғалім болып істеген екен, ал көкірегіндегі әлгі белгілер сол тәрбиешілік қызметі үшін берілген марапаттаулар екені аңғарылады.

Әңгіме арқауы Шәкәрімнің азаматтық ақталуынан кейінгі (1957 ж.) «Қазақ әдебиеті» газетінің 1959 жылғы бір бетін түгел алып жатқан ақынның суреті мен бір топ өлеңдерінің жариялануы жайлы, сол басылымды жариялатқан редактордың жазалану мәселесі жайында болды. Бұл – сол тұста ақын мұрасының жиі-жиі сөз болып, мұның ақыры Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Шәкәрімді ақтау туралы арнайы қаулы қабылдауына келіп ұласты (1988 ж.). Енді ақын шығармаларын баспа бетінде толық жариялау мәселесі қолға алынып, бұрын бізде дайын тұрған Шәкәрім шығармаларының екі томдық қолжазбасын «Жасушы» баспасына тапсырдық. Бұл жинақтың басылуына кеткен олқылық, бұрмалаулар жөнінде сәл кейінірек сөз болады...

Ахаңның қарапайымдылығы мен кішіпейілдігіне қоса, әкесінің өлеңдерін жатқа сақтау қабілетінің молдығы ерекше қайран қалдырды. Мәтінді салыстыра оқу, өзара салыстыру барысында қайсыбір өлеңдердің жолдары мен жеке сөздерін айқындауда кез-келген тармақты тұтқиылдан сұрай қалсаң, сәл ғана ойланып қолма-қол жауап беріп, сол жолдарды әрі қарай жатқа айтып жалғастыра жөнелетін. «Бұл қай өлеңнен еді, ойланып көрейінші» дегенді бірде-бір рет естіген емеспін, сондықтан іштей «Ахаң Шәкәрім өлеңдерін түгелдей жатқа біледі екен» деген қорытындыға келдім. Бұған ол кісінің әлдеқалай, кездейсоқ айтқандары ғана емес, талай рет тап басып жатқа айтқан дәл жауаптары айқын дәлел.

Шәкәрім жинағын баспаға дайындау жұмысы бірден іске асатындай шаруа болған жоқ. Біздің институт пен Орталық кітапхана қорларындағы Шәкәрім қолжазбалары мен өзге де мұралардың, сондай-ақ бұрын жарық көрген ақын кітаптарын өзара салыстыру, мәтіндегі өзгерген сөздерді сұрыптап лайықтысын алу ісі үлкен жауапкершілікті талап етері сөзсіз. Бұл күрделі жұмысты игеріп шешуде де Ахат ағаның көмегі орасан зор болды. Бұл ғылым үшін мән-маңызы аса зор істерге кезінде Ахаң қосқан алғырлық пен біліктілікті ерекше ілтипатпен бөліп атаған жөн.

Ахат ағай, әлі есімде, жұмысқа бір рет те кешігіп келеген емес. Келісілген қолжазбаларды өзара салыстырып оқуға не машинкадан шыққан өлеңдерді салыстыруға бірден кіріседі. Ара-тұра, сөз орайы келгенде, атасы Құдайберді мен әкесі Шәкәрімнің тәрбиеден қанға сіңген адалдығы мен әділдігін айта отыруды ұнататын. Бірде атасы Құдайбердінің әділдігіне орай, мынадай оқиғаны ортаға жайып салғаны бар. Атасы кешқұрым қас қарая қолында бүркіті бар аңнан қайтып келе жатса, өзен бойымен өрлеген бір топ еркек пен әйелдерді көреді, бәрінің арқасында арқалаған қапшықтарының сыртынан қан табы байқалады. Құдайбердінің қолындағы бүркіт аң кездеспей қанға тілек білдіріп ұшпақшы болғанда, ол құсын босатпай, тез бұрылып жүріп кетеді. Әйел, еркектер сасқанынан қаптарын астына басып отыра кетсе керек. Құдайберді мұның бәрін істеген Дәметкен екенін сезсе де, білген сыңай танытпапты. Үйге келген соң, ол етті бөліп берген Дәметкенге: «Біз осылардың (ет арқалағандардың. – М.Ж) адал ниеттерімен сіңірген еңбектерін ақтарлық не істедік? Бағанағы ет арқалаған жаяуларға жолыққаннан кейін ойлап тапқаным: бұлар кедей ел, алым-шыған төлеуге шамасы жоқ... Дәметкен сен олар үшін артық соғым сойғызып, бүгінгідей жаяу арқалатпа, бас білетін түйелерге арттырып жібер... Бұларды бір нәрсеге мұқтаж етпелік» - депті. Ахат осы тұста: «Шәкәрімнің де біреуді бай, біреуді кедей деп алалап бөлмегені осындай тәрбиенің нәтижесінен болса керек» деп ой түйді.

