Ақиқаттың анасы – шындық
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесінің алғашқы идеясы «Ғабдолда тірі екен» деген 1920 жылы жазылған мақаласынан бастау алып, 1922 жылғы «Октябрь төңкерісінің құрбандары» естелігімен жалғасты. Күншығыста партизан қатарында болған Абдолла Асылбековты, төңкеріс кезінде құрбан болған Шаймерден Әлжанұлы, Бәкен Серікбайұлы, Ысқақ Көбекұлы, Әділбек Майкөтұлы, Нұрғайын Бекмұхамбетұлы, Хәкім Маназарұлы, Нұрғали Қожанұлы, Амангелді Иманұлы, тағы басқаларды атай келіп, Бәкен Серікбайұлының Колчак түрмесінде хал үстінде жатып Сәкенге: «Біз өлсек те сен тірі қалсаң жақсы болар еді. Сен газетке, кітапқа жазып, біздің не үшін, кім үшін өлгенімізді айтар едің», — дегені есіне түскені және «Ардақты, естен кетпес жолдастар! Сендер өздерің өлсеңдер де қасиетті есімдерің өлмес! Қасиетті тілектерің өлмес! Ендігі тірі жүрген жолдастардың міндеті осы айтылған шаһиттердің есімдерін ұмытылмайтын қылу. Ол үшін Қазақстанда кейбір школаға, мектеп, медреселерге, оқуханаларға, көшелерге осы айтылған ерлердің есімдерін қою керек. Бұған күллі Қазақстандағы жолдастар кірісуі керек. Сөйтсек біздің мойнымыздағы борыш, жолдастық ақталады», — деп жазып, оны орындауға кіріскен болатын. 1923-24-26 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналының бірнеше сандарында «Тар жол, тайғақ кешудің» үзінділері жарияланды. Қолға қару орнына қалам ұстауға мүмкіндік туғанда орындай бастаған алғашқы азаматтық парыздарының бірі, яғни роман-эссені жазуының бірінші себебі осы еді.
Екінші, Сәкен Сейфуллиннің өз сөзімен айтар болсақ, «1916-17- 18-19 жылдардағы тарихи қозғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген оқиғаларынан баспа жүзінде із қалдыру» мақсатын көздегендігі. Ондай ірі оқиғаларды жалаң баяндауға болмайтынын сезген автор: «Мұнда талай кісілердің аттары аталады. Тарихи қозғалыстың өзім көрген, білген оқиғаларын жазған соң, әрине кісілердің аттары кірмеске болмайды. Мақсұт біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезінде әр түрлі пікір, әр түрлі әрекет болған. Ол — тіршіліктің, тарихтың ісі.
Бұл кітапта «Алаш» туралы әңгімелер айтылғанда, Алашордада болғандарды айыптамақ ниетімен айтылып отырған жоқ. Тек әңгіме тарихи мағлұмат ретінде ғана баспа жүзіне шықсын деген оймен айтылды», — деп күні бұрын ескерту жасап, ең негізгі себепті аңғартады.
Міне, осындай арнада жазылған роман-эссе 1927 жылы сол кездегі астана Қызылорда қаласында жарық көрді. Кітап шыққанға дейін-ақ «Сәкен жақсы ақын ғой, қара сөзде несі бар?» — деген мүләйім сөздер кейбіреулердің аузынан шығып жатқанда, Сәкеннің позициясын түгел қолдай бермейтін Ерғали Алдоңғарұлы 1926 жылы желтоқсанда «Жазушылар мен көркем әдебиет» деген мақаласында «Сәкен үш-төрт жылдан бері «Тар жол, тайғақ кешуді» өзінің төңкерісшіл болып жүрген уақытынан, сондағы жолдастарымен бірге істеген жұмыстарынан, тартыстарынан бастап жазып жүр. Бұлай жазу әдебиет заңында дұрыс нәрсе. Төңкерісшіл романтизмге (социальная романтика) бұл түгел қосылады, гәп тарихқа кіретін материалға бояуды тым қоюландыруда», — деген ойды тұңғыш рет білдірген болатын. Оны Сәкен, «көркем әдебиет жүзінде бізге онша қосылмайтын» адамның, дәлірек айтсақ 20-жылдары көптеген сын жазған дарынның аузынан осындай ибалы сөздің шығуын теріс көрмеген еді. «Тар жол, тайғақ кешудің» тарихта атаусыз қалмайтын шығарма екендігі ең алғаш осылай білінген-ді.
Сәкеннің қай шығармасына болмасын ащы сын жазып келе жатқан Нәзір Төреқұлов кітаптың шыққанына екі жылдай болып қалғанда «Тар жол, тайғақ кешу» туралы бір-екі сөз» дейтін мақала жазды. Ол «Еңбекші қазақ» газетінде 1928 жылдың 28 желтоқсанында шығып, қара аспанды түсіріп жібермегенімен, роман-эссені даттауды мақсат тұтқаны қалың көпшілікке бірден мәлім болды.
Редакция өз тарапынан жазған түсіндірмесінде: «Нәзірдің Сәкен кітабынан түк пайда жоқ деуі қате. Нәзірдің сын жазғандағы беталысы дұрыс емес. Қанша қателіктері, теріс пікірлері болғанмен де, Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуі» қазақ жұртшылығына қазақтың саяси тұрмысы жағынан бірінші кітап. Рас, Сәкен кітабы тарих емес. Бірақ тарих болмағанымен, тарих жазушыларға пайдасы бар кітап», — деп тапқанына қарамастан, күні бүгінге дейін осы кітапты біреу мақтап-мадақтап жатса, екінші біреулер замана ыңғайына қарай, қоғамдық ой-пікірдің құбылуына сай даттап-қаралау процесі алма-кезек жүріп жатыр. Айқыш-ұйқыш пікір айту толастар емес.
Алғашқы «талқандағыш» сын Нәзірдікі болған соң, одан едәуір үзінді келтіру орынды болмақ.
«Бұл затты әдебиеттің қай түріне қосарын (история, очерк, монография, мемуар, воспоминание, автобиография, и др.), жазушы өнерінің қай саласына санарын ешкім де ажырата алмайды. «Бұл астаудағы судың дәмін татып, сонан соң күріш салса, май құйса, ет тураса, сарымсақ, сәбіз салса, тұз сепсе сонда дөкейбай палау болады», – деген екен Қожанасыр. «Тар жол, тайғақ кешу» туралы да осыны айтуға болады.
