Ы.Алтынсарин шығармаларындағы әдет-ғұрыптардың танымдық жолдары
Абдулла М. Тұран университеті
«Құқықтану» мамандығы 3 курс студенті
Түйіндеме
Бұл мақалада Ы.Алтынсариннің қазақ халқының салт-дәстүрлеріне жасаған зерттеулері, көрнекті ойлар мен тұжырымдамалар жазылған.
Кілт сөздер: әдет-ғұрып, үйлену, кәдесый, қалыңмал, жасау, қалыңдық.
Резюме
В этой статье изложено об исследованиях Ы.Алтынсарина выдающиеся идеи и концепции, традиций казахского народа.
Ключевые слова: обычай, свадьба, сувенир, придание невесты, невеста.
Summary
This article describes the research of Y.Altynsarina outstanding ideas and concepts, traditions of the Kazakh people.
Key words: custom, wedding, souvenir, bride's dowry, bride
«Кел, балалар оқылық», бүкіл қазақ балаларын ағартушылыққа жетелеген Ы.Алтынсарин шығамаларынан талай қазақ жастары үлгі-өнеге тәрбие алды. Жалпы Ы.Алтынсаринның әдеби-ғылыми мұралары қазіргі уақытта да құндылығын жоймаған. Ы.Алтынсариннің қаламынан туған аудармалар, өлеңдер, әңгімелер, мысалдар, этнографиялық очерктер мен ертегілер оқырман жүрегіне жол тапты. Оның шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ы.Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы деп айтуға болатын тамаша ақын да еді. Оның «Азған елдің билері», «Әй, достарым!», «Әй, жігіттер!», «Ана» атты өлеңдерінің адамгершілік-ғибраттық сипаты басым. Ы.Алтынсариннің шығармаларында қазақтардың өмірі шыншылдықпен бейнеленген. Оларда білімге, ғылымға деген құлшыныстың қажеттігі кеңінен насихатталады. Жастарды оқу, білімге шақыра отырып, ол өзге халықтардың мәдени өмірін, олардың ғылымда қол жеткізген табыстарын үлгі-өнеге ретінде мысалға келтірген.
Ы.Алтынсарин өзінің ұстаздық қызметіне байланысты қазақ жастарын оқытып, тәрбиелеу мәселесін ең негізгі және басты мәселе деп есептеді. Халқы үшін қызмет ететін білімді адамдардың қатарын көбейту аркылы қазақ қоғамының мешеулігін жоюға болады, сондықтан жастарды оқытып, тәрбиелеуден, тәрбие ісінің құдіретінен артық ешнәрсе жоқ, - деп түйеді Ыбырай. Ол өзі бастаған оқу-ағарту жұмыстарының алуан қырлы асқарлы істерін, бүкіл ұлт болашағын, келер ұрпағына үлкен үмітпен жүктеп, келешектен қуаныш күткен ұлы ұстаздың тындырғаны көп болса да, түнек құрсауындағы қалың елінің білім нәрінен жаппай сусындатып, ғылым мен өнер үйренуінен армандауымен кеткен.
Ыбырай салған сара жол – бұл күндері қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге жіберген, экономикасы мен мәдениеті дамыған тәуелсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында жалғасын табуда. Ыбырайдың мақсаты - әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабар беру принципін көздей отырып, тұлғаны өмір сүрген қоғамына қатысты халықаралық қатынасқа бейімдеу болды.
Ы.Алтынсарин өте жан-жақты дамыған тұлға. Ол өз замандастары арасында ғалым-этнограф, көсемсөзші әрі ақын ретінде де кеңінен танылды. Ол орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлімінің толық мүшесі болды. Географиялық қоғамның тапсырмалары бойынша баяндамалар жасап түрды, қазақ халқының этнографиясы бойынша мақалалар жариялады.
Атап айтқанда, кіші жүз қазақтарының салттары: адамды жерлеу, ас беру, құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрі, ежелгі әдет-ғұрып зандары туралы зерттеу мақалалары жарық көрді. Ол өзінің жұмыстан қолы босаған кездерінің бәрін де ауыл арасында өткізіп, туған халқының тарихы, фольклоры, шежіресі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы материалдар жинастырды. Көзі тірісінде бірқатар ғылыми мақалалары журналдар мен газеттерде жарияланды. «Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркі» атты еңбегінде үйлену тойларына байланысты толып жатқан әдет-ғұрыптарды тәптіштей суреттеді.