Ахаттың жүріс-тұрысы мен сөз сөйлеу мәнері мейлінше кішіпейіл, сыпайы болатын. Әкесі туралы айтқанда, ағамыз көзі ұшқын атып шабыттана, әсерлене сөйлейтін. Қара сөздерінің өзі кейде үндесе ұйқасып, өлең жолдары секілді болып құйылып отыратын. Бірде жұмысқа ертерек келсем, мен отыратын үстелдің үстінде өлең жазылған бір бет қағаз жатыр екен. «Жинақты дайындау кезінде қалып қойған Шәкәрім өлеңдері шығар» деп ойлап, оқып көрсем фәлсапалық мәні бар көркем жыр екен. Ахаң жұмысқа келген соң мәнісін анықтап сұрасам, әлгі өлеңнің Ахаңның өз туындысы екені мәлім болды. Кейін барып осы жайттың анығына көз жеткіздім: Ахат ағай да өлеңнен құр алақан емес, ақындығы әуелден бар екені белгілі болды. Өз өлеңдерін былай қойып, әке парызын алдымен өтеуге ұмтылып жүрген жан екенін содан білдім.

Шәкәрімнің кемеңгер ақын, көрнекті жазушы болып қалыптасуына немере ағасы, ұлы Абайдың әсер-ықпалының ерекше болғанын ақынның өз жиі-жиі қайталап отырады. Ол өзінің Орынборда басылған «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген кітабында былай деп жазады: «Әкеміздің (Құдайберді.- М.Ж) бір шешесінен туған Ибраһим мырзаны қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихат тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ белгілі. Олай болмағанда данышпан, һәкім кісі еді. Қор елде туды да қорлықпен өтті» (59-60 бб) деп бағалайды.

Шәкәрімнің өзіне үлгі тұтып өскен ұлы Абайдан тыс үш бұлақ бастауы бар десек, солардың алғашқысы қазақтың төл әдебиетінің ықпал әсері еді дей аламыз. Екіншісі Шығыс әдебиетінің туындылары деген жөн. Осы бағытта ол әйгілі Қожа Хафиз лирикаларының Физулидің «Ләйлі Мәжнүн» дастанын қазақшаға аударды. Үшіншісі, орыс ақын жазушыларынан М.Е.Салтиков–Щедрин, М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасов, А.С.Пушкин, Л.Н.Толстой шығармаларының игі әсері еді. Шәкәрім бұлардан А.С.Пушкиннің «Дубровский» повесімен «Боранын» қазақ тіліне өлеңмен аударса, Л.Н.Толстойдың бір топ әңгімелерін қазақша сөйлетті.

Өмірге, әдебиетке көзқарас, танымы мен түсінігі жағынан Шәкәрімге ең жақын тұрғаны орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой болғаны мәлім. Ол өзін Л.Н.Толстойдың шәкіртімін деп санап, оны мақтан тұтты. «Әйел, бала-шағасынан безіп, елсіз қорада Л.Толстойша бөлініп тұрып жатыр» деп қанқу сөз таратқан қайсыбір кісілерге жауап ретінде ақын:
     
      «Кейбіреу безді дейді қатынынан,
      Туысқан, бауыр бала жақынан.
      Қаңғырып, Толстойша өлер дейді,
      Шатасып қартайған соң ақылынан,
      Мен болсам Толстойдай арманым жоқ,
      Шатасып ақылымнан қалғаным жоқ.
      Сырымды білетұғын сендер емес,
      Өлейін деп елсізге барғаным жоқ», - дей келіп, осыған орай өз басының арман-мұңын да ортаға жайып салады:
     
      «Таза ой ойлай алмас үйде басым,
      Ойсыз сіңбес бойыма ішкен асым
      Ой жемісін теремін өлгенімше,
      Өсектесін, күндесін мейлі қасым!» - дейді.
     

Ақын Л.Н.Толстой туралы ойларын тек мұнымен шектеп қалмай, ұлы ойшылдың өз өмірінен алатын орнын да ашып санамалай келіп, өзінің «Жасымнан жетік білдім» деген өлеңінде оның туындыларын жоғары санап, әділ бағалайды.
     
      «Оятқан мені ерте Шығыс жыры,
      Айнадай айқын болды әлем сыры.
      Талпынып орыс тілін үйренумен,
      Надандықтың тазарып кетті кірі.
     
      Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,
      Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.
      Жанымен сүйді әділет ардың жолын,
      Сондықтан ол иесі терең ойдың...
     
      Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа,
      Сопының бара қойман құрбанына.
      Хақиқат сырымды айтсам, Толстойдың
      Мың сопыны алмаймын тырнағына!» - деп ағынан жарылады.
     