Мұны тіпті жазбай қойғаны-ақ дұрыс болар еді. Бірақ не керек, антұрған жазып шығарды. Қайдағы бір Тәтімовтардың, Угарлардың, Мүкеевтердің, Шәріповтардың және басқалардың ақтармен, алашордамен майдандасқанын айтты. Өзінің төңкеріске қатысқанын, өзінің құба қыздарды, құла қыздарды, ерні қызылша қыздарды, белі ұзынша қыздарды көргенін айтыпты. Өзін мадақтайды... Алашорданың қашқанын мадақтай суреттейді. Сәкен — баяғы Сәкен. Сәкен өзінің ту баста таңдап түскен жолында. Ол өлі Азияның — Қазақтың көткеншік, дарашылдық ескі жолымен кетіп барады. Сәкен шала-шарпы европаласқан «сал» үстіндегі қараңғы қазақшылық жолымен әлі келе жатыр!» — деген.
Нәзір мақаласынан кейін тоғыз ай өткенде Әбділда Тәжібаевтың «Тар жол, тайғақ кешу» мен Нәзірдің сыны туралы» деген мақаласы 1929 жылдың 15 қыркүйегінде жарияланды. Бұл осы роман-эссеге арнайы жазылған екінші мақала. «Кітаптың саяси маңызы күшті. Қазақ тарихының көбі содан табылады. «Тар жол, тайғақ кешу» реализм, шындық жолымен жазылған суретті шығарма. Кітаптың жаңа өрбіп келе жатқан жастарға жолбасшылығы мол. Нәзір қанша жамандағанымен де «Тар жол, тайғақ кешудің» қадірі енді күшейе бермек. Кітаптың суреттілік жағы күшті, тілге де бай. Ал Нәзірдің сыны толық сын емес, қыңыр, бір жақты сын, бет тырнау», — дегеніне редакция тағы да түсіндірме беріпті. «Қай күнде болса да бірбеткейліктен түзу сын шықпайды. Түзу сын жазам десе, жақсысын да жаманын да бірдей көре білу керек», — деп, екі сынға да тақымы толмағандығын төмендегі ойлармен білдірген.
«Тар жол, тайғақ кешудің» жақсылығы — тарихи материалдарының молдығында, кезең идеологиясын ашып көрсеткенінде, қазақ коммунистерінің шығу жолы, олардың игілікті істерінде», — деп табады да, кемшілігі — материалдарды дұрыстап сұрыптамағандығында, Көлбай, Байсейіт, Мұқандарды орынсыз мақтағаны, коммунист етіп көрсеткендігінде, қыздардың көптігінде (кітапта ешбір орын жоқ), роман, повесть шартында емес, мемуар түрінде жазылған кітаптың санына қосуға болады. Олай болса, кейбір жолдастардың «Тар жол, тайғақ кешуді» көркем әдебиет деуі дұрыс емес» деген редакция тұжырымы ескерусіз қалуға тиісті емес, өйткені ол пікір күні бүгінге шейін өлексесін сүйретіп әлі келе жатыр.
Нәзірдің Қожанасыр ойын мысалға келтіре отырып, «Тар жол, тайғақ кешуден» ешбір көркемдік қасиет таппағанына негізінен келіспегенмен, кейбір ойларын елеңсіз тастауға болмайды, өйткені Сәкен роман-эссенің беташарында «уақыттың тарлығынан асығыс жазылды. Сөзді шеберлеп, тізіп отыруға уақыт болмағандығын» текке ескертпеген.
Ал тарихи қозғалыс роман-эссенің негізгі арқауы екендігін ескерсек, онда сыншы өмір деректерінің дұрыс-бұрыстығына назар аударып, оқиғалардың бұрмаланған тұсы болса, соны көрсетсе, оны түзету жолын аңғартса, редакция да Нәзір сөзін қоштаған болар еді.
Роман-эссенің «шындық жолымен жазылғанын» зор сеніммен айтқан Әбділда Тәжібаевтың «суреттілік жағы күшті» дегені көркемдік танымының балаңдығынан гөрі Сәкенге бүйрегінің бұрылғандығын көрсетеді. Оны да редакция орынды ескертіп өткен болатын.
Ал роман-эссенің 1936 жылы түзетіліп толықтырылған басылымының көркемдік жағынан шырайын кіргізіп тұрған «Шоқай болыс», «Ашай», «Ықылас күйі», «Түркістанға асарда» деген тараулар 1927 жылғы бірінші басылымында жоқ.
Ал шығармаға көрік дарытқан әнші Қабиба қыз жайындағы «Әупілдек» тарауы әуелгіде қысқаша баяндала салса, 1936 жылғы басылымда барынша әсерлі суреттелуінің арқасында роман-эссенің көркемдік ажары ашыла түсіп, әдебиетіміздегі қыздар галереясынан мықты орын алғанын айта кеткен орынды.
Тарихи оқиғалар төңірегіндегі іс-әрекеттерді бұлтартпай көрсететін деректер соңғы басылымдардан алынып тасталған. Ал олар 1927 жылғы басылымында орынды-ақ келтірілгенін, әсіресе алаш азаматтарына тіл тигізбей, айдар тақпай айтылғанын көреміз. Көбіне алаш оқығандары, ақжағалылар дегендерді 1936 жылғы идеологиялық қыспақпен «алашшылдар, ұлтшылдар, байшылдар» деген атаулармен алмастырыпты. Оны Сәкеннің өзі жасады ма, әлде лито түзетті ме, белгісіз.
Нәзір Төреқұлов пен Әбділда Тәжібаевтың мақалалары Сәкенге үлкен ой салғандығын әркездегі берген сұхбатында айтып, жазып отырған. Оның үстіне сол кездегі идеологиялық қыспақ пен тарихи әлеуметтік жағдайлар «Тар жол, тайғақ кешуді» қайта қарап, өңдеу қажеттігін «еріксіз» ұғындырған.
1932 жылы 10 қаңтарда Қазақстан өлкелік комитетінің насихат және мәдениет бөлімдері мен Қазақстан марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институты» «О задачах борьбы на теоретическом фронте в Казахстане в связи с письмом тов. Сталина» деген қаулы алып, идеологиялық майданды бұрынғыдан да ширықтырып жіберді. Алаш қозғалысының оңы да теріс, терісі де теріс деп баяндалсын деген нұсқау жасалады. «Тов. Рыскулов в своей книжке «Киргизстан» повторяет вслед за алашординцами и колонизаторами легенду о добровольном переходе в подданство царизму угнетенных масс Средней Азии. тов. Сейфуллин в своем художественном творчестве воспевает феодально-родовую культуру («Кокчетав»)» деген 1932 жылғы ескерту уақыт өткен сайын күшеймесе, солғындаған жоқ Сондықтан Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесін қайтадан өңдеп, толықтырғанда біраз ойларды ширықтыруға, ащылай тіл қатуға «міндетті» болды.
Осы қаулы сол кездегі ақыл-ойды құрсаулап, әсіресе алаш қозғалысына байланысты ой-пікір мен атауларға қатаң қарады. Тіпті совет өкіметі тарағанша өзінің ызғарын әрқашан сездіріп отырды. Нені қалай жазып, қалай сөйлеу керектігіне шейін жөн сілтейтіндер табылды.