Ыбырайдың «Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркін» қазақ халқының уйлену мәлеселі жайлы энциклопедия десек кем болмайды. Себебі осы шағын ғылыми очеркінде қазақ даласында сонаудан бері қалыптасқан үйленуге қатысты тақырыптарды қозғайды. Үйлену салт-дәстүрлері, ерте үйлендіру мәселелері жайлы айтылады. Сонымен қатар кәдесыйлардан бастап қыз жасауы тақырыптарына дейін толық мәлімет берген.
Қазақтар қоғамында екі әлеуметтік топ болған: бай және кедей. Ы.Алтынсаринде бұл мәселені ескеріп, кез-келген қазақ салт-дәстүрлерін бай ортада қандай дәрежеде өтетініне де, кедей орта да қандай дәрежеде өтетінін бөліп айтып отырған.
Ыбырай қазақтарда үйлену бұйрығы қыз бен жігіттің емес ата-ананың ықпалымен жүрмегенін анық айтып өтеді. «Баласын өзінің күйіне және жалпы жағдайына қарай жасы толмай тұрып та, жасы толғаннан кейін де үйлендіре алады» - деп ары қарай үйлендіру барысында қандай мақсаттар алғы орында тұратынын мына екі фактормен түсіндіреді. Алғашқысы: «өздерінің достығын жекжат болып нығайтқысы келген адамдар, бірінің әйелі ұл, екіншісінің әйелі қыз тапса, оларды некелеп, бір-біріне қосатын болып уәделесе беруші еді». Демек әдепкі қатынастарын одан әрі нығайту мақсатында. Екіншісі: «дәулетті қазақтың қайсысы болса да, баласына өзі сықылды дәулетті және беделді біреудің қызын айттыруға тырысады». Демек даңқ сүйер қазақтың әдеті бойынша одан әрі беделді болу мақсатында. Үйленетін жастардың тек әке-шешесінің жоспары, солардың мүдделері үшін үйленуі бірінші проблема.
Ыбырай екінші проблеманы жас мөлшері дейді. Не үшін үйлену емес уйлендіру дейміз. Себебі бала үйленуді түсінбей жатып үйленеді. «Екі-үш жасар ұлы бар жасы балиғатқа жеткенше үйлендіріп қояды», «қазақтар баласын 11-12 жасында-ақ үйлендіре береді», «баласына келін әперіп, қызығын көргісі келсе, онда баласын 8-9 жасында үйлендіре салады» дейді Ыбырай.
Қазақ даласының заңдарын, дәстүр, салттары жайлы әңгіме қозғалғанда «әмеңгерлік салты» жайлы міндетті түрде айтылады. Осы очеркте әмеңгерлік салтының қатал ақылға сыймайтын заңдары айтылған. Оның біріншісі жас айырмашылық мәселесі. «Он жасар бала, алды 7-8 жасқа келген балалары бар әйелге үйленіп қалады» немесе «өлген кісінің жесірді алатын жас туысқандары болмаса, онда ол әйел (жас та болса) кейде алпыс немесе жетпіске келген шалға тиюге тиіс». Демек «....жесір әйелдің екінші ерімен жас айырмашылығы да, оның тілегі де, сол сияқты басқа дәлелдері де есепке алынбайды». Ал егер бұл жағдайда басқа рулар қол сұқса, араласса, қарсылық білдірсе «кісі өліміне апарып соқтырады» дейді өз еңбегінде Ыбырай.
Тарихтан білеміз Ыбырай айтқандай «қазақ байларының көбі бірнеше қатын алады». Енді соның үш себебін талдайды. Біріншісі «діннің жол беруі». Екіншісі сол баста айтылған ерте үйлендіру, ата-ананың таңдауымен үйленудің нәтижесі. Әрине өзі сүйіп алмаған әйелінен өзі сүйетін қасиетті әрқашан таба бермейді. Осының салдарынан ондай ерлі-зайыпты адамдардың арасы суып, шығысады, сонан кейін, күйі көтерсе, ол екінші әйел алады, бұрынғы әйелін де өзіне қалдырады. Егер екінші әйел жөнінде де қателескен болса, онда ол өзінің мұнысына ыза болып, кейде үшінші әйел алады. Кейінгі себебін Ыбырай Алтынсарин бір ғана мақалмен «Байтал көп болса құлын да көп болады» деп түсіндіреді. Бұл мәселеге әйелдерінің ұл таппауы жатады. Бірінші әйел «бәйбіше» деп аталады. Оны күйеуінің туған туысқандары да барлығы сыйлайтын болады. Ал екінші әйел «тоқал». Ол тек көбінесе күйеулерінің сүйікті жарлары болып қалады. Осылай Ыбырай Алтынсарин қазақтардың отбасы құру жүйесі туралы барлық мәселелерді қозғап, талдап келіп үйлену салтын керемет етіп түсіндіреді.
Дәулетті адамдардың қалыңмалы, басқаша айтқанда, қарамалы, әдетте, келісуіне қарай, ірілі-уақты 47 жылқы болады. Орта дәулетті қазақтар уақ малдарын, мысалы, құлынын, бұзауын, тағы басқаларын қосқанда, 37 қара береді. Сонымен қатар, бір қызығы қазақтарда үш жүздің қалың мал беру мөлшері де әртүрлі екен. Қалың малдан бөлек бесжақсы деген кәдесый бар. Ол да маңызды. Ең бай қазақ бесжақсыға 500-600 сом береді, орта дәулетті адам 200-300 сом береді, мұндай кәде, көбінесе, ақшалай төленеді. Ыбырай Алтынсариннің «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркінде» үйленуге байланысты әр салтқа тоқталғаны ерекше жоғары бағаланады. Кәдесыйлардың «бесжақсы», «жыртыс ілу», «көрімдік», «қызқашар», «кемпірөлді», «көрпеқимылдатар» «сүтақы», «жаныма жақсы» дегендеріне тоқталады.
Қалыңмалдан кейінгі өзектісі ол «Жасау». «Үй және жасау артатын 25 түйе, кәнауыздан, жібектен, жай маталардан тігілген 125 шапан, 50 кілем, оның, 20-сы үлкен, қымбат кілемдер де, қалғандары орташа кілемдер. 25 ішік, оның біреуі жанат ішік, 10 түлкі ішік, қалғандары қарсақ, қасқыр ішіктер, бәpi де мауытпен, жібекпен тысталған. 300 сомдық отау, 5 ат, оның екеуі қызы мінетін жорға, жүз сомдық ат-тұрман, төсек-орын, бірнеше көрпе, көйлектер берді, бұлардан басқа тағы да бағасы ең кемі 400 сом тұратын аяқ-табақ, киіз сияқты шаруашылық заттар береді». Бұның барлығы да бір бай қызының жасауы. Мұның тек бір жаман жері: қызының келешек үй жұмысының керегі үшін емес, ата-аналарының өз даңқы үшін берілген бұл жасаулар, қалыңмалға төленген қолма-қол ақшалар мен малға қарағанда, жас қосылған ерлі-зайыптарға оның оннан біріндей де пайда келтірмейді. Кейбір қазақтар малының көбін қалыңмалға, ілуге және басқа кәделерге беріп, ақырында өзі қатты жоқшылыққа ұшырайды. Қалыңдығымен келген жасау оның шаруасын көтере алмайды. Ол жасаулардың да жартысына жуығы дерлік келіншек түскен күндері-ақ, әдет бойынша туған-туысқандарына үлестіріліп беріледі.
Қорыта айтқанда, Ыбырай Алтынсарин тек қана халық ағартушы ғана емес сонымен қатар этнограф. Оны «Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркінен» көре аламыз. Бұл очеркінде Ыбырай қазақ халқының үйлену салтындағы мәселелерді үйлену салт дәстүрлерінің керемет ерекшеліктерімен қатар талдап отырады. Жалпы айтқанда бұл очерк XVIII-XX ғасырдағы қазақ үйлену салт-дәстүрлерінің құндылықтары бойынша тарихи құжат десекте болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр - 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. 2-басылымы, өңделген. Алматы: Атамұра, 2012. - 344 бет, суретті, карталы.
2. Ыбырай Алтынсарин. Таңдамалы шығармалары. Алматы, 1943ж. – 266б., 81б.
3. Қажым Жұмалиев. «ХVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті». – Алматы, 1967ж. – 62б., 71б.
4. Алтынсарин Ы. Кел, балалар, оқылық: Өлең, əңгімелер мен мақал, жұмбақтар. — Алматы: Атамұра, 2006. — 168 б.
5. Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 859-б.
6. Мəдібай Қ. Үміт еткен көзімнің нұры балам... // Қазақ əдебиеті. — 2009. — 31 шілде. — № 3 (3144).— 6-б.
7. Сəбекова А. Қазақ мектебінің тағдырын ұлт тағдырынан бөле-жара қарауға болмайды // Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2013.— № 17 (77). — 36, 37-б.
8. https://bilim-all.kz/ -Orynbor-vedomstvosy-qazaqtarynyn-quda-tusu-qyz-uzatu-zhane-toi-zhasau-dasturlerinin-ocherki
9. https://dalanews.kz-ybyraj-altynsarinni-ylymi-zh-ne-de Ыбырай Алтынсариннің ғылыми және әдеби қызметі