Ахат ағайдың жұмыс барысында айтқан әңгімелерінің бірінен Шәкәрімнің Л.Н.Толстойдға хат жазып, көкейінде жүрген сауалдарға жауап алғанын әлденеше рет естігенім бар, алайда ол хаттың сақталмауы себепті оған кезінде мән бере қоймаған едік. Ал енді Ахаңның әкесі жөнінде естелігін қайта бір оқи отырып, бұл мәселенің растығына көз жетзізгендей болдым. Расында, кең сахарада жатқан қазақтың орыс ойшылына сол тұста сұрақ қойып, одан лайықты жауап алыпты деген сөзге сенуде алғаш қиын болды. Ахат ағай келтірген сұрақ-жауаптың күрделілігімен мазмұн-сипаты оның Шәкәрімге тән екендігі күдік туғызбайтын секілді. Сол мәні аса зор сұрақтар мен жауаптарды тағы бір рет оқып көрелік. «Марқұм әкеммен болған бір әңгімесінде: «Сіз Толстой туралы жай әңгімеңізде де, Толстой туралы жазған өлеңіңізде де оны өте жоғары бағалайсыз», - дедім. Сонда әкей айтты: «Мен Толстойды бұрында да бағалайтынмын. Әсіресе, мен Толстойдан үш сұрақ сұрадым. Сол сұрақтарыма Толстой маған өте қымбатты жауап қайтарды. Сол жауаптары мені толғандырып, ғибадат алатын сабақ болып, көңіліме орнап қалды. «Адамның арына тиетін жағымсыз қылықтардың ішінде және Сіз білетін арға ең ауыр тиетіні не?» - дедім. Толстой бұған: «Осы тізіп тұрғандарыңның барлығы да адамшылық арға тиетін нәрселер. Меніңше, арға ең ауыр тиетін бір іс бар. Ол адам көпшілікке не қоғамға зиян келетін хақиқат істі біліп, соны бір нәрседен қорғанып, сол хақиқатты айтпай қалса, сол арға өте ауыр тиеді. Бірінші: сен өте бай болып, сол хақиқатты айтсаң, малыңа зиян тисе, екінші: сен мансап иесі болып, сол хақиқатты айтсаң, мансабыңнан айрылатын болсаң, үшінші: сол хақиқатты айтсаң, басың жазаланатын болса, міне осы үш түрлі зардаптардан қорғанып, көпке зиян келетін хақиқатты айтпай қалсаң, арға ең ауыр тиетіні осы», - деді. Екінші: «Ірі шығармалар жазуға бет алдым. Бұған қандай кеңес бересіз?» - дедім. Бұған ол кісі: «Көп адамдар қатысатын шығарма болсын, не әңгіме болсын, алдымен, сол әңгіменің уақиғасына, іс-әрекетіне жазушы өзі араласқандай жетік болуы керек. Сол уақиғаның жайы жазушыға айнадай айқындай айқындалып, сезініп тұрғандай болуы керек. Олай болмаған күнде әңгіме дәл, қызықты болып шықпайды. «Көлеңкеге пішкен тон бойға шақ келмейді» деген мәтелді жазушы ойдан шығармауы керек. Ішіне араласпай, сырттай ой–жотамен жазылған шығарма шындыққа жанаспай, қызықты болып шықпайды», - деді. Үшінші: «Өз жазғанымның дұрыс, терісін сынау қиын, өз шығармамның қатесін қандай әдіспен көріп, сынап түзеуге болады?» - деген сұрағыма ұлы жазушы: «Жазушының артық қасиеті - өз қатесін көріп, соны түзей алуы. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді. «Біреудің қатесін біреу көреді», - деген де бар. Бәрінен адам өз қатесін өзі көріп, өзі түзеген артық, өз қатесін түзей алатын қажет адамның өз бойында бар. Ол – адамға біткен ақ жүрек. Егер адам істеген өз ісін, жазған сөзін ақ жүрегіне сыната білсе, ақ жүректің сезімі оны ашып бере алады. Ақыл толғауынан өткен қорытындыны жүрек елегінен өткізу керек. Жүрек ымбалына беріліп дағдыланған адам өз мінін де біреудің мінін де көре алады, сондықтан әділ сыншы – ақ жүрек», - деді» (Ахат Құдайбердіұлы. Шәкәрім жайындағы естелік. 64-б.).

Ахат Құдайбердіұлы әкесінің кітапханасындағы қазақтың туындыларынан тыс, шығыс пен батыс, орыс елдері кітаптарының молдығын да атап көрсеткен. Бұларды қазір тізбелеп жатпай-ақ қоялық, өйткені сол кітаптардың Ахат айтқан естелік ішіне еніп отырғанын ғана ескертеміз. Тек, бір атап айтатын мәселе: мұнда шығыс, батыс, орыс ойшыл, ақын, жазушылары еңбектерінің біріңғай атауларынан-ақ ақынның оқыған кітаптарының көптігі мен мазмұн байлығына қайран қалу мүмкін емес. Бір өкініштісі, сол аталған аса құнды, бай кітапхананың 1931 жылғы елдегі шолақ белсенділердің қолына түсіп, өртеліп кеткен дер едік. Дегенмен осы аталған тізімнің өзінен-ақ иесінің танымы терең ақын, озық ойлы жазушы-ғалым екендігі айқын аңғарылады.