Қаншама қажырлы да айбатты болса да Сәкен Сейфуллин «саясатқа икемделіңкіреп», «Тар жол, тайғақ кешудің» бірінші басылымын қайта қарауға мәжбүр болды.
Міне, бүгінде Сәкенге, оның атақты шығармасына қарсы айтылатын қыңыр пікірлердің біразы осы екінші басылымның «шапағатынан» туып жатыр демеске болмайды.
Роман-эссенің желісі тарихи шын оқиғаларға құрылғандығы оқырманға белгілі. Оқиға 1916 жылдың жазында басталады. Ақмола уезіндегі Бұғылы елінде жаңадан ашылмақ ауылдық мектепке мұғалім болып тағайындалған Сәкен оқу басталуына екі-үш айдай бос уақыт болған соң, әрі уақыт өткізу, әрі қаражат тауып алу үшін ауылшаруашылық санақ қызметіне жалданады. Осы сапарында «ел іші — өнер кеніші» деген ұлағатты қағиданы дәлелдейтін оқиғаның куәсы болады.
Роман-эссенің бірінші бөлімінде Шабырада, яғни қазіргі Ақмола облысының Атбасар, Астрахан, Бұланды және Ақкөл аудандарындағы 12 болыс елдің мал санағын алып жүргенде, бір ауылға бір-екі күн аялдайды. Кешкі ойын-сауықта орындалған «Әупілдек» әнін жол-жөнекей естіп келе жатса да, тап осы кеште Сәкеннің санасында, эстетикалық танымында өшпес із қалдырады. Оның нақты дәлелі «Тар жол, тайғақ кешудің» 1927 жылғы басылымында ойын-сауықтың басталуы, Қабибаның төгілдіре ән салуынан кейін Сәкеннің қасындағы татар жігіті Ғалымжанның қазақ болмағанына, ең болмаса қазақ ішінде өспегеніне өкінумен «Әупілдек» жөніндегі әңгіме аяқталатын.
Ал 1936 жылы қайта өңдеген тұста, ойын-сауықтан кейінгі ән әсерін оқушысына сездіріп қана қоймай, әннің мәнін де, оны орындаушы Қабибаның кескін-келбетін де оқушының көз алдына елестетіп, есінде ұзақ сақталатындай әсерлі етіп суреттеген. Автор санасында тоғыз жыл бойына әр қилы қияпатпен сақталған шұрайлы көрініс роман-эссенің ең бір лирикалық тартымды бетіне айналған.
Тарихи сұсты оқиғалардың ішінде жарқ етіп көрініп, оқушыны баурап алатын құбылысқа әдеби көзбен қарағанда, 1916 жылы кездескен Қабибадай сұлуды араға он бір жыл салып, 1927 жылғы бірінші басылымында әннен гөрі әншіге мән бере баяндауы, жиырма жыл өткенде, тіпті Нәзірдің сыны мен редакция ескертуіне қарамастан, ән мен әншіні эстетикалық тұтастықта кеңейтіп, үстемелей суреттеуінің сыры неде? Біздің ойымызша, біріншіден, өз шығармасына көркемдік сипатты көбірек дарыту мақсатын көздесе, екіншіден, сұлулықты, ажарлылықты, әсемдікті айрықша ардақтайтын Сәкен Қабибаның шын сипатын көркем образ деңгейіне көтеруге талаптанған. Сәкентанушы Т. Кәкішұлының «Сәкен сүйген сұлулар» атты эссесінде Қабиба — Сәкен байланыстарының жаңа бір сырын аңғартатын детальдардың шеті көрінеді. Оны «Сарыарқа» журналында Сәния Әбенкеліні жазған «Шабырадағы» «Әупілдек» әні немесе «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы «Қабиба қыз хақындағы дерек» дегенде қызық топшылау бар.
Сәния Қабибаны 1955 жылдан бері біліп, талай сөйлескен. Ел-жұрт «Сылқым кемпір» деп атайтын Қабибаның 1955 жылғы кескінімен де таныс болайық.
«Байыптап қараған адамға жасы елуден асып (ол кісі 1901 жылы туған), егде тартқанына қарамастан, аққұба өңінің қаны таймаған, көзінің оты мейірленіп тұрады екен. Шетін күміс шытырамен өрнектеп киген ақ шәйі кимешек жарасым тауып, көрік берген. Аппақ жұмыр екі білегінде нағыз зергер арнап соққан өрнекті қос білезік, он саусағында әрқайсысы құнан қойға бергісіз жүзік киген кісіні көзге елестетіп көрудің өзі Сәкенді еріксіз еске түсірсе керек.
Шабырада болған ойын-сауық тарқар кезде Қабибаның Сәкенге:
— «Әупілдек» әнін ұмытып қалсаңыз ертең біздің үйге келіңіз, әрі қонақ болыңыз, әрі ән үйреніп кетіңіз, — деген қуақы сөзді екі шумақ өлеңмен:
Кең маңдай жарасқандай шешен жаққа,
Дуаннан келіп қапсыз біздің жаққа.
Қар да лаулап жанады, — дейді халық, —
Ертегімен еш қылмай ебін тапса.
Қоштаспай кете берем ақын Аға,
Атып келеді рауандап таң да жаңа.
Қарлығаш қанатындай сұлу әнге,
Құмартсаңыз ашылар ой мен сана, —
деген қыз қылығы әсем әннің әуеніне елтіп қалған Сәкеннің жүрегіне шоқ тастамады ма екен?! Олай болуы да ғажап емес қой.
қалай болғанда да Сәкен саяси-әлеуметтік оқиғаларды, төңкеріс шындықтарын роман-эсседе ықтияттап жазумен қатар өзі кездескен адамдарды, қыздарды, әдебиет заңына лайық суреттеуден іргесін аулақ салмағанын көреміз. Ал мұның өзі саяси-әлеуметтік негізі қалың шығарманың реалистік арнасын жұқартпау үшін, оқушыны сендіре түсу үшін өмірде болғандарды сол күйінде аты-жөнін өзгертпей жазуды мақсат тұтқанын көрсетеді. Шығарманың тарихшылығымен қатар көркемдік әуселесін тартымды ете түседі. Әрі әлеуметтік сана, әрі эстетикалық ләззат тізгінін тұтастыра ұстағанын аңғарамыз.
Сәкен бастаған бес адам маусым айының соңына таман Семей губерниясының Павлодар уезімен шектес Қоржынкөлге келгенде, майданның қара жұмысына жігіт алатындығы туралы жарлықты естиді. Үрейленген, ереуілдеген халықты, ұлттық езгінің ауыр салмағынан, отаршылдық ожарлықтан күңіреніп толқыған елді көреді.
Тарихтың осы шешуші тұсында Сәкен өзі бел тұтқан алдыңғы ағаларына, алаш қозғалысының жетекшілеріне алаңдады. Не істерін білмей, елге «шабылмасаңдаршы, қорқатын не бар енді? Балаларың бара берсін. Енді өздерің құрисыңдар ғой, — деп, Мүсәпір деген кісінің үйінде жиналып отырған қазақтарға сөз сөйледім», — дейді Сәкен.
Июнь жарлығының алғашқы сәтінде Сәкеннің бұдан басқа айтқан ақылы жоқ.
1916 жылы «Қазақ» газетінің 192-санында Әлихан, Ахмет, Міржақып қазақ халқына ашық хат жазды: «қара жұмысқа барса шаруаға кемшілік келіп, алынған жігіттер аз қазаға ұшырағаны, ал бармаймын деп қарсылық қылса, елге зор бүліншілік. Осы екі ауырлықтың жұрт қай жеңілін таңдау керек. Біздің білуімізше жеңілі — көнген», — деген бұған нақты мысал. Бұл позицияны әр түрлі саққа жүгіртуге болар, бірақ Сәкен бұдан тиімдіні айта алмады. Негізгі бағыты «Қазақ» нұсқаған жолдың аңғарында жатты.
Қазақ зиялылары, оның ішінде Сәкен де 1916 жылғы күрделі құбылысқа дайын еместігін, белгілі жоспарлары жоқтығын аңғартты. Төре, шенеуніктерді сөгулер жалпы демократиялық көзқарастың деңгейінде ғана болды.
Халық өзінен-өзі көтеріліп жатқанда алаш қозғалысына әрі ұйымдық негіз, әрі оны бастайтын саналы топ жетіспейді. Қазақ оқығандарының көпшілігі аңырып, не істерін білмеді, «Қазақ» газеті, оның басшылары «Жарлыққа көнсек аз шығынмен құтыламыз» деген позицияны насихаттай берді.
Қазіргі зерттеушілер арасында «Қазақ» газетінің позициясын, яғни айтқанға көніп, қара жұмысқа жігіт бер дегені орынды еді деп ақтайтындар да жоқ емес. Бұған барлық жағдайда келісе қою қиын. Себебі, алаш қозғалысында ұйымдық негіздің жетіспей жатқаны рас болатын, белгілі бастаушысы, идея айтушысы болғанмен, оны қолма-қол іске асыра қоятын ұйымдастыру шаралары жоққа тән еді, сондықтан көтерілістің аймақтық және стихиялық сипаты басым жатқанын аңғармауға болмас.
Қара жұмысқа адам берсе де, бермесе де қазақ халқының қорлық-зорлығы көбеймесе, азая қоймағаны тарихтан белгілі. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен азамат соғысының лаңынан материалдық шығынды былай қойғанда, миллионға жақын қазақтың қырылғаны, аяқ астында қалып өлгені, ағы да, қызылы да ел деп елемегені бүгін жан-жақты дәлелденіп отыр.
«Тар жол, тайғақ кешудің» үлкен өзгеріске түскені төртінші тарау. Ол 1927 жылғы басылымында «Совет үкіметі заманында» деп аталса, соңғы басылымдарында «Совет үшін күресте» деп өзгертілген. Бұл тарау басқа тарауларға қарағанда көлемдірек, әрі тарихи мәні де салмақты. Бұл тараудағы тарихи мәнді оқиғалардың бәріне Сәкен қолма-қол араласпағанымен, еш құбылысты қиялдан шығармаған. Бұл тараудағы және басқа тараулардағы тарихи деректердің бәрін сол кездегі «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» газеттерінен алған.
Тарих алдында жауапты боларын сезді ме, жоқ әлде өзінің мінезіндегі ұқыптылық па, роман-эссесіне алған әр дерегінің қайдан алынғанын, ол қай газетте басылғанын, күні, айы, жылына шейін мұқият көрсетіп отырған. Тіпті қай газет қай газеттен көшірді деген де назардан тыс қалмаған. Бұл да Сәкен шыншылдығының бір көрінісі. Себебі осы жолдардың авторы өзінің ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізгенде роман-эсседе келтірілген деректерді Сәкен көрсеткен мерзімді басылымдармен салыстырғанда мүлтіксіз дәлдігіне, риясыз тазалығына көзі жеткен болатын. Сондықтан да «Халық кеңесі» газетінде 1994 жылы 21 — 22 қыркүйекте «Сәкен және «Алаш азаматтары» деген мақаламды еш жалтақсыз және күдіксіз жариялауға тура келген-ді.
Романның IV тарауында негізінен алаш азаматтарының бірінші жалпы қазақ съезін өткізіп, Қазақстанда болашақта орнар автономияның түрі, Керенский құлап, үкімет большевиктер қолына көшкен ең қиын да сұсты кезеңнің шындығы баяндалады. Ел-елді аралап, баяндама жасап жүрген Әлиханның Семейге келген сәтін «Сарыарқа» газетінің материалын «Қазақ» газеті 1917 жылдың 21 қазандағы 251-санынан көшіріп басқан. Сәкен Әлиханның Семей сапарын осы «Қазақ» газетінен алған. Тақырыбы «Әлиханның Семейге келуі» деп аталады. Оны роман-эссенің бірінші басылымында түгел келтірген, ал екінші басылымында алынып қалыпты да «Әлекеңді құдайдан сұрап алған жалғыздай құттықтады ұлтшыл мырзалар» деген сөздермен қысқа қайырған.
Бұдан кейін Ресейлік учредительное собраниеге Қазақстан облыстарынан сайлауға түсетін адамдардың тізімі берілген. Роман-эссенің бірінші және соңғы басылымдары арасында тізімге алып-қосқан еш өзгеріс жоқ. Ал осы тізім жарияланған «Қазақ» газетінің 14 қарашадағы 250-санындағы «Алаш ұлы қазақ пен ардақты қырғыз ағайынға» деген ашық хат, екінші жалпы қазақ сьезіне шақырған телеграмма сөзі соңғы басылымдарда жоқ.
Осы Ақпан мен Қазан төңкерістері аралығында ерекше мән беретін бір мәселе — бірінші жалпы қазақ сьезі, онда қаралған он төрт мәселенің бірінші бабы, яғни «Жалпыроссияның мемлекеттік құрылысы».
Алаш ақиқатын ашуға атсалысып жүрген ғалымдардың барлығы «в России должна быть демократичная федеративная парламентская республика» деген тұжырымды айтып жүр. Оны көбіне Н. Мартыненконың 1929 жылы құрастырған құжаттар жинағына сүйеніп жазуда. Ал оның негізі — «Қазақ» газетінде 1917 жылы 31 шілдеде жарияланған болатын.
Ғалымдардың ішінде тек тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков қана «Қос үкімет құрылған алғашқы күндерде-ақ советтерді емес, уақытша үкіметті қолдаған Ә. Бөкейханов Минскіден берген телеграммасында «біздің ұранымыз — демократиялық республика, жер малшылықпен және егіншілікпен табыс түсіретіндердікі», — деген пікірі кадеттер партиясы бағдарламасының қағидаларымен үндесіп жатыр. «Ресейде демократиялық федеративті парламентті республика болсын» деген I съезде алынған қаулы «алаш қозғалысы кадеттермен уақытша ғана келісімді болды. Жалпы қазақтың бірінші съезінде-ақ ұлттық мүддені бірінші орынға қоятынын байқатты», — деген ойды айтты.
Бұл жерде біз ғалымның «ұлттық мүддені бірінші орынға қоятынын байқатты», — деген пікірін тірілтетін мына жағдайларға назар аударуды жөн көреміз.
Бұл съезге дейін «Қазақ» газеті бетінде Ә. Бөкейханов үзбей жариялаған мақалаларында да, жеделхаттарында да («Қазақ» 1917, № 223), тіпті осы үлкен жиын алдында 1917 жылдың 2 — 8 сәуірінде Орынборда өткен Торғай облысының съезінде «высказался за «демократическую, парламентскую и децентралистическую Республику». Высказался фактически съезд за буржуазную Республику с президентом и учредительской и продолжением войны до победного конца. В том же духе высказался и уральский, декабрьские съезды», — деген Мартыненконың ойына да назар аудару қажет.
Ал енді осы маңызды мәселеде алаш азаматтарымен саясат тұрмақ, пенде ретінде де араларына әлі пәлендей реніш кіре қоймаған Сәкен Сейфуллиннің көзқарасын салыстырып, осы шешуші, ең маңызды мәселені, яғни мемлекет билігі туралы мәселені съезд қалай шешер екен деп қадағалап отырғанын «Тар жол, тайғақ кешу» романынан оқып көрейік.
«Уездік комитетінің жалпы жиылысын аштық. Комитеттің ортасына Орынборда болып жатқан съездің қарайтын мәселелері туралы қаулы шығардық. Қаулымыз «Жас қазақ» ұйымының жобасымен болды. Біздіңше ең зор мәселе Россияның болашақ үкіметінің құрылысы. Бұл туралы біздің комитеттің шығарған қаулысы бойынша Орынбордағы съезге телеграмма соқтық. Телеграмманы жазған Бірмұқамбет Айбасұлы еді.
Телеграмманың мазмұны мынадай еді: «Біз федеративная республикаға ғана дауыс береміз. Басқа түрге қарсы боламыз». Біздің телеграмма съездің ашылуына дәл барыпты. Осы телеграмманың жөнімен Ақмола облысының атынан барған Сейітұлы федеративный республиканы қуаттап сөйлепті. Съезд шақырушылардың ағасы Бөкейханұлы кадет партиясының жобасын съезге алғызбақ болыпты, едәуір далбастапты. «Россия үкіметі Англия үкіметіндей патшасы бар парламентті болуы жөн», — деп таласыпты. Бірақ көпшіліктен жеңіліпті. Съезд федеративный республиканы дұрыс тауыпты».
Осы үлкен проблема қазақ зиялыларының жолайрығы болған сияқты. Бұл мәселе қозғалған тұста Сәкен мен алаш басшылары арасындағы қайшылық белең алмаған шақ болатын. Ақмола облысы атынан съезге қатынасқан Асылбек Сейітовпен Сәкен ертеден таныс болатын. 1916 жылы Россияда ауылшаруашылық санағын алу науқаны басталғанда Ақмола уезінің солтүстігіне Сәкен кеткенде, Томск университетін бітіріп келген Асылбек Сейітұлы оңтүстікке баратын комиссияны басқарған-ды.
Асылбек Сейітов Ақмола облысының атынан съезге делегат болып, сол съездің екі хатшысының бірі болғандығын ескерсек, онда өзіндік ойы, көзқарасы бар, білімі жетік Асылбек Сейітовтің өз пікірін ғана емес, «Жас қазақ» ұйымының телеграммасын жақтап сөйлеуі еш күмән тудырмайды. Бұл — бір. Екіншіден, осы съезде болашақ учредительное собраниеге Сәкен мен Рахымжан Дүйсенбайұлының Ақмола облысынан ұсынылған кандидаттардың тізіміне кіргізілуі алшақтамаған көңіл күйдің көрінісі екені даусыз.
Үшіншіден, съезден соң Асылбек Сейітов Ақмолаға келіп, съездің өту барысын бастан-аяқ баяндағаны тарихи шындық.
Ал «Россияның үкіметі Англия үкіметіндей патшасы бар парламентті болуы жөн» деп ұсыныс енгізген Әлихан Бөкейхановтың осы съезге дейін нөмір құрғатпай шыққан мақалалары съезден соң «Қазақ» газетінің № 238 санынан бастап 250-санына дейін көрінбей кетуінің сыры осы мәселеге байланысып жатқан жоқ па екен?
Съезді ұйымдастырушы, шақырушы, басқарушы азаматтар «Қазақ» газетінің белді авторлары ғана емес, алаш қозғалысының жетекшілері екенін ескерсек, съезд өтіп жатқан кездері де, одан соң да съездің өту барысымен оқырмандарды хабардар етпеуінің өзі де осы проблеманы тереңдей зерттеу қажеттілігін аңғартса керек.
Мемлекет құрылысы жөніндегі мәселедегі көзқарастардың айрықша мәні бар, өйткені ол қандай қозғалыстың болса да өзекті проблемасы. Сондықтан осындай шешуші, түбегейлі мәселеде кімнің қандай көзқараста болғаны, соған қарай әрекет еткені тек тарих үшін ғана емес, жалпы жағдайды түсініп, білу үшін де айрықша қажет.
Сәкеннің өзі тікелей араласпаса да, Асылбек Сейітов аузынан және басқалардан естігендеріне негіздеп Ә.Бөкейхановтың кадет партиясының платформасын, яғни парламенттік монархия жобасын ұсынғандығын ұнатпағаны еш күмән тудырмайды. Олай болмауы мүмкін емес, өйткені Әлихан Бөкейханов кадет партиясы Орталық Комитетінің мүшесі ретінде Ақпан төңкерісінен кейін құрылған Уақытша үкіметті жақтаушы ғана емес, тіпті оның шаңырағына уық қадаушы адам. Әуелі Түркістан комитетінің белді мүшесі болса, кейін Торғай облысының комиссары болды. Осы тұста өткен әр қилы съездерге құрметті төрағалыққа сайланған сәттері де аз емес.
Ә. Бөкейханов жалпы қазақтың екінші съезінде, яғни 1917 жылы желтоқсанда алаш автономиясын құру мәселесі шешілгеннен кейін ғана кадет партиясынан шығатындығын әуелі съезде мәлімдеді, одан кейін 1917 жылдың 23 желтоқсанында «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» — деген түсіндірме хатын жариялады.
«Алаш» партиясының басшылары алғашқы кезде кадеттер жолын ұстанғандығы туралы К. Нұрпейісов «Ә. Бөкейханов қазақтың ұлттық партиясын құру идеясын жүзеге асыруда әуел баста патша үкіметіне оппозицияда болған либералды орыс буржуазиясының партиясы — кадеттердің үлгісіне бейім тұрды», — деп біледі.
Ал уақыт өте келе көзқарас өзгеріп, жағдай басқа әуенге түскен уақытта федеративті демократиялық республика идеясына ауысудың еш айып-шамы жоқ. Жағдайдың логикалық дамуы осыған еріксіз жетелеген болатын. Оның үстіне бірінші жалпы қазақ съезі «Россия демократическая парламентарная республика болып, қазақ облыстары қоныс-ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс» деген шешім шығарғаны тағы бар.
Егер кадеттер өз бағдарламаларында Қазақстан тәрізді бұрынғы отар елдерге Ресей қол астында жергілікті өзін-өзі басқару құқын ғана беруді қаласа, ал алаш қозғалысы өзінің алғашқы съезінде-ақ Қазакстанға федеративтік басқару жүйесін беруді талап етті. Яғни, егер кадеттер Ресейде конституциялық-демократиялық республика құруды ұсынса, алаш қозғалысы Ресейде демократиялық федеративтік парламенттік республика құруды қажет деп тапты. Соңғы шешім бойынша Ресей құрамындағы Қазақстан өзінің дербестік автономиялы құқын сақтап қалуы тиіс еді», — деген Т. Омарбеков көзқарасы тарихи шындықтан туған. Әрине, ғалымның бұл ойы Ақмоладағы «Жас қазақ» ұйымы мүшелерінің жіберген телеграммасы съезде пікірталас туғызғаннан соң барып, осындай шешімге келгендігі жөніндегі мәліметке кездессе бұдан да айқынырақ болары сөзсіз еді.
Сонымен, мемлекет құрылысы жөніндегі көзқарастың ең алғаш басталған сәтінде әр қилы ойлар айтылғанымен, «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасында, екінші жаппықазақтық съездің шешімінде Россия демократиялық федеративтік республика болып, Қазақстан оның құрамында болуға тиіс деген тұжырым алаш қозғалысының тұрақты позициясына айналды. Бұл арада «Жас қазақ» ұйымы, Сәкендер бірден көрегендік жасады деп қолпаштамағанмен, жалпы қоғамдық дамудың аңғарын бақылай білгендерін теріске шығармау керек, өйткені бәрінің де арман-тілегі — қазақтың басқалармен терезесі тең болып, қатарға қосылуы, ел болып өркендеп кетуі сияқты негізгі мақсаттан тарамданғанын көреміз. Алайда тарих өзінше шешті. Ресей империясының сойылын соғушы болсын, ұлы державалық көзқарасты коммунистік қызыл түспен бояғандар болсын, оң ниетті теріске бұрып жібергенін енді көріп отырмыз.
Алаш қозғалысын әсіресе оның көсемдерінің іс-әрекеттерін кешегі коммунистік идеология заманында ылғи қаралап, даттап келдік. Алашшылдар Қазақ хандығын қайтадан орнатып, Ресейден бөлініп кету үшін әрекет жасады деген жалған түсінікті олай-бұлай бұрқыратты. Сәкен болса 1918 жылғы тергеу барысында бассауғалау үшін әдейі бұрмалай айтқан-ды. Әсіресе «федерация» деген терминнің өзі айтып тұрғанындай, алаш көсемдері бірінші жалпы қазақ съезінде «в России должна быть демократическая федеративная республика. Киргизские области должны получить областную автономию смотря по национальным различиям и бытовым условиям» дегенінде, ал екінші съезде «Алаш» автономиясы құрылғанда «Конституция автономии Алаш утверждается всероссийским учредительным собранием» деп жатқанында, тіпті «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасында «Россияда демократическая федеративная республика болу (демократия мағынасы — мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы — құрдас мемлекеттер бірлесуі), федеративная республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді. Қазақ жүрген облыстарының бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының федерациялық бір ағзасы (мүшесі — К.А.) болады», — деп тұжырымдауында Россиядан бөлініп кетеміз деген ой байқалмайтыны былай тұрсын, тіпті бүгінгі шындыққа шылбыр тастап жатқаны аңғарылады.
Федерация мәселесіне көбірек тоқтағанымыз, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесін оқығанда осы түбегейлі түсініктің аясынан қарау керек. Сәкен алаш қайраткерлерінің іс-әрекетіне, әсіресе Бөкейхановқа осы тұрғыдан баға беріп, сипаттағаны анық. Шындықты ешкім жоқ ете алмайды, оны түсіну ғана әрқилы болуы мүмкін.
Сәкеннің ащылау сөйлейтін тұсы көбіне ауызбірлік мәселесіне байланысты болады. 1917 жылы желтоқсанда жарияланған Алаш автономиясын орыстың уақытша үкіметтерінің бірде-біреуінің мойындамауына өзіміз себепкер болған жоқпыз ба деген ой да қылаңдайды. 1918 жылы ақпан айында Жетісу мен Сырдария облысының қазақтарын М. Тынышпаев пен М. Шоқаев Қоқан автономиясына қосып жіберсе, 1918 жылы 11 қыркүйекте Халел һәм Жанша Досмұқамбетовтер Уфа шаһарында Алаштан бөлініп, «Ойыл уәлаятын» құрғандығы белгілі. Ал 1919 жылы наурыз айында Торғай алашордасы совет өкіметіне қосылғаны тағы бар. 1918 жылы жаз айында Алаш қаласында шаңырақ көтерген Алашорда өкіметіне басқа өңірлерден сайланғандардан тек М. Тынышпаев аз күнге барып қайтқаны болмаса, өкімет мүшелерінің бірде-бірі Семейге бармағанын немен түсіндіруге болады? Міне, осындай жағдайды көріп-біліп отырған Сәкен халықтың 90 пайызына жақсылық жасаймыз деген идеяға сеніп, сойылын соқты. Ол түзу жолдан адаса бастағанда «ойпырым-ай қу НЭП, қойдың ғой жеп», — деп бұлталаңдаған сәтін кешіре алмаған кезіміз болды, қақпайлап отырып советті жырлаттық. Сондықтан да Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбиттердің «советтік сөзге қаламы мұқалып» көрген емес. Ағынан жарылып айтты, жазды.
1932 жылы 10 қаңтарда Қазақстан өлкелік комитетінің Насихат және Мәдениет бөлімдері мен Қазақстан марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанның теориялық майданындағы күрестің міндеттері туралы» қаулыға бергісіз түсіндірме хаты қабылданып, алаш қозғалысына қатысқандардың бәрі де ұлтшыл, қаскүнем, біздің арамызға арам пиғылды таратушы, олардың ісінде біздің пайдамызға шығатын ештеме жоқ деген пікірді қалыптастыру қажет екендігі ашық айтылып, жазылды. Бұған көнбеген коммунист Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, Ғ. Тоғжановтардың қате-кемшіліктері бадырайта айтылды. С. Брайнин, Ш. Шафиро, Тимофеевтердің алаш тарихын «зерттеушілер» болып, әдейі бұрмалағандары, шығарған зымиян кітаптары мен мақалалары Өлкелік партия комитетінен қолдау тауып, оның органдарына, әсіресе «Казахстанская правда» газетінің бетінде үзбей шығып тұрды. Елдің бүкіл пиғылы мен көзқарасы осылардың ыңғайымен кеткені сонша, Тұрар өзінің көзқарасынан айнып, Ғаббас «байтұрсыновшылдықты» әшкерелеуге көшкенде, Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуді» қайтадан өңдеп, толықтыруға мәжбүр болды. Ол екінші рет 1936 жылы басылып шықты. Міне, бүгінде Сәкенге және оның ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің атақты шығармасы «Тар жол, тайғақ кешуге» қарсы айтылатын қысыр да қыңыр пікірлердің біразы осы кездегі түзетулерге, қоспаларға байланысты болғанын түсінсек, көп мәселе сабасына түседі, біраз мәселенің сыры ашылады.
1936 жылы Сәкеннің жаза бастағанына 20 жыл толуына арналған мерекеде Сәбит Мұқанов «Тар жол, тайғақ кешу» туралы әрқашан өзінің ғылыми толымдылығы мен реалистік шындығын танытып тұратын пікір айтты.
«Тар жол, тайғақ кешу» бір жағынан тарих, екінші жағынан саяси сауат ашқыш, үшінші жағынан — оқушыны өзіне еріксіз тартып отыратын өте көркем шығарма», — десе, бір жыл өтпей жатып, 1937 жылдың қара құйыны соққан кезде М. Қаратаев: «Всего лишь несколько месяцев тому назад он переиздает свой, с позволения сказать, «исторический» роман «Трудный путь, тяжелый переход», где не постыдился изображать себя героем и привести целую серию контрреволюционных алашординских документов и портретов врагов народа. Это своеобразная вражеская энциклопедия», — деп шыға келуі таңқаларлық жай емес еді.
Ал Сәкен ақталып, тарихымызға қайта оралғанда сол автор «Тар жол, тайғақ кешудің» орысша аударылуына бағыттап алғы сөз жазды. Сонда «Тернистый путь — не свод исторических фактов и сведении, а цельное произведение, то есть роман, в котором исторические события «переплетаются с судьбой частного человека. В нем слилась действительность с вымыслом, эрудиция с фантазией. Богатству материала, документов и фактов, которыми располагал писатель, может завидовать ценное научно-исследовательское или архивное учреждение. В этой книге Сейфуллин выступает летописцем, но не бесстрастным, добру и злу внимающим равнодушно, а страстным борцом, живым участником того, о чем он повествует. Скромность сдерживала Сейфуллина рисовать этих людей батырами, ведь тем самым он поэтизировал бы и самого себя. Вероятнее всего, тут сказалось изумительная скромность Сейфуллина», — дегенін оқимыз.
Сәкен Сейфуллин 1957 жылы 30 наурызда ақталды. Сол жылдың 21 қазанында Есмағамбет Ысмайыловтың құрастыруы және алғы сөзімен Сәкеннің «өлеңдері мен поэмалары» жедел басылып шығып, сағынған елімен қауышты. Онан кейін «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесінің 1936 жылғы басылымы 1960 жылдың наурызында сол күйінде басылып шықты.
Бұдан кейін Сәкен Сейфуллин шығармаларының 6 томдығын шығару ісі қолға алынды. Шығарушылар алқасы III том «Тар жол, тайғақ кешу» романы болады» деп хабарлағанымен бұл басылымға ілікпеген. 1964 жылы орыс тілінде басылайын деп жатқанда З.С. Кедрина «Тар жол, тайғақ кешудің» үстінен ұлттар достығына зияны тиетін кітап деп ККП Орталық Комитетіне шағым түсіргеннен бастап бұл ұлы шығарманы сығалай оқушылар көбейіп, редакторлар айрықша сақтық жасағандықтың белгісін 1960 жылғы 80 мың, 1964 жылғы 350 мың тираждың 1977 жылы 50 мыңға түсуінен және кейбір беттерінің қасқыр тартқандай жұлмаланып, қалам ұшы тигенінен-ақ байқауға болады.
1986 — 88 жылдары М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты бұрынғы алты томдықтың орнына Сәкен шығармаларының бес томдығын шығарып, төртінші томында «Тар жол, тайғақ кешуді» жариялады. Оған берілген қысқаша түсіндірмеде 1927 жылғы басылымның түбегейлі өзгеріске, толықтыруға ұшырағаны әңгіме болмай, 1960 жылғы басылым негізінде болар-болмас сөздердің жазылуына ғана назар аударылып, «анықтай түсуді керек ететін жайлар түптеп келгенде зерттеушілер мен академиялық басылымды дайындайтындардың үлесіне тиеді» деп түбегейлі салыстырмаларға бармаған.
Жалпы, «Тар жол, тайғақ кешу» қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихынан орын алып келе жатқан кесек туынды болғандықтан ел-жұрт құлақ қойған, ғылыми орта тұжырымдаған «Қазақ әдебиеті тарихындағы» пікірді әрқашан есте тұтқан абзал: «Тар жол, тайғақ кешу» романы Сәкен прозасының биік шыңы,ол қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуірінде шешуші рөл атқарды. Фактілердің, документтердің молдығымен де, жазушының нақты суреттеуімен де жеткізіп суреттейтін бұл күрделі роман әрі тақырып жаңалығымен, әрі тарихшылық пен суреткерліктің жарастық табуымен кімді болса да қызықтырады... Қазақстанда социалистік революция жеңісі туралы ең алғашқы реалистік роман жанрының қалыптасуына жол ашты. Сонымен бірге республикада қоғамдық ой-пікірдің, тарихтық білімнің дамуына да орасан зор ықпал жасады» деген негізгі тұжырымды Сәкен шығармашылығын зерттеген профессорлар Е. Ысмайылов,С. Қирабаев, М. Базарбаев,Т. Кәкішұлы, Р.Нұрғалиевтар әрқилы эпитет-теңеулермен толтыра айтып, қазақ әдебиеттану ғылымында орныққаны белгілі.
Алайда қайта құру мен жариялылық кезінен бастап, әсіресе кеңес үкіметі құлап, коммунистік партия тарағаннан бері басқаша әуенде пікір айтушылар кездесуде. Өзгені былай қойғанда, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Сәкен Сейфуллиннің негізгі шығармасы аталып келген «Тар жол, тайғақ кешу» романы таза тарих үшін керек болғанымен, қазақ әдебиетінің иеліктері қатарына қосыла қояр ма?» — деген сауалды қоюдағы көздеген мақсатын түсіну қиын. «Жұлдыз» журналы «Бұған дейін «алыптар тобын» құрап келген Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Ғабит, Ғабиден қатарлы қаламгерлер өз үлестерінің шама-шарқына қарай тиісті орнын, бағасын ала берер. Бұрынғыдай әспеттеліп «негізін қалаушылар» ретінде оқулықтан оқулыққа жөңкіле алмас, өйткені сол құрғыр «негіз» дегеннің өзі — негізсіз болып шықты», — деп жатқан уақытта әдебиеттің тарихынан мағлұматы мол ғалымның бірі саналатын филология ғылымдарының докторы Мүсілім Базарбаевтың 1986 — 88 жылдары Сәкен шығармаларының бес томдығына жазған алғы сөзінде: «Тар жол, тайғақ кешуде» жаңа социалистік мұраттар, биік идеялар, азаматтық асқақ талаптар реалистік нақыштармен, публицистік пафоспен ұтымды бейнеленген. С. Сейфуллин туындысы дәуір шежіресі болумен бірге революциялық кезең шындығын этикалық тұрғыдан игеруде социалистік реализмнің партиялық, халықтық, шыншылдық принциптеріне сүйену жетістіктерін қапысыз танытты» деген тұжырымын 1994 жылы «Біз Сәкенді қалай түсінеміз» деген мақаласында «Жазушының проза саласындағы әйгілі шығармасы, әрине, «Тар жол, тайғақ кешу». Бүгінгі көзқараспен қарасақ, шығармада таптық түсінік тым бірыңғай алынып, алашорда қозғалысы мүлде мансұқ етілуі идеологияны былай қойғанда, тіпті тарих алдындағы ұят нәрсе еді. Кітап бұл жағынан әсіреқызыл большевиктік бағытта жазылған және қисық баяндалған тарих», — деуі әрине кезеңдік психологиядан туған тұжырым деуге келіңкіремейді. Рас, кейінірек «Егеменді Қазақстан» газетінде жазғанында біраз жылылық болғанымен, түсінік тоңы онша жіби қоймағаны сезіледі. Мұнан басқа да қыңыр да қисық пікірсымақтар кездеседі, алдыңғы уақытта да болуы ғажап емес. Өйткені бұл роман-эссе әр ұрпақтың тарихи танымы мен эстетикалық түсінігіне қарай бағаланатын өміршең тірі шығарма. Ал жазушы үшін де, оның туындысы үшін де, бұдан артық бақытты іздеп табу қиын.
Осы «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесі туралы ой-пікірлерді Сәкеннің тарихтағы орнына қарай орайластырудың жөні бір бөлек. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың «Жұлдыз» журналын оқығаным туралы» деген мақаласында «Тұрсынбектің қазақтың ұлы азаматы, ардагер ақыны Сәкен Сейфуллинге сіңірген еңбегіне ерекше тәнтімін. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол», — деп Абай айтқандай, халықтың сүйікті ұлдарын сүйе біліп, олардың атақ-даңқын асқақтата көтеру үшін жан аямай еңбек етудің үлгісі осындай-ақ болар деп ойлаймын. Кейбір солақай әдебиетшілердің сыңар езу сындарынан қорғап, Сәкен Сейфуллиннің адамгершілік, азаматтық тұлғасына ұлттық тұрғыдан жаңаша трактовка жасап, гуманистік бағыт берген де, сөйтіп оның 100 жылдық тойының дәуірлеп өтуіне лайықты үлес қосқан да осы азамат қой», — деген ойы мен бағасы шындықтан алыс жатқан жоқ. Сәкеннің бір шығармасының өзі, әсіресе атақты «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесі айрықша зерттеудің объектісі болып отыруы да, төңкерісшіл де жаңашыл дарынның бұдан былай бағалануы тұрғысынан да, ұлы дарындарымызды жан-жақты зерттеген уақытта олардың бойына сыйымды, еңбегіне татыр теңеулерді азаматтық жауапкершілікпен айтқан орынды.
Сәкеннің ақындығы жөніне келгенде түйіп айтар тұжырым: ұлы ақын, басын тауға да, тасқа да ұрған керемет жаңашыл, төңкерісшіл дауылпаз ақын. Қазақтың жаңа жазба әдебиетіне негіз қалаған Абайдың жаңашылдық рухы әсіресе Сәкенге жұққан, Сәкенде күшті, сондықтан ол қазақ әдебиеті дамуындағы социалистік реализм деп аталатын кезеңнің, дәуірдің бастаушы серкесі болды. Мұны Сәкен ешкімнен сұрап алған жоқ, өзінің құдай берген ұлы талантымен тарихтан тартып алды. Сәкен қазақ совет әдебиеті деп аталатын бағыттың негізін қалаушы болды, соның ұраншысы, жаршысы болды. Ол қате болған күннің өзінде де тарихи құбылыс екенін ешкім жоққа шығара алмайды, диалектика заңдылығын өзгертуге ешкімнің дәрмені жеткен емес, жетпейді де. Сондықтан Сәкеннің қазақ халқының тарихындағы, әдебиеті мен мәдениетіндегі ерекше биік орнына дақ түсірмей, қараулық жасамай, адамгершілік, азаматтық өреден көрінуге тиіспіз. Мұны саналы да, санасыз да, басшы да, қосшы да мықтап ұғып, ұлыларымызды орны, жөнімен ардақтап, құрметтей білейік.
Әрине, ғалым, зерттеушілердің пікірі ертеңгі тарихтың үлесіне тиетінін айтқан уақытта Алашқа айбын болған арыстардың ішінде Сәкеннің орны жайлы Республика Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бес арыс туралы салтанатты жиналыста айтқан ойын келтірсек, оны қазіргі қоғамдық-әлеуметтік пікірдің аясынан ұзатып әкете қоймасақ керек. «Қазақтың біртуар перзенті, аса көрнекті ақыны және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинді халық жанындағы мәңгі сақталар жан, асылдардың асылы, аяулылардың аяулысы деп еске аламыз. Сәкен біздің ұлттық мақтанышымыз, ел үшін еңіреген ер, қайтпас қайсар күрескер. Егер ол тірі болса, бүгін, сөз жоқ, өзіне тән өткірлікпен, от пен судан қорықпайтын батырлықпен тек халық мүддесі жағында ғана тұрар еді.
Егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тіккен қазақ еліне Сәкеннің үздік үлгісі, өрелі өнегесі өте керек», — дегені замана тұжырымы ретінде қабылдануға тиіс.
Күләш Садыққызы Ахмет, филология ғылымының кандидаты, докторант