Тарих ғылымын оқытудың ерекшеліктері
Қазіргі жаһандану заманында адамның үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істей алу қабілеті бірінші орынға шығып отыр. Бұл, әсіресе, жалпы білім беретін орта мектеп оқушылары үшін маңызды. Бүгінгі күні тарих сабағын құжатсыз, алғашқы дерек көзінсіз, белгілі тарихшылардың еңбектерінсіз елестету мүмкін емес. Оларды тиімді пайдалана білу өзара байланысты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді: білім деңгейін толықтыру, оны тереңдету және нақтылау, білім алушылардың ойлау қабілетін дамыту, өз бетімен қорытынды жасай алу қабілетін дамыту.
Орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасы өзінің жолдауында айқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін – білім». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр.
Құжат мұғалімнің әңгімесін жанды әрі анық етіп, тақырыптың түйінін неғұрлым шынайы етіп көрсете алады. Тарихи деректің маңыздылығы оның тарихи материалды нақтылауға көмектесуінде, сол дәуірдің рухын сезінуге мүмкіндік беруінде және оқушыларды тарихқа қызықтыра алуында жатыр. Дерек көздерімен жұмыс жасау оқушылардың тарихи санасының қалыптасуы мен білімінің жетілуіне әсер етеді. Олардың өзіндік жұмыс жасау қабілеттері дамиды: құжатты оқу, талдау, құжаттың бұрынғы және қазіргі кезең үшін құндылығын анықтау. Оқушылар тарих ғылымы үшін құжаттардың қаншалықты маңызды екендігін ұғынады, ол арқылы кезінде өмір сүрген тұлғалардың ізін көре алады. Сол себепті де, қазіргі күні мектепте тарихи білім беруде оқушылардың тарихи дерек көздерімен жұмыс жасау қабілетін дамыту негізгі мәселе болып отыр.
Қазақстандық тарих ғылымының дамуы, тарихи зерттеулердің сапасы мен тиімділігінің артуы, олардың қоғамдық дамудың әлеуметтік-саяси және мәдени-тәрбиелік мазмұнына ықпалы белгілі бір дәрежеде деректердің зерттелуімен анықталатындығы белгілі. Осыған орай, мектеп бағдарламасына сәйкес тарих сабағында тақырыптарға қажетті дерек көздері қамтылады.
Дерек көздерімен жұмыс жасаудың әдістері оқушылардың жасына, білім қабілетіне, зерттеліп отырған тақырыптың күрделілігіне қарай әртүрлі болып келеді.
1) Дәйекті-мәтіндік зерттеу
Тарихи материалды дәйекті-мәтіндік зерттеу әдісі бойынша мұғалім оқушыларды дерек көзін іздеу және меңгеруде жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін негізгі ережелермен таныстырады.
Бірінші ереже – негізгі идея мен оқиғаны анықтау, құжатқа байланысты сұрақтарды құрау және соларға жауап беру.
Тарихи білімді терең меңгеру жолында неге? не үшін? қандай мақсатпен? деген секілді сұрақтардың тууы заңды құбылыс. Сұрақ қою арқылы жұмыс істеу барысында оқушы тек мәтінді көшіріп жазып қана қоймай, сол материалды толықтай меңгере алады.
Екінші ереже – дерек авторының өзі қойған сұрақтармен жұмыс жасау және оған жауап беру.
Бұл ереженің іске асуында оқытудың диалогтық формасы қолданылады. Дерек авторлары өз мәтіндерінде риторикалық сұрақтан бастап мәселелі сұрақтарға дейін қояды. Бұл оқушыны ойлануға және талқылауға, яғни дайын қорытындыны алып қана қоймай, дәлелдеуге, қарсы шығуға, пікір таластыруға үйретеді. Негізінен, авторлар сұрақ қоя отырып, оған өздері жауап табуға тырысады, осылай оқушымен бірге шындыққа жетуге шақырады. Автордың сұрағы оқушыға оқуды тоқтатып, ойлануға, сұраққа өз жауабын беруге тырысуға мүмкіндік береді. Осы жағдайда оқушы автормен бірге болған оқиғаны, ондағы мәселелерді түсіне алады.
Үшінші ереже – автор атап өткен фактілерді, оқиғаларды, тұлғаларды талдау.
Алғашқы дереккөздерінің авторлары көп жағдайда оқиғаны сипаттауда көп мәліметтерді айтпай кетеді. Мұның себебі, сол кезеңнің тікелей куәгері болғандықтан ол мәліметтер авторға онсыз да белгілі. Ал ол фактілер мен біздің арамызды ондаған немесе жүздеген жылдар бөліп жатыр. Оқушы бұл фактілерді әр қырынан қарастыра алуы керек. Фактілердің мағынасын түсініп болғаннан кейін, олардың туындауына қандай себептер әсер еткенін анықтау қажет. Оқушы автор көрсеткен мәліметтің мағынасы мен туындау себебін анықтап алғаннан кейін, оның тарихи процесске қалай әсер еткендігін түсінуге ұмтылыс жасайды.
Зерттеліп отырған фактілердің заңдылықтарын түсінгеннен кейін, оқушы, бұл фактінің сол кезең үшін және қазіргі кезең үшін маңыздылығын бағалауға тырысады. Бағалау барысында «маңызы зор», «үлкен»,«белгілі орны бар», т.б. секілді қарапайым сөздермен емес, нақты түйінді ойларын көрсету қажет.
Төртінші ереже – деректе көрсетілген оқиғалардағы идеяларды қазіргі қоғамның мәселелерін шешуде тарихи тәжірибе ретінде қолдана алу.
Әрине, бұл – оқушылар үшін күрделі тапсырма. Алайда, теорияны практикалық тұрғыда қолдану тарихи деректерді зерттеудің түпкі мақсаты болып саналады. Оқушылар бұл тапсырмамен өз бетінше жұмыс жасауына болады. Тек оларға дұрыс бағыт-бағдар сілтеп отыру қажет.
Осылайша, деректің идеясы мен маңыздылығын шынайы ортамен байланыстыру аяқталады.
2) Логикалық тапсырма әдісі.
Оқушының жасы жоғарылаған сайын тарихи деректі зерттеуде сандық тұрғыдан ғана емес, сапалық тұрғыдан да зерттеу өзекті бола түседі. Зерттелуге тиіс дерек көздерінің санын мұғалім қадағалайды (тарих курсының стандарты бойынша). Дерекпен жұмыс жасауда тек оқу және конспект жасау тапсырмасын беріп қана шектелуге болмайды, мұндай жағдайда оқушылардың жұмыс нәтижесі тек формальды сипатқа ие болады. Өзіндік жұмыста ең бастысы ішкі түсініктің қалыптасуы. Осы нәтижеге қол жеткізу үшін логикалық тапсырмалар қолданылады.
Логикалық тапсырмалар базада бар білімнің негізінде жаңа ой, идеяларды қалыптастырудағы ақыл-ой әрекетін дамытады. Логикалық тапсырмаларды үш блоктан тұрады деп қарастыруға болады.
Бірінші блок – деректің пайда болған уақыты, себептері, сонымен қоса, мәтінде кездесетін түсініксіз сөздерді анықтау. Мұғалім оқушыларға бағыт бере отыра, негізгі терминдерді анықтау тапсырмасын береді.
Екінші блок – керекті материалды табуға, оны терең меңгеруге бағытталған сұрақтардан тұрады.
Үшінші блок – жинақтаушы және практикалық тапсырмалар. Жинақтаушы тапсырмаларды орындау барысында оқушыға бір тақырып негізіндегі түрлі ойларды бір ортаға жинақтап, жалпы идеяны, концепцияны анықтауға мүмкіндік беріледі.
3) Дереккөздерді кезең-кезеңмен зерттеу әдісі.
Дереккөздерді кезең-кезеңмен зерттеу әдісі жұмыстың өзара байланысты үш кезеңін қамтиды:
I. дайындық кезеңі;
П. дереккөздер мазмұнын меңгеру;
III. қорытынды мен практикалық тапсырмаларды орындау.
І кезең – дайындық кезеңі. Бұл кезеңнің негізгі мақсаты – оқушылардың негізгі мазмұнды тиімді қабылдауын қамтамасыз ету. Егер бұл жұмыс кезеңін елемесеңіз немесе "шегіндіретін" болса, оқушы дерек мазмұнын түсіне алмайды. Бұл кезеңде мынадай міндеттер шешіледі:
1. дерек көзінің негізгі мағынасын ашатын терминологияны түсіндіру;
2. туындының жасалу себептерін, уақытын және тарихи жағдайларын анықтау.
Оқушылар үшін ең бастысы - шығарманың жазылған жылын білу ғана емес, неліктен бұл дерек көзі дәл сол кезеңде жазылғанын, сол уақыт кезеңі қандай тарихи жағдайлармен сипатталғанын, сол кезеңде қандай оқиғалар болғанын және т. б. білу.
Оқушылар жазылған кітаптар, заң немесе жарлық шығару, меморандум немесе декларация қабылдау - бұл тарихшының, императордың, заң шығарушының, патриархтың және т.б. қарапайым тілегінің емес, сонымен қатар болып жатқан өмірлік үдерістер негізінде қоғам дамуының объективті қажеттілігінен туындайтын салдары екенін түсінуі тиіс. Бұл жерде мұғалімдердің бағыттаушы сұрақтары әртүрлі болуы мүмкін.
3. мәтінге автор енгізген фактілер мен оқиғаларды талдау; автор көрсеткен тұлғалардың сапалық сипаттамаларын анықтау.
ІІ кезең - дереккөздер мазмұнын меңгеру. Оқушылардың көпшілігі дереккөзді әңгіме, повесть сияқты оқиды, яғни бір беттен кейін екінші бетті оқиды, демек, олар мәтін бойынша жүйелі түрде есте қалады. Бірақ мәтінді қарапайым оқу тарихты түсіну үшін де, практикамен байланыстыру үшін де жарамсыз. Оқу барысында белгілі бір білім жүйесін құру үшін бірқатар әдістемелік операциялар жасау қажет:
1. Дерек бойынша негізгі, түйінді мәселелерді анықтау. Мұнда екі жол бойыша әрекет етуге болады:
а) мұғалім оқушылардың назарын алдын ала басты сұрақтарға аударады. Осының арқасында оқушылар мақсатты түрде жұмыс істейді. Негізгі материал басты назардан түспейді, екінші дәрежелі материалды басты материалмен шатастыру орын алмайды.
б) оқушылар дерек көзін оқи отырып, негізгі идеяларды өз бетінше анықтайды, содан кейін оларға қатысты материалдарды бөледі. Бұл жол алғашқыдан әлдеқайда күрделі. Бірақ мұғалім оқушылардың білімі мен дайындығын анықтау үшін әрдайым осыдан бастайды. Тек осыдан кейін оқушылардың әрқайсысына олардың білімі мен дағдыларына сәйкес келетін әдіс ұсынылады. Жұмыстың осы түрін ұйымдастырудың түпкі мақсаты - барлық оқушыларға дереккөздерді зерттеудің екінші жолын пайдалануға үйрету.
2. Оқылатын тақырыптың, курстардың тарихи аспектілерін бөлу. Дерек көздерінің бәрі бірдей толық тарихи сипатқа ие емес, сонымен қатар барлық тарихи материал қарастырылатын тақырыпқа немесе курстың бөліміне сәйкес келмейді. Сондықтан дерек көздерін зерттеу кезінде осы тақырыпқа тікелей қатысты материал қарастырылады. Қалғандары тарихи мәселелерді түсінуді тереңдету мақсатында қарастырылады немесе мүлде қарастырылмайды.
3. Тарихтың кейінгі кезеңдерінде даму алған идеялар мен жағдайларды түсіндіру.
Жылдарға, ғасырларға, мыңжылдықтарға жалғасқан тарихи тәжірибе қазіргі ұрпаққа дейін жетті. Сондықтан әрбір ұрпақ "велосипед ойлап шығару" емес, кезінде бастамашылармен ойлап тапқанды, әзірленгенді, шығарылғанды ары қарай жетілдіру керек.
4. Конспект рәсімдеу (дереккөздің мазмұнын жазу). Жазбалар, оқушылардың екінші кезеңдегі жұмысының нәтижесі ретінде міндетті болып саналады, себебі оқушылар әлі жетілмеген, қабілеті төмен. Мектеп беруге тырысатын әр түрлі пәндер бойынша білімді оқушылар оңай меңгеруі мүмкін, бірақ білімді есте сақтау терең жұмыс жасауды талап етеді. Сондықтан материалды жақсы есте сақтау үшін, оны жүйелеу, оқу деңгейіне дейін өңдеу және жазылған мәтінді қабылдау дағдыларын қалыптастыру үшін де жазбалар қажет.
III кезең - жалпылама және практикалық тапсырмаларды орындау. Жалпылама және практикалық тапсырмаларды қолданудың орындылығы мен қажеттілігі бірқатар себептермен түсіндіріледі:
1. Оқушылар практикалық тұрғыда әрекет ету үшін теориялық білімнің не бергенін жиі түсіне алмайды.
2. Оқушылар теорияны, 50, 100, 200 жыл бұрын болған идеяларды бүгінгі таңда орын алып жатқан жағдайлармен байланыстыруға қиналады.
3. Оқушылар көбіне болған нәрсені ғана талдайды, ал болуы мүмкін және болуы керек болған жағдайларды талдауға мүмкіндігі жетпейді .
Практикалық тапсырмаларды орындауда мұғалім оқушыларға халықтың бай тарихи тәжірибесін пайдалануды үйретеді. Кезең-кезеңмен зерттеу әдісін жүзеге асыру барысында оқушылардың ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмысы басқарушы сипатқа ие болады. Бұл ретте олардың еңбегінің тиімділігі артады, білімі тереңдей түседі, оқушылар оларды жинақтап, тәжірибеде қолдануды үйренеді.
Тарихи құжаттармен жұмыс жасаудағы негізгі қабілеттерді жүйелендіру. Ақпараттармен жұмыс істеуге оқытуды нақты ұйымдастыру үшін оқытудың әр кезеңінде қабілеттілік жүйесін анықтау қажет. Бұл үшін тарихи білім берудің міндетті минимумы мен оқу бағдарламасының талаптарын ескеру қажет.
Ж.Б. Көшербаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс магистранты, Тарих факультеті