Ахаң марқұм әкесінің із-түссіз жоғалып кеткен еңбектерінің қатарында Г.Бичер-Стоудан аударған «Том ағайдың балағаны» атты романын да орынды атаған. Бұл аударма да өртеніп кеткен қолжазбалар мен қолды болған кітаптар ішінде кеткен болса керек. Бір назар аударарлық мәселе: сондағы Том ағайдың құлдық өмірі еске түсіп, өз қасындағы қызметші серігі Әупішті босатып, елге қайыратын ізгі әрекеті өзінің өлең жолдарынан да лайықты орын алғанын атап айтқан жөн.

Ақын бұл орайда Әупішке арнаған өлеңінде:
     
      "Көзіме елестейді құлдық дәуір,
      Адамды Шын ойласам екеуін салыстырып,
      Том ағайдың Әупіштен несі тәуір?...
      Том ағайда сатады базарға айдап,
      Көнбесе басын алар қылыш қайрап.
      Еркін байлап отырмын мен де Әупіштің,
      Босаттым оны елге осыны ойлап", - дейді.
     

Шәкәрім – барынша ізденгіш, жаңашыл да талғампаз ақын. Бұған оның сан алуан өлеңдері мен ән мәтіндері айқын айғақ бола алады. Біз бұл орайда оның жыр өлеңдерін де тізбелеп жатпай-ақ, соның қажетті деген кейбіреулеріне ғана тоқталып өтсек дейміз. Айталық, ол өзінің «Ойдан шығарылған бар түрлі әндерін» атты өлеңінде аталған ән талабына орай бірінші жолды 9, екінші жолды 10, үшінші жолды 9, төртіншісін 8, алтыншы жолды 11, жетінші тармақты 7 буынды етіп құрады. Тіпті, кейбір мәтіндерді 2 және 8 буынды етіп те құбылтады. Ал енді біріңғай 8,9,10,11,12 буынды өлеңдер де жиі ұшырасады. Бұлар өзіміздегі әр алуан зерттеулерде әр кезде арнайы қарастырылып, лайықты бағасын алып келегендіктен, біз сөзді осымен шектей тұрамыз.

Енді бір–екі ауыз сөз Қазақстан Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындап, 1988 жылы жариялаған Шәкәрімнің шығармалар жинағы туралы дер едік. «Бұған енген кейбір өлеңдер неге бұрмаланып басылған» деген пікірлер әлі күнге дейін әр жерден естіліп қалып жүр. Сол қайсыбір өзгеріс, өңдеулер туралы кезінде баспа бетінде белгілі әдебиетші Қайым Мұхамедхановтың «құдай деген сөзден құдай сақтасын» деген сын мақаласы да басылған болатын. Шынына келгенде, «Жазушы» баспасы қызметкерлері тарапынан болған өзгертулердің сол тұстағы саяси талаптар тұрғысынан амалсыз жасалғанын ашып айтуға тиіспіз. Бұл жинақ мұндай өзгеріс, бұрмалаулардан, құдайға шүкір, таза, осы жолғы құрастырушылар бұрынғы жинақ секілді Шәкәрімнің баласы Ахат дайындаған қолжазба-түпнұсқаны негізге алды.

Шәкәрім өмірінің соңғы жылдары заман қыспағы мен әртүрлі қудалау-түрткіні көп көріп, өзінің алдағы болашағына да күдікпен қарауға мәжбүр болды. Сол себепті ол өзін азан айтып қойған есімінде өзгертіп «Мұтылған» деп ат қойды. Алайда ақын алдағы Әділдік пен Шындықтың, Ақыл мен Ардың жеңісіне зор сенім білдіріп, кейінгі келер жаңа буынға:
     
      «Көрмесе де көзімді,
      Білмесе де өзімді,
      Кейінгі жастар қабылдар
      Айтылған түзу сөзімді...
      Қиналған тәнім азапқа,
      Жанған жаным дозаққа.
      Әділ жандар алдында
      Ақталып шықса ғажап па?» - деп үлкен үміт артады, туған елінің болашағы үшін жанын сала күрескен кемеңгер ақын өз туындылары арқылы туған халқымен қайтадан қауышқалы отыр, осының бәрі де сәтті болғай!

Мұхамедрахым Жармұхамедұлы
      филология ғылымдарының докторы, профессор


